ШАЛДАР

Ақымақтар-ай, тентектер-ай түге! О, жарым естер-ай десеңші!

Бойына сыймаған күйініш пен өкініш, Қарекеңнің жан түбінен осы бір сөздерді лақтырып тастады. “Не жетпейді, опыр-ау не жетпейді екен бұларға. Ел тыныш, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап, ақ түйенің қарны ақтарылып жатысы мынау. Белі сырқырап жұмыс істеп жатқан да жоқ қой жүдә. Енді не жетпейді бұларға? “Осылар жесін, осылар кисін” деп жар құлағың жастыққа тимей, жарасымды өмірлеріне жаның сүйсініп, “е, құдай, балаларымды бақытты қыла гөр, өмір жастарын ұзақ қыла гөр” деп жүргенде, бұл ақымақтардың сүттей ұйыған тұрмыстары нілдей бұзылып, қақыратып кетті-ау қабырғаны! Ақымақтар-ай, тентектер-ай түге!

Қарекең ұзақ түнге кірпік ілмей, жиі-жиі күрсінумен болды. Түн ортасы әлдеқашан ауып қалған. Жанындағы кемпірі де көпке дейін көз жұмбай, өзімен бірге күрсініп, аһ ұрып жатыр еді, енді маужырап ұйықтап кетіпті. “Қайтсін, шаршаған шығар байғұс. Таңның атысынан күннің батысы қыбыр-қыбыр бір тыным көрмейді, — деді Қарекең кемпіріне аяушылықпен қарап қойып. — Оның үстіне, мына уақиға да оған оңай тиіп жүр деймісің. Осының бәрін көре-біле тұрып, кейде оған орынды-орынсыз қожыраңдаймын кеп-кеп. Енді қартайғанда, осым не менің осы? А? Тоба!”

Дала сүттей жарық. Терезеден дір-дір етіп ай сәулесі құйылып тұр. Үй ішінде асыр салған ай нұрынан қабырғада ілулі тұрған киім-кешектер қарауытып көрінеді. Далада да, үйде де мүлгіген тыныштық. Бір кезде сыртқы есік сарт жабылып, маужыраған дүние селт ете түсті.

“Ерғабыл ғой. Ол неге ұйықтамай жүр екен? Әй, ақымақ, осының бәріне сен ғой кінәлі. Келін байғұстан ештеңе де жоқ сияқты-ау. Араларыңа түсіп абырой таба ма бұл адам. Өзіміздікі жөн. Өзіміздікі дұрыс дейсіңдер де тұрасыңдар ғой, түге. Ұрыса беретін жас бала емессіңдер тағы да. Қайтерсің енді?”

Қарекеңнің есіне өткен күндердің уақиғасы түсті. Онда Ерғабылдың әлі үйленбеген кезі. Ауылда он бір жылдықты бітірген соң, араға екі жыл салып Шымкенттегі мұғалімдік институтқа документ тапсырды да, пизика дей ме, қимия дей ме, әйтеуір бірдеңесінен құладым деп қайтып келген. Сонан соң бес-алты күн бос жүріп, қыз-келіншектермен бірге мақта теруге араласты.

Арада бір-екі ай өтіп, жиын-терін болған шақта Ерғабыл қояр да қоймай жүріп, мақта теруден жинаған ақшасына бір мотоцикл сатып алды. Сол сол-ақ екен, оны үйден табу қиынға айналды. Азанмен тұрып алады да, шашы желбең-желбең етіп әлгі машинасымен әлек болып жатқаны. “Тамағыңды ішсеңші, суып қалды ғой” деген сөзге “міні, қазір, қазір” деп құдайдың сәске түсіне дейін жүреді. “Ойбай-ау, алғаныңа шөміш кебетін уақыт болған жоқ, сенің матасекіліңнің бір бәлесі бар ма, ертеден кешке дейін түрткілейсің де жатасың. Анау Ергешбай мінеді де жүре береді ғой осы”, — деген Қарекеңнің сөзіне Ерғабыл: “Ой, көке-ай, әпкаткіден, өткенше күтіп мінген жақсы, немесе тез тозып қалады”, — деп жауап беретін. Сонан соң үйге кіріп бір пиялай айранды нансыз сіміре салатын да әлгі матасекілін тырылдатып бір жаққа ғайып болады. Қайда баратынын айтып кетсе айналайын дейсің ғой, ләм демейді. Кейде сол кеткеннен мол кетіп, екі-үш күн бойы зым-зия хабарсыз кететінін қайтерсің. Үйдегі ата-анасы түнемеге кірпік қақпай таң атқанша дыр еткен дыбысқа құлақ түріп жатқаны сол. “Ойпыр-май, мына баласы түспегір аман боса болғаны. Ана қу темірді қайдан сатып ала қойып еді. Бір пәлеге ұшырады-ау сол!” — деп Қарекең мен Бибінұр шешей қарап жатып қайғы жұтады. Өстіп, далаға қайта-қайта тың тыңдап, балаларынан еш дыбыс ести алмай тып-тыныш жатқан бір шақта есік алдына мотоцикл дүр-дүр етіп кеп тоқтай қалады. Екі қария қуаныштан жүректері жарыла жаздап есікке жарыса ұмтылады. Қартайғанда ата-ана перзентінің алдында бала болады екен-ау! “Ой айналып кетейін сенен! Матасекіліңнен де айналдым-ау. Дүр етіп жетіп келді әні, о шүкірім” — дейді екеуі.

Осы жұмыр жер бертінде тек Қарекеңнің ғана баласы осылайша ерекше жаратылған ба, әлде, барлық әке мен баланың арасында болмай қоймайтын заңды алшақтық па, Ерғабыл даладан келгенде кәрі адамның жанын жадыратып, айызы мен мейірін қандырып, ашық-жарқын бір сөйлемейді. Сұрақ қойса ғана қысқаша жауап береді де, өз бетінше бір нәрсемен айналысып тұрғаны, тіпті ештеңе таба алмаса адам түсініп болмайтын қайдағы бір жоқ өлеңді ыңылдап айтып отырады. Мұндағы ата-аналар өзінен жарқын бір сөз естуге ынтық болып, онсыз өткен екі-үш күндері жылға теңеліп кеткенін, ай тентек-ай, бір түсінсейші, ой жіберсейші соған бір.

Осындай кездерде Қарекең жарыла жаздайды. Ақыры шыдай алмай: “Ау, айтсаңшы күмілжімей, қайда болдың, не іс істедің? Біз бөтенбіз бе осы саған? Үйде бармыз ба, жоқпыз ба, онымен ісің болмайды ғой жүдә, а. Құдай біледі, кіріп келгенде біз өліп жатсақ “о, өліп қапты ғой мына байғұстар” дейсің де қоярсың. Ұнжырғасы түседі де жүреді”, — деп ұрысып кеп алады баяғы. Бірақ, Ерғабыл: “Не айтамын. Тоқтарбектің үйінде болдым. Жатып кет, жатып кет деп жалынған соң бір-екі күн түнедім…” — деп сөзінің соңын жұтып қояды.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8