Дулат ИСАБЕКОВ: АРЫС ОҚИҒАСЫ – ҮЛКЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПСЫЗДЫҚ

Махамбет Өтемісұлы айтқандай, «Тағы да келдік тар жерге, таңдасаң тағы болар ма?» деген. Тағы да біз тығырыққа тірелдік. Тағы да топалаңның астында қалдық. Бір қала, бір өңір халқы Ақтабан Шұбырындыдағыдай дала кезіп, бас сауғалап кетті…

Мемлекет де, қарапайым халық та шама-шарқынша, қол ұшын созып жатыр. Жекелеген кәсіпкерлер де миллиондап қаржы аударып жатыр. Осының бәрінің алдын алуға болатын ба еді? Болатын еді. Ертелі-кеш осы жарылыстың болатынын билік жақсы білді. Бірақ, әрекетсіз отырды. Бұл жөнінде 2014 жылы Парламент депутаты сөз сөйлеген: «Бұл – Арыстағы үшінші жарылыс. 4-ші жарылыс орын алса, бұл өте жойқын және оның зардабы өте қиын», – деді. Билік осыны естіді, білді, көрді. Әскерилердің құлағына тиді ме? Тиді. Бірақ оған кезінде биліктен ешкім де пысқырып қараған жоқ. Баяғы салақтық, баяғы бойкүйездік, баяғы жауапсыздық және жемқорлық. Осы біздің құлқынқұмарлығымыз ақыры орға омақаса жығып тынды. Арыстағы қару-жарақ қоймасына жыл сайын қыруар қаржы бөлінетіні белгілі. Бірақ өкінішке орай, аталмыш қаржы діттеген жеріне жетпейді. Екі ортада біздің еліміздің «дәстүрлі» әдетінше, талан-таражға түсіп, ол қоймаға күні бүгінге дейін көк тиын да жұмсалмай келген. Қазір орта жастан асып қалған, бұрын осы салада қызмет істеген кейбір адамдар: «Мен сол жерде көп жылдар жұмыс істеп едім, содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Электр құрал-жабдықтары мен электр жүйелерінің сымдары барлығы кір жайған арқан сияқты салбырап тұр. Бір күні жарылыс болады ау деген әңгіме сол кездері де айтылған-ды», – дейді.

Енді, міне, қу құлқынның қамын ойлағанның аяғы осыған алып келіп соқты. Біздің елде өте бір жаман «дәстүр» қалыптасты. Көшеміздің жолдары ойдым-ойдым болып жатса да, ол жерде қашан апат орын алып, адамдар зардап шекпейінше, ол шұңқырларды да жөндемейміз. Сонымен қатар, кәріз құбыр­ларын да қашан оған адам түсіп өлмейінше, оны жаппаймыз. Міндетті түрде осындай жарылыс, осындай құрбандық, ала топалаң керек. Сонда ғана біз қимылдаймыз. Сол снарядтардың барлығын сыртқа енді шы­ғарып жатыр. Ал бұрын неге шығармады, бұрыннан бері естіді, көрді, білді. Енді Арыс тұрғындары босқын болып кетті. Оның трагедиясының мөлшерін айтпай-ақ қояйын. Айрандай ұйып отырған елдің қас пен көздің арасында ұйпа-тұйпасы шықты. Осыны жауапкершіліктің жоқтығы ғана деп айта алмаймыз. Бұл – үлкен қылмыстық дәрежедегі жауапсыздық. Бұл оқиғаға кінәлілер анықталып, қатаң жазалануға тиісті. Жазаланғаннан не пайда? Елдің жағдайы мынадай күйге түскенде. Егер де қазір Сталиннің заманы болса, олардың біреуі де тірі қалмас еді. Бізде жазалаудың өзі де қисынсыз жүзеге асады. Түрмеге түскендер не себепті екенін білмеймін, «үлгілі тәртібі үшін» деген желеумен екі үш жылдан кейін босап шығып жатады. Қылмыс жасап, түрмеге қамалып отырған адамда қандай үлгілі тәртіп болуы мүмкін? Оқиғаның орын алу себебіне тексеріс жүргізілген кезде бәрін жуып-шайып көрсетуі де ғажап емес. Бірақ бұл жолы ешкімге аяушылық жасалмауы керек. Баяғыда көшіретін нәрсені көшірмеді. Енді қандай жарылысты күтуіміз керек? Жауапты қызметкерлер Қызылағаштағы су тасқынын да алдын ада білген. Бірақ сонда қыңқ етпеген. Мен кейде амалсыздан біздің елімізде қазақ халқына астыртын қастандық жұмысы жүргізіліп жатқан жоқ па деп те ойлаймын.

Неге Премьер-министр, Қорғаныс министрлігі мұны алдын ала білмейді? Жауапты адамдардың барлығы неге хабарсыз?

Менің балалық шағымның барлығы осы жерде өтті. Кеңес үкіметі кезінде бұл қару-жарақ қоймасы үлкен қоршауда болып, адам аяғы баспайтын. Тәуел­сіз­діктен кейін былыққа батты. Ол жерде талай адам жұмыс істесе, екі адам ғана қайтыс болыпты дейді. Мұның өзі де ақылға қонымсыз. Ол тіпті, мүмкін емес. Егер шыны­мен көпшілігі аман қалса, онда олар жұмыста болмаған деген сөз. Осындай кереғар түсініктер өте көп.

Ал енді менің ағайындарым, жерлестерім, «Құдай салды, біз көндік» демекші, бұл да бір тағ­дырдың тәлкегі шығар. Сендер елімізді басқарып отырған басшылардың жауапсыздығының кесірінен өздеріңнің отандарыңнан безіп кетуге мәжбүр болдыңдар. Екінші рет қайталанбаса екен. Енді өзі ештеңе де қалмады ғой деймін Арыста. Енді сабыр сақтаудан басқа амал жоқ…

Ресейдегі Кремль басшылары Қазақстанға АЭС салуға өте құштар. Олар АЭС-ті бізге неге тегін салып бергіш болып қалды? Неге олар бізді жарылқай қалды? Күндердің бір күнінде ол АЭС Чернобыль апаты сияқты жарылса, онда жарты Қазақстанда тіршілік тоқтайды. Өйткені, бізде бұл саланың мамандары жоқ.

АЭС салуды тоқтатуға осы Арыстағы апат себепші болады деп үміттенемін. Мүмкін бұл бізге Жаратушы иеміздің АЭС-тен сақтаныңдар деген ескертпесі шығар.

Арыс тұрғындары мұндай алапат апатты бұрын-соңды көрген емес. Аштық жылдарында да мұндай оқиға орын алған жоқ. Тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, өз күнін өзі мамыражай аспан астында көріп келе жатқан халық-тұғын. 30 елдің қатарына қосылып, еңсемізді тіктеп келе жатқан тұста осындай күйге түстік. Бұған дейін қаржы жоқ деген желеумен қойманы ауыстырмадық та, залалын енді қарапайым халық тартып жатыр.

Биылғы жыл Қазақстан үшін қаралы жыл ретінде жариялануы керек. Астана күні, тағы сол сияқты түрлі пайдасы жоқ шараларды тоқтату керек. Мұндай астана сонда Ресейде, Өзбекстанда жоқ па? Неге біз бір Астананың туған күнін қыруар қаржы шығарып жер-жерде жыл сайын тойлаймыз? Мұнымыз дарақылық қана. Егер біз Астана күнін тойласақ, халықпен бірге қайғырмағанымыз, қайғыр­сақ та өтірік қайғырғанымыз. Сондықтан, әзірге ауқымды шараларды өткізуді мүлде тоқтатуымыз керек.

Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

https://qazaquni.kz/2019/06/28/101707.html