ҚАБЫЛАН

Сонда, оның ескі жұртты сағынғаны ма?

–Солай болғаны ғой.

–Апырмай, итте де ондай қасиет болады екен-ау.

–Болады…

*                *               *

Көктем шығуы-ақ мұң екен, Қабыланның да барлық мінезі, жүріс-тұрысы, күнделікті әдеті, төңірекке көзқарасы, бәрі-бәрі де өзгеріп сала берді. Оның біздің есіктің алдына келгеніне міне төрт ай болды. Осы төрт айдың ішінде Қабылан көз алдымызда жүрсе де бәрімізден ұрланып ержеткен секілді. Осы көктем шығып, наурыз торғай келгенге дейін ол көзі шыныдай жылт-жылт етіп, алдындағы адамға тек балалық қызығушылықпен, таңданушылықпен басын қалт-қалт еткізіп қарап отыратын кіп-кішкене сүйкімді күшік еді. Алды адамнан бастап, өмірдегі тірі мақұлықтың бәрін белгілі дәрежеде есейтетін, ой қосатын, тіпті барлық мінезінің күрт өзгеруіне тікелей әсер ететін үлкенді-кішілі кездесетін сол өмірдің уақиғалары ғой. Қабыланның да мінезіне күрт өзгеріс енгізген сондай бір уақиға болды. Қар кетіп, жер енді бусанған шақта, бір күні әкем атадан келе жатқан салт бойынша Қабыланның бүкіл жүріс-тұрысына, қимылына ерекше, бір сүйкімділік сеуіп тұратын селтеңдеген құлағы мен шұбатылған әдемі құйрығын табалдырыққа қойды да ұстарамен ғырт-ғырт еткізіп кесті де тастады. Қабылан қыңқ деп дыбыс шығарған жоқ. Екі құлағын кесіп болып, әкем енді құйрығын ұстап жатқанда, оның сүйкімді ойлы көздерінде айрықша бір шыдамдылық пен сабырлылық пайда болып, екі құлағынан сорғалаған қою күрең қанды елемегендей артына жай бір бұрылып қарады да қоя салды. Қабыланның шыдамдылығына бәріміз сүйсіндік, ал бұл жөнінде естігендер илана қоймады, иланғандары болса, жағаларын ұстап таңғалысты. Осыдан бастап Қабылан табалдырықтан бері аттап үйге кірмейтін болды. Әйтсе де, өз иесінің өзіне мүлде түсініксіз жат қылық көрсеткені оны бірнеше күн бойы таңдандырып жүрді, бірақ ренжіткен жоқ, оның бәрімізге деген, тіпті жұмбақ қаталдық көрсеткен әкеме деген бейкүнә сезімі мен сүйіспеншілігі ешқандай өзгеріссіз сол күйінде қалды. Бірақ, оның кейбір тентек қылықтары бірте-бірте суалып, қозы-лақпен, домаланған резеңке доппен, жел қуған қағазбен ойнауы да тыйылды.

Алғашқы кезде ол мысыққа барынша қызығатын. Үйдегі сары мысықты көре қалса, алдыңғы екі аяғын  өнер көрсетіп жүрген цирк аты секілді ойқастата бастап, қорбаң-қорбаң жетіп баратын. Егер осы кезде Қабыланның барлық қимылы мен пішініне қадағалай қарасаңыз, оның жүзінен мысыққа деген қызығушылықты, оны әлдеқалай бала көрген сезіммен ерекше бір күлкіні көруге болар еді. Иә, Қабылан күле білетін. Егер мен үйде екі-үш күн болмай, кенет оралсам алдымнан арсалақтап шығып келе жатқан оның жанарынан қуанышты күлкіні анық көретін едім.

Кейде ол екі құлағын салбыратып ойға шомады. Сол сәтте «Қабыланым» дей қалсам, елең етіп өзіме күле қарайтын. Ал қазір көп нәрсеге қызықпайтын секілді. Алдыңғы екі аяғын иегіне қойып, төңірекке жайбарақат қарап жатады. Егер алдынан домалап доп өтсе, я болмаса секеңдеп лақ шықса, я болмаса мысық жүгірсе ойлы көздерін сол жаққа бір төңкеріп тастайды да қайтадан «ойға шомады». Оның осы көзқарасынан «көрмей жүрген доп дейсің бе, босқа шаршатудан басқа тигізер пайдасы жоқ», «сен лақ та секеңдеуден жалықпайды екенсің», «осы мысықта ес жоқ-ау деймін, қарап жүріп маған неге қарс жарылады да жүреді?» деген сезімдерді оқуға болар еді.

Қабыланның жақсы ит боларын біз көзін ашқан соң-ақ білгенбіз. Әкемнің ет құдасы біздің кәрі төбетіміз былтырғы жылы боранда қасқырға жем болған соң қолындағы асыл тұқымды қаншығы жақсы күшік туса, жекжат пен жекжаттың ит пен мысық, пышақ пен тауық алмаспайтын қазақтың қараңғы ырымын біле тұрса да дәл осы жолы оны аттап өтіп, ең жақсы арлан болады-ау деген күшігін әкеп бермек болған. Итсіз қойшы – балғасыз етікшімен тең. Итсіз қой бағу, әсіресе, қасқыры жиі кездесетін Қаратау өңірінде мүмкін емес. Бір күні әкемнің құдасы қаншығының туғаны туралы қуанышты хабарды айтып келді. Екі күшік қана туыпты. Бірі қаншық, бірі – төбет. «Паһ-паһ жарықтық-ай! Екі күшік қана туғанын қараңызшы, әй өзі сирек кездесетін тұқым екен жарықтық!»деп әкем сол күні тамсанумен болған. Сауранбай (әкемнің құдасы) ол қаншықты осыдан жеті-сегіз жыл бұрын теміржол жағасынан аштан бұралып, бауырын енді көтеріп келе жатқан кішкене күшік кезінде тауып алса керек. Үйге әкеліп, ет, сүт беріп біраз күн асыраған соң ол кәдімгідей ит болады. Содан бері сол үйде қалған. Өзге қаншықтар секілді үш ай сайын 7-8 ден шұбырта бермей, жылына бір-ақ рет, екеу, біреу, ары кетсе үшеу ғана туады.

Бауырын көтеріп, ана сүтіне жарып болды-ау деген шақта мен барып күшікті үйге әкелдім. Әкем малдан келген соң жас күшікті ары-бері айналдырып ұзақ қарады. Ол кісі жаңа туған мал болсын, мысық болсын, жас бала болсын көсеудей қолын көстеңдетіп уқалай беруді қашаннан қаламайды. Қолдың уы жайылып, өсірмей тастайды деп қорқады. Дегенмен алғашқы сынақ ретінде ол кісі күшіктің желкесінен ұстап аспанда ұзақ көтеріп тұрды. Міне, қазір, қазір қыңсылайтын шығар деп мен тағатсыздана күтіп тұрдым. Бірақ ол қыңқ етпеді. Қап-қара мөлдір көздерін ашып-жұмып, ештеңе сезбегендей әкемнің қолында үнсіз тұра берді. Сонан соң әкем оның құлағынан кезек көтерді. Сонда да қиналған үн шығармады. «Болғалы тұр екен. Арлан ит болады! – деп әкем сүйсіне орнынан көтерілді. – Атын не қойсақ екен? Тұмсығын қарашы, қабылан тұмсық емес пе, Қабылан қойсақ қайтеді?»

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8