АЛАҢСЫЗ  АУЫЛ

–Е, жоқ болса, бір жерде түсіп қалған шығар. Немене, осы үйден жарты құлаш жіп табылмай ма?

–Табылады ғой, бірақ…

–Не бірақ?

–Ол қамыт бауды қайыстан тіліп өзім жасап едім.

–Өзің жасасаң, тағы жасарсың. Не, енді менің жонымнан таспа тіліп алайын деп пе ең? Осы балада ес жоқ, әй. Байлай салсаңшы бірдеңемен! Адам болмайды осы!

Қиясбек үндемей есікке бұрыла берді.

–Әй, жеп кетпейсің бе?

Қиясбек «нені?» дегендей бұрылып әкесіне қарады.

–Мынадан! –Әкесі баласына қолындағы қабығы аршылған қып-қызыл колбасасын көрсетті.

Қиясбек колбасаға бір, әкесіне бір қарады да:– Ол доңыз ғой,–деп дүңк етті де, шығып кетті.

–Құданың құдіреті! – деді Шыдан иығын қозғап. – Әлгі не деп кетті?

Шыданның әйелі мен бала-шағасы колбасаны пәтініске салып қойып, ортаға алып ұзақ тамашалады.

–Қазы сияқты екен, –деді ересек қызы оны бір аударып көріп.

–Жоқ, қызғылттығы болмаса, әсіптен айнымайды,–деді шешелері.

–Иісінің жақсысын-ай!–деді кіші қызы тамсанып.

–Мынау сары жыланнан айнымайды ғой, –деді бақыр бас бала жұрттың бәрінің жүрегін айнытып.

–Тек! Адал асты арамға теңеме!–деп, әкесі баласын бүйірінен нұқып қалды. –Бұ да адам болмайды, қарашы айтып отырған сөзін! –Содан соң әйеліне қарады. –Әй, колбасаға дем салып отырсың ба, нағып үңіліп қалғансың? Турасайшы!

Әйелі Әския пеш үстінде жатқан кездікті алды да, колбасаны турауға кірісті.

–Бісмілла рақымман рақым!..

* *  *

Осы сәттен бастап ауыл екіге бөлінді: колбаса жейтіндер және жемейтіндер, арақ ішетіндер және ішпейтіндер боп. Әуелгі кезде арақтың да қас жаулары көп еді, бірақ, бертін келе оның түп атасы бидай екеніне көздері жеткен соң біраз жұрт оған деген көзқарасын өзгертіп, жұмсара бастады да, онымен ымыраға келгендей сыңай танытты. Ал, колбасаның түп атасы доңыз екенін білгенде бір-біріне қарама-қарсы екі топтың тарихи тайталасы ұзаққа созылды. Колбаса жемегендер колбаса жегендердің үйімен ыдыс-аяқ алмаспай, құда-жекжаттар бір-бірімен араласпай қойды. «Қазы сияқты екен», «әсіп сияқты екен» деп алғашқы кезде таңсық көріп жеп алған Шыданның әйелі мен екі қызы және сол сияқты басқа да колбаса жеп қойғандар не жегендерін ертесіне білгенде ұшынып мұрттай ұшып, алды бір апта, соңы бір-бір айдан ауырып тұрды. Бастары ауырып, балтыры сыздай қалса да, тіпті, түстерінен шошып оянса да, Асан қожаға барып дем салдыратын ауыл адамдары әдеттегідей жандарына дәру іздеп молдекеңе барып еді, «күнәһар пәндәнің һарам кәсәліне ара түспеймін» деп о кісі колбасадан ұшынып келген бір қора адамды ауласына кіргізбей даладан қайтарып жіберді. Қырық жылдан бері дал болған жандарына дауа тауып келген сыйынушылары даладан қайтарып жіберген соң адамдар өз білген ем-домдарын істеп, әркім өлмес қадамдарына өздері кірісті.

Колбасадан өлген ешкім болмады.

–Бәрібір дозақ отына жанасыңдар! –деді Асан қожа бір топ кәриялармен қазан арық жағасында колбасаны атасының асындай асайды екен деген елден ерек шыққан үш-төрт жігітті талқыға салып отырып.– Жанасыңдар, күйесіңдер, жандарың шырқырайды. Бірақ, сендерге Алланың рақымы түспейді.

–Иә, иә,–деді өзге шалдар молдекеңді қостап.–Күйесіңдер тозақ отына! Біз де ара түспейміз…

Үлкендерге сөз қайтаруға дәттері жетпей, күні бойы жерге қарап отырған төрт жігіттің біреуі Исахан әлгі шалға ажырайып бір қарап алды да:

–Күйсек күйерміз… О дүниеде біздің ауылға арнап салынған пейіш жоқ шығар, –деп, күңк ете қалды. «Не  естіп отырмыз!» дегендей шалдар жағы Исаханға еліре қарады.

–Тәйт, найсап! Күнәға батқаныңмен қоймай, ақыретті болжап күпірлікке барғаның қай алжасқаның!–деп есқара шал ашуға сыймай, қолындағы ақ таяғымен қара жерді салып қалды.

Өзгелер сияқты Исахан да үйдей бәледен үндемей құтылайын деп еді, көмейге тіреліп тұрған сөз тісті бұзып сыртқа шыққанын өзі де байқамай қалды.

–Естуімізше, әлгі колбаса деген пәлені дүние жүзі атамзаманнан бері жеп келе жатқан көрінеді. Алматыдағылар да, Шымкенттегілер де жейді екен. Екі жылдан бері Арыс жей бастапты. Сонда, солардың бәрі тозаққа күйеді де, біздің Молотов колхозының адамдары ғана пейішке бармақ па?

Төтесінен қойылған сауал ақсақалдар жағын дағдартып тастады. Бәрібір бұған нақты жауап айта алмайтындарын сезген Есқара мынадай жүзіқара жігітке бас салудан басқа жөні түзу амал таба алмады.

– Өзің ғана жанып қоймай, әулетіңмен жанасың тозақта, әулетіңмен, жүзіқара!– деді Есқара буынып бара жатқандай шапанының омырауын ашып.

–Тозақты айтып қорқыта бермеңіздерші,–деді жамбастап жатқан Жапсарбай орнынан тұрып. – Осы жүрген жүрісімізде рахатқа батып жүрміз бе? Шешеден шыр етіп туғалы бері азап пен қорлықтан басқаны көргеніміз жоқ. Өміріміз күнде тозақ. Бұ дүниенің тозағына үйренген адам ана дүниенің тозағынан үрке қоймас! Басқа тірлігім оның тұрса, колбаса жегенім үшін отқа түсе қоймаспын.

–Иә, деймін-ау, – деп Темірбек сөзге араласты. – Кім не жеді деп құдайдың құтты күні үйді-үйді аралап список жасап жүретіндей періште жарықтық салық жинаушысы Пашат деп пе едіңіздер? О кісілердің жұрттың ішіп-жегенін аңдудан басқа да үлкенірек тірлігі бар шығар. Жақында ауылға шошқа перме салады дейді ғой.

Pages: 1 2 3