ҚҰСТАР  ФЕСТИВАЛІ

Құстар күңкілдеп тарай бастайды.

                                    *                 *                    *

Бүркіт қазылар алқасын жинап алып, ән байқауына  қатысатын талапкерлердің тізімімен танысып отыр.

БҮРКІТ. Қалай, әншілер дайын ба?

ТОТЫ. Жер-жерді шарлап жүріп әншілерді әрең дегенде іріктеп алдық.

БҮРКІТ. Қане, оқышы тізіміңді. Кімдер қатысатын болды№

Тоты (таранып қойып).Қарға,Байғыз, Көкек, Аққу, Қаз, Үйрек, Қарлығаш, Бозторғай, Бұлдырық, Ұлар, Көгершін, Әтеш тағы басқалар.

БҮРКІТ. Бар болғаны осы ма?

ТОТЫ. Бұлар іріктеу жарысынан өткендер, тақсыр!

АТА ҚАЗ. Ал, бұл тізімде Бұлбұл неге жоқ?

ЖАПАЛАҚ. Ол іріктеу жарысынан өтпей қалды.

АТА ҚАЗ.Неге өтпей қалды?

ЖАПАЛАҚ. Ол көрінген тойда ән салам деп дауысынан мүлдем айырылыпты.

АТА ҚАЗ. Дегенмен. Бұлбұлдың аты –Бұлбұл. Оның ән байқауына қатыспауы үлкен қиянат.

ТОТЫ.  Ата қаз ақсақал! Сіз естімеген екенсіз ғой. Байқауға қатыса алмаймын деп ол Сауысқаннан сәлем айтып жіберіпті.

АТА ҚАЗ. Түсінсем бұйырмасын!

БҮРКІТ. Бұлбұл дейді? Әне бір жұдырықтай болған кішкене құс па?

ЖАПАЛАҚ. Иә, тақсыр! Қалжасына қарап оны әнші деп айтудың өзі қиын!

БҮРКІТ. Иә, иә, оны жақсы әнші деп естігем. Елден ұят болар, тізімге оны да қосыңдар.

ЖАПАЛАҚ (амалсыз жаза бастайды). Он үшінші – Бұл-бұ-ұл. «л» дан кейін мягкий знак келе ме?

ТОТЫ. Келсе де жазбай-ақ қой. Жұдырықтай құсты сонша әлдеқандай ғып!.. (Таранып-таранып қояды).

Оңаша жартастың түбінде Тоты құс, Жапалақ отыр. Қарға келеді. Оның қасында кішірек тағы бір қарға бар. Ол – оның байқауға қатысатын баласы. Тоты мен Жапалаққа жақындай бергенде үлкен қарға баласының қанатын сипап, тұмсығын сүртіп қояды.

ҚАРҒА.(Жапалақ пен Тотыға иіліп сәлем беріп) Аман-сау барсыздар ма, мәртебелі мырзалар! Міне, сіздерге айтып жүрген кенже балам осы. Бірақ қолдаушысы болмаған соң ылғи көзге ілінбей тасада қалып келеді.

ТОТЫ (маңғазданып). Бұрын тұқымдарыңызда әнші-күйші болып па еді?

ҚАРҒА. Болған жоқ. Арамыздан осы баламыз шыға ма деп үміт күтіп жүрміз.

ЖАПАЛАҚ.(Тотыға). Әуелі өзіміз бір тыңдап алсақ қайтеді?

ТОТЫ. Тыңдасақ тыңдайық. Ал қарғам, өзің ұнататын бір ән айтшы.

Жас қарға ортаға шығып даусын кенеп алады.

 Жас қарға.Қар-рр-рр! Қар-рр-рр! Қар-рр-рр!

Ол осылай біраз қарқылдап, Жапалақ пен Тотыға басын иеді. Жапалақ пен Тоты бір-біріне қарайды.

ҚАРҒА (бәйек боп).Бүгін даусы еркін шықпай тұр. Алдыңкүні Қарғалыдағы бір жолдасы үйленіп, соның тойында мұздай сі ішіп қойыпты. Байқау басталғанша үйден шығармай өзім дайындаймын ғой.

ТОТЫ. Мынадай дауыспен балаңыздың жеңіске жетуі  қи-ен!..

ҚАРҒА. Жеңіс деген өздеріңіздің қолдарыңызда тұрған жоқ па?! Егер аздап қолдау көрсетсеңіздер…

ЖАПАЛАҚ. Сіздің балаңызды он орап кететін әншілер бар…

ҚАРҒА. Егер қолдау көрсететін болсаңыздар… (Ол Жапаалақтың құлағына әлдене деп сыбырлайды, Жапаалақ Тотыға сыбырлайды).

ТОТЫ. Ім-мм… Көрерміз… Қатыса беріңіздер.

Аула ішіндегі шарбақ үстінде қызыл айдарлы Әтеш отыр.

Оны қоршап мекиендер мен шібилер тұр.

ӘТЕШ. Ал мекиендерім мен шібилерім! Мына көкелерің әнші құстар байқауына қатысатын болды. Қалай, бәйгеге қатысайын ба?

МЕКИЕН. Әрине қатысуың керек. Жер-дүниені жаңғыртқан әсем де зор үніңмен Бас бәйгені сен алмағанда кім алады?

КІШІ МЕКИЕН. Бойы да, түрі де, айдары да келіскен сенімен таласатын кім бар дейсің!

ЖАС ШІБИ. Бір қап тары мен бір қап бидай әкелсең қыстан қиналмай шығар ек!

ӘТЕШ. Міне, қазіргі жастардың ойында тек дүние ғана бар.

Атағын айтсаңшы, атағын. «Әнші құстар байқауында Алтын айдарлы Әтеш Бас жүлдені жеңіп алды! деген атақтың өзі қайда жатыр! (Ол қоқиланып арлы-берлі жүреді).Сонан соң, қымбатты мекиендерім мен шібилерім! (Жан-жағына қарап қояды) Мен қазылар алқасының мүшелерімен келісіп қойдым. Егер маған бас жүлдені беретін болса олардың әрқайсысына он-оннан есептегенде тоқсан жұмыртқа, бір қап жүн беретін болдым. Байқауға он күн қалды.

МЕКИЕН. Ой-бай-ау, бар болғаны біз алтау-ақпыз. Мына шібилер әлі жұмыртқа таппайды. Он күнде алтаумыз тоқсан жұмыртқаны қалай табамыз. Зорығып өлеміз ғой.

ӘТЕШ. Болды, болды, бас мекиен! Зарлай берме. Өздеріңе құдай қуат берсін.

КІШІ МЕКИЕН. Ой-бай-ау, оларға бір қап жүн беретін болсақ қып-қызыл шақа боп қаламыз ғой. Қыста қатып қалмаймыз ба бәріміз!

ӘТЕШ. Қатпайсыңдар! Бір қап тары мен бір қап бидайды күркеден шықпай қыс бойы жеп шығасыңдар Көктемге дейін қауырсындарың қайта шығып үлгірді.

Мекиендер мен шібилер сыңсып жылайды.

ӘТЕШ. Болды! Неменеге жылайсыңдар! Кіріңдер күркелеріңе! Уақыт өткізбей жұмыртқа табуға кірісіңдер!

*                     *                      *

Ашық даладағы тал түбінде қарғалар мәжілісі өтіп жатыр.

КӨҢ ҚАРҒА ( үлкен қарға деген сөз). Ал қарғаларым, қарақтарым! Қарға біткеннің намысы сынға түсетін күн жақындап келеді. Бет-бетімізбен қарқылдап жүре бермей жұрт қатысып жатқан бәйгеге біз де қатысып көрейік.

ЖАЙ ҚАРҒА. Қатыссақ, қатысайық. Орын ала алмай қалсақ біреу қанатымызды сыпырып алып қалмас.

КӨҢ ҚАРҒА. Тәйт әрі! Қатысқан соң Бас жүлдені алуымыз керек.

ЖАЙ ҚАРҒА. Қайдам! Байқауға Бұлбұл, Аққу, Бозторғай, Қарлығаштар қатысады екен. Олар Бас бәйгені береді дейсің бе?

КӨҢ ҚАРҒА.Міне,  мәселе сонда! Мен сендерді сол үшін жинап отырмын. Өмір деген күрес, өмір деген жанталас!

Pages: 1 2 3 4 5