АРАЛДАҒЫ АДАМДАР

Драма

 

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Саттаров

Кереев

Байжанов

Жанаев

Малдыбаев

Бике-Виктория

Талипова

Тұрсынов

Орманов

Елемесов

Андасов

Мекебаев

Омарова

Есенов

Тайман

Бейтаныс

Саттаровтың дауысы

 ПРОЛОГ

Үй ме, кабинет пе, ол жағы белгісіз, сахнаның екі шетінде екі адам сөйлесіп тұр. Осының алдында ғана телефон шырылдаған. Екеуі де трубканы көтерген. Екі адам бірдей телефонды бір-біріне соға алмайды, бірақ, бұл жерде шарттылыққа жүгінеміз. Демек, олар бұдан бұрын талай рет бір-біріне телефон шалысқан деген сөз.

КЕРЕЕВ. Байжанов, кеше “Времяны” көрдің бе?

БАЙЖАНОВ. Жоқ, көре алмадым.

КЕРЕЕВ. Өзің бір колхоздың білдей бас агрономысың, сөйте тұрып “Времяны” қалай көрмейсің?

БАЙЖАНОВ. Қол тимейді. Шаруашылық қой.

КЕРЕЕВ. Иә, сенде ғана жұмыс бар, қалғандарымыз қаңғып жүрміз.

БАЙЖАНОВ (күліп). Сізбен сөз таластырғым келмейді… Иә, онда не бопты? Таң атқалы мен әлі ешкіммен сөйлескен жоқпын.

КЕРЕЕВ. Сөйлеспесең былай, Байжанов. Ана данышпан бастығың түнде “Времядан” сөйледі.

БАЙЖАНОВ. Тағы ма?

КЕРЕЕВ. Иә, тағы да.

БАЙЖАНОВ. Не айтты?

КЕРЕЕВ. Не айтушы еді, кең дүниеден оның көретіні біздің ауданның жамандығы ғана ғой. Бәріміз түк істемей, шаруашылықты бетімен жіберіп отырған көрінеміз. Бүкіл елге масқаралады.

БАЙЖАНОВ. Мен не істеймін, оны шақырып алып сөйлесе алмаймын, әзірге мені шақыратын сол…

КЕРЕЕВ. Бір әрекет жасау керек…

БАЙЖАНОВ. Қандай?

КЕРЕЕВ. Түк білмегенси қаласыңдар-ә?!

БАЙЖАНОВ. Енді мен… бар болғаны бас агро…

КЕРЕЕВ. Білемін не айтқалы келе жатқаныңды. Шыдай тұр… Ал, не ойлағаның бар?

БАЙЖАНОВ. Әзірге ештеңе.

КЕРЕЕВ. Туһ, сендерді жетектеген адам да жетісе қоймас. Слушай, Саттаровтың соңғы кездегі тым белсенділігі жоғары жаққа да ұнап жүрген жоқ. Немене, бір колхозды ауданнан, қала берді республикадан бөліп алып қайда бармақсыңдар? Жоспардан артығын өзіміз аламыз, оларды колхоз дүкеніне түсіріп, бағасын екі есе төмендетеміз деген не сез? Жұмақ орнатамыз дей ме, немене бәле?

БАЙЖАНОВ. Рас. Қазір сол идеяны жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Осында Алматыдан ғалымдар да келіп көмектесіп жатыр.

КЕРЕЕВ. Жұмақтың құрылысына ма?

БАЙЖАНОВ. Иә…

КЕРЕЕВ. Ал, сол идеяны жүзеге асыра қойдыңдар делік, сонда бүкіл ел етті екі сомнан жегенде сендер бір сомнан жемексіңдер ме?

БАЙЖАНОВ. Солай дейді… Қазір ауылдық совет пен жұмысшылардың арасы ушығып тұр.

КЕРЕЕВ.Неге?

БАЙЖАНОВ. Саттаров ауылдық советтің жұмысына араласып, жыл сайын елден жиналатын ет пен сүтті елу процентке кемітіп тастады.

КЕРЕЕВ. Мен оған тыйым салғаным қайда?

БАЙЖАНОВ. Оны тыңдайтын түрі жоқ. Айтып көріп едім қолын бір-ақ сілтейді.

КЕРЕЕВ. Қолын сілтейді?

БАЙЖАНОВ. Ім… Иә, қолын сілтеді.

КЕРЕЕВ. Солай де!.. “Саттаров, Саттаров” деп бір-екі рет арқадан қаққанға басы айнала бастаған екен. Жарайды, көрерміз. Байжанов, сен қарап жүрме… Білесің ғой… Жалғастыра бер…

БАЙЖАНОВ. Жарайды…

Тағы да сол екеуі. Сөз арасы бұрынғыдан қаттылау.

КЕРЕЕВ. Байжанов! Сендерге комиссия барады. Олармен жөндеп тіл табыс. Білесің ғой қалай екенін.

БАЙЖАНОВ. Түсінікті. Саттаров “Социалистік Қазақстандағы” мақаласында сізді іліп кетіпті ғой.

КЕРЕЕВ. Иә. Сөйтіп тағы “қуантып” отыр.

БАЙЖАНОВ. Тура айтпаса, да тұспалдап “Аудандағы шаруашылық жайы кейбір арнайы басшыларды толғандырмай отыр” депті. Шаруашылық мәселесі сіздің сала ғой. Менімше, ол да біреудің айтқанын орындап отыр. Сізді бірінші боп кете ме деген қауіппен алдын орап отырған саясаттары болуы керек. Қандай зымияндық десеңші! Сарсен Кереевич, бір председательге шамаларыңыз келмей-ақ қойды-ау осы!

КЕРЕЕВ (ұзақ пауза). Жарайды, Байжанов, қайрай берме. Біз де шарасыз қалмаспыз.

БАЙЖАНОВ. Әлгі өзіңізге айтқан ненің… хаттардың төрт-бесеуін жібергенбіз. Тағы да жазып жатыр.

КЕРЕЕВ. Дұрыс. Оны жан-жақтап мүжи беру керек, қашанға шейін шыдар екен. Келесі тоқсанда тағы бір комиссия жіберткізем. Сонан соң өздеріңдегі бір жиналыста жеңіл-желпі бір мәселесін қарап қоя салыңдар. Кейіннен үлкенін өткіземіз. Өзім қатысам. Сонан соң өзі де арыз жазып жайын табар.

                                                    * * *

Таңертеңгі уақыт. Ауыл шетіндегі Бике-Викторияның үйі. Бұл жасы 55-56-лардағы жалғыз әйел. Өмірдің көп қиындығын көрсе де сүйегіне біткен паңдық әлі жоғалмағаны көрініп тұр. Бөлме бірнеше минут бос тұрады. Сәлден соң Бике кіріп, үй ішін жинай бастайды. Келесі минутта терезе жақ қапталда өсіп тұрған фикус жапырақтарын сүртіп, сарғая бастаған кейбіреулерін ұстап көріп, басын шайқайды да, стол үстінде тұрған графинді алып сыртқа шығады.

Бөлмеде тағы тыныштық.

Осы кезде сыртқы есік жайлап ашылып, басында шляпа, үстінде плащы бар, жасы Бикемен қатар ер кісі ішке енеді. Табалдырықты аттаған бетте жан-жағына біраз қарап тұрады да, төр жаққа өтеді. Столға кеп отырып, әлденеге жымия күледі.

Сонан соң стол үстіндегі өзінің суретіне қарап үнсіз қалады. Осы сәтте графинмен су алып кірген Бике ер кісіні байқамай фикустаға су құя бастайды.

САТТАРОВ. Сәлеметсыз ба, мадам Баттерфляй?

Бике ер кісі жаққа жалт қарайды да, “құдайым-ау!” деп теңселіп жүрегін ұстап тұрып қалады. Саттаров жүгіріп кеп, оны орындыққа жайғастырады.

— Япыр-ау, сіз соншалықты қорқатындай мен қатты айғайлаған жоқ едім ғой.

БИКЕ. Жаратқан-ау!.. Сіз… сіз… Айтуарсыз ба? Аспаннан түстіңіз бе, қайдан жүрсіз?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16