МҰРАГЕРЛЕР

СССР  халық әртiсi Сәбира Майқановаға арнаймын

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Салиха

Сызғанова

Сызғанов

Төрехан

Перуза

Жiгiт

Қалыңдық

Комиссияның  бiрiншi мүшесi

Комиссияның екiншi мүшесi (әйел)

Үй сатып алушылар

Жұмысшылар 

 

БIРIНШI  БӨЛIМ

Қазақстанның облыс орталықтарының бiрi боп саналатын қаланың шеткерi жағына орналасқан шағын бау-бақшасы бар, төбесiн қызыл түнiкемен жапқан еңселi үй. Үй жиһаздары 40-50-жылдардың  үлгiсiнде. Бұл шаңырақта жастар тұрмайтындығы ескi бұйымдардан, олардың жиналуынан- ақ анық аңғарылады.

         Қыстың қақаған кезi. Үстiне сары күпәйке киiп, белiн буынған, басына салы орамал тартқан Салиха  бiр қап аязды алып iшке кiредi. Қолындағы көмiр толы шелегiн пеш жанына қойып, қалақпен пешке көмiр салады. Сонан соң пеш жанындағы столға кеп отырып, дауыстап қағаз жаза бастайды… Әр әрпiн бөлiп ежiктей  жазады.

 

САЛИХА. Ха-бар-лан-дыр-у… ды-ру. Жi-бi-i, түзу, түзу, ерлi-зайыпты кiсi-лер бол-са пәтерге жiберемiн. Пауыс… Пауы-ыс… Құдай-ай, осы бiздiң көшенiң атын айту ақырет! Немене едi? Пауыс… Жарайды, көшенiң атын ертең жазармын. (Осы кезде ит абалап, есiк тақылдайды).

–Астапыралла! Борандатып жүрген кiм болды екен? Қазiр, қазiр (Есiктi ашады. Үйге 24-25-тер шамасындағы жас жiгiт кiредi. Әрi сыпайы, әрi жұпыны киiнген. Суыққа тоңғандықтан тiсi тiсiне тимей дiр-дiр етедi).

ЖIГIТ. Сә-әләматсыз ба, апай… әжей!..

САЛИХА (оған таңданып қарап). Танымадым, қарағым, кiм боласың?

ЖIГIТ. Туһ, осы қаладан жөн сұрауға жарайтын адамды да кездестiредi екенмiн-ау. Бәрi есiгiн ашпайды, немесе, «аулақ жүр» дейдi. Жұрт не боп барады? Апай… Iмм… әжей… ана… пешке барып жан шақырып алайыншы.

САЛИХА. Иә, шақырып ала ғой.

(Жiгiт кiшкене орындық алып, пештiң алдына барып отырады).

         Танымадым, қарағым кiм боласың? Бiр жерде көрген сияқтымын ба?..

ЖIГIТ. Сiз менi танымайсыз, әже?

САЛИХА. Иә, иә! Алжыды деген осы, бүгiн көрген адамыңды ертең ұмытасың. Сен әлгi… терi жинаушы Сақтапбергеннiң былтыр әйелiн қоя берген баласы емессiң бе?

ЖIГIТ (күлiп). Жоқ, әже! Мен жаңадан үйленгелi жүрген жiгiтпiн. Сiз менi танымайсыз. Ешқашан көрген жоқсыз. Мен де сiздi ешқашан көрген емеспiн.

САЛИХА (шошып). Не дейдi? Сонда сен… Мүлде бөтенсiң бе? Ойбай-ау… Осындай түн iшiнде… танымайтын адам… Жоқ, айналайын, жөнiңдi тап!

ЖIГIТ. Қорықпаңыз, әже, кетемiн, кетемiн!.. (Жiгiт орнынан тұрып, есiкке жақындайды).  Бiз үйленетiн едiк!

САЛИХА. Иә, маған неғыл дейсiң! Үйлене бер!

ЖIГIТ. Бiзге пәтер керек едi. Аяғымнан сарсылғаныма екi күн болды. Қыс iшiнде баспана табу қиын екен.

САЛИХА. Онда жазда үйленiңдер.

ЖIГIТ. Тым болмаса бiр-екi ай тұра тұрсақ, сонан соң басқа пәтер тауып алар едiк.

САЛИХА. Немене, жазға дейiн шыдамай барасыңдар ма?

ЖIГIТ. Жағдай солай боп тұр, әжей. Бос бөлмелерiңiз жоқ па?

САЛИХА. (сәл ойланған соң). Жоқ. Бос бөлме жоқ. Өзiмiз әрең сыйып отырмыз.

ЖIГIТ.  Амал қанша, тағы iздеп көрермiн. Отыңызға жылытқаныңыз үшiн рақмет! Сау болыңыз!

САЛИХА. Сау бол!..  Айтпақшы, бiздiң көшенiң аты қандай едi?

ЖIГIТ. (таңдана күлiмсiреп). Паустовский.

САЛИХА. Ә-ә, иә… иә. Пауыстов, Пауыстов… Жарайды, жүре бер! (Жiгiт шығып кетедi). Иман жүздi бала екен. Бетiн бекер қайтардым-ау, байғұстың.  Мына боранды түнде қайда бармақ ендi?! (Есiктiң iлгегiн қайта ашып, оның соңынан айғайлайды). Әй, бала-ай! Әй-у! Дию ма, перi ме, табан астында қайда кетiп қалды! Жiбi түзу ерлi-зайыпты адам болса пәтерге жiберемiн деп өзiм де көшеге қағаз iлгелi отыр едiм. Мына боран болмағанда бүгiн барып iлiп те келетiн ем ғой. Бекер болды-ау, ә! (САЛИХА есiктi iлiп, пеш үстiндегi шәугiмге су құя бергенде ит абалап, есiк қайта тақылдайды). Әлгi бала болды ғой деймiн. Ендi жөндеп сөйлесейiн.

(Ол есiктi ашқанда, iшке елуге кеп қалған, пысық, қағылездеу Сызғанова кiредi. Үстiнде құндыз жағалы пальто, басында қара түлкiден тiгiлген бөрiк бар. Оның киiмдерi қымбат болғанмен өзiне үйлеспейтiнi, талғамының төмендiгi көрiнiп тұр).

СЫЗҒАНОВА. Бұл –Төреханның үйi ме?

САЛИХА. Төрехан? Ә-ә, иә-иә. Төренiң үйi.

СЫЗҒАНОВА. Сiз – Салиха апайсыз ғой?

САЛИХА. Иә.

СЫЗҒАНОВАақтап, орамалымен көзiн сүртедi. Дауыс шығарып жылаған болады, бiрақ онысы жасанды екенi көрiнiп тұр.

СЫЗҒАНОВА (орындыққа отырған соң). Бұл тiршiлiкте қол тиген бе? Төренiң қайтыс болғанын тым кеш естiдiк. (Жылайды). Жетiсiне үлгiре алмадық, сонан соң, қырқына жетейiн деп екi өкпемдi қолыма алып, келiп отырғаным ғой.

(Манадан берi, бiр жағы, үрейленiп, екiншiден, «Бұл кiм болды?»–деп, оған таңдана қарап отырған САЛИХА дауыстап жiбередi).

САЛИХА. Құдай-ау… Сен… сен Орынбор жақтағы Төренiң қарындасымысың?

СЫЗҒАНОВА. Иә, апа, иә (Жылайды).

САЛИХА. Ойбұ-ұй, қара басып танымай қаппын. Көрмегелi де талай заман өттi ғой. Осы үйдiң адамы болсам да, аға сенiкi, ағаңның иманын берсiн  (Оны кеп құшақтайды).

СЫЗҒАНОВА. Қызыңыз қайтыс болғанда да келе алмадық. Жан-жақтан айыпты боп жатырмыз.

САЛИХА. Е-е, адамның қолы тiрiде тие ме? Айып бар ма сендерге, жер шалғай. Тiрi тiршiлiгiн жасайды… Тек, ана… Төренi айтам да…

СЫЗҒАНОВА. Иә, Төреханды неге айттыңыз?

САЛИХА. Ауырып көп жатты ғой… Соғыс салған жарақат сол бойы жазылмады. Қатты ауырды. Сол кезде маған. «Апа-ай, сiздi қинадым-ау! Артымнан iздеп келер туған-туысым жоқ едi, сiз туған анамнан артық болдыңыз»,– дегенде ет-бауырым езiлiп жыладым ғой (Жылайды).

СЫЗҒАНОВА. Қойыңыз, қойыңыз, апа!

САЛИХА. Бiз оны Төре деушi едiк. Жаңа Төрехан дегенде түсiнбей қалғаным сондықтан. Әй, қарағым-ай, осы уаққа шейiн бiр келмегенiң! (Мұрнын тартады). Бауыры емес пе едiң! Адамдар тас жүрек боп бара ма, немене бұл?!

СЫЗҒАНОВА. Ана күйеуiм де сырқат боп… Қайтемiн… Бұл жолы да келе алмай қаламын ба деп қорқып ем. Төре қайтыс болған соң… Сiздiң жалғыз қалғаныңыз есiме түскенде… түнемеге кiрпiгiм iлiнбей шығатын болды. Сонан соң күйеуге айттым. «өлмей тiрлiк бiтпейдi… Қызы өлгенде бармадық, ағамыз Төрехан қайтыс болғанда бармадық, анасындай боп кетiп едi, қырқына барып сiзге көңiл айтайын»,– деп жүрдiм де кеттiм.

САЛИХА. Көсегең көгерсiн. Анасындай болсам болған да шығармын. Бiрiмiзден бiрiмiз жаманшылық көрген жоқпыз. Ал, шешiн, жоғары шық! Мен қазан асайын!

(СЫЗҒАНОВA шешiнiп, отқа қолын жылытып, жылы алақанымен бетiн сипайды).

СЫЗҒАНОВА. Қазақтың қысы Сiбiрдiң қысынан бiр де бiр кем емес қой. Таксиден түскеннен кейiн де үйге әзер жеттiм.

САЛИХА. Аспанға бәле-бәтердiң бәрiн ұшырып-ұшырып, ақыры ауа райын бұзып тынды ғой.

(Бұл сөздi Салиханың соншалықты сенiмдi айтқанына Сызғанова күлдi).

СЫЗҒАНОВА. (үйдi аралап, әр затты ұстап қарайды). Ертең не бүрсiгүнi заттарымды әкелемiн. Бүгiн құр қолмын. Бұл үйге қанша жыл болды?

САЛИХА. Соғыс аяқталған соң төрт жылдан кейiн салынып бiттi ғой.

СЫЗҒАНОВА. Яғни, қырық тоғызыншы жыл  (Санайды). Елу тоғыз, он, алпыс тоғыз – жиырма, жетпiс бес –жиырма алты. Жиырма алты жыл бопты-ау, ә! Бұл үй салынып бiткен кезде мен жиырма жетiде екенмiн.

САЛИХА. Ол кезде сенi тым жас болған екен десем… (Сызғанова сұраулы пiшiнде қарайды).Төренi iздемегендерiңдi айтам.

СЫЗҒАНОВА. Шәт-шәлекей боп кеттiк қой. Өзге туыстар Төреханға суық болды, әйтеуiр. Оның да мiнезi бiр беткей, көңiлi бiр қалса қайтып жiбiмеушi едi ғой. Туыстарға өкпелеп кеттi дегендi есiтушi едiм.

САЛИХА. Қайдам! Тас бауыр мiнезiн көрген жоқпыз, бiзге жер бетiндегi ең мейiрiмдi адам сол боп көрiндi. Менiң есiмде солай болып қала беретiн сияқты.

СЫЗҒАНОВА. (мұндай естелiктi есiтуден ол жасқанатын секiлдi). Апа, тамаққа әуре болмай-ақ қойыңыз. Шай iшiп жата кетейiк. Ертең де күн бар ғой. (Сырттан ит қыңсылайды).

САЛИХА. Қазiр, қазiр! Қарның ашып бара ма?  (Ол табаққа әлдеқалай тамақтардың қалдығын сала бастайды). Өзiң қанша күнге келдiң?

СЫЗҒАНОВА. (қабырғадағы Төрехан мен Сызғанованың портретiне қарап тұрып). Iм-м… Бiраз  күнге… Сiздi жалғызсырамасын деп…

САЛИХА (оған таңдана қарап қалады). Көсегең көгерсiн, қалқам. (Пауза). Жалғызсырап жүргенiм рас едi. Несiн жасырайын, шақырып ала қоятын жақын туыстар да шамалы.

СЫЗҒАНОВА. Ендi қам жемеңiз. (Күледi). Мен де сiзге алыс емеспiн, апа.

САЛИХА. Не, демалыс алып келiп пе ең?

СЫЗҒАНОВА. Иә, ендi сiздi жалғызсыратпаймыз.

САЛИХА. О, айналайын! Бәсе, адамдардың бәрi бiрдей тас бауыр емес қой!.. Өткен күнге несiн ренжиiн, ендi естерiң кiрсе болғаны… Қазiр ана иттiң тамағын берiп келейiн, сонан соң жақсылап тұрып әңгiмелесемiз.

(САЛИХА шығып кетедi. СЫЗҒАНОВА стол үстiндегi САЛИХАНЫҢ жазып қойған хабарландыруын оқиды. «Жiбi түзу ерлi-зайыпты кiсiлер болса пәтерге жiберемiн»).

СЫЗҒАНОВА. Қызық екен!.. (САЛИХА кiредi). Бiреу-мiреулердi пәтерге жiбермексiз бе?

САЛИХА. Иә, айтпақшы, аяқ жағына көшенiң атын жазып қоя салшы. Мен жазам дегенше қысыр тайынша бұзаулар.

СЫЗҒАНОВА (жалтарып).Кейiн жазармын. Әзiрге Төреханның жайын айтыңызшы. Бiз оның бұл жақтағы өмiрiн мүлде бiлмеймiз ғой.

САЛИХА. Е-е, ол бiр алтын адам едi ғой. Соғыстың бiткенiне екi жыл болған кез. Қызым тұрмысқа шыққан соң екi күннен кейiн күйеу баламыз майданға аттанған. Сол бойы қайтпады. Менiң екi ұлым да оралмады. Сонан соң жалғыз отыра берiп не iстеймiн деп қызымның қолына, осы үйге көшiп келдiм. Ол кезде бұл құрқылтайдың ұясындай ғана кiшкентай там болатын. Бiр-бiрiмiзге сүйеу боп тұрып жаттық. Бiр күнi…

(Жарық сөнедi. Жарық қайта жанғанда, бiрi iс тiгiп, бiрi ұршық иiрiп отырған САЛИХА мен қызын көремiз. Есiк тақылдайды. САЛИХА барып есiктi ашады. Ол кезде бұл сәл жастау. Үйге шинельдi жiгiт кiредi).

ТӨРЕХАН. Сәлеметсiз бе, апай! Түн iшiнде мазалағаныма кешiрiңiз. Егер рұқсат болса, бүгiнше қонып шықсам. Жамбас пұлын төлеймiн.

САЛИХА (оған сенбей).Жоқ… Бiз үйге кiсi қондырып жан бағып жүрген адам емеспiз. Бәлеге қалар жайым жоқ…

ТӨРЕХАН. Ол қандай бәле?

САЛИХА. Оны мен қайдан бiлейiн! Өткен жолы сен сияқты құдайы қонақтың бiрi қонған үйiн түгел бауыздап кетiптi.

ПЕРУЗА. Апа, ол әңгiменi айтып қайтесiз. Жоқ болса, жоқ десеңiзшi.

САЛИХА. Иә, жоқ айналайын! Басқа үйлерге барып көр!

ТӨРЕХАН. Япырмай, тағы қай үйдi мазалайын. Жарайды, тым болмаса, сарайларыңызға жата кетейiн, бiр жаман көрпе бере салыңызшы. Қорықпаңыз! Менiң де сiздер сияқты шешем, әйелiм болған!

(Iс тiгiп отырған Перуза оған көз тоқтатып қарап, Салиха сәл жұмсарады).

САЛИХА. Жарайды. Түсiң жылы бала екенсiң… Перуза, анау сандықтың үстiндегi көрпе мен жастықты бере қойшы. Сарайға жатам десе жатып шықсын. Иттi есiктiң алдына әкеп байлап қоямын ғой.

ПЕРУЗА. Апа-а!

САЛИХА. Әй, сен немене, көрiнген бiреуден бет моншағың төгiлiп шыға келдiң?!

ПЕРУЗА (келушiге естiртпей).Ұят қой, апа! (Көрпе мен жастықты алып бередi).

САЛИХА(жiгiтке). Мынаны сарайға алып бара бер. Мен иттiң тамағын алып шығайын.

(Жiгiт қалтасынан ақша алып, бiлдiрмей ғана стол үстiне қояды да, көрпе-жастығын көтерiп шығып кетедi).

ПЕРУЗА (қайта кiрген апасына).Апа, сiз одан ақша алмақсыз ба?

САЛИХА. Жоқ-ә, құдай-ау! Әскерден қайтып келе жатқан байғұстың ақшасын тонап не көрiнiптi!

ПЕРУЗА. Сiздiң де күйеу балаңыз бiр күнi өстiп жетiп келсе!.. Оны да сiз сияқты бiр кiсi дәл қазiр үйiне қондырмай сарайына қуып шығып жатқан шығар-ау…

САЛИХА. Құдай… құдай сақтай гөр! (Көзiне жас алады).

ПЕРУЗА. Апа  сiзге не болды?

САЛИХА. Менiң құлыным… Менiң құлыным қай жерлерде жүр екен десеңшi!..

(Перуза iнiсiн емес, шешесiнiң алдында күйеуiн айтып отырғанына ыңғайсызданып қалады(.

ПЕРУЗА. Қара қағаз деген кейде қателесiп келе бередi дейдi ғой, апа! Олар да кеп қалар.

САЛИХА. Айтқаның келсiн, ботақаным!

ПЕРУЗА (стол үстiндегi ақшаны көредi). Апа… апа, мынаны қараңызшы. Әлгi солдат ақша тастап кетiптi.

САЛИХА. Ақша?! (Көредi). Ұят-ай! Мына тәңiр жарылқағыр шынымен жамбас пұлын төлептi ғой. Бiздi кiм деп жүр ол, а?! (Есiктi ашып, сыртқа айғайлайды). Әй, солдат қарағым! (Сырттан оның жауап берген даусы естiледi).  Берi кел, бермен! (Жiгiт келедi). Мынауың не, а?!

ТӨРЕХАН. Ақша.

САЛИХА. Жамбас пұл ма?

ТӨРЕХАН. Иә, жамбас пұл.

САЛИХА. Үйiне қонған адамнан ақша алған қай қазақты көрiп ең, ә? Айтшы, кәне? Мә! Мынауыңды қалтаңа сап қой.

ТӨРЕХАН. Япырмай, ыңғайсыз болар ма екен!..

САЛИХА. Ыңғайсыз ештеңесi жоқ. (Пауза). Көрпеңдi… сарайға төсеп қойдың ба?

ТӨРЕХАН. Жоқ. Май шам  берсеңiз… Қап-қараңғы екен.

САЛИХА (оған ұзақ қарап). Келген кездегiдей емес, түсiң жылыған сияқты. Документтерiң дұрыс па?

ТӨРЕХАН. (күлiп).Дұрыс, дұрыс, апа! (Апасының сөзiне күлiп тұрған қызына қарайды).  Мiне, көрiңiз! (Паспортын ұсынады).

САЛИХА.  Болды, ойбай, болды! Жай айтқаным ғой. Келген адамның пашпұртын сұра деп көршiм айта берген соң… Үйiне келген адамнан дәкумент түгiлi «кiмсiң?» деп атын сұрамайтын қазақ емеспiз бе? Баяғыда бiздiң  бiр әжемiз бiр топ адамды мал сойып, қонақ қып күтiп алып, аттанарда. «Үйде кiм болды деп айтайын, отағасылар?»–деп жөн сұраған екен. Сонда олардың iшiндегi ақсақалы. «Кешеден берi қабағыңыздың ашылмағаны бiр басқа, ендi бiздi танымай масқара қылдыңыз-ау, құдағи»,– деп ренжiптi. Сөйтсе, құдағиымның үйi деп жолдастарымен адасып түскен жолаушы екен дейдi. Е-е, сөйткен қазақ емеспiз бе, ендi кеп пашпұрт сұрап, жамбас ақы төлейтiн де болдық.

ТӨРЕХАН. Заман өзгердi ғой, апа.

САЛИХА. Заман өзгерген жоқ, адам өзгердi, адам! (Пауза).

         Ал, жарайды, сенi далаға қуғанымыз ұят шығар. Бiз қызымыз екеумiз бiр төсекке жатармыз, сен, мында, менiң орныма жайғас.

ТӨРЕХАН(толқып). Рақмет, апа! Көп-көп рақмет!

САЛИХА. Түнде қорылдамайсың ба?

ТӨРЕХАН (иығын қозғап). Қайдам… Кей-кейде қорылдайтын да әдетiм бар едi.

САЛИХА. Оның жаман екен! Жарайды, далада жатқан ұзын шыбықты әкеп қоярмын. Қорылдасаң сонымен түртiп жатамын.

(Келген адам қарқылдап күледi. Қызы да,  Салиха да күледi).

ТӨРЕХАН. Жарайды, ендеше, мен төсегiмдi қайта әкелейiн.

САЛИХА. Тоқта, иттiң тамағын ала кет. Тамақ әкеле жатқан адамды ол қаппайды.

(Жарық өшiп, қайта жанады. Салиха мен Сызғанова көрiнедi).

САЛИХА. Сөйтiп, ол бiзде тұрып қалды. Жұмысқа орналасты. Бiр жыл өткен соң… менiң қызыма үйлендi. Аяғын сылтып басып жүрiп-ақ үйдiң де, даланың да тiрлiгiн бiр өзi бiтiретiн. Қабақ шытқанын бiр көрмедiм-ау, сабаздың. Бұрын әйелiм болған дейтiн сөз арасында. Соғыстан қайтып барса, басқа бiреуге тиiп кетiптi. Өзiнiң өмiрi бiр түрлi, жұмбақ секiлдi едi. Әкесiн баяғы бiр жылдары халық жауы деген бе, бiр күңгiрт жағы бар. (СЫЗҒАНОВА тiксiндi). Бiр адам бүкiл халыққа қалай жау болатынын қайдам, әйтеуiр, әкесiн ұстап әкеткен көрiнедi. Содан, жұрт бұған фамилияңды өзгерт деген бе-ей, тағы сондай бiр шатақтары бар.  Бұл өзгертпейдi. Қойшы, әйтеуiр, бiраз қиыншылық көрiп, соғысқа өзi сұранып кетедi. Қазбалап сұрамайтынбыз, бiлсе қызым бiлген шығар, менiң бiлетiнiм осылар ғана.

СЫЗҒАНОВА. Мына үйдi Төрехан салды деп есiтiп ем, рас па?

САЛИХА (сәл ойланып). Рас емегенде! Бiр жыл ауыр жұмысқа араласпай денсаулығын түзеп алғандай болған соң, екi бiлектi сыбанып тастап кiрiстi ғой, сабазың. Жұмыстан келе кiрiседi, содан түн жарымы ауғанша бiр тынбайды. «Төре-ау, қойсаңшы, денсаулығыңды тағы бұзып аласың ғой», – дейтiнбiз екеумiз екi жақтан. Жоқ! Көнбейдi. «Сумаңдаған өлiмнiң арасында жүрiп. «шiркiн, тап қазiр мына автоматты тастап, әйел, бала-шағаңа арнап үй салып жатсаң ғой деп армандайтынбыз. Сол арман орындалды, апа, неменеге шаршаймын!»–деп күлушi едi.

СЫЗҒАНОВА. Iм-м… Одан бала қалған жоқ па?..

САЛИХА. Жоқ. Қалмады. Сонысы жанға батады…

Жақсының ұрпағын көргенде араны ашылып кететiн құдайдың ауруы бар шығар, сiрә. Одан да босқа жарбаңдата бермей, мына бiз сияқтыларды алып, соларды қалдырса қайтедi.

СЫЗҒАНОВА. Ал, қызыңыз?..

САЛИХА (сұрақтың көбейгенiн ұнатпай). Қызым!.. қызым қалай болушы едi!  (Даусын көтерiп, зiлдi). Өлдi! Не болсаң о бол дедi де, менi қан жылатып, өлдi де кеттi!

СЫЗҒАНОВА. Қ… Қалай?

САЛИХА. Босана алмай өлдi!.. (Жылайды. СЫЗҒАНОВА да көзiн сүртедi). –Төре үш күн бойы төсектен тұрмай жатып қалды. Мен қайбiр жетiстi дейсiң, сол кездi ойласам әлi күнге шейiн есiм ауытқып кетедi. (Пауза). Төре содан қайтып үйленген жоқ. «Әлi үмiтiң бар, рұқсат»,–дедiм. Бiр күнi айтты. «Апа, туғалы берi құдай менi мазақ қып келе жатыр. Құдайға мазақ болғаным жетедi. Жасаймын дегенiн жалғыз өзiме жасай берсiн. Басқа бiреудiң тағдырын араластырып нем бар. Онымен  жалғыз шайқасып көрейiн»,–дедi. Сонан үйленбедi ғой. Ауырып қайтыс болғанша екеумiз бiрге тұрдық.

СЫЗҒАНОВА. Япыр-ау… Қызық болды ғой өзi… Қалай болар екен! Сұрамай-ақ қойғаным дұрыс болар ма едi!..

САЛИХА (түсiнбей таңданып). Қызым-ау, саған… саған не болды?

СЫЗҒАНОВА. Жай… Әшейiн. (Басын ұстап). Қаным таситын сырқатым бар едi…

САЛИХА. Ойбай, онда демал! Әңгiмемен басыңды қатырған шығармын әбден! Кел, мында жата ғой.

*            *                *

Сол баяғы көрiнiс.

         Үйдегi мебельдер басқаша қойылған.

СЫЗҒАНОВА. Апа, апа, мұнда келiңiзшi! Мына шкафтың осы тұрысы ұнай ма сiзге? Апа, қайда жүрсiз?

(Салиха келедi. Түртiнектеп әлдененi iздеп жүр. Жан қалталарын қағып, ыдыстарды көтерiп, астын қарап қояды).

САЛИХА. Құданың құдiретi, жер жұтып кеткен бе? Кеше ғана осы жерде жатқан сияқты едi?

СЫЗҒАНОВА. Не iздеп жүрсiз, апа?

САЛИХА. Үстелдiң үстiнде жатқан бiр жапырақ қағаз бар едi, сен бiр жаққа байқамай тастап жiберген жоқсың ба?

СЫЗҒАНОВА. Iм-м, әлгi, пәтерге  кiсi жiберемiн деген қағазыңыз емес пе?

САЛИХА. Иә-иә! Сен барда жақсылап жаздырып алайын деп ем.

СЫЗҒАНОВА. Бөтен бiреулердi үйiңiзге жiберiп қайтесiз?..

САЛИХА. Ендi қалай? Әскерден немерем келгенше жалғыз тұрмақпын ба?

СЫЗҒАНОВА (шошып). Немерем? Төреханнан бала қалған жоқ деп едiңiз ғой?

САЛИХА (күлiп). Кенже  баламнан ұл қалған! Сол келедi (Ол әлденеден күдiктенiп, ойланып тұрып қалады). Иә,  сол келетiн едi!  (Әдейi даусын көтере сөйлейдi).

СЫЗҒАНОВА (өзiн-өзi ұстап). А-а, иә-иә! Есiтуiм бар… Қалай, шкаф жақсы жерде тұр ма екен, апа?

САЛИХА. Иә. Жақсы жерде тұр. Жарасып тұр!

СЫЗҒАНОВА. Сiз бiр нәрсеге ренжiп қалдыңыз ба, апа?..

САЛИХА. Сен неге апа, апа дей қалдың? (Кекесiндi түрде). Менiң немерем! Есiтуiң бар екен ғой, ә?!

СЫЗҒАНОВА. Иә, есiтуiм бар…

САЛИХА  (оған жақтырмай қарап). Сол немеремнен хат келмей қойды.

СЫЗҒАНОВА. Жазады ғой, жазады. Қолы тимей  жүрген шығар.

САЛИХА (өзiн-өзi ұстай алмай кенет айғайлап). Жоқ! Барғалы берi хат жазған жоқ! Бiр де бiр рет хат келмедi.

СЫЗҒАНОВА (бәйек боп). Ойпырмай, онысы несi екен! Апа, демалыңызшы! Отырыңызшы, мында. Қазiр, қазiр шәй қояйын.

САЛИХА (отырады). Шәйдiң керегi жоқ. (Қолына бiр суреттi алып қарап). Қарғаның валетiндей едiрейiп қасында тұрған мынау бiреу кiм?

СЫЗҒАНОВА. Ол – сол ғой…

САЛИХА. Кiм ол – сол?

СЫЗҒАНОВА. Күйеуiм.

САЛИХА. Бiлем күйеуiң екенiн. (Төренiң портретiне қарайды. Жалпы олардың портреттерiнiң көрiну, көрiнбеуi шарт емес). Шiркiн, жiгiт деп Төренi айтсаңшы! Қарашы, қас, мұрын, көз! Келбет десең, келбет, жанарында ақыл деген тұнып тұр? Адам баласына жақсылық қана ойлайтын жiгiттiң түрi емес пе?..

СЫЗҒАНОВА (түсiнiксiз). Иә, әрине…

САЛИХА (Сызғанованың күйеуiнiң суретiне қайта қарап, жақтырмай ернiн тыжырайтып). Бiр жерден айлық ала ма өзi?

СЫЗҒАНОВА. Әрине, әрине! Саудамен айналысады.

САЛИХА. Солай де… Әлгi… әлгi қағазды бiр жаққа тастап жiбердiң бе?

Есiк қағылады.

СЫЗҒАНОВА. Неменесiн асығасыз, апа? Мен әлi бiраз болам.

САЛИХА. Сонда… қанша уақыт?

СЫЗҒАНОВА. Қазiр бәрiн де түсiндiрем. (Есiк қағылады. Ол барып есiктi ашады).

ЖҰМЫСШЫ. Бұл Сызғановтардың үйi ме?

СЫЗҒАНОВА. Иә, иә.

САЛИХА. «Иә»-сi несi? Сызғановтар деген кiм тағы? Ондай адам бұл жерде тұрмайды. Мұнда… Майдановтар тұрады. Майданов Төре!

ЖҰМЫСШЫ.  Екеуiңiздiң қайсыларыңызға сенемiз?

СЫЗҒАНОВА (залға). Майданов! Құдай-ау, бұл фамилияны естiмегелi қай заман. Бұл менiң де фамилиям едi ғой… (Қабырғадан ағасының сұсты елесi жалт етiп көрiнедi де жоқ болады. Сызғанова теңселiп тұрып қалады. Сонан соң есiн жияды). Апа, бұлар менi iздеп жүр. Сонан соң менiң фамилиямды айтып тұр. Кiре берiңiздер.

(Екi-үш жiгiт үйге  үлкен-үлкен тай кiргiзе бастайды. Салиха таңданғаннан аңқиып тұрып қалады).

САЛИХА. Әй! Мына жүк кiмдiкi?

СЫЗҒАНОВА. Менiкi, апа. Абайлаңдар, жiгiттер!

САЛИХА. Мұның бәрiн қайтпексiң?

СЫЗҒАНОВА. Керектi заттарым  ғой. Мұны ас үйге кiргiзе салыңдар.

САЛИХА. Азғана күнге бола осыншама жүктi әкелiп қайткелi жүрсiң? Саған керектi нәрсе осыннан да табылады ғой.

СЫЗҒАНОВА. «Түстiк өмiрiң болса, кештiк дүние жи» деген, апа. (Бейғам күлген болады).

(Салиха еш нәрсеге түсiне алмай, жүк әкелушiлерге қарап тұрып қалады. Сызғановамен есептесiп олар да кетедi).

         –Апа-ау, сiзге не болған?

САЛИХА. Бiздiң үйге бiреу-мiреулер көшiп кеп жатқан жоқ па осы?

СЫЗҒАНОВА. Сiз менен бiр түрлi күдiктенетiн сияқтысыз. Бiр айдай жалғыз тұрамын деп әбден үркек боп қалғансыз-ау шамасы?

САЛИХА. Ендi еш нәрсе ұқпағаннан кейiн…

СЫЗҒАНОВА. Апа, сiздi жалғызсырамасын деп сонау жақтан әдейi келiп отырмын. Әлi бiраз бола тұрамын. Не, қуанбайсыз ба бұған?

САЛИХА (ойлы). Неге қуанбайын. Қуанамын ғой. Қуанып  тұрмын…

*                 *                  *

Сол көрiнiс.

         Салиха хабарландыру жазып отыр.

         «Жiбi түзу ерлi-зайыпты адамдар болса пәтерге жiберемiн». Сызғанова келедi. Қолында базарға шығатын сөмкесi бар.

СЫЗҒАНОВА. Апа, не жазып отырсыз?

САЛИХА. Хат қой.

СЫЗҒАНОВА. Кiмге?

САЛИХА. Әскердегi немереме.

СЫЗҒАНОВА (сәл абдырап). Iм-м.. А-а.. Қиналсаңыз мен-ақ жазып берейiн. Сiз айтып отырыңыз.

САЛИХА. Алла разы болсын. Өз сөзiмдi өзiм жаза аламын.

СЫЗҒАНОВА. Сонан соң, апа, Ресей жақтан мен де хат алдым. Олар да аман-есен екен. Сiзге сәлем айтып жатыр.

САЛИХА. Кiм ол? Ә-ә, әлгi проводник күйеуiң бе?

СЫЗҒАНОВА. Иә.

САЛИХА (немқұрайды). Сәләмат болсын.

СЫЗҒАНОВА. Айтпақшы, олар келгелi жатыр екен.

САЛИХА (оқыс таңдана қарап). Е, жай ма?

СЫЗҒАНОВА. Апа, сiз шынымен адамдарды жатырқап қапсыз. (Күледi). «Апам жалғызсырап жүр екен, келсеңдер қуанып қалар»,–дегем өткен жолы телефонмен сөйлескенде. Ол балаларды да ертiп келсе, бәрiмiз у-шу, мәре-сәре боп қалмаймыз ба?

САЛИХА. Әрине, әрине. Бiрақ, бұрын оларды танымаушы ем… Қалай болар екен!..

СЫЗҒАНОВА. Танысасыз, апа. Құдаңыз жаман адам емес. Бұрын ретi келмедi, ендi араласармыз. Ол келсе қарап жатпас. Мына үйдiң сырттағы сарайдың кеткен жерлерi көп екен, соларды жөндейдi ғой.

САЛИХА. Иә! Бұл үйдi де жөндейтiн кез кеп қалды. Төре соңғы кезде сырқаттанып жүрдi де, үйге қарайлай алмады ғой. Ал, Төре демекшi, сен келгелi берi бiраз күн болды, ағаңның атын аузыңа алмайсың ғой. Осы сен шынымен соның қарындасысың ба?

СЫЗҒАНОВА (күлiп, Салиханы кеп құшақтайды). Ой, апа, сiз бала сияқтысыз! Немене, табан астында менi танымай қалдыңыз ба?

САЛИХА. Түрiң ұқсауын ұқсайды ғой. (Күрсiнiп). Сөзiң де дұрыс, бiрақ, мейiрiмiң басқа сияқты ма, қалай!

СЫЗҒАНОВА. Туған ағамды неге жақсы көрмеймiн, оны неге ұмытайын! Бiрақ, оны айта берсем сiзге ауыр бола ма деп қорқам.

САЛИХА. Өзiң бiл! Бауыр сенiкi ғой.

СЫЗҒАНОВА (сәл үнсiздiктен соң). Апа десе, үй кiтапшаларыңыз қайда?

САЛИХА. Ол не, ол?

СЫЗҒАНОВА. Домовая книга! Не, ондайды естiмеп пе едiңiз? Паспорттарды тiркеп, шығарып жүретiн кiтап бар емес пе, сол!

САЛИХА. Ә-ә, иә-иә!.. Болатын. Төре сол кiтаппен анда барып, мында барып шапқылап жүретiн, әйтеуiр. Қайда жатқанын қайдам. Иә, ол неменеге керек?

СЫЗҒАНОВА. Әнеугүнi, сiз жоқ кезде үйге милиция келiп…

САЛИХА. Милиция?! Иә, ол неғып жүр?

СЫЗҒАНОВА. Сiз мұнда тiркелмегенсiз, үш күннен артық тұруға қақыңыз жоқ деп ұрысып кеттi.

САЛИХА. Құданың құдiретi! Қанша жыл тұрғанымда бiр келмеген милиция едi, ол қайдан жүр?

СЫЗҒАНОВА. Бiлмеймiн!.. Үй кiтабын iздеп-iздеп таба алмай қойғанбыз. Тапқан кезде келерсiз деген. Бүгiн шақырған күнi едi.

САЛИХА. Төреханның портретiнiң артында тұр ғой….

СЫЗҒАНОВА (Төреханның портретiнiң алдына келедi. Сол кезде қабырғадан оның елесi тағы көрiнедi).

–Кешiр, ағатайым, кешiр…

           (Салиха  кiтапты алып бередi).

САЛИХА. Iздеп жүргенiң мынау ма?

СЫЗҒАНОВА. Иә, иә! Қалай тез тауып ала қойдыңыз?

(Үй кiтабын қолына алып, тез-тез ашып көредi). – Қызық екен! Мұнда сiздiң атыңыз да жоқ қой.

САЛИХА. Жоқ болса қайтедi екен?

СЫЗҒАНОВА. Қазiр заң қатал. Тұрып жатқан үйiңде мiндеттi түрде  паспорт тiркелуi керек.

САЛИХА. Тiркелу-мiркелуiңдi бiлмеймiн! Осы үйдi соққан өзiмiз бе, өзiмiз. Ендi осында тұрмай айға ұшып кетуiм керек пе? Колхоздағы үйiмдi де тозып бара жатқан соң биыл сатсам ба деген ойым бар. Паспортты осында тiркеу керек деп Төре айтып жүрушi едi, өзi қайтыс болған соң қалды ғой жайына.

СЫЗҒАНОВА (өзiнен-өзi). Хабарлау керек пе, жоқ па?

САЛИХА. Колхоз жаққа бiр барып келу керек едi. Сен неге үндемей  қалдың?

СЫЗҒАНОВА (толқып). Апа! Апа деймiн!

САЛИХА. Не болды? Шырағым-ау, табан астында саған не көрiндi?

СЫЗҒАНОВА. Егер… егер… үйге қайтсам ренжiмейсiз бе?

САЛИХА. Туһ, бiр жаман хабар айтқалы тұр екен десем! Қайта бер!

СЫЗҒАНОВА. Ал, егер… осында… сiзбен бiрге тұрам десем ше?!

САЛИХА. Ей, оның неменесiне алқынып айтасың? Тұрам десең тұра бер. Үй жетедi.

СЫЗҒАНОВА. Жоқ, уақытша емес, бiржола!

САЛИХА. Бiржола! Күйеуiң мен бала-шағаңды қайтесiң? Ей, осы сен бiр нәрсенi жасырып жүрген сияқтысың? Шыныңды айтсаңшы!

СЫЗҒАНОВА (Салиха сезiп қалған екен деп Сызғанова қатты абдырайды). Мен егер… шынымды айтсам… Егер шынымды айтатын болсам…

САЛИХА (қатты айғайлап жiбередi). Ей, не болды!  Айтсаңшы!

СЫЗҒАНОВА. Кейiн апа! Қазiр… қазiр айта алмаймын!

САЛИХА. Төренiң қайғысы ендi арылып келе жатыр едi, ойламаған жерден сен килiгiп бәле болдың ғой! Немене, күйеуiң қуып жiберiп пе едi? Сол ма айта алмай тұрғаның?

СЫЗҒАНОВА (оған iштей сүйсiне, таңдана қарайды). Жоқ! Жо-жоқ!

САЛИХА. Ендi не? Әлде, өзiң басқа күйеуге шыққалы жүрсiң бе?

СЫЗҒАНОВА. Жоқ!

САЛИХА. Әй, ел тыныш қой?

СЫЗҒАНОВА. Тыныш.

САЛИХА. Бас аман ғой?

СЫЗҒАНОВА. Аман.

САЛИХА. Патша ауысқан жоқ қой?

СЫЗҒАНОВА. Жоқ.

САЛИХА. Ендi не көрiндi?

СЫЗҒАНОВА. Кейiн айтайыншы, апа!..

САЛИХА. Е, өзiң бiл!.. Ентiгiп бастаған өзiң! Айтпасаң қалауың бiлсiн (Тонын киiп, орамалын тарта бастайды).Қызық екен!

СЫЗҒАНОВА. Қайда жиналдыңыз?

САЛИХА. Сен де бармайсың ба? Бүгiн жұма ғой.

СЫЗҒАНОВА. Иә-иә.. Бүгiн жұма. Төреханның басына баратын күн… Қап!..

САЛИХА. Тағы не боп қалды, ойбай!

СЫЗҒАНОВА. Бүгiн милиция шақырып қойып едi. (Кiтапты көрсетедi). Мынаны апаруым керек.

САЛИХА. Бар, бар! Әруақ асықпайды ғой. Өлген ағадан тiрi мiлиса артық. Бар! (Салиха шығып кетедi. Сызғанова бiр орында тұрып қалады. Жарық сөнедi. Жарық қайта жанғанда Салиха мен Сызғанова көрiнедi. Сызғанова пешке көмiр салып жатыр. Пеш жанындағы кiшкене орындықта Салиха әлдене тоқып отыр). Мiне, Төренiң қырқын да бердiк. Оның қайтыс болғанына да қырық күн боп қалды. Зулап бара жатқан өмiр-ай, десеңшi!

СЫЗҒАНОВА. Бұл шұлықты кiмге тоқып отырсыз?

САЛИХА. Бiлмеймiн. Қарап отырғанша қалғып отырайын демекшi далбаса да, әйтеуiр. Далада қалмас, бiреу-мiреу киер.

СЫЗҒАНОВА. Шаршайсыз дегенiм ғой.

САЛИХА. Тыныққанда не iстеймiн? Не үшiн тынығам? Қызым мен Төренiң алдында кетпей, не бiтiрем деп артында қалдым?

СЫЗҒАНОВА. Қамықпаңыз, апа! Бiз қасыңыздамыз ғой. (Кенет көңiлденiп). Айтпақшы, апа деймiн, кеше Орынбормен телефон арқылы сөйлестiм…

САЛИХА. Сәләмат болсын.

СЫЗҒАНОВА. Күйеуiммен емес, жұмыс орныммен. Мен жұмыс iстеп жүрген мекеменiң бастығы айтады… Штат қысқарып жатыр дейдi. Штат!.. Мен атқарып жүрген қызмет бар ғой, сол керек болмай қалыпты. Басқа жерден жұмыс қарайластыра бер дейдi. Ал, ыңғайы келсе, сол барған жерiңде де қала беруiңе рұқсат дегендi айтады. Осыннан жұмыс қарастырсам қалай болар екен?

САЛИХА. Әнеугүнi маған айта алмай жүргенiң осы емес пе?

СЫЗҒАНОВА. Жоқ, бұл емес!

САЛИХА. Ал, ана проводник күйеуiңдi қайтесiң?

СЫЗҒАНОВА. Ол жақында келедi ғой, сонда ақылдасамын.

САЛИХА (селқос). Мейлiң! Тағы жабылып қалмайтын болсын…

СЫЗҒАНОВА. Жұмысқа орналасу үшiн осы үйге пропискаға отыру керек екен.

САЛИХА. Отыр…

СЫЗҒАНОВА. О-ой, оның бiр машақаты көп жұмыс. Сығаламайтын тесiгiң, кiрмейтiн есiгiң қалмайды.

САЛИХА. Қалдырма.

СЫЗҒАНОВА (Салиханыiң немқұрайды сөйлесiп отырғанына назар аударып). Сiз шаршап отырсыз ба, апа, жатсаңызшы.

САЛИХА (шұлықтың басын қарыстап өлшейдi). Бiр қарыс та үш сүйем. Төреге ылғи бiр қарыс та үш сүйем тоқушы ем.

СЫЗҒАНОВА. Сiздiң құдаңыз да бiр қарыс, үш сүйем шұлық киедi.

САЛИХА. Әлгi саудагерiң бе?

СЫЗҒАНОВА. Иә-иә!

САЛИХА. Оның да аяғы бар ма едi!..

СЫЗҒАНОВА. О-о, оның аяғы көп! Мың аяғы бар. Ол поезбен бүкiл елдi шарлап шығады! (Поездың жүрiсiн салып күледi). Мiне былай. Гу-гу-ук! Дүк-дүгi-дүк! Дүк-дүгi-дүк! Дүк-дүгi-дүк!.. (Салиха көңiлденiп езу тартады).  Апа, немереңiзден әлi хат келген жоқ па?

САЛИХА. Қай немере? Ә-ә? Әлi жазған жоқ!.. Түнде түс көрдiм. Түсiмде. «Әже, мен сiзге көп хат жазып қойдым. Кейiн барғанда  ала барам», – дейдi. Қарағым-ау, барғанда ала барамың не, поштамен салып жiбермейсiң бе?»– десем. «Әже, мен әскерде жүр екенмiн десем, әлi туылмаппын да ғой. Кеше кәмәндiрiм. – Майданов, сен әлi туылған жоқсың»,– дейдi. – Әже, «оның туылғаны рас деп, справка салып жiберiңiздершi. Әйтпесе, кәмәндiрiм сенетiн емес», – деп ыржиып күлiп жүр. Жүзiн анықтап көре алмадым, даланы тұман басып тұр-ау деймiн. Түрi бiрде Төренiң жас кезiнiң, ендi бiрде, құданың  құдiретi, түнеугүнi үйге бiр жiгiт пәтер сұрап келiп едi, соған ұқсайтын сияқты. Мен оған дауыстап. «Жарайды. Үйде Төренiң қарындасы бар, үй басқармасына күнде барып жүр, справканы сол салып жiбередi»,–деп жатырмын.  (Сызғанова әрi шошынып, әрi таңданып Салихаға қарайды).

СЫЗҒАНОВА. Қызық екен!.. Көп ойлайсыз, содан шығар.

*               *                 *

Сол көрiнiс. Анықтап қараған көзге болмаса байқалмайтын болмашы ғана өзгерiс бар. Ол – Сызғанованың күйеуiнiң босаға жақта iлулi тұрған проводниктер киетiн шинелi. Үйде Ер кiсi жүр. Ол үй iшiнiң заттарын, қабырғаларды  ұстап, өзiнше сөйлеп қояды.

СЫЗҒАНОВ. Отыз мың! Егер сарайды, үйдiң iшi-сыртын қатырып тұрып жөндеп сатса, қырыққа барып қалуы мүмкiн. Бұл деген көп ақша ғой!

(Сырттан Сызғанова кiредi. Жүзi абыржулы. Киiм iлгiшке пальтосын iлiп, орамалын басынан жүре шешiп, оны кереуетке ызалана лақтырып жiбередi де, өзi төсектiң бiр шетiне отырады. Сызғанованың абыржулы екенiн көрген күйеуi оған ләм демей, столға барып отырып, әлдеқалай  бiр қағаздарды  шұқылай  бастайды. Бәлкiм, үйдiң ақшасын есептеп отыруы).

СЫЗҒАНОВА. Осы жүрiстен әбден қажыдым! Милиция, домоуправление, милиция! Не болса да ертерек бiтсе екен!

СЫЗҒАНОВ. Күйгелектенбе! Мен де ана жақта қарап жатқан жоқпын ғой. Саған мұрагер деген документ алу үшiн де қанша жүйкем тозды.

СЫЗҒАНОВА. Шынымды айтсам  бар ғой,  iс тереңдеген сайын бойымды ұят кемiрiп бара жатқан сияқты. Бұл жайды апайдың өзiне қалай айтамыз? Ол бәрiнен бейхабар.

СЫЗҒАНОВ. Ол жағын маған қоя бер.

СЫЗҒАНОВА (оған көз тоқтата қарап). Әрине, сен айтасың.

СЫЗҒАНОВ.  Кемпiрдiң өзi қайда жүр?

СЫЗҒАНОВА. Бүгiн күн жұма ғой.

СЫЗҒАНОВ. Онда не болушы едi?

СЫЗҒАНОВА. Ол кiсi жұма сайын Төреханның басына барып қайтады. Бiр танысымның үйiне барып, сол жақтан мазар басына соғармын деп кеше кеткен, әлi жоқ.

СЫЗҒАНОВ. Оның паспорты мұнда тiркелмеген дедiң, ә! Жақсы болған екен. Мен содан қорқып келiп едiм.

СЫЗҒАНОВА. Шынында, сен қатыгез екенсiң.

СЫЗҒАНОВ (ызалы, бiрақ бiлдiрмей). Оған қашан көзiң жеттi!

СЫЗҒАНОВА. Осында келгелi.

СЫЗҒАНОВ. Не, Кемпiр азғырып қойған ба?

СЫЗҒАНОВА. Азғырмақ түгiлi оның еш нәрсемен iсi жоқ. Тiптi, бiздiң арам ойымыздан да бейхабар.

СЫЗҒАНОВ. Сен өзiң бiр айдың iшiнде боркемiк боп кетiпсiң ғой. Немересi шынымен бар ма екен, жоқ па екен, анықтадың ба?

СЫЗҒАНОВА. Бiлмедiм. Қазбалап сұрай беруден қысылдым.

СЫЗҒАНОВ. Көршiлерi қалай дейдi?

СЫЗҒАНОВА. Олар да анығын бiлмейдi.

СЫЗҒАНОВ. Мейлi. Ол соншалықты маңызды нәрсе емес. Тек, артық дау-дамайдың керегi жоқ дегенiм ғой.

СЫЗҒАНОВА. Осыны қояйықшы-а! Аштан өлiп, көштен қалып бара жатқамыз жоқ қой. Жұрт қатарлы өмiр сүрiп жатырмыз. Үйiмiз бар, машинамыз бар, кассада ақшамыз бар! Қайтайықшы! Тура бүгiн! Бұдан әрiге төзе алатын емеспiн!

СЫЗҒАНОВ. Ақымақ болма! Осынша әуре боп келiп-келiп орта жолда аяқсыз қалдыра салмақпыз ба?

СЫЗҒАНОВА. Мейлi..

СЫЗҒАНОВ. Қой, сабыр ет! Ендi  аз ғана  шыдасаң мына үйдi сатамыз.

СЫЗҒАНОВА. Немесе, мен кетейiн, қалғанын өзiң жайғастырарсың.

СЫЗҒАНОВ. Ол үшiн үйдi өз атыңа толық көшiрiп алуың керек. Сонан соң ғана сенiң күйеуiң ретiнде iске араласа аламын.

*             *            *

Сол көрiнiс. Сызғанов арақ iшiп отыр. Ол қызу. Ауық-ауық әндетiп қояды. Салиха тоқыған шұлықты алып, аяғына киiп алады.

Сызғанова кiредi. Ол күйеуiне қарамай диванға сылқ түсiп отыра кетедi.

СЫЗҒАНОВ. Сен осы уаққа шейiн қайда болдың?

СЫЗҒАНОВА  (толқып). Үй бүгiннен бастап менiң атымда!

СЫЗҒАНОВ (әйелiнiң қасына кеп арқасынан қағады). Жарайсың! (Билейдi).

         Мұндай қуанышты атап өтпесек болмас! (Бөтелкенi ашып, екi стаканға арақ құяды. Өзi қағып салып, тағы билейдi. Сызғанова арағын оның бетiне шашып жiбередi).

СЫЗҒАНОВА. Неткен қатыгез адамдар едiк!

СЫЗҒАНОВ  (паузадан соң).  Тоқтат, жалған ақылгөйсудi! Осы әрекеттi бiз болмасақ бәрiбiр басқа бiреу iстейдi! Бұл үйдi салған сенiң ағаң, ал сен оның қарындасысың. Туған қарындасысың. Мұрагерлiкке сенен басқа адамның  қақысы жоқ. Кемпiр… кем-пiр заң  жүзiнде мүлде  бөтен адам.

СЫЗҒАНОВА. Ал бiз ше? Бiз далада қаңғып жүрмiз бе?

СЫЗҒАНОВ. Ол  бұл үйге тiркелмеген. Төренiң оған тастаған мұрагерлiк өсиет қағазы тағы жоқ. Және, бiз оны, соншалықты далаға лақтырып тастағалы отырғамыз жоқ қой.

(Сызғанова жылайды).

         –Тоқтат! (Ендi үнiн жұмсартып). Өзiң ойлашы. Жарайды, ақыл таразысына бағынайық та, бiз кетейiк. Мына үй кiмге қалады? Кемпiр көп болса ендi он жыл, он бес жыл жасар. Сонан соң? Сонан соң бұл үй тектен-тек мемлекет меншiгiне өтедi ғой.

СЫЗҒАНОВА. Өтсiн!

СЫЗҒАНОВ. Сонда, Төреханның артында қалған үйдi мемлекет иемденгенде ол кенет байып кете қоя  ма? Байлығы бұрынғыдан да тасып шыға келе ме? Жарайды, бiз дүниеге қызықпайтын адамдар бола қояйық. Ал, мемлекет менен кедей ме? Ол иесi қайтыс болған бiр үйге қарап отыр ма екен?

СЫЗҒАНОВА. Ал, сен ше? Сен осы үйге қарап қалдың ба?

СЫЗҒАНОВ. Жоқ! Бiрақ, бiздiң бұл үйге туыстық қатысымыз бар. Мен де қоғамның  мүшесiмiн. Менiң тұрмысым жақсы болса – мемлекеттiң абыройы.

СЫЗҒАНОВА. Осы айтқаныңа сенсек – сенiң алдыңда қоғам абыройсыз емес. Баяғыдан!

СЫЗҒАНОВ. Сен  менi ақымақ қыла берме! Мен не көрсем сен де бiрге көрiп келе жатырсың!

СЫЗҒАНОВА  (салмақты түрде). Саған сенiм қағаз тастап, қайта берейiншi.

СЫЗҒАНОВ  (оған ақырын жақындайды). Арыңды таза сақтап қалғың келедi ғой? Бәрiбiр сен де таза емессiң!

СЫЗҒАНОВА. Төреханның өлгенiн естiген күнi-ақ осы әңгiменi сен бастағансың!

СЫЗҒАНОВ. Мен тек бұл  жолғы тiрлiгiңдi айтып отырғаным жоқ!

СЫЗҒАНОВА. Ах, солай ма! Солай ма! Мен сенiң ертелi-кеш осыны бiр айтатыныңды сезiп ем…  (Сызғанова кереуетке құлап, егiлiп жылап жiбередi).

СЫЗҒАНОВ (паузадан соң).  Болды. Ендi көз жасыңды етектеп төккенiңмен пайдасы жоқ. Көтер басыңды! (Сызғанова әлденеден жасқанғандай ақырын басын көтередi). Ертерек үйдi сатудың қамына кiрiсу керек. Мен сыртқа шығып жұртпен сөйлесейiн, хабарландыру iлейiн.

(Сызғанов басқа бөлмеге кетедi. Сызғанова екi алақанына иегiн қойып, ойға шомып қалған. Есiк ашылып, Салиха үйге сөйлей кiредi).

АЛИХА. Итке әлi тамақ берiлмеген бе, iшi қабысып қалыпты ғой (пальтосын шешiп, киiм iлгiшке iледi. Шинельдi көредi).

СЫЗҒАНОВА  (көңiлденген боп). Апа, Ресей жақтан құдаңыз келдi!

САЛИХА. Көрдiм ғой.

СЫЗҒАНОВА. Қашан көрдiңiз?

САЛИХА  (шинельдi нұсқап). Тұр ғой, әне!

СЫЗҒАНОВА (күледi). Мен қазiр оны сiзбен таныстырайын. Жолдас коммерсант! Жолдас коммерсант! Сызғанов!

(Iштен ақ көйлек киiп, галстук тағып алған Сызғанов шығады. Бiр қарағанда өзiмiз күнде көрiп жүрген жөнi түзу, көрген-бiлгенi, адамгершiлiгi, мәдениеттi кiсiден бiрде-бiр кемiстiгi жоқ).

СЫЗҒАНОВ (шамданып). Немене, менiң өз атым құрып қап па едi? Не боп қалды?!

СЫЗҒАНОВА (iзетпен Салиханы көрсетiп). Амандаспайсың ба?

СЫЗҒАНОВ (бiрден өзгерiп). О-о, апа! Сәлеметсiз бе? Байқамай қаппын. Кешiрiңiз!  (келiп қол алып амандасады. Салиха да амандасады. Бiрақ, онымен танысқанына онша қуанышты емес екенi беп-белгiлi). Көңiл көрген жерде деген. Қайғыңызға ортақпын! Кезiнде келе алмадық. Ол жағын… (Сызғановаға  қарайды) айтып түсiндiрген шығар.

САЛИХА. Рақмет! Ол жағын айтып түсiндiрген… Сiздi сырқат деп едi…

СЫЗҒАНОВ. Сауыққан бетте осылай қарай домаладым ғой. Қалай, өзiңiздiң денсаулығыңыз жақсы ма? Қыстан қысылмай отырсыз ба?

САЛИХА. Шүкiр… Отырмыз ғой…

СЫЗҒАНОВ. Жұма сайын Төренiң басына барады деп естiгем. Менiң де бiр күн кеш келiп қалғанымды қараңызшы…

САЛИХА. Оқасы жоқ. Төре сiзге өкпелемейдi. Басына барғаныңызбен ол сiздi танымайды да. Көптен берi осында жүрген әйелiңiз де жете алмай жатыр ғой.

СЫЗҒАНОВ (кейiп). Япыр-ау, соны айтсаңызшы! Ол кiсiнi неге жалғыз жiбердiң деп жаңа бiраз ұрысып алғанмын. Қабағының ашылмай тұрғаны сондықтан болуы керек.

САЛИХА. Қой, мен үшiн ұрысысып қайтесiңдер.  (Сызғановты бастан-аяқ бiр қарап алып). Төренiң аяқ киiмi дәл келедi дегенге… Төре сияқты екен десем…

СЫЗҒАНОВ. Көңiлiңiзге олқы соғып қалдым ба, апа?

САЛИХА. Бәсе!.. Бiздiң Төренiң орны бөлек қой…

СЫЗҒАНОВ. Әрине, әрине! Ол сiздiң өз балаңыздай болып кеткен ғой.

САЛИХА (оған жақындай қарайды. Сонан соң орындыққа барып отырып салмақты үнмен). Айтыңдаршы, сендер менi шынымен iздеп келдiңдер ме?  (Сызғаноа пен Сызғанова  ә дегенде жауап бере алмай мүдiрiп қалады).  Неге үндемейсiңдер? Менiң кәрi жүрегiм бiр бәленi сезетiн сияқты.

СЫЗҒАНОВА (дiрiлдеп, астарлап). Ол қартайғандық шығар, апа!

САЛИХА. Олай емес пе деп қорқам. Менiң жүрегiм қуанышқа қателескен, бiрақ қорқынышқа қателесiп көрмеп едi. Бәлкiм… бәлкiм… Төренiң жинаған ақшасы бар, қалдырған мүлкi бар деп, содан дәметiп жүрген шығарсыңдар. Әсiресе, сiз…  (Сызғановқа  бұрылады). Төреханның артында көк тиын да қалған жоқ! Бар дүние-мүлкi мынау. (Шкафты көрсетедi).  Алам десең қарсы емеспiн. Сонан соң тiрi көз боп есiк алдында итi қалды.

СЫЗҒАНОВ. Апасы-ау, сiзге не  болған?  (Иығын қозғап, ештеңеге түсiнбей таңданған боп). Мейманды осылай қарсы ала ма екен? Есiгiне құлып салмайтын, келген қонағының атын да сұрамайтын ел едiк қой. Амандаспай жатып мұныңыз қалай?

САЛИХА (ойлы түрде).Иә, келген қонақтың атын сұрамайтынымыз рас едi!.. Рас болатын. Кiм болса да құшақ жая қарсы алып, төрiмiзде тайраңдатып қойдық. Ендi сұраймыз… Бәлкiм, оған қонақтың өзi кiнәлi шығар? Қайсыбiр қонақтың қара ниетi адалды арам еткен шығар. Сонан соң шыққан болар бiр-бiрiмiзге сенбеу? Пашпұрт тексеру… жамбас ақы алу… (Үй iшiнде арлы-берлi жүрiп кетедi). Қонақтың пашпұртын тексеру… жамбас ақы алу… Неге келдiң деп сұрау…

СЫЗҒАНОВ (әйелiне сыбырлап). Мына кiсi не деп тұр? Есi ауыса бастағаннан сау ма?

СЫЗҒАНОВА. Ол есiнен ауысса бiз қуануымыз керек! Бiз қуануға тиiспiз!  (Дауыстап). Қуануға!

СЫЗҒАНОВ. Қарыстыр жағыңды! (Кiлт қайта сабасына түсiп). Жаным-ау, саған не болды, сабыр етсеңшi!

САЛИХА. Қуануға! Қуануға дейсiң бе? (Сызғановаға жақындап). Ол қандай қуаныш. Немене, менiң немеремнен хабар бар ма? Төренiң, Төреханның баласы! Екi баламнан, қызымнан қалған жалғыз немере!  (Сызғанова не деп жауап берерiн бiлмей алысқа көз тастаған күйi тұра бередi). Бiлем. Одан хабар жоқ. Ол әлi… ол әлi хат жазбаған ғой… жазған хатын жiбермеген ғой.  (Әйелдi құшақтайды).

СЫЗҒАНОВ. Немере? Төреханның баласы (Сызғановаға қарап). Сен не былықтырып жүрсiң?

СЫЗҒАНОВА. Есiңдi жый! Дәл қазiр сенiң дауыс көтеруге қақың жоқ!

СЫЗҒАНОВ. Солай ма! Сен өзiңше «ақ жолға» түспек болған екенсiң! (Шинелiн киiп шығуға беттейдi). Сөйтiп, менi масқараламақсың ғой. Немене,  мен сонда қарақан басым үшiн ғана… (Сызғанова «Жетер!» дегендей қолын жоғары көтередi. Бұл қимыл киелi қимылдай көрiнiп, Сызғанов кiлт тоқтайды).

СЫЗҒАНОВА. Пенделiктi бiр сәтке қоя тұршы! Тым болмаса тап қазiр!

САЛИХА (бойын түзеп).Орынсыз жерде айғай  туғыздым ба, қалай?  (Басын ұстап).  Маған ренжiмеңдер. Кейде өстiп қалатын әдетiм бар. Артта қалған өмiрдiң тастап кеткен бiр белгiсi ғой. (Сызғановқа  жақындап). Иә, құда! Амансың ба!

СЫЗҒАНОВ (оқшырайып). Иә, аманбыз!..

САЛИХА. Мен де аман-есенмiн. Көрiп тұрған шығарсыз. Сiз, неге киiнiп алғансыз? Маған өкпелеп қайтқалы тұрған жоқсыз ба?

СЫЗҒАНОВ (сасқалақтап).Ж-жо-оқ!.. Әлi… бiр жетi… үш-төрт күндей болам.

САЛИХА (күлiп).Бұрынғы қонақтар келген үйi жақтырмаса қайтып кетушi едi… Иә, қазiр қонақ өзгерген. Момын үйдiң қонағы қожа болатын заман туды.

СЫЗҒАНОВА. Апа, келiңiз. Мында отырыңызшы. Мен шәй демдеп қойғам. Құдаңыз Орынбордан үндi шәйiн әкелiптi.

СЫЗҒАНОВ. Иә, үндi шәйiн әкелдiм! Он пәшкi!

САЛИХА. Он пәшкi! Үндi шәйi.  (Басын шайқап күледi).  Сырты үндi, iшi грүзiн емес пе? Өткен жолы маған бiреу сондай шәй әкеп берген.

СЫЗҒАНОВ. Жоқ, апа! Сырты да, iшi де үндi.

САЛИХА. Онда iшсек iшейiк. Шешiнiңiз, құда, үндi шәйiн  iшiңiз!  (Сызғанов  амалсыз шешiнедi. Бәрi шәй iшуге отырады.  Сызғанова  шәй құяды. Үнсiздiк. Үндi шәйiн әкелгенiне, онысы, сөз жоқ Салихаға ұнап отыр деген өз ойына сенген  Сызғанов  Салиха жаққа жайлап қарап қояды. Салиха қасақана ернiн тымырайтады). Грүзiн ғой, деймiн. Екiншi сорт! (Сызғанов  орнынан тұрады). Құда, сiзге не болды?

СЫЗҒАНОВ. Базар жаққа барып қайтуым керек едi. Сiздер асықпай шәй iше берiңiздер.

 (Орнынан Салиха тұрады).

СЫЗҒАНОВА. Апа, сiз қайда барасыз?

САЛИХА. Автостансаға.

СЫЗҒАНОВА. Онда… онда не бар?

САЛИХА. Колхозға барып келейiн. Құда кеп қалған екен. Соятын тауық әкелейiн. (Киiм iлгiштен пальтосын алып киедi. Сызғанов  оған киiнуге көмектеседi). Рақмет! Арғы күнi келем. Маған ренжiп кетiп қалып жүрмеңдер. Ит аш қалады!

СЫЗҒАНОВА. Жоқ, сiз келгенше кетпеймiз.

СЫЗҒАНОВ. Кетпеймiз… Үш-төрт күн боламын дедiм ғой жаңа.

САЛИХА. Онда бiрге шығайық, құда. Жүрiңiз! Анау ыдысты ала шығыңыз. Иттiң тамағын бере кетейiк.

ЕКIНШI  БӨЛIМ

Пеш алдында алақанымен жағын таянып, ойға шомған  Сызғанова отыр. Екi қолын артына ұстап Сызғанов әрлi-берлi жүр. Сызғанованың тұсына келгенде аз ғана аялдап, басын шайқап қойып, қайта қозғалады. 

СЫЗҒАНОВ. Әйелдердiң табан астынан ақылды бола қалатындары-ай осы!

СЫЗҒАНОВА. Әйелдердiң данышпандығынан қандай қорлық көрдiң?

СЫЗҒАНОВ. Кешегiң кешегi! Ал, бүгiнгiң не? Бiтiп тұрған iстi  бүлдiрдiң де жiбердiң.

СЫЗҒАНОВА. А-а, солай ма! Бұл қалада екi жүз мың халық тұрады. Тағы да келер.

СЫЗҒАНОВ. Жаным-ау, бiз ерiгiп жүрген адамдар емеспiз ғой. Iс бiр жақты болған соң қайтуымыз керек (алақанын соғып, басын шайқап). Қарашы-ей, мұның қырсығын! Қырық бес мың деп алушының өзi айтты ғой! өзi! Ал сен келдiң де болмайды деп оны қуып шыққандай қылдың? Ендi бұл үйдi ат басындай алтынға сатпақ па едiң?

 (Сызғанова жақтырмай орнынан тұрып, шәйнектен суық шәй құйып iшедi).

СЫЗҒАНОВА. Жарайды! Ендi келгенде мен араласпаймын. Өзiң саудалай бер.

СЫЗҒАНОВ. Бәлкiм, сенiң басқа ойлағаның бар шығар? Онда ашық айт! Осында келгелi берi сен мүлде өзгергенсiң!

СЫЗҒАНОВА. Өзiң ойлашы, кемпiр бұл жайлы әлi ештеңе де бiлмейдi. Бiз оған қалай айтамыз?

СЫЗҒАНОВ. Ол жағын өз мойныма алам дедiм ғой, оны неге қайталай бересiң!

СЫЗҒАНОВА. Бәлкiм, ол жынданып кететiн шығар… Алдыңгүнi ғана қыдырып кеткен, бүгiн қайтып келсе… үй оныкi емес. Бiздiкi.  (СЫЗҒАНОВА күледi). Бiз оны сатқалы жатырмыз!

СЫЗҒАНОВ (жүгiрiп кеп оның иығынан сiлкiлейдi). Ей, саған не болды?  (Сызғанова  күле бередi). Тоқтат деймiн! Тоқтат күлкiңдi  (Сызғанованы шапалақпен салып жiбередi. Сызғанова күлкiсiн тыйып, оған көз алмай тұрып қалады).

СЫЗҒАНОВА. Мына қызықты қара!  (Жағын ұстап). Бұл жолғы шапалағың бар ғой… Сонау бiр кездегi шапалағыңа керемет ұқсап кеттi. Есiңде ме? Қыстың күнi, сиыр қора… шөптiң үстi… Қыңсылаған кiшкене күшiктер…

СЫЗҒАНОВ (қалшиып тұрып қалады). Сен мұны неге еске салып тұрсың?

СЫЗҒАНОВА. Жәй. Неге екенiн қайдам, сол сәттiң есiме түсiп кеткенi.

СЫЗҒАНОВ.  Кешiр… Ашу үстiнде… өзiң де күлмейтiн кезде күлесiң…

СЫЗҒАНОВА. Сен кешiрiм сұрамаушы едiң ғой… Бұл жаққа келгелi сен де өзгергенбiсiң?

СЫЗҒАНОВ. Ту-у, қойшы ендi, өтiнемiн! Екеумiз бiр аулақта жүрiп бiр-бiрiмiздi сынамайықшы. Айтысуға, бiр-бiрiмiздiң мiнiмiздi көрсетуге басқа кезде де мүмкiндiк болады ғой.

СЫЗҒАНОВА. Бiлмеймiн. Әйтеуiр  Салиха апайды көргелi берi өткен өмiрiм елес берiп, мазамды алып бiттi.

СЫЗҒАНОВ. Көп жүрiп шаршағандықтан ғой. Мына шаруаны бiтiрген соң үйге барып тынығасың.

СЫЗҒАНОВА. Иә, үйге барып тынығамын!..  (Терезенiң алдына барып, перденi ысырып сыртқа қарайды). Жақсылап тұрып тынығамын. Осының бәрiне, сен емес, мен кiнәлi болуым керек. Мен…

СЫЗҒАНОВ. Бiз ешқандай да қылмыс жасағалы отырған жоқпыз, неменеге күрсiне бересiң? Бәрi де заңды!

СЫЗҒАНОВА. Иә, бәрi де заңды. Заң бiздiң жақта… Келе жатыр!

СЫЗҒАНОВ. Кiм?

СЫЗҒАНОВА. Кемпiр.

СЫЗҒАНОВ. Келсiн.  (Тынымсызданып ары-берi жүредi).

СЫЗҒАНОВА. Қазiр амандасып боламыз сонан соң өзiң айтасың. Мен қастарыңда болмаймын.

СЫЗҒАНОВ. Жарайды.

(Сырттан құрқылдаған тауықтың даусы естiледi де, артынша Салиха кiрiп келедi).

САЛИХА. Iнкүбатрдiң тауығы емес, мекиен басып шығарған тауық! Ал, амансыңдар ма?

СЫЗҒАНОВА. Сәлеметсiз бе, апа!

СЫЗҒАНОВ. Жақсы барып қайттыңыз ба?

САЛИХА. Шүкiр! Ауыз үйде бос жүр. Бiр жаққа шығып кетiп қалар. Мә! (Оған пышақ бередi).

СЫЗҒАНОВ. Мұны қайтем?

САЛИХА. Соймайсың ба, барып ана тауықты? Бұл үйде сiзден басқа еркек жоқ екенiн бiлесiз ғой.

СЫЗҒАНОВ. Ә-ә.  (Күлiп). Қазiр, қазiр! Сiзбен жөндеп амандасып болайын… Ол жақтағылар аман ба екен?

САЛИХА (шешiнiп, пеш жанына барады). Ескi  көзтаныстар болмаса ол жақта қайбiр екi туып бiр қалғаным бар дейсiң? Баяғы өткен өмiр есiңе түсiп қоймаған соң, аңсарың ауып барасың ғой, әйтеуiр. Көне көздер жыл өткен сайын азайып барады. Бармағаныма үш-төрт ай боп едi, бақырауық шал мен бұртташ кемпiр қайтыс боп кетiптi. Өстiп-өстiп кете бередi ғой бәрi де.

СЫЗҒАНОВА. Мен де түнi бойы осыны  ойлап шықтым. апа!

САЛИХА. Саған не жоқ! Сен шындап кетсең тағы бiр байға тие аласың!

(Сызғанова мен Сызғанов күледi).

СЫЗҒАНОВ. Мен ше, апа?

САЛИХА. Өй, еркектi қойшы! Оларға тоқтау бар ма? Еркек кешке өлетiнiн бiлсе де, түсте үйленiп жатады. (Сызғанова мен Сызғанов тағы күледi). Айтпақшы, бiздiң ана жаман үйге бiр шалды кiргiзiптi. Кемпiрi қайтыс болып, басқа бiр кемпiрге үйленген соң балаларынан бөлек шығыпты. Өй, әдiрем қал-ау дедiм iшiмнен. (Күледi). Бұрынғы кемпiрiмен тұрғанда күрк-күрк жөтелiп, сиырды өрiске айдауға жарамай жатып алушы едi, кеше қарасам қаздаң-қаздаң етiп, екi шелекпен су әкетiп барады.  Менi көрдi де жалбақтап амандасып жатыр. «Құлан таза сауығып, су таситын болғаныңды байғұс кемпiрiң көрмей кеттi-ау,» – деп армандаған болдым әдейi. «Сөйттi ғой, сөйттi ғой»,– деп тұнжыраған болады. «Ана кемпiрiңдi айттырып алдың ба, алып қашып келдiң бе?» – десем, «Әй, Салиха-ай, сенiң  әзiлiң әлi қалмапты ғой», – деп кеңкiлдеп күледi тағы. Омырауына медальдарын тағып апты. Медаль тақпаса құбырдан су ақпай қала ма екен, а?!

СЫЗҒАНОВА (күлiп).  Ой, апа-ай! өзiңiз көп нәрсенi көрiп кепсiз ғой.

САЛИХА. Иә, көп нәрсенi көрiп келдiм. Ең қызығы сол –менiң әлгi жаман үйiм өкiметке өтiп кетiптi. «Әй, бұ қалай?» – деп бастығына барсам, «Сiз мұнда талай жылдан берi тұрмайсыз» – дейдi. «Е, солай болса, солай шығар. Бiрақ, ақша бiрдеңе бермейсiңдер ме?» – десем, «оны үйiңiзге көшiп кiрген кiсiмен сөйлесiп, өздерiңiз жеке келiсiңiздер»,– дедi. Әлгi қутыңдаған шалмен сөйлессем. «Мен Отан соғысының ардагерiмiн. Пәтер ақы төлетуге ешкiмнiң хақысы жоқ»,–дейдi. Бәрiнiң тiрлiктерi шетiнен заңды. Сонымен қайттым. Бәрi қағаздарын дұрыстап алған.

СЫЗҒАНОВА (күйеуiнiң жанынан әрi-берi өтiп). Япыр-ай, ә, қызық болған екен. Мынау бiр қызық оқиға болған екен!..

СЫЗҒАНОВ.Иә! Шынында да, қызық жәй екен!..

САЛИХА. Оу, құда! Ана тауық қашанғы күтедi сiздi,  барып бауыздамайсыз ба?

СЫЗҒАНОВ (әрi-берi жүрiп).  Одан бұрын… одан бұрын бiр нәрсенi келiсiп алсақ па деп едiм…

СЫЗҒАНОВА. Иә… Сiздер… сiздер келiсе берiңiздер. Мен… Мен… басқа бөлмеге бара тұрайын.

САЛИХА (екеуiне кезек қарап). Сендерге… Сiздерге не болған бұл? Екеуiңiз тағы ұрсысып қалғансыздар ма? Жо-оқ, оған ұқсамайды. Иә, ненi келiсiп алғыңыз келiп едi?

(Сызғанова шығып кетедi).

СЫЗҒАНОВ (абдырап).  Расын айтсам… Егер турасын айтатын болсам… Менiң әйелiм – Төреханның қарындасы. Әр түрлi себептермен осы кезге шейiн араласа алмағанымыз болмаса, ол… ол Төреханның… (Мүдiрiп қалады).

САЛИХА. Иә-иә?.. Айтсаңызшы? Ол Төреханның?..

СЫЗҒАНОВ. Ол Төреханның… мұрагерi.

(Салиха  жан-жағына қарап, не айтарын бiлмей тұрып қалады).

САЛИХА. Дұрыс!.. Ол Төренiң мұрагерi. Иә, мұрагерi… Сонан соң?

СЫЗҒАНОВ. Мұрагер ретiнде растайтын заңды қағаздардың бәрi оның қолында.

САЛИХА. Заңды қағаздар? Ол қандай заңды қағаздар? Төренiң қарындасы болса, ол ешқандай қағазсыз-ақ мұрагер. Оған кiм таласып жатыр?

СЫЗҒАНОВ. Сонда да болса… Қолда қағаздың болғаны артық емес қой.

САЛИХА. Ал, мейлi, бәрi сондай-ақ болсын. Ендi не демексiңдер?

СЫЗҒАНОВ. Ол қағаз… ол қағаз бойынша бұл үйдiң қазiргi иесi… Төреханның қарындасы!..  (Ендi алқына, тез сөйлеп).  Ол қағаз бойынша мұрагер үйдi басқа бiреулерге жалға беруге, сатуға да қақысы бар.

САЛИХА. Сонда… сонда мен ше? Мен кiммiң?

СЫЗҒАНОВ. Қорықпаңыз, бiз сiздi далаға тастамаймыз.

(Салиха тәлтiректеп оның қасына барады).

 САЛИХА. Далаға тастамаймыз?

СЫЗҒАНОВ (сыбырлап). Иә…

САЛИХА. Далаға тастамайды! Далаға тастамайды. (Алақанымен бетiн басады).  Иә, бұлар менi далаға тастамайды! Қандай мейiрiмдi жандар! (жылайды). Бұл үйдi салған мен емес, мен бейнетiн көрген жоқпын, бұл үйде менiң қызым да, Төре де тұрған жоқ. Мен бүгiн ғана айдаладан келдiм! Ал бұлар менi далаға тастамайды!  (Дел-сал боп диванға барып отырады).

СЫЗҒАНОВ. Сiз ендi бiзбен бiрге боласыз, апа! Үйдi сатсақ… өзiмiзбен бiрге ала кетермiз… сатпасақ осында тұра берерсiз…  (Салиха орнынан тұрып, оған жайлап жақындайды). Құдағи-ау, сiзге, сiзге не болған?!

САЛИХА. Мынау… мынау мен тоқыған шұлық қой! Бұл шұлықты сенiң киюге қақың жо-оқ! Мұны саған кигiзген кiм? Шеш, шеш жылдам! (Салиха оның аяғына жабысады).

СЫЗҒАНОВ. Құдағи-ау, не болды?  (Диванға құлайды). Бiр шұлыққа бола! Ақшасын төлейiн. Үш есе артық төлейiн!

САЛИХА. Бұл алтынға да сатылмайды. Бұл – Төреханның шұлығы!

СЫЗҒАНОВ. Ендi… ендi ол бәрiбiр келмейдi ғой.

САЛИХА. Келедi! Келмесе де сандықта соның тiлеуiн тiлеп жата бередi.  (Салиха  шұлықты шешiп алып, қарыстап өлшеп көредi). Кеңiтiп жiберiпсiң! Неге кидiң? Неге кеңiтiп жiбергенсiң?!

СЫЗҒАНОВ. Қап! Сорлы басым, қайдан ғана кие қойып едiм? (жалаң аяқ дедектеп барып, етiгiнен өз шұлығын алып киедi).

САЛИХА (шұлықты әрi-берi  қарап). Ендi мұны қайнату керек! Бiлiп едiм! Мен жоқта Төренiң шұлығын киiп қояр ма екен деп қорқып ем өзiм де!.. Келген бетте көздерiңнен танып ем… (Салиха шылапшынға су құйып, отқа қойып жатады. Есiк қағылады. Сызғанов есiктi ашқанда, үйге Бейтаныс адам кiредi).

БЕЙТАНЫС. Сәләматсыздар ма?

СЫЗҒАНОВ. Сәләматсыз… Сiзге кiм керек?

САЛИХА. Қайнату керек! Әбден қайнату керек!

БЕЙТАНЫС. Мен үй сатылады деген соң келiп едiм…

СЫЗҒАНОВ. Ә-ә!.. Иә-иә! (Салиха жаққа қарап қойып). Сатылатыны рас едi… Iм-м… отырыңыз, мында отырыңыз.

БЕЙТАНЫС. Рақмет! Мен ыңғайсыз кезде келiп қалған жоқпын ба? (Отырады).

СЫЗҒАНОВ. Оқасы жоқ, үй iшiнiң жай ғана кiрбiңi ғой. Оған көңiл аудармаңыз.

САЛИХА. Мына келген кiм? Мен танымайтын адам бұл жерде неге отыр?  (Салиха  Бейтанысқа жақындайды. Бейтаныс орнынан тұрады). Сiз неғып жүрген адамсыз?

БЕЙТАНЫС (екеуiне кезек қарап). Мен… мен… үй сатылады деген соң.

САЛИХА. Үй сатылады деген соң? Оны сiзге кiм айтты?

БЕЙТАНЫС. Ешкiм айтқан жоқ. Мiне,  мына хабарландыруды оқып…

САЛИХА. Хабарландыру?! Оны жазған кiм? (Сызғановқа  бұрылып). Сiз емес пе?

(Осы сәттен бастап ақыры болары болып, бетi ашылған Сызғанов әрекетке ашық кiрiседi).

СЫЗҒАНОВ (ендi  ештеңеден тайынбас адамдай өзiн-өзi жинап).  Иә! Мен едiм!

САЛИХА. Оған дәтiңiз қалай барды?!

СЫЗҒАНОВ. Бұл үй заң бойынша ендi бiздiкi!.. Бiздiң паспорттарымыз да тiркеулi. Қазiр, қазiр көрсетейiн. (Үй кiтабын алып келедi). Мiне! Көрiңiздер!  (Бейтанысқа). Көрiңiз…

БЕЙТАНЫС. Жоқ! Бұл үйде кiм тiркелген, кiм тiркелмеген, онда менiң шаруам қанша?

САЛИХА. Солай деңдер! Солай де!.. Осы кiтапты сiздiң әйелiңiз алып жүрушi едi ғой! Төренiң қарындасы! Бiр анадан ала да туады, құла да туады деген осы екен ғой! Қайда?! Қайда сенiң әйелiң?

СЫЗҒАНОВ. Құдағи… апа! Сiз сабыр етiңiз! Мен сiзбен ресми тiлде сөйлесiп тұрмын.

САЛИХА. О, қайран Төре! Сен кiммен бiрге туғансың? Кiммен бiрге? Мыналардың пасықтығын көрсеткенше мына үйдi өртеп неге кетпедiң? Неге?

СЫЗҒАНОВ. Қария! сiз… сiз олай қалшылдамаңыз! Бұл мәселенi сабырмен шешкенiмiз жөн!

БЕЙТАНЫС. Мен.. мен кетейiн! Кешiрiңiздер!

САЛИХА. Қане, көрсетшi қағазыңды! Ол қандай хабарландыру? Оқышы, не деп жазған екен?

БЕЙТАНЫС (оқиды). «Бау-бақшалы бес бөлмелi үй сатылады. Қора-қопсысы, моншасы бар. Алушылардың есiне. санаулы күнi қалған кәрi кемпiрмен қоса сатылады»…

САЛИХА. Құдай-ау, не дейдi? «Санаулы күнi қалған кемпiр де қоса сатылады» дейдi?!

БЕЙТАНЫС. Мұнда осылай жазылыпты….

САЛИХА (Сызғановқа). Мынаны жазып жүрген сiз бе? Сендейлер де анадан туды ма екен?! Қайран Төре! Қайран Төре!

СЫЗҒАНОВ. Немене! Төре, Төре! Тiрi кезiнде осы үйге сiздi тiркей алмаған адамды неменесiне әулие тұтасыз! (Төреханның портретiн  алып еденге лақтырып жiбередi).

СЫЗҒАНОВА. (Басқа бөлмеден атып шығып). Жетер! Жетер осыншама қорлағаның! (Төренiң портретiн жерден көтерiп алады). Кешiр! Кешiр менi, Төре! Мен кiнәлiмiн! Мен кiнәлiмiн бәрiне!

(Бейтаныс  жүгiрiп кеп, оның иығынан көтерiп тұрғызады).

СЫЗҒАНОВ. Тұр орныңнан! Жый есiңдi!

СЫЗҒАНОВА  (орнынан тұрады). Мен есiмнен адасқан жоқпын!.. Сен… сен Төреге тiл тигiзбе!

СЫЗҒАНОВ. Ей, саған не болған? Сен не деп тұрсың?

СЫЗҒАНОВА. Төренi қорлама! Ол екеумiзден де жоғары!

СЫЗҒАНОВ. Оны сен қашан бiлдiң?

СЫЗҒАНОВА. Өмiр бойы бiлiп келгем.

СЫЗҒАНОВ. Өмiр бойы?! Демек, сен менi өмiр бойы алдап келгенсiң ғой?!

СЫЗҒАНОВА. Менiң басқа амалым болмады…

СЫЗҒАНОВ (дiрiлдеп). Қойнымда жатқан  әйел екен десем, шұбар жылан екен ғой! Аңқау басым, ертерек неге бiлмегенмiн!..

(Бейтаныс бiлдiрмей шығып кетедi).

САЛИХА. Әй, сендерге не көрiндi? Ұрысатын болсаңдар Орынборда үй жетпей қалды ма? Әйда, сонда барып ұрсыңдар!

СЫЗҒАНОВА. Апа, араласпаңыз! Сiз қазiр бәрiн түсiнесiз!

СЫЗҒАНОВ. Байқа! Менiң абыройымды төгем деп өзiң де масқара боласың? Мен де аянып қалмаймын.

СЫЗҒАНОВА. Сен қиналмай-ақ қой! өзiм-ақ айтам!

САЛИХА. Япыр-ау, сендердiң араларыңда да жiк бар ма?

СЫЗҒАНОВА. Иә! Болғанда қандай! Мына құдаңыз «аянып қалмаймын»,– деп менiң де қылмысымды айтпақ қой. Одан да өзiм айтайын! Осынша шыдағаным жетер!

СЫЗҒАНОВ. Мұны басқа кезде де айта аласың ғой!

СЫЗҒАНОВА. Жоқ! Басқа кезде мүмкiндiк болмайды! Тыңдаңыз, апа!

(Кемпiр аң-таң болып, ештеңеге түсiнбей  диванның бiр шетiне кеп отырады. Сызғанов ештеңеден қорықпайтын, кiнәсiз адамның кейпiмен  креслоға шалқалап, темекi тұтады).  Әкемiзге жала жабылған жылы мен он алтыда едiм. Әкем жұмысшы кооперациясының бастығы болатын да, ал, мынау (пистолет жарығы Сызғановқа түсiп, қайта жоғалады) оның қарамағында сатушы болатын. Бiр күнi кенет магазин өртендi. Әдейi өртедi деп әкемдi ұстап алып кеттi. Өз мерзiмiн өтеген соң қайтып келетiн бе едi, бiрақ бұл өртке саяси мән берiлдi. Оның қайтып келмей бiржолата кетуi кейбiр кiсiлерге тиiмдi болса керек.

Бүкiл ауыл бiзден iргесiн аулақ салды. Әкемiз бар кезде «Майданов» дегендер көп едi, тiптi, Майданов болғаны үшiн мақтанатын да. Айналасы екi-үш айдың iшiнде бiздiң үйдегi үш адамнан өзге бiрде бiр Майданов қалмады. Тiптi, кейбiр туыстар бiзге жаны ашыған боп «фамилияларыңды өзгертiңдер», – дедi. Төрехан оларды  үйден қуып шықты.

Ертесiне милиция кеп Төреханды да алып кеттi. Бiз мүлде жалғыз қалдық. Екi күйiкке шыдай алмай апам төсек тартып жатып қалды.

СЫЗҒАНОВ. Сол кезде сендерге қол ұшын бергенiмдi ұмытпассың!

СЫЗҒАНОВА. Иә. Оны ұмытпаймын. Бүкiл ауыл болып бiзден терiс айналғанда сен келiп көмек бердiң. Хабарсыз кеткен әкемiздi еске алып, бiзбен бiрге қайғырдың. Оныңа рақмет.

Бiрнеше күннен кейiн сен әкемнiң орнына тағайындалып, жастығыма қарамай менi жұмысқа алдың. Арада бiр ай өтпей жатып магазин ұрланды.  Бiр жетi өткен соң ұрланған заттар бiздiң үйдiң  сарайынан табылды. Бiз ол сарайды күзден берi ашпаған едiк. Кiнәлi емес екенiмдi дәлелдей алмадым. Менi соттайтын болды.

СЫЗҒАНОВ. Менiң сол кездегi жақсылығымды да есiңнен шығармағайсың.

СЫЗҒАНОВА. Иә, ұмытпаймын. Әрi-берi шапқылап жүрiп, ол менi құтқарып қалды. Оған риза болғаным сондай.«Сiздiң алдыңызда өмiр бойы борыштармын!» – дедiм.

Бiр күнi ол қас қарайған кезде бiздiң үйге келдi. Апам ауруханада болатын. Оның түсi өзгерiп кетiптi. Үйге кiрген бетте шамды өшiрдi де, менiң белiмнен құшақтады. «Есiңде ме, сiзге өмiр бойы борыштармын»,– деп едiң ғой, сол борышыңды өтейтiн кезiң келдi», – дедi. Мен сытылып шығып, сарайға қашып кiрдiм. Үйiлген шөптiң үстiнде жақында күшiктеген итiмiз жатыр едi, соның қасына кеп жасырындым. Бәрiбiр ол менi тауып алды.

– Жақсылықты бiлмейтiн есуас! – деп, шапалақпен салып-салып жiбердi.

Мен суық сарайдың iшiндегi шөптiң үстiнде, қыңсылаған күшiктердiң қасында… борышымды өтедiм.  (жылайды)… Он алты жасымда әйел болып, он жетiге жетер-жетпесте ана болдым. Мен ана болған жылы өз анам дүние салды.

СЫЗҒАНОВ. Егер мен найсап болсам, саған үйленбей кете берер едiм ғой.

СЫЗҒАНОВА (ызалы, бiрақ өзiн-өзi ұстап). Оныңа да рақмет! Сен адамгершiлiк танытып – маған үйлендiң! Бәрi де заңды боп шыға келдi! Мен паспорт бойынша он тоғыздағы әйел болдым.

СЫЗҒАНОВ. Болды ғой, қойшы ендi!

СЫЗҒАНОВА. Жоқ! Ең бастысы алда! Сол жылы бiз табан астынан Орынборға көшетiн болдық!..

СЫЗҒАНОВ. Тоқтат! Тоқтат!..

СЫЗҒАНОВА. Орынбор жақта ешқандай туысымыз жоқ болса да көшетiн болдық.

СЫЗҒАНОВ. Қоясың ба, жоқ па? Доғар ендi!

СЫЗҒАНОВА. Түнде көштiк! Екi машинаға жүк тиелдi де, үшiншi машинаға… ( Сызғанов  оның аузын басып, қылғындыра бастайды. Салиха шырылдап араға түседi.)

СЫЗҒАНОВА. Үшiншi машинаға… үшiншi машинаға тай-тай маталар мен жәшiктер тиелдi. Көшiп келген соң көрдiм, олар магазиннiң дүниелерi екен. Магазиннiң өртелуiне, әкеме жала жабылуына осы дүниелер себеп болмады ма екен деген күдiк сонда барып алғаш рет оянды.

СЫЗҒАНОВ. Сол күдiкпен осы кезге шейiн қасымда жатып келдiң бе?

СЫЗҒАНОВА. Жатып келдiм. Сол күдiкпен сәби де көтердiм!

СЫЗҒАНОВ. Арамдық жасаған адам қауiптi емес, арамдығын iшке сақтап келген адам қауiптi!

СЫЗҒАНОВА. Менiң барлық жазығым – амалсыздығымда едi.

СЫЗҒАНОВ. Қалай десең де бұл арада менiң кiнәм жоқ!

САЛИХА. Не дейдi! Жазықсыз адамды айдатып жiберген кiсi алдымда тұр. Ол кiнәлi емес! Кәмелетке толмаған жас баланы бiреу былғап жатыр. Ол кiнәлi емес. Бiреуге жазықсыздан-жазықсыз жала жабылады. Оған да ешкiм кiнәлi емес! Сонда кiм кiнәлi?! Кiм?! (Пауза). «Мен!» дейтiн бiреуiң бар ма, жоқ па?

СЫЗҒАНОВА. Мен!

САЛИХА. Сен?! Сен неге кiнәлi боласың?

СЫЗҒАНОВА. Бәлкiм, ол маған қызыққан соң әкеме қастық жасаған шығар.

САЛИХА. Байғұс бала! Жазықтылар үндемеген соң түнгi көбелектей жалпылдап кеп отқа түсiп тұрғаның ғой.

СЫЗҒАНОВА (өзiне-өзi). Өмiр деген неткен қызық! Төрехан екеумiз бiр анадан тудық, бiрақ, бұл кемпiр оның туған анасындай. Ол менен гөрi Төреханға әлдеқайда жақын! Менен – туған қарындасынан! Адамды сүю үшiн, адамды қастерлеу үшiн, онымен бауыр басып кету үшiн кейде бiрге туудың өзi шарт емес қой деймiн!

(Сызғанова қағаздарды орап, сандыққа сала бастайды).

САЛИХА. Салма ол қағаздарды сандыққа! Ол сандықта Төренiң киiмдерi жатыр! Былғайсыңдар!

(Сызғанов селт етiп, Салихаға жалт қарайды. Сызғанова да селт етiп, салып қойған қағаздарды қайтып алады. Ит үрiп, есiк қағылады. Сызғанов тағы шошып кетедi. Сызғанова барып есiктi ашады. Iшке орта жастағы бiр әйел мен бiр еркек кiредi).

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Сәләматсыздар ма?(Үйдегiлер амандасады).Бiз арнайы комиссияның мүшелерi едiк.

СЫЗҒАНОВ. Ол қандай комиссия тағы?

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Қала әкiмшiлiгiнiң жанынан құрылған комиссия.

СЫЗҒАНОВ. Иә? Бiзге не айтпақсыңдар?

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Қаланың бас жоспары бойынша осы көшенiң бойындағы бiрнеше үй бұзылуға жататын болды. Соның iшiнде сiздер тұрған үй де бар. (Үйдегiлер аңырайып, бiр-бiрiне қарайды). – Егер рұқсат болса, үйдiң документтерiмен таныссақ деп едiк.

СЫЗҒАНОВ (сәл абдырай күлiп). Е-е… ол болады… Оған мархабат! (Сызғановаға қарап). Таныстыр қағаздармен. (Сызғанова қолында ұстап тұрған қағаздарды комиссия мүшелерiне әкеп бере қояды).

СЫЗҒАНОВА. Мiне, көрiңiздер!

КОМИССИЯ МҮШЕСI (таңданып).Бiздiң келетiнiмiздi күтiп отырғансыздар ма? Бәрi дап-дайын ғой.

СЫЗҒАНОВ. Тосын хабарды алдын ала сезетiн қасиетiмiз бар. Жолдарыңыз болады екен.

КОМИССИЯ МҮШЕСI (күлiп, әрi түсiнбей). Жолымыз қай жағынан болар екен?

СЫЗҒАНОВ. Демек, бұл жерде көп аялдамайсыздар деген сөз. Отырыңыздар (Олар отырады).

КОМИССИЯНЫҢ ЕКIНШI МҮШЕСI  (иығын қозғап). Түсiнбедiм. Бiз жұмыс бабындағы адамбыз. Қанша уақыт кетсе де бiзге бәрiбiр.

СЫЗҒАНОВ. Ендеше, ертең лотерея билетiңiз машина ұтады.

КОМИССИЯНЫҢ ЕКIНШI МҮШЕСI (қуанып).

Мұныңыз жақсы сөз!  (Қағаздарды қарауын жалғастырып). Байқауымызша, сiздер ерiгiп отырған болуларыңыз керек.

СЫЗҒАНОВА (терiс айналып). Иә, ерiгiп отырмыз! Апа, шұлықты неге жинап жатырсыз? Ол әлi кепкен жоқ қой.

САЛИХА (комиссия мүшелерiне қарап). Кептiрем деп отырғанда тағы бiреу киiп кете ме!..

КОМИССИЯНЫҢ  МҮШЕСI (Сызғановқа). Анаңыз ба?

СЫЗҒАНОВ. Жоқ. Құдағи… Iм-м… Әйелiмнiң ағасының… Жалпы. қайын енем…

КОМИССИЯНЫҢ ЕКIНШI МҮШЕСI. Бiр үйде тұрса да бiреу киiп кетер деп кеппеген шұлықты жинап жатыр! Сiзге қиын-ақ тиiп жүрген шығар?

СЫЗҒАНОВ. Ештеңе емес!.. Шыдаймыз ғой…

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Иә, шыдамды екенсiз.

КОМИССИЯНЫҢ ЕКIНШI МҮШЕСI. Мен қазақтардың осындай бауырмалдылығына қатты сүйсiнемiн. Олар үлкендердi өле-өлгенше сыйлап өтедi!

(Сызғанов оларға бiр қарап, ойланып тұрып қалады. Комиссия мүшелерi қағаздарға шұқшияды).

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Жолдастар! Қажеттi документтермен толық танысып шықтық. Алдын ала жасаған қорытындымыз мына төмендегiдей. Бұл үйде тұратындар әйелi (осында тiркелген), күйеуi (әзiрше жұмыс бабымен басқа қалада), үш баласы. Жан басына тоғыз шаршы метрден есептегенде сiздерге қырық бес шаршы метр коммуналды үйден пәтер тиедi.

САЛИХА. Сөйтiп, мына үй бұзылатын болды ма?

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Иә. Қаулы бойынша.

САЛИХА. Маған қандай үй бермексiңдер?

КОМИССИЯ МҮШЕСI  (бiр-бiрiне қарап). Сiзге… Сiздiң мұнда ешқандай документтерiңiз жоқ… Ештеңе берiлмейдi…

(Салиха қарқылдап күлiп, бөлменiң қараңғы түкпiрiне қарай кетедi).

КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРI. Сау болыңыз (Екi әйелге). Сау болыңыздар! Қосымша қағаздарыңыз болса кейiнiрек әкелерсiз!

САЛИХА  (қайта келiп). Тағы да қағаз! Қағаз!.. Сiрiңке тигiзсең лап етiп, күлi ғана қалатын қағаз! (Комиссия  мүшелерi Салиханың сөзiне назар аударып тоқтап қалады). Сол қағаз менiң ескi жаман үйiмдi бiреуге алып бердi. Онда соғыс ардагерi жас кемпiрмен отыр.  Оған ақы төле деп айтуға менiң қақым жоқ! Өйткенi, ол соғысқа барып келген. Ал, мен үйде отырдым! Майданға күйеуiмдi, екi ұлымды бердiм де, үйде қалдым! Кешегi майданда бар баласы мен бар қызығынан айрылған аналарды соғыс ардагерi емес деп кiм айтпақ?! Колхозда тұратын еңкейген кәрi кемпiр бар. Соғыста күйеуi мен төрт баласы бiрдей қаза болған. Соған қарамастан күнi кешеге дейiн қайыспай еңбек еттi. Сол кемпiрдi  Кеңестер  Одағының Батыры емес деп кiм айта алады? Кiм?!

Бұл үйдi салған – анау тұрған жiгiт едi. (Комиссия мүшелерi Сызғановқа қарайды). Жо-оқ! Ол емес, анау төрде iлулi тұрған адам.  (Портретке жақындайды). Жiгiттiң төресi едi ғой. Үйленген соң бiр  жылдан кейiн-ақ әйелi қайтыс болды. Әйелi – менiң қызым болатын.

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Түсiнсем бұйырмасын. Сонда бұл үй кiмнiң атында?

СЫЗҒАНОВА. Қағаз  жүзiнде менiң атымда, ал iс жүзiнде үй кемпiрдiкi!

КОМИССИЯ МҮШЕСI  (Сызғановқа).Ал, сiздiң айтып тұрғаныңыз не?

СЫЗҒАНОВ. Сiз сөзге  сенесiз бе, қолыңыздағы қағазға сенесiз бе?

КОМИССИЯ МҮШЕСI. Әрине… қағазға….

СЫЗҒАНОВ. Ендi басқа не керек?

(Комиссия мүшелерiнiң екеуi де иықтарын қозғайды).

САЛИХА. Жоқ! Бұл үй менiкi емес. Бұл үй менiң немеремнiң үйi! Алғашқы  кiрпiшiн қалаған кезде Төре солай деген. «Бұл үй сiздiң немерелерiңiздiкi болады»,–деген.

КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРI  (бiрiнен соң бiрi). Бiз қайтайық… Иә, қайтқанымыз жөн болар. (Олар шығып кетедi).

САЛИХА. Үш бала сүйiп, бiр немересiз қалуым әдiлдiк пе? Жоқ, әрине жо-оқ! Менiң немерем бар. (Үйдiң түкпiрiне елiре қарайды). Ол әскерде! Ұзақ жыл жүретiн әскерде. Ол маған көп қып хат жазып жатыр. Жақында келедi, сонда ала келедi. (Сызғановаға қарап). Қап, туылғаны рас деген қағаз керек деп жүр едi, сен оны салған жоқсың ба?

СЫЗҒАНОВА. Жiберемiн, ертең жiберемiн, апа! Сабыр етiңiзшi!

САЛИХА. Жiбер. 1942 жылы 20 декабрьде туған деп жаздыр. Сонан соң ол келедi. Мына үйдiң иесi сол. Төреханның мұрагерi сол! Әне, ол келе жатыр. Далада ит үрiп тұр ма?

(Иттiң үргенi естiлед)i.

–Иә-иә! Бұл келе жатқан – сол – немерем! Қазiр есiк қағылады!  (Бәрi үрейленiп, тапжылмай  есiктiң қағылғанын күтедi. Есiк қағылады) Аш! Аш тез!

(Сызғанова жүгiрiп барып есiктi ашады. Үйге баяғы пәтер iздеп келген жас жiгiт пен оның үйленгелi жүрген қалыңдығы  кiредi).

ЖIГIТ. Сәләматсыз ба, әже!

(Бәрi таң қалып қалады).

– Сәләматсың ба, құлыным! Қасыңдағы кiм?

ЖIГIТ. Келiнiңiз әже!

САЛИХА.  (қолын жайып оларға жақындай бередi). Мiне, келдi. Менiң немерем келдi! Келшi, жақындашы, бетiңнен сүйейiншi! Ұзақ күттiм ғой! Ұзақ күттiрдiңдер ғой, балапандарым! (Келiп екеуiн де құшақтап сүйедi).

ЖIГIТ. Әже… әже, сiз менi танымай қалдыңыз ба? Мен өткен жолы пәтер iздеп келген жiгiтпiн, есiңiзде ме? (Көңiлдене күлiп).  Бұл үйде бұрын болғам десем, мына келiнiңiз сенбейдi. Келгенiм рас қой, әже!

САЛИХА. Қолыңдағы не? Бұл не қағаз? (Жiгiттiң қолынан қағазды алып, қарап шығады). Төренiң өсиетi! Бұл –Төренiң өсиет қағазы ғой! «Менiң мұрагерiме» деп жазылыпты. Сенсiң оның мұрагерi! Сен екенсiң ғой менiң немерем! Ал, бәрiн! Бәрi де… бәрi де сендердiкi!..

(Қолынан қағазы түсiп кетедi. Сызғанова кеп оны сүйемелдейдi. Сызғанов жерге түскен қағазды алып оқиды).

СЫЗҒАНОВ. «Хабарландыру. Жөнi түзу ерлi-зайыпты адамдар болса пәтерге жiберемiн». (Ол түкке түсiнбей иығын қозғайды). Мына дүние не боп кеткен! Жұртта ес жоқ па, әлде, менiң ақылым ауысқан ба? Кету керек! Кету керек бұл жерден!

(Түкпiрге қарай қозғала бередi).

ЖIГIТ. Әже, сiз менi… сiз менi шатастырып тұрсыз, әже.

САЛИХА. Сенiң әжең… сенiң әжең қайда?

(Жiгiт төмен қарайды).

ҚАЛЫҢДЫҚ. Оның әжесi жоқ. Ол… балалар үйiнде тәрбиеленген.

САЛИХА. Келшi, бетiңнен сүйейiншi! Жапа шеккен әжеңдi сағынып, туылмасаң да iздеп келдiң ғой менi! Кел, келе ғой. Құшақтайын. Сенсiң менiң мұрагерiм! Сенсiң!

Сенсiң!

Сендерсiңдер!

(Бәрi оған таңырқап, қалшиып қатып қалған).

Соңы