ҚҰСТАР  ФЕСТИВАЛІ

ЖАЙ ҚАРҒА. Әй, осы байқауға қатыспай-ақ баяғыша даладан жемімізді теріп жеп жүре  бергеніміз дұрыс сияқты еді. Бір қап тары, бір қап бидайды қаптаған қалың қарғаның қайсысының аузынан тауып аласың!

КӨҢ ҚАРҒА. Болды! Босқа қарқылдай бермеңдер! Қайтсек те Бас бәйгені алуымыз керек.

ЖАЙ ҚАРҒА. Қалай аламыз?

КӨҢ ҚАРҒА. Міне, мәселе қайда! (Әтеш сияқты ол да жан-жағына қарап алып). Ол үшін Бұлбұлды байқауға қатыстырмау керек.

ЖАЙ ҚАРҒА. Оны қалай қатыстырмаймыз.

КӨҢ ҚАРҒА. Ол үшін сендер дәл Байқау басталатын күні Бұлбұлды ешкім таба алмайтын бір қуысқа тығып, аяқ қолын байлап тастайсыңдар.

ЖАЙ ҚАРҒА. Оны жасаймыз-ау. Ал басқа құстарды қайтеміз?

КӨҢ ҚАРҒА. Бізге тек Бұлбұл қатыспаса болды, қалғанын өзімізше шешеміз. Ол үшін әр қарға бір қалақтан дән жинауы керек. Осы жерде мыңға тарта қарға барсыңдар. Түсінікті ме жағдай? (Ешкім үндемейді). Демек, түсінікті болды!

ЖАЙ ҚАРҒА.  Атам заманнан бері әнсіз-ақ тамаша өмр сүріп келе жатыр ек қой. Сіз де қайдағыны шығарып… Қарғаға әннің керегі не?

КӨҢ ҚАРҒА. Ой, көк соққан! (Оны желкесінен қойып қалады). Бұрын айтпасақ енді айтамыз. Бізден өткен әнші жоқ! Біз соны жұртқа түсіндіре білуіміз керек! Орындаңдар бұйрықты!

*                *               *

Орман іші. Әсем киінген, кіп-кішкене құс келіп, ортаға тұрады. Ол – бұлбұл. Ұйып тыңдай қалған шымшықтар, көкектер, басқа да орман құстары оны қоршап алған.

КӨКЕК. Шіркін-ай. Бұлбұлдан асқан әнші бар ма екен дүниеде! Бір ән айтшы, Бұлбұл!

Бұлбұл ән  салады. Тоқылдақ келеді. Ол ағаш бұтағына отыра кетіп, дырылдатып ағаш бұтағын тұмсығымен шаға бастайды.

КӨКЕК. Әй, Тоқылдақ! Дырылдатпай тұра тұршы, ән есиік.

ТОҚЫЛДАҚ. Естімей жүрген ән бе! Менің уақытым жоқ! (Қайтадан дырылдатады).

 Бұлбұл – Алябевтің «Бұлбұлын! Орындайды. Орман құстары әнді ұйып тыңдап қалған. Ән бітеді. Тоқылдақ та дырылын тоқтатып Бұлбұлға бұрылады.

ТОҚЫЛДАҚ. Осы әнді айтып тұрған сен бе?

БҰЛБҰЛ. Иә, мен.

ТОҚЫЛДАҚ. Бұл әнді ылғи есітіп жүруші ем, бірақ сен екеніңді білмеппін.

КӨКЕК. Өмір бақи теріс қарап алып кепкен ағашты тоқылдатумен келесің, қайдан көресің.

ТОҚЫЛДАҚ. Тірлігіміз осындай болған соң қайтеміз! Тағы ән салшы, Бұлбұл!

Бұлбұл тағы ән салады. Бұл жолы ол Латиф Хамидидің «Бұлбұлын» айтады. Ән аяқталғанда оның қасына шымшық барады.

ШЫМШЫҚ. Бүкілормандық ән байқауына дайындығың жақсы екен. Бұлбұл!

БҰЛБҰЛ. Мен ондай байқау болады деп естіген жоқпын.

КӨКЕК. Қалай, сені шақырмады ма?

БҰЛБҰЛ. Маған ешкім ештеңе айтқан жоқ.

ТОҚЫЛДАҚ. Өңкей қызғаншақтар! Осыдан сені шақырмай көрсін, музыка аспаптарының бәрін шағып кетейін!

ШЫМШЫҚ. Айнакөлдің жағасында бес күннен соң Бүкілормандық әнші құстар байқауы басталады. Сен оған қатысуға тиіссің.

БҰЛБҰЛ. Оған шақырмаса қалай барам?

КӨКЕК. Сенің осындай қарапайымдылығың-ай!

ШЫМШЫҚ. Мен сол жақтан бүгін келдім. Үйрек, Қаз, Әтеш пен Қарғалар қызу дайындалып жатыр. Құстардың арасында әңгіме көп. Біреулер айтады, Бас жүлдені Әтеш алатын бопты деп, енді біреулер Қарға алатын бопты дейді. Сен туралы да әңгіме көп. Бәйгеге қатысудан Бұлбұл бас тартыпты, бір мексикалық миллионер Бұлбұлға тұрмысқа шығатын бопты деп жұрт шулап жүр. Рас па сол?

БҰЛБҰЛ. Оның бәрі бекер сөз. Өз орманымды тастап мен ешқайда бармаймын.

ТОҚЫЛДАҚ. Бәлкім, олар сені таппай жүрген шығар. Көкек, сен барып оларға Бұлбұлдың қайда жүргенін айтып келсеңші.

КӨКЕК. Мынауың ақыл екен. Мен барып ескертіп келейін.

Көкек кетеді. Шымшық та бірге кетеді.

ТОҚЫЛДАҚ. Қой, жұмысымызға кірісейік. Түс боп қалды.

Ол қайтадан дырылға басады.

*               *               *

Аула ішінде Әтеш жүр. Ол жалғыз.

Әтеш (сарайдың есігін ашып). Ә-ә, туып жатырсыңдар ма? Жарайсыңдар!

Есік ашылғанда Әтешті көріп мекиендер шу ете қалады.

БАС МЕКИЕН. Әй, Әтеш, бізді үйге босқа қамағанмен бәрібір күніне екі жұмыртқа таба алмаймыз. Бір мезгіл далаға шығып жайылып келейік.

ӘТЕШ. Жоқ! Қазір терезелеріңді қараңғылаймын. Ал сендер түн болды деп ойлаңдар. Түстен кейін терезені ашам. Ал сендер таң атты деп ойлаңдар да туа беріңдер! Болды, шуламаңдар! Процесс пошел!

Есікті жауып қояды.

Кіші мекиен (іштен айғайлап).Әй, ана шібилерге ие бол! Бет-бетімен қаңғып кетпесін!

Қақпадан Қарға кіріп келе жатады. Ол басына цилиндр, үстіне қара фрак, қолына трос ұстаған. Көңілді.

ҚАРҒА. Сәлем бердік, Әтеш мырза!

ӘТЕШ.  Е-е, Қарға тамыр! Сен біз жаққа келмеуші едің, қайдан жүрсің?

ҚАРҒА. Қайдан жүрсің дерің бар ма? Бір құлқынның қамы да, баяғы.

ӘТЕШ. Бәріміздің де зыр қағып жүретініміз сол қу тамақ пен бала-шағаның қамы ғой.

ҚАРҒА..Өзің үйде жалғыз қалғансың ба? Қатын бала-шағаң қайда?

ӘТЕШ.Әйел дейтіндей менде көп әйел қалған жоқ қой. Бар жоғы алтау. Былтырғы бұршақ соғып кеткеннен кейін өлгені өлді, қалғандары шетінен ауру. Екеуі үйде жатыр, үшеуі базарда. Біреуі жүрген шығар балаларын бағып. Ал ән байқауына дайындығың қалай?

ҚАРҒА. Мен де сол туралы сөйлескелі келіп ем. Бас жүлдені Әтеш алатын бопты деп жұрт гуілдеп жүр ғой.

Pages: 1 2 3 4 5