АРИСТОФАН. ҒАСЫРЛАР  ҮНДЕСТІГІ

Драмалық өнердің құдайы Дионис Афина театрының көрермендері бұрынғы биік талғамын жоғалтып алғанына өкініп, драматургтер арасындағы жыл сайын өтетін жарысқа өзі басшы боп, оған Эсхил, Еврипид, Софоклды да шақырады. Бұған дейін жүлделерді кімге беру керектігін дауысқа салу арқылы көрермендердің өзі шешетін. Көрермен залында 16-17 мың адам отыратынын ескерсек, жеңімпазды анықтау үшін қаншалықты ұзаққа созылатын процесс екенін түсіну онша қиын емес. Қатар-қатар тұрған әр автордың жәшігіне көрермендер алдын-ала дайындалып қойған қойдың құмалағындай домалақ тастарды тастап шығып, әр автордың жәшігінде қанша тас бар екенін он шақты адамнан тұратын комиссия мүшелері санап шығады. Кімнің тасы көп – соған  орай 1,2,3-орындар анықталады. Дәл осындай «тас санау» кезінде комиссия мүшелерінің әділетсіздікке жол беріп алатын кездері жиі ұшырасып тұрыпты. Қалың көрерменнің зор құрметіне бөленген Аристофан екі рет екінші орынды, бір рет үшінші орынды иеленгеніне ол қатты назаланып «Бейбітшілік» атты комедиясының соңында өзі сахнаға шығады. Көне Грекияның театр зерттеушілерінің еңбегінде, оған  арналған өмірбаяндық мақалалардың бір де бірінде Аристофанның түр-тұлғасы мен мінез-құлқы жайлы нақты деректер жоқ. Бар білетініміз – оның басы таз болыпты. Бұл кезде оның жасы отызға толар-толмас кезі екен. Оның басының таз болғанын өзгелердің жазуынан емес, өзінің айтқаны арқылы білеміз. Дәл осы “Бейбітшілік” комедиясы біткен соң Аристофан қалың жұртқа қарап өзіне тән әзіл-шыны аралас сөзімен: – Кәрі  демей, жас демей сіздердің барлықтарыңыздың міндеттеріңіз – маған дауыс беру. Көріп тұрмын, көрермендердің басым көпшілігі мен сияқты ойма таз екен. Ертең жеңіс тойын тойлай қалсам, үлкен дастархан үстінде «мына табақ ойма тазға, мына табақ қима тазға, мына табақ қырма тазға» деп бөлек-бөлек сыбаға тартылады. Таз деп айтқаныма намыстанбаңыздар. Бүкіл әлемдегі ақылды ақындардың бәрі де таз болған, маңдайлары кере қарыс болған. Таз еместерің де маған дауыс беріңдер, өйткені бүгін таз болмасаңдар ертең боласыңдар. Маған дауыс беруге асығыңдар!» деп жалынды сөз сөйлегеннен  кейін әлеумет біткен ду күліп, көпшілігі Аристофанға дауыс беріп, ол «Бейбітшілік» комедиясы үшін бас бәйгені иеленеді.

Атеней ақынның айтуынша, лирик Әлкей мен комик Аристофан шығармаларының бәрін шала мас кезінде жазды, тіпті, көрермендердің даусын сұрау кезінде де Аристофан қызу болатын деп кінәлады. Осы ойын дәлелдеу үшін Атеней Аристофанның «Салт аттылар» комедиясынан үзінді келтіреді. «Қалай? Сонда сен аузың барып шарапқа тіл тигізгелі тұрсың ба? Өмірде шараптан өткен пайдалы не бар? Көзіңді ашып қарап көрші, шарапқа шала мас болған адамдардың бәрі көңілді, жомарт, төрт құбыласы тең, ақ көңіл, ақ жарқын, ойлаған мақсатына тез қол жеткізе салады, достарына да көмек қолын созудан тартынбайды! Көрдің бе, шараптың құдіретін! Ендеше жүгір, бар да бір тостақ шарап әкел, сонан соң көмейімнен өткір сөздердің атқылап, аузымнан неше түрлі ой ақтарылғанын көресің!»

Атенейдің Аристофанға таққан бұл кінәсі болашақта ескерілгенімен айып ретінде есепке алынбады. Бар әлемге жүзім жапырағының астынан қарап үйренген Грекияға жүзім шарабын ұрттау айып боп есептелмесе, ақындар үшін шарап пен шабыт егіз ұғымдай боп қабылданатын. Шараптың «досы» деген ұғымға Аристофан ғана емес, оның замандас-досы, философ Платон да кіретін. Сократпен, Платонмен, қаламдастары Еврипид, Эсхил, Софоклдармен Аристофан қанша айтысып, саясат негізінде бірін-бірі сынап жүрсе де, шығармашылық ауқымда олар қимас достар бола білді. Ашу үстінде Аристофан Сократты «құдайсызсың, сен атейстік өмір салтын қалайтын коммунистсің!» деп кінәласа да, ол кінәлау жайшылықтағы өмірде «адамды достастыратын ерекше қасиеті бар» шарапханада бас қосуға кедергі келтіре алмайтын. Қанша айтысып, қанша сөз жүзінде шекісіп жүрсе де, Аристофан мен Платон бір-бірін ерекше сыйлап өтті. Аристофан замандастарының арасында ақынға деген Платонның сүйіспеншілігі ерекше еді, ол оның поэзиясына бас иетін. Аристофан қайтыс болғанда Платон былай деп  эпиграф жазды: «Муза өзі тұрақтайтын храмды ұзақ іздеумен болып еді, ақыры оны тапты; ол храм – Аристофанның жан дүниесі еді».

Аристофан мен Сократ арасындағы идеялық келіспеушілік драматургтің «Бұлттар» атты жаңа комедиясында (423 ж.) айқын көрініс тапты. Бұл пьесасында Аристофан Софистиканы, сол идеяны уағыздаушы Сократты мазақ етуге дейін барып мұндай жаңсақ қағиданың халық үшін зиянды екенін, ондай идея кісілікті, адамгершілікті аяққа таптайтын, қалыптасқан дінді хақ жолынан тайдыратын, отбасын бұзуға әкеп соғатын, жастарға мүлдем теріс тәрбие беретін кертартпа ілім деген ойын күлкілі сюжеттер арқылы аямай әжуа етті. Аристофан Сократ пен Софистиканы  қосарлай сынап, жас буынды ұятсыз сезім мен бұзақылық жолға итермелейтін жат дәстүрге мейлінше қарсы болды. Сократ философиясы жайлы мұндай түсініктің негізі қате екенін біле тұрса да, замандастарының басым көпшілігі Аристофан жағында болды, өйткені, жалпы халық та, Аристофан да Сократ диалектикасы мен софистиканы қатар қабылдай алмады. Софистика жастарды теріс жолға түсіреді деген ойын дәлелдеу үшін Аристофан қарызға белшесінен батып, одан құтылудың амалын таппай жүрген қарт Стрепсиадтың шарасыз күйін көрсетеді. Ал, Софистер болса қиындықтан құтылу үшін адамдарды юриспруденцияның нәзік жолдарын меңгеріп, шешендік өнерді үйренуге шақырады. Софистика ілімінің мұндай қиын жолын түсінбеген Стрепсиад жаңа ғылымды меңгерту үшін бұдан бұрын өзін қарызға батырған алып-ұшпа баласы Филиппидті оқуға жібереді. Қарыздан құтылудың жолын үйреніп келеді деп сенім артқан баласы қаржылық қарым-қатынастың “жаңа әдістерін” – боқтық пен бұзақылықты, жаңа оқудың нәтижесінде ешкімді аямауды, ешнәрсені қасиетті деп санамауды үйреніп қайтады. Ақшаның жолында әкесіне де, шешесіне де қол  жұмсаудан тайынбайтын нигилист, эгоист боп қайтады.

Pages: 1 2 3 4