ЕРЖЕТКЕНШЕ

Қарашаның сұрғылт бұлты түс ауа аспанды тұтас тұмшалап бітіп, енді қара жерге қандай қаһарын төгудің түпкілікті шешімін таба алмай, бірде жапалақ-жапалақ қар тастап, енді бірде қардың арты жаңбырға айналып, кебірсіп жатқан көшенің май топырағы әп-сәттің ішінде лайсаңға айналып шыға келді.

Қайғылы қазаға ұшыраған Құрмаш пен әйелі Айсұлудың жетісін беру де тап осындай күнге сәйкес келіп еді: «Екі бірдей адамның қыршын кеткеніне аспан да жылап тұр», «Соңдарында қалған жалғыз баласының қамын ойлап күн де көз жасын төгуде»,–деп ауа райының қандай түрі болса да жақсылыққа жоруға бейім ырымшыл ауыл адамдары өзара күбірлесіп қояды…

Ет жақындарынан былайғы жұрттың көздерінен жас құрғап, қайғы табы біршама сейіліп қалғанда, Таңаттың молаға топырақ тастай бастаған кезде кеңкілдеп жылағаны бар адамның көңілін босатып, әркімнің ойындағы өткен-кеткенді оятып, сонымен бірге «дос» деген ұғымның қаншалықты қадірлі, қаншалықты қимас сезім екенін түсіндіріп кеткендей болып еді. Ол бірнеше күн бойы Әулеттің қасында болды. Қайтыс болған Құрмаштың бұл ауылда өзімен бірге туған екі ағасы және толып жатқан басқа да туыстары болатын. Таңат солардың біріндей боп қазаның көп ауыртпалығын бірге арқалады, солардың біріндей боп жетісін де өткізді.

Жетісін беріп болған соң ылғи ағайын туыстары бас қосқанда солардың арасында Таңат пен әйелі де отырды.

–Рахмет, – деді барлық туыстардың атынан Құрмаштың үлкен ағасы –Тұрсын. Көп туыстың қолынан келмейтін қызмет еттің. Енді жұмыстарыңнан қалмаңдар. Қырқын берерде хабарласармыз.

Таңаттың ойында ауызбен айтуға батылы жетпей отырған бір сауал бар еді. Ол ұзақ сипақтап отырды да реті келген бір тұста:

–Айып болмаса, сіздерге айтқалы отырған бір өтінішім бар еді, манадан бері кетудің ретін таптырмай отырған да сол болатын, – деп бастады ол әңгімесін. – Біз Құрмаш екеуіміздің жүре дос емес, құданың құдіретімен туа дос болғанымызды білесіздер. Екеуіміз бір күнде, бір сағатта, бір роддомда дүниеге келіппіз. Содан бір партада оқып өстік. Шоферлік курсты да бірге бітірдік.  Екеуіміз бір күнде үйлендік, тойымызды бірге өткіздік. Оны бәріңіз білесіздер. Бір тумақ бар, бір жүрмек жоқ деген рас екен, үйленген соң іргеміз аулақтай бастағаны рас, бірақ, көңіліміз алыстаған емес. Менде екі бала бар,  ал Құрмашта – мына отырған жалғыз, – деп ол жанында отырғанӘулетке қарап қойды. – Оның да баласы екеу болатын еді… топырағың торқа болғыр… Айсұлу… – Ол жұтынып, сөзін айта алмай тығылып қалды да орамалымен көзін сүртті. «Қой, Таңат, енді  бекем бол» деп Құрмаштың туыстары бұған басу айтты. – Иә, топырағың торқа болғыр Айсұлу… екіқабат кезінде қаза болды,  – деп ол сөзін әрең жалғастырды.

–Не дейді, құдай-ау! Келін екіқабат па еді?–деп шай құйып отырған Тұрсынның әйелі жан даусы шығып, қолындағы кесесін түсіріп алды…

Құрмаштың әйелінің ішінде бала кеткенін алғаш рет естіп, тұнжырап отырған туыстары егіліп жіберді. Мұндай хабарды өз туыстарынан емес, қанша үзенгі дос болғанымен тегі былайырақ болып келетін Таңаттан естігендеріне әрі ыңғайсызданып, әрі намыстанған  Тұрсын: – Тіршілік-тіршілік деп жүріп бір-бірімізбен де ісіміз болмай кетті ғой. Басымызды қосып отыратын шал-кемпір жер қойнында жатыр. «Біз өлсек бет-беттеріңмен кетерсіңдер»,  дегенде олар бет алды зарлап отырғандай көрінуші еді. Рас екен ғой. Келіннің екіқабат екенін білмеуіміз де (ол кінәлағандай әйеліне қарап қойды) сол бет-бетімізбен кетуіміздің алды шығар. Бір күні қайсымыздың қай жерде тырайып қалғанымызды да білмей қалатын шығармыз,- деді ауыр күрсініп.

–Сол үзеңгі досымның ұлын қолыма алып тәрбиелесем деген ой бар деді Таңат үзілген әңгімесін қайта жалғастырып. – Әулеттің артында туыстары тіреліп тұр, әрине, бірақ, достың артында қалған жалғызды жетілдіріп берсем, оның алдындағы парызымыды өтеген болар едім.

Туыстары тырс етіп үн қатпай, төмен қараған бойы отырып қалды. Үнсіздік тым ұзаққа созылды. Бұл ұсыныстың ар жағында достың досқа деген қазақ арасында да сиреп бара жатқан жүрек елжіретер шынайы қасиет жатса, туыстары самсап тұрса да артында қара тұтар адамы жоқтай бауырларын басқа біреуге жетелетіп жіберуді өздеріне ар санап, сол ар мен намыстың қақпайлауымен олар Таңатқа нәмақұл жауап берді.

Таңат бұл жауапқа ренжуге де, «осылай еткендерің дұрыс» деп қостау айтуға да  шарасыз еді. Сол шамасыз, шарасыз күйде орнынан тұрып, аттанып кетті.

–Бере салу керек пе еді? – деді ортаншысы Әлібек даладағы машина гүрілі ұзап, мүлде естілмей кеткенде – Ренжіп кетті ме?

–Не оттап отырсың? – деді немере ағайыны ызаланып. – Біреу ренжіді екен деп жетелете беретіндей бауыр деген көгендеулі қозы ма еді!..

–Қойыңдар, – деп Тұрсын басу айтты. – Тілегін білдіргеннің несі айып. Ол айтты, біз көнбедік, әңгіме бітті емес пе сонымен?

Шынында да, әңгіме осымен бітіп, үй-ішін ақайтадан тыныштық басты.

Әулет көп туыстардың ішінде жалғызсырап қалды. Ол бұлардың көбісін әлі жыға танымайтын да еді.

***

Туыстық намысқа тырысып, Әулетті жатқа қимаған осындағы толып жатқан ағайындардың немере інілеріне деген бастапқы намысшыл махаббаттары бірте-бірте бәсеңсіп, баланы көрген сәтте көңілге лықып шыға келетін мейірім мен ықыластары арықтың ақаба суындай тартылып, ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ, үйреншікті, қоңыр төбел тіршілік басталды. Осы төңіректегі ағайындардың әрі үлкені, әрі бір сүйем жақыны болғандықтан Әулет Тұрсынның шаңырағына тұрақтады да, әке-шешесінің артында қалған азын-аулақ дүние-мүліктері осында кіргізілді.

Арада жарты жыл өтті. Осы жарты жыл екі жаққа – басы Тұрсын боп келетін толып жатқан ағайын-туыстармен Әулеттің өзіне де «бірге тумаған соң қиын екен» деген ешқашан айтылмай іште бұғып келген ұрлықы сезімдерді түрткілеп өтті. Сол сезімдер күн сайын жұмыртқа ішіндегі балапандай байқалмай ержетіп, ақыры бір күні өз қабығына өзі симайтын сәтке де таянды.

Әулет бұл үйге бауыр басып, осы үйдің бір баласы болып, сіңісіп кетудің орнына күннен-күнге бұлардан алыстай берді. Кейде ол сабақтан уақтылы шықса да әлдеқалай себептерді сылтау қып, үйге кеш келгісі кеп тұратынды шығарды. Сол себепті ол басқа балалармен қас-қарайғанша ойнап, немесе, жападан-жалғыз өз бетінше бақ аралап, өзен жағалап, әртүрлі ойға шомып, әйтеуір, үйдегі өзге балалардың бейуайым шуылы басылғанша сыртта жүргенді ұната берді. Оның бұл мінезін байқаған Тұрсын да, оның әйелі мен өзге балалар да оған енді ерекше ықылас білдіріп, өзгеше мейіріммен сөйлесе бастап еді, бұл жаңа әдіс Әулетті бері қарата алмады, керісінше, оның бала көңіліндегі балауса ыза мен балаң намысын оятып, оны ертерек есейтуге түрткі болды. Әулет пен Тұрсын шаңырағының арасындағы көрінбейтін сызат сол көрінбеген қалпы ұлғая берді.

Бір күні ол сабақтан тағы да кеш келді. Үй ішіндегілер кешкі астарын ішіп, ыдыс-аяқтарды жинап, бәрі өз шаруасымен болып кетіпті. Бұған ешкім көңіл бөлген жоқ. Ол шешініп, кереуетіне жантая кетпек боп жастығын жөндей беріп еді, жүрегіне әлдекім ине шаншып алғандай денесі дір ете түсті. Өз үйнен келген, өзінің папасы мен мамасы жататын кереуеттің бірінде өзі жатып жүр еді, бүгін оның орнына басқа төсек қойылыпты. Әулет қарсы бөлменің есігін ашты. Папасы мен мамасының кереуетін Тұрсын мен әйелі ауыстырып алыпты.

Әулет шамды өшіріп жатып қалды.

Ол түнімен жылап шықты. Түсінде папасы мен мамасын көрді.

Олар ашуланып өз төсектерін босатып алып жатыр екен дейді. Әулет есі кетіп қуанып жүр, сол қуаныштан жылап жүр. «Сендерді өліп қалды деп еді ғой, қалай тіріліп келгенсіңдер?» дейді Әулет. Оған әкесі күлімсіреп: «Біз неге өлеміз? Сені жалпақ дүниеде жалғыз қалдырып қалай өле салмақпыз? – деп күле жауап беріп жатыр екеуі де. – Алыс жолдан келдік. Есіңде ме, мен тірі кезімде соғыста хат-хабарсыз кеткен әкемді іздеп, бәрібір ешқандай дерегін таба алмай қойып едім ғой, сол кісіден хабар алдық. Ол хат жазыпты. «Өзім хабараласпсам іздеп келетін түрлерің жоқ, келін екеуің келіп кетіңдер» депті. Біз соған барып қайттық. Жақында тағы барамыз» «Папа, оның өзі неге келмейді?» – дейді бұл. «Ол келе алмайды. Жанына кеп жарылған бомба оны топырақпен көміп кетіпті, басы ғана қылтиып көрініп тұр». «Енді оны қазып алуға болмады ма?» «Жоқ, болмады. Топырақ  тас болып қатып қалыпты». «Папа, мама, сендер қандай қызық адамсыңдар, тасты да қазып алуға болады ғой!». «Жоқ, болмады, Әкемнің өзі қаздырмады. Әлгі бомба түскен кезде оның денесі быт-шыт болып кеткен екен, әрең құрастырыпты. Егер тасты алсаң денесі қайтадан шашылып түсетін көрінеді. Сонан соң тимедік. Енді оның денесін жақсылап желімдеу керек. Желімдеуге кіріскелі жатыр едік, сенен мына телеграмманы алдық». Ол қағазды Әулетке берді. Әулет кәдімгі почта бланкасына телетайп әріптерімен басылған мына сөздерді оқыды:

«Сендердің кереуеттеріңді алып қойды. Тез келіңдер. Әулет.»

«Мен мұндай телеграмма берген жоқпын, – деп Әулет әкесіне таңдана қарайды. – Бірақ, бәрібір келгендерің жақсы болды. Мен сендерді қатты сағындым. Енді кетпеңдерші, жалынамын. Солай ма, енді ешқайда кетпейсіңдер ғой? Сен неге үндемейсің, мама? Неге күлмейсің, неге еркелетпейсің мені? «Айтшы, кетпейсің ғой енді, солай ма?» «Жоқ, – дейді ол сұп-сұр қалпы. – Кетеміз. Міне, жаңа ғана сенің атаңнан, яғни папаңның әкесінен телеграмма алдық. Міне!»

Ол дәл әлгіндей бір парақ қағазды оның қолына ұстатты. Дәл әлгіндей почта бланкасына дәл әлгіндей телетайп әріптерімен мынадай сөздер жазылыпты:

«Денем шашылып бара жатыр. Тез келіңдер. Әкең».

Әулеттің бойын үрей биледі. «Солай, – деді әкесі сол баяғысынша күлімсіреген қалпы. – Амал жоқ, кетеміз. Сен оған қапаланба. Егер кереуетіңді тағы алатын болса қайтадан телеграмма берерсің». «Жоқ, жоқ! – деді Әулет жанұшыра айғайлап. – Бармайсыңдар. Ешқайда да бармайсыңдар! Мен бұрынғы үйді сағындым, өз үйіме барғым келеді. Жібермеймін, жібермеймін сендерді!»..

Ол булығып барып оянып кетті.

Оянып алды да, бозғылт төбеге қарап көпке дейін көз ілмей жатты.

Осының бәрінің жәй ғана түс болғанына  өкінді.

Оның ұйқысы шайдай ашылып кетті. Түн жарымында, немес таң алдында осылай оянып алу  оған соңғы кезде үйреншікті әдетке айналып алған-ды. Дәл бұрынғыша бұл жолы да қайтадан ұйықтап кетуге тырысып, көзін жұмып, қимылсыз ұзақ жатты. Бәрібір, ұйқы жолар емес. Әлде төрт, әлде бес жасында ма екен, папасы тірі кезінде бұл оның қасына жатып алып, «ертегі айтшы» деп мазасын алатын. Ол біреуін айтады, екеуін айтады, үшеуін айтады. Бұл ешқашан «болды» демейтін. Сонан соң папасының ертегісі таусыла бастайды да, бұған «ал, ұйықта» дейтін. Әлгі ертегілердің әсерінен ол ұйықтамақ түгілі мүлде сергіп, қиялымен жаңағы ертегіде айтылған жер асты патшалығын шарлап кете баратын-ды. «Әулет ұйықта, мен таңертең ерте жұмысқа барамын» дейді папасы. «Ұйқым келмей жатыр» дейді бұл. «Онда жүзге дейін сана» дейді. Бұл санай бастайды. Әуелгінде дауыстап санайды. «Әулет, ішіңнен санасаңшы» дейді қатардағы кереуетте жатқан мамасы әлде реніші, әлде күлкі  аралас үнмен. Бұл ішінен санауға кірседі. Жүз, екі жүз, үш жүз… «Папа, мен жүзді бес рет санадым» деуші еді ол пырылдап ұйықтап кеткен әкесін оятып. Папасы аунап түсіп: «сен сандарды құр айта берме, мың қазды қораға қамап қой да соны біртіндеп санап шығар. Байқа, қателесіп жүрме» дейтін дауысының реніш табын сездірмей. Бұл жаңа табылған ермекке бар ынтасымен қызыға кірісіп қиялымен қора салады. Қиялымен мың қазды айдап кіреді де оларды біртіндеп шығарып санай бастайды. Шынында да сандарды судыратып босқа айта бергеннен гөрі қаздарды санау әлдеқайда қызық екен. Ол қателеспеуге тырысып, қораның шағын есігінен қаңқылдап, теңселе басып шығып бара жатқан қаздарды мұқият санап жатқан кезде кенет ойының шатысып, бір санды екі-үш  қайталағанын сезбейді. Ол қайта санайды. Енді бір жиырма -отыз санды айтқанда қиялының қайта тұманданғанын сезеді. Өстіп  жатып екі жүз, үш жүзге әрең жетеді де, маужырап ұйықтап кетеді.

Бұл қызықты әдіс Әулетті бұл жолы алдарқата алмады. Бес жүз, алты жүз қазды оп-оңай санап шықты. Таң  атып келеді екен. Ол сыртқа шықты. Он шақты тауық есік алдындағы әлдеқалай бір қоқыстарды самарқау шұқылап, ауладан жайбарақат ұзап барады. Қарашаның түнгі салқыны шытымырлау болса керек, аула ішіндегі кішкене шұқырларға кеше төгілген су қабыршақ боп қатып қалыпты. Әулет үй алдындағы арық жағасына келді де, қалың өскен майда жалбыздар мен құрақтарды ысырып, қолын суға батырды. Су тұп-тұнық, мұп-мұздай екен. Жаздағы ентелей ағатын екпінінен айрылып, момақан, сабырлы кейіпте, дыбыссыз баяу ағып жатыр. Өзінен таяқ тастам жердегі арба өтетін жайпауыттың жиек-жиегіне аппақ-аппақ боп, мұз қабыршақтары пайда бопты.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                             Әулет қос алақанын толтырып мұздай сумен бетін жуды. Аузын шайған судан жалбыздың қош иісті дәмін сезді. Тағы да, тағы да. Саусақтары қарысып, икемге келмей қалды. Ол кеудесін көтеріп, арық жанына жүрелей отырды. Сол кезде барып ол денесінің тоңазығанын, үйден тым желең шыққанын сезді.

Дәл желке тұсынан біреу-міреу демалғандай болды. Ол жалт қарады. Ақтөс екен. Ол да өзімен бірге келіп, Тұрсынның үйін паналаған төбет. Бұрынғы иесі беймезгіл уақта арық жағасына кеп бетін жуып отырған себебін түсінгісі келгендей, дәл оның желке тұсына кеп керіліп тұр екен.

Әулет оның мойнынан құшақтап, маңдайынан, мұп-мұздай тұмсығынан сипады. Төбетте те ешқандай қарсылық көрсетпей, оның самайына тұмсығын тақап, көзін ашып-жұмып үнсіз тұр. Өзінің  жылы ұядан ауып, жат босағада неге жүргенін, бұрынғы мекендерінен неге безінгендерін, ересек иелерінің қайда кеткенін түсіне алмай, ашығын айтқанда, бұл жүрістері өзіне де мүлдем ұнамайтынын  қожасына осындай шақта білдіріп қалғысы келгендей, ол ұзын тілімен азуын бір жалап,  наразы кейіппен мойнын басқа жаққа бұрып кетті. Байғұс төбет енді екі-үш күннен соң бұл өміріне де зар болатынын, арқа сүйер жалғыз иесі қаладағы интернатқа кеткелі жатқанын қайдан білсін.

Ауылдағы ағайын арасында сөзге қалмас үшін Тұрсын олармен аз ғана ақылдасып алды да немере інісін қаладағы пансионға өткізді.

Әулеттің мүлдем жаңа, мүлдем жат, мүлдем жұмбақ жаңа өмірі басталды. Әуелгі кезде оның соңынан ағайын-туыстары бірінен соң бірі ат ізін суытпай жиі-жиі келіп тұрды.

Мұның бәрі әуелгі кезде екен. Бертін келе олардың келуі сиреп, ақыры оны ешкім іздеп келмейтін болды. Өз тіршілігі мен өз қызығының жетегіне түскен туыстардың мейірімі  қыс күнінің жылуындай бірте-бірте әлсіреп бара жатты.

х  х   х

Ол өмірдің бәрі баяғыда артта қалып, Әулет туыстары жайлы ойланатын да болды. Оны әзірге ұмытпаған, оның мына жалпақ дүниеде жанашырсыз жалғыз қалғанын сезіндірмеген бір ғана адам бар еді, ол – әкесінің баяғы досы Таңат.

                                           ***

Жалғыздықтың ең азапты шағы – каникулдың тез өте шығуын Әулет тағатсыздана күтетін. Әуел басталғанда ол ешқашан  бітпейтін, шегі де, шеті де жоқ абақты көрінетін. Адам бәріне де үйреніп, бәріне де көндігу үшін жаралған ғой, сол заңдылықты Әулет те санасынан тыс меңгеріп, бір-екі жетіден соң оған да үйреніп алған. Бір-екі аптадан кейін ол керісінше, көпшіліктен қашқақтай бастады. Жаны тыныштық пен жалғыздықты, оңашалықты қалайды. Ол мектеп кітапханасынан бір сөмке ғып кітаптарды әкеп алады да, шетінен кеміруге кірісетін-ді. Сөйтіп жатып ол кейде түскі тамаққа да үлгіре алмай қалушы еді.

Осылай ертеден кешке дейін көміліп кітап оқып жатып-ақ кей сәттерде қиялы кітап бетінен қиястап шығып, талай-талай қияндардарды шарлап кете баратын-ды. Есіне анасы түседі, әкесінің таудай биік машинасы мен оның күлген кездегі ірі-ірі тістері көзге елестейді. Әке-шешесінің өлімінен кейінгі сүреңсіз де тұнжыр өмірі әр жерден елес береді, солардың бәрі біткенде, жетім қалған төбетінің мұңлы көзі мен көңілсіз тіршілігін ойлайды. Кітаптың келесі бетін ашпай, осы қалпы ұзақ жатады және қанша уақыт өткенін өзі де аңғармайды. Ұшы жоқ шұбатылған арқандай шатасқан ой бір кезде өз-өзінен шорт үзіледі, шорт үзілген сәтте қиял кеңістігінде мүлде жаңа көрініс, мүлде жаңа леп  еседі. Ол жаңа леп – маңайға қуаныш себе көтерілген көктемнің шуақты күніндей алыстан елес беретін Дананың сүйкімді  бейнесі. Неге екені белгісіз, ол көгілдір аспанның астында, алқызыл түрге енген қызғалдақты даламен өзіне қарай жүгіріп келе жатады. Оның басындағы үп-үлкен ақ жемалтай ұшып келе жатқан ақ көбелек сияқты көк майсаның үстімен қалықтап келеді. Дана жайлы осындай қимас қиял құшағында жата беру Әулетке мейлінше ұнайды. Ол бойын билеген тәтті де нәзік ойдың әсерінен ерекше бір рахат сезімге  еніп күлімсіреп көзін жұмады. Бұл тәтті қиялын көлденең бір  ұсақ оқиға кимелеп кетпесе екен деп тілейді. Кейде ол тілегі орындалып, қиялын ұйқы тұманы басқанша оған ешкім кедергі жасамайды.

Бірақ, кей-кейде өзінен-өзі селт етіп есін жиып, тым ұзап кеткен қиял арқанын қайта шумақтауға кіріседі. Дана бейғам ғой. Ал бұл болса оны көзге елестетіп, көк майса дүниеде онымен қол ұстасып қатар жүгіріп келеді. Кейде, тіпті, тоқтай қалып оның ақ көбелектей үлкен-үлкен ақ жемалтайынан сипамақ болады. Әрі-беріден соң: «Дана, сен жақсы қызсың» деп оған деген сезімін ашықтан-ашық мойындағысы да келеді. Дананың бөтен ойдан аулақ шынайы достығы, пәк күлкісі, дүниенің бәріне таңдана қарайтын бота көздері Әулетке ерекше бір нәзік сезім мен айрықша жақындық шашып тұрғандай елестейді.

                                 ***

Қысқы каникулда өзім келіп алып кетемін деген сол Таңаттың уәдесінен де Әулет күдер үзе бастады. Айтуы бойынша ол кешке келуі керек еді, демек, бір жағдайдың болғаны. Аула ішінде ауық-ауық көрініп қалатын бірді-екілі балалар да ғайып болыпты. Әулет сияқты олар да жалғыз-жалғыздан бөлмелерінде  қамалып отырған шығар. Туыстары кешіккен кезде балалар томаға тұйық боп, көзге көп түсе бермеуге тырысатын.

Екі рет тәрбиеші кеп Әулетпен әңгімелесіп кетті. Ертең стадионға, коньки тебуге апаратынын айтты. Жүзінде дәл былтырғыдай мейірім, дәл былтырғыдай күлкі.

Әулеттің бойын ыза мен намыс кернеді. Орнынан атып тұрып далаға жүгіре шыққысы келді.

Жарты сағаттай уақыт өткен соң ол сыртқа, қақапа алдына шықты. «№ 4 мектеп-интернат» деген жазудың дәл түбіндегі кішкене ағаш сәкіге кеп отырды. Күн сәскеге таянып қалған кез. Азанғы суықтың беті әлі қайтпаған. Әрі бұл отырған жақ көлеңке болған соң ба, сәкіге отыра салысымен-ақ бойы қалтырай бастады.

Сәлден соң қақапа алдына бір қызыл «Жигули» кеп тоқтай қалды да іштен ұзын бойлы,  үстінде су жаңа дубленкасы бар мұртты жігіт түсті. Ол сәкіде жалғыз отырған бұған жақындап, көңілді үнмен:

– Папаңды күтіп отырсың ба? – деді неге екені белгісіз бұған қулана иек қағып.

– Иә, – деді Әулет жай ғана, оның сұрағын жақтырмай.

Осы кезде аула ішінен Әулеттен бір класс жоғары оқитын бала жүгіре шығып, еңгезердей кісінің мойнына асыла кетті.

– Неге кешіктің, папа? Каникулға шыққанымызға екі күн болды ғой, – деді әрі күліп, әрі жыламсырап.

Еңгезердей кісі баласының арқасынан қағып, маңдайынан иіскеді.

– Әжең мен атаңды алып келем деп кешікітім. Олар да сені үйде күтіп отыр, – деді ол ақталып. – Саған жаңа велосипед алып қойдым. Және, – ол үлкен бір құпия айтатын адамдай саусағын шошайтып, демін ішіне тарта сөйледі, – жаңа велосипедінің аяқ алысын көріп кетсін деп есік алдындағы қарды бульдозермен тазалап тастадым. Ұзындығы үш жүз метр, ені елу метр!

– Ура-а-а! Жарайсың, папочка!

Әке мен бала құшақтасып, маңайды жаңғырта күлді.

Олар Әулеттің кетіп қалғанын сәлден соң ғана байқап, бір-біріне қарасып қалды.

– Оның да папасының жұмыстан қолы тимей жатқан ғой, – деді ер кісі өз көкейіндегі сұраққа өзі жауап беріп.

Бала үндеген жоқ – ол Әулеттің жайын білетін еді.

– Ал, жинал, – деді әкесі баласына.

– Мен дайынмын. Бұдан екі күн бұрын дайын болғам.

Бала осыны айтты да өздері тұратын корпусқа қарай жүгіре жөнелді.

«Кету керек, – деді Әулет терезе алдындағы үйреншікті орнына кеп жайғасқан соң. – «Кету кере?» «Қайда?– деді ішкі бір ойы қарсы бас көтеріп. «Қайда болса сонда, – деді асау бір ойы арындап. – Бас ауған жаққа. Әйтеуір бұл жерден кету керек, тәрбиешінің аяушылығын көрмейтін жаққа кетсем болғаны».

Ауылға кіре берістегі көлденең көше мен одан жоғарырақтағы көпір маңынан қысы-жазы үзілмейтін гүл шоқтары көзіне елестеді. Ол – әке-шешесінің қабірі.

«Кету керек».

Ол орнынан тұра бергенде есікті білдірмей ашып, әлгі баланың басы қылтиды.

– Қаласаң… бізбен бірге жүр, – деді ол Әулеттің арына тимей сөйлеуге тырысып жасқаншақ үнмен. – Сырғанақ тебеміз… Ит таластырамыз…

– Жоқ, ағайым келу керек.

«Ағайым келу керек» деп сенімді айтылған сөзден баланың өңіне қуаныш жүгіріп, ерніне күлкі үйірілді.

– Онда сау бол! Көріскенше! – деді ол енді мүлде көңілді дауыспен.

Бала есікті сарт жауып шығып кетті.

Бөлме ішін қайтадан тыныштық басты. Әулет терезеден сыртқа қарағанда тәрбиеші Мансуров пен дубленкалы кісінің сөйлесіп тұрғанын көріп, сол жерде біраз аялдап қалды. Әне, олар қоштасты. Тәрбиеші кеңсеге қарай жүрді. Келесі минутта ол ішке кіріп кетті де есесіне аула сыпырушы шығып, дәл шыққан жерінен бастап қар күреуге кірісіп кетті.

Ауланың қарын түгел күреп біткенше ол демалмайды да, басын да көтермейді. Оның бұл қасиеті жасырын кеткелі тұрған Әулеттің қақпадан шығып кетуіне ыңғайлы жағдай жасады.

Аула сыпырушы өзінен төрт-бес қадам жерден өтіп бара жатқан Әулетті байқамай да қалды.

х   х  х

Қаладан ауылға дейін автобус күніне екі рет қатынайды. Әулет соның біріншісіне ілікті. Келесі рейспен  қайтып келеді. Тәрбиешілерді «қалада қыдырып едім» деп алдай салуға болады ғой.

Ол автостанцияға келгенде бұған керекті автобус жүргелі тұр екен. Әулет ең артқы орындықтың бұрышына барып жайғасты да терезеден сыртқа үңілді.

Әрбір каникул, әрбір мереке оның жетім екенін, жалғыз қалмақ түгілі жан тапсырып жатсаң да саған ара түсер адамның жоқ екенін, өзіне деген мұғалімдер мен тәрбиешілердің махаббаты махаббат емес, «жалпыға бірдей көрсетілетін қамқорлық» екенін, мұның қамын ойласа пәлендей асқан мейірбандықтан емес, жауапкершіліктен екенін, егер бұлар үшін жауап бермейтіндеріне анық көзі жетсе пұл болмақ түгіл күл болып кетсең де бейғам жата беретінін, жалпы, мұның бар жоғымен ешкімнің де ісі болмайтынын күннен күнге анық сезіне берді.

Неге екені белгісіз, соңғы күндері ол ешкімді ұнатпайтын, ешкімге сенбейтін мінез тауып алды. Сондықтан да болар, оның көңіліндегі балаға тән бұрынғы алаңсыз, шадымандық пен риясыз күлкіні күздің тұнжыр ауасындай ауыр бір сезім бірте-бірте ығыстырып шығара бастады. Сондықтан да болар, соңға кезде ол жұртпен бұрынғыдай көп араласқаннан гөрі оңаша қалғанды, оңаша қыдырғанды, шаршап кеп бұрыштағы төсегіне бүк түсіп жата кеткенді жақсы көретін болды.

Осында  өткен екі жылдың ішінде ол  пансионат балаларымен де, мектеп мұғалімдерімен де жақсы танысып, кейбіреуімен достастасып, кейбіреуімен ара-жігі ажыраған «қас» боп та үлгерді. Осы екі жылда оның оқуға деген қабілеті, алғырлығы, тәртіптілігі де ауызға алынып,   мақтауға да ілігіп жүрді.

Ол осындай бір сәттерде айрықша көңілді, айрықша ақжарқын болатын. Мұғалімдердің әділеттілік жайлы, адамгершілік жайлы, қайырымдылық пен парасаттылық жайды әңгімелерін ұйып тыңдайтын, соған құдайдай сенетін де.

Оның сенімінің табан асты тас-талқаны шықты.

Шынына келгенде табан асты ма еді? Оның бісмілләсы сонау туыстарының үйінен, әке-шешесінің жат жамбасына бұйырған төсегінен басталған жоқ па еді? Туған үйдің дүние-мүлкін сондағы туға-туыстары шуылдасып жүріп бөліп алғандары, олардың артында қалған жалғыз мұрагер мұны адам деп есептемегендері қалай ұмытылмақ? Тіпті, өзімен бірге еріп келген ит екеш ит те жетімдік көріп, Тұрсын ағасының итінен қалғанын ішті ғой.

Әке-шешесінің моласы да қараусыз қалды. Қыр басындағы көп қорымның ішінде елеусіз екі төмпек боп қана жатыр. Екі төмпектің ортасына екеуара қойылаған көк темірдің үстіндегі жарты ай да  әрінен айрылып, сүреңсіз бір белгіге айналыпты да қалыпты.

Әулет әке-шешесінің басына алғащ рет екінші класс оқып жүргенде барған. Төбеті екеуі. Онда  ол туыстарына каникул сайын келіп кетіп тұратын. Келген сайын дауыс жетер жерге аяғы іліккен сәтте-ақ алдынан арсалаңдап Ақтөс шығушы еді. Оның қуанышында шек болмайтын. Тек арсалаңдау мен құйрықты бұлғаңдата беру іште тұнған сағынышын жеткіз алмайтын болған соң, Ақтөс қысылу, қымтырылу, әдеп сақтау деген қағидаларға құйрығын бір-ақ сілтеп, Әулеттің тура омырауына атылушы еді.

Содан түсе сап үйге қарай шаба жөнеледі де, сәл ұзап барып, бері қарай арсалаңдап қайта ағылады.

Омырауына тағы асылады. Бұл оның маңдайынан, мойнынан сипайды. Дәл баяғысынша қырық күн шілдеде бір жылымайтын мұп-мұздай мұрнын дәл баяғысынша «сигнал» ғып басады.

Бұл оқуына кеткенше Ақтөс бұдан бір елі ажырамайтын. Тіпті, Әулет аттанып бара жатқанда ол автобусқа дейін шығарып салатын-ды. Автобустың есігі сарт жабылып, ол орнынан қозғалып кеткенге дейін Ақтөс иесінің кеткелі тұрғанына сенбеуші еді. Ал, қуаныш деген алдамшы, өмір шындығы тек қаталдықтан тұратынын дәлелдеп, ала бүйір автобус арылдап жүріп кеткен кезде иесінің мүлде ақылға симайтын мына қылығына түсіне алмай, келесі автобусты күтіп тұрған бір топ бейтаныстардың арасында жападан-жалғыз шоқиып қала беруші еді.

Қазақта «итті құдай иесімен қинасын» деген мақал бар екенін Әулет ержеткенде барып білді.

х       х         х

Тау бөктеріндегі  ауылдың орталығы құс ұшар биіктен қарағанда түп-түзу тік төрт бұрыштың ішіне орналасқандай көзге тым жинақы көрінеді.  Биылғы қалың қар ауылдың үйлері мен көшелерін түгел жауып, оны ақ жазықпен теңестіріп жіберген. Тек қылтиған мұржалардан будақтаған түтіндер ғана төменгі жақта ел бар  екенін айғақтап тұрғандай.

Соңғы үлгімен қанттай етіп салынған ақ шаңқан үйлердің арасымен ауылдың орталық көшесі өтеді. Арлы-берлі жүрген көп машинаның доңғалағы жолдың қарын таптап, оны қоңырқай түске бояп тастапты.

Көшенің шығыс шақ шетіндегі бір қабатты үлкен үйдің есігінің алдында трубасынан көк түтіні будақтап бір жүк машинасы от алып тұр. Жайшылықта байқала қоймайтын түтін қатты аяздың әсерімен қазан жарылып кеткендей бұрқ-бұрқ етеді.

Үй ішінде жасы қырықтарға келген ер адам айна алдында сақал-мұртын қырып тұр. Ол – Әулеттің   әкесінің үзеңгі досы – Таңат.

Қалаға баратын болған соң өзін-өзі «реттеп» жатқан түрі. Әулетті кеше барып алып келуі керек еді, жұмыстан шыға алмай кешігіп қалды.

Ас үйдің ашық есігінен әлденеге ашуланып, ыдыс-аяқтарды салдырлатып жүрген әйелінің тұлғасы айнадан анық көрінеді. Ол, әрине, күйеуіне ұрысып жүр.

– Өз балаларымызды әжелеріне  апарып тастауға уақыт жоқ. Каникул бойы үйде қамалып отырмақ па?,- деді ол  ыдыс-аяқтарды салдырлатып.

– Апарамыз дедік қой енді, неменесіне қайталай бересің,- деді ол айнадағы әйеліне қарап, жайбарақат үнмен.

– Қашан  апарасың?

–Ертең. Немесе, бүрсүгіні.

Әйелі одан бетер ашуға басты.

–Онда автобуспен өзім-ақ апарамын! Сол баланы көрмесең тұра алмайтын бопсың ғой. Өзінің екі бірдей баласы бола тұрып, қайдағы біреудің баласына еметейі езіледі де тұрады!

– Қайдағы біреудің баласы?

Таңат оған жалт қарады. Көзінде бұрқ еткен ашуы ұшқын шашып тұрғанын әйелі байқаса да, алған бетінен қайта қоймады

–Иә, досыңның баласы!-деді ол кекесінді түрде, столға құймағы бар таба қойып жатып. – Бәлкім, ол… сенің балаң шығар!

Таңат оған  оқты көзбен ұзақ қарады. Ашу үстінде артық кетіп қалғанын әйелі де сезіп, үндемей қалды.

Таңат киім ілгіштен тонын  алып шығуға беттегенде  ас үйден  әйелінің айыбын мойындаған даусы естілді.

– Тамақ  ішпейсің бе?

Жауап орнына есік сарт жабылды.

*               *             *

Аудан орталығындағы мектеп-интернаттың алдына  жүк машинасы кеп тоқтап, кабинадан  Таңат түсті. Ол асыға басып ішке кіргенде оны  көзілдірікті тәрбиеші – Мансуров қарсы алды. Әулеттің қайда кетіп қалғанын білмей, үрейленіп жүрген тәрбиеші Таңатты көріп, оған қарсы жүрді. Күле қарап, жылы амандасқандарына қарағанда, олар бірін-бірі бұрыннан білетін сияқты.

– Әулет  осында ма?-деді Таңат тәрбиешінің жүзінен үрей байқап қалып.

– Сіз бір хабарын білетін шығарсыз деп үміттеніп тұр едім!-деді Мансұров күрсініп. – Таңертең осында еді. Бөлмесінде жоқ. Енді не істеу керек?

– Бәріне мен кінәлімін,-деді Таңат сәл үнсіздіктен соң. – Кеше келмек боп, уәде беріп едім. Ауылдағы туысқандарына кеткен шығар?

– Жоқ. Оларға бармайды,-деді тәрбиеші басын шайқап. – Осы кезге шейін туысқандарының бір де бірі келген емес. Қазір адамдар бауырға мейірімсіз боп бара ма? Жай уақта ештеңе емес, каникул кезінде қиын-ақ. Көбіне интернатта жалғыз қалып қояды. Сіз болмасаңыз, байғұс бала… Өзі сезімтал бала. Бір нәрсеге ұрынып қалмаса жарар еді. Күн де мынау –  қақап тұр. Ертең басқа интернаттың балаларымен бірге экскурсияға жүрмекші едік. Табан астында жоқ болды да шықты.

Олардың алдынан аула сыпырушы шал  шықты.

– Не болды, ақсақал? Бірдеңе айтпақшысыз ба? – деді тәрбиеші.

– Иә, Айтам. Жаңа әжетхананы тазалап жүріп, темекінің төрт тұқылын тауып алдым. Міне! Не масқара бұл?

– Қарай  түспедіңіз бе? Бәлкім тағы тауып қаларсыз?

– Мазақ қылмаңыз  өйтіп. Демек,  балалар темекі шегеді. Оларды дұрыс тәрбиелеу  керек.

– Әжетханаға жұрттың бәрі кіреді. Оның үстіне, әжетханада тәрбие жұмысын жүргізбейміз. Темекі шеккен баланы көрсеңіз, маған әкелерсіз.

Тәрбиеші Таңатты ішке кіргізіп, есікті сарт жапты.

*                  *                   *

Әулет қабір басында тұр. Қатар қойылған екі қабірдің басындағы тақтайшаның жазуына үнсіз қарап қалған. «Өз жандарын құрбан етіп,  балаларды өрттен аман алып қалған есіл ерлердің  аты мәңгі өшпейді».

Бұл ауыл – Әулеттің  де туған ауылы. Оның әке-шешесі осында туып, осында мерт болған. Әкесінің жақын туыстары да осында.

Жалғыздықты сезінген кезде Әулеттің әке-шеше моласы басына келетін әдеті болуы керек. Оның жанары мен жүзінде сары уайым табы мен күйректік жоқ. Керісінше, салихалы ойдың ұшқыны, есейіп келе жатқан саналы баланың сабырлылығы бар. Бәлкім, ол өз әке-шешесінің көп жұрттан өзгеше тіршілік кешкенін, жұрт үшін өмір сүргенін енді-енді зердемен ұғып келе жатқан шығар.

Ол  бетін қар жауып қалған әке-шешесінің суретін жеңімен сүртіп, кейін шегініп, өзіне күлімсіреп қарап тұрған екеуіне қарады.

«Уайым қылмаңдар, жігітпін ғой»,-деді ол әке-шешесін тыныштандырып. Сонан соң екеуіне күлімсірей қол бұлғап, автобус аялдамасына қарай беттеді.

Ол әке-шешесіне берген уәдесін бұлжытпай орындауға тырысып, аяғын көңілдене басып келеді.

Әлгінде басталған боран күшейе түскен сияқты. Мұның әке-шешесін білсе де, баланы бұл жерде ешкім танымайды.

Аялдамаға автобус кеп тоқтады. Әулетті осында әкелген өзіне таныс автобусы.

Қолдарына чемодан, шелек ұстаған, қап арқалаған адамдар түсіп жатыр. Жаңа жыл  мерекесіне деп елка көтерген адамдар да жүр.

Әулет автобусқа міне бергенде иығына  әлдекімнің қол салғанын сезді. Бұл жалт қарады. Осында тұратын әкесінің туысы екен.

– Әуле-ет! Бұл сен бе?-деді орта бойлы, әдемі қара мұрты бар, қолына чемодан ұстаған ер кісі оған күле қарап.

–Не мін, не түс! Жолды бөгеме!-деп топырласып қалған кісілер шуылдап қоя берді.

Жаңа  жыл қарсаңы болғандықтан ба, әкесінің туысы аздап «көңілді» екен. Ол баланы иығынан тартып, жерге түсіріп алды. Мейірім танытып, иіліп маңдайынан сүйді.

–Япыр-ау, борандатып нағып жүрсің? Үйге соқпай қалай кетіп барасың?-деп ол бастырмалата жөнелді. – Қабағың неге қату? Мені танымай тұрмысың? Мен Тұрсынмын ғой. Әкеңнің ағасымын.

–Білем. Сәләматсыз ба?

Баланың салқын қабағы мен салқын сөзінен, Тұрсын  абдырап қалды.

–Қане, үйге жүр. Көкесіне сәлем бергелі келген екен деп қуанып қалсам. Бұл кетіп бара жатыр ғой. Кейінгі жастар тас бауыр боп өсіп келеді ғой деймін.

Бала оның соңынан жүргісі келмеп еді, Тұрсын зорлағандай оның қолынан жетелей жөнелді. Жол-жөнекей ауыз жаппай сөйлеп келеді.

– Кешір. Іздеп бара алмадық. Жұмыстан жұмыс. Атаңа-нәлет, шаруа бір бітпейді.  Оған ренжіме. Жігіт болдың, өзің іздеп келейін демейсің. Оқуың қалай?

– Жаман емес.

– Біздің балалар да тоқсанды жақсы бітірді. Бүгін кенжемізді сүндетке отырғызатын едік. Кеше тай сойғанбыз. Той болады. Жақсы келдің. Барлық туыстар жиналады. – Ол алдарында кетіп бара жатқан біреуге айғай салды. – Ей, Оташ! Тоқта! Бізге Әулет келе жатыр!

Ер адам бұларға қайрылып, тоқтай қалды.

– Кім?-деді ол да дауыстап.

– Әулет деймін. Құрмаштың баласы!

– А-а! Тезірек жүрсеңдерші, тоңып барамын!

–Бұл да саған алыс емес,-деді Тұрсын Әулетке. – Әкелеріміз ағайынды адам болған. Құс фермасында істейді. Істің көзін таба білетін фермер ағаң осы болады.

– Ай, мынау Құрмаштың баласы ма ей?-деді Оташ бұлар өзіне жақындағанда. – Ту, дәу жігіт боп кетіпті ғой. Қай класта оқисың?

– Бесінші, – деп күбір етті Әулет.

– Жарайсың! Кешке Тұрсынның үйіне барғанда бетіңнен сүйермін. Қазір қолым бос емес. – Ол күлімсіреп Тұрсынға қарады. – Көрші ауылдың экспедиторынан машинаға қажетті бөлшектер алып келе жатыр едім. Қанша жәшік арақ  алдың?

– Өзіңе бір жәшік, қалғандарға екі жәшік.

– Жетпесе тағы алармыз, – деп күлді ол Тұрсынға. – Ал, кешке дейін.

– Жарайды. Жолың  болсын!

Олар екі бағытқа бұрылып кетті.

*                       *                   *

– Интернат! Интернаттың  керегі не?!-деді қызып, желпініп алған Оташ кешке Тұрсынның үйінде отырғанда. – Ешқандай туысы жоқ адам сияқты! Каникул біткен соң құжаттарыңды алып кел, біздің үйде тұрып оқисың.

Стол басында үймелеп отырған көп туыстар да оны қостап жатыр.

– Тұрсын дұрыс айтады. Кейінгі жастар мейірімсіз боп өсіп келеді. Кейін балалы болсаң, балаларың бізді мүлде танымай кетеді ғой. Қазірдің өзінде бір-бірлеріңді білмейсіңдер. Айтшы, Тұрсын мен менде қанша бала бар?

Әулет төмен қарап үнсіз отыра берді.

– Әні, білмейсің,-деді Оташ едіреңдеп. – Сен менің де атымды білмейсің.

Сөзге оның  әйелі араласты.

–Болды, баланы ұялта бермеші. Арақ ішкенде бауырмашыл да, жайшылықта әкеңді танымай кетесің, кімге ақыл үйретіп отырсың. Баяғыдан бері қайда жүр едің мейірімді болсаң. Кейінгі балалар жат болса сендердің кінәларың.

– Ойбай-ау, мен түйгенімді, білгенімді айттым… – Ол сөзін бітіре алмады. Өйткені аузын кере қарыс аша  бергенде әйелі оның аузына тауықтың жуан бір сирағын тыға қойды да, жайбарақат шайын ішіп отыра берді.

Жұрт ду күлді. Күлкі бәсеңси бергенде басқа бір туысы Әлібек сөз алды. Оның дастархан басындағы шікірейіп, сөзге араласпай, өзгелерден өзін биік  ұстап отырған қалпы Әулетке ұнамай отырған-ды. Бойы қортық, шашын тілмен жалағандай жылтыратып артына қайырған, ойнақы көзді адам.

–Бүгін той,-деді  Әлібек жаңалық ашқандай тамсана  сөйлеп. – Иә, той! Үлкен той. Оған құтты болсын айтамын. Алайда, дәстүрдің жаманы бар,  жақсысы бар. Баланы сүндетке отырғызу деген… осы заманда, жолдастар…

–Жолдастар емес, туыстар,-деді Оташ оның сөзіне ызалы түрде түзету енгізіп.

–Туыстар да – жолдастар,-деді ол позициясынан таймай. – Осы заманда, ыңғайсыз, ескірген салт. Біріншіден баланың өміріне қауіп, екіншіден, уақытын бостан-босқа төсекте өткізеді. Бұл дәстүр дегеннің…

– Тоқ етерін!-деді Оташ арақ құйып жатып.

– Қазіргі медицинаның тұрғысынан келгенде…

– Әй, қайным, медицинаңды қой, той сөзіңді айтшы,-деді Тұрсынның әйелі сөзге араласып. Өзге әйелдер де жамырап қоя берді.

– Осының балалары қалай екен өзі?

– Балаларын қайтесің, өзін сұрасайшы.

Ол сөзін қайта жалғастырды.

– Қысқасы, мен сүндетке қарсымын.

Әйелдер ду күлді.

– Бойы анау, қалған жері қай оңған дейсің,-деді олар бір-біріне сыбырлап. – Оның неменесін кеседі…

Сөйлеуші бөгеліп қалды.

– Қысқасы,-деді ол ашуланып. –Бәрібір той үшін!

– Е, сөйтсеңші!

– Бағаналы бері босқа оттамай осылай демейсің бе!-деді Оташ  қолына рюмкасын алып жатып.

– Әй, оттамаң қалай?-деді әлі орнына отырып үлгірмеген Әлібек ызаланып.

– Той үстінде қарсылығыңды білдірмесең қайтер еді! Айтатын болсаң тойға дейін қайда жүрсің? Аузыңа талқан толтырып алып па ең?

– Сен, бала, арға тиме! Арақ ішуден басқа не бітіріп жүрсің! Ал, іш! Сол ғой сенің асығып отырғаның!

– Ішпеген сенің қай жерің артық? Тістеп-тырнақтап жүріп «Мерседес» алғаныңды айтасың ба?

– Туыстар!-деді Тұрсын сөзге араласып. – Байлықты айтып мақтанбайық. Бәрімізде де бір-бір дөңгелек бар.  Екі күннен соң жаңа  жыл келе жатыр.  Қане, ашуды жинап қойып, сол үшін тост  көтерейік!

–Бәрекелде! Міне сөз!-деп Оташ қуанып қалды. – Ал, менің бұған қосарым – дүние деген жетеді. Қазір заман жақсы. Бір-бірімізге мейірімді болайық. Туыстар үшін!

*             *                  *

Тұрсын мен әйелі оңаша сөйлесіп отыр. Түнгі шамның жарығымен залдағы шыршаның ойыншықтары жалт-жұлт етеді.

– Әулет ертең қайтады. Ақша берген жөн болар еді,-деді Тұрсын.

Әйелі самарқау жауап берді.

– Ақшаны қайтеді,-деді ол қарсылық  білдіріп. – Киімі де, тамағы да тегін емес пе?

– Тегіні тегін ғой. Сонда да болса…

– Үйге келіп оқисың деп әнеугүні Оташ көкіп отырған жоқ па еді. Енді қайда жүр? Сол берсін.

Тұрсын қабақ шытып теріс айналды.

– Сол берсін деп баланы құр қол қайтарамыз ба? Туған ағамның  баласы ғой! Ақша қажет болмаса киім әперейік.

– Жазғы каникулда  алып берерміз. Қазір бәрібір ұрлатып алар.

– Саған-ақ төңіректі қара түнек басады да тұрады. Ал, қайтсын бір тиынсыз! –Ол күйініп, қолын сілтеді.

–Бізден жақын туыс тауыпты ғой. Өткен жолы іздеп келіп кеткен шофердан қалмаймын деп қиғылық салған жоқ па? Жатқа тартқалы тұрған бала ғой ол. Қазір ақша да жоқ…

– Дұрыс,-деді Тұрсын күрсініп. – Саған сөз түсіндіру қиын. Бәріне жауабың әзір! Мен қойдым!

Ол шығып кетті.

*                       *                *

Әулет туыстарынан көңілсіз қайтты. Автобус аялдамасына көңілсіз келді.

Тағы да  жалғыздықты сезінді.

Автобус күтіп тұрғанда  дәл жанынан:

– Оу, жігіт, сәламат па?-деген дауысқа жалт қарағанда өзіне күлімсірей қарап тұрған Таңатты көріп, мойнына асыла кетті.

Ұзақ құшақтады.

–Бұл жолы  қатты сағынып қапсың ғой,-деді Таңат оның құшағынан босаған соң. –Бүгін қайтатыныңды біліп, әдейі алып кетуге келдім. Сен не, көңілсізсің ғой?

– Таңат аға, сіздің туыстарыңыз көп  пе?

– Туысқа бай емеспін. Бірақ, бар.

– Ал, менің туыстарым көп.

– Өте жақсы. Жүр, машинаға отырайық.

                                  *                 *                  *

 Жолда  келе жатып Әулет:

–Таңат аға, айтыңызшы. Папам мен мамам қалай қайтыс болды? – деді кенет.

Таңат оның жүзіне таңдана қарады.

– Оны сен жақсы білесің ғой.

– Тағы да.  Менің тағы тыңдағым келіп отыр.

–Жарайды, – деді Таңат басын шайқап қойып. – Сенің папаң екеуміз мектепте бірге оқыдық. Бір партада отырдық. Сегізінші класқа дейін жұбымыз жазылған жоқ. Шоферлық курсты да бірге бітірдік. Таң қаларлығы сол – әскерде де бірге  болдық. Жұрт бізді қыз бен жігіт деп күлетін де еді. Бір мезгілде үйлендік. Бір-бірімізсіз ас ішпеуші ек. Үйленген соң өмір басқаша болады екен. Арамыз бұрынғыдан сәл алшақтап қалды.

–Алғашында, менің мамамды сіз жақсы көріпсіз ғой.

Таңат тормозды басып қалды. Машина тайғанап барып, жол жиегіне тоқтады.

–Оны кім айтты?!-деді ол Әулетке төне қарап.

–Естідім.

–Ауылдағылардың біреуі жеткізген екен ғой… –Ол күрсініп қойды. –Сен жас емессің, Әулет. Білгенің де дұрыс шығар. Сенің болашақ мамаңмен алғаш рет мен танысып едім. Кейіннен… сенің папаң танысты. Ол оны ұнатып қалғанын сездім. Ол да сенің папаңды жек көрмейтінін білдім. Ар жағы белгілі… мен олардың жолында тұрмадым. Бәрібір екеуміз бір мезгілде үйленіп, тойымызды бірге жасадық. Оқуын бітірген соң сенің мамаң ауылдағы бала-бақшаның тәрбиешісі боп келді. Бала-бақша каркастан салынған, ескі үй болатын.  Балалар түскі ұйқыға кіріскен кезде, өрт бұрқ ете қалды. Осы кезге шейін оның не себептен шыққанын ешкім білмей қойды. Ә дегенше-ақ өрт қаулап сала береді. Бала-бақшаның жанып жатқанын түтінінен сезген Құрмаш, машинамен солай қарай тартады. Келген бетте ол  от ішіне қойып кетеді. Басқалар да бар,  әрине. Өрт сөндіретін екі машинаның екеуінің де шоферлары табан асты табылмады. Басқа жаққа жұмсап жіберген болса керек. Ондай-ондай болып тұрады ғой. Жалын бала-бақшаны түгел меңдеп алғанда, қалған адамдар тайсақтап кіре алмапты. Ал іште әлі екі-үш бала түтінге тұншығып, зыр жүгіріп жүр екен. Олар әйелі екеуі қалған балаларға жүгіреді. Сәлден соң үй гүрс етіп құлап түседі. Соңғы екі баланы олар терезеден лақтырып үлгеріпті. Ең соңғысы-қыз бала. Ұл баланың еш жеріне зақым келмепті. Қыз баланың аяғы сынып, ауруханаға түсті. Кейіннен жазылып кетті.

Таңат толқып, үнсіз қалды.

Екеуі де көпке дейін тіл қатпады.

–Айтпақшы, ол қыз қазір сен  оқып жатқан қалада,-деді Таңат. – Ұмытпасам, сенімен жасты болатын. Демек, қазір бесінші класта оқиды. Фамилиясы… фамилиясы Серікбаева. Иә, Серікбаева. Әкесі бізде механик еді. Кейіннен қалаға көшіп кеткен.

Әулет Таңаттың жүзінен көз алмай қарап қалды. Бұл көзқарастан Таңат өзін ыңғайсыз сезініп, көзін тайдырып әкетті.

–Демек… Сіз мені… мамамды жақсы көргендіктен жақсы көреді екенсіз ғой.

Таңат оған жалт қарады. Бойын ашу-ыза кернеп, оны шапалақпен тартып жіберді.

Әулет жылаған жоқ. Оған көз алмаған бойы отыра берді. Одан әрі не істерін білмей Таңат та тапжылмай отырып қалды.

Бала кабина есігін ашып, жайлап түсе берді.

– Сау болыңыз!-деді ол шығып бара жатып.

Таңат  оны етегінен қатты тартып, орнына қайта отырғызды.

– Жоқ!-деді Таңат даусын көтеріп. – Менімен барасың! – Сонан соң баранкаға басын сүйеп: – Кешір, Әулет! – деді  сыбырлағандай.

Бала оған қарап тұрып:

– Жарайды, кеттік,-деді.

Олар орындарынан қайта қозғалды.

*                    *                   *

Ұзыннан-ұзақ мектеп коридоры. Балалардың бәрі сабақта. «5 а » деген жазуы бар есік алдында Әулет жүр.

Қоңырау соғылды. Балалар дуылдап үзіліске шығып жатыр. Әне, бесінші «А» класының да есігі ашылып, іштен мұғалім шықты. Оның соңынан балалар да лап қойды.

Әулет олардың әрқайсысынан көз алмай қарап тұр. Терезе алдына төрт-бес қыз кеп тоқтай қалды да, қызу әңгімеге кірісіп кетті.

Әулет жайлап басып соларға жақындады. Қыздар бөтен балаға үрке қарады.

– Сіздер «5а» класынансыздар ма?-деді ол біліп тұрса да.

–Иә,-деді олардың біреуі күле жауап қатып.

–Айтыңдаршы…. Сіздерде… Серікбаева деген қыз оқи ма?

–Иә. Оқиды. Оқығанда үздік оқиды!-деді біреуі тақылдай жауап беріп.

–Маған… сол қызды шақырып бере аласыздар ма?

–Шақырамыз. –Қыз  жүгіріп барып, есіктен айғайлады. –Дана! Сені біреу шақырып тұр.

Сәлден соң кластан Дана шықты. Бойы ортадан сәл жоғары, үлкен-үлкен көбелектей аппақ бантик таққан, жүзінде күлкісі мен күдігі қабат ойнаған сүйкімді қыз екен. Әулет оны көргенде не айтарын білмей абдырап қалды.

–Мені іздеген сіз  бе?-деді ол сұраулы  пішінде Әулетке қиыла қарап.

–Иә, мен.

–Мен сізді танымаймын…

–Мен де…

Бұлардың жанында тұрған қыздар ду күлді. Әулет одан бетер абыржып қалды.

– Сіздің папаңыз бұрын біздің ауылда механик боп істеді ғой-ә?-деді ол өзін-өзі ұстап.

–Иә, – деді қыз оған таңдана қарап.

–Менің папам шофер боп істеген. Ал мамам… бала бақшада тәрбиеші болған.

Дананың жүзінен кекесінді, тәкаппар күлкі қашып, көз шарасы ұлғая берді.

– Сонан соң?-деді ол шыдамсызданып, әлі де жағдайды толық түсіне алмай.

– Сонан соң… олар… Мен – Әулетпін…

– Әу-ле-т!! Сіз Әулетсіз бе! –Қыз өзін-өзі ұстай алмай қатты айғайлап, оны мойнынан құшақтады да, алақанымен бетін басып, класқа  жүгіріп кірді. Балалар мен қыздар түкке түсіне алмай, оның соңынан дүрліге жөнелді. Дана партасына басын қойып еңіреп жылап отыр екен.

Әулеттің қасына «қыздың намысын қорғаушы» екі бала жетіп келді.

– Қыз баланы неге зәбірлейсің?-деді сотқарлау біреуі оған қоразданып.

Әулет үндеген жоқ.

– Жауап бер деймін мен саған! –Ол Әулеттің жағасынан алды.

– Сен  бәрібір түсінбейсің,-деді ол жайбарақат.

– Не-ме-не?! Данышпанын қарай гөр өзінің! Маратик, сен мынаған ақыл қосшы, мен жұдырығымды әуре қылғым келмей тұр.

Марат Әулетті иектен салып жіберді.

Әулет селт етпеді. Екінші рет ұрғалы келе жатқан оның жұдырығын қағып жіберіп, қолын қайырды да, оны етбетінен түсірді. Мұның бәрінде де ол ешқандай абыржу танытқан жоқ.

– Сен самбистсің бе?-деді сотқар бала әрі шошынып, әрі шынымен сұрап. Әулеттің сабырлы қимылы оның өрепкіген көңілін басып тастады.

– Онда шаруаң болмасын. Жөнеліңдер тез! Бол! –Ол екеуі зыта жөнеліп еді, Әулет дауыстап тоқтатты. –Ей! Олай қарай емес, Дананың қасына барыңдар!

Екі бала Дана жылап жатқан бөлмеге қойып-қойып кетті. Әулет енді не істерін білмей аңырып тұрғанда коридордың түкпір жағынан бір мұғалім шығып:

–Ей, бала. Қане, мұнда кел!-деді өзіне шақырып.

*                     *              *

Мектеп-интернат алдында тұрған жүк машинасының кабинасында Таңат пен Әулет отыр.

– Сөйтіп, жігіт болдым де,-деді Таңат кекесінді үнмен. – Төбелес есейгендіктің белгісі емес. Ол қызды қалай таптың?

– Қалада мектеп санаулы-ақ қой. – Әулет үлкен адамдай салмақты жауап берді. – Және ол төбелес емес. Өзіңді-өзің қорғау…

– Сенің тағдырыңа… мен өзімді жауапты сезінем. Қолымнан ешнәрсе келіп жүрген жоқ. Сен оны кешір… Сен бәрін түсінесің ғой.

– Мен өткен жексенбіде Дананың үйінде болдым. Әке-шешелері жақсы адамдар екен. Жазда мені өздерімен бірге Анталияға алып кететін болды.

– Солай де. – Таңат Әулетке бір қарап күбір ете түсті. Оның дауысында сауалдан гөрі қызғаныш жатқан секілді. –Ал мен… осы маңдағы демалыс үйіне. – Ол  болар-болмас езу тартты. – Әрине, Анталия одан әлдеқайда жақсы.

Екеуі біразға дейін үнсіз отырды.

– Таңат аға,-деді Әулет сәлден соң. – Айтыңызшы, Сіз… Сіз әйеліңізді жақсы көрмейсіз бе?

Таңат оған  дәл өткен жолғыдай жалт қарады.

– Әулет, – деді ол сабырлы қоңыр үнмен. – Өтінемін, сен екінші рет мұндай сұрақ қоюшы болма.

– Мақұл. – Оның да даусы баяу шықты.

Осы кезде кабина жанына екі бала келді. Олардың тұлғасы бу басқан бұлыңғыр әйнектен болар-болмас көрінеді. Әулет кабина терезесін алақанымен сүртіп-сүртіп жібергенде өткен жолы Әулетпен төбелескен екі бала анық көрінді.

– Ей, неғып жүрсіңдер?

– Ой! Әулет! – Өткен жолғы сотқарлауы жүгіріп кеп кабина үзеңгісіне жармасты. Әулет есікті ашты.

– Сәлеметсіз бе?-деді ол Таңатқа қарап. –Біз саған келдік,-деді ол Әулетке. – Алдағы  демалыста… Дананың туған күні. Барамыз ғой?!

– Барамыз!-деді Әулет қуанып. –Қандай сыйлық  апарамыз?

– Білмеймін.

–Не білмейтіні бар,-деді Марат килігіп. – Менің мысығым бес мысық туды. Үшеуміз үшеуін апарамыз.

–Ал менде үш лоторея билеті бар. Өткен жолы ауылда сыйлаған,-деді Әулет.

– Тамаша! Үш мысық, үш лоторея билеті! – Марат қуана қол соқты. – Ал, кеттік. Ертең тағы келеміз!

Олар ұзай берді.

–Бірге оқисыңдар ма?-деді Таңат.

–Жоқ. Бірге төбелесеміз,-деді Әулет күлімсіреп.

*                   *                      *

Әлібектің үйі. Үй ішінде артық бір де зат жоқ. Пысық, өз ісін нақты білетін, жаза баспайтын адамның мінезіне сай бөлмелер тым жинақы. Ас үйде әйелі жалғыз өзі сорпа ішіп отыр. Есік ақырын ашылып, ішке Әлібек  кірді. Өңінде әбіржу, абдырау, тұйыққа  тірелген жай бар.

–Жай ма? Неге кешіктің?

–Сафура, енді не істейміз?

–Түсің бұзылып кетіпті ғой! Саған не болған?

Біреу тыңдап тұрған жоқ па дегендей  Әлібек жан-жағына қарап қойды.

–Мұнда кел!

–Ешкім жоқ, айта берсеңші.

Ол жан-жағына тағы бір қарап алды да, оның құлағына әлде не деп сыбырлады. Әйелінің көзі шарасынан шығып, сілейіп отырып қалды. Ол жансыз  адамдай орнынан көтерілді де:

–Киін!-деді күйеуіне.

–Өзің киін. Мен… шешінген жоқпын ғой…

*                      *                   *

Тұрсынның үйі түгел телевизор көріп отыр екен. Әлібек пен әйелі кіргенде олар күтпеген жерден кіріп келген туыстарын сасқалақтап қарсы алды.

–Оу, жақсылық па? Төрлетіңдер,-деді Тұрсын қуанып. – Балалар, телевизорды ақырын қойыңдаршы. Иә, не жаңалық бар?

–Тыныштық,-деді Әлібек әйеліне қарап қойып.

–Ей, сендерге не болған? Өңдерің суық қой?

–Біздің бе? Жо-жоқ… Көктемгі науқанның әсері шығар,-деді әйелі қинала күлімсіреп.

–Кеңсе қызметкерлеріне де науқан әсер етеді екен ғой. Сәлима,-деді ол ас үйде жүрген әйеліне айғайлап, – ет ас!

Ас үйден әйелінің «қазір» деген дауысы мен ыдыс-аяқтың салдырлағаны естілді.

– Ой! Әуре боп қайтесіңдер. Біз қазір қайтамыз,-деді әйелі мен  күйеуі қосарланып.

– Жоқ, болмайды. Мәден, жүгір, магазинге барып келші.

– Папа, он минуттан соң хоккей басталады… Серік барып келсінші, ол бәрібір түсінбейді ғой.

– Сенде ұят деген бар ма? Сен бесінші класс оқушысың. Ол екінші класта, магазинге баруға әлі жас. Жүгір, үлгіресің.

–Үлгіресің,-деді кішкентай Серік қуана күліп. – Сен келгенше мен телевизорды өшіре тұрам. Сонда хоккей кеш басталады.

Мәден  оның төбесінен  омпақ алды да, орнынан тұрды.

– Ойпырмай, біз асығыс…

Әйелі күйеуінің аяғын басып қалды.

–Онда… машинамен барып келейік. Сонда үлгіресің,-деді ол түсіне қойып.

–Одан да өзіңіз барып келе бермейсіз бе?-деді бала нақты логикаға басып.

–Імм… Әрине… болады…

–Үйге келген қонақты магазинге жұмсай ма екен. Жөнел!-деді әкесі зекіп.

*                        *                     *

Әлібек  магазиннен қайтып келе жатқанда машинасын тоқтатып: –Есіңде ме, Мәден, баяғыда мен саған… бірнәрсе сыйлап едім ғой.

–Ол не? Қашан?,-деді бала ойланып.

–Қыстың күні. Сүндет тойында.

Бала «білмеймін» дегендей иығын қозғады.

–Есіңнен шығып қалды ма? … Лоторея билеті?

–Ә-ә, есімде,-деді бала күліп.

–Ой, жарайсың! –Ол Мәденнің арқасынан қағып қойды. – Сен өте есті жігітсің! Ал, айтшы, қазір ол қайда?

–Кім?

–Кім дегені несі? Әлгі… Лоторея билеттерін айтам.

–Ә..ә… Мен  оны беріп жібергем.

–Беріп жібергем?! –Оның маңдайы терлеп қоя берді. Енді ол балаға жалбарына, төне сөйледі. –Айтшы, кімге бердің?

–Аға… Сізге не болды?!

–Кімге бердің?

–Әулетке. Сол күні-ақ сыйлағам.Беретін ақша болмаған соң…

–Қап!-деді ол күйініп. Бірақ, балаға ешнәрсе сездірмеуге тырысып, жасанды түрде күлімсіреген болды.

–Сіз неге өкініп отырсыз?

–Мен бе? Жоқ. Неге өкінем. Лоторея бір бума еді… Соны түгел бере салмағаныма өкініп отырмын.

–А-а… Жүріңіз, хоккейден қаламыз. Бүгін Россия мен Канада ойнайды. Сіз хоккейге болеть етесіз бе?

–Иә. Өте қатты жанкүйермін! – Ол басқа ойда отырса да балаға  бар ынтызармен жауап берген боп айғайлай сөйледі.

Мәден одан көз алмай қарап қалды.

*                *                      *

– Түсінсем бұйырмасын!-деді Тұрсын қолын жайып. – Неге келді, неге кетті?

– Тамаққа да қарамады,-деді әйелі таңданып.

– Тіпті, арақтың да аузын аштырмады,-деді Тұрсын стол үстіндегі үш бөтелкеге қарап. –Мәден, ол саған не айтты?

Мәден  телевизордың ішіне еніп кеткелі отыр. Хоккей қызып, телевизор жарылып кеткелі тұр.

– Мәден, ол сенен бірдеңе сұрады ма?-деді мамасы баласының иығынан түртіп. Баласы экраннан көз алмай жауап  берді.

–Иә.

–Не сұрады?

–Лотерея билеті жайлы. Мама, былай тұршы! Давай, давай! Молодец. Гол!

–Лоторея?

Күйеуі мен әйелі бір-біріне қарады.

–Қандай лоторея? Ә-ә… –Әйелі бірнәрсені түсінгендей болды. – Бұл тегін емес. Ол керексіз бір адым аттамаушы еді ғой. Тоқта, тоқта… Мәден, сен оған не деп жауап бердің?

–Мама, кедергі етпеші.

–Жоқ, сен оған не жауап бердің?

–Лотореяны Әулетке бердім дедім.

–Әулетке?! Рас па?

–Иә. Давай, давай… Қап?

Әйелі ымдап, күйеуін басқа бөлмеге алып шықты.

–Сен не түсіндің?-деді әйелі Тұрсынға.

–Түк те.

–Ал мен түсіндім.

*                   *                  *

Магазин түбінде үш-төрт адам гу-гу сөйлесіп тұр.

–Билет өздерінде емес дейді ғой.

–Қалада  оқып жатқан інілеріне бере салған екен.

–Ақша беруден  аянған ғой. Өздеріне сол керек!

–Енді оны қалай алар екен?

–Солардың-ақ жолы болғыш! Машиналары бар. Тағы «Мерседес» ұтты. Ал мен өмірімде бір тиын тауып алған емеспін. Ғажап-ә!..

Иығында машинаның  камерасы бар Тұрсынның туысқаны Оташ көрінді.

–Ей, Оташ! Жумайсың ба?

–Нені?

–Камераңды. –Ол Оташтың камерасын сипалап көрді. –Жақсы жамапты,-деді ол тамсанып.

–Иә. Өте тамаша жамалған!-деп қостап қойды екіншісі камераны көрмей-ақ.

–Онда не тұрыс бар!-деді Оташ олардың ойын бірден түсініп.

–Ал, ұтқан «Мерседестеріңді» қашан жуасыңдар?

–Ол біздікі емес. Әулеттікі. Лоторея соған  сыйланды. Ол ұтты. Сол алады. Бірақ, оны да жуып беруіме болады.

–Бұл — сенің сөзің.  Лотореяны сыйлаған адам не дейді? Міне, мәселе қайда!

–Ұтқандарыңыз рас болды-ә,-деді әлгі уайымшыл жігіт. –Ал  мен  ешқашан жолдан, не автобустан бір тиын тауып алған емеспін. Ғажап!.. Неге олай?

–Демек , сен ешқашан ешнәрсе жоғалтқан емессің, табу үшін жоғалту керек, бауырым! Жоғалту!.. –Оташ магазинге  кіріп кетті. Соңынан қалғандары да кірді. Уайымшыл жігіт түкке түсінбей аңырайып тұр.

– Қызық !.. Немді жоғалтуым керек?.. А? Жоғалтатын ештеңем болмаса!

*             *                  *

Мектеп-интернаттың директоры Мансұровтың кабинетінде Әлібек пен әйелі отыр. Әулеттің соңынан туысқандарының іздеп келгеніне директор өте қуанышты.

– Түсінем, түсінем,-деді  директорр бас изеп. – Қазір уақыт билеген заман ғой. Жұмыс көп, қол тимейді.  Келгендеріңізге рахмет. Жас кезінде жақсы көрмеген баладан есейгенде мейірім күту қиын.

–Әрине,-деді Әлібек күлімсіреп. – Біз  Әулетке алыс адамдар  да емеспіз. Әкелеріміз ағайынды. Біз іздемесек оны кім іздейді? Тек, шаруа басты боп, қол тимей…

– Әке –шешесі тірі кезінде өзгелерден гөрі бізбен көп араласушы еді,- деді әйелі сөзге араласып. – Бір-бірімізсіз ас ішпеуші ек. Дүниеден ерте кетті ғой байғұстар. Екеуі де асыл адамдар еді. Әулет те әкесіне тартып өжет боп өсіп келеді.

– Оныңыз рас,-деді Мансұров риза боп. – Жолдастарына  адал, әділетсіздік көрсе шыдай алмайды. Өткен жолы бір қыздың намысын қорғаймын деп төбелесіп те қалыпты.

– Төбелесіп?! Төбелескені несі?!-деп  Әлібек пен әйелі қосарлана сөйледі.

– Жай. Қорықпай-ақ қойыңыздар! –Директор оларды байсалды күлкімен жұбата сөйледі. –Кейіннен қарасақ алдымен тиіскен басқалар екен. Жалпы, ол өз класындағы ең тәртіпті бала.

–Иә. Онысы байқалып тұр. Өткен жолғы каникулда үйде жатып кетті ғой,-деді Әлібек көзінің астымен білдіртпей әйеліне  қарап. Әйелі де оны қостай кетті.

–Біздің балаларға білмеген сабақтарын үйретті. Аға, апа деп іші-бауырыңа  кіріп тұрады. «Қандай  көмек керек, не істейік?» деп сұрап тұратынын қайтерсің. Мектеп-интернаттарыңызда  тәрбие жұмысы өте жақсы екен.

–Рахмет! – деді директор ішкі мақтанышын жасыра алмай. – Ата-аналардың бәрі біздерге риза сияқты. Келесі каникулда келіңіздер. Әулет интернатта тағы да жалғыз қалмасын.

–О, о не дегеніңіз! – Әлібек ренжігендей екі қолын жайып, басын кейін шалқалатты. Әйелі де өкпелеп,  ернін бұртитты. – Каникулға шейін әлі талай келеміз. Бұрынғыдай емес, құдайға шүкір, қазір жағдайымыз жақсы.

–Кешіріңіздер, – деді Мансұров шын мәнінде қынжыла қап. –  Кей-кейде  ұстаз да қателеседі! – Ол  айыбын күлкімен жуып-шайғысы кеп кеңкілдей күлді.

– Дұрыс айтасыз, – деді әйел көңілді сәтті жалғастыра  беруге тырысып. – Қателеседі. Біздің ауылда бір мұғалім бар. Өзі сабақ беріп тұрады да, ортасына келгенде: «Балалар, бұл қай сынып?» дейді. Гуілдеп отырған балалар: «Жетінші» дейді. «Не дейді! Манадан бер  солай демейсіңдер ме?» деп керекті класына шығып кетеді. Әні, олар да қателеседі. – Әйел өзгелер де қостап  кетер деп қатты күліп еді, директордың сыздана жымиып отырғанын, күйеуінің өзіне алара бір қарағанын көріп, күлкісін кілт тиып, ыңғайсызданып қалды.

–Ім-м. Әулетті бүгін көре алар ма екенбіз? – деді Әлібек әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұрып.

–Әлбетте, әлбетте,-деді директор сағатына қарап. – Бір сағаттан соң сабақтары бітеді. Жүріңіздер, жатқан бөлмесін көрсетейін.

*                 *                  *

Мойнында  камерасы бар, лайсаң жерді балшылдата кешіп, Оташ әндетіп келе жатыр. Әннің екі-ақ сөзден тұратын бір жолын бір әуенде ғана қайталап келеді.

Ғашығым, асылым…

Ғашығым, асылым…

Алдынан  әйелі шыға келді, асығыс түріне қарағанда күйеуін іздеп келе жатса керек.

–Мас-қара!-деді ол қызып алған күйеуін көріп. – Әй, қай тойдан келесің?

Күйеуі селт ете қалды да, өзін-өзі ұстап, байсалды күйге  түсе қалды. Қызу екені бәрібір айдан-анық көрініп тұр.

–Жай. Өзіміз,-деді ол тік тұрып жауап беруге тырысып. – Жудық.

–Нені?

–Мынау… камераны…

–Ой, камераңмен бірге суға батқыр!

–Камера суға батпайды.

–Батырам! – деді әйелі ызаланып. – Басқа  сылтау құрып қалған ғой!

–Басқа да сылтау болды. Әулеттің машинасын жудық. –Әйелі оған қарап біршама үнсіз қалды.

–Машина  айдай аласың ба?

–Ім… Әрине! Көкесін танытам! Қане машина?

– Отыр!-деді әйелі жол жиегінде тұрған машинаның жанына келгенде. – Жоқ ,-деді ізінше айнып. – Рульге  өзім отырам. Сен құртасың.

Әйелі рульге отырып, машинаны оталдырды.

–Неге маған бақырайып қалғансың. Артқа қара, артқа! Машина жоқ па?

– Жоқ.

Машина орнынан қозғала бергенде арт жақтан әлде не сатыр-сұтыр ете түсті, де әлдекімнің айғайлап боқтағаны естілді. Бұлар артқа бұрылып қараймын дегенше үстеріне шөп құлап, машина ішін қараңғылық  басты.

Сәлден соң екеуі де машинадан шықты. Шөп тиеп келе жатқан ат арба екен.

–Оңбаған маскүнем!-деді әйелі  айғайға басып. – Мен  саған не дедім? Машина жоқ па деп сұрап едім ғой!

–Иә,-деді күйеуі кінәсін мойнына алып. – Бұл  – машина  емес, арба ғой…

Әйелінің көзі шарасынан шығып, не айтарын білмей тығылып тұрып қалды.

Машинадан асып барып  құлаған арбакеш те шөп арасынан тұрды.

–Сотқа берем!-деп  шабынды арық келген арбакеш.

–Сотқа мынаны бер, мынаны! –деді әйелі күйеуін көрсетіп. – Машина  жоқ па деп сұрағанымда «жоқ»  деп жалған жауап берген осы. Ол – арандатушы!

–Ол дұрыс айтқан,-деді арбакеш. – Бұл – машина емес, арба. Және, рульде күйеуің емес, сен!  Сен жауап бересің.

–Иә, сен! Былтыр менің жалғыз қошқарымды басып кеткенің рас па? Рас. Дәл осы машинамен! Ауылдағы жалғыз қошқар еді. Қазір еш жерде қошқар жоқ. Мен оны Түркістаннан алып келгем. Сонда да кешіріп ем, енді кешірмеймін.

–Иә, қошқар жоқ,-деді Оташ оған қосылып.

–Сен неменеге күңкілдеп тұрсың!-деді әйелі Оташқа алара қарап. – Саған  менің сотталғаным керек қой?! Ал, сотталсам сотталайын! Бар сотыңа!-деді ол арбакешке.

Арбакеш атын арбадан шығарып алып, жайдақ мінді.

–Егер… штраф төлесең… милицияға бармай-ақ қояйын,-деді ол бұрылып.

–Қанша?

–Бес мың теңге.

–Мәссаған!- Әйел  саусағын көрсетті.

Арбакеш орнынан қозғалды.

–Мың теңге,-деді әйел.

–Бес мың,-деді ол қасарысып.

–Мың бес жүз…

–Егер жыныма тие берсең он мыңға дейін өсірем,-деді анау өжеттеніп.

–Ей, мұнда келші,-деді Оташ арбакешке. Арбакеш бері жақындады.

–Мұнда, мұнда.

Оташ оны арбаның ар жағына, шөптің тасасына алып кетті. Көп кешікпей екеуі қайта келді. Арбакеш адам танымастай өзгеріп сала беріпті. Көңілді.

–Жарайды,-деді ол әйелге жақындап. –Екі мың .

Әйел ақшаны санап берді.

Сәлден соң олар асфальт жолмен қалаға зулап келе жатты. Машиналарының сол жақ қанаты майысқан.

–Түсінсем бұйырмасын. Оған не айттың? Көңілденіп кетіпті ғой,-деді әйелі күйеуіне.

–Тіл таба білу керек!-деді Оташ масаттана сөйлеп.

Әйелі оған күдіктене қарап қойды.

–Әй, осы біз қайда барамыз?-деді Оташ сәл есін жиып.

–Әулетке.

–Неге?

–Тыныш отыр. Кейін түсіндірем. Авария жасайсың.

Оташ спидометр стрелкасының жүз қырыққа жеткенін көріп көзін жұмды.

«Ағұззи билләки мина шайтен эрражим» деп күбірледі де, бетін сипап үнсіз қалды.

*                 *                  *

–Бүгін бізбен бірге қонасың,-деді Әлібектің әйелі Әулетке еркелете сөйлеп. – Директорыңнан  рұқсат алғанбыз. Таңертең қаланы аралатамыз. Сонан соң мектебіңе машинамен апарып саламыз.

–Көп рахмет, -деді Әулет қуанып.

–Сен үшін, міне, қаланың ең жақсы қонақ үйінен ең жақсы бөлме алдық.

–Сіздер демалыста жүрсіздер ме?

–Жоқ. Саған келіп кету үшін бір күнге сұранғанбыз. Әлібек, буфетке барып Әулетке тағы бірдеңелер алып келші.

–Керегі жоқ,  апай. Жаңа ғана тамақтанып келдік қой.

–У-у, әлі ұйықтағанша біраз уақыт бар. Қарның ашады. Мен қазір… – Ол коридорға шығып кетті.

–Жамал апай, ертең паркке барамыз ба?

–Иә. Қалаған жағыңа.

–Осында… басқа мектепте оқитын бір қыз  бар. Аты Дана. Сіз білмейтін шығарсыз. Менің папам мен мамам құтқарған қыз.

–Иә, иә… есімде.

–Соны да ала шығайықшы.

–Әрине! Сол да сөз боп па екен? Әулеттің достарынан нені аяимыз. Ертең үйіне барып алып шығайық. Сабақтарың қалай?

–Жақсы.

–Жарайсың. Директор да сені мақтап отыр.

Қолында  қағазға оралған көп заттары бар Әлібек кіріп келді.

–Ту, тез кеп қалдың ғой. Қане, не әкелдің? Қуырылған балапан, қызыл уылдырық, манго шырыны, тіпті, киви! Мұны қайдан таптың?

–Қалауын тапса қар жанады! – Әлібек шиқылдап күліп қойды.

–Әулетжанның жақсы көретін… а..а.. жақсы дос қызы бар екен. Ертең қыдыруға бірге ала шығатын болдық.

–Тама-ша!

–Әлібек аға! Сіздер бұрын маған неге кеп тұрмадыңыздар. Кейде  ауылды сағынасың.

–Кешір, Әулетжан,-деді Әлібек даусын жұмсартып. – Енді ол қайталанбайды. Бізге қанша ренжісең де жарасады.

–Жо-қ. Ренжімеймін,-деді бала ересек адамдай үн қатып.

–Енді кеп тұрамыз. Биылғы жазда Ыстық көлге барғың келе ме?

–Әрине! Рас па?

–Жоқ,-деді Әлібек столды саусақтарымен тықылдатып, маңғаз түрде. – Әулетті  жалғыз жібермекпіз бе? Ыстық көлге өзімізбен бірге ала кетеміз.

–Ағаңның айтқанына қалай қарайсың?

–Келістім!-деді Әулет апайының алақанына алақанын  соғып.

Олар біразға дейін үнсіз қалды. Әлібек барып телевизорды қосты.

Осы кезде қонақ үйдің ауласына Оташтың майысқан машинасы кеп тоқтады.

Әлібек пен әйелі басқа бөлмеде  қысқаша тіл қатысты.

–Менімше, ол  ештеңе ұтпаған сияқты,-деді әйелі.

–Мүмкін емес. Міне, мұнда бәрі жазулы тұр,-деп күйуі  блокнотын көрсетті. –Бәлкім, бұл әлі білмейтін шығар?

–Онда өте  жақсы. Білдірмей сұрап аламыз.

–Қалай сұраймыз?

–Сен сұра.

–Жоқ. Сен сұра,-деді Әлібек жүрексініп.

–Жарайды. Сенің жүрегіңнің қағатыны бар. Мен сұрайын.

–Оһо, Роза Рымбаева ән салып жатыр ғой–деді Жамал Әулеттің қасына кеп.

Әулет үндеген жоқ. Телевизордан көз алмай отыра берді.

–Әулет,-деді ән біткен соң Жамал  майда қоңыр үнмен. – Егер  сен… кенет… – Ол жасанды түрде сықылықтап күліп қойды. – Сен кенет лоторея билетінен «Мерседес» ұтып алсаң не істер едің?

–Мен бе? – Әулет  балаға тән таза күлкімен шынтуайтпен күлді. – Онда бар ғой, онда, мен оны сізге сыйлай салар едім.

Жамал қолын кеудесіне апарып, құлап бара жатты.

–Әлібек аға! Әлібек аға!-деді зәресі ұшқан бала Жамалды сүйемелдеп жатып қатты айғайлап.

Әлібек атып шықты. Ол екеуінің әңгімесін есіктің ар жағында тыңдап тұрған.

–Жүрегінің ұстамалы ауруы бар еді. Қорықпа, қорықпа!-деді сасқалақтаған Әлібек Әулетті тыныштандырып. – Қазір, қазір! – Ол әйелін төсекке жатқызды.

– Әлібек аға, мен дәрігер шақырайын!

–Керегі жоқ. Қазір  дәрі берем! Су әкелші!

Әулет су әкелуге  кеткенде әйелінің құлағына:

–Ой, мықтылығың осы ма?-деді  зекіп. – Өзім-ақ сұрайтын едім ғой. Тезірек есіңді жый!

–Міне, су!-деді Әулет.

Әлібек аузын толтырып су ұрттады да, әйелінің  бетіне бүркіп-бүркіп жіберді.

Әйелінің кірпіктері  қимылдай бастады.

*                    *                   *

Оташ пен әйелі бірінші қабаттан, дәл Әлібектердің астынан номер алып, ішке кіріп келе жатты.

–Тастасаңшы мына бәлеңді. Мойныңа жабысып қалып па еді?-деді әйелі.

–Тесік жері бар. Қазір жамаймын,-деді Оташ. Ол бұрынғысынан айыққан. – Міне, желімдерім де бар!

–Иә, үйде  істемеген жұмысты осында істеп қарқ қыларсың! Сенің кесіріңнен бәрінен кеш қалдық!

Олар ішке кірді. Әлібектер тұратын бөлмеден айнымайтын екі бөлмелі люкс.

–Осының қажеті қанша еді? – деді күйеуі самарқау түрде. – Мүлде ұят қой.

–Ол біздің туысқанымыз ба – туысқанымыз. Неменесі ұят!  Олар баланы қайда алып кетті екен? Бәрі де сенің берекесіздігіңнен! Бәрібір мен оларға ештеңе де бұйыртпаймын.

–Буфетке барып келейікші. Қарным ашты.

–Отыр. Өзім әкеп берем. Немесе, тағы арақ ішіп қоясың.

Оташ мойнынан камерасын алды да, оның қалпақшасын тағы бір жақсылап бұрап, кереует астына қойды.

*                    *                       *

–Кеш жарық! –деді Тұрсын мен әйелі бұларға кіріп келіп. Оташ селт етіп орнынан тұрды.

–Иә, қайдан жүрсіңдер?–деді Оташтың әйелі.

–Балаларға киім-кешек алайық деп,–деді Тұрсынның әйелі. – Өздерің ше?

–Машина жөндетуге келдік. Кеше түнде біреулер соғып кетіпті.

–Тұрған жерінде ме?

–Иә. Қарап тұрған жерінде.

–Адамдар не боп барады, – деп күрсінді Тұрсынның әйелі.

–Шыныңды айтшы, – деді бір кезде Оташтың әйелі  Тұрсынның әйеліне. – Қалаға  келген себептерің тек қана бала-шағаға киім алу ма?

Ол бұған тесіле қарады.

–Иә, – деді Сафура әлі де шынын айтқысы келмей. Бірақ, бет-жүзі мен көзінен өтірік жауап бергені көрініп қалды.

–Әлібектер де осында екен, – деді Оташтың әйелі. – Әулетті алып кетіпті. Пайдакүнем қу аяқтар! Неткен зәлімдер!

–Білем, –деді Сафура.

–Нені?

– Әлібектердің Әулетті алып кеткенін. Сендердің неге келгендеріңді де.

–Ашығын айтсам,-деді Оташтың әйелі оған төне қарап,  – Әулетке туыстық жағынан бізден жақын адам жоқ.

–Иә! – деді Сафура кекесінді түрде. – Каникул сайын сендерге  кеп жатушы еді! Сендер Әулетті іздеп интернаттың табалдырығын тоздырып едіңдер әбден!

–Ал, сендер ше?

–Өткен жолғы каникулда біздің үйде жатқан. Үйлеріңнен дәм татқызбадыңдар да. Енді кеп, ең жақыны біз дейді ғой. Ұялмайсың ба? Интернатқа біз орналастырғамыз оны!

–Біз оны қолымызға алғалы жүргенбіз. Биылғы қыркүйектен бастап біздің үйде жатып оқиды!

–Былтырғы қыркүйекте неге алмадыңдар?

–Уақыт болмады.

–Уақыт болмады! Құлықтарың болмады! Міне, гәп қайда!

–Бәрі түсінікті болды,-деді Сафура үнсіздіктен соң. – Екеуміз осында таласып отырғанда Әлібектің әйелі баланың  басын айналдырып алды. Елден бұрын қалай біліп алды десеңші!

–Екеуі де сыбырлықтарына шейін зәлім! Аулада машиналары да көрінбейді. Адам білмейтін жерге алып кеткен ғой. Олардан бәрі шығады.

– Сонымен, мақсатымыз айқын болды,-деді Сафура. – Енді, Жамалдың алдын орау керек!

– Дұрыс! Солай ету керек!

Екеуі күйеулерінің қонақ үйге қамап кеткен бөлмесіне келді. Оташтың әйелі қолындағы қағазға оралған тамақтарын Сафураға ұстатып, кілтпен есікті ашты.

– Сыға түс. Қатты сық!-деген Оташтың даусы естілді бұлар кіріп келгенде түпкі бөлмеден. Есіктің ашылып, үйге әйелдерінің кіргенін сезген екеуі  жым бола қалды да, бірінен соң  бірі шұбатылып бері шықты.

Екі әйелдің екеуі де өз көздеріне өздері сенбей қалшиып тұрып қалды. Тұрсын мен Оташ қызып апты. Екеуі де теңселіп тұр.

Оташтың әйелі басқа есік жоқ па дегендей жан-жағына қарады. Терезеге барып  төмен қарады. Үшінші қабат! Балконнан түсе алмайды.

–Ей, қайдан алдыңдар?-деді Оташтың әйелі.

–Нені?-деді Оташ.

–Нені болушы еді?  Қайдан қызып алғансыңдар?

–Жоқ, Біз ішкен жоқпыз,-деді Оташ жұтына сөйлеп.

–Ішкен жоқпыз!-деді оны қостап Тұрсын да.

Оташтың әйелі түпкі бөлмеге кіріп кетті де, салақтатып камера мен стакан алып шықты.

–Білдім сенің сырыңды!-деді ол жұлқынып. – Бәсе, нағып мойнынан тастамайды десем! «Жамаймын, жамаймын» дегеніне мен байғұс сеніп жүрмін-ау! Сафура, стакан әкелші!

Сафура столға стакан қойды. Оташтың әйелі камераны сығымдап, кіндігінен ішіндегі арақты құя бастады. Екі стакан толы арақ шықты.

–Тіл таба білу керек! Бұл жұрттың тілін неге тапқыш боп кетті десем! Ал, енді тіл тауып көр!

Ол екі стакандағы арақты терезеден шашып-шашып жіберді.

Тұрсын көзін жұмды, Оташ сәл мойнын созып, арақ төгілген жаққа қарады.

*                  *                    *

Әлібек, әйелі және Әулет пен Дана машинамен серуендеп жүр. Ерте көктемнің әлсіз шуағы ондаған ағаш бұтақтарының арасынан жылт-жылт етеді. Бәрінің еріндерінде күлкі. Келесі көшеден бұрылып, олар «Детские одежды» деген магазиннің алдына тоқтады.

*                          *                       *

Таңат есік алдында машинасының алдын домкратпен көтеріп, балонын ауыстырып жатыр. Қасында 12-13 жасар баласы оған көмек беріп жүр.

Үйден әйелі шығып, оның жанына келді.

–Сен неге тұрсың? – деді ол  сәлден соң әйеліне.

–Жай, – деді ол күлімсіреп. – Сен интернаттағы балаға бармай кеттің ғой.

Таңат оған таңдана бір қарап қойды.

–Немене, түс көріп шықтың ба?

–Кеше… Әулеттің туысқандары тұратын ауылға барып қайттым. Мектептес құрбыма кіріп-шығып ем.

–Иә. Онда не боп жатыр екен?

–Баланы біреу-міреу майып қып кетуі мүмкін.Әулет лотореядан «Мерседес» ұтыпты.

Таңат оған жалт қарады.

–Неге?

–Ол әлі жас қой. Дүние қадірін білмейді.

–Сен не айтып тұрсың?

–Ол лоторея билетіне «Мерседес» ұтыпты.

–Вот дае-ет! Шын ба?-деді бала көзін бақырайтып.

–Иә, – деді әйел балаға шын жаны ашыған боп. – Менімше, оған тезірек барып, қасында болу керек. Не үйге алып келу керек. Кім біледі, біреу-міреу майып қып жүрсе…

–Бәлкім, – деді Таңат шын қауіптеніп. – Артынан туысқандары да іздеп бармайды. Бүгін уақыттың болмай тұрғанын қарашы!

–Молодец, Әулет! – деді бала қуанып. – Енді мен оның машинасына отырып, уввв, ой, әбден қыдыратын болдым!

Таңат оған жақтырмай қарады. Бала да күлкісін тия қойды.

–Уақыт тауып бүгін бармасаң болмас,-деді әйелі. – Жас бала,  біреудің алдауына түсіп қала ма…

Таңат әйеліне күдіктене көз тастады. Әйелінің төмен қарап тұрған момақан пішінінен ол шын жанашырлық көргендей болды.

*                    *                 *

–Әулеттің туысқандары көп екен ғой! – деді директор  кабинетте отырған төрт адамға күле қарап. – Ал, біз… ешкімі жоқ деп… Адам қателеседі екен ғой.

–Әрине, қателеседі, – деді Оташтың әйелі.

Өткен жолғы Әлібектің әйелінің айтқан мысалы есіне түсіп, директор оның сөзін бөліп жіберді.

–Бұл мұғалімнің қатесі емес, жалпы адамға тән қателік, – деді ол қолын сермей сөйлеп. – Сіздер де сол қателеріңізді енді түзеп келе жатырсыздар.

–Иә, – деді Тұрсын. – Кінә бізден.

–Япыр-ау, Әулеттің туған күні емес пе осы? – деді директор ішкі таңданысын жасыра алмай. – Бәріңіз кешеден бері…

–Жақында көктемгі егіс басталады. Соның алдында келіп кетейік дегеніміз ғой, – деді Тұрсынның әйелі.

– Сонда, сіздер Әулетке қандай туыс боп келесіздер?

–Мен Әулеттің әкесінің немере ағасымын, – деді Тұрсын.

–Ең жақыны – біз, – деп қосып қойды әйелі.

–Ал, мына кісі – нағашы  ағасы боп келеді. Қасындағы – әйелі. Осы кісінің әйелі, – деді Тұрсын анықтай түсіп.

–Дұр-рыс-с, – деді директор аздап ойға батып. – Кешегі келген кісілер ше?

– Олар жай ғана ағайын адамдар. Бізден  жақын емес, – деді Оташтың әйелі.

–Кеше кеш келіпсіздер, мен болған жоқ едім. Ақыры келіп қалдыңыздар, жолығып кетіңіздер. Кешегі кісілер оны сабаққа апарып тастайтын шығар. Бәлкім, мектепке барып, үзілісте жолығып қайтарсыздар.

–Жоқ, бір күн қыдыртайық деп ек,-деді Оташтың әйелі.

–Онда, ертең демалыс. Қыдырыңыздар.

–Әзірге сау боп тұрыңыз. Тағы кездесеміз ғой.

Олар директормен қоштасып, бәрі де сыртқа шықты.

*                      *                      *

–Мен бұдан әрі төзе алатын емеспін. Қайтайықшы,-деді Оташ есік алдында. – Кейін келерміз.

–Мен де,-деді Тұрсын.

–Сендердің көкейлеріңді не тесіп бара жатқаны белгілі!-деді Оташтың әйелі. – Ресторан ғой ойлағандарың. Шыдаңдар!

Екі әйел сәл артта қалды.

–Директор ештеңе білмейді,-деді Сафура. – Егер оның «Мерседес» ұтқаны рас болса, есітер еді ғой. Тіпті,  бүкіл интернат шуылдап жатпай ма?

–Рас-ау,-деді Оташтың әйелі таңданып. – Бәлкім ол ештеңе ұтпаған шығар. Бәлкім, ол билетін жоғалтып алған шығар?

–Билетті берген Әлібек. Ол пайдакүнем артық бір адым аттамайды. Демек, рас болғаны.

– Билетті берген Әлібек болса… Ұятсыз? Сыйлаған билетін даулап жүргені ме сонда?

– Соны айтсаңшы!     Қазіргі жұрт этика дегенді ұмытқан. Ол біздің балаға сыйлады ғой. Демек, ол – біздікі болуға тиіс? Заң жүзінде!

Оташтың әйелі оған оқшырая қарады.

–Билет – Әулетте. Сенің балаң Әулетке  сыйлаған. Ал, Әулет – бізге жақын. Немере ағадан гөрі туған нағашысы жақын боп есептеледі.

–Ол қайдан шыққан заң?

–Атам заманнан!

–Тапқан екенсің! Билет қолға түссе сенімен тең бөлісеміз бе деп жүрсем,  ойыңда арамдық бар екен ғой!

–Арамдық сенде! Сен неге бөлісесің? Бөліссем – мен бөлісуім керек!

Олар дауласқан бойда сыртқа шықты. Тұрсын мен Оташ көрінбейді.

–Ей, ана екеуі құрыпты ғой, – деді. Оташтың әйелі.

–Құрыса  онан арман!-деді ашулы Сафура.

–Көрдің бе? Сен мейірімсізсің. Өз күйеуіңе де жаның ашымайды!

–Біз мұндамыз! – дейді Оташ талдың тасасынан . – Кетейікші. Машинаны жөндеу керек.

Әйелі оған зілдене қарады. Оташ машинаның ішіне кіріп, артқы орындыққа жантайды.

*                       *                      *

Әлібек пен әйелі екі баламен қалалық парктегі ресторанда тамақтанып отыр.

–Костюм жақсы отырады екен, – деді Жамал Әулеттің үстіндегі жаңа киімге қарап. – Дана, саған ұнай ма?

–Өте ұнайды, – деді қыз басын изеп.

–Әулет, басқа  қандай жаңалығың бар? – деді Әлібек одан сыр тартып.

–Ешқандай. Жақында Қазығұртқа экскурсияға барамыз.

–Ім-м, – деді ол жаңалыққа селт етпей.

–Басқа өзгеріс жоқ па?

–Жоқ, – деді Әулет түсінбей.

–Жамал апай, –деді Дана аппақ тістерін көрсете күліп. – Біздің класта бір бала бар. Өзі қызық. Бір күні үйіне келсе папасы: «бүгін қандай баға алдың?» депті. Ол жасырмай: «екі алдым» депті. «Неге екі аласың!» деп папасы ұрысса ол: «екіні мен емес, сен алдың. Кеше есепті шығарып берген өзің болатынсың» деп жауап беріпті.

Әулет рахаттана күлді. Әлібек пен әйелі бір кеңк етті де қоя салды.

–Не, қызық емес пе? – деді Дана оларға қарап.

–Қызық. Қызық болғанда қандай! –деді Әлібек бас изеп.

–Өткен жолы Таңат ағай келіп, Әулет екеумізді тауға апарды. Үшеуміз шаңғы тептік. Әулет құлай береді екен, – деді Дана тағы сықылықтай күліп.

–Төрт-ақ рет құладым ғой, – деді ол бұртиып.

–Жоқ, жеті рет!

–Келесі қыста құламайтын болам.

–Әрине, оған шейін дәу боласың.

Отырғандар тамаққа қайта кірісті. Әлібек тауықтың бір сирағын аузына апара жатып:

–Біздің ауылда бір оқушы лотореядан  мопед ұтып алды, – деді әңгімені  пайдалы арнаға бұрып.

Балалар үндемеді. Әңгімеге көңіл аудармады да.

Әлібек пен әйелі бір-біріне қарап, иықтарын қозғап қойды.

–Ой, менің қайтуым керек, – деді Дана кенет. – Мамам екі-ақ сағатқа рұқсат берген!

–Жарайды. Қайтсақ қайтайық, – деді Әлібек  те сағатына қарап.

*                   *                  *

Машина ішінде Әлібек, әйелі, Әулет үшеуі ғана. Біразға созылған үнсіздіктен соң Әлібек:

–Әулет, есіңде ме?-деді жайлап қана, –сен… сенде лоторея билеті бар ма?-деді.

–Лоторея?! –Әулет екеуіне кезек қарады.

–Иә, лоторея, – деді Жамал да. – Саған өткен жолы ауылға барғанда Мәден беріпті ғой.

–Ә-ә, иә-иә!-деді Әулет күліп – берген.

–Ұмытпапты, жарайсың! – деді Әлібек қуанып. – Ол қайда?

Әулет ойланып қалды. Айтуға әлденеден қиналатын секілді.

–Не, жоғалтып алдың ба? – деді Жамал үрейленіп.

–Жоқ. Жоғалтқам жоқ…

–Ой, ақылдым. Әрине Әулет жоғалтпайды, – деді Жамал оның арқасынан қағып.

–Оны неге сұрадыңыздар?

–Білесің бе, – деді Әлібек сабырлы қалыпқа көшіп. – Менен үлкен қателік кетіпті. Ол билеттер фирманікі еді. Мен байқамай Мәденге сыйлай салыппын. Ол саған беріпті.

Әулет үнсіз қалды.

–Есіңе түсірші, – деді Әлібек. – Қаласаң мен саған сондай билеттің жүзін берейін.

–Соны фирмаға бере салмайсыз ба?

–Ол болмайды, Әулет. Онда номері жазылған.

–Иә, болмайды, – деді Жамал да қосарланып. – Ағаңды соттағалы жатыр.

–Соттағалы?! – Әулет шошып кетті.  Баланың корыққанын пайдаланып, Жамал үстемелей жөнелді.–Иә, соттағалы. Әйтпесе, үш билетті несіне сұраймыз.

–Мен оны… Мен оны Данаға сыйлағам. Туған күніне, – деді Әулет қиналып.

–Данаға?! –деді Жамал. – Кеттік,-деді ол Әлібектің  иығынан түртіп.

–Жамал апай. Бармай-ақ қояйықшы. Мен одан қалай қайтып алмақпын!

Олардың машиналарының қасына Тұрсын мен Оташтың машиналары кеп тоқтады. Әлібек пен әйелі оларды атып жіберердей тыжырына қарады.

–Ә-ә, мұнда екенсіңдер ғой, – деді Тұрсын машинадан түсіп, оларға жақындап. Машинадан өзгелер де түсіп, бұларға қарай жүрді.

–Сендерді іздеп бармаған жеріміз жоқ,-деді Оташтың әйелі. – Әулетті қайда алып қашып кеттіңдер?

Әлібек пен әйелі машинадан шықты.

–Сендер нағып шұбап жүрсіңдер? – деді Жамал оларға қарап.

–Өздерің ше? – деді Сафура.

–Әулетті қыдыртып жүрміз.

–Білеміз себебін, түлкі бұлаңға салмай-ақ қой, – деді Оташтың әйелі.

–Сенбесеңдер өзінен сұраңдар, – деді Әлібек.

–Баланың  көзінше сендерге не болды дауласып?-деді Оташ. –Берірек жүріңдер. Кетейік деп айттым ғой…

Олар машинадан сәл алыстады.

–Ашығын айтсақ – лотореяны сыйлаған біз!-деді  Жамал.

–Енді ол біздікі ғой, – деді Сафура. – Енді қайтып алмақсың? Ұятың қайда?

–Әулет бәріңнен гөрі бізге жақын, –деді Оташтың әйелі. – Заң біздің жақта.

–Аларсың! – деді Жамал өршеленіп. – Әулет сенің үйіңді көрді  ме екен әуелі?!

–Ей, туыстар, –деді Оташ. – Сендерге не болған бұл? Ұят емес пе?

–Ұят болса сен тыныш тұр! – деп әйелі оны қағып тастады. – Бұлар ұялмағанда біз ұяламыз ба?

–Тұрсын, сен бірдеңе десеңші, – деп Оташ оған қарады. Ол не айтарын білмей біраз қипақтап  тұрды да:

–Мен де Оташты қостаймын, – деді самарқау.

Осы кезде бұлардың қасына Әулет келді. – Тұрсын ағай, сәләматсыз ба? – деді ойында ештеңе жоқ бала күлімсіреп.

–О, Әулет, дәу  жігіт болдың ба? – деді ол онымен амандасып. – Қане, бетіңнен сүйейін.

–Қазір менің екі қолым бос, қыстың күнгідей емес, – деді  Оташ қыста кездескен сәтін есіне алып. – Бетіңнен қазір-ақ сүюіме болады. – Ол  да Әулеттің бетінен сүйді.

–Япыр-ау, сені қолға түсіре алмай қор болдық қой, – деді Оташтың әйелі Әулетті құшақтап. – Енді бізбен бірге қыдырасың. Жарай ма?

–Менің сабаққа баруым керек, – деді Әулет топырлаған туыстардың кенет жиналғанына әрі таңдана, әрі күдіктене қарап.

Әлібек пен әйелі бір-біріне қарады да, топтан білдірмей бөлініп жылыстай берді.

–Бір күнге ештеңе етпес, туыстар күнде кеп жатқан жоқ қой. Ертең демалыс, – деді Сафура да оны еркелетіп.

–Сіздер… сіздер неге түгел жиналғансыздар? – деді Әулет әлденеден үрейленіп.

–Көктемгі науқан деген бар. Ол кезде қол тимей кетеді. Сонан соң сені көріп кеткелі келдік, – деп жауап берді Тұрсын.

Бала жол жаққа оқыс бұрылды да, кенет қатты айғайлап жіберді.

–Тұрсын ағай! Тұрсын ағай! Ана кісілер қайда барады?! Тоқтатыңыз! Тоқтатыңыз! – Әулет жан ұшырып Әлібектер кеткен жаққа жүгіре  жөнелді.

–Не болды?! Олар қайда кетті?-деді әйелдер жағы түкке түсінбей, шу етіп.

Тұрсын мен Оташ баланы қуып жетті.

–Әулет! Әулет! Саған не болды?!

–Олар Данаға бара жатыр. Мен билетті соған сыйлағам! Туған күніне!

Әйелдер іштерін тартып, көздері алақандай боп тұрып қалды.

–Әулет! Сабыр ет! Оларды қазір машинамен қуып жетеміз! – деді Тұрсын.

Олар екі машинаға отырып, Әлібектердің соңына түсті.

Алдыңғы машинада Тұрсын, әйелі және Әулет келеді. Бала жылап келеді.

–Зәлімін көрдің бе, – деді Сафура тісін қайрап. – Дананың үйін білесің ғой?

–Әрине! Тезірек. Тұрсын ағай! Тезірек

*                    *                  *

Екі машина арылдатып кеп шарбақты жеке меншік үйдің алдына бірінен соң бірі кеп тоқтай қалды. Әулет машинадан түскен бетте үйге жүгіріп кіріп келе жатты.

Әлібек пен әйелі Дананың анасымен сөйлесіп отыр екен.

–Біздің тарапымыздан әрине ыңғайсыз, – деп сөйлеп жатыр екен Жамал. – Бірақ, ұят та болса қайтып алуға тура келді. Оны айып етпеңіз.

Әулет кіріп келгенде үй ішіндегілер түгел оған дүрліге қарады.

–Дана қайда? – деді ол көзі жасаурап.

–Әулет! Сен… саған не болды? – деді түкке түсінбеген  Дананың мамасы.

Басқа бөлмеден мектепке баруға дайындалып, әсем бантик таққан Дана күлімсірей шықты да, өңі бұзылып кеткен Әулетті, әлгінде ғана бірге тамақ ішіп, бірге қыдырған Әлібек пен әйелін көріп, таң-тамаша боп тұрып қалды.

Даладан Тұрсын бастаған бір топ адам кірді.

Дана мен мамасы қорқа бастады.

–Әулет! Саған не болды? – деді қыз дірілдеп.

–Дана! Билетті өзіме бер! Өзіме қайтар! Тез!

–Туған күнге сыйлаған лоторея ма?

–Иә, иә! Тез!

Қыз оған бақырайып қарап тұрды да, кенет еңіреп жылап жіберіп, сумкасынан кітаптарын алып, парақтай бастады. Әлібек пен әйелі демдерін ішіне тартып, кітап  беттеріне қарап қалған.

–Міне, – деді Дана ақыры билетті тауып алып. – Мә! – Ол Әулетке билетті лақтырып жіберді де, жылаған бойы өз бөлмесіне қарай жүгіре жөнелді.

–Масқара-ай, масқара-ай! – деп Дананың мамасы жағасын ұстап, күбірлеумен болды.

Әулет билетті алып, ызаланғаннан оны төрт бөліп, Әлібек пен Жамалға қарай лақтырып жіберді де,  отыра қалып еңіреп  жылады.

Әлібек шашылған билетті дір-дір етіп жинап алды да, қалтасына сүңгітіп жіберді.

–Кетіңдер, кетіңдер! – деді Әулет ызалана айғайлап. – Мә, мынаны да ала кет! Керегі жоқ, керегі жоқ! – Ол костюмін, шалбарын шешіп есік жаққа лақтырды да, кереуетке құлай кетті. Дананың мамасы көзіне жас алды.

Әлібек пен Жамал кетпек боп орындарынан қозғалып еді, Тұрсын мен Оташ алдын кес-кестеп тұра қалды.

–Бауырлар! – деді Дананың мамасы оларға ызғар шаша қарап. – Бәсе, неге ет-жүрегі езіліп шыға келді десем!.. Билет ұтты деп қалған екенсіңдер ғой. Түк те ұтқан жоқ! Дана оны Әулет сыйлаған соң ғана тастамай жүрген.

Жұрт сілтідей тынып, әркім тұрған-тұрған жерінде қатты да қалды.

Әлібектің екі беті жыбыр-жыбыр етіп, дірілдеген саусақтары плащының қалтасына сұғыла берді. Әйелінің де көзі ұясынан шығып, күйеуіне қарап тұрып қалды.

–Міне, сенбесеңіздер көріңіздер! – деді үй иесі әйел стол тартпасынан газетті шығарып.

Әлібек пен әйелі жыртық билеттің номерін газетпен салыстырды. Әуестік билеп, өзгелер де ентелеп тұра қалды.

Әлібек үш  билетті қайта-қайта тексеріп шықты.

Аздан соң блокнотына үңілді де, жайлап басын көтерді.

Оның маңдайында бұршақтай-бұршақтай тер пайда боп  шыға келді.

–Қате жазыппын, – деді ол сыбырлап.

Әйелінің көзінен жас тамшылады.

Оташ  Әулеттің қасына барды.

–Әулет! Тұра ғой,-деді ол баланың арқасынан қағып. Әулет оның  қолын сілкіп тастады.

–Кетіңдер! Кетіңдер! Ешкімнің, ешкімнің керегі жоқ! – Ол басын көтеріп, оларға қарады. – Тұрсын аға, бәріңіз де кетіңіздер!.. Бәріңіз де!

Ол ашынып, солқылдап жылады.

Сафура мен Оташтың әйелі көздеріне жас алды.

*                      *                *

Интернат директорының кабинетінде, креслода тәрбиеші отыр. Директор екі қолын артына ұстап, ерсілі-қарсылы жүр.

–Иә. Біреуден естісем сенбес ем. Көзім көрді. Не деген масқара! – деді ол басын шайқап.

–Олар кешірім сұрап келді ме?

–Келді. Одан не пайда. Арамызда қандай адамдардың жүргенін білмей қаламыз-ау. Біз тәрбиелеп жатқан балалар-ертең есейеді. Олар қандай болмақ? Бәрі тек тәрбиеден бе?

–Адамның табиғатында болмаса, тәрбие деген бағыт сілтеу ғой.

–Жоқ, – деді ол үзілді-кесілді. –Тәрбие мектепте емес, интернатта емес, үйде, түзде, вокзалда, самолетте, вагонда, бәрі-бәрінде болуы керек. Сөзбен емес, іспен. Әрбір ересек адам – тәрбиеші. Олар өз тірлігімен, өз адалдығымен үлгі көрсетуі керек.

Осы кезде есік ашылып, аула сыпырушы шал көрінді.

–Деректір мырза! Әжетханадан жаңа ғана шегілген темекінің үш тұқылын тауып алдым,-деді ол үлкен құпия айтып тұрғандай қырылдай сөйлеп.

–Қалтаңызға сап алыңыз! Жабыңыз есікті! – деді директор ашу үстінде қатты зекіп.

Аула сыпырушы жоқ болды.

–Иә, солай, –деді ол сөзін жалғастырып – Әулет қалай?

–Төсегінен бас көтерген жоқ.

–Мазасын алмаңыздар. Жақсылап тынықсын. Ол түгілі мен әрең шыдап тұрмын.

–Кейін келген екі туысы түйсіксіз емес сияқты.

Директор үндемей, иығын болар-болмас қозғап қойды.

*                       *                     *

Аула ортасындағы балалар жазғы мезгілде сабақ оқитын ұзыннан-ұзақ созылған стол жанындағы сәкінің бір бұрышында Әулет жалғыз отыр. Ол жылауын қойған, бірақ, қатты толғаныс үстінде. Өмірде алғаш рет бетпе-бет келген ащы оқиға оны есеңгіретіп кеткен секілді.

Есік алдына кеп тоқтаған жүк машинасынан Таңат түсті де, интернат ауласына енді. Ол сол бойы Әулет жатқан корпусқа кіріп, көп ұзамай қайта шықты. Ұзын столдың жоғарғы жағына қатар-қатар қойылған лампалардың қазір қажеті жоқ болған соң ең шеткі біреуі  ғана жанып тұр. Ол көктемнің салқын желімен ары-бері теңселіп, Әулеттің тұлғасын ауық-ауық көрсетіп  өтеді.

Таңат жалғыз отырған баланы байқап қалды да, ақырын басып солай қарай жүрді.

Сол! Әулет!

Ол қуанғаннан:

–Әулет! – деді жай ғана дауыстап.

Әулет қараған жоқ. Таңат оның себебін түсінбей, аз-кем мүдіріп қалды.

–Әулет, – деді ол бұл жолы жасқана тіл қатып. – Сен  мені танымадың ба? Неге қарамайсың?

–Біліп тұрмын, – деді Әулет салқын жауап қатып. – Неге келдіңіз?

–Неге келгені қалай? Әулет, сен ауырып қалғаннан саумысың?

–Неге келдіңіз деймін? Соны айтыңыз!

Таңат алға еңкейген кеудесін сәл көтеріп, оған үрейлене қарады.

–Мен лотореядан «Мерседес» ұттым, – деді ол зілді дауыспен.

–Естідім, – деді Таңат. – Рас екен ғой.

–Иә, рас! Мен оны сізге сыйламақ боп осында күтіп отырмын.

–Қой, олай деме,  Әулет!

–Неге қуанбайсыз?

–Мен саған ренжимін.

–Өтірік! – деді бала жалт қарап. – Өтірік! Жалған! Бәрің де көлгірсіп сөйлегенді жақсы көресіңдер. Өтірі-ік!

–Маған ешнәрсенің де қажеті жоқ. Өзің бірдеңеге ұрынғаннан саумысың? Мен кеш қалдым-ау деймін. Жұмыстан шыға алмадым… Кешір… – Таңат  оны құшақтамақ боп еді, Әулет анадай жерге ыршып түсті.

–Кетіңіз! Кетіңіз! Маған енді ешкім де керек емес! Ешкім де!

–Әуле-ет! – Таңат даусын көтеріп, оған жақындады. Бала кейін шегіне берді.

–Жақындамаңыз! Жақындамаңыз маған!

–Бұл сөзің үшін жақындамақ түгілі жағыңды уатамын! –Таңат оны ұстамақ боп ентелей беріп еді, бала кейін шегінемін деп, ағашқа  сүрініп құлады. Таңат оны тұрғызып, жарыққа қарай сүйреді.  – Не болды, айт қане!-деді ол жарық астына келген соң оны жағасынан сілкілеп.

Әлі жата қоймаған екі-үш бала бұлардың қасынан өте берді де, Әулетті жұлқылап жатқан бейтанысты көріп, ысқырып жіберді.

Іштен бір топ бала үдере  шықты. Ә дегенше-ақ олар Таңатты қоршап алды да,  ай-шайға қарамай оны төмпештеудің астына алды. Балалардың шындап бара жатқанын, Таңатты ұрыға  санап бас-құлақтан соққылап жатқанын көрген Әулет енді ара түскенмен балаларды тоқтата алатын емес.

Бір бұрыштан сыпырғысын көтеріп аула сыпырушы шықты. «Темекі шегеді. Төбелеседі! Міне тәрбие!»-деп ол тәрбиешілерді табалап келеді. Екінші жақтан директордың кабинетінің есігі айқара ашылып жарық  көрінді.

–Атас!-деді бір бала қысқа ғана.

Балалар лезде тарап кетті.

Таңат басын ұстап отырып қалды.

*                     *                        *

Шағын  ресторанның бір бұрышында Тұрсын мен Оташ әйелдерімен отыр. Әрқайсысы өзінше ой құшағында.

–Иә, біздің тарапымыздан бұл иттік болды! деді Оташ ашық мойындап.

–Баланың жүрегіне өшпес дақ салдық, – деді Тұрсын күрсініп.

–Қандай сайтанның түрткенін қайдам, – деді Оташтың әйелі орамалымен көзін сүртіп.

–Бұл айыбымыз ешқашан жуылмайтын шығар, – деді Сафура да көзіне жас алып.

Төртеуі де тағы  үнсіз қалды.

–Туыстар, – деді Оташ шын жүрегімен толқи сөйлеп. – Дәл  біздің басымыздан мұндай оқиға өтеді  деп әсте ойламаған ем. Талассыз тыныш тіршілікте бәріміз жақсы  екенбіз. Дүние көрсек іште бұққан арамдығымыз сыртқа шығып, ұялары  жат иттей ырылдасып  қалуымыз қиын емес екен. Бұл оқиға болмаса, бәлкім, өмір бойы бұны сезінбей өтер ме ек, қайтер ек. Енді өкініштен пайда жоқ. Өле-өлгенше бізідің де, Әулеттің   де есінен кетпейтін болды.

–Енді не істесек екен? – деді Сафура көзіне қайта жас алып. – Оның жүрегіне түскен жараны қалай жазбақпыз? Бәріміздің де баламыз бар. Солар Әулет сияқты әке-шешесіз боп, туыстары осылай істесе… – Ол  ары  қарай сөйлей алмай солқылдап жылады. Оташтың әйелі де оған қосыла жөнелді.

–Тоқтатыңдар,  жұрттан ұят, – деді Тұрсын. – Олар сендердің неге жылап отырғандарыңды қайдан білсін!

–Мейлі, қараса қарай берсін, – деді Оташтың әйелі мұрнын тартып.

*                       *                  *

Қала сыртындағы жол жиегінде Әлібектің машинасы тұр. Қасында әйелі отыр.

–Бар бәлені бастаған сен, – деді ол күйеуіне. – Маңдайыңдағы көз бе, без бе?

–Ал, шын боп шыққанда қайтер ең?

–Білмеймін. Бәлкім, ақылға салар ек. Енді ел бетіне қайтіп қараймыз?

–Бәлкім, басқа жаққа көшіп кетерміз?

–Онымен де құтыла алмаспыз…

*                         *                         *

Таңат пен  Әулет машинамен  зулап келе жатыр. Таңаттың басы таңулы. Бағана балалардың соққысы жеңіл тимеген болуы  керек.

–Сөйтіп, лоторея билетінен мен басыма сәлде ұтып алдым, – деді Таңат күлімсіреп.

Әулет те оған қарап жымиып қойды.

–Ауырып келе ме?

– Оң құлағым шыңылдап келеді.

–Біздің балалар соққанда міндетті түрде құлақ шыңылдайды.

Таңат оған қарап тағы  жымиды.

–Біз үлкен су қоймасын салып жатырмыз. Ол біткен  кезде Қара теңіз, Балтық теңізі дегендерің қажет болмайды. Онда балықтың бірнеше түрі өсіріледі. Біздің балалармен қосылып, жаз бойы балық аулайсыңдар. Демалыс күндері өзім апарып тұрам…

Әулет қалжырап ұйықтап бара  жатты. Ол Таңаттың әңгімесін әрі қарай ұға алмады. Кірпігі айқасқан сәтте көз алдына мұнартқан бір ақ сәуле пайда болды. Ол ақ сәуле бірте-бірте анықталып, көбелектің қанатындай аппақ бантиктерге айналды.

Келес бір сәтте алқызыл гүлдің арасымен бұған қарап ақ бантикті Дана жүгіріп келе жатты. Бірақ, неге екені белгісіз, ол жылап келеді. Оның соңынан арсалаңдап шауып келе жатқан Ақтөс көрінді.

 

                                                                                      2012 ж.