ҚҰСТАР  ФЕСТИВАЛІ

(Балалар мен қуыршақ театрларының репертуары үшін)

ҚАТЫСУШЫЛАР:

БҮРКІТ

Бұлбұл

ЖАПАЛАҚ

ТОТЫ

САУЫСҚАН

Қарға, әнші қарға, жай қарға

ӘТЕШ

Мекиен, кіші мекиен

Тауыс

Көкқұтан

Қаз

Қазылар алқасы

 

Орман іші у да шу.

Жел толқытқан Айнакөл. Көл маңында биік жартас. Жартас үстінде – құс патшасы Бүркіт.  Бүркіт қанатын қомдап-қомдап жан-жағына қарайды. Ешкім жоқ.

БҮРКІТ. Ей, кім бар мұнда? (Ешкім жауап бермейді).- Ей,  кім бар деймін бұл маңда?

Неге ешкім жауап бермейді?

Сылаң қағып Тотықұс келеді.

ТОТЫ. Мен бармын, тақсыр? Шақырған кезде жетіп келетін менен басқа кім болушы еді жаныңызда. Құлағым сізде, не бұйырасыз?

БҮРКІТ. Сенен басқа бұл маңда тағы кімдер бар?

ТОТЫ. Ешкім жоқ, әміршім. Бәрі бет-бетімен.

БҮРКІТ. Бет-бетімен дегенің қалай?

ТОТЫ. Кешіріңіз, әркім өз жұмысында дегенім ғой.

БҮРКІТ. Ертең  сәскеге бәрін жина. Айтатын маңызды жарлығым бар.

ТОТЫ. Ей, жаршы, ей, Сауысқан! Босқа шықылықтай бермей мұнда кел!

Сауысқан жетіп келеді.

САУЫСҚАН. Иә, құлағым сенде ерке тоты. Маған не айтпақ едің?

ТОТЫ. (Бүркітпенпен сөйлескендей емес, әмірлі дауыспен).

Әңгіме былай, САУЫСҚАН мырза. Тау-тас, орман-тоғай, өзен-көлдерде жүрген құстардың басшыларына түгел хабарла. Бірі қалмай ертең сәскеде БҮРКІТтің алдында болсын. Патша ағзамның оларға айтар жарлығы бар. Түсінікті ме?

САУЫСҚАН. Түсінікті, Ерке тоты.

ЖАПАЛАҚ (Сауысқанды оңаша шығарып). Сауысқан! Бұл хабарды Бұлбұлға айтпай-ақ қой. Ертең үйіне барғанда өзім айтам. Жарай ма?

САУЫСҚАН (оған күдіктене қарап). Жарайды. Айтпасам айтпай-ақ қояйын…

*            *              *

Сауысқан орман-тоғай мен тау тасты жаңғыртып жар салып жүр.

САУЫСҚАН. Тыңдаңдар, тыңдаңдар! Ертең сәскеде Бүркіт  патшаның алдында барлық құс біткеннің басшылары түгел жиналсын! Әміршінің өздеріңе айтар жарлығы бар!

*                   *                *

Жартас басындағы Бүркіттің биік тұғыры. Тұғыр алдындағы биік текше таста Бүркіт отыр. Қасында ерекше әсем киінген ерке Тоты бар. Ол әрі-бері сылаңдай жүріп, Бүркіттің алдына су құйып, Тауыстың қанатынан жасалған әдемі желпуішпен желпініп қояды.

ТАУЫС (қасындағы Әтешке). Әтеш бауырым! Ана Тотының қолындағы желпуішті көрдің бе?

ӘТЕШ. Иә, көрдім.

ТАУЫС. Қу Тоты былтыр менің күйеуге тигелі отырған бойжеткен қызымды ұстап алып, патшаға керек деп құйрық жүнін нөкерлерімен кеп шырқыратып отырып жұлып әкеткен. Отырысын қарашы енді сыланып! Біздің көз жасымыз алысқа жібермес! Зымиян!

ӘТЕШ.Қызыңды құтты орнына қондырдың ба?

ТАУЫС. Қайдағы! Құйрық жүнінің жұлынғанын көріп, құдаларымыз ат-тонын ала қашты. «Құйрық жүнде тұрған не бар? Жас қыз, ертең-ақ қайтадан өсіп шығады! деп айтып көріп едік көнбей қойды. Күйеу бала түсінген болып еді, әке-шешелері бір бетпақ екен, айтқандарынан қайтпай отырып алды.

ӘТЕШ. Ойбо-ой, сен бір қызды айтасың, биыл көктемде осы сылаңдаған бәле қарамағымдағы он бес мекиеннің жүнін патшаға жастық жасаймыз деп сыпырып әкеткен. Артынша бұршақ жауып, сол он бес мекиенімнің алтауы ғана тірі қалды.

ТАУЫС. Сұмдық-ай! Бұл ТОТЫның ешкімге жаны ашымайды.

АТА ҚАЗ. Әй, күңкілдей бермей тыныш отырсаңдаршы! Іштерің жарылып бара жатса жиналыстан кейін сөйлесесіңдер.

Бүркіт сөз бастайды.

БҮРКІТ. Оу, жамағат! Сендерді жинаған себебім – бәріміз  күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, өнер, білім, мәдениет дегенді мүлдем ұмытып кетіппіз. «Нан болмай ән болмайды! Деген екен баяғыда бір данышпан. Құдайға шүкір, қазір қарнымыз тойды, нанымыз бар. Енді мәдениетімізді қолға алайық. Біз Сауысқан, Тоты, Жапалақ және Қаршыға төртеуміз ақылдаса келіп, ән байқауын өткізейік деп шешім қабылдадық. Дұрыс па осы шешіміміз?

Дауыстар. – Дұрыс!

–Өте орынды!

–Тамаша идея!

БҮРКІТ. Енді байқауды өткізудің рәсімі жайлы қасымда отырған Тоты баяндасын.

Жұртқа ұнау үшін малына киінген Тоты кербездене басып, сылаң қағып ортаға шығады.

ТОТЫ. Ән байқауын өткізу жөнінде шешім қабылдаған мәртебелі ұйымдастыру комитеті былай деп хабарлайды. Байқау үстіміздегі жылдың 15 және 20 маусым аралығында Айнакөл маңында өткізілсін. Бас жүлдеге—бір қап тары, бір қап бидай. Бірінші орынға – бір қап бидай, екінші орынға –бір қап жүгері, үшінші орынға –бір қап арпа. Көтерме сыйлықтар тағы бар.

КӨКҚҰТАН. Сіздер ет қоректілерді ұмытып кеткенсіздер ме? Мынаның бәрі біз жейтін тамақ емес қой.

ТОТЫ. Сіз қандай жүлде ұсынасыз, Көкқұтан мырза?

КӨКҚҰТАН. Балық, итбалық, құрбақа…

ТОТЫ. Тілегіңіз орынды. (Жанындағы Жапалаққа) Жапалақ, Көкқұтанның тілегін жазып қой. (Жапалақ жаза бастайды). Ал, тағы кімде қандай ұсыныс бар? Қане, Қарға сен айта ғой.

КӨКҚҰТАН. Байқауды бір айға шегерсек дұрыс болар еді. Себебі — әншілеріміздің бәрі баяғыда тарап кеткен. Кімнің қайда жүргенін ешкім білмейді. Оларды әр жерден іздеп тапқанша көп уақыт кететін түрі бар.

ТОТЫ. Жапалақ, бұл ұсынысты да жазып қой. Ендігі мәселе – қазылар алқасы. Мен мына бір тізімді оқып шығайын. Ата қаз –Төраға, Сауысқан, Жапалақ, Мен. Егер қарсы болмасаңыздар. – Қаршыға, Жарқанат, Көкқұтан.

ӘТЕШ. Тоты бикеш, мыналардың бәрі музыкадан хабары жоқ мақұлықтар ғой. Олар әншіге қалай төрелік айтпақшы?

ТАУЫС. Бұл тізімге Жапалақты қосып жүрген кім?

ӘТЕШ. Музыкадан Жарқанат не түсінеді?

Құстар шулап кетеді.

БҮРКІТ. Шуылдамаңдар! Олардың өздері дөрекі көрінгенмен жандары нәзік. Көбісі музыкадан үйлерінде жатып сабақ алған. Осымен жиналыс бітті. Енді тараңдар! Іске кірісіңдер!

Pages: 1 2 3 4 5