ЕРТЕҢДІ КҮТУ

Драма

 

ҚАТЫСУШЫЛАР: 

Тағай — институт директоры

Алтын — әйелі

Радик — ұлдары, студент

Милиция капитаны

Ақ бас шал

Кісі

Жанна

Жігіт

Егде кісі

Кемпір

Хатшы қыз

Қыдырып жүрген жастар

БІРІНШІ  АКТ

 Институт директорының кең бөлмесі. Бөлменің іші қазіргі үлгімен әсем жиһаздалған. Үстінде үйге киетін жұмсақ  паралон халаты бар директор бөлме ішінде әрлі-берлі жүр. Бөлменің оң жақ бұрышындағы буфетке сүйеніп баласы — медицина институтыньщ студенті тұр. Әкесі әлденеге қапалы.

ТАҒАЙ. Сен барып тұрған ақымақсың!

РАДИК. Оныңыз рас.

ТАҒАЙ. Не-ме-не?! Расы қалай?

РАДИК. Рас болмаса, неменесіне айтып тұрсыз?

ТАҒАЙ. Сен менімен қалай-қалай сөйлесесің! ? Мен сенің әкеңмін!

РАДИК. Оныңыз да рас болуы мүмкін.

ТАҒАЙ. Сен… сен… не айтып тұрғаныңды білемісің? Бетімен кеткен не деген жүгенсіздік бұл! ?

РАДИК. Бала — асау тай, әке — атбегі, тәрбие — жүген. Демек, атбегі нашар, жүген жоқ, тек асау тай ғана болған.

ТАҒАЙ. Сен адам болмассың. Ойлашы, қазір жасың жиырма бірде, төртінші курстың студентісің. Ақыл тоқтатар кезің болды. Сен туғанда мен жиырма бірде болғанмын, яғни әке болғам.

РАДИК. Перзент дүниеге келгенде жасы жиырма бірдегі адамға әке деген атақ әперу үшін емес, биологияның заңы бойынша келеді. Қайдан білесіз, бәлкім, осы тұрысыммен менде де әке деген атақ бар шығар.

ТАҒАЙ. Сенен туған бала да оңбас!

РАДИК. Оңбаса да студент болар, әйтеуір. Немереңізді бір оқуға түсіресіз ғой.

ТАҒАЙ. Не болып барады бұл дүние! Әкесі мен баласы бұлай сөйлеседі деп кім ойлаған!

РАДИК. Өмір әрқашан да адамның ойламаған жағынан келеді.

ТАҒАЙ. Ақы-мақ!

РАДИК. Оныңыз рас дедім ғой. Ғылым кандидаты болғалы жүргенім де сондықтан шығар.

ТАҒАЙ. Радик! Құдай үшін, менімен бұлай сөйлесуіңді қойшы.

РАДИК. Өзгемен мен ашық сөйлесе алмаймын. Егер мен сіздің балаңыз болмасам, сіз Ғылым академиясының мүше-корреспоңденті, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, медицина ғылымының докторы, онкология институтының директоры боп шыға келер едіңіз. Онда әлгіндей сөйлемек түгіл, мына үйіңізге де кіре алмаған болар едім. Сіздің жиырма жаста үйленіп, жиырма бір жасыңызда перзент сүйгеніңіз қандай бақыт, қандай қуаныш!

ТАҒАЙ. Радик! Тоқтат енді!

РАДИК. Сіз маған дауыс көтермеңіз. Біле білсеңіз, сіз де маған борыштысыз.

ТАҒАЙ. Қалай?

РАДИК. Жиырма бір жасыңызда мен сізге Әке деген атақ әпергем! Ол да оңай өтелер парыз емес. Өз бетіңізше он рет, жүз рет лауреат бола аласыз, бірақ мен болмасам, әке атала алмас едіңіз ғой. Осыны түсінесіз бе?

ТАҒАЙ (ұлының жанына кеп маңдайынан сипайды). Ақылды тентегім менің! Әрине! Өмірдегі жұбанышым да, қызығым да, бақытым да, барым да — сенсің. Сенің алдыңда мен өле-өлгенше борыштымын.

РАДИК. Қазақтың сентименталдық ауруы тағы қозды ма…

ТАҒАЙ (мырс етіп). Саған еш нәрсе ұнамас бұл жалғанда. Жалпы қазақта нең бар, өзімізді-ақ айта бермейсің бе?

РАДИК. Халық пен жеке адам бір категория. Қай нәрсеге болмасын екеуі бірдей жауапты. Халқы үшін данышпан қалай жауап берсе, ақымақ та солай жауапты, немесе керісінше, данышпаны мен ақымағына да халқы жауапты. Мен ол екеуін ешқашан бөліп қарамаймын.

ТАҒАЙ. Қай нәрсеге болса да, сөздерің дайын тұрады, әйтеуір. Осының бәрін қайдан біліп аласыңдар?

РАДИК. Анамның ішінде тоғыз ай босқа жатқанда кітап оқымай не бітірді дейсіз.

ТАҒАЙ. Доғар былшылыңды! Сендерде қасиет тұтар киелі ұғым деген бола ма! ? Құранды теуіп, сыпыраны аттап кете беретін қасиетсіздер, түге!

РАДИК. Бәрі де тәрбиеден…

ТАҒАЙ. Уһ, сен мені ажалымнан бұрын өлтіретін шығарсың!.. Бір әкенің он ұлы бар, оны он басқа, соның бәріне он түрлі тәрбие берді дейсің бе?

РАДИК. Немесе сүйекте болғаны. Атадан қалған қасиет.

ТАҒАЙ. Жоқ! Тоқшылықтан! Сендер мастанып кеттіңдер, бар мен жоқтың қадірін ұмыттыңдар. Ата-ананың табысы, есер музыка, саяси анекдот, қала берді, шарап! Құдайларыңды осылар ұмыттырып барады.

РАДИК. Тағы біреуін тастап кеттіңіз. Әдемі қыз!

ТАҒАЙ. Иә, әдемі қыз! Тіл мен жаққа сүйенген зар жақтар!

РАДИК. Несі бар. Сіздер біздің жарқын болашағымыз үшін күрестіңіздер, қан төктіңіздер. Әкелердің ізгі арманы мен тәтті үмітін ақтамасақ бізге ұят емес пе?

ТАҒАЙ. Істің адамы аз сөйлер болар еді, сендер көп сөйлеуге құмарсыңдар, содан қорқамын. Болды, болды! Сөзден сөз тудырып, арзан тапқырлыққа тағы бастағалы келесің ғой. Кешке үйге қонақтар келеді, менің тынығып алуым керек. Радик, құдай үшін, олардың алдында мұндай сөздеріңді айта көрме. Көргенсіз екен деп күліп кетеді. Келістік пе?

РАДИК. Ол қандай қонақтар?

ТАҒАЙ. Үкімет адамдары, академиктер, ғалымдар.

РАДИК. Сол адамдардың тізімін беріңізші.

ТАҒАЙ. Оны қайтпексің?

РАДИК. Дастарқан басында айтатын сөздерін жазып қояйын, кейін салыстырып көрейін деп едім. Сексен процент сәйкес шықпаса, ит боп үріп кетейін. Сонда, қалған жиырма процентке бола солардың бәрін жинамақсыз ба?

ТАҒАЙ. Радик, шаршатпашы. Мен ертеңге де керек адаммын.

РАДИК. Олар не үшін жиналады? Ә-ә… Енді есіме түсті. Студенттер мен мұғалімдер мені де құттықтаған. Құттықтамаған жалғыз мен екем. Аса құрметті папа! Кешіріңіз, аса құрметті Тағай Дайырович! Онкология саласында жазылған еңбегіңіздің СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғаны туралы орталық газеттердің хабарымен сізді шын көңілден құттықтаймын. Олимпиадада жеңімпаз атану шарт емес, оған қатысу шарт. Сізге жеңіс тілеймін! (Келіп бетінен сүйеді).

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16