ШАЛДАР

Шынында да, Молдабай сөзшең, ұстамды, аузынан шыққан әрбір сөзін ойланып айтатын байыпты кісі еді. Оның осы қасиетін Қарекең бүгінгі кеште-ақ байқап қалды.

Кеш батып, іңір қараңғылығы үйірілгенде қолға су құйыла бастады. Анда-санда ашылып қалған есіктің ар жағынан әйелдердің ду-ду күлгендері естіліп жатыр. Және асқа деген тәбетті қоздырып, есік ашылған сайын жас еттің иісі бұрқ ете қалады.

Тамақ желініп болған соң осы кеште үшінші рет дастарқан жайылып, кісілер шай ішуге кірісті. Әлгі бір әңгімешіл шалдар да сөзді неден бастарын білмей “імм, імм, шай алыңыз кәні” деп қысқа-қысқа үн қатып отыр. Бұл — сөйлеуге сөз таппағандықтан емес, келелі бір әңгімені неден, қалай бастауды білмегендіктен туған жай еді.

— Еһе, бұйрық деген осы екен де, — деді әлден соң Қарекеңмен бірге келген қария сөз бастап. — Құдай бұйыртса, міне, сіздер мен біздер жекжат болдық. Өкінгеннен не пайда, енді қалғаны қуаныш қой біздерге. Бәріміз де қыз өсіріп отырмыз. Қызы бар үйдің түбі бір өкініші бар. Сол қызымыздың қай күні кетіп қаларын Алла білсін. Бүгіндегі жастарға пәлен деу де қиын ғой. Әкелердің ойлайтыны солардың келешегі екен, теңін тапса дейді екенбіз. Молда-еке, қызыңыз жаман есікке барған жоқ. Әкесі міне, ақ тілеумен алақанын жайып алдыңызға кеп отыр. Ұл болса… өз баламызды мақтау жараспас, дегенмен қыз қалаған соң жаман болмағаны ғой, рас емес пе, — деп аздап күлімсіреп ол отырғандарға қарады.

— Е-е, әлбетте. Кім жамандасын, — деген сөздер тұс-тұстан естіліп қалды. — Імм, айта беріңіз.

Сөйтіп, құдалар алғашқы таныстықтарын мал-жан амандығымен әзіл-оспақтан бастап, түн жарымы ауғанда барып, осылайша келелі кеңеске көшті. Екі жақ мәмілеге келіп, ет құда болайық деп қол алысқанда қыстың ұзақ таңы сыз бере бастап еді.

Сол кезде ғана әйелдердің шыдамсыздана күткен сәттері де жетіп, Қарекеңдердің қоржын-қосқұлақтарының аузы сөгілді. Дүние деген жолдас емес, көңіл құрты. Ол өзгеге құлаған ықылас пен құрметтің белгісі. Қарекеңдердің алып келген үш тоғызы қыз ауылының адамдарын риза етіп тастады.

Құдасының үйінде екі күн жатқан соң, жаңа жекжат болған ауылдың қанша дегенмен сыншыл келетінін ескеріп, Қарекеңдер қайту қамына кірісе бастады.

Осы аз ғана күннің ішінде Қарекең өз құдасымен де, ауыл ақсақалдарымен де тіл табысып, етене жақын болып кетті. Бұлар жүрер кезде осында келгелі бері танысқан шалдар кәдімгідей абыр-сабыр, әуен-жәуен боп жиналысып қалды. “Сыйға сый, сыраға бал” дегендей, қыз төркіні де қарап қалмай үш шалға үш шапан жауып, тағы да толып жатқан сәлемдемелермен қонақтарын аттандырып салды. Ауылдан қозы көш ұзаған кезде, Молдабай тізгін тартып, ат басын тежей берді. Қарекең де құдасының ішкі ойын сезгендей қолындағы күміс сапты қамшысын әдейі жерге түсіріп жіберіп, соны алғалы аттан түсті.

— Ал, Қареке, — деді. Қаражан атына қайта отырып қатарласа бергенде Молдабай. Алғаш жүз көріскенде томсырайған мінез көрсеткенім үшін қазір өзім ұялып келе жатырмын. Оным үшін айып етпегейсіздер. “Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық” деген бар. Енді, сіз бен біз жекжат болдық. Қыз бердім екен деп керкитін әке мен емес, сыйлағанның құлымын. Алдыма келіп ақ бата сұрағандарыңызға бек ризамын. Көзіңізге мақтанғаным емес, ендігі бір арманым жақсы бір құда табу еді, ол тілегім қабыл болған сияқты. “Бай мен бай құда болса араларында жорға қатынайды, кедей мен кедей құда болса араларында дорба қатынайды, бай мен кедей құда болса бір-біріне зорға қатынайды” деген ғой бұрынғылар. Қазір бай-кедей деп бөлетін жайымыз жоқ, сонда да болса, әлгі айтқандай, зорға қатынап жүрмейік. Қыз бердім екен деп мен сіздерден ештеме дәметпеймін. Тек, аралас-құралас боп отырсақ маған бәрінен де сол қымбат. Одан басқа не қалды бізге. Әке үшін балаларының ойнап-күліп жүргенін көруден қызық не бар? Ендігі қалғаны солардың ғұмырлы болуы, солардың тату болуы.

Қаражан Молдабайдың сөзшең, ашық-жарқын, байыпты кісі екенін бұрын да аңғарған еді. Бірақ, оның ішкі дүниесі дәл осындай кең, әкелік мейірімі терең болар деп ойламаған-ды. Ол құдасына шексіз риза болды. Біраздан соң ол құдасының шылбырынан ұстап тоқтатты да:

— Молде-еке, құда құдалық жағымен. Мынау ақ ниет, ақ көңілмен ұсынған достық белгім болсын, алыңыз, — деп күміс сапты қамшысын ұсынды.

…Әлден уақыттан кейін шығарып салушылар қоштасып кейін қайтты да, үш жолаушы жаңа құдаларының аулынан алып қайтқан жақсы әсерлерін ортаға салып, қоңыр үнмен баяу әңгімелесіп бара жатты.

Ауылға келіп, үш-төрт күн өткен соң да Қарекең Молдабайды ұмыта алмады. Онымен бірге өткізген үш күн ешқашан ескірместей боп, жадында сақталып қапты. Тіпті, ол құдасын сағына бастаған да сияқты. Осындай түндердің бірінде Қарекең кемпірімен ұзақ сөйлесіп, жақсы жекжат тапқандарын тағы бір еске салып, мақтаныш тұтатын-ды. “Құдайға шүкір”, — деп қоятын ол бір күрсініп. — Бала беріп, сол баланың қызығын көрсеткеніңе құлдық. Осы бір жапырақ қара баланың арқасы ғой жұрт қатарлы жекжат тауып, келін түсіріп, ду-ду той жасап, ел санатына қосылып отырғанымыз. Ерғабылжан болмасын кәні, кім келер екен, кім бас сұғар екен осы үйге. Айналайын, қара баласынан сол. Кеше колхоз бастық көріп қалып сонадайдан әдейі атының басын бұрып, қолымды алып құттықтап жатыр. “Балаңыздың аяғын іліндіріпсіз ғой, құтты болсын. Биылғы көктемде өзін мақта бригадирі етіп тағайындаймын ба деп жүрмін. Күзді күні көң төгуді жиырма күн бұрын орындап шықты ғой, жарайды” деп мақтап кетті. Көрсеткеніңе шүкір де! Ертең ерте тұрып Серғазы молдаға тұмар жаздырып ал да, шымылдықтарының бір бұрышына тігіп қойшы, тіл-көзден аулақ болсын. Көрсетпе екеуіне де, әйтпесе ашуланып жұлып тастап жүрер, тентектер. Мақұл ма?

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8