ӘКЕ

Алматыдағы бір құрылыс басқармасының аға инженері Әшірәп Байтұрсынов қызметтен үйіне оралды. Әйелі Ғазиза осыдан екі күн бұрын кішкене Ержан мен Сейтекті ертіп, Шымкенттегі төркініне кеткен еді. Мазасын алатын ешкім жоқ. Сондықтан ол өз бөлмесінің есігін ашып тастап, жұмсақ орындыққа шалқалай түсіп, күнделікті газеттерді қарап отырды. Осы кезде ауызғы үйдің есігі сарт етіп жабылды да, әлдекім тасыр-тұсыр етіп кіріп келді. “Ай, Есенжол-ай,— деді Әшірәп ішінен. — Тасырламай бір жүрмейсің-ау!” Ол бұл ойын аяқтаймын дегенше, бөлмеге ұлы да кірді. Есенжол үйреншікті әдетпен әкесіне бас изеп, оның қарсы алдына отырды да газеттерді тез-тез қарап шықты.

— Қайдан келдің? — деді әкесі ұлына көз тастап.

— Ә, мен бе? — Ол басын көтермеген бойы жауап қатты. — Мен институттан…

— Тамақ іштің бе?

— Іһм.

— Қайдан іштің?

— Володьканың үйінен. — Есенжол осыны айтты да, әлдене есіне түскендей орнынан атып тұрып, өз бөлмесіне беттеді. Шығып бара жатып:

— Папа, есікті жауып қояйын ба? – деді.

Әшірәп үндемей бас изеді. Өйткені қазір ұлы не пластинка ойнатады, не баян тартады, я болмаса қол сандықтарын аударыстырып, бірді-бірге соғыстырып тасырлатады. Осылай етерінде ол ылғи да “Есікті жауып қояйын ба?” — деп сұрайтын.

Дәл солай болды. Есенжол өз бөлмесіне бара салып, қол сандықтарын аударыстырды. Әлденелерді сытырлатып, газетке орап салып жатыр. Ара-арасында ысқырып әндетіп қояды. Оның политехникалық институтқа түскені биыл ғана болатын. Әшірәпқа ол әлі күнге шейін уыздай жас сияқты болып көрінеді. Сондықтан оның үйге кешікпей келуін, кино дегенді көп көріп, кез келгенмен дос бола бермеуін ылғи қадағалап отыратын. Есенжол Әшірәптың салауатты тәрбиесін көріп өскен еді. Сондықтан оның өзі де көп желіге бермей, ұстамды, ойлы болуға тырысатын. Ұлының осы мінезі әке көңілін бір мезгіл желпінтіп тастайтын-ды. Сөйтсе де ол бұл сырын ұлына сездірген емес. Сездірсем, масаттанып кетіп жүрер деп ойлайтын.

Ұлының бөлмесінен музыка әуені естілді. Біраздан соң ол әуен кілт тоқтай қалып, басқа сазға ауысты. Тағы да, тағы да… Әшірәпқа оның осы мінезі-ақ ұнамайды. Бөлмесіне кіріп барсаң — толған пластинка, бейтаныс артистердің суреті, төсек асты толған кірдің тасы.

— Сен не істеп жатсың? – деді ол ұлының бөлмесіне кіріп.

— Ленталарды іріктеп жатырмын. Ертең тыңға жүреміз.

— Імм. Ертең жүресіңдер. Дұрыс. Ал мына магнитофонды қайтпексің? Барған жерлеріңде электр бола ма, болмай ма?

— Болады, — деді ұлы көңілдене үн қатып. — Болмаса, болдырамыз. Біздің Қазбектің қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Ол ағаштан түйін түйе білетін шебер.

— Солай де. Кім ол Қазбек деген сонша?

— Кімі несі, жолдас жігіт. Өзі, міне, мынандай! —Есенжол бармағын көрсетті.

— Қазбек дегенің анада үйге бір рет келген қара жігіт емес пе?

— Иә, иә, тап өзі. Мені алғаш Володькамен таныстырған сол. О, сен онымен сырласып көрсең! Романтик! Жаны қандай таза!

“Володька, Қазбек, Сережка… тағы-тағылар, — деді Әшірәп бөлме ішінде екі қолын артына ұстаған бойы әрлі-берлі жүріп. — Осының-ақ дос болмайтыны жоқ. Романтик деуін қарашы. Не ол романтик деген? Өстіп жүріп бір күні…”

Осыдан бір айдай бұрын Есенжол кеш оралды. Ояу отырған әкесін көріп, кірген бетте босаға жанында тұрып қалды.

Әшірәп ұлына жақындап кеп, оның үстінен әтір мен опаның жұпар иісін сезді:

— Екіншілей, мұныңды қайталайтын болсаң, менен жақсылық күтпе! Түнде қыдырушы болма! — деді ол.

— Папа… мен… жас емеспін ғой, — деді Есенжол күңк етіп.

— Ә, жас емессің! Сонан соң екен ғой түнде қыдыратының. Жетті, бар, ұйықта!

Содан бері Есенжолдың бейсауат жүргенін көрген емес еді. Екі-үш күн болды, тағы кеш келетінді шығарды. Институтқа түскені де сылтау. “Өткен жолы түнде үйге қонбады. “Жолдас” деген сөзді тауып алыпты. Аузынан тастамайтынын қайтерсің. Жолдастың қадірін білетін кезі болды ма екен десейші өзінің! Енді, міне, шошаңдап лента іріктеп жатыр. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, тыңға барған соң селтеңдеп бір билемек қой сабаздарың”, — деп ойлады Әшірәп.

Ол ұлының жолдастарын бір-екі рет көргені болмаса, жақсы біле бермейтін. Анада, өзі мақтап отырған Қазбегін көргенде бет әлпетінің, сөзінің балаңдығына қарап: “Ойбүй, жігітпіз деп қояды-ау бұлар да”, – деп көңілі толмай қалған. Сонан соң олармен көп сөйлесе бермей, өз бөлмесіне кетіп қалған еді…

— Папа, — деді бір кезде ұлы әлдене туралы өтінетіндігін даусымен-ақ сездіріп.

— Не демексің?

— Мені… маған бүгінге… рұқсат бересің бе?

— Қайда бармақсың?

— Ертең жүреміз ғой. Біраз жолдастар Володьканың үйінде…

— Тағы да Володька, — деді әкесі теріс айналып. — Әнебір боксерсымақтарың ғой дардай ғып жүргендерің.

— Боксерсымақ емес, нағыз боксер. Ол мастерлікке кандидат.

— Оһ! Мастерлікке кандидат де! Иә, онда не бар?

— Онда… жолдастар… жиналмақшы едік.

— Ә, міне, мәселе қайда жатыр! Ішеміз дейсіңдер ғой қылқылдатып. Солай ма?

Есенжол үндемеді. Мектеп оқушысындай басын салбыратып тұра берді.

— Үндемейсің. Демек бәрі де түсінікті. Сен оны қой. Одан да жақсылап дем ал. Кетер алдында адам өз үйінде болғаны дұрыс. Әлде, менің қасымда болғың келмей ме?

— Мәселе онда емес…

— Вот именно, мәселе сонда! Бармайсың! Екеуміз үйде боламыз, әңгімелесеміз. Сен заттарыңды жинастыр. Ертең асығыс боп, киімдеріңді ұмыт қалдырасың, — деді Әшірәп мейірлене сөйлеп.

Сонымен Есенжол жіпсіз байланып үйде қалды. Әшірәп ұлына керекті заттардың бәрін өз қолымен рюкзакқа салып, тап-тұйнақтай етіп қойды. Магнитофонды ақ кенеппен тыстады.

Әшірәп түнімен ұлына ақыл айтты. “Мен саған зияндық ойламаймын” дегенді екі-үш сөйлемнен соң араластыра келіп, елде өзін қалай ұстауды, жолдастарымен қандай қарым-қатынас жасауды, тіпті сол жолдастардың өзін қалай таңдау керек екендігіне шейін бар білгенін айтты. Ұлы үнсіз тыңдаумен болды. Бірақ оның ойы басқа жақта еді. Ол өзін күтіп отырған жолдастарын, сүйкімді Мәрияны көзіне елестетті. Мәрия есіне түскенде Есенжол орнынан атып тұрып, солай қарай жүгіре жөнелгісі келді. Әкесі ұйықтап қалғанда ұрланып кетуді де ойлады. Бірақ, ол кісі көпке шейін көз ілмеді. Тез ұйықтай қалғанның өзінде де әке сөзін Есенжол жерге тастамас еді. “Мәрия күтіп отыр-ау мені, — дегенді ол іштей қайталаумен болды. — Маған ренжитін шығар”.

Әке мен бала ерте тұрып тамақтанды. Сонан соң институтқа тартты. Жолда магазиндерге соғамыз деп жүріп, студенттер жиналатын жерге кешірек келді. Жігіттер мен қыздар ашық машинаға жүктерін тиеп қойыпты. Өздері көрінбейді, тек жалғыз бір қыз тұр екен.

Есенжол кілт тұра қалды да, әкесінің қолындағы магнитофонды алды.

— Папа, сен осы жерде тұра тұр, мен қазір келемін, —деп ол ауыр салмақтан бүкшеңдеп, ілгері қарай жүгіре жөнелді.

Әшірәп не болғанын түсінбей ақырын басып келе жатты. Темекі сауытын алып, сигарет тұтатты. Бір кезде машинаға жақындай берген ұлының қасына әлгі орта бойлы, талдырмаш қыздың жүгіріп келіп, оны құшақтай алғанын көрді. “Әдепсізін-ай!” деп Әшірәп теріс айналды.

Машина мен Әшірәптің арасы тас лақтырымдай ғана жер еді. Сөйлескен сөздің бәрі анық естіліп тұр.

— Есен, сен неге келмедің? Біз қандай күттік. Мен ше? Папаң ба, мамаң ба — біреуі ауырып қалды ма, я болмаса, өзі бір нәрсеге ұрынып қалды ма деп қатты қорықтым.

Әшірәп еріксіз солар жаққа қарады. Сол кезде ұлының өзіне қарап тұрғанын көрді. “Жоқ, әдепті қыз екен, — деді Әшірәп. — Папаң ба, мамаң ба, біреуі ауырып қалды ма деп қорықтым дейді. — Уайымшылын қарай гөр өзінің. Қандай сүйкімді еді өзі. Менің ұлымның… есі бар-ау деймін. Айналайын сенен”.

Сол кезде іштен бір топ қыз-жігіттер топырлап шыға келді. Әне, әне бір алдыңғысы — Қазбек. Әне біреу тәпелтектеуі айта беретін Володька.

Олар машина жанында тұрған Есенжолды көре салып, оған лап қойды.

— О, Есенжол!

— Оу, қайда жоғалып жүрсің?

— Кеш болса үйінен шықпайды. Қыздан жаман.

Жігіттер оны ортаға алып қалды…

Біраздан соң Есенжол әкесінің қасына келді.

— Папа, машина жүргелі тұр. Жұмыстан кешігесің ғой, кете бер…

Әшірәп үндемей баласының соңынан ере берді. Ол бір топ жігіттің қасына келгенде бәрі де бұған кезектесіп сәлем берді. Олар мұнымен біраз сөйлесті де, өзді-өзімен боп кетті. Әшірәп көзімен әлгі бір “сүйкімді” қызды іздей бастады. Ол бұл жерде жоқ боп шықты. “Ұялған ғой, — деп ойлады Әшірәп. — Есенжол оған басқа жаққа бара тұр деген шығар”.

Ұлы үш-төрт жігіттің ортасында тұр. Тап осы жолы әкесі өз баласын танымай қалды. “Апыр-ау, мынау өзі қалай өзгеріп кеткен, сап-салмақты ғой. Мен неге байқамағанмын мұны!”

Әшірәп өзі жеке қалып қойыпты. Ұлының бұған қайырылуға мұршасы жоқ. Әне бір жігіттердің ішінде әлдене туралы қызу сөйлеп тұр. Қалғандары Есенжолды ұйып тыңдай қалған.

Әшірәп оларға қызыға қарады. Ішінде өз баласы, Есенжолы кетіп бара жатқанына масаттанды. Әкелік мақтаныш сезімі оянды. “Досты жақсылап таңда, кез келгенімен жолдас бола берме” деп ұлына талай айтқандығы үшін өзі өкінді.

Бірнеше минуттан соң машина орнынан қозғалды. Есенжол қол бұлғап ұзай берді. Сол кезде барып Әшірәп оның жанында көзге түспеу үшін бұғып қана отырған баяғы “сүйкімді” қызды көрді. “Қай кезде машинаға мініп үлгерген, — деді ол жұмысқа келе жатқанда. — Дегенмен, естияр екен өзі”.

Ол ұлын көз алдына тағы елестетті. “Кеш болса, үйден шықпайды. Қыздан жаман” деп тастады-ау біреуі. Қандай қатал айтады. Ұлымның көңілі төмен боп қалды-ау, қарағым-ай. Кеше неге жібере қоймап едім. Ер жетіп қалғанын қалай байқамадым мен оның. Кеше ғана емес пе еді бесікте жатқаны. Жылаған үні әлі құлағымнан да кеткен жоқ қой”.

Ол ұлына деген сағыныштың әлден-ақ жүрегіне үйіріле бастағанын сезді. Оған осы кезге шейін жас баладай қарап, қатал ұстап келгеніне іштей өкінді. Әке үшін нағыз қуанышы мен реніші мол ұйқысыз түндердің енді ғана басталып келе жатқанын ол алғаш рет сезді.