Драматург пен режиссердың бірлестігі немесе зорлап пьеса жаздыруға бола ма?

“Жаужүрек” спектакліндегі Балуан Шолақ бейнесі

“Жүз жылдық махаббат” спектакліндегі Мағжан Жұмабаевтың бейнесі

Драматург пен режиссердің шығармашылық бірлігі дегенді біз қалай түсінеміз және  ол байланыстардың кәсіби үрдістері қандай?

Театр театр болғалы, әріге барсақ, көне Грекия дәуірінен басталған театр өнері сахналық әдебиетке, яғни, драмалық шығармаға зәру болған. Тіпті, бас-аяғы түгел драмалық шығарманы қажет етпейтін театрландырылған көріністерді қоюға арналған композициялардың өзіне де белгілі бір сценарий қажет. Театр өнері өзінің қалыптасу, өркендеу, даму, профессионалдық өсу жолдарының тарихи кезеңдерін артқа тастап, бүгінгі дәрежеге көтерілген кезінде драмалық шығармаға деген сұраныс, оған қойылар талаптар да көбейіп, әлем театрларының жаңа туындыларға деген зәрулігі арта түсті. Оның да себептері түсінікті. Бір ғана Мәскеудің өзінде 153 театр болса, Қазақстанда алпысқа жуық театр бар. Мәскеудің жайын айтпай-ақ қояйық, Қазақстандағы алпысқа жуық театрдың репертуарын кім толықтырады? Елімізде 600-700 жазушы бар дейміз, олардың бәрі драматург емес –ақындар, прозашылар, эссеистер мен мемуаршылар. Драматург аз, бірді-екілі пьесаларымен көрініп қалып жүрген драматургтерді қоса есептеген күннің өзінде сахнаға арнап пьеса жаза алатын қаламгерлердің саны 15-16-дан аспайды екен. Соңғы кезде олардың да қатары сиреп, бір қолдың саусағымен санайтындай халге жетті. Бұл деген – театрлар үшін репертуарлық ашаршылықтың алғашқы көріністері деген сөз. Жағдай дәл осылай жалғаса беретін болса, күндердің күні қазақ театрлары мүлде тірі драматургсіз қалуы ғажап емес. Мұның бәрінің себебі неде? Мұның себебін айта бастасақ, ең әуелі драматургияға деген мемлекеттік қамқорлықтың азайғанын тілге тиек етеміз. Жарайды делік, ондай пікірлермен де келісуге болар. Бірақ, өз ішіміздегі жағдай қалай? Драматург  пен театрдың байланысы, олардың бір-бірімен шығармашылық бірлігі неге тым төмендеп кетті?

Ежелден келе жатқан қағида бар – театр ашықса әдебиетке жүгінеді деген. Яғни, театр көркем әдебиетке жүгініп, оның озық үлгілерін сахнаға лайықтап, инсциноровка жасау жолдарын қарастыру керек. Ол үшін режиссерлар әдебиетті көп оқулары қажет. Қазақ көркем прозасы қазіргі таңда ешкімнен кем емес, олардың ішінде «әлемдік классика» деп жүрген батыс әдебиетінен тайталаса алатын шығармалар жетерлік. Өкінішке орай біздің кино режиссерларымыз да, театр режиссерларымыз да өзінің төл әдебиетін аз біледі, тіпті, білмейді десе де болады. Батыс  Еуропада (Лондонда), Ресей театрларында пьесаларымның қойылуы арқасында мен олардың драматургтермен жұмыс істеу тәсілдерімен біршама таныспын. Англияда да, Ресейде де өз әдебиетін білмейтін режиссер жоқ. Олар өз әдебиетінің үздік шығармаларымен жақсы таныс. Сол Ресейдің өзінде мыңдаған жазушы болса (бір Мәскеуде 10 мың Жазушылар Одағының мүшесі бар), солардың бәрі бірдей айдарынан жел ескен мықты жазушылар емес,  ел аузында жүрген нағыз суреткерлер ол жақта да аз. Бас-аяғы 100 қаралы қаламгердің ғана шығармалары қалың көпшілік пен әдеби ортада  айтулы оқиға болар дәрежеге көтерілген. Ресей режиссерлары орыс әдебиетінің ондай үлгілерімен жақсы таныс. Олардың әрқайсысы жайлы өзіндік пікірлері қалыптасқан. Сондықтан да олар «драматургия жоқ!» деп біздегідей ауыздарын қу шөппен сүртіп, байбалам сала бермейді. Олар өздеріне ұнаған роман, повесть, әңгімелерді алады да, сол бойынша инсцинировка жасап, сахнаға қойып жатады. Бізде ондай фактылар бірді-екілі ғана. Мен араласып жүрген Ресей театрларының әдебиет бөлімінде пьесалар мен инсцинировкалардың сөрелері сықа толып тұрады. Ол аз болғандай, келешекте қандай прозалық шығармалармен жұмыс істеу керектігі жайлы да жоба-жоспарлары бар. Бүгінгі драматургтермен байланыстары да, олармен жұмыс істеу тәсілдері де өзінше бір лаборатория. Олардағы әдебиет бөлімі де біздердегідей емес, шағын кітапхана. Жоспарларына қарасаң алдағы 5-10 жылда драмалық шығармадан тапшылық көретін түрі жоқ. Олардағы режиссерлардың міндеті тек дайын пьесаны алып қоя салу емес, автормен жұмыс істеу институты қалыптасқан. Өздері қалаған тақырыпта автормен бір емес, бірнеше жыл бойы жұмыс істеу арқылы керекті шығарманы дүниеге келтіреді.

Біздің Қазақстанда театрлардың автормен жұмыс істеу институты мүлде қалыптаспаған. Өз аяғымен келген пьесаларды  жұмыс барысында редакциялау, қысқарту, өз беттерінше мәтін қосу – драматургпен жұмыс істеу деген талапқа толық сай келмейді. Драматургпен жұмыс істеу деген – оған тапсырыс беруден басталуы керек. Театрдың көркемдік жетекшісі мен директорынан бастап вахтерға дейін олардың негізгі мақсаттары жақсы пьеса, оқиға болар жаңа спектакль болса керек. Театр ұжымы түгелдей сол мақсатта жұмыс атқарулары тиіс. Өз тәжірибеме жүгінетін болсам, драматургпен жұмыс істей алатын екі театрды ғана жақсы білемін. Оның бірі – Алматыдағы республикалық Қуыршақ театры, екіншісі –С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театры. Ең әуелі Қурышақ театрының директоры Сұлтанғали Шүкіров маған телефон соқты. Уақыт тауып, театрға келіп кетуімді сұрады. Бардым. Бұрын алқам-салқам боп жататын «Қазақфильмнің» ғимараты түгел қайта жөндеуден өтіп, адам танымастай бүгінгі заман талабына сәйкес жаңа ғимаратқа айналыпты. Есік күзетушіден бастап әкімшілік отыратын кабинеттер мен қосалқы бөлмелер, сахна, көрермен залы қарасаң көз тоятындай жайнап тұр.

Pages: 1 2 3 4 5