АЛАҢСЫЗ  АУЫЛ

Ол  кездегі біздің ауыл үшін дүниеде екі-ақ ұлт бар болатын: қазақтар және қазақ еместер. Өзге ұлттар мен ұлыстар жайлы есіте қалса: «е-е, ондай да ел болады екен-ау, бейшаралар-ай, ә» деп алыстағы оларға аяушылықпен қарайтын-ды. Аспан асты, жер үстінде өздерінен басқа ешкім жоқтай сезінетін. Сөйтіп жүрген ауылдың бала тәрбиесінен де білетіні екі-ақ әдіс еді: бірі – боқтау, екіншісі – ұру. Құданың құдіреті, тәрбиенің осы екі әдісімен-ақ бір емес, бірнеше ұрпақ тәрбиеленіп, көбісі ел қатарына қосылып кетті.

Шыданның ортаншы баласы Қиясбек те дәл осы тәрбиемен ер жетті. «қырық жыл оқысаң да сенен түк шықпайды», «Мұрныңа май құйса да, адам болмайсың» деп арбакеш әкесі құдайдың құтты күні көзіне шұқып тұрып, оның адам болмайтынын бұлтартпас фактілермен дәлелдеп беретін. Әкесінің осы сөздерінен соң баласы да «шынында, адам болмасам болмайтын шығармын, әкем де босқа айта бермейді ғой» деп өз болашағынан біржола күдер үзіп тынған-ды. Сөйтіп, болашағы жоқ Қиясбек болашағы жоқ өзге балалармен араласпай, бұйығы, тұйық, мың сұраққа бір жауап беретін оқшау мінез тауып, өз ойы өзінде, булығып ер жетті. Ол мектептен келген бойда тиіп-қашып тамақ ішкен болады да, сабағын қарауға отырады. Кітапқа қанша үңілгенмен, бәрібір түбі адам болмайтыны есіне түсіп, өмірі бітпейтін үй шаруасына кіріседі. Қыс болса – қора тазалайды, құдықтан екі-үш мәрте әкпішпен су тасиды, отын бұтайды, қар күрейді, ондық шамға кірәсін құйып, сәкәласын тазалайды, ал, жаз болса – есек арбамен қазақ арықтан бөшкемен су тасиды, кешкілік аңыздан болдырып қайтқан төрт-бес уақ мал мен екі сиырдың алдына салатын көк шөп орып әкеледі. Ертең ерте малды өріске айдап салысымен қойдың қиы мен сиырдың жапасын есік алдындағы шұңқырға әкеп төгеді де, балағын түріп жіберіп, теппе жасау үшін аяғымен тез-тез илеп тастап, жуынып келуге арыққа қарай жүгіре жөнеледі.

Жаздың аты жаз ғой, күн қаншама бұлыңғыр болса да адырлы дала таң бозына іліккенше бозамық тартып тұрады. Қараша туып, жел жұлқылаған бұлттар жырым-жырым боп, аннан-мыннан жиналып, ауыл үстін саңылау қалдырмай тұтас торлағанда күн батар-батпастан-ақ дүниені қара түнек басады.

Қараңғы ауыл…

Түрт те қаш қам қараңғылыққа әлінше қарсылық көрсеткендей ауыл үйдің терезелерінен май шамның жуас та әлжуаз сәулесі әр жер-әр жерден немқұрайды, енжар жылтырайды. Алып қараңғылықты әлжуаз сәулесімен бәрібір жеңе алмайтынына көзі жетіп, сәлден соң ол жарықтар да сөнеді. Бұл жерді адамзат баласы мекендейтінінен белгі беріп, түннің бір уағына дейін ауыл иттерінің керенау, самарқау үрген үндері естіліп тұрады да, сәлден соң олар да жым-жырт болады.

«Мен келдім, енді не істесең оны істе» дегендей қараңғы, дірмәнсіз ауыл табиғаттың еркіне алаңсыз беріледі.

Балалар да ер жетіп, балалармен бірге ауыл да есейіп келе жатты. Бұл ауылға дүрілдеп трактор келді, гүрілдеп полуторка жетті, ауылдың қисық жолымен қиқалаңдап белесебет жүріп өтті. Қыр басындағы ауыл бірте-бірте ойпаңға түсіп, еңселі үйлер сала бастады, ауыл ортасынан алғаш рет магазин ашылып, арақ та сатылатын болды. Бұған дейін, «үлкен-үлкен қалаларда адамдар арақ ішіп, мас болады екен» деген әңгімені ауыздары ашылып тыңдайтын балалар енді сол мастарды өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Магазин ашылған күннің дәл ертесінде-ақ ауыл ортасынан қақ жарып өтетін арба жолдың шаңын бұрқылдатып үш мас бір-біріне сүйеніп өлең айтып келе жатты. Аспаннан адам түскендей жан-жақтан анталап келген балалар мастардың ешқандай өзгешеліктері жоқ, өздері сияқты екі аяқты адамдар болатынын, және ең бастысы, бұрынғыдай олардың көз көріп, құлақ естімеген әлдекімдер емес, өздерінің көкелері боп шыққандарына қатты қуанды,

Екі күннен соң қырдағы ауылдың күллі еркектері ойдағы магазинге құлап, ымырт жабыла Шыдан қырдағы ауылға бір арба мас еркекті әкеп, әрқайсысын үйді-үйлеріне түсіріп жатты. Арбадағы мас еркектерді әйелдеріне үлестіріп біткен соң, өзі де әләулайға басып, үйіне көңілді оралды. «Қиясбек! А, Қиясбек!– деп есік алдына кеп тоқтаған бетте айқай салды. – Аттарды шығар, арықтан суарып, ойпаңға тұсап қоя бер!» Баласы үйден жүгіріп шықты. Оның соңынан шұбатылып әйелі және енді жатуға дайындалып, төсек салып жүрген шаштары ебей-себей 8-9 жастағы екі қыз, бірінші класқа енді барған қалқан құлақ, бақыр бас тағы бір бала көрінді. Көкелерінің мас боп келгеніне бәрі мәз боп, жан-жағынан кеу-кеулеп үйге алып кірді.

–Мынаның атын колбаса дейді!–деп Шыдан үйге кірген соң жүгерінің собығындай бірдеңені әйелінің қолына ұстата салды.

–Көтек! Мұны қайтеміз, байғұс-ау!

–Жейсіңдер!

–Қайтіп?

–Битіп!–Шыдан колбасаны қолына қайта алып, оның қабығын арши бастады. Әйелі, ебей-себей қыздары мен бақыр бас баласы әкелерінің колбасаны қалай аршып жатқанынан көз алмай анталай қарап тұрды. Қабығын аршып болған соң ол аузын толтырып бір тістеп алды да, бұралақтап шайнай бастады.

–Жалпы, мұны пышақпен кесіп жеген дұрыс!–деді ол әйелі мен балаларын одан бетер таң қалдырып. Осы кезде ішке Қиясбек кірді.

–Көке, күрең аттың қамыт бауы жоқ қой!– деді ол колбасаны қалай жеудің әдісін бала-шағасына үйретіп жатқан әкесіне қарап.

Pages: 1 2 3