АРИСТОФАН. ҒАСЫРЛАР  ҮНДЕСТІГІ

(Жалғасы)

Сатира мен сынның досы – халық, жауы – билік. Солай болған, бола да бермек. Табиғат заңы секілді бұл да оңай өзгере қоймайды. А.Чеховтың «Студент» деген әңгімесінде: «… осындай үскірік жел Рюриктің кезінде де, Иоан Грозныйдың кезінде де, Петрдің кезінде де азынап соғып тұрған, бұдан кейін де соға бермек» деген сөйлем бар. Сол сияқты, шындықты айтқан ақын-жазушылар ешқашан биліктің сүйіктісі болып көрмеген, солай бола да бермек. Б.з. дейін 426 жылы қойылған «Вавилондықтар» атты комедиясында Аристофан қоғамның өмір-салтын, мемлекеттің солақай саясатын өткір сынға алды. Дәл осы кезде Афинаға Леонтий елшілігінің басшысы, софист Горгий келіп жатқан болатын. Аристофан қала әкімшілігі мен қала тұрғындарының көрші мемлекеттің алдауына түсіп, болымсыз келіссөздерге келіп, тиімсіз шарт жасасқандарын ашық түрде әжуалады. Қаһарлы Клеон Аристофанды сотқа берді. Аристофан сот алдындағы жауапкершіліктен оңай құтылып кетті, өйткені, пьесаның авторы Аристофан емес, Каллистрат боп көрсетілген еді. Әрине, қала басшысы ретінде Клеон пьесаның шын авторы Аристофан екенін жақсы білді, бірақ, афишада Каллистраттың аты жазылғандықтан іс жүзінде драматургтен өш ала алмады.

Аристофан мен Клеонның бір-біріне жауығуы ұзаққа созылды. Кезекті бір кезеңде драматург ымыраға келудің амалын тауып, Клеон саясатын сылап-сипаған шығарма жазған соң, құдіретті демогог Аристофанмен достастым деп, оны тәубеге келтірдім деп мәз боп жүргенде, арада бір жыл өтер-өтпесте Аристофан тұңғыш рет өз атымен атақты «Салт аттылар» комедиясын жарыққа шығарып, Клеон саясатын өлтіре сынға алды.

Аристофанның алғашқы комедияларының бірі – «Ахарняндықтар» бас бәйгені жеңіп алған соң, өзінің шығармашылық мүмкіндігіне сенімі үдей түскен ол келесі бір әйгілі шығармасын «Салт аттылар» комедиясын жазды. Бұл шығарма да бас бәйгеге ие болды (424 ж.). Комедия негізінен өзіне-өзі сенген бишікеш Клеонды масқаралауға арналған еді. Өзімшіл, демагог басшыға деген қарсылығын Аристофан бұдан бұрынғы «Ахарняндықтар» атты комедиясында өлтіре сынап: «мен оны (Клеонды) тулақтай турап, атты сарбаздарыма ұлтарақ етіп үлестіріп беремін» деген болатын. Бұл комедияда Клеонның саяси билікке деген жанталаса ұмтылысын Аристофан батыл әшкерелей білді. Бірақ, ешқандай актер Клеонның бетсірісін (маскасын) киюге келіспеді. Өйткені, дәл осы кезеңде Клеонның Пилосқа жасаған жорығы жеңіспен аяқталып, ол атақ-даңқтың биігінен көрініп, ел алдында ықпалы күшейіп тұрған шағы еді. Ондай адамның ролін ойнауға ешкім келіспеген соң, Аристофан ерлік үстіне ерлік қосып, Клеонның бетсірісін өзі киіп, өзі ойнады. Клеонды билік биігінен тайдыру үшін актерлер оған қарсы сауатсыз, дөрекі, қара күштің иесі, ішекке ет тығып, колбаса жасауды ғана білетін колбасникті қарсы қояды.Пьесаның әрі авторы, әрі өзі жек көретін Клеонның ролін ойнап жүрген Аристофан күтпеген жерден өзіне қарсы шыққан ащы айғай мен боғауыз, былапыт, анайы, дөрекі күшке қарсы тұра алмай, өз орнын амалсыздан колбаса жасаушыға береді.

Соған қарамастан Аристофанның бұл комедиясы бас бәйгеге ие болды. Грекиядағы атам заманнан қалыптасқан шығармашылық еркіндікке билік тұсау  сала алмады.

Жауласу жаңа фазаға көтеріліп, Клеон Аристофанды «біздің азамат емес» деп сотқа тағы тартты. Клеон бұл жолы да драматургті жеңе алмады. Керісінше, Аристофан сот залында Клеон саясатын тас-талқан етіп сөзбен сынады. Амалы таусылған Клеон Аристофанмен төбелесіп тынды. Төбелес оңашада, немесе, кабинетте емес, тура спектакль жүріп жатқан кезде кенеттен бұрқ ете қалды.

Клеон қала басшысы ғана емес, Афинадағы ең ірі тері илеу цехының қожайыны болатын. Оның осы кәсібін мазақ етіп, кәсіпкер Ксенфий:

«Аузыңды жаба тұршы! Сенің айтқан сөздеріңнен илеген терінің иісі шығады!» деген репликадан соң Клеобольд: «Ей, пенде, сен билікке лайық емессің! Қарашы, сен басқарған қала құрып, бітті!” дегенде ашу-ызаға булыққан Клеон сахнаға атып шығып, орхестрдің жанында тұрған Аристофанмен айқаса кетеді. Көрермендер әуелгіде бұл көріністі спектакльдің оқыс сюжеті ретінде қабылдап, не болғанын түсінбей аң-таң боп тұрғанда, сахнадағы адамдар актерлар емес, бірі қала басшысы Клеон, екіншісі сүйікті ақындары Аристофан екенін танып, халық қыран-топан күлкіге батады.

Халықтың қыран-топан күлкісі сабасына түсіп, оқиға сабырлы қалыпқа көше бастағанда, Клеон полицайларын ертіп, жұртты қақ жарып сыртқа шыға берген кезде Аристофан көрермендерге қарап: «Төңіректегінің бәрі қирады, демагогтар есіктен шығып бара жатыр!» деп айғай салады.

Аристофанды өз жағыма тарттым деп тоқмейілсіп жүрген Клеон, ойламаған жерден гректерге тән қызу қандылыққа салынып, сахнада төбелес шығарғаны үшін қатты өкінді. Өкініп қана қойған жоқ, афиналықтар үшін қасиетті алаң боп саналатын театр сахнасында бұзақылық танытқан адам ретінде моральдық сот алдында жауап беруіне тура келді. Әрине, қала басшысы ретінде ол амалын тауып ауыр жазадан құтылып шықты, бірақ оның Аристофанға деген өшпенділігі арта түсті.

Жоғарыда айтып өткеніміздей Аристофан өмір сүріп, шығармашылық шабыты тасып тұрған кез ұзаққа созылған Пелеотоннес соғысының кезіне дөп келді. Ол өз шығармаларында халықты бейбіт өмір сүруге, билеуші топ пен әскери генералдарды соғысты тоқтатып, шаруашылықпен айналысуға  шақырумен болды. Сол рухта «Бейбітшілік» деген пьесасын да жазды. Бұл шығармасында драматург соғыстан басқаны білмейтін спартандықтарды қатты сынға алды. Өзінен кіші елдерді жаулап алу арқылы тапқан олжа халықтың несібесі бола алмайтынын, керісінше, олжамен күн көрген халық еңбек етуді ұмытып, жаппай жалқаулыққа,  керенаулыққа, өзімшілдік пен өткінші даңғойлыққа  ұрынып, сол жалқаулық қандарына сіңіп, ұлттық менталитетке айналып кетуі мүмкін. Сондықтан варварлармен (афиналықтар өздерінен басқаны варварлар деп атай берген) соғысты тоқтатып, ата-бабаларымыздың еңбексүйгіштік қасиеттерін қайта қалпына келтіріп, жер жыртып, егін егіп, ғылым-білім мен мәні кетіп бара жатқан мәдениетімізді қайта өркендетуді қолға алу керек. Ол үшін елдің ертеңін емес, бүгінгісін ғана ойлайтын, барлық бастамалар мен ірілі-ұсақты оқиғалардан тек қарақан басының ғана пайдасын ойлайтын сарнауық демагогтардан, жалған уәде, жалған сөздері арқылы халықтың көзін тұмшалап біткен, оларды еркін ойлардан алыстатып бара жатқан саяси көзбояушылардан тезірек арылуымыз керек деген ащы да батыл пікірлерін Аристофан «Бейбітшілік» деген пьесасында ғана емес, барлық шығармаларында төтесінен де, жанамайлап та айтудан қаймықпады. Дамудың демократиялық жолын жүзеге асырып, ой бостандығы, сөз еркіндігі, пікір алуандығы, шығармашылық еркіндік, адам құқығы деген қағидаларды заң жүзінде бекітіп, сол идеямен өмір сүріп келе жатқандарын Сициялианың, Римнің, қала берді басқа да мемлекеттердің алдында, біздің ғана ерекшелігіміз» деп мақтан тұтатын Грекия өз заңдарына өздері қайшы келіп әр комедиясында мемлекет саясатын өлтіре сынап келе жатқан Аристофанды қатаң жазаға тартудан амалсыз бас тартып келді. Ең ғажабы, шығармашылық пен ой еркіндігінің дамығаны сондай, Аристофан өмір сүрген 60-70 жыл аралығында адамзат санасына жарық жұлдыз боп қалыптасқан ұлы тұлғалар да қатар өмір сүрді. Олардың барша жұртқа белгілі бес-алтауын айтсақ та жеткілікті: Платон, Сократ, Диоген, Демосфен, Аристофан, Еврипид, Эсхил, Софокл, Кратин. Олар да бүгінгі біздер сияқты бір-бірімен араласып, пікір алмасып, ой таластырып,  кей сәтте жанжалдасып та қалып жатты.

Pages: 1 2 3 4