ҚҰСТАР  ФЕСТИВАЛІ

Әтеш көпшілікке тағзым етіп, шығып кетеді.

САУЫСҚАН. Сахнаға нөмірі екінші – Қара Қарғаны шақырамыз. (Ордаң-ордаң басып Қарға шығады).

ҚАРҒА. Қара Қарғалардың халық әні –«Қарғам-ау». (Әнді орындауға кіріседі Қарға сахнада көлбеңдеп, әрі-бері жүріп) Қар-қаррр, Қарқ-Қарқ! Қар-қа! Қар-қа! Қарқ-Қарқ. Қара қарға қарқ-қарқ, Сары қарғ сарқ-сарқ! Ғақ, Ғақ! Қарқ-Қарқ!

Ән бітіп, Қарға сахнадан кетеді.

БҮРКІТ.(Тотыға). Бұлбұл деген әншінің жаңа аты да аталмады ғой.

Жапалақ жетіп келеді.

ЖАПАЛАҚ. Оған айтылған. Керек десеңіз өзім барып шақырып келдім. Соңына дейін кеп қалар, тақсыр.

БҮРКІТ. Байқа, ел наразы боп жүрмесін. Бәріне басыңмен жауап бересің!

Жапалақ Қарғаны оңаша шақырып алады.

ЖАПАЛАҚ. Бұлбұлды қайттіңдер?

ҚАРҒА. Оны ешкім білмейтін тоғайға апарып, ағашқа таңып тастадық.

ЖАПАЛАҚ. Байқау біткенше босатпаңдар!

*               *                   *

Орман іші. Шымшық, Көкек, Тоқылдақ баяғы Бұлбұл ән салған жерге келеді. Бұлбұл жоқ.

КӨКЕК. Ойбай, Бұлбұл жоқ!

ШЫМШЫҚ. Төсегі де жиналмаған. Бәрі шашылып жатыр.

ТОҚЫЛДАҚ. Сөз жоқ мұнда біреулер келген.

ШЫМШЫҚ. Мында қарғаның ізі жатыр!

КӨКЕК. Бұлбұлдың байқауға қатыстырмау үшін қарғалар оны бір жаққа алып кеткен! Жүріңдер, іздейік!

Олар сахнаның әр түкпіріне үңіліп Бұлбұлды іздейді.

ШЫМШЫҚ. Тоқылдақ аға, Көкек! Мұнда келіңіздер! (Көкек пен Тоқылдақ Шымшықтың жанына жетіп барады).

–Міне, мынаны қараңыздар! Біреулер Бұлбұлдың аяқ-қолын матап, аузы мен көзін тұмшалап, өзін ағашқа байлап кетіпті.

КӨКЕК.Ах, оңбағандар! Тез шешейік! Буынып өлгелі тұр ғой! Тоқылдақ, қи мына байлаудың бәрін.

Тоқылдақ тұмсығымен тырылдатып жүріп, Бұлбұлды байлаудан босатады. Байлаудан босаған Бұлбұл басы айналып, есеңгіреп отырады. Орнынан тұрады.

БҰЛБҰЛ. Аяқ-қолым сынып барады!

ТОҚЫЛДАҚ. Кендір қабығымен аямай байлапты, қатыгездер!

ШЫМШЫҚ. Енді босқа уақыт оздырмайық. Кеттік, Айнакөлдің жағасына!

БҰЛБҰЛ. Онда не үшін барамыз?

ШЫМШЫҚ. Не үшіні қалай? Ән салу үшін!

БҰЛБҰЛ. Жоқ, менің көңіл-қошым болмай тұр. Аяқ-қолым да сырқырап барады. Ән салатын шамам жоқ.

КӨКЕК. Болмайды, барасың! Көре алмаушыларға қас қылғанда құйқылжытып бір ән саласың. Байқауға БҮРКІТ патшаның өзі қатысып отыр. Көрсет өнеріңді дүйім жұрттың алдында!

ТОҚЫЛДАҚ. Айтқанға көп, Бұлбұлжан! Жина аяқ-қолыңды! Сілкін! Орман-тоғай мен тау-тастың құс біткенін әсем даусыңмен бір тамсант!

Бұлбұл (еңсесін көтеріп). Жарайды, көндім айтқандарыңызға. Кеттік Айнакөлге!

*               *                *

Байқау бағдарламасы бітіп, енді жеңімпаздарды марапаттау рәсімі басталғалы жатыр. Бүркіт самарқау отыр. Мына байқауға оның көңілі толмай отырған сияқты.

САУЫСҚАН. Осымен, мырзалар, бүгін барлық үміткерлерді тыңдап шықтық. Енді жеңімпаздарды атау үшін сахнаға әділ қазылар алқасының төрағасы Ата Қазды шақырамыз.

Маң-маң басып ортаға Ата Қаз шығады.

АТА ҚАЗ. Құрметті ән сүйер қауым! Міне, бірнеше күнге созылған ән мерекесі де аяғына жетті. Ақтық сайысқа түскен әншілердің бәрі де бас жүлдеге лайық, шетінен таланттылар. Бас жүлдені кімге берерін білмей әділ қазылар алқасы қатты қиналды. Сонымен, Қазылар алқасы ақылдаса келе мынадай шешімге келді. Бас жүлдеден негізгі үміткердің бірі Әтеш еді. Бірақ қазылар алқасының арасында «Тауықтар құсқа жатпайды» деген екіұдай пікір туып, Әтешке ешқандай жүлде бермеуге шешім қабылдадық.

ӘТЕШ. Ах, оңбған Қара Қарға! Мұның бәрін сенің жасап жүрген зымияндығың ғой. Көрерміз! Кездесерміз әлі!

САУЫСҚАН. Сонымен, Бас жүлде халық әндерін орындаушы Қара Қарғаға беріледі! Құттықтайық мырзалар!

Құс біткен шулап, орман іші жаңғырып кетеді. Айғай-шу, ысқырық! «Долой қазылар алқасы!» деген дауыстар естіледі.

САУЫСҚАН. Сабыр етіңіздер! Тәртіп сақтаңыздар!

Ата Қаз Қара Қарғаның мойнына алқа тағады. Сол кезде кенет Бұлбұл әні естіледі. Жұрт сілтідей тына қалады. Бүркіт те еңсесін көтеріп, жан-жағына қарайды. Сахна шетіндегі жұдырықтай құсты көріп, таң-тамаша қалады.

БҮРКІ. (Тотыға). Бұл кім?

ТОТЫ (жақтырмай). Бұлбұл деген әнші құс осы.

БҮРКІТ. Ол бұрынырақ неге айтпады?

ТОТЫ. Ол сырқаттанып жатыр деген. Төсегінен тұрып жеткені осы болғаны ғой.

Ән бітеді. Жұрт риза боп шулап қоя береді. Ду қолшапалақтау. «Жасасын, Бұлбұл» деген дауыстар естіледі. Шымшық, Көкек, Тоқылдақ мәз. Олар құшырлана қол  соғуда. Бүркіт орнынан тұрады. Ол асықпай басып сахнаға көтеріледі.

БҮРКІТ.Халайық» Сахнаға ойда жоқта шыққанымды айып етпеңіздер! Мені мұнда алып шыққан – соңғы әншінің ерекше дауысы мен асқан шеберлігі болды. Осы елдің патшасы ретінде қазылар алқасының шешіміне араласып, Бас жүлдені Бұлбұлға берсек деген ойға келдім. Оған Сіздер қалай қарайсыздар!

Дауыстар. Дұрыс, дұрыс! Өте әділ шешім!

БҮРКІТ. Ендеше, Қарға мырзаға берілгн Бас жүлдені Бұлбұлға алып беруге рұқсат етіңіздер!

Бүркіт Қарғаның мойнындағы алқаны Бұлбұлдың мойнына тағады.

БҮРКІТ. Бас жүлдең құтты болсын! Талантың шарықтай берсін!

Ол Бұлбұлдың қолын қысып, сахнадан түседі.

ҚАРҒА. Ах, оңбаған Әтеш! Патшаға мені жамандап кеткен сен екенсің ғой. Шық, батыр болсаң далаға!

ӘТЕШ. Шықсаң, шық!

Қарға мен Әтеш бірін-бірі қуып сыртқа шығып кетеді. Жапалақ та жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, бір бұрышқа қарай тайып тұрады.

БҮРКІТ. Қане, Бұлбұл, тағы бір ән айтшы!

Бұлбұл қуаныштан екі беті албырап, Л. Хамидидің «Бұлбұл! әнін орындайды. Жұрттың бәрі ұйып тыңдап қалған.

                                                               Соңы

 

 

 

Pages: 1 2 3 4 5