ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Шөмішбай қарт орнынан тұрып, дәретін алды, намазын оқып болып, үйден қозы көш жердегі қауындыққа беттеді. Шелектей-шелектей ақ торламалар мәнтінен үзіліп, арық ішінде домаланып жатыр екен. Бес-алты басыпалдыны ит жеп, жегенімен қоймай пәйкелді шошқа аунағандай майқамдап тастапты. Қарт күйіп кетті.

— Ит жесін деп еккен екем ғой бұларды! Қап шошқаның иті-ай! Ана сүмелек Есіркепке мылтық әкеп бер деп құдайдың зарын қылғаным қашан! “Мәкүл көке” деп кетіп еді, мылтық әкелмек түгіл қарасын да көрсетпеді ғой. Обалдағы-ай, обалдағы-ай!

Ол майқамдалған пәлектерді жөндеп, ит жеп кеткен қауындарды анадайда ағып жатқан арыққа лақтырды. Домаланған ақ торламаларды бір жерге үйіп болып, қыр басынан қылтиып көрінген күнге қарап белбеуінің ұшымен бетінің терін сүртті. Тері басылып, денесі салқындаған соң құлақ арықтағы, сылдырап ағып жатқан мөп-мөлдір мұздай сумен бетін жуды. Сонан кейін қауындық басына кеше кешкілік арқандап кеткен көк есекке тоқым салып, айылын тартты да, қауын тола екі қапты қоржын етіп артып, иесінің тым ерте әбігерге салғанына наразылық білдіргендей басын төмен салбыратып әлі самарқау тұрған есекті “ықы, арам қатқыр!” деп су арқанның ұшымен тартып жіберді. Иесінің әлденеге ашулы екенін біле қалған әккі есек бірден сергіп, типыңдаған жорғасына басып үйренген жолдың шаңын будақтата үйге тартты.

Есік алдындағы үлкен шайла астында үш-төрт немересі пырылдап ұйықтап жатыр. Кең төсекте аунай-аунай әрқайсысы әр тұсқа шашылып қапты. Анау, басы төсектің аяқ жағына қарап қалғаны — үлкен баласы Жарылқаптың ортаншы ұлы, ала мысықты құшақтап ұйықтап жатқаны — Мүсіркептің кенже қызы, ал бергі шетте, жастығын аяғына жастап жатқаны — Ордабасыдағы жиен қыз. Үлкені алтыда, ең кішісі екіде, бұлардың арасында Арыстағы Есіркептің ғана баласы жоқ. Көктемде барып кішкентайларын алып қайтпақ болғанда баласы: “Әлі тым жас қой көке, сәл буыны қатайсын, сонан соң өзім апарып тастаймын” деп күмілжіген. Келін де пәлендей ниет білдіре қоймады. Шөмішбай қарт ызаға булығып, күйіп қайтты. “Ойбай-ау, бұ жамандарға бала не керек. Өздерінің жүрісі анау, аттың жемін жеп, тайдың тірлігін істейді. Күні бойы екеуі екі жақта. Сөйтіп жүріп балаларын қимайтынын қайтерсің! О, жамандар, күшіктер, кеше ғана еді ғой мұрындарыңның тыйылғаны, бүгін кеп бала керек боп қапты!..”

Енді міне, осындағы үш немересін көңілге тоқ санамай екі пұт ұн мен екі қап қауынды есек арбасына тиеп ап, Шөмішбай қарт Арыстағы Есіркептің үйіне күн бақан бойы көтеріле бергенде шу деп жүріп кетті.

Ауық-ауық “ықы” деп қойып, арба үстінде үнсіз келеді. “Осы иттер әке-шешеміз бар-ау деп ойламайды ғой деймін. Әйтпесе “қалайсыңдар?” деп сүт пісірімге келіп кетсе қайтеді шіркіндер. Бір-екі қадақ қанты мен үнді шайларының, тіпті мылтықтарының да керегі жоқ жүдә, өздері көрініп кетсе нетеді. Қауын-қарбыздың сас боп пісіп, ит жеп, ит жегенінен қалғаны шіріп жатысы анау. Осылар келеді, осылар жейді, осылар рахатын көреді деп көктемнің көк өзегінде бүгілген белді бір жазбай ертеден қара кешке дейін төккен терімнің бекер болғаны ма? Келеді деп күнде тосамыз, дарбазаны жел сықырлатса да сендердің біреулерің екен деп елең ете түсеміз… Әрқайсысы әр жақта, сонда жұрттан асып, ел сұрап бара жатқандары да шамалы. Бірі Шымкентте, бірдеңе деген зауытта, бірі Сайрамда, қыз болса Ордабасыда, ал Есіркеп Арыста. Ай, осы Есіркеп адам болса да әупірім тәңіріммен әрең адам болды-ау. Бешірни оқып он класс бітіремін деп жүрісі анау. Ол иттің күшігіне “оқы, оқы” деп құдайдың зарын қылып ем, тыңдамады. Текнікүмге түсем деп қағаздарын алып, Шымкент тақиясына тар келгендей Алматы асып кетті. О жақ мұны қайтсін. “Әйда, жөндеп оқып кел” деп қайтарды да жіберді. Көңкүрс дей ме, бірдеңесінен өте алмадым деп жуып-шаяды тағы да. Енді әні, екі-үш жыл селтеңдеп жүріп-жүріп, ауылда төрт дөңгелек құрып қалғандай Арыста мәшине айдап жүр. Үлгіре алмай қалатындай үйленіп алғанын қайтерсің, о әжине! Енді кеп, келін екеуі қабаттасып он класс тауыспақ. Күндіз дарымаған оқу түнде дариды деп жүр ме екен түге? Ал, ана қаршадай баланың тірі жетім боп жүрісі анау, әрбір қолы бос кемпірдің босағасын сағалап. О, Алла, өстіп те бала өсірмек пе олар. Алып кетем десең қимайды тағы. Ойбай, нақұрыстар-ау, сегіз ай толмаған баланың қарны ашпай ма, жаялығы былғанбай ма, жылай-жылай ішегі қатпай ма, қанша айтқанмен біреудің аты біреу ғой. Өздерінің қайтіп өскендерін ойласа қайтеді, осы күйі аспаннан салбырап түсе қалдық деп жүр ме екен?”

Арысқа түс ауа жетті. Күн жексенбі еді. Балалары үйде екен. Есік алдына тоқтаған арбаны көріп, Есіркеп майкасымен далаға жүгіре шықты.

— Зеркүл, көкем келді, көкем! — деп айғайлап жіберді де әкесін құшақтай алды.

— Аулақ, — деп Шөмішбай баласының қолын сілкіп тастады. — Немене, жас бала құсап. Әлі есің кірмеген бе?

— Кө… көке-ау, не болды?..

— Не болғанын қайтесің. Сендер жатыңдар, қаннен-қаперсіз, мен жүрейін шілденің күнінде шырылдап. Бар, анау арбаны шығарып, есекті көлеңкеге байла да, үстіндегілерін түсіріп ал.

Pages: 1 2 3 4