АРИСТОФАН. ҒАСЫРЛАР  ҮНДЕСТІГІ

«Мақсатқа жетіп бәрі де,

Олар да өтті дүниеден»

                                        «Мұңлық-Зарлық» дастанынан

Біздің жыл санауымыздан мыңдаған жылдар бұрын алақандай Грекия бүкіл адамзатқа «өркениет» деп аталатын ұғымды құрайтын өмірдің барлық компоненттерін таратты. Тарих, философия, шешендік өнер, юриспруденция, мемлекеттік құрылым, демократия, парламенттік басқару, жоғары билік (сенат), сөз бостандығы мен адам құқығы сияқты қоғамның жетілген формасымен қатар театр, драматургия, спорттың олимпиадалық түрін де өмірге алып келді. Қоғам өмірінің дамуында адамзат бұл компоненттерден әлі де алыстап кете қойған жоқ. Ұлы тарихшылар мен философтардың еңбектері күні бүгінге дейін мәнін жоймаған аспандағы адастырмас жарық жұлдыздай барша әлемге нұрын шашып, бағыт сілтеп келеді. Ал, Платонның шәкірті, Македонскийдің тәрбиешісі Аристотель болса театр теориясын дүниеге алып келді, бүкіл театр әлемі сол теорияны күні бүгінге дейін басшылыққа алудан бас тарта қойған жоқ. Театр тану ілімі мен театр өнеріне байланысты жоғарғы оқу орындарының бәрінде Аристотель теориясы оқытылып келеді.

Ауылшаруашылығы ерекше дамыған көне Грекияда жүзім мен шарап құдайы боп саналатын ұлы Дионис патшаның құрметіне одалар айтылып, театрландырылған көріністер қойыла бастады. Бұл көріністерде негізінен хор басты роль атқарса, бертін келе көріністер оқиғаға құрылып, кейіпкерлер сахнаға шықты. Бертін келе сюжетті мәтіндер пайда болды. Енді ол оқиғалар жанрға бөлінді. Біз үйренген «трагедия», «комедия» жанрлары дүниеге келді.

Дионис патшаның тотемдік жануары – Теке болған екен. Ал, теке грек тілінде «трагос» деп аталса, «одэ» – мадақ деген  ұғымды білдіреді. Осыдан келіп, тартысты оқиғаларға құрылған қойылымдар «трагедия» деп, «халықтың көшеде қыдырып жүріп айтатын көңілді әндері» деген ұғымды білдіретін көңілді қойылымдар «комедия» деп аталды.

Дионис патшаның кезінде Афина қаласында 45 мың халық болған екен. Өзіне арналған жыл сайын бір рет өтетін мадақ фестиваліне кісі көп жиналатын болған соң, қалада 17 мың адам сиятын ашық театр салынады. Театрға 45 мың адам түгел симайтын болған соң, ойын-сауықты тамашалауға тек еркектер ғана көруге құқылы болыпты. Әйеледр жағы театр маңында, немесе, қала көшелерінде серуендеп ән айтумен шектелген.

Дионис патшаның заманында өмір сүріп, шығармалары бізге жеткен төрт ұлы драматург бар. Олар – Аристофан, Софокл, Эсхил  және Еврипид. Бұларға дейін де драматургтер болды, өкінішке орай, олардың шығармалары бізге жеткен жоқ. Кейбір ежелгі зерттеушілердің пікірі бойынша Аристофан 54 комедия жазыпты, солардың шындыққа жақындайтыны – 44  комедия. Сол 44 комедияның төртеуі сарапшылардың пікіріне сәйкес Аристофандыкі болмай шыққан. Солардың өзінен бізге аман жеткені – 11 комедия. «Ахарняндықтар», «Салт аттылар», «Бұлт», «Бейбітшілік», «Аралар», «Құстар», «Лисистрата», «Фесмофори мерекесіндегі әйелдер», «Құрбақалар», «Халық жиналысындағы әйелдер», «Байлық».

Аристофанның өмірі жайлы мәліметтер өте аз. Оның туған жылы мен өлген жылы да белгісіз. Тек оның алғашқы комедиясы мен соңғы комедиясының қойылу кезеңдеріне қарап ақынның туған жылы шамамен б.з.д. 440 жыл, өлген жылы б.з.д.388 жыл, яғни, соңғы комедиясының қойылған жылы деп шамалаймыз.

Оның атақ-даңқының шарықтау шыңы 431-404 жылғы Пелепоннес соғысы кезеңімен тұспа-тұс келеді.

Бізге жеткен мәлімет бойынша оның  шыққан тегі мен азаматтығы жайлы дау бірте-бірте өрши түсіп, оның аяғы мемлекеттік деңгейге дейін өршіп, тіпті, оны Афинадан аластау керек деген де пікір айтылған. Аристофанның әкесі Филипп туа бітті Афиналық, демек, оның ұлы Аристофан да осы қаланың тумасы боп есептелуі тиіс. Соған қарамастан, оның кейбір замандастары «ол ешқандай да афиналық емес, ол Линда немесе, Камир қаласында, әрі-беріден соң Египетте туылған, солай бола тұрса да оған Афинаның азаматы деген жалған атақ беріліп отыр» деп барлық кінәні үйіп-төкті. Оған мұндай айыптың тағылуына әкесі Филипптің бір кездері сауда-саттықпен айналысатын адам ретінде Аттикадан тыс жерде – Родос  аралында, Мысыр елінің сауда орталығы боп саналатын Навкратисте тұрғаны себеп болды. Ал, Аристофан болса Афинада емес, Мысырда туды деген сөз осыдан барып шықса керек. Аристофанның ерте шыққан атақ-даңқына қызғанышпен қарап келген оның ежелгі қарсыласы ақын Эвполис болса, өз азаматтарын басқа жақтан ауып келген жат жерліктің алдына жығып берген афиналықтарды аңқаулықтары мен алаңсыздықтары үшін тілі жеткенше сөгіп бақты. «Алдымен өз азаматтарыңды сыйлаңдар, сонан соң барып өзгелерді құрметтеңдер»-деп театр орхестрінің алдына шығып айғай салды. Ал, демогог Клеон болса Аристофанның көпшілік алдында өзін келемеж ғып сынағанын кешіре алмай сотқа жүгініп, оның басқа елдің азаматы бола тұра әртүрлі құйтырқы әрекетпен афина азаматы деген жалған азаматтықты иеленіп жүргенін өзінше дәлелдеп бақты. Әрі-беріден соң ол Аристофанның әкесі Филипп емес, жат жұрттық деп жала жабуға шейін барды. Ежелгі тарихтан бізге жеткен мәлімет бойынша Клеон Аристофанды үш рет сотқа сүйрепті. Өмір бойы комедиядан басқа жанрға қалам түртпеген Аристофан бұл жолы да сол мінезінен таймай өз сөзімен емес Телемактың (Гомер. Одиссея) сөзімен жауап береді. Қайдан білейін, айтқан сөзіне қарағанда мен анамның баласы екенмін, ал, әкеміздің кім екенін ешқайсымыз да анық айта алмаймыз”.

Pages: 1 2 3