АЛАҢСЫЗ  АУЫЛ

–Не дейді! –Молдекеңнің сақалы шошаң ете қалды.

–Мен естігенімді айтып отырмын,–деді Темірбек күмілжіп.

Мынадай көргенсіздікке қарсы айтар сөз таба алмай Есқараның көмейіне дем кептеліп, ортада отырған молдекеңе қарады. Ол кісі екі тізесіне қолын қойып, жансыз адамдай аспанға қарап, сіресіп қалған екен.

–Ел тозды, адам азды! Адамдар әзәзілдің шылауында кетті! Бүгін мынадай, ертеңгі күндерің қандай болар екен, бейшаралар!-деп Асан қожа дірілдей сөйледі. – Жұрт тозақтан қаймықпаса– Құдайдан қорықпайтын болғаны да. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Атамыз Самырат айтып отырушы еді, «ақырзаман болғанда қой  кетеді» деп. Қой дегенде қорадағы қойды емес, білген адам білмегенге білгенін айтып, «қой үйтпе, бүйтпе» деп қақпайлап отыратын үлкендердің уәзипа сөзін айтады. «Аталы сөзге ақымақ дау айтады», бұлар біздің «қойымызды» тыңдауды қойған екен. Өзіміз күнәға батпай тұрғанда кетейік бұл жерден!–Асан қожа орнынан тұрды да, өзгелерге назар да салмастан сірескен бойы ауыл шетіндегі оқшау үйіне қарай қозғала берді. Көзін ашқалы бері осы ауылдың қамын ойлап, біреуің былайсың деп шетке итермей, бәрін бауырына тартып, осы отырған отыз-қырық үйдің сүндет парызынан бастап, ақырет сапарына дейін ақысыз-пұлсыз мойнына алып, өз парызын шын пейілмен атқарып келген кәрияның жан толқуы әсер етті ме, әлде, тап қазіргі бәрінен түңіліп, бәрінен күдер үзіп, тобынан айрылған кәрі құлжадай жетімсіреп бара жатқан шалдың сақалына ілігіп қалған бір тамшы жасты көргендіктен бе, Есқараның өкпе тұсы шым етіп, орнынан қалай тұрып, оның соңынан қалай еріп жүре бергенін өзі де байқамай қалды. Кетіп бара жатып ошарылып отырып қалған төрт қылжақбасқа ұзақ қарады да, «ана шалды осылай жібере бересіңдер ме?» дегендей Асан қожа жаққа болар-болмас иек қақты. Әлгі айтқан сөздерінің Асекеңе тым ауыр тигенін енді ұққандай төртеуі де орындарынан үдере тұрып, тәкаппар басып бара жатқан оны қуып жетіп, алдын орады.

– Пірәдар, кешіріңіз! Айтсақ, күйгенімізден айтамыз да. Ит өмір бәрімізді ит қып жіберді ғой,–деп Исахан әрі ақталып, әрі оның қамыққан көңілін жұбатпақ боп абдырай сөйлеп еді, ол кісі мұның сөзін елең де қылмады. Жан-жағынан анталап, алдын орап маза бермей бара жатқан соң ол сәл-пәл аялдады да, аспанға қараған бойы:

– «Көзін жұмса, қалғыды, аузын ашса, алжыды» деп ұғатын сендерге енді сөз әуре қылудың жөні жоқ екен, мен сорлы соны ұқтым,–деді өзімен-өзі сөйлескендей. – Гәп сендердің не жеп, не қойғандарыңда емес, ниеттеріңнің енді қайтып түзелместей бұзылғанында боп тұр-ау!.. Әкелерінің түрі мынау болса, балалары қайтіп оңбақ бұлардың? Артыңда мынадай ұрпақ қалып бара жатқанда ана дүниеде қалай тыныш жатарсың! «Екі дүниеде де жылап өт» деген қарғыс осы екен дә, бізге арнап айтылған екен дә!..

Ол осыны айтты да, орнынан қайта қозғалды. Көздері дымқылданып, қалған шалдар да оның соңынан ере берді.

Төрт жігіт оларды көзбен ұзатып үнсіз тұрып қалды.

Шалдар алыстай берді. Сәлден соң арба жол өтетін ойпаңға түсіп, қызылды-жасылды тақияларының төбесі де көзден ғайып болды.

*   *   *

Айналасы бір жылдың ішінде арасына екі-үш ай салып, үш шалдың үшеуі де ақырет сапарға аттанып тынды.

Молотов ауылы адалдықтың ақырғы үш көзін қырқадағы ескі қорымға жерлеп, көп уақытқа дейін дел-сал күйде жүрді.

Алыстағы шағын ауыл дүниежүзілік прогреске алаңсыз араласып кетті.

 

Pages: 1 2 3