ҚҰСТАР  ФЕСТИВАЛІ

ӘТЕШ (маңғазданып). Алсақ алармыз. Бұл маңайда менен асқан әнші де жоқ қой өзі…

ҚАРҒА.Әй, Әтеш! Сен олай қоқилана берме. Біз де құралақан емеспіз!

ӘТЕШ. Сен бе? Пшту-у! Қарғалар ән айтпай қарап қалсын!

ҚАРҒА. Е-ей, Әтеке! Сен олай біздің арымызға тиме! Сен кім едің сонша? Құр айғайлағаннан басқа не бітіріп жүрсің!..

ӘТЕШ. Бас жүлде мен тұрғанда ешкімге берілмейді. Бәрі шешіліп қойған. Мен Бүркітке жыл сайын он балапан беріп тұратын болдым.

ҚАРҒА. Ой, қатыгез, тасбауыр! Өз балаларыңды Бүркітке көзің қиып қалай бересің?

ӘТЕШ. Мен бермесем де ол  бәрібір тартып алар еді.

ҚАРҒА. Оны өзің біл! Саған айтайын деп келгенім—Бұлбұл тұрғанда ешқайсымызға Бас жүлде жоқ. Одан да соның көзін құртайық.

ӘТЕШ. Қалай?

ҚАРҒА. Не өлтіреміз, не құс баласы таппайтын бір қуысқа апарып қамап тастаймыз.

ӘТЕШ. Жоқ! Мен ондй лас тірлікке араласпаймын. Бас бәйге Бұлбұл қатысса да, қатыспаса да бәрібір менікі!

ҚАРҒА. Сен алдын ала лепіре берме, Әтеке! Сен келіссең мен де келіскем жоғары жақпен!

ӘТЕШ.(шошып).Кіммен?

ҚАРҒА. Мен сен сияқты жариялай бермеймін. Ол – құпия!

ӘТЕШ. Бас жүлдені Қарға алатын болса дүние қараң қалар!

ҚАРҒА.  Әй, Әтеш! Сен бар ғой… Сен босқа көки берме! Керек десең сендердің бұл бәйгеге қатысуға қақыларың да жоқ!

ӘТЕШ.Оны кім айтты?

ҚАРҒА. Жұрт айтады. «Тауық – құс емес» дейді. Сендер, тауықтар, жалпы құс емессіңдер.

ӘТЕШ. Сонда біз кімбіз?

ҚАРҒА. Ит біліп пе кім екендеріңді! Тауықсыңдар—болды. Құсқа жатпайсыңдар.

ӘТЕШ. Сонда құс сен бе?

ҚАРҒА.Иә, мен! Біз!

ӘТЕШ.Солай ма! Көрсетейін саған құстың қандай болатынын!

Екеуі алыса кетеді. Жүндері бұрқырап ұшып жатады.

Орман іші. Бұлбұл жалғыз. Ол мұңайып ән айтып отыр. Эдвард Григтің «Пер-Гюнт» операсынан Сольвеигтің әні, немесе С. Рахманиновтың «Здесь хорошо» романсы (Мұндағы әндердің бәрі Бибігүл Төлегенованың орындауында фонограммамен берілгені жөн. Ол – режиссердің шешімі).

Ән біткенде Жапалақ келеді.

ЖАПАЛАҚ. О-о, Бұлбұл қарындасым! Аман-есенсің бе? Сыртыңнан атыңды есітіп қуанып жатырмыз. Көңіл-күйің қалай?

БҰЛБҰЛ. Рахмет. Жапалақ аға. Жаман емес.

ЖАПАЛАҚ. Жақында ән байқауын өткізгелі жатырмыз. Сауысқанды жіберіп  едім, айтқан шығар.

БҰЛБҰЛ. Жоқ, маған ешкім ештеңе деген жоқ.

ЖАПАЛАҚ. Әй, алаңғасар Сауысқан! Ұмытып кеткен ғой. Барған соң жазасын берермін.

БҰЛБҰЛ. Мен үшін біреуді жазаламай-ақ қойыңыз. Қайтесіз обалына қап.

ЖАПАЛАҚ. Қалай, байқауға қатысқың келе ме?

БҰЛБҰЛ. Әрине. Көптен бері көпшіліктің алдына шыға алмай қалдық. Мұндай үлкен байқауға қатысқаным жақсы болар еді…

ЖАПАЛАҚ. Онда қатысасың. Мен тұрғанда қам жеме, қарындасым. Дайындала бер..

Бұлбұл.(қуанып). Ой, ағатай, қамқорлығыңызға көп рахмет.

ЖАПАЛАҚ. Солай, қарындасым, өзіңді жақсы көрген соң өз аузыммен айтып кетейін деп арнайы келдім.

БҰЛБҰЛ. Бұл жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймын, аға!..

ЖАПАЛАҚ. Жақсылықты ұмытпағаның жақсы!.. (Ол  Бұлбұлды құшақтап сүймек болады).

БҰЛБҰЛ. Ой, ағатай, мұныңыз не? Ұят емес пе?

ЖАПАЛАҚ. Мен  сені баяғыдан жақсы көремін, Бұлбұлжан! Қаласаң екеуміз қосылайық.

БҰЛБҰЛ. Қойыңыз, олай демеңіз, аға!.. Мен жаспын.. Сіздің әйел, бала-шағаңыз бар…

ЖАПАЛАҚ. Сен мақұл десең, мен оларды тастаймын.

БҰЛБҰЛ. Айтпаңыз ондай сөзді!.. Оларды жылатып керегі жоқ. Әрі, сіз әкемдей адамсыз…

ЖАПАЛАҚ. Олай демеші, Бұлбұлжан! Махаббат деген жас таңдамайды ғой. Түсінші мені!

(Оны тағы құшақтап, күштеп сүймек болады. Бұлбұл оның құшағынан сытылып шығып, жылап қашып кетеді).Жара-айды! Жақсылықты білмесең, өзіңнен көр ендеше!

Ол ашуланып, түсіп қалған қалпағын киіп, үсті-басын жөндеп шығып кетеді.

                               *                  *                  *

Айнакөлдің жағасы. Жағалау мерекеге сай әсем безендірілген, қызылды-жасылды лампалар тізбегі жалт-жұлт етеді. Оң жақта қазылар алқасы. Одан әріде бүкіл сән-салтанатымен Бүркіт жайғасқан. Қасында Жапалақ, оң жағында Ерке Тоты. Тоты Бүркітті Тауыс қауырсынынан жасалған үлкен желпуішпен желпіп отыр. Ән байқауын бастауға бәрі сақадай сай.

БҮРКІТ. Бүгін ауа райы өте тамаша екен. Айнакөл де ерекше жарқырап тұр.

ЖАПАЛАҚ. Сізге ұнасын деп осы жерді әдейі таңдадық.

БҮРКІТ. Тотыжан, қалай, ұнай ма?

ТОТЫ. Әрине, әміршім! Бәрінен бұрын сізге ұнаса болды ғой. (Ол желпініп, еркелей сөйлейді).

Ей, Сауысқан! Бастаңдар!

Сауысқан сахна төріне көтеріледі.

САУЫСҚАН. Армысыздар, қымбатты аң-құстар! Міне, көптен күткен әнші құстар Байқауының қорытынды бөліміне де жеттік. Бүгін конкурстың барлық сала бойынша жеңімпаздары анықталады. Сонымен, сахнаға ақтық жарысқа түсетін әншілерімізді шақырамыз!

(Ду қол шапалақтау).

Нөмірі Бірінші – айдарлы Әтеш! (Әтеш шығып көпшілікке иіліп сәлем береді).

Нөмірі Екінші Қара Қарға. (Ол да сәлем береді).

Нөмірі Үшінші – Көгершін! (Ол да сәлем береді). Нөмірі Төртінші – Бозторғай. Нөмірі Сегізінші—Қаз. Нөмірі Тоғызыншы – Бұлдырық.

БҮРКІТ. Мына әншілердің ішінде Бұлбұл бар ма?

ТОТЫ. Көрінбейді.

БҮРКІТ. Неге?

ТОТЫ. Үлгіре алмай жатқан шығар.

САУЫСҚАН. Ақтық сайысқа түсетін талапкерлер дайындыққа кірісе берсін! (Бәрі кетеді). – Мырзалар, енді реттік сан бойынша сахнаға бірінші боп Айдарлы Әтеш шығады. Қабыл алыңыздар!

Ду қол шапалақтау. Әтеш қоқилана басып сахнаға шығып, иіліп тағзым етеді.

ӘТЕШ. Мен өзімнің сөзіме жазылған өзімнің әнім – «Айхай, дәурен-ай» деген әнді айтамын. (Әнді орындай бастайды. Дауысын соза түсіп, қанатын қағып-қағып әндетеді. Айх-о-ой, дәурен-ай! Айх-о-ой, дәурен-ай! Айх-о-ой, дәурен-ай! Ән бітеді).

Pages: 1 2 3 4 5