ШАЛДАР

— Бұ қайсың бұл? — деді шығып келе жатқан адам үстіндегі бешпетін жоғары бір сілкіп қойып. Қарекең дауысты тани кетті.

— Молде-еке, — деді ол біршама таңданған үнмен оған қарсы жүріп. — Бұл сіз бе?

— Иә, мен. Өзіңіз қайдан жүрсіз жеті түнде?

— Ауылдан. Сізбен сөйлескелі келдім.

Екі шал қол алысып амандасты. Молдабай бұрынғыдай “үйге кір” деп елпектеген жоқ. Бұл неге өйтпейді деп Қарекең де ойламады.

Екі құда ай астында қатарласа үнсіз жүріп келеді. Өзен жақтан ескен жел жүгері мен жусанның бірде жұпар, бірде кермек иісін әкеледі.

Олар ауыл маңындағы бір төбенің басына кеп отырды.

— Құдағи қуатты ма? — деді Молдабай жайғасып отырған соң.

— Қуатты ғой, — деп жауап берді Қарекең селқос қана, көңілінде бұдан да маңыздырақ мәселе жатқанын аңғартып. — Қуатты ғой, — деді тағы да, даусын көтере сөйлеп. —Ауыл арасы таяқ тастам жер болса да, мына тентектердің тентектігі тұсау болып келе алмай жатырмыз, құде-еке. Екі ай бойы ат ізін салмай кетті деп маған ренжіп жүрген де шығарсыз. Оның да жөні бар. Қайт дейсіз, өзіңізге келіп көрінуге беттегі күйеден көз ұялады. Келмейін деп жүрмін бе? Бұрынғыдай өзіңізбен әңгімелесіп, ішкі шерді ақтарып қайтуға асықтым да, аңсадым. Бірақ анау тентектер жағынан бір жылы хабар болып қалар, құданың аулына сонда соғармын деп іштей тынып жүр едім. Ондай хабар байқалатын емес. Онан соң шыдамым таусылып, түнделетіп осында жеттім. Неге келгенімді, не айтарымды да білмеймін. Әлде кеңес сұрағалы келдім бе?

Қарекең амандық-саулық айтып, орағытып отыруға төзімі жетпей, еңсесін басқан ауыр ойын осылайша ақтарып салды да, жауап күткендей үнсіз қалды. Молдабай көпке дейін ләм деген жоқ. Салалы саусақтары көк шөпті сырт-сырт жұлады. Осы үнсіздіктің ар жағында қандай сезім, қандай толғаныс жатқанын Қарекең айтпай-ақ сезініп отыр. “Оңай дейсің бе оған, — деді ол іштей. — Бір кезде алақанына салып аялап отырған қарқаралы қызы айы-күні жетіп төркініне келіп отыр, міне. Ауыл-аймақ, ел-жұрт не демей жатыр дейсің. Көп жүрген жерде күңкіл сөз болмай тұрмайды. Бұрын басқа бір ауылдың адамдары Нәзираны айттыра келгенде, Молдабай: “Мен қызыма пәлен деп қолқа сала алмаймын. Барлық билік өзінде. Қалау соныкі. Көнбегенде елің жаман, жұртың жаман, я болмаса ұлың жаман деп көнбей отырған жоқпын. Осыны естен шығармаңдар” — деп, келген үш дүркін қонақты сыпайы шығарып салған. Сол уақиғаның куәсі болған біраз топ: “Әні, қызың нағыз теңін енді тапты. «Ішімді көр» дегендей, қайтып кеп төріңде отыр. Қыздай жігітке айттыра келгенде ат-тоныңды ала қашып ең, келешекте осыны көруге асыққан екенсің ғой” — деп миықтарынан күліп жүрмесіне кім кепіл? Еһе, бұл жалғанда әке үшін бұдан асқан азап, бұдан асқан қорлық бар ма, сірә. Беу әкелер-ай, соның бәрін үнсіз арқалап, ішінде дүлей арпалыс жатса да онынды сездірмеуге тырысасың-ау!”

Молдабай әлден соң басын көтеріп алып, малдас құрып отырды. Қолындағы көк шөпті умаждап-умаждап тастай салды да, бойын тік көтеріп, терең бір күрсінді. Батып бара жатқан айға қарап тұрып:

— Балаңмен сөйлестің бе? — деді нығара сейлеп.

— Жоқ, — деді Қарекең ақырын ғана.

Молдабай “і-і” деп бір ыңыранды да, сол бойы үнсіз қалды. “Қо-ош, — деді әлден соң ол тағы да. — Мен не деп кеңес айтайын, Қареке. Екеуміз кеңесіп шешетін нәрсе болмағандықтан ойым онға, ақылым алтыға бөлініп, пәлен етейік деп айта алмай отырмын. Қайтеміз, нәсіп шығар. Менің саған өкпем жоқ. Келіп тұр, құдалықтан ажырассақ та тату көңіл суымасын. Шығарып салма сөзім емес, ақ шыным бұл. Ал, ана немелердің жұлдызы қайта қосылатын болса, онда кәрі әке өле-өлгенше армансыз болар еді.

Осы кезде алыстағы үйдің есігі ашылып іштегі шам жарығымен әлдеқалай бір әйелдің есік тұтқасынан ұстап, делдиіп тұрғаны көрінді. Молдабай әлдене күткендей солай қарай еңсесін көтеріп қадала қалды.

— Қайнаға-ау, қайнаға, — деп айғай салды әлгі әйел.

— Уа, не мен мұндамын, — деп Молдабай орнынан ұшып тұрып, солай қарай жүрді. Қасындағы Қарекеңді ұмытып кеткен секілді.

— Қайнаға, сүйінші, сүйінші. Немерелі болдыңыз, ұл, ұл! — деп оның алдынан ентіге шықты.

— О жасаған, шүкір, шүкір мұныңа. Қатшайым, сүйіншіңе ана көгендегі бір тоқтыны ал, ол аз болса өзіңе тағы бір көйлек…

Қарекең сол орнында қимылсыз қатты да қалды. “Қайнаға немерелі болдыңыз” — дегенді естіген кезде, оның буын-буыны қалтырап, денесінен дәрмен кете бастады. “Немере дейді! Құдай-ау немере дейді. Келінжан босанған ба? О тоба, о жасаған!”

Оның кезерген еріндері осы сөздерді тынымсыз қайталай берді.

Содан соң есін жиып айналасына қарады. Қыбыр еткен жан жоқ. Молдабай да ішке кіріп кетіпті. Өзі келгенде оның далада жүрген себебін енді аңғарды. Ол екі аяғына бір-бір батпан тас байлағандай алға қарай ақырын қозғалды. Сол бойы қақпа алдына кеп тоқтады. Ашық қалған есіктен қуанышты адамдардың дабұр-дұбыр сөйлескен үндері естілді. Қарекең қақпаға сүйеніп тұрып ішке езіле, ентіге қарады.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8