АРИСТОФАН. ҒАСЫРЛАР  ҮНДЕСТІГІ

Аристофан бұл шығармасында өзінің ежелгі танысы Сократты ғана күлкілі сынға алып отырған жоқ, сонымен бірге, Сократты жаңа идеялары үшін данышпандықтың символына айналдыруға бет алған қара халықты келемеж етіп отыр.

Оқиға мен күлкіге бай, тапқыр сценалар мен терең ойлары көрермендерді саспенс пен катарсиске емін-еркін енгізе білген осындай шығарма бар-жоғы үшінші  бәйгеге ғана ие болды. «Бұлттар» комедиясы Аристофанның мазмұны терең, көркемдік қуаты жоғары шығарма бола тұра оның үшінші орын алғанына күйінген Аристофан барлық кінәні судьялардан көрді, көрермендерге ренішін ашық айтты. «Оның (Аристофанның) қауіп-қатерді сейілтіп, елге төнген тажал бұлтын кері серпігенін жақсы білесіңдер. Өткен жылы сендер оған мән бермедіңдер. Ол сендердің саналарыңа  таным мен сенімнің жаңа дәнін сеуіп еді, бірақ ол дән көгермеді, өйткені, сендер ол дәннің қасиетін түсінбедіңдер. Ал, шындығына келгенде, Дионистің атымен ант етемін, бір ант ету аз болса екінші рет тағы ант етемін, дәл ондай тамаша комедияны одан бұрын ешкім жазған жоқ еді және жазбайды да!». Бұл ащы сөздің бір ұшы қарт драматург  Кратинге де тиіп жатты, өйткені, осы жарыста бірінші орын Кратинге, екінші орын Амипсияға берілген-ді. Осыдан бір жыл бұрын қойылған «Салт аттылар» комедиясында Аристофан қарт Кратинді жасы келсе де әлі шарап ішуін қоймаған, соның салдарынан шығармалары масаң адамдай топастана бастаған, оның бойындағы лира да тозып бітіпті» деп кінәлағанына Кратиннің «Кішкентай құтылар» («Фляжки») деген комедиясы себеп болса керек. Аристофан шығармасындағы көп сөзділікті әжуа еткен Кратин: «О,Аполлон! Мына ақынның аузынан төгілген сөз тасқынына қараңдаршы! Оның аузынан ағылған сөздер таудан аққан асау Илис өзенінің суындай жолындағылардың бәрін жапырып келеді. Егер оның аузын тез арада жаппасаңдар бәріміз су астында тұншығып өлеміз!» деген болатын. Аристофан өш алу үшін Кратинді әлгіндей сынға алған еді.

Көп ұзамай Кратин шал қайтыс болғанда Аристофан қатты қайғырып, өзінің кезекті комедиясы «Құрбақаларда» оның есімін зор құрметпен атап, Кратинді комедиялық өнердің қаһарманы деп атады.

Достық пен бәсекелестік, өкініші мен опынысы  қай заманда да қатар жүретін өмір заңы осылай!

Ұзаққа созылған Пелопоннес соғысы аяқталуға жақын қалып, халықтың көңіл-күйі көтеріле берген тұста Афинаны тағы бір апат қауіпі тұмшалап алды. Сицилияға жіберілген әскер түбегейлі жойылып, аздаған қашқындар ғана елге оралды. Мемлекет өзіне тиесілі көптеген үлесінен айрылды. Спартандықтар Декелеяны басып алып, Аттиканың орталығына орныққан соң, енді Афинаның өзіне қауіп төндіре бастады. Ел басына қауіп төнген осындай аласапыран шақта комедиялық поэзия мен сатираға қайдан орын болсын? Аристофан осы кезде өзінің атақты пьесасы – «Лисистратаны» жазды. Қолына қалам алған сәттен бастап билік пен халықты  бейбіт өмір сүруге шақырып келген Аристофан, бұл жолы соғысқа қарсы ашық «майданға» шықты. «Лисистрата» комедиясында бүкіл Грекияның әйелдері Афинаға жиналып, елді күйзелтіп біткен соғысты тоқтату үшін жаппай ереуілге шықты. Әйелдер Акропольды басып алды. Афина үкіметінің әйелдерді ол жерден қуып шығуға шамалары жетпеді. «Егер соғыс тоқтамаса біз бұдан былай күйеулерімізбен бірге тұрмаймыз. Тұрсақ та бір төсекте бас қоспаймыз, бас қоссақ та олардың дегеніне көнбейміз!» деп ұрандады Лисистра. Ақыр соңында еркектер әйелдерінің айтқандарына көніп, соғысқа барудан бас тартып, билік жауласқан жақпен келісімге келуге уәде береді.

Бір кезде Еврипидті жалаң сезімді жырлағаны үшін қатты сынға алған Аристофан, бұл жолы өзі де әйелдерді сахнаға жалаңаш күйінде шығарудан қысылмады. «Мен мұндай ұятсыз көрініске әдейі бардым. Еркектердің тағы да мағынасыз соғыста қырылып, әйелдердің жесір, балалардың жетім қалғанын көруден гөрі әйелдеріміздің жартылай жалаңаш денесіне аз уақытқа болса да көз салып қойғанымыз айып емес шығар. Оның үстіне, сахнада жартылай жалаңаш жүрген әйелдер ешқайсыларыңыздың басы байлы әйелдеріңіз емес, актрисалар. Әрі-беріден соң, олардың кейбіреулері еркек. Мен бұл амалға еріксіз бардым!» деп түсіндірді Аристофан өзіне тән юмормен спектакль біткен соң.

Пелоепоннес соғысының  аяқталар шағында Афина халқы бұрын-соңды болмаған кедейшілікті бастан кешіп, ел ашаршылыққа ұрынды. Бірақ, соғыстың аяқталып, бейбіт өмірдің лебін сезген Афиналықтар алда тұрған тыныш заманның тәтті үмітімен рухтанып, бұл қиындыққа да төзе білді. Афина қаласы қаңырап қалды. Соғыстың қайнап тұрған шағында талай ерлік пен тапқырлық танытқан әскер басыларының көбісі не өліп, не басқа жақтан нан табуға көшіп, кейбіреулері жазаға тартылып, өлім жазасына да кесілді, енді біреулері жер аударылды. Бас бәйгеге ие болған «Құрбақалар» комедиясынан соң Аристофанның да өткір сатирасы «жұмсақ» комедиялармен астаса бастады. Бұрынғы  ұлы ақындардың бәрі қайтыс болып, бірін-бірі сынап, келемеж етіп жүрген Кратин мен Эвполис та о дүниелік боп кетті. Өмір бойы айтысып, арпалысып өткен Клеон да Аристофанды не заң жүзінде, не моральдық тұрғыда біржолата жеңе алмай, екіұдай күйі мәңгілік көз жұмды. Софокл мен Еврипид те өмірмен қош айтысты. Не қарсыласы, не пікірлес замандасы қалмаған Аристофан да Афинаның қураған кәрі еменіндей жалғыз қалды.

Оның соңғы комедияларында бұрынғыдай уытты сатира бірте-бірте өткірлігінен айрылып, белгілі бір оқиғаларды ғана күлкіге айналдырған әлжуаз юморға құрыла бастады. Оның өзі қойған сондай пьесаларының бірі –  «Плутос» («Байлық») болды. Тұрмыстық деңгейдегі комедия боп саналғанмен, мұнда да Аристофанға тән өткір сын көрініс тауып қалып жатты. Плутос – адамдарға  байлық үлестіретін Құдай. Оның екі көзі де соқыр. Соның салдарынан байлыққа адал еңбектің адамдары емес, әр түрлі пысықтар мен алаяқтар кенеліп жатты. Осындай  әділетсізді көріп жүрген халық Құдайға деген сенімнен айрылып, Әділдік орнатудың жолын іздестіре бастайды. Ақыр соңында афиналық қарапайым тұрғын Байлық Құдайы Плутосты емдеп, жарық дүниеге көзін ашады. Осыдан кейін Әділдік орнап, бақ пен байлық әркімнің еңбегіне қарай тең бөліне бастайды.

Pages: 1 2 3 4