Дулат ИСАБЕКОВ: «Гауһартас» қаралағаннан құлап қалмайды

– Сіз осыдан жиырма жыл бұрын «көлдің беті аласапыран болып, жа­ға­ны буырқанған толқын ұрып жатқан кезде, балықшы балық аулауға шық­пай­ды. Сол сияқты қоғам мазасыз күй кешіп отырғанда жазушы да жақсы шы­ғарма жаза алмайды», деген едіңіз. Қа­зір дауыл да жоқ, толқын да жоқ, көл­дің беті – қоғам тыныш. Алайда…

– Мұның себебін әркім әртүрлі түсін­ді­ретін шығар. «Көлдің беті тыныш бол­ған кезде ғана балықшы балыққа шы­ғады» деген әдебиетте ежелден келе жат­қан  тұжырым. Сырттай тұрақтылық орнап тұрғанымен, адамның ішкі тұрақ­ты­лығы әлі жоқ. Біздегі ішкі аласапыран, беймаза күй, ішкі иірім әлі жалғасып жатыр. Кеңестік кезеңде идеологияға қарсы жа­зылған шығарма мықты шығарма болып есептелетін. Айтматовтың «Ақ ке­месі» шыққанда, қоғам дүр сілкінді. Се­­бебі Кеңес Одағы кезінде «адам адам­ға – дос, бауыр, туысқан» дедік. Айт­ма­товтың шығармасын оқығаннан кейін олай емес екеніне көзіміз жетті. «Бұ­ғыдан тарадық» деп жүрген халық Бұғы-Ананың өзін сойып, балталап жат­қанда, «Бұл не деген қатыгездік? Адам қайда бара жатыр?» деген сұрақ туып, кеңес адамдарының нағыз бет-бей­несі көрінгендей болды. Жұрт газет­тен таппайтын шындықты көркем әдебиет­­тен табатын. Үлкен мемлекеттің құра­мын­да­ғы кішкентай ұлттардың жалған идеологияға ішкі қарсылығы күшті болды. Іздеген шындығын тапқан шығар­ма­ны, авторды оқырман пір тұтты. Бәлкім, кейде жағымсыз кейіпкерлер арқылы бәріміз де сондай шығарма тудыруға ты­рыс­тық. Кейін Тәуелсіздік келді. Санада, қоғамда ғаламат өзгерістер болды, солай бола тұра, жан дүниесі, болмысы өзге­ріске түскен тәуелсіздіктің жаңа кейіп­керлері туралы шығарма жазсаң, өз тәуелсіздігіңе қарсылық сияқты қабыл­да­нып қала ма деген ой тежеуіне түстік.

– Соңғы жылдары драматургияға көбі­рек ден қойып, прозаны сырт қал­ды­руыңыздың сыры сонда ма?

– Өйткені драматургияда бірден жауап бар. Себебі спектакльды көрген пә­лен­бай жүз адам театрдан шыға салып, пьесаңды бірден бағалайды. Осы уа­қытқа дейін жазған пьесамның бәрі кә­деге жарады, қойылмай қалған бірі жоқ. «Әпкенің» қойылғанына елу жылға жақындады, әлі сахнадан түскен жоқ. «Өкпек жолаушыны» да ағылшындар ке­ремет қарсы алды, Кореяда да пьесам­ды жан-жағымдағы көрермен көзінің жа­сын сүртіп отырып тамашалады. Яғни, драматургияда кері байланыс­ты көп күтпейсің, нәтижесі қолма-қол. «Жүз­жыл­дық махаббат», «Балуан Шо­лақ» тарихи тақырып болғанымен, идея­сы бү­гінгі қоғам үшін аса қажет, көрер­мен­ге әсері күшті шымыр идеяны аяқ ас­ты ет­кім келмеді. Драматургияда пьеса­ның кілтін таппай тұрып, пьеса жаза­мын деу бос әурешілік. Кілті табыл­маған пьеса ешкімге де қызықсыз, құр­ғақ хронология болып шығады.  «Сталиннің репрессиясынан аман қалған Булгаков қызғаныштың репрессиясынан аман қала алмады» деген ой «Қар адамы» деген пьесамды жазып отырғаныма қарамастан, Булгаков ту­ралы жаңа дүниені бастап кетуге түрткі болды.

– Көңіліңіздің құлазитынын жа­сыр­­май, әдебиеттің айналасындағы келең­­сіздіктер туралы жиі айтып жү­ре­­­сіз. Содан не өзгерді?

– Өзгерген түк те жоқ. Әдебиетіміздің рөлі төмендеп кетті. Қоғамдық пікір туды­рудан қалып бара жатыр. Астарына үңіл­сең, бірнеше себебін аңдайсың. Капи­­талистік көзқарасты ұстанған  «жа­зу­­шы шығармасын өзі жазып, өзі шыға­рып, өзі сатуы тиіс» деген жалған қағида қалыптасты. «Америкада солай» дейді. Біз ешқашан Америкамен бәсекелес бола алмаймыз. Америкада 350 млн халық бар және әлем жұртшылығы тұ­тас ағылшын тілінде оқиды. Қазақ хал­қының саны 12 млн-ға енді жетті. Қа­зіргі жағдайда оның қаншасы кітап оқи алады? Көп болса, 100-200 мың адам оқитын шығар. Көпшілігі кино көру­мен шектеледі. Сонда шамамен жарты миллион халқымыз оқырман, жарты мил­лион халқымыз көрермен болады. Енде­ше әдебиет өз-өзінің шығынын өтей алмайды, сол секілді кино мен театр да өз шығынын өзі өтей алмайды. Соған қара­мастан жазушыларымыз шығар­ма­­шылықпен айналысып жатыр, бірақ ырғақ та, қуат та бұрынғыдай емес. Әр тұс­та­ғы окоптардан атылған мылтықтың да­уысы естілгендей болғанымен, жаппай май­дан жоқ.

– Сіз шетелдерге жиі сапарлайсыз ғой. Англия ендігі өз ауылыңыздай бол­ды. Біздегі және ол жақтағы руха­ни ортаны салыстыра қараудың мүм­кін­дігі мол. Не байқайсыз?

– Рас, шетелде жиі боламын. Осы күні өз жаңалығыңды өзің айтып отырмасаң, жұрт біржола елең қылмауға көшкен екен. Күңкіл сөзге, дауға құмарлау бола­ды екенбіз-дағы, жалпы самарқаулық пен керенаулықты серік етіп алғанға ұқсай­мыз. Есімде, бір кездері қазақ басы­лымдары «орыс театрлары қазақ пьесасын неге қоймайды?» деп жабыла сынап жазып жатты. М.Лермонтов атын­дағы академиялық орыс театры, Н.Сац атындағы Жастар театры шығар­ма­ларымызды сахналап еді, сол сынаған газет­тер жұмған аузын ашқан жоқ. Үнсіз қалды. Керісінше, орыс басылымдары жазды. Ілгеріректе Петербургте тұңғыш рет тұңғыш қазақ драматургының пьесасы қойылды, үй-ішіміз барып қайттық. Ешкім үндеген жоқ. Содан кейін де Петербургтың үш театры спектаклімді сахналады. Тіпті біреуі, Мемлекеттік Жас­тар комедия театры, гастрольдік са­пар­­мен арнайы Алматыға әкеліп қойды.  Бұл оқиға ма? Оқиға деп ойлаймын. Оқиға емес десе, өздері білсін. Бейнебір Петербург театры қазақтың пьесасын ай сайын, жыл сайын қойып, бізді мезі қылған сияқты үнсізбіз. Осыны ара-тұра басшылармен кездесіп қалғанда айтсаң, «әәә» дейді де қояды. «А-а-а, солай ма, Петербургте пьесаңыз қойылды ма?», деп қайыра сұрақ қоймайды. Қала берді Болгарияда, Түркияда да қойылып жатыр. Жым-жырт.

Жұрт газет­тен таппайтын шындықты көркем әдебиет­­тен табатын. Үлкен мемлекеттің құра­мын­да­ғы кішкентай ұлттардың жалған идеологияға ішкі қарсылығы күшті болды. Іздеген шындығын тапқан шығар­ма­ны, авторды оқырман пір тұтты. Бәлкім, кейде жағымсыз кейіпкерлер арқылы бәріміз де сондай шығарма тудыруға ты­рыс­тық. 

– Еуропаның төрі – Лондонда қойы­лып жатқаны өз алдына дейсіз ғой. Лорд­тар палатасында сөз сөйлегеніңіз әдебиет­і­міздің мерейін өсіргендей болды.  Бірақ тағы да үнсіздікке тап бол­дым деп қамықтыңыз. Рухани жал­ғыз­­дықты жиі сезінесіз бе?

– Ағылшындардың не себепті маған ықыласы түсіп қалғанын бір Алла біл­сін. Қазақстан деген жаңадан пайда болған жас мемлекеттің жазушысы де­ген көзқарас болды ма, әйтеуір мені өз­дері іздеп тапты. Ұлыбритания пар­ла­­менті мен Айтматов академиясы бір­­лесіп сертификатымен үлкен сый­лы­­­ғын берді. Біз мұндай сыйлықты күн­де алып жатырмыз ба? Бұған да қазақ газеттері көңіл бөле қоймады. Лон­­­дон театры алғашында «Өкпек жо­лау­­­шыны» қойды, кейін тағы бір пьесамды сахнаға шығарды. Лондонда ме­нің пьесаларымның фестивалі өтіп, М.Әуезов театры мен Мемлекеттік кә­ріс музыкалық комедия театры барып қайт­ты. Таңдамалы пьесалар жинағым мем­лекеттік бағдарлама аясында емес, ағыл­шын елінің астанасында басылып шықты. Кітаптың тұсаукесері кезінде аудар­машы «Біз соғысты көрген жоқ­пыз» деген кітаптан аударма оқыған кезде, көзінің жасын тыя алмай жылап тұрды. «Өкпек жолаушыны» ойнаған актриса  да кейіпкержандылығын көрсетіп, жанарындағы жасты ірке алмады. 2017 жыл­дың 2 қазанында 75 жылдық мерей­тойым Лордтар палатасының қабырға­сын­да аталып өтті. Үлкен баннер, ас­тын­да мінбер. Алдымен лорд сөй­ле­­ді, мен туралы баяндама жасалды, төртін­ші болып сөз маған берілді. Сол кезде ғана мен өзімді сәл ғана бақытты сезін­дім. Мінбеге жеткенше «әй, мен де бірдеңе бітірген екенмін-ау, мыналар бағалап, құрмет көрсетіп жатса, айдаладағы ағылшын актрисасы көзінің жасын тыя алмайтын дәрежеде болса, жаман болмағаны ғой» деген ойда болдым. Қат­ты толқыдым, бірақ ізінше бәрі ұмы­тылып кетті де, бәз-баяғы үйрен­шік­ті қалыпқа қайта түсті. «Central Asia Moni­tor» газеті ғана «Триумф казахской дра­матургий» деп үлкен мақала басты. Қазақ газеттері там-тұмдап қана жазды. Неге? Неге барды айта алмаймыз, неге жоқ­ты даулаймыз? Шашылмайтын жерде шашылып, тасымайтын жерде тасимыз да, таситын жерге жеттік-ау дегенде, айналып өтіп кетеміз. «Гауһартас» әңгімелер жинағым мен «Біз соғысты көрген жоқпыз» Лондонда жеке кітап болып басылып шықты. Ғажап тұсаукесер болды. Ол да ізсіз кетті. Жұрт ауданның құрметті азаматы болса да, газет бетінде хабарлама беріп жатады. Ұят қой.

– Постмодернистік ағымға қа­зақ қалам­герлері әлі де сенбей келеді. Кей­бір сыншылар айтып жүр­ген­дей, ол расымен ұлттың рухани құнды­лық­тарын жоққа шығаратын құрал ма?

– Бұл маған ең жиі қойылатын сұ­рақ. Постмодернизм – қалалық сюжет. Қазақша айтқанда, қалада туылған бала­­лардың стилі. Постмодернизм – әде­би ағым емес, әркімнің жеке көзқа­ра­сы. Мұн­дай бағыттағы шығар­ма­лар­дан ру­­хани, эсте­тикалық ләззат ала ал­май­­сың. Өйт­кені олардың бойына тіл, ұлт­тық об­раз сіңген жоқ, оларда идея­лық бағыт, қағида жоқ. Оларда бүкіл шығарманың тағдырын алып шыға алатын күрделі образ жоқ. Бұлар көздеріне көрінгенін хабардың тілімен шолақ жазады. Сондықтан ол мейлі орыс жазушысы болсын, қазақ жазушысы болсын, не жазса да, ұлттық реңктен аулақ, дүмбілез дүние болып шығады. Олар жапонға да, ағылшынға да, қазаққа да ортақ болсын деген мақсатты саналы түрде белгілейді. Олай болмайды. Жа­пон жазушысы жапонның мінезін, қазақ жазу­шысы қазақтың мінезін беруі керек. Постмодернизмді қоя тұрайық, шығар­маларын шетелге танытуға келгенде, қазақ жазушылары неге мүдіріп қалады? Себебі, бізде әлі көпсөзділік бар. Бір ғана дастарқанның басын бес бет­ке дейін суреттеу әлі жалғасып келе­ді. Осының бәрін сылып тастап, мәсе­ле­ні төтесінен бастайтын уақыт жетті. Айтма­тов неге танымал? Өйткені оның шығармаларында ұзын-сонар баяндау жоқ, нақтылық бар. Идеялардың бәрін образ арқылы береді. Ал біз идеяны жеке айтамыз, образды бөлек-бөлек сурет­тейміз. Оқиғаны образ жасайды. Неге Ремарк шығармалары таралымы жағынан әлемде Библиядан кейін екін­ші орын алады? Юмор, нақтылық, кейіп­керлердің бірегейлігі, бір-біріне ұқ­самайтындығы – оның шығармаларын сөзсіз даралайды.

– Күні кеше «Жас алаш» газетінде жа­рық көрген «Дулатқа дұғай сәлем» де­ген мақаланы оқып, «Гауһартас» тө­ңі­регіндегі әңгімені қалай қабыл­да­­рымызды білмей аңтарылып отырмыз. Сіз Тұрсынбек Ешенқұлов деген автор­ды танисыз ба?

– Мұндай адамның бар екенін кешегі күні «Жас алаштан» мақаласын оқығанда бір-ақ білдім. Қанша ойлансам да, фамилиясын есіме түсіре алмадым. «Ей, осындай жазушыны білесің бе?» деп достарымның бәрінен жағалата сұрап шықтым. Олар да «ондай жазушыны білмейміз» дейді.

Егер осы автордың татымды бір шығармасы болса, оқымасақ та, ендігі атын еститін едік. Оқығам да жоқ, көр­гем де, білгем де жоқ. Қысқасы, ондай жазу­шының бар екенін білмеймін.

– Сізбен бірнеше рет жолы түйісіп, жолыққан екен. «Ұзынағашқа келген кезінде бірге жүрдік, құрметтедік, қадір­ледік» деп отыр. Бәлкім ұмытып қал­ған боларсыз?

– Баспаға қолжазбасын құшақтап, папка, сөмке көтеріп келетіндер жүз-жүз­деп саналады. Қайсы бірі есіңде қа­ла береді? Өзі айтқандай, кешенді қой бригадасы туралы жазылған қол­жаз­ба болса, онда көп болса, очерктер жинағы шығар. Тіпті очерктің рухында жазыл­ған повесть болар. Қайта-қайта есі­гін қағып, сығалап қоймағаннан кейін баспалар кітабын шығарып беріп құтылып жататын кезі болатын еді. «Шерханның орнына сен келдің» дейді. Мен ешқашан Шерхан Мұртазаның орнына директор болып барған емеспін. Телевидениені басқарғаннан кейін 1992 жылы «Жазушы» баспасына ғана директор болып бардым. Ал Шерхан ешқашан ол жерде директор болған емес. «Жұлдыз» журналынан кетіп «Жа­лынға» барғанымда, бас редактор Тұманбай Молдағалиев болатын.

– Мақала авторы «Гауһартасқа» бай­ланысты бес түрлі уәжді көлденең тар­тып, фильм сценарийінде өзінің «Құр­дастар» повесінің желісі пайдала­ныл­ды деп отыр. Сіз қандай дәлелді ал­ға тартасыз?

– Бұған дейінгі сұхбаттарымда айтып келе жатқанымдай, «Гауһартас» 1967 жы­лы жазылды. Мақалада «Исабеков әскерде жүрген, вышканың төбесінде тұрған адам қой туралы қайдан біледі» дейді. Сонда адам шығармасын қойға қарап отырып жаза ма? Университетті бітіргеннен кейін Мәскеудің түбіндегі Ку­бинка деген жерде әскерде болдым. Қалың орман. Күзетте тұрасың. Темір бөшкелердің үстіне газет төсеп, арқамды қабырғаға сүйеп тұрып осы «Гау­һартасты» жазып едім. Оны әскери борышын бірге өтеп жүрген қазақ жігіттеріне оқып беретінмін. Олар да «повесть сонымен немен бітеді, тез жаз, білейік» деп күн сайын асықтыратын. «Гауһартас» Алматыда жүріп, күніне  жүз рет естіген әніміз ғой, ал әскерде жүр­генде, постта тұрып Бибігүл Төле­ге­нованың орындауындағы тұнып тұр­ған таңғы ауаны тіліп, орманда төгі­ліп естілген «Гауһартастың» әсері бө­лек еді. Көзімнен жас ыршып кетті. Алыс­та жүрсең, орманда жүріп естісең, елің­нің бір ұшқыны келіп жүрегіңді желпіп өткендей, көңілің босайды екен. «Қалайда сұлулық жайлы бір шығарма жазу керек екен» деген ой алғаш сонда келді. Бірден кейіпкерімнің аты ойыма түсті. «Салтанат!» Повесть 1968 жылы жарық көрді, фильм 1975 жылы түсірілді. 1979 жылы неміс тілінде жарияланды. Ал Т.Ешенқұловтың айтуынша, кітабы 1980 жылы шығыпты. Сонда мен оны қалай ұрлаймын, жала жабудың да қисыны болмай ма? «Гауһартастың» экранға шық­қанына 44 жыл болды. Жарты ға­сыр. Сонда бұл адам осы уақытқа дейін қай­да жүрді? Неге үндемей келді? Енді келіп айды аспанға шығаруына жол болсын. «Исабеков менің шығармамнан ұр­лап алыпты» деп, кешенді қой бригада­сын эпизодтан алдыртып тастаған болса, мен қуанған болар едім. Өйткені сол кешенді қой бригадасы туралы кадр­лерді Орталық Комитет біздің еркі­міз­ден тыс күштеп кіргізген болатын. Күш­теп қосылғаннан кейін дененің ар­тық мүшесі секілді осы уақытқа дейін қолай­сыздық сезінемін. Оны кім қос­қа­нын да білмеймін. Кешенді бригада фильмге енгізілмесе, Мәскеу сценарийді бекітпейміз деді. Киіз үйдің ішіндегі парторг өткізіп отырған жиналысты көрген сайын аза бойым қаза болып, азаппен көріп отырамын немесе мүлде сыртқа шы­ғып кетемін. Қой санын пәленбай миллионға жеткіземіз деген кешенді қой бри­гадасы туралы ұран бүкіл Қазақстан бойынша көтеріліп жатқан кез. «Бұл қой туралы, қойшы жайлы шығарма емес қой, бұл адам туралы, махаббат туралы дүние» деп талай қарсы бол­дым. Мына автордың айтуынша, «Гау­һар­тас» құдды қой туралы шығарма. Жоқ, бұл адам туралы, адамдардың ара қатынасы, романтика, ән, сұлулық туралы шығарма. Оған қарама-қайшы дөрекілік, тоңмойындық. Бірақ сол дөре­кіліктің өзі әннің, әдеміліктің алдын­да әлсіздік танытып, адамның жан дү­ние­­сіне үлкен өзгеріс әкелмейтін бе еді? Фильмнің соңында әскерге кетіп бара жатқан Қайыркен мен шығарып салу­ға бара жатқан әкесі «Салтанаттың моласының басына барып Құран оқып қайтайық» дейді. Молаға жақындағанда, әкесі күн салып қарап: «Нәлеті, мынау қонақтап отырған мола бүркіт қой деймін, жүр тез» деп жеделдетіп келсе, жастай жаны үзілген жарының басында Тастан отыр. Міне, махаббат, міне, қимастық. Тастан бұларды көреді де, ұялып, әрі қарай сайдың табанына түсіп кетеді. Ал ойлайықшы, арзандап кеткен бізге үйреншікті махаббат күшті ме, ешқашан дауыстап айтылмаса да, тастан да қатты мінезін аяулы жанға деген сезімі жібіткен Тастанның махаббаты күшті ме? Қазақы тәрбиемен өскен Тастан «сүйем» деген сөзді анасынан қайта туса да айта алмас еді. Әйелге көңіл бөлмеу, «халің қалай?» дегеннің орнына «әлі жатырсың ба?» деп дүңк ете қалу нағыз қазақы мінез емес пе? Автор «менің кейіпкерімнің де аты Салтанат еді» дейді, Салтанат деген кейіпкер М.Әуезовте де бар. Мүмкін М.Әуезов те бұдан алған шығар. Қысқасы, 44 жыл өткеннен кейін неге дау көтеріп отырғанына мен таңғалып отырмын.

– Тапсырыс болуы мүмкін бе?

– Меніңше, осының арғы жағында біреулер тұрған секілді. Солардың айтағымен жазылған дүние деп білемін. Адам шығармашылықпен айналысамын дейді, жазушы боламын дейді. Тырысады. Бірақ қолынан келмегеннен кейін ойдың тұңғиығына түсіп, не істерін білмей дағдара бастайды деп жоға­рыда айттым ғой. «Атың шық­па­са, жер өрте» дейді мұндайды қазақ, атын шығара алмаған соң «жаптым жала, жақтым күйеге» үйір келеді. «Бұл пәленге де сын айтқан, Дулат Иса­беков осыдан ұрлап алған екен» деген сөз көңілін марқайтады. Өзім де ойлап отырмын, «мынадан ұрласам, көзім әбден қарайған екен», деп. Дулат Иса­бе­ков одан ұрлағанша, қоңыз теріп кетпей ме? Орыс мысалының атасы  Кры­лов жарықтық қандай данышпан еді. Осындайда «Піл мен қанден» еріксіз еске түседі. Ауылдың, аудан­ның деңгейінен әрі аспағаны, кі­тап оқы­ма­ғаны, білімсіздігі көзге ұрып тұр. Әуелде айтысайын деп ойладым, бірақ айтысу үшін де сөзіңді әуре қы­ла­тын адам керек. Егер аты бар, заты бар замандастарымның бірі болса, сөз жоқ, айтысар едім және өзінің ежелден менімен етене араласатындай «Дулатқа дұғай сәлем» деуге хақысы бар ма? Таны­маймын да ғой. Егер дәл осы адам өзін шынымен де жазушымын деп ойлай­тын болса, онда шығармашылықтың рухы соғып әбден құрыған екен. Адам бос қиялды қуалай бермей, өмірдің шын­дығын тану керек. Ал Гумилев айт­пақшы,  өмірдің шындығын үш биік­тіктен қарау керек: тышқанның іні­нен, тамның төбесінен және құс ұшар биік­тік­тен. Құс ұшар биіктіктен қарап, ойлай­тын жазушы бізде кемде-кем. Айта берсін, мейлі, «Гауһартас» қаралағаннан құлап қалмайды. Статистика дерегіне қарағанда, телевизиялық рейтинг бойынша, «Гауһартас» «Қыз Жібектен» кейінгі екінші орында нық тұрған фильм. Бұл – халықтың махаббаты. Халықтың пікірі.

– Керісінше, автор менің аты-жөнімді титрге жаздырсаң әділеттілік болар еді деп отыр ғой.

– Титрге атын жазу үшін алдымен режиссер Шәріп Бейсенбаев марқұмды тірілтуіміз керек және не үшін оның атын фильмге қосуымыз керек? Сыпайылап айтқанда, мұны енді ақылды адамның сөзі деп айта алмаймын. «Амангелді» фильмін, Бейімбет Майлинді мысалға келтіріпті. Қазір ойлаймын, Бейімбет Майлин де дәл осындай жалақорлардың кесірінен құрбан болмады ма екен деп! Ал Б.Майлин сценарийдің авторы болған адам. Қара құзғындардың қудалауына түсе бастаған 1937 жылы-ақ сценарийден атын алып тастады. Кейін ақталған соң амалсыз қайта жазды. Ал бұл адамның не қатысы бар? Бірігіп жазып, белгілі себеппен аты түсіп қалса, «мен де авторы едім» деп бәлкім сол кезде айтуына болар еді. Тағы да Крыловтың «Түлкі мен жүзім» дейтін мысалына жүгінуге тура келеді. Биікте тұрған жүзімге қолы жетпейтін болған соң «қойшы, соны жемеймін» дейтінінің кері. Бойы жетсе, жейтін түрі бар. Ал мақтаншақтық пен әлі келмейтін іске ұрынатын адамның қылығын «Өгіз бен бақасында» Крылов қалай әжуалайтын еді? Судың жағасындағы өгіздің жанына келіп, өгіздей боламын деп, жел тартып, суды іше-іше, ісіп-кеуіп, қарнын керген  бақа жарылып өліп кетпей ме? «Тырыспа қалқам-ай, қолыңнан келмес­ке, боларсың бақадай, көп түссең егес­ке»…

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

https://egemen.kz/article/199061-dulat-isabekov-gauqartas-qaralaghannan-qulap-qalmaydy?fbclid=IwAR2xwXmziGa_Zy1TpTMnhBqCFKI9anqJXvUEBcCKh8Unpebt7m83WrqIokY