БЕЙТАНЫСТАР

Сәскеде жауған қардың аяғы енді жаңбырға айналды. Жердің миы шығып, қара жол қамырдай иленіп жатыр. Қыс ортасы болса да Қаратау өңірінің кей жылдары осылайша мың құбылып, қай жағына ауарын білмей өзінің де, шаруаның да мазасын алып, ығырыңды шығарып бітетін кездері жиі кездесіп тұрады. Мұндай сәттерде кім-кім де болса жолға шыққанды жаны қаламас еді. Бірақ, “таң атпайын десе де күн қоймайды” дегендей, бітпей жатқан тіршілік бұл адамды үйде тыныш отырғызып қойған ба? Әне, анау құба жонның басындағы ирелеңдеген сазды жолмен бір машина бірде шұқырға түсіп, бірде шалшықтарды шашыратып, ышқына жүріп бара жатыр. Төрт қырлы доңғалақ салғандай, біркелкі жүрісінен секеңдеуі көп. Тоқтап та қалмайды. Ызалана, өжеттене “тағдырдың бұйыртпағанын тартып алып” алға ентелей түседі. Кабинада отырған жігіт те қалжыраған секілді, мына жол жүйкесін қажытып та біткен болар.

Ауыл әлдеқашан артта қалды. Бұйыртса, бірер сағаттан соң Арысқа да жетеді. Тек сазы шыққан мына жол ғой немесе әлдеқашан қалаға да жетіп, осы күні кері қайтуға да әрекет жасап қалар ма еді?

Қиясбек совхоздан түсте шыққан. Содан бері аттай үш сағат болды. Рульмен сілкілесіп әлі келе жатыр. Кеше гараж меңгерушісі машина бөлшектерін алу үшін поезбен Арысқа кеткен. Бүгін ертелетіп, кеңсеге телефон соғыпты. “Бір еті тірі шоферді тездетіп жіберіңдер, алған нәрселерді тиеп қайтамыз. Мен қалалық қоймада күтіп отырамын” дегенді айтқан көрінеді. Совхоздағы “еті тірі шоферлердің бірі” болып Қиясбек келе жатыр міне!

Бір кезде машина Аршабай ойпаңына түсті. Бұл жердің жолы құмдауыт, жаныңды қинамайды. Енді біраз жол ұтып қалуға болады. Жаңбыр әлі себелеп тұр. Күн кешке айналған соң ба әуе суытып, әрәдік-әрәдік бұршақ түсе бастады. Осы кезде Қиясбек Аршабай қойнауының түкпір жағынан қараңдаған әлденені көріп қалғандай болды. Мал ма, адам ба, соны ажыратпақ боп жас жігіт машина әйнегін кепкасымен сүртіп-сүртіп жіберіп, алға тесіле қарады. Сонда да қарайған нәрсе анық көрінбеді. Сонан соң Қиясбек жанама терезені ашып жіберіп, бой созып қарағанда әлгі қарайғанның әйел екенін аңғарды. Қолында көтерген әлденесі бар ма, қалай?

Қиясбек мына көрініске таң қалды. “Япыр-ау, елсіз-құзсыз айдалада жүрген қандай жан бұл? Ауа райы болса мынау, күн кешкіріп бара жатыр. Оның үстіне күн батқанша ол жете қоятын жуық арада ауыл да жоқ қой. Тіпті, көлікпен шығуға жүрексінетін мынадай беймезгіл шақта оның жалғыз өзі жүргені несі?!”

Қиясбек газды аямай басып, әлгі жүргіншінің қасына таяп келгенде барып ол әлгі әйелдің қолындағы құндақтаулы баласын көріп, өн бойы тітіркеніп кетті. Машинасын кілт тоқтатып, кабинадан атып шықты да:

— Апа, тоқтаңыз, қайда барасыз? — деді. — Япырмай, мынадай суық күнде бала көтеріп, жалғыз шыққаныңыз не бұл!

Әйел — жасы елу бес, алпыстарға таянған қарт кісі екен. Қиясбекті көрген соң тоқтай қалып, оған қарсы жүрді.

— Амансың ба, қарағым, — деді ол болар-болмас қана еріндерін күбірлетіп. — Неге жалғыз шықтыңыз дерің бар ма? Жалғыз шығатын жағдай болған соң шыққаным да, екі кештің арасында борандатып нем бар дейсің әйтпесе. “Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады” деп, әлгі бір мінген мәшинемнің бір жері бұзылып, кейін қайтып кеткені. Тым болмаса, анау Қабылсайға шейін апарып таста, ары қарай жаяу-ақ жетермін бір бәле қып деп ем, өзіңдей жігіт екен, бар болғыр, “шеше, жолда қалып қоямын, бұдан әрі жүре алмаймын” деп кері қайтып кетті.

— Қай жерге баратын едіңіз?

— Е, барар жерім алыс боп тұр ғой. Жақын болса қиналмас ем, тым құрыса ана Қабылсайға жетіп алсам ары қарай Шағырға дейін ет пісірім жүрсем барып қалмаймын ба… Ана тентектердің қылығы ғой, кәрі кеудені үйде тыныш отырғызбай жүрген.

Қарт кісі терең бір күрсінді де, баласының бетін жаңбыр мен желден қымтай түсіп, жүруге ыңғайланды. — Бөгелме, жүре бер, қалқам. Күн болса кешкіріп барады, екеуміз де босқа кешікпейік. — Сөйтті де ол алған бағытымен ілгері қозғала берді. Қиясбек не істерін білмей сол орында қатты да қалды. Онымен қоштасуға да шамасы келмеді. “Не істеу керек, осылай қалшиып тұра бермек пе, жоқ, кемпірді қуып жетіп, баратын жеріне дейін апарып салу қажет пе? Бірақ, оның да кезек күттірмес тығыз шаруасы бар ғой. Гараж меңгерушісі әне-міне келеді деп Арыста, қойма алаңында күтіп отыр. Күннің кешкіріп келе жатысы болса мынау. Оның үстіне жер де құрғақ емес”.

Қиясбек кеудесіндегі шарпысқан екі ойдың қай жағына шығарын білмей тұрғанда кемпір де алыстап кетті. Шағыр — баяғыда артта қалған ауыл, оған барып келу үшін кемінде екі-үш сағаттай уақыт керек. Сонда Арысқа қашан бармақ? Айрандай араласып жатқан мына жолдың бір түкпірінде қалып қойса ше? Ертең не деп ақталмақ?” Жол жөнекей кездескен бір адамға жаным ашып, соны үйіне жеткізіп тастаймын дегенімде қырсық шалып кешігіп қалдым деймін бе? Оған кім сенеді, сене қойғанның өзінде ол үшін мені арқамнан қаға қояр ма екен?

Қиясбек сүлесоқ кеп машинаға отырды. Мотор өшіп қалған екен. Стартерді самарқау басқан сәтте дүр етіп от ала кетті. Ол әлдекім итергендей амалы таусылып, алға қарай әрең қозғалды.

“Жүре беру керек пе, қайту керек пе?”

Осы ой оның басынан бір сәтке де шықпады. Ал уақыт болса өтіп жатыр, машина ышқына түсіп, заулап келеді. Барған сайын әлгі кемпірмен екі ара алыстап барады. “Қолындағы көтерген баласы кім болды екен, немересі ме, әлде өз баласы ма?” – деп ойлады Қиясбек жолдан көз алмай келе жатып. – “Ана тентектердің қылығы ғой, кәрі кеудені тыныш отырғызбай жүрген…” дегені несі? “Тентектері” кім? Балалары емес пе екен?»

Қиясбек қалғығандай көзін жұмып тұрды да, тормозды басып қалды. Машина тоқтай салысымен, кабина есігін ашып, артқа көз тастады. Кемпірдің бүкіл тұлғасы оған алғаш рет көрінгендегідей кішкене нүктеге айналыпты. Жүріп бара жатқаны, не тоқтап тұрғаны белгісіз. “Егер дәл осы кісі менің анам болса, қайтер еді — деді өзіне-өзі Қиясбек. — Мен бір бақытсыздыкқа душар болсам, алыстағы анам дәл осылай бораның мен түніңді елең де қылмастан желге ұшқан жаулығы мен табанын тілгілеген көк мұздақты да тыңдамай, баласына, бауыр етіне қарай жол тартпай ма? Бәлкім, бұл кісіге де дәл сондай бір оқиға тап болған шығар. Жоқ, қайту керек. Не де болса, қайту керек. Ертең…. ертеңгіні кейінірек ойлармын!”

Жас жігіт машинасын кілт бұрып, кейін қарай жүрді. Өзінің осылай деп шешім жасағаны үшін қуанғандай, жүзіне күлкі ойнап, көзінде қуаныш оты ұшқындап шыға келді. Таянып қалған машина дүрілін естіп, қария кісі жолдан шықты да, ала кетуін өтінбек болғандай қолын көтерді. Кабинадан түсіп келе жатқан әлгі жігітті көріп ол таңданып тұрып қалды.

— Не болды, қарағым-ау, сенің де машинаң бұзылып қалды ма?

— Жоқ, сізді апарып тастайын, апа. Келіңіз. Отырыңыз. Күн суық, тоңып та қалдыңыз-ау… Әлгінде… сізді көрген сәтте-ақ апарып тастамақ едім, бірақ… тірлік қой, апа, бірден тәуекел ете алмадым. — Қиясбек абдырап, сасқалақтап осы сөздерді әрең айтты. Қария кісі сыпайы қарсылық білдіріп: “Жоқ, жолыңнан қалма, қарағым, әне, Қабылсайға да кеп қалдым. Азарлығы қона жатып, ертеңгісін жетер едім дә” деуін десе де, Қиясбек қояр да қоймай оны кабинаға отырғызды.

Машина Шағырға қарай заулап келеді. Кабина ішіндегі екеу үнсіз келе жатыр. Қария кісі болса ой үстінде екені салыңқы әжім жүзінен ап-анық көрініп тұр. Ал, Қиясбек болса сөзді неден, қалай бастаудың ретін таппай келеді.

— Апа, — деді бір кезде жігіт кепкасымен машинаның алдыңғы әйнегін сүртіп-сүртіп жіберіп. Кемпір селт ете түсті.

— Не, шырағым?

— Мына кішкентайыңыз немереңіз бола ма?

— Немерем ғой… Тұңғышым.

— Е-е, немерелі болсаңыз, бақытты екенсіз.

— Шүкіршілік, — деді кемпір жай ғана. Сонан соң олар тағы үнсіз қалды. Әлден соң кемпір сөз бастады.

— Өзіңнің әке-шешең бар ма еді, балам?

— Жоқ, шеше, — деді Қиясбек тез жауап қайтарып. — Немере сүйсеңіз бақытты екенсіз дегендегі себебім де сол еді. Әкем соғыста, анам осыдан алты жыл бұрын дүние салған. Немере түгілі, жаман келінін де көре алмай кетті.

— Алда байғұс-ай, — деді кемпір күрсініп. — Жеткізіп-жеткізіп, қызығын көрмей кеткен екен ғой. Бала-шағаң бар ма еді?

— Бар. Бір жаста.

— Жүре ме?

— Жо-оқ. — Қиясбек күле жауап қатты. — Апыл-тапыл басады. Алданыш әйтеуір.

— Е-е, шырағым-ай. — Бұл — кемпірдің жаны игі адамға деген шын жүректі жарып шыққан сөзі еді. Дәл осындай сәтте, таныстықтың дәл осындай алғашқы минутында көңіл ризалығын, жақсы адамның жас сәбиіне деген сүйінішін бұдан басқаша етіп жеткізуіне болар ма еді, болмас па еді, ол жағын Қиясбек білген жоқ. Және кемпірдің мейірімді жүрегі жалғандық атаулыдан аулақ, аналық махаббатқа толы екенін осы бір қысқа ғана сөзден аңғарғандай болды. Осы сәттен бастап жас жігіт оған іш тартып, оны алғашқы сәттегісінен де жақсы көріп кетті.

“Адаммен адам сөйлескенше” деп халық неге тегін айтсын. Осыдан соң екеуі ашық сөйлесіп кетті.

— Үйленгеніне екі жыл болды, — деді кемпір әлден соң. — Тәліпті айтамын да әлгі. Алғашқы кезде екеуі көз қуанардай тату-тәтті өмір сүрді. Бе-еу, құдай-ау, біздің де тілейтініміз сол емес пе? Бірақ, бір жыл өткен соң, не жетпейтінін қайдам, екеуі жиі-жиі түс шайысып қала беретінді шығарды. Жамандап қайтейін, келінімнің іші онша кең адам емес. Сонан соң оларға енші бердік. Қайтеміз, қайда жүрсе де аман болсын. Қайда жүрсе де жарасқылықты тұрмыс құрсын. Сол тілекпен ризалығымызды бердік. Олар бөлініп, Шағырға  көшкен күні үйдегі шал байғұс басын көтере алмай жатып қалды. Маған оңай тиіп пе, үш-төрт күн ауырып тұрдым. “Енді бетін көрмейміз” деп едік, баладан безу қайда-аа, көшіп кеткендеріне бір апта толар-толмаста әлгі тентегіміз ыржиып “апа” деп келіп тұр. Шыдай алмайды екенсің тәйірі, шал екеуміз жылап жібердік. Сүйіп жатырмыз, әлгі немемізді. Ол да өзің сияқты мәшине айдайды. Киіміне сіңген май иісі жөргек иісіндей болып кетті ғой сол кезде… — Кемпір көзі жасаурап, мұрнын тартып шыға келді. Еһе, кәрі адамдар баласының бақытынан басқаны тілей ме? — Міне, сөйтіп, алыста болса да аман болсын, тату болсын деп бір құдайдан мың тілеп жүргенде екеуі тағы ұрысып қапты деп естідік. Не жетпейді екен соларға. Мына немеремізді алданыш болсын деп әнеукүні ғана барып, алып қайтқанымызда ойнап-күліп қана отыр еді, сәуірдің күні сияқты лездің арасында нілдей бұзылыпты. Бүгін азанда осы хабарды естіп, солай қарай өкпені ала жүгіріп келе жатқан бетім осы еді, шырағым. Шал боса дімкәс қой, ауырып үйде жатыр. Үйде сиыр да сауылмай қалды.

Қария кісі тынышсызданып отыр. Құдіретті дүние қанат берсе, ұшып-ақ кеткелі тұрғаны байқалады. Әлден соң қолындағы немересі де оянып, былдыр-былдыр сөйлей бастады. Енді ол екеуіне де алданыш болып, ұзақ жол біршама қысқара түсті. Ауылға жақындап та қалды. Бір кезде бері қарай созылып жатқан бұралаң жолдың үстінен өздеріне қарсы жүріп келе жатқан әйел көрінді. — Құдай-ау, мына келе жатқан… тоба-а, менің келінім емес пе! — деді кемпір мойнын соза қарап. — Сол айттым ғой, сол әні. Тоқтатшы, қалқам.

Қиясбек тормозды басып қалды. Машина доңғалағы сырғанап барып кілт тоқтай қалды. Осы сәтте кемпір де машинадан тез түсіп, жас әйелдің жанына барды. Енесімен бұл сияқты кенет кездесуді күтпеген болар, ол да жалт қарап, абдырап қалды.

…Олар сол орнында ұзақ тұрды. Қиясбек тас лақтырымдай жерден екеуінің не деп сөйлескендерін ести алмаса да, жас әйелдің үнсіз төмен қарап тұрғанымен қария кісінің сусып түскен жаулығына да қарамай, екі қолын сермеп, әлдене жайлы беріле, ашына сөйлеп жатқанынан жас келіншектің төркініне кетіп бара жатқанын білді. Оның жүрегі езілгендей, кабина ішінде әрең шыдап отыр. Өзімен бірге қалған әлгі кемпірдің немересі быртиған балғын саусақтарымен кабина ішіндегі нәрселерді шұқылап ойнап отыр. Өзі кісі жатырқамайтын жайдары бала сияқты.

Қиясбек кабинадан кенет атып шығып, баланы қолына алды да, сөйлесіп тұрған екеуіне қарай беттеді. Келе жатқан мұны көріп, олар үнсіз қалды. Ал, жас әйел болса, әлденеге қатты қапаланып тұр, жүзінен реніш ізі байқалады.

— Сіз… Мұратты да әкеле жатыр ма едіңіз… — деді ол енесіне қарап. Қария кісі үндемеді. Сонан соң аналық жүрегі бойындағы барлық реніш атаулыны қуып шықты ма, жас әйел қолын созып, баласына жақындады.

— Кел, келесің бе, маған? — Жас бала анасын танып, талпынып қоя берді, — Жүріңіздер, күн суық қой, жас бала тоңып қалады, — деді Қиясбек жай ғана. — Апа, жүріңіз, кабинаға, кабинаға.

Қария кісі “мен жүргенмен келінім көне ме” дегендей оған қарап бір күрсініп қойды. Соны түсінген Қиясбек: — Қане, сіз бастаңызшы, осындай жақсы баласы бар ана да ренжи ме екен, ол сізге жараспайды, жүріңіз, — деп жас келіншектің қолынан жетектеді. Бөгде адамның іші-бауырына кіріп, елпелектеп тұрғанын көрген соң, ол да ақырын машинаға қарай жылжыды.

Арада екі сағаттай өткен соң Қиясбек Арысқа қарай зулап келе жатты. Ол өзінің кешіккендігі, ертең өзіне ұрысатыны жайлы ойлаған жоқ, ойласа да, біраздан соң ойланар, ал қазір жанын рахатқа бөлеп келе жатқан жалғыз ғана нәрсе — бүгінгі қуанышы, — ол кемпір мен Тәліптің, Салиха мен кішкене Мұраттың қуанышы еді. Бәлкім осы бір бейтаныс жігіт қария кісіге ойда жоқта кездеспесе мына жер бетіндегі бір отау тәтті тұрмысымен біржола қош айтысар ма еді, қайтер еді!

Аспан ашылып кетіпті. Жол да баяғыдағыдай машинаны сілкілеп, мазаны алмайтын сияқты. Аспанда жұлдыздар да шапырлай қалған. Олар да қуанып тұрған секілді.