Сценарийден экранға дейін…

2

«Кино түсіргім келеді». Мұндай талпыныс-тілекті қазіргі кезде, әсіресе, жастардың арасынан, тіпті кәнігі режиссерлердің аузынан да жиі естиміз. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, кино түсіруге деген ынтығушылық соңғы кезде көбейе бастады, тіпті әнші-биші, күйшілер де продюсер болып, фильм түсіруге кірісіп жатыр. Кинорежиссер, киносценарист мамандығын кәсіби түрде меңгеру үшін талапкерлердің бәрі дерлік Алматыда, ВГИК-те, қала берді шетелде оқып келіп, «Қазақфильмнен» әрең дегенде алғашқы түсірілімдеріне кірісуші еді. Қазір заман өзгерді – ақша тапсаң болды, кино группаны жина да, түсіру алаңына аттана бер!

Сценарийді көркемдік кеңесте тал­қылатып, актерлерге кастинг өтізіп әуре болудың қажеті жоқ. Түсіру алаңынан экранға бір-ақ қарғиды. Фильмнің көркемдік деңгейі, моральдық ұстанымы мен идея, актерлік шеберлік, операторлық ерекшелік дегендердің бәрін фильмді көріп болған соң барып бір-ақ айтасың. Оған дейін үндемей тұра тұр, әліптің артын бақ.

Ал әнші болып ақша таппаған, әлі студенттік партадан босай қоймаған, бірақ кино түсіруді армандай бастаған жастар академия немесе университет қабырғасында жүріп, ең әуелі кино түсірудің қыр-сырын түсініп алулары керек. Теориялық біліммен, кино түсірудің кәсіптік принциптерімен, әлемдік кинотану ілімімен қаруланып алулары керек. Әлемге танымал кинорежиссерлердің озық тәжірибесімен, олардың жұмыс істеу тәсілдерімен егжей-тегжейлі танысып алу – жастарға өмірлік азық болатыны сөзсіз.

Ол үшін не істеу керек? Талап керек, білім керек, ізденіс керек. Ең бастысы – сценарий керек.

Ол қалай пайда болады? Қиялдан пайда болады. Бос қиял емес, өміршең қиялдан. Өміршең қиял деген не? Өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білу қабілеті. Ол қандай қабілет? Шығармашылық қиялыңа жауап бере алатын өмір шындықтарын талғам таразысында салмақтап, іріктеп ала білу. Яғни, конструктивті абстракция­лай білу. Себебі күнделікті өмірде кез­десетін үйреншікті оқиғалар көркем шығармаға негіз бола бермейді. Сіз сол үйреншікті өмірдің өзінен өзіңізге әсер еткен, өзіңіз байқаған ерекше мінездер мен адамдар арасындағы тосын қарым-қатынастарды көре біліп, сол көріністер мен оқиғаларды ойша байытып, дамытып, шындық шеңберінен шығарып алмай нанымды сюжет құра білуіңіз керек. Өмірде кездесетін бір ғана ерекше детальдан үлкен шығарма тудыруға болады. Ол үшін сіздің фантазияңыздың өзі бай болуы керек. Сіз бір аптаның ішінде ірілі-ұсақты талай көріністермен бетпе-бет келесіз. Өзіңіздің ойыңызға келген нақты идеяны жүзеге асыратын керекті мінездер мен көріністерді бір апта, немесе бір ай ішінде көрген оқиғаларды бір жіптің бойына тізіп, қажет деген шығарма тудыруыңызға әбден болады. Қырағы көз бен көреген көңіл үшін әрбір ұсақ оқиғаның ар жағында елеулі оқиға жатады.

Сіз автобуста келе жатырсыз. Адам көп. Сіздің аяғыңызды біреу басып тұр. Сіз ескерту жасайсыз. Ол елемейді. Тағы ескерту жасайсыз. Ол сізге дөрекі түрде жауап берді. Осы оқиғаны әрі қарай қалай дамытасыз? Қандай жанрда? Комедия ма, драма ма?

Сіз көшемен кетіп бара жатып жаралы құмырсқаны көрдіңіз. Ол орнынан қозғала алмай тырбанып жатыр. Бұл – драма. Оған жаныңыз ашып, еңкейіп, анықтап қарадыңыз. Әлдеқалай себептен оның екі аяғының мыжылып қалғанын көрдіңіз. Енді ол ешқайда бара алмайды. Бұл – трагедия. Оқиғаны бұдан да гөрі күшейте түскіңіз келе ме? Онда бірнеше адым жасаңыз. Құмырсқаның илеуін көресіз. Дәл сол құжынап жатқан құмырсқалардың үстінен өткен машина доңғалағының ізін көресіз. Жүздеген құмырсқа мыжылып қалған. Бұл – үлкен трагедия. Тірі қалған құмырсқалар тіршілігін жалғастыруда. Бір құмырсқа өзінен екі-үш есе үлкен қарбыздың шопағын ініне кіргізе алмай әлек болып жатыр. Бұл – комедия. Жай адам мән бермей өте шығатын мұндай көріністі көкірегі ояу, санасы сау, жүрегі жұмсақ адам ғана байқай алады.

Проза мен драманың айырмашылығы неде? Бұл екеуі де әдебиет болып санал­ғанымен, екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Прозада автор кейіпкердің көңіл күйін, ашу-ызасын, табиғат құ­былыстарын, кей сәттерде оның өт­кен өмірін еске түсіріп, шегініс жасап ке­туіне мүмкіндік мол, ал драмада немесе сценарийде ондай мүмкіндік жоқ. Бәрі шектеулі. Драматург немесе сценарист кейіпкердің барлық іс-әрекеті мен ішкі жан дүниесіндегі өзгерістерді диалог пен қысқа ремаркаларға сыйдыра білуі керек. Прозадағы поэтика диалогтағы сөздердің астарында жасырынып жатады.

Жазушы адам ең әуелі әңгімешіл болуы керек. Бір оқиғаны бес адам бес түрлі айтады. Сол бесеудің біреуінің әңгімесі қалған төртеуінің әңгімесінен қызықты, тартымды болуы мүмкін. Демек, ол басқаларға қарағанда бай­қағыш, басқаларға қарағанда сөздік қоры бай, әңгіменің әрін кіргізетін детальдарды көре білген, оқиғаның мәнін түсіне білген.

Сол оқиғаны драмаға, немесе кино­драмаға айналдыру үшін оқиғаның түйінді тұсын бірден айтып қоймай, біртіндеп баяндау шарт. Әрбір көрініс негізгі нәтижеге там-тұмдап барғаны абзал. Келесі эпизодта жаңа информация, одан соң тағы бір информация, шешуші кульминацияға жеткенше көрерменді ынтықтыра түсу үшін кейіп­кер­ді негізгі мақсатқа жету жолында талай-талай кедергілерге ұшыратып, міне, келесі көріністе мақсатқа жетеді деп кү­тіп отырғанда тағы бір күтпеген кедергі.

«Мың бір түн» хикаяларында жиі кездесетін мынадай көшпелі сюжет бар. Шаршап-шалдыққан бәдәуи айдаладағы қаңыраған сарайға кезігеді. Ішке кірсе бірде-бір тірі жан жоқ. Тылсым сарайдың бір түкпірінде ақсақал отыр. Ол жігітті қарсы алып, осы ғимараттың қожасы енді сен боласың деп күтпеген хабар айтты. Драма жаңа бетбұрыс алды. Әрі қарай не болар екен деп көрермен ойға түсті. Ақсақал жігітті ертіп алып, сарай ішін түгел аралатып шығады. Алтындалған жиһаздар, алтын ыдыс-аяқтар… Шал бір қара есіктің тұсына келеді де: «Мына есікті ашушы болма. Бұл есікті ашсаң зор қайғыға ұшырайсың», − дейді.

Pages: 1 2 3 4