АКТРИСА

Қатысушылар:

Актриса – Айгүл Асанова

Режиссер

Ерлен-1

Ерлен-2

Коммерсант

Репетицияға қатысушы актерлер

Негізінеен бұл бір актрисаның өмірбаяны. Оның творчестволық жолы. Бір сөзбен айтқанда – сахналық шығармашылық портрет.

Пьесадағы өзге кейіпкерлерді театрдың, режиссердің шешімі бойынша бір адам етіп көрсетуге де болады. Ол – шығармашылық ұйымның ішкі шаруасы. Басты мақсат – Актриса образын жасау.

Сонымен, сахнада актриса. Ол үйде киетін жүріп-тұруға ыңғайлы, әрі жарасымды жұқа халатпен жүр. Халатының түймесі салынбаған, үйде оның өзінен басқа ешкім жоқ. Әрі-бері жүргенде халаттың алды ашылып кетеді. Актриса ауық-ауық ашылып кеткен халатын қаусырынып қояды. Кейде оған көңіл де бөлмейді. Ол сөйлеп жүр. Қысқасын айтқанда, көрермендермен сөйлесіп жүр, сырласып жүр.

Сахна ашылғанда ол креслода аяғын айқастырып телефонмен сөйлесіп отырады.

АКТРИСА. Алло! Иә, тыңдап тұрмын. Сізге кім керек еді? Иә, мен. Журналиспін дейсіз бе? Не туралы сұрамақсыз? Қазір бір минут та уақытым жоқ, кешірерсіз. Ертең хабарласыңыз…

Трубканы қояды. Актриса көрермендерге жақындайды.

Журналиспін дейді. Тағы да махаббат жайлы сұрамақ қой. Былтыр да бір жігіт келіп, жап-жақсы сөйлесіп кетіп еді, материалы шыққан соң оқып қарасам… Ұят-ай!.. өсек-аяң, сүю-күю, кімді ұнаттым, кіммен сырлас болдым, бәрін үйіп-төге беріпті. Театрдағы рольдеріме тиіп-қашып қана тоқталып, арыңа тиетін қысыр әңгімелерді сапыра беріпті, сапыра беріпті. Егер әдемі актриса болсаң күні-түні махаббаттан басқаны ойламайды деп түсінеді ғой деймін… жарайды, ол әңгімені қоя тұрайық та танысып алайық. Менің аты-жөнім – Айгүл Асанова (бұл жерде актриса өзінің шын аты-жөнін атауына болады). Көптен осы театрдың актрисасымын. Театр–менің екінші үйім. Әлде бірінші үйім десем бе екен? Мен түнде ғана мұнда түнемеймін, қалған өмірімнің бәрі осында өтіп келеді. Отыз жыл бойы осылай. Театр, репитиция, үй. Гастрольдер. Он төрт фильмге түстім. Он тоғызы басты роль, бесеуі қосалқы. Театр репертуарының көпшілігінде орталық кейіпкерді орындаймын. Мұның бәрі айтуға жеңіл-ау!.. Ал, күнделікті өмірде!.. Айтыс, тартыс, бақталастық, қызғаныш, көре алмаушылық… Ой, несін айтасыздар, кейде бәріне қолды бір-ақ сілтеп, қарапайым, жай ғана әйел болғың келеді. Жұмысыңды істеп келіп, шайыңды ішіп, бала-шағаның ортасында бейғам отырғың келеді. Осыдан жеті жыл бұрын солай етіп те көрдім. Театрға жаңа келген бас режиссер әлдекімдердің сөзіне еріп, мені түртпектей бастады. Көркемдік кеңесте ылғи мені жамандайтын болды. Репертуардағы басты рольдерімді басқаға бере бастады. Арамыздағы айтыс өршіп бара жатты. Театрдың атмосферасы бұзылды. Артистер жікке бөліне бастады. Күш-жігеріміз сахнадағы емес,  сахнаның сыртындағы спектакльге ауысты. Бас режиссер де айтқанынан қайтпады, мен де иілмей қойдым. Ақыры, театр артистерінің арасындағы дау тым өршіп бара жатқан соң, арызымды жаздым да театрдан кеттім де қалдым. «Айгүл Асанова театрдан қуылыпты» деген хабар Қазақстанның барлық театрына сол күні-ақ тарап, менің «достарым», иә, менің тырнақшаның ішіндегі достарым жеңіс тойын тойлапты. Әсіресе, біздің театрдағы «достар!» Театрсыз өткен сол бір жарым жылдың ішінде жынданып кете жаздадым. Үйге сыймайды екенсің. Кинода, теледидарда жұмыстарым жеткілікті болды. Тіпті, бір рекламаның өзінен-ақ жаман табыс таппайды екенсің. Керек десеңіз, театрда жүргендегіден әлдеқайда мол ақша табатын болдым. Бірақ… мен театрсыз өмір сүре алмайды екем. Ұйықтасам театр түсіме кіреді. Тіпті, есік күзетуші болсам да театрдың ішінде жүрсем екен деп армандадым. «Айгүл Асанова театрдан қол үзді» деп әртүрлі газеттер шулап жатты. Сөйтіп жүргенде театрымыздың бас режиссері қызметінен босады да, оның орнына келген жас режиссер мені қайта шақырды. Міне, содан бері осындамын. Қазір театрымыз демалыста. Ал, менде демалыс жоқ. Күйеуіміз екеуміз «Тұмархан» деген жаңа пьесаны дайындау үстіндеміз. Айтпақшы, менің күйеуім де осы театрда, кезекші режиссер боп істейді. Бұл – менің екінші күйеуім. Бірінші күйеуім азаматтық әуе флотында бірінші класты ұшқыш еді. Ол тым қызғаншақ  болды. Оның сорына қарай менің ойнаған рольдерімнің бәрі махаббатқа құрылған еді. Қарагөз, Баян, Ақтоқты, Джульетта, Клеопатра, Катарина, Медея, Дездемона, Лисистрата, Беатриче, Петрик Кэмпелл. Әр спектакль оның бір шашын ағартып кететін. Бір күні ол ойламаған жерден театрға кіріп келді. Біз режиссер екеуміз Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» Петручио мен Катаринаның мизансценасын оңаша дайындап жатыр едік. Режиссер жас, көрікті жігіт болатын. Әйел мен еркек сахнада оңаша қалса болды, екеуін құшақтастыруға, сүйістіруге дайын тұратын. Пьеса бойынша бұл көріністе Катарина Петручионың тек бетінен сүйіп қана қою керек. Ал, режиссер – ол әрі режиссер, әрі Петручионың ролін ойнайтын – осы мизансценаны тым созып жіберді. Ал кеп құшақтасып, бетімнен, көзімнен, ернімнен сүйе бастады. «Ернімнен сүю жоқ еді ғой, авторға қиянат болды» десем, ол келісетін емес. «Біріншіден, Шекспир баяғыда өліп қалған, ол премьераға келмейді, яғни, дауласа алмайды, екіншіден, Шекспир заманы бір басқа, қазіргі заман бір басқа. Біз бүгінгі күннің талабына сәйкес спектакль қоюымыз керек. Классика бізге сол үшін қажет», деп көнбей қойды. Сіздерге түсінікті болу үшін мен сол көріністі қайталап жіберейінші (сахнаның түкпіріне қарап дауыстайды).

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9