БӘРІНЕ УАҚЫТ ТӨРЕШІ

Уақыт қатал, уақыт қатыгез, уақыт мейірбан. Ол зымырап өте береді, оған ілескендері ілеседі, ілеспегендері жол шетіне шығып ұмытылып қала береді.

Әрнуар Боранбаев уақыттың қатал сынынан сүрінбей, бейнесі көмескіленбей, керісінше, жылдар өткен сайын жұлдызы жырқырай түсіп, замандастары мен кейінгі ұрпақтың алдында мақтаныш тұтар айтулы тұлғаға айналды. Сахнада, экранда жасаған образдары, қала берді, қазақ тіліне аударылған көптеген фильмдердегі қайталанбас қоңыр даусы бәріміздің жадымызда әлі күнге жаңғырып тұр. Оның жарасымды күлкісі, жайдары да жарқын келбеті, жаратылысынан юморға бейім лексиконы, биік адамгершілік қасиеті кімді де болса өзіне магниттей тартып, алысты жақын, жақынды туыс, бөтенді бауырға оп-оңай айналдыра салатын еді.

Оның осындай қасиеттеріне әбден қанығуыма бір айға жуық бірге болған ұзақ сапарымыз себеп болды.

Ол табысуымыз былай басталған еді.

1978 жылдың шілдесі шыжып тұрған шақ еді. Үйдегі қара телефон шыр ете түсті.

– Бұл жолдас Исабековтің пәтері ме? –Жас қыздың ерке де еркін дауысы саңқылдап тұр.

– Оны қайтейін деп едіңіз? –Теле¬фон трубкасынан қыздың дауысы екенін сезіп, қол созым жерде үнсіз тұрған әйеліме бір қарап қойып, қыз атаулының телефон соққанын жаратылысымнан жақтырмайтын адамдай шырпына жауап бердім.

– Бұл орталық комсомол коми¬те¬тінен. Ол кісі үйде ме екен?

– Ә-ә, солай ма? Мен… мен тыңдап тұрмын… – Әлгінде ғана кесірленіп тұрған дауысымнан жұрнақ та қалмады.

– Сізді орталық комитеттің хатшысы Қуаныш Сұлтановпен жалғастырамын. Күте тұрыңыз.

– Қуаныш қой. Сұлтанов. Қазір сөйлеспекші, –дедім аң-таң боп қарап тұр¬¬ған әйеліме мән-жайды түсіндіріп. Сол сәтте-ақ Қуаныштың қоңыр үні естілді.

– Сәламатсыз ба, Дүке, – деді Қуаныш әдеттегідей әрі ресми, әрі ежелгі таныс ретінде әзілдей сөйлеп. – Үйде отырғаныңызға қарағанда, жазу жазып жатырсыз ғой деймін. Бөліп жіберген жоқпын ба?

– Жоқ. Жазуды Қуаныш Сұлтанов бөле берсе реніш жоқ қой. Қалай, аман¬шылық па?

– Сіз бүгін түстен кейін, сағат үште маған жолығып кетсеңіз жөн болар еді.

– Жай ма?

– Сізді алыс бір іссапарға жіберсем деп едім. Ел танып, жер көріп қайтасыз. Қалғанын келген кезде айтармын.

– Жарайды. Сағат үште өзіңде болам.

Келіскен кезде Қуаныштың қабылдау бөлмесіне келдім. Ол кезде Қуаныш орталық комсомол комитетінің идео¬логия жөніндегі хатшысы болатын.

Қабылдау бөлмесінің есігін ашып қалсам, адамдар ығы-жығы боп толып отыр екен. Әртүрлі жастағы, әртүрлі адамдар. Араларында мен танитын бір адам жоқ. Көпшілігі әдемі киінген орыстың қыз-жігіттері. Олар бір-бірімен еркін сөйлесіп, еркін күліп тұр. Қатар-қатар қойылған орындықтардың біреуі де бос емес. Мини-юбка киген қыздардың қоршауында отырған бұйра бас сары жігіт орнынан атып тұрды да маған жақындап, қол беріп амандасты.

– Менің фамилиям Терешкин,– деді ол ежелгі танысымдай жайдары күлім¬сіреп. — Мен сізді жақсы білем. Сіз біздің театрдың спектаклін көріп, жақсы пікір айтқансыз.

– Ә, есімде, есімде. Алматы үй құрылысы комбинатының “Парус” атты театры. Спектакльдің аты “Монумент”. Авторы Энн Ветемаа. Эстон драматургі.

– Тап солай! Менен басқаның бәрі есіңізде екен ғой! –Ол өз әзіліне өзі риза боп қарқылдай күлді.

– Жолдастар, сәл ақырынақ сөйлеңіздер. Іште мәскеулік қонақтар отыр, деп хатшы қыз Терешкинге ескерту жасап үлгерді.

Осы кезде сыртқы есік ашылып, ішке күтпеген жерден Әнуар Боранбаев кіріп келді. Мен оны көріп, ол мені көріп, сол жерде құшақтаса кеттік.

Қуаныш Сұлтановтың қабылдауында болып, бір сағаттан соң сыртқа шықтық. Сөйтіп, Қазақстаннан бір топ өнерлі жастар сол кездегі одақ көлемінде екпінді құрылыс боп саналатын БАМ-ға (Байкал—Амур магистралі) барып, бір ай бойы өнер көрсетіп қайтатын болдық. Барлық ақпарат құралдары күн сайын БАМ туралы дүмпілдетіп хабар беріп жататын кез. Несі бар, көп естігенді көзбен көріп қайту да бір ғанибет қой.

Сонымен Алматы үй құрылысы комбинатының “Парус” театры, Алматының жастар ансамблі, Талдықорған педагогика институтынан арнайы шақырылған жас әнші Татьяна Полтовская, бұрын сауда министрі болған, қазір дербес зейнеткер Рысбек Ильяшев, актер Әнуар Боранбаев және мен.

Жоспар бойынша “Парус” спектакльдер көрсетеді, әншілер концерт қояды, ал біз, “киногруппа” – БАМ тұрғындарымен кездесу өткізіп, әңгіме айтып, соңынан кино көрсетеміз. Көрсететін киномыз – “Гауһартас”. Фильмнің одақтық экранға шыққанына бір-ақ жыл болған. Мен сценарий авторымен, Әнуар басты рөлді орындаушы. Бағытымыз – Алматы – Чита – Тында. Тында – БАМ-ның астанасы.

Бұл сапар жайлы мен кезінде “Сібірмен сырласу” деп аталатын очерк жазған болатынмын. Ол “Социалистік Қазақстан” газетінің бірнеше нөмірінде жарияланды. Жалпы жинақтарда басылды. Сондықтан, сапарда көрген-білгенді тізе беруді артық санап, Әнуарға байланысты есте қалғандарды ғана айтып шығуды мақсат еттім.

Біздің “үйіміз” – кәдімгі жолаушы таситын вагон. БАМ-ның астанасы – тайганың қақ ортасына салынған Тында қаласы – тұрақты мекеніміз. Елді мекендер мен бекеттерді осы “үйімізбен” көшіп жүріп аралаймыз. Бір купеде үшеуміз. Рысбек Ильяшев, Әнуар Боранбаев және мен. Кино көрсетудің алдында үшеуміз жұрт алдына шығып, Қазақстан жайлы, оның жетістіктері мен өнері жайлы әңгіме айтамыз. Ну тайганың қақ ортасында, теледидар деген атымен жоқ елді мекендерде біздің әңгімелерімізді жұрт қызыға тыңдап жүрді. Арасында жерлестеріміз де кездесіп, шұрқырай көрісіп, үйлеріне қонаққа да шақырып жатады. Оларға Қазақстан жайлы әңгіменің бәрі қызық, тіпті, мәшинемен бір қаладан бір қалаға барғанымызды, аптапты ыстықта суға шомылып, күнге қыз-дырынатынымызды айтсақ та еліге тыңдайды. Өйткені, онда мәшине жолы жоқ, ал, жазы болса екі-ақ айға созылады.

Әнуар жол жүруге өте дайын жігіт екен. Бір орында қарап отырмайды. Кездесулерден шаршап кеп, күндегі орнымызға жантая кетсек, ол, иығына сөмкесін асынып алып, Тынданы аралауға кетеді.

– Мұндай жерге келгенде қарап жатпау керек. Көру керек, – дейді ол асығыс киініп жатып.

– Ой, алақандай Тынданы аралап тындырдық қой. Оның неменесін көре бересің!

– Өзенін, адамдарын, дүкендерін.

Кейде ереміз, кейде еруге ерініп купеде қаламыз. Ол әр шыққан сайын бір жаңалық айтып келеді.

– Бұл жақтың адамдары бар ғой, біздің адамдарға мүлдем ұқсамайды.

– Бәрі бір пролетариат еді ғой. Қандай өзгешелік көріп жүрсің?

– Мен көп адаммен сөйлестім. Бір қызығы, олар континенттен келген бізді өздерінше жақын тартып, сөйлесуге, сырласуға, сағыныштарын ақтаруға дайын тұрады екен. Әсіресе, Тында өзенінің үстінен өтетін үлкен көпір бар еді ғой. Сол жерде өрік-мейіз сатып отырған бір өзбек ағайынмен таныстым. Шыршықтың өзбегі екен. Шыршық деген жер сіздің Арыстан алыс емес қой деймін. Ертең барып сөйлесіп қайтайық. Қазақша сөз естігеніне разы боп, маған бір стакан пістесін тегін берді. – Әнуар көрген-білгеніне аса разы боп, қағазға оралған пістесін үстелге қойды.

Ол адамдарды жатсынбайтын. Кез келген бейтаныс ортаға еніп кетсе, солардың арасынан сырлас тауып шыға келетін.

Егер мен оны осы уақытқа дейін талантты актер ретінде біліп келсем, осы сапардан соң ешкімге жамандық ойламайтын, ешкімнің сыртынан ғайбат сөз айтпайтын, кісінің бойынан тек жақсылық қана іздейтін, өмірдің қызық та күлкілі жақтарын тізіп жүретін жарқын жігіт ретінде таныдым. Ол кезде “Қазақфильм” киностудиясында дубляж деген үлкен шығармашылық құрылым болатын. Жылына 30-40 фильмді қазақшаға аударып отыратынды. Осы аударма фильмдердің бәрінде дерлік Әнуар басты кейіпкерлердің дауысын жазатын. Тіпті, өзіміздің төл фильмдерімізде де көптеген кейіпкерлер Әнуардың дауысымен сөйлеуші еді. Оны актер ретінде сахнадан көрмей тұрып-ақ оның осы қоңыр үні құлағыма етене жақын боп кеткен еді. Ал, “Гауһартас” фильмінен кейін арамызда ағалы-інілідей қарым-қатынас қалыптасып үлгірді. Дәл біз сапарға шығатын жылы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында менің “Әпке” атты пьесам бойынша қойылған спектакльдің премьерасы өткен-ді. Қоюшы-режиссер, әрі осы театрдың сол кездегі бас режиссері Бәйтен Омаров Әнуарға басты кейіпкерлердің бірі – Тимурдың рөлін тапсырған болатын. Әнуар бұл рөлді тамаша ойнап шықты. Осындай бір-бірімізге деген шығармашылық ыстық ықыласпен алыс жолға бірге шығу, қайда барсақ та бір жүріп, бір тұру екеумізге де ерекше әсер етті-ау деп ойлаймын. Тіпті, арамыздағы төрт-бес жас алшақтық та жойылып, құрдастай боп кеттік.

Әнуардың бір ерекшелігі – төңіректе не болып жатқанын біліп отыратын. Баратын жеріміз де, қонатын жеріміз де, тіпті, ас ішетін жеріміз де бір. Бірақ, қайдан біліп алатыны белгісіз, қалада не болып жатыр, немесе шағын темір жол бекетіне келе қалсақ қаптаған дүкендерде қандай заттар сатылады, бағасы қандай, тайганың ішінде қан­ай жемістер өседі, оны қай жерден теруге болады – бәрін айтып отырады. Қолымыз босай қалса, әлгілердің бәрін көрсету үшін мені солай қарай сүйрелей жөнеледі.

Әуелі Тында өзенінің үстінде өрік-мейіз, жеміс-жидек, пісте сатып отырған өзбекке қарай жетеледі. Келе салып онымен құда-жегжатындай құшақтаса амандасты. Өзі өзбек иісі жетпейтін сонау Торғай өңірінен болса да, онымен өзбекше “сөйлесіп”, ерігіп отырған оны мәз-мейрам ғып тастады.

Біз қасына бара берген кезімізде өзбек әкәм барынша айғайлатып қойған магнитофонының дауысын бәсеңдетті. Менің Шымкент жақтан екенімді естігенде, ол ағайынын көргендей қатты қуанып қалды. Қуанғаны сондай, бір стакан пістесін қағаз қалтаға салып, қолыма ұстата салды. “Пұлы кирәк имас” деді қалтама қол салып жатқанымды көріп.

– Өзбек музыкасын барынша айғайлатып қойыпсыз, қаптап жүрген орыстар қой демей ме?

– О-о, қой дейді әлбатта. Бір топ бұзықтар кеп заттарымды шашып кетті. Тағы бір рет келіп сабап кетті. Тіпті, екі милиция келіп магнитофонымды тартып алды. Оларға не керек? Қатын-баласына ап­ратын өрік-мейіз, жаңғақ, чеснок керек. Оларға жарты-жарты килодан өрік-мейіз, жаңғақ, чеснок беріп едім, ертесіне магнитофонымды әкеп берді.

– Енді қалайсыз?

– Һәммасы якшы! – деп ол шүкіршілік еткендей қолын кеудесіне басып қояды. – Қазір өзбек музыкасына бәрі үйреніп алды. Өткен аптада магнитофоным бұзылып, тым-тырыс сауда жасап отырсам, өткен-кеткен адамдар бұрылып кеп, “өзбекше музыкаң қайда?” деп сұрап жатыр. Бір қызығы, олар біздің биге арналған музыкамызды өз магнитофондарына жазып алатынды да шығарды.

Біз онымен жарты сағаттай сөйлесіп, үйімізге қайттық.

– Осы өзбек ағайындардың өжеттігіне ризамын,– деді жол-жөнекей Әнуар. – Қайда жүрсе де өз шапаны мен ала тақиясын тастамайды. Дүниеде өздерінен басқа адам жоқтай, музыкаларын даңғырлатып қойып жатқаны. Көрдіңіз бе, намысы мен өжеттігінің арқасында қиянда жатқан қырық ру тындалықтарды өзбек әуеніне үйретіп тынды. Біз болсақ қайтер едік. Қайда барсақ та “ойбай, ұят болады. Өзгелерді сыйлау керек” деп “сыпайылық” сақтап жүргеніміз. Керісінше, басқа біреулердің әуеніне төңкеріліп, солардың ән-жырын тез үйреніп ала қоямыз. Түбінде бар ғой, Дулат аға, бәрімізден өзбек оза ма деп ойлаймын. Өйткені, олар діліне берік халық.

Бір күні түскі тамақтан соң Әнуар ұшты-күйлі жоқ боп кетті. Әдетте, қайда баратынын міндетті түрде айтып кететін. Күні бұрын бекітілген күн тәртібі бойынша түскі астан кейін аздап демалып, кешкі сағат бестің кезінде аңшылардың бекетіне барып, кино көрсетіп, кездесу өткізіп қайтуымыз керек болатын. Жалпы, түс кезінде тапжылмай бір орында жата беру оның әдетінде жоқ болатын. “Жас қой, қыдырып келейін деген шығар” деп Рысбек аға әзілдеп қояды. “Тапа-тал түсте қыдырып қайда барады? Бәлкім, шай ішетін өрік-мейізіміз таусыла бастаған соң өзбек досымен “гәплешуге” кеткен шығар.

Рекең екеуміз көрген-білгенімізді айтып жатып, мызғып кетіппіз. Бір кезде вагон селк ете түсті. Адам кіріп-шыққан сайын вагонның селк етіп қозғалатыны бар. Есікті ашып-жабуынан-ақ оның Әнуар екенін білдік. Өйткені, дәл қазір вагонға одан басқа адамның келе қоятын реті жоқ. Әнші-күйшілер мен актерлер алыс поселектарға кеткен. Олар жатар орынға бір-ақ келуге тиіс.

Ойымызды растағандай купенің есігі ашылып, жымия күліп Әнуар кіріп келді.

– Қалай, ұйқыларыңыз қанды ма?– деді ол ашық та көңілді дауыспен.

– Ойбай-ау, қайда кеттің? Тайгада адасып кеткен жоқсың ба? – деп Рекең орнынан тұра бастады.

– Тайгада адасатын жас бала емеспін ғой. Адаспай аман-есен келдім. Сіздерге сюрприз жасайын деп, Тайганың жемісін теріп әкелдім. Міне, көріңіздер,– деп Әнуар шағын үстелге иығындағы сумкасын қойып, көк бұршақтай көгілдір жемістерді тарелкаға сала бастады. – Бұл Тайганың әйгілі жемісі – голубика. Қазір пісетін кезі.

Жатқан жерімізден атып-атып тұрып, өмірімізде көрмеген жеміске шұқшия қарадық. Алматыда көп көріп жүрген ит мұрын, немесе илан секілді жеміс. Піскенде қара-көкшіл түске еніп, дәмі тәтті де қышқыл тартады екен. Қара-көкшіл түсіне қарап оны жергілікті орыстар “голубика” деп атап кеткен.

– Әнуар, сен Тайгаға осыны теруге барып қайттың ба?

– Тайга алыс емес, біз соның қақ ортасында отырған жоқпыз ба? Қаладан сәл шықсаң болды, шетсіз де шексіз Тайга басталады.

– Дегенде, жалғыз жүруге болмайды. Бейтаныс жер, әртүрлі адамдар…

Рекеңнің бұлай деуінің де жаны бар. Сырттан келген адам түгілі, жергілікті тұрғындардың өзі саңырауқұлақ пен голубика теріп жүріп адасып, сол бойы қайтпай қалған деген әңгімені жиі естігенбіз. Әрі бұзықтар да бар.

– Ой, құдай сақтасын, Рысбек аға. Мен алысқа ұзамаймын ғой. Қалай, жемістің дәмі ұнады ма?

– Барбаристің дәміне ұқсайды екен,– деді Рекең.

– Біздің ауылда ит жүзім деген болушы еді. Мынау тура сол ғой, – дедім жемістің екі-үшеуін толғап болған соң.

– Мұның кереметі сол, – деді Әнуар біздің назарымызды өзіне аудару үшін дауысын көтере сөйлеп, екі айдың ішінде пісіп үлгеретіндігінде. Біздің жақтың “еркетотай” жемістері сияқты үш-төрт ай ырғалып-жырғалып жүрмейді. Оған уақыт жоқ. Өмір қысқа. Бір жарым ай ғана жаз болады. Оның өзі қоңыр салқын. Міне, сол бір жарым айдың ішінде мына байғұстар пісіп үлгерулері керек. Үлгереді де. Міне, асығыс піскен жемістен ауыз тисін деп сіздерге бір қалтасын теріп әкелдім. Ерінбесеңіздер, ертең тағы барайық. Орманның ішінде, қарағай бұтақтарының сытырын жападан-жалғыз тыңдап отыру ғажап екен!

Ертесіне кешке Әнуар жұрттың бәріне бір-бір стакан голубика үлестіріп, бәрін мәре-сәре етті де қойды.

Оның жүрген жері мереке еді.

Бір күні, Нерюнгриде тұрған кезімізде, ойламаған жерден ол вагонға кіріп келді де, ай-шай жоқ жүр де жүрдің астына алып, мені көмір разрезіне алып келді. Сол жерде алып экскаватор тұр екен. Жапон эксковаторы. Шөмішінің өзі ат шаптырым. Балалардың асық ойнауына болады. Оңдай экскаваторды өмірімізде көрмегенбіз. Біздің қызығып тұрғанымызды көріп, жапон механизаторлары ымдап өздеріне шакырды. Екеуміз олармен амандасып, экскаватордың кереметтігін айтып, бас бармағымызды көрсетіп мақтап жатырмыз. Экскаватордың шөмішіне шығуға ымдап жүріп рұқсат алдық. Олар қонақжайлық көрсетіп, бізді қолтығымыздан демеп, шөмішке көтерілуімізге көмектесті.

– Не деген алып экскаватор! Бізде осындай экскаватор неге жоқ. Космосқа ұшамыз, айға ұшамыз, ал, мынадай алып техника жасай алмаймыз,– деп тамсанып тұрған кезімізді жапондықтар суретке түсіріп алды. Ол сурет әрине, жапондықтардың аппаратының ішінде кетті. Біз фотоаппаратпен жүруді әдетке айналдырмағанбыз. Өкінішті-ақ! Қаншама сәттер босқа кетті.

Суретке түсіп болған соң жапондармен қоштасып, үйге қайттық.

Қызық кешке болды. БАМ-ға келген делегация түгелдей қазақстандықтар болғанмен бізді басқарып жүрген штаб қызметкерлерінің үшеуі де Мәскеуден. Орталық комсомол комитетінің жігіттері. Кешкі тамақтан соң орталық жаққа барып қайтпақ боп киініп жатыр едік. Әлгі мәскеулік жігіттердің бірі кеп штабқа кіре кетуімізді сұрады. Бардық. Үшеуі де бұрынғыдай емес, ресми түрде сіресіп отыр. Қазір аты-жөндері есімде жоқ, штаб бастығы боп жүрген жігіт қысқаша амандық сұрасқаннан кейін: сіздердің бүгінгі тірліктеріңіз бізге ұнамай тұр,– деді салқын қабақпен.

Біз түкке түсінбей бір-бірімізге қарадық.

– Ол қандай тірлік?

– Сіз екеуіңіз жапон механизаторларының арасында болыпсыздар ғой. Олармен не сөйлестіңіздер?

– Ә! Бағанағы экскаваторды тамашалағанымызды айтып отырсыздар ма? Иә. Бардық. Алып держава боп саналатын біздің ел кішкентай Жапония сияқты экскаватор шығара алмай келе жатқанына күйіндік.

– Суретке түстіңіздер ме?

– Иә. Түстік.

– Оларыңыз саяси қателік. Сіздер сол білместіктеріңіз арқылы жапон техникасын жарнамалап отырсыздар. Ертең олар елдеріне барып, журналдарына суреттеріңізді жариялайды. “Кеңес Одағы адамдары жапон техникасының артықшылығын мойындайды. Олар біздің табысымызға қуанады” деп жазады.

– Жазса несі бар? Жаман болса біз ол жақтан алып экскаватор мен мамандар алдырмас едік қой.

Олар бір-біріне қарап біраз үнсіз отырды да:

– Енді ол жаққа бармаңыздар. Бұл сіздерге жасалған ресми ескерту, – деді.

Біз сөз таластырмадық.

Сөйтіп, жапон экскаваторының шөмішіне шығып, суретке түскеніміз үшін Әнуар екеуміз саяси ескерту алып едік.

Экскаватордың шөмішіне шығып суретке түсу де саяси қателік екенін ұға алмадық.

– Баяғы 37-жыл болса атылып кетеді екенбіз ғой,– деді Әнуар купеге қайтып келгенімізде. – Сіз екеуміз дап-дайын жапон шпионымыз ә? Солай емес пе?

37-жылды көзімен көрген Рысбек ағай штабтан саяси ескерту алғанымызды естіп шошып кетті.

– Алдарыңдағы ағаларыңның бәрі осындай жаламен атылды ғой. Апырай, соның жаңғырығы әлі өшпеген екен-ау… Көп нәрсе ойына түсіп, Рекең ауыр бір күрсінді.

–Соған қарағанда, 37-жылдың зұлымдық рухы ешқашан өшпейтін бол¬ғаны ғой, Рысбек аға, солай ма,– деп Әнуар әзілдеп күлген болды. – “Күйеу болса, қыз дайын” дегендей, жоғарыдан нұсқау болса біз де дайын екенбіз.

Бұл жақтағы таңқаларлық жайт, жер, су, қырат пен жоталардың аттары “Ақсу”, “Қарасу”, “Ақтөбе”, “Көктөбе” деп келеді екен. Бәрін орыс иемденіп алғаны болмаса, атаулардың бәрі қазақша ғой, – деп Әнуар вагон терезесінен қарап отырып айғай салады. – Жарайды, “Ақсу”, “Қарасу” деген жалпы түркі тіліне ортақ бола қойсын. Ал, мына бір “Шұбар тау”, “Жасыл бел” деген жерлер, сөз жоқ, қазақы атау. “Шұбар”, “Жасыл” деген сөз мен білетін татарда да, өзбекте де, ұйғырда да жоқ. Қайран, ата-бабаларымыз-ай, бір кезде осы жақты да мекендеген екенсіңдер-ау!

Сол “Жасыл бел” деген ауылда екі-үш қазақ отбасы тұрады екен. Біздің келгенімізді естіп, үйлеріне қонаққа шақырды.

Қазақтардың қуанышында шек жоқ. “Гауһартасты” клубтан көріп келгенбіз. Басты рөлді ойнаған Әнуар Боранбаевтың өз орталарында қонақта отырғанына сенерін де, сенбесін де білмейді.

Түн жарымы ауғанша ән де, әңгіме де бір толастаған жоқ. Отырыс аяқталған соң бәрі сыртқа шығып, вагон-үйімізге дейін тайлы-тұяғы қалмай шығарып салды.

Далаға шыққан соң Әнуар:

– Ағайындар, тау мен даланы жаңғыртып, біріміз қалмай қосылып ән шырқайықшы. Қазақ әнінің қандай керемет екенін мүлгіген тайга мен міз бақпай тұрған жартастарға тыңдатып кетейікші. Байтана батыр бастаған қолдың осында жеткені жайлы әлгінде Дулат ағам айтты ғой. Батыр бабамыздың сүйегі осында қалыпты деген шежірені де естідік. Сол рас болса, бабалар аруағы дауысымызды естіп, жатқан жерлеріңде аунап түссін. Ұрпақтарым келген екен ғой деп рухтары бір сілкінсін. Кәне, бәріміз қосылып Абайдың “Айттым сәлем Қаламқасын” шырқайықшы!

Сөйтті де өзі әнді бастап кетті. Бәріміз бар дауыспен қосыла шырқадық. Тайганың түнгі аспанында Абай әні еркін қалықтады.

Әнуардың жүрген жері мереке еді. Бір ай бір күндей болмай өте шықты. Осы бір айда біз ел таныдық, жер таныдық.

Мен Әнуарды таныдым.