АҚЛИМА

Ақлима өзін өжет, айтқанынан қайтпайтын бірбеткей әйелмін деп санайтын-ды. Оның өжеттігінің де, бірбеткейлігінің де бары рас. Мұның үстіне сымбаттылығы мен көріктілігі кеп қосылғанда, өзгелерден өзін көш ілгері шығармын деп санайтын жас келіншек бойын тартқан сымдай тік ұстап, тәкаппарланып жүретін. Осы қасиетінің арқасында ол құрбыларымен де, тіпті күйеуі Сопытаймен де жиі түс шайысып қала беретін. “Әдірем қал-ау, — деді бір күні дүкенде кезекке таласып қалғанда Хатшайым. — Неменеме шалқақтайсың сонша. Нең артық бізден! Момын байыңның табысына мастанып жүрсің ғой. Сонда да бізден асып бара жатқан ештеңең жоқ!”

Бұдан бірнеше күн бұрын екеуі құдық басында да қақтығысып қалған. Хатшайым суғара салмақ болып есегін жетектей келіпті. Ындыны кеуіп тұрса керек, онысы ыңқ-ыңқ етіп, ішін тартып, танауын гу еткізіп Ақлиманың шелегін иіскеді.

— Әй, тартсаңшы мына арам қатқырыңды, жер дүниені арамдап бітті ғой, — деді шыдай алмаған Ақлима.

— Ештеңе етпес, бір ұрттам сумен шая саларсың, — деді анау да, — менің есегімнің жұқпалы ауруы жоқ.

— Әй, қатын, байқап сөйле. Арам қатқырыңды арықтан суғара салсаң тұмау тиіп қалар деп пе ең?

Екеуі сөзбен сілкілесіп, біраз жерге барып қалды. Ақыры бірін-бірі жеңісе алмай тарады. Екеуінің де ішінде айтылмай көп сөз қалып қойған сияқты. Сонан кейін дүкен ішінде жолықты. Хатшайым бетің бар, жүзің бар демей, топ адамның ішінде ойындағысын ақтарып салды.

Ақлима жақындап қалған кезегін тастап, дүкеннен сытыла шықты.

Ызаға булығып, жарылғалы келе жатыр. Үйіне жеткен соң бар ашуын күйеуінен алды. “Момынсың, ынжықсың! Сен беделді болсаң, әлгі әйелдер маған осылай деп айтар ма еді?” деп күйіп-пісті. Сопытай қашанғы мінезіне басып, оның сөздерін үнсіз тыңдап отыра берді: “Әні, үндемейді. Етінен ет кесіп жатсаң да бұған бәрібір” деп шыж-быж болды.

— Байғұс-ау, не істе дейсің маған? Енді әйелдермен менің ұрсысуым қалды ма? — дейді ол алақанын жайып.

— Директордың әйеліне осы совхозда кім қарсы сөйлей алады? Тіпті ана бір жаман оправләйіштің әйелін көрші. Оған да жұрт “сіз, сіз” деп сызылып тұрады. Ал маған сенің, бүғалтірдің әйеліне…

— Е, өзінңен көр оны. Олардың әйелі жұртпен сыйласа білетін шығар.

— Ойпырмай, ә! Сонда мен сыйласа білмейді екенмін ғой.

Сопытай бөлмесіне барып, ештеңе болмағандай шық-шық еткізіп есепшотын қағып отыра берді. Бұдан кейін құлағының түбінен мылтық атсаң да өзіңе қарата алмайсың. Ақлима оның қасына келіп айғайлап-айғайлап, түк өндіре алмаған соң булыға жылап, төсегіне құлай кетті.

Алғашында бәрі де осылай өкпе-ренішпен аяқталып жүрді. Ертеңіне қайта татуласып, тыныш өмірге қайта кіріседі. Сопытай үшін татуласты деп айтудың өзі қиын. Оның ашуланып жүргенін де, жадырап жүргенін де ажырата алмайсың.

Бір күні Сопытай үйге кеңкілдеп күле кірді. Тіпті сонау даладан күліп келді. Екі көзінен жас ағып, екі иіні селк-селк етеді.

— Әй, не болды сонша? — деді Ақлима оған таңдана қарап.

— Мына… мынаны қарашы, — деді ол қолындағы бір жапырақ қағазды көрсетіп. — Саған… ауылдың балалары өлең шығарыпты. Әй, әй қулар-ай, таппайтындары жоқ-ау!

Ақлима оның қолындағы қағазды жұлып алып тез оқып шықты. Өлең бір-ақ шумақ екен.

«Ақлима ақшиған,

Сопыға қарап бақшиған.

Ұрыс десе тіресіп

Кешке дейін қақшиған».

— Қайдан алдың мұны? — деді ашу қысып дір-дір еткен Ақлима.

— Жаңа, көшеде бір балалар айтып жүр екен. Тоқтатып, солардан жазып алдым. Ой, қызық-ай, дәл тапқан! Дауа жоқ оларға.

— Өзім жазып алдым де! Келістірген екенсің. Неменеге мәз боласың? Әйеліңнің ел-жұртқа масқара болғанына ма?

Сопытай әйелінің көзі шатынап, еріндері дір-дір етіп тұрғанын көріп күлкісін тыя қойды.

Әйелі бұл жолы жылаған жоқ, бірақ, үй ішін астан-кестең қылды. Соның нәтижесінде екі кесе мен бір ағаш шөміш ертеңіне үй артындағы күлге тасталды. Ол екі айлық баласын да емізбей, сазарып жатты да қойды. Ал Сопытай өз бөлмесінің есігін жауып алған, есепшоттың шық-шық еткен дыбысы ғана естіледі. Ақлима орнынан ұшып тұрып, күйеуінің бөлмесіне жетіп келді.

— Бейшара есепші! — деді Сопытайдың шотын жұлып алып. — Намыссыз, жігерсіз!

— Тұра тұр, тұра тұр, — деді ол есепшотқа қолын созып. — Імм… Сегіз жүз жетпіс сом,ә. Қызық! Жүз сомы қайда мұның? Бере тұршы, қайта есептейін. — Сопытайдың мұндай қаннен-қаперсіздігі Ақлиманың ызасын қайнатты.

— Жетті! Мен тұрмаймын бұл жерде, кетемін, — деді тұлан тұтып.

— Қайда? Қой, бұл үйден қандай қорлық көрдің? Ақлима ішкі үйге жүгіре кірді. Баласы жылап жатыр екен. Бесікті аудара тербетті. Іші от боп жанып барады. “Момын, ынжық, намыссыз”, — деп күбірлей береді.

…Ақлима о баста Сопытайдың осы момындығын ұнатқан. Не айтсаң да ыржиып күліп отыра береді. Жер қозғалса да қозғалмайды. Ақлима оның осы мінезін біліп, ойына келгенін істейтін. Терең арықтан шешінбестен арқалап өтші десе, анау ойланбастан Ақлиманы арқалап алып суға қойып кететін. Арғы бетке өткен соң “ерлігіне” мәз болып жылқы тістерін көрсете күлуші еді. Олардың алғаш танысқандары да қызық. Орманбектің кенже қызы ұзатылған тойға екеуі

де барған. Сол жерде жастар таң атқанша “дос-қас” ойынын ойнады. Жігіт я қыз отырған жастардың ішінен өзіне ұнағанды таңдауына еркі бар. Осындай кезде Сопытай бұйра бас жігіттің қасында отырған Ақлиманы қайта-қайта сұрап қоймады. Ол «бермеймін» десе, қыз «бармаймын» деді. Ақырында Сопытайдың жылпостау жолдасы Темірбек әлгі жігіттің қасына барып отырды да, әлденелерді айтып, сәлден соң-ақ күлкіге көмді.

Үшеуі ет жеді, арақ алдырып іше бастады. Жарты сағаттан кейін-ақ бұйра бас жігіт қылжалақтап мас боп қалды. Сол кезде Темірбек Сопытайға ым қақты. Бұйра бастың мастығын пайдаланып, Ақлиманы Сопытай шақырды. Ақлима үнсіз көтеріліп, тәкаппар басып Сопытайдың қасына кеп отырды. Оның қыз баласына мұншалықты жақын отырғаны тұңғыш рет еді. Бір кезде білегіне білегі тиіп кетті, жұп-жұмсақ, ып-ыстық. Сопытайдың тынысы бітіп қалды. Көзін жұмды. Көз алдына қызылды-жасылды оттар елестеді. Көзін қайта ашып, терең бір күрсінді. Әлдене дегелі Темірбекке қарағанда, ол орнында жоқ екен. Әлгі бұйра бас жігіт те көрінбейді.

— Ақыры, келдіңіз ғой, — деді әлден уақыттан соң ол қызға.

Қыз бұған көзінің қиығымен қарады да, немқұрайды қалып сақтап отыра берді. Екеуінде де үн жоқ. Әлден уақытта Темірбек пен әлгі жігіт кірді. Ол Ақлимаға көңіл аудармай, басқа қыздың қасына барып отырды.

Темірбек сол тойда бұл екеуін жақсылап таныстырып жіберді. Қызға мұның күлімсіреп отыра беретін мінезі де ұнап қалды. Арада үш-төрт күн өткен соң олар үйленіп те үлгерді.

— Сенің бұл мінезіңнің ынжықтық екенін білсем ғой… Нем бар… — деп өкінеді қазір Ақлима. Сопытай бұл сөзге де ашуланбайды. “Ештеңе емес, үйреніп кетесің” дейді жай ғана.

Ақлима Сопытайдың мұндай мінезіне төзе алмады. Оның ештеңеге көңіл бөлмейтіндігі, тым жуастығы жас келіншектің жанын жегідей жеді.

— Айтшы, мен саған күңмін бе осы? Үйде бармын ба, жоқпын ба, онымен неге бір ісің болмайды? — деді жастықтан басын жұлып алып.

—Неге болмайды, болады.

— Мені бір барар жері жоқ қу жетім деп ойлайсың ба? Кетемін. Бүйтіп дозақта өмір сүргенше, күйеусіз өткенім жақсы. Төркініме кетемін.

— Жақында ғана барып келген жоқсың ба? Қайта-қайта бара бергенің ұят қой.

— Түйсіксіз! — деп айқайлап жіберді Ақлима. — Саған есепшоттан басқаның керегі жоқ. Құдай-ай, неткен жансың!..

— Немене, енді маған оны таста деймісің? Екінші бұлай сөйлегеніңді естімейін. Ол –менің өмірлік кәсібім, міндетім. Оны менен ешқашан ешкім ажырата алмақ емес!

Сопытайдың ашуы келді.

— Онда өзің біл. Мен бұл үйде тұра алмаймын. Біржолата кетемін!

— Түу, қойшы, ұйықтайық, қай-қайдағыны айтады екенсің. Таңертең ерте тұрып Арысқа кетуім керек. Тынышталшы енді. Әне, баланы ояттың!

Ол теріс айналып жатып алды. Сәлден соң пырылдап ұйқыға кетті. Ақлима ызаға булығып, жарыла жаздады. Оған айтар сөзі де таусылды. Ертеңіне асығыс жиналып, баласын құндақтап алды да, көрші ауылдағы төркініне тартып кетті. Ақлима осыдан бір-екі ай бұрын ғана төркініне келіп кеткен-ді. Көп сағындыра қоймай тағы келгеніне алғашқыда ата-анасы қуанып қалса да, қыздарының жүзіндегі кірбіңді көріп, мән-жайды сұрады. Ақлима түгін қалдырмай айтып берді. Ара-арасында жылап та алды. “Бармаймын, керегі жоқ” — деді ол орамалымен көзін сүрте отырып:

Ата-анасы ауыр күрсінді де:

— Қой, қайтып бар, ұялсаң өзіміз апарып жарастырып қайтайық. Құдай берген мінезі шығар, несіне қапа боласың. Бірің әке, бірің шеше боп отырғанда бұларың жараспас, — деп ақыл айтты.

Мұның бәріне Ақлима құлақ аспады. “Немене, енді сендер де қуайын дедіңдер ме?” деп, олардың өздеріне шүйілді.

Кешке тракторшы ағасы келді. Қарындасының күйеуімен ұрысып келгенін естіп:

— Не, ол ұрды ма? — деді.

— Жоқ.

— Онда неге ажырасасың?

Ақлимада үн жоқ.

Ол төркінінде тұра берді. Он шақты күн өткен соң машинамен Сопытай жетті. Қабағы сәл түнеріңкі. Бұрынғыдай күлмейді де. Кешке қарай біраз көршілер жиналып, кіші-гірім мәжіліс құрылды.

Бәрі: “Қой, тентек болма. Осы машинадан қалмай үйіңе бар. Ажырасуға ешқандай себеп жоқ” дегенді айтты.

— Е, әрине, әрине, — деді осы тұста Сопытай бас шұлғып. Ақлима оған көзінің астымен қарады. Ол үлкен тоқпан жілікті азу тіске салып қойып, жайбарақат кеміріп отыр екен. “Түу, саған дауа болмас” деді Ақлима ішінен. Ақлима далаға шыққан кезде Сопытай да бірге шықты. “Бол, кетейік. Шофер күтіп қалды, киін”, — деді сыбырлап.

— Шофер күтіп қалды, — деді Ақлима кекетіп, — әуелі менің барар-бармасымды сұрамайсың ба? Бармаймын.

…Сопытай түн ортасы ауа қайтты.

Арада екі айдай уақыт өтті. Күн өткен сайын жас келіншектің алдында өзі ешқашан күтпеген оқиғалардың пердесі ашыла берді. Алғашында Ақлима үй-ішіндегілердің бәрімен жарастықты тұрды. Оның күйеуден шығып келгендігін ешқайсысы сездірмеді.

Келе-келе үй-іші күйбеңіне байланысты жеңгесімен жиі-жиі түс шайысып қалатын болды. Олардың күңкілі әзірге сыртқа шыға қоймады. Іштей арбасып, бірін-бірі сыйлаудан қалды. Үйде ешкім жоқ кезде олар кәдімгідей-ақ сілкілесіп қап жүрді. Осындай бір күні жеңгесі: “Жақсы болсаң, байыңа сыймас па ең? Осы мінезіңнен тауып жүрсің бәрін де” деп салды. Ақлиманың жанына бұл сөз қатты батып, үні шықпай, сол орнында қалшиып тұрды да қалды. Тұла бойы дірілдеп, денесі мұздап кетті. Жер төсекке етпетінен жатты да солқылдап ұзақ жылады. Сол кезде ағасы Серімбет кіріп кедді. Болған оқиға жайлы Ақлима тіс жарғысы келмесе де, жеңгесінің өзі жайып салды.

— Өзінен-өзі қарап жүріп долданып…

— Өзі! Сен қарап жүрсең, бұл барып тиіскен шығар. Барлық бәле сенде. Болды енді, қысқарт! – деп ақырып қалды. Ол әлдене деп дау айтқалы келе жатқан әйеліне:

— Екінші осындайыңды көрсем, менен жақсылық күтпе Ақлима, тұр, тұра ғой, айналайын. Ақымақпен ақымақ боп қайтесің, жылама.

Ақлима басын көтерді. Ағасына да, жеңгесіне де қарай алмады. Бет-аузы ісіп кеткен. Іші шоқ түскендей әлем-жәлем.

Осы оқиғадан соң олар бір-біріне қарап сөйлеуді қойды. Күйеуінен жасқанды ма, жеңгесі ләм демейді. Бірақ өзін іштей жек көріп жүргенін Ақлима жақсы білді. Оның әрбір көзқарасы “жексұрын, сен болмасаң біз тату тұрар едік. Бізге сен кесір келтіріп жүрсің” — деп тұрғандай. Жас келіншек өзінің бұл үйдегі артық адам екенін енді-енді аңғарғандай. Ағасы мен жеңгесінің тыныш өміріне де бүлік салатын өзі екенін білді. Оны әке-шешесі де, ағасы да жақсы көреді. Көңіліне кеп қалар дей ме, бірауыз артық сөз айтпайды. Ақлиманың жанына бұл да батты. Мұның бәрінің ар жағында жасандылық, аяушылық жатқанын сезді.

“Сұмдық-ай! Адам өз үйіне де бөтен боп қалады екен ғой”, — деп Ақлима ауыр күрсінді.

Ақлиманың күйеуден шығып келгендігін барлық ауыл біледі. Ол далаға шыққан сайын өзіне барлық адам қарап тұрғандай сезінетін. Бұрынғы таныс құрбылары көшеде кездесе кетсе, бұған аяушылықпен қарайды. Бір күні Ақлима көңіл көтермек боп клубқа барып еді, өзінің желке тұсында отырған бір-екі әйелдің: “Міне әнеугүнгі айтқаным. Серімбеттің қарындасы, күйеуден шыққан. Жап-жас екен ғой. Е, байғұс-ай”, — деп сыбырласқандарын естіп қалды.

Ақлима бұдан әрі отыра алмай, шығып кетті.

Ақлима есікті тез ашып, төргі бөлмеге өте шықты. Ешкімнің көзіне түспегеніне қуанды. Түні бойы жылады. Қорланып жылады. Жастығы су болды. Күйеуін ойлады. Есепшоттың шық-шық еткенін естігендей болды. Таныс дыбыс. Біртүрлі құлаққа жағымды сияқты. Ақлима өз үйінде жатқандай сезінді. Онда не істеймін десе де ерікті еді-ау! Ал мұнда… Мұнда бәрі керісінше. Еркін жүре алмайды. Бұл үй — бұрын еркелеп өскен өз үйі де салқын тартқан сияқты. Бұған деген ата-анасының, ағасының, тіпті көршілерінің де мейірімі тек аяушылық қана!

Ақлима таңға жуық орнынан тұрды. Таң атуға жақын екен. Тез-тез киініп, баласын орады. Үйдегілер түгел ұйқыда, көшіріп кетсең де сезер емес. Ол аяғының ұшымен басып, далаға шықты. Салқын ауамен терең бір дем алып, ауыл сыртындағы үлкен жолға түсті… Ол үйіне күн көтеріле бергенде жетті. Таныс үй, таныс қора көзіне оттай басылды. Майлыаяқ та құйрығын бұлғаңдатып, алдынан шығып еркелеп, аяғына оралады. Ақлима есік алдында ұзақ тұрды. Жүрегі дүрсілдеп, ішке кіруге батылы жетпейді. “Не дер екен ол маған? Неге келдің десе қайтпекпін?!” Осы кезде есік ашылды. Ақлима селт ете қалды. Қараса алдында Сопытай тұр.

— Ой, — деді ол таңдана дауыстап. — Кеп қалдыңдар ма?

Ақлима төмен қарады.

— Мен кетіп қалмай тұрып келгендерің жақсы болды. Жүр, ішке кір. Ой, бәрекелде-е!..

Ақлима дірілдей басып ішке кірді.

— Қане, Тұрашты маған берші. — Ол баласын қолына алды. — О-о, ояу ғой өзі. Нағашысының ауылында жүріп жігіт боп кеткенін қарашы. Күліп жатыр. Еһе, кішт-кішт. Ауырған ба, көзі кіртиіп қапты ғой?

— Тоңған шығар. — Ақлиманың даусы дірілдей шықты.

— Е, бәсе! Қане, Ақлима, сен шай қайнат. Біз Тұраш екеуміз сиырды өріске айдайық.

Ақлима ауыр бір күрсініп, айналасына қарады. Таныс бұйымдар. Оттай ыстық! Өз үйі! Бәрінің де қожасы өзі. Мұнда ол еркін.

Ақлима көзіне іркіп жас алды. Бірақ оны тез сүртіп тастады. Даладан Сопытайдың:

— Өк-ай, өк! Қане, Тұраш, сен де айда. Өк де, шүу де, — деп баласымен сөйлескен дауысы естілді.