ШАЛДАР

— Қыздың әке-шешесі бар ма? — деді әлден соң ол қоңыр шайды ұрттай түсіп.

— Бар. Сіңлісі де бар. Біздің үйдің қасында тұрады.

— Імм. Олардың не дейтінін білесіңдер ме?

— Е, олар не десін! Надя, а, Нәзира Ерғабылды сүйеді, оған кім қарсы тұра алады.

“Сүйеді. Кім қарсы тұра алады!” — Сөздерін көрдің бе, — деді Қарекең іштей. — Түйеден түскендей-ау, түйеден. Әке-шеше деген бұларға нақа бір қолдағы кесе секілді. Олар бұларды жаман болсын дей ме екен сірә?..

Сөйтіп, арада бір апта өткен соң, Ерғабылдың үйлену тойы болды. Бұл қуанышына Қарекең көрші ауылдағы түбі жекжат болармын деп жауап түйген үзеңгі досы Шерәліні де шақырды. Бірақ, ол жіберген шақыру қағазын нақ той болатын күні бара алмаймын деп қайтарыпты. Сонда ғана барып Қарекең Шерәлінің де өзімен жекжат болармын деп үміттеніп жүргендігін, енді келіп тойға шақыртқан қағаз оған шаншудай қадалғанын түсінді. “Қайтеміз енді, — деді ол кемпіріне. — Бала үшін ежелгі достармен ренжісуімізге де тура келер!”

Той-томалақ тарқаған соң Қарекең қасына ауыл шалдарынан екі-үшеуін ертіп алып, көрші колхоздағы құдасының үйіне тартты.

Қыздың әке-шешесі Нәзираның күйеуге тиетіндігінен бейхабар еді. Тіпті ол Ерғабылмен кететін күні кешке жайбарақат сіңлісіне көйлек пішіп отырды-ау. Содан соң сиыр сауып, кешкі тамақ әзірледі. Әрі-беріден соң даладағы итке жуынды да құйған жоқ па? Өз қыздарының ерке күлкісіне, сыңғырлаған үні, “апа-көке” деуі, бәрі-бәрі де бұл үйдің ішінде соңғы рет естіліп тұрғанын кемпір-шал қайдан білсін! Олар үшін Нәзира әлі ана сүті аузынан кетпеген жас бала емес пе еді? Осы үйде мәңгіге қалатындай еді ғой. Сөйтіп жүрген қыздары бір күн түнде жоқ болып, орнын сипалатып кеткенде, Молдабай қарттың көкірегін орны толмас бір ыза, опыныс билеп, ал ана жүрегі қарс айырылды. Байғұс ана Нәзираның анық бұл үйден кетіп, жат босағаға кеткенін жұрт аузынан естігенде, қызының кеше ғана қолына алып, екі жеңін ғана бітіре алмай кеткен көйлегін қайта-қайта көкірегіне басып ұзақ жылады. Жұрт жиналып, жапырлап басу айтып жатты.

Осы оқиға аздап ескіріп, әке-шешенің қайғысы серпіле бастаған шақта үлкен бесінмен таласып, үш құда сау ете қалды. Қарекең бір баласы екеу болып, әйтеуір бір жат үйге бас құда боп табалдырық аттайтын ең бақытты, ең қуанышты кезеңді қалай қарсы аларын көз алдына анық елестете алмаушы еді. Ал дәл қазір, көліктен түсіп, үлкен бастырманың алдындағы қазыққа ат байлап жатқанда, үйден өзінің ет құдасы бой көрсетіп сәлем бере шықпағанына іштей налып қалды. “Япырмай-ау, жаман болайын, жақсы болайын, оған мен енді алыс адам емеспін ғой. Кімнің баласы үйленіп, кімнің қызы күйеуге тимей жатыр. Күйінбейтін әке болмайды. Бірақ, ашуын ақылға жеңдіріп, өкпе-реніші болса соңынан айтса қайтеді?” — деді үйге беттеп келе жатып.

Есік алдында үш-төрт әйел пайда бола кетіпті. Бәрі де сыбырласып қана еріндерінің ұшымен амандасады.

— Ішке кіріңіздер, — деді орта жастағы бір әйел сол жақтағы қара матамен тысталған есікті ашып.

Үш құда ішке кіре бергенде қонақтардың келгенін енді ғана аңғарған кейіп көрсетіп Молдабай да есікке беттеп келе жатыр екен. Олар бір-бірімен қол алысып амандасып болған соң үй иесі “шешініңіздер” — деді. Осы кезде ауызғы үйден кішкене қыз бен тағы бір әйел кіріп, қонақтардың киімін шегеге іле бастады. Жаңа жекжаттардың алғашқы жүз көрісуінің көңілсіз сәттері артта қалып, бес-он минут өткен соң, қонақтар төрге салынған құрақ көрпеге жайғасып отырды.

— Иә, мал-жандарыңыз аман ба? — деді Қарекең бірінші боп тыныштықты бұзып.

— Шүкір, — деді Молдабай ақырын ғана. — Өздеріңіздің?

— Ақырындап. Қалай, қыстан күйлісіздер ме?

— Биылғы қыс қытымырланып тұр ғой, құдай ақырын берсін, — деді Молдабай тамсана сөйлеп. Сөйтті де есіктен кіре берген әйеліне әлдене деп ымдағандай болар-болмас иек қағып қойды. Оның мұнысы “көрші шалдарды шақыр” дегені еді. Әйелі оны салған жерден түсініп, қайта шығып кетті.

Арада бір сағаттай уақыт өткенде ішкі үйдің төрі мен босағасына дейін қонақтар тізіліп отырды. Төрге өрмелеген сайын кісілердің жас жағы да өсе түскен. Шалдар жағы кезек-кезек, өткен-кеткенді әңгімелеп, гу-гу күліп қояды. Ал, төменгі жақта шай құйып, кесе ұзатып отырған орта буынның адамдары анда-санда “япырмай, міне, пәленше-екем оңай емес біздің” деп әңгімешіге дем беріп жатыр.

«Жылқы мен жылқы кісінескенше, адам мен адам сөйлескенше» деген осы ғой. Шалдар жиналып, әзіл-оспақ араласқан соң Қарекең өзін алғаш кіріп келгендей емес еркін, кең ұстады. Құдасы да жаман кісі көрінбейді. Болса да келгелі бері бақылап отыр. Әңгімесі дәмді екен. Тыңдаушысын тамсандырып, айызын қандырып тастайды. “Әлбетте, әлбетте, — деді Қарекең өзіне-өзі. — Қыз ашуы оңай дейсің бе? Соның орнында мен болсам қайтер едім? Алғашында солғын болса, кеудесін ашу кернеген шығар. “Ашу алдында, ақыл соңында” деген бар емес пе?”

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8