АРАЛДАҒЫ АДАМДАР

Драма

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Саттаров
Кереев
Байжанов
Жанаев
Малдыбаев
Бике-Виктория
Талипова
Тұрсынов
Орманов
Елемесов
Андасов
Мекебаев
Омарова
Есенов
Тайман
Бейтаныс
Саттаровтың дауысы

ПРОЛОГ

Үй ме, кабинет пе, ол жағы белгісіз, сахнаның екі шетінде екі адам сөйлесіп тұр. Осының алдында ғана телефон шырылдаған. Екеуі де трубканы көтерген. Екі адам бірдей телефонды бір-біріне соға алмайды, бірақ, бұл жерде шарттылыққа жүгінеміз. Демек, олар бұдан бұрын талай рет бір-біріне телефон шалысқан деген сөз.

КЕРЕЕВ. Байжанов, кеше “Времяны” көрдің бе?
БАЙЖАНОВ. Жоқ, көре алмадым.
КЕРЕЕВ. Өзің бір колхоздың білдей бас агрономысың, сөйте тұрып “Времяны” қалай көрмейсің?
БАЙЖАНОВ. Қол тимейді. Шаруашылық қой.
КЕРЕЕВ. Иә, сенде ғана жұмыс бар, қалғандарымыз қаңғып жүрміз.
БАЙЖАНОВ (күліп). Сізбен сөз таластырғым келмейді… Иә, онда не бопты? Таң атқалы мен әлі ешкіммен сөйлескен жоқпын.
КЕРЕЕВ. Сөйлеспесең былай, Байжанов. Ана данышпан бастығың түнде “Времядан” сөйледі.
БАЙЖАНОВ. Тағы ма?
КЕРЕЕВ. Иә, тағы да.
БАЙЖАНОВ. Не айтты?
КЕРЕЕВ. Не айтушы еді, кең дүниеден оның көретіні біздің ауданның жамандығы ғана ғой. Бәріміз түк істемей, шаруашылықты бетімен жіберіп отырған көрінеміз. Бүкіл елге масқаралады.
БАЙЖАНОВ. Мен не істеймін, оны шақырып алып сөйлесе алмаймын, әзірге мені шақыратын сол…
КЕРЕЕВ. Бір әрекет жасау керек…
БАЙЖАНОВ. Қандай?
КЕРЕЕВ. Түк білмегенси қаласыңдар-ә?!
БАЙЖАНОВ. Енді мен… бар болғаны бас агро…
КЕРЕЕВ. Білемін не айтқалы келе жатқаныңды. Шыдай тұр… Ал, не ойлағаның бар?
БАЙЖАНОВ. Әзірге ештеңе.
КЕРЕЕВ. Туһ, сендерді жетектеген адам да жетісе қоймас. Слушай, Саттаровтың соңғы кездегі тым белсенділігі жоғары жаққа да ұнап жүрген жоқ. Немене, бір колхозды ауданнан, қала берді республикадан бөліп алып қайда бармақсыңдар? Жоспардан артығын өзіміз аламыз, оларды колхоз дүкеніне түсіріп, бағасын екі есе төмендетеміз деген не сез? Жұмақ орнатамыз дей ме, немене бәле?
БАЙЖАНОВ. Рас. Қазір сол идеяны жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Осында Алматыдан ғалымдар да келіп көмектесіп жатыр.
КЕРЕЕВ. Жұмақтың құрылысына ма?
БАЙЖАНОВ. Иә…
КЕРЕЕВ. Ал, сол идеяны жүзеге асыра қойдыңдар делік, сонда бүкіл ел етті екі сомнан жегенде сендер бір сомнан жемексіңдер ме?
БАЙЖАНОВ. Солай дейді… Қазір ауылдық совет пен жұмысшылардың арасы ушығып тұр.
КЕРЕЕВ.Неге?
БАЙЖАНОВ. Саттаров ауылдық советтің жұмысына араласып, жыл сайын елден жиналатын ет пен сүтті елу процентке кемітіп тастады.
КЕРЕЕВ. Мен оған тыйым салғаным қайда?
БАЙЖАНОВ. Оны тыңдайтын түрі жоқ. Айтып көріп едім қолын бір-ақ сілтейді.
КЕРЕЕВ. Қолын сілтейді?
БАЙЖАНОВ. Ім… Иә, қолын сілтеді.
КЕРЕЕВ. Солай де!.. “Саттаров, Саттаров” деп бір-екі рет арқадан қаққанға басы айнала бастаған екен. Жарайды, көрерміз. Байжанов, сен қарап жүрме… Білесің ғой… Жалғастыра бер…
БАЙЖАНОВ. Жарайды…
Тағы да сол екеуі. Сөз арасы бұрынғыдан қаттылау.
КЕРЕЕВ. Байжанов! Сендерге комиссия барады. Олармен жөндеп тіл табыс. Білесің ғой қалай екенін.
БАЙЖАНОВ. Түсінікті. Саттаров “Социалистік Қазақстандағы” мақаласында сізді іліп кетіпті ғой.
КЕРЕЕВ. Иә. Сөйтіп тағы “қуантып” отыр.
БАЙЖАНОВ. Тура айтпаса да тұспалдап “Аудандағы шаруашылық жайы кейбір арнайы басшыларды толғандырмай отыр” депті. Шаруашылық мәселесі сіздің сала ғой. Менімше, ол да біреудің айтқанын орындап отыр. Сізді бірінші боп кете ме деген қауіппен алдын орап отырған саясаттары болуы керек. Қандай зымияндық десеңші! Сарсен Кереевич, бір председательге шамаларыңыз келмей-ақ қойды-ау осы!
КЕРЕЕВ (ұзақ пауза). Жарайды, Байжанов, қайрай берме. Біз де шарасыз қалмаспыз.
БАЙЖАНОВ. Әлгі өзіңізге айтқан ненің… хаттардың төрт-бесеуін жібергенбіз. Тағы да жазып жатыр.
КЕРЕЕВ. Дұрыс. Оны жан-жақтап мүжи беру керек, қашанға шейін шыдар екен. Келесі тоқсанда тағы бір комиссия жіберткізем. Сонан соң өздеріңдегі бір жиналыста жеңіл-желпі бір мәселесін қарап қоя салыңдар. Кейіннен үлкенін өткіземіз. Өзім қатысам. Сонан соң өзі де арыз жазып жайын табар.

* * *
Таңертеңгі уақыт. Ауыл шетіндегі Бике-Викторияның үйі. Бұл жасы 55-56-лардағы жалғыз әйел. Өмірдің көп қиындығын көрсе де сүйегіне біткен паңдық әлі жоғалмағаны көрініп тұр. Бөлме бірнеше минут бос тұрады. Сәлден соң Бике кіріп, үй ішін жинай бастайды. Келесі минутта терезе жақ қапталда өсіп тұрған фикус жапырақтарын сүртіп, сарғая бастаған кейбіреулерін ұстап көріп, басын шайқайды да, стол үстінде тұрған графинді алып сыртқа шығады.
Бөлмеде тағы тыныштық.
Осы кезде сыртқы есік жайлап ашылып, басында шляпа, үстінде плащы бар, жасы Бикемен қатар ер кісі ішке енеді. Табалдырықты аттаған бетте жан-жағына біраз қарап тұрады да, төр жаққа өтеді. Столға кеп отырып, әлденеге жымия күледі.
Сонан соң стол үстіндегі өзінің суретіне қарап үнсіз қалады. Осы сәтте графинмен су алып кірген Бике ер кісіні байқамай фикустаға су құя бастайды.
САТТАРОВ. Сәлеметсыз ба, мадам Баттерфляй?
Бике ер кісі жаққа жалт қарайды да, “құдайым-ау!” деп теңселіп жүрегін ұстап тұрып қалады. Саттаров жүгіріп кеп, оны орындыққа жайғастырады.
— Япыр-ау, сіз соншалықты қорқатындай мен қатты айғайлаған жоқ едім ғой.
БИКЕ. Жаратқан-ау!.. Сіз… сіз… Айтуарсыз ба? Аспаннан түстіңіз бе, қайдан жүрсіз?
САТТАРОВ. Аспаннан, аспаннан! Мен байғұс аспаннан түспегенде басқа қайдан түспекпін!.. Сен әлі өзгермепсің, Бике! Қайта, менен құтылған соң жасара түскенсің бе, қалай өзі? (оны барлап қарап шығады).
БИКЕ. Ту-у, қайдағыны айтпаңызшы! Сізден құтылған соң дейтіндей сіз кімге жамандық жасапсыз? (пауза) Сіз… бүгінгі жиналысқа келдіңіз ғой ә?
САТТАРОВ. Иә… Шақырыпсыздар ғой…
БИКЕ. Кеше әйелдерден естіп қалып едім… Бұрынғы бастық келеді екен, жеке мәселесі қаралады екен деп жұрт гу-гу етеді. Құдай-ай, жақсы бітсе екен бәрі де!.. Нансаңыз бар ғой, бүгін түнде сіз жайлы түс көрдім. Дәлірек айтсам, сіздің өзіңізді емес, даусыңызды. Иә… Иә, даусыңызды! Өзіңіз көрінбейсіз, даусыңыз ғана естіледі. Әлдене деп айғайлап жүрсіз, айғайлап жүрсіз.
САТТАРОВ. Қызық екен…
БИКЕ. Мен жан-жағыма алаңдап қараймын кеп, қараймын кеп, бірақ сізді таба алмаймын. Ал даусыңыз анық естіліп тұр. Дауыс шыққан жаққа бұрылып жүре берем, жүре берем. Мен жақындаған сайын сіз де алыстай бересіз. Даусы естілгені несі, өзі неге көрінбейді деп таңқалып қоям. Сөйтсем сіз қырдың ар жағында екенсіз-ау деймін. Мен сізге, сіз маған көрінбейсіз. “Айтуар. Айтуар!” деп айғайлаймын да. “Мен ол кісіні Айтуар Сариевич деуші едім ғой, баттитып атын атап қойдым-ау деп қысылып келем. Ал, сіз болсаңыз. “Айтуар деп атай беріңіз. Қазақтар әкесінің атымен атамайды, әкенің атын атау ұят боп саналатынын әлі білмейсіз бе? Мен енді Айтуар Сариевич емес, Айтуар ғанамын”, деп айғайлайсыз. Сізге жауап берейін десем, үнім шықпайды. Әрі бұлқынам, бері бұлқынам, үнім шығар емес. Сіз болсаңыз мен іздеп. “Мадам Баттерфляй” деп өршелене дауыстап келесіз. Ал мен болсам. “Мен ешқандай мадам да емеспін. Баттерфляй да емеспін. Мен қарапайым орыс қызы Виктория Васильевнамын.
Вика! Тек қазақтар мені Бике деп атап кеткен!”, — дейін десем тағы да даусым шықпай булыға берем. Сөйтіп жатып оянып кетіппін. Жастығыма тұншығып, қара су боп терлеп жатыр екенмін!.. Сол кезде оянғаныма әрі өкіндім, әрі қуандым… Міне, енді сізді көріп тұрмын! Амансыз ба, Айтуар Сариевич-ау! Жұбайыңыздың, балаларыңыздың денсаулықтары қалай? Біз жаққа айдап келген қай тағдыр?
САТТАРОВ. Адамның басы — Алланың добы. Тағдыр — жел, адам — қаңбақ. Жел айдады, біз де осылай қарай домалай жөнелдік емес пе… Өзіңіз қалайсыз?
БИКЕ. Қалай дерің бар ма, ел қатарлы жүріп жатырмыз. Жұмыс көп. Сіздің орныңызға Байжанов келген, келе салып апшымызды қуырып барады. Жұмыс, жұмыс, тағы да жұмыс!
САТТАРОВ. Сіздің де жұмысыңыз қауырт па?
БИКЕ. Айтпаңыз!
САТТАРОВ. Ал, мына фикустар сіздің үйден қалай шықты?
БИКЕ. О-о, ол бір қызық жай! Байжанов сіздің кабинетке көшкен күні ертесіне мені шақырып алды да. “мен ботаникалық бауда отырғам жоқпын, мен жұмыста отырмын. Далаға шығарып тастаңыз!” деп әмір етпесі бар ма! Мен айттым. “Бұлардың жұмысқа зияны жоқ, қайта бөлменің кислородын көбейтіп, адамның еңбек қабілетін арттырады” деп кітаптан оқығанымды айтып келе жатыр едім. “Сіздің фикустарыңызсыз-ақ кислородқа мас боп жүрміз. Менің еңбек қабілетім онсыз да жаман емес, бұйрықты орындаңыз!” деп дүрсе кеп қоя берді. Сонан соң мен оны парторгтың кабинетіне апарайын. Есіңізде ме, баяғыда ол фикустарға қызығып, біреуін беруіңізді сұрап жүруші еді ғой. Қуанып қалатын болды деп екі фикусты әрең дегенде көтеріп оның кабинетіне кіргізсем, “мұныңыз не, мен паркте жүрген жоқпын, жұмыста отырмын, аулақ алып кетіңіз!” деп шалқасынан түскені. Сонан соң агрономның кабинетіне апардым. “Жұмыс орнында жұмысқа лайық атмосфера болуы керек” деп ол да бәлсіне қапты. Сонан соң ызаландым да оларды үйге әкеп қойдым.
САТТАРОВ. Оныңыз жақсы болған екен.
БИКЕ. Жақсы болуын жақсы болды-ау, бірақ кейіннен ол бәле боп жабысты.
САТТАРОВ. Қалайша?
БИКЕ. Қалайша деріңіз бар ма? Үстімнен арыз жазыпты. “Бике Васильевна Егорова (менің атымның Виктория екенін ұмытып та кетіпті) қызмет бабын пайдаланып, колхоз меншігі боп табылатын кеңсе жабдықтарын үйіне тасиды. Сынып қалды дегенді сылтауратып, кеңседегі орындықтарды да алып кетеді. Жеті-сегіз жылдан бері кеңсенің көркі боп келген биік-биік фикус деген өсімдікке шейін Егорованың сұғанақ қолынан тыс қалған жоқ”… Міне, осылай кете береді! (Күледі).
САТТАРОВ. (күлкісін тыйып) Иә, сондай “адал” адамдар болмаса әлдеқашан арам өлер едік-ау!..
БИКЕ. Япыр-ай, не болар екен!.. Сізді жиналысқа шақыртыпты деген хабарды естіген сәттен бастап жүрегім бір тыныш тапқан емес…
САТТАРОВ. Ә-ә, сіз әлгі әңгімеге ауысқан екенсіз ғой. Солай, солай… (Фикусқа жақындайды). Сөйтіп, кеңседе бір-ақ фикус қалды дейсіз,ә?
БИКЕ. Иә. Оның өзін де әрең қалдырды. Қалдырмайтын да еді, жәшіктің астындағы еденнің тақтайы сынып тұр екен, соны жасыру үшін қалдырды. (пауза)
Япырмай, Айтуар Сариевич! Сізді көрем деген кімнің ойында бар! (Толқып). Сенсеңіз бар ғой, ойымнан ешқашан шыққан емессіз. Сіз отырған кабинетке енген сайын өзімді туған үйіме келгендей сезінемін; асып-сасқан анам байғұс қуанышын бір бойына сыйдыра алмай, жаңа ғана көрші үйге жүгіріп кеткен секілді, жүрегіме біртүрлі жылу үймелеп, көңілім жадырап сала береді. Төр жақта сіз отырушы едіңіз. Сол сәт көзіме әлі ап-анық елестейді. Адам аяғы саябырсып, абыр-сабыр басылған кезде мен сізге шай әкеп беруші ем. Кейде сіз азаннан қара кешке дейін дым сызбай, кабинетке қас қарайғанда, немесе ел жата келуші едіңіз. Сіз келгенше мен үйге қайтпайтын едім. Сізге жаным ашитын, қолымнан келсе жарты жұмысыңызды бөліп алып, мойныңыздағы ауыртпалықты қақ бөліскім кеп тұрушы еді. “Ауырып қалар ма екен, не ұйқы жоқ, не күлкі жоқ, жұмыс деген бар болғыр бұдан мың жыл бұрын да бітпеген, мың жыл кейін де бітпейді. Мың жыл бұрын да тамақ, киім деп зыр жүгіргенбіз. Әлі жүгіріп келеміз, мың жылдан соң да жүгіретін түріміз бар. Тезірек қайтса екен” деп жолыңызды сарыла тосатынмын. Кейде ауданнан келген бастықтар. “ананы өйтпедің, мынаны бүйтпедің, жұмыстың көзін білу керек, жердің тілін түсіне білу керек!” деп ақылсынғанда өй жыным ұстаушы еді-ау! (күледі). Есіңізде ме, сондай бір сәтте сіз мені шақырып алып. “Виктория Васильевна, бізге екі кесе шай әкеп беріңізші” дегеніңіз!
САТТАРОВ. Өй. Бике-ау, баланың қай жылағаны есте қалады дейсің! Қолыңнан ішкен шайдың есебі жоқ қой. Таңдайымда тек дәмі ғана қалыпты (ол да күледі).
БИКЕ. Бұрын кім отырса да “Бике” дейтінсіз. Ана бастықтың сөзінен есік сыртында жыным ұстап әзер тұрсам, сіз кеп. “Виктория Васильевна” дей қапсыз. Сізге де ызаланып. “шай жоқ!” дедім жұлып алғандай. Сіз маңдайыңызды әлденеге соғып алғандай, кеудеңізді оқыс көтеріп. “Неге?” дедіңіз. Мен айттым. “Сол, шай жоқ! Жұмыс кезінде шай ішуге райком тыйым салған” дедім де шығып кеттім. Сіз де, ауданнан келген бастық та бір-біріңізге қарап отырып қалғансыздар. Есіңізге түсті ме?
САТТАРОВ. Ім… Иә… иә!.. Сондай бір нәрсе болған сияқты. Сонан соң?..
БИКЕ. Сонан соң не болушы еді. Өкіл шайсыз қалды. Маған керегі де сол болатын. (Екеуі де күледі)
Өкіл кеткен соң сіз маған реніш білдірдіңіз. Өміріңізде бірінші рет! Сондағы бар айтқаныңыз. “Біздің әр кесе шайымызға кеп араласа беретін райком шақпақ қант дейсіз бе? Әлгі өкілдің алдында ұятқа қалдырдыңыз ғой. Ондай мінезді қайдан тауып жүрсіз?” дедіңіз де, есікті тарс жауып шығып кеттіңіз. Сол күні кешке кабинетке оралмадыңыз. Мен таң атқанша күттім. Үйге барғаным жоқ.
Түнімен жыладым… (көзін сүртеді).
САТТАРОВ. Солай ма еді?..
БИКЕ. Иә, солай… Сол кезде мен өзімді дүниедегі ең бейшара әйелдей, адам баласының ең қорындай сезініп едім. Енді қарап тұрсам, ол кез менің ең бір жарқын да жайдары күндерім екен!.. Әй, оның несін айта берерсің, «өткен күннің бәрі өтірік, бәрі жалған» деген рас қой. Енді өзіңіз айтыңызшы.
САТТАРОВ. Оның несін айтам. Өзің білетін жағдайдан кейін үй-ішімді, ауру әйелімді сүйрелеп алыс бір жаққа кеттім ғой. Содан бері бір айдай өтіп кетіпті.
БИКЕ. Қайда кеткеніңізді бір адам білмейді. Іш құса боп жарылып кете жаздадым-ау! Тым болмаса маған неге айтып кетпедіңіз?
САТТАРОВ. Көшіп барып, барлық ызың-шудан құтылып, “уф” дегенімде сенің жалғыз қалғаның, тым болмаса бір ауыз айтпай кеткенім есіме түсіп қатты өкіндім.
БИКЕ. Енді айтарсыз, қайдасыз қазір?
САТТАРОВ. Жоқ, кейін білесің. Мен де бір, фигаро да бір. Қалай еді әлгі. “Фигаро анда, фигаро мұнда, фигаро аспанда, фигаро жерде!” Міне, солай! Жерге жұмақ орнату мүмкін болмаған соң сона-ау аспанға ұштым да кеттім (күледі).
БИКЕ. Мұндағылардың гу-гу сөзін есітсеңіз ғой! Әлі бір бәсеңсір емес. Әр қайсысы әр саққа жүгіртеді. Неше түрлі хикаяларды қолынан қиыстырып құрастырығанда адам қиялының ұшқыр екеніне сонда көзің жетеді!
САТТАРОВ. “Қаңқу сөзге келгенде әр адамның бойында жатқан ұлы драматург ұлып оянады” деп еді бір таныс жазушым. Соның сөзі келген екен ғой.
БИКЕ. Иә. Қазір жұрттың жатса да, тұрса да әңгімесі жалғыз сіз. Сізді біреулер асылып өліпті дейді; енді біреуі атылып өліпті дейді, тағы бірі сырдың суына тұншықтырып қояды. (Кенет қатты күліп). Ойбай, жақында тағы бір күтпеген қауесет бұрқ ете түспесі бар ма! “Саттаров жұрт көзінен оңашаға көшіп барыпты да, өзі жоғары жақты аралап кетіпті. Үлкен кісілерге бәрін өз аузымен түсіндіріпті. Енді ол ауданға бастық боп келгелі жатыр екен”, деген де сөз гулеп барып басылды.
Екеуі де күледі.
БИКЕ. Солай!.. Бұйрық шықпай тұрып қызмет орнын тастап кеткені үшін аудан қатты ашуға мініп отыр деп естідік. Неге үйттіңіз?
САТТАРОВ. Кеткен соң бәрібір емес пе? Ақыры мен ғана кедергі боп жүр екем, ертерек кеткенім жөн ғой.
БИКЕ. Ал, бүгін талқылау болатынын қайдан білдіңіз?
САТТАРОВ. Білдік қой… Оны да кейін айтармын.
БИКЕ. Япырмай, бәрі құпия боп кетті ғой өзі! Жұрт деген менің мазамды алып болды. “Қайда, неге, қалай?” деп құлағымды сарсытты. (пауза) Айтпақшы, жұбайыңыз қалай?
САТТАРОВ. Әзірге аман! Саған сәлем айтты.
БИКЕ. Сәламат болсын! Жұрт деген екеумізді біраз жерге апарып тастады-ау! Саттаровтың екі әйелі бар екен, біреуі орыс, біреуі қазақ. Кейіннен, жауапты қызметке ауысатын болған соң қулыққа көшіп біреуін бөлек шығарыпты. Орыс әйелден екі бала бар екен, Айтуардың аузынан түсіп қалғандай ұқсас” деп те шығарды-ау! Жамал байғұс сол өсек гулеп тұрғанда да қыңқ демеді. “Айтқан жұрт айта берсін, сүйексіз тіл не демейді” деп жылап жүрген маған басу айтқаны әлі есімде. Е-е, жұрт не білсін, әңгіме керек, сөз керек. Осы күні әскерде жүрген баласын босанған бетте екі омырауына жара шығып, нәрестені емізе алмай қалған соң бір жасқа дейін мен емізгенімді қалың ел қайдан білсін. Адам баршылықта емес, таршылықта бауырмашыл болады ғой деймін. Сол кезде бір-бірімізді алалау да, қаралау да жоқ, бір үзім нанды бөліп жеп, бір қасық сүтті бөліп ішіп, бір жапырақ көрпені бірге жамылып жата беруші ек, ә! Сөйтіп жүріп түнімен дастандар оқып, ән айтушы едік. Балалар ұйқысынан оянып, сығырайып тыңдап отыратын еді-ау!..
САТТАРОВ. Сол кездегі қайта-қайта айтып қоймайтын әнің үшін ғой біз сені “Мадам Баттерфляй” деп атап кеткеніміз. Бәріміз “Ах, самара городокты” айтып жүргенде, сен қайдан үйрендің сол кезде осы арияны? Бәрімізді таң қалдырушы едің әйтеуір!
БИКЕ. Апам марқұм ғой үйреткен. Ол кісі әуесқой әнші болатын (мұңайып) Ерте қайтыс боп кетті байғұс. Мен ол кезде жеті жасар едім. Әкем, ол да отыз екінші жылы аштан өлді. Сонда ғой мені сіздің әкеңіздің асырап алғаны. Сонда ғой менің Виктория деген атымның Бике боп шыққаны (күледі).
САТТАРОВ. Иә, талай оқиғалар өтті ғой!.. Ал, мен аттанайын.
БИКЕ. Ойбай-ау, есім шығып, күні бойы мен шай да қоймаппын ғой. Салқын компот ішесіз бе? Доланадан қайнатқан.
САТТАРОВ. Ішкенде қандай! Әкеле ғой (Бике оған бір сапты-аяқ компот құйып береді. Саттаров түгел сіміріп алады).
— Сенің қолыңнан сусын ішсем, баяғы бала кезімдегі оқиға түседі. Есіңде ме, сенің тірсегің тоғысып әкпішпен екі шелек су әкеле жатқаның? Сонда сен он бірде болатынсың. Алдыңнан екі-үш бала шығып, шелектің ернеуінен су ішкенбіз. Сонда қандай қатыгезбіз десеңші, саған шелекті жерге де қойғызбаймыз. Сен әрең тұрсың. Бірақ, суға қанып тұра бергенімізде қасымыздағы бір бала әлденеге сүрініп кетіп, сенің екі шелегіңді де ақтарып тастап еді. Сен ләм демей сонау алыстағы құдыққа қайта кеттің. Түк болмағандай баяғы күйіңше жымиып бара жаттың. Есіме түссе әлі жүрегім шымырлайды.
БИКЕ (көзін сүртеді). Қандай балдәурен еді десеңізші!.. (пауза). А, сен де біраз қияңқы болдың ғой. Сол мінезің әлі келе жатыр… Ал, жолың болсын. Сәлден соң мен де барам.
Саттаров “қамықпа” дегендей оның иығынан құшақтап шығып кетеді.

* * *
Колхоз клубы. Мұнда әдеттегіден өзгеше атмосфера. Жиналғандар тым салмақты, тым байыпты, бәрі де сөзге сараң, қимылға тапшы. Бүгінгі жиынды ұзақ күткендері, одан көп өзгеріс күтетіндері байқалады. Ойлары сыртқа шашау шықпай, іштерінде бұғып жатыр.
Залда тыныштық. Бәрі де сілтідей тынған. Президиумдағы стол әзірге бос. Осы бос күйінде ол бір-екі минут тұрады. Сәлден соң, есіктен асығыс басып парторг кіреді. Кірген бойда төрдегі столға озады. Оның соңынан райком секретары, колхоз председателі және басқа да ресми адамдар енеді де, залдың алдынғы қатарына жайғасады.
Клубтың терезе жақ шетінде Саттаров отыр. Ол жалғыз. Кірген ресми адамдар оған қарап болар-болмас бас изейді. Бұл да.
Парторг Жанаев сөз бастайды. Әуелгі үнінде толқу, діріл байқалып тұрады да, кейіннен қалпына түседі.
ЖАНАЕВ. Жолдастар! Кешіріңіздер, (абдырап сағатына қарайды) аудан басшылары… (өкілге қарап қояды) телефонмен сөйлесіп. Өздеріңізге белгілі шаруашылық мәселесі ғой. Қашанда қарбалас тірлік… Ештеңе етпес, он жеті минут уақыттарыңызды алдық, ренжімейсіздер ме? (күлімсіреген боп, залдан жауап тосады. Ешкім үн қатпайды) Неге үндемейсіздер? Әлде, риза емессіздер ме? (жұртқа көңілділік сеппек боп, ол тағы күледі).
ТАЙМАН. Біз ренжиді деп жиналыс болмай қалмас, бастай берсеңдерші енді.
ЖАНАЕВ. (аздап өзіне-өзі келіп) Несі бар, бастасақ бастайық. (Ұнатпай). Ақсақалдың репликасы өте орынды!
Жолдастар! Біздің колхоз партия ұймының есебінде –244 КПСС мүшесі, 8 КПСС мүшелігіне кандидат бар. Жалпы саны – 252.
Қатысып отырғандар. КПСС мүшелерінен – 238, кандидаттан – 79 — адам себепті жағдайлармен қатыса алмай отыр. Жиналысты ашу жөнінде кімде қандай ұсыныс бар?
ЗАЛДАН ДАУЫСТАР. Ашылсын! Ашылсын!
ЖАНАЕВ. Ашылсын! Дауысқа салайық. Жиналыс ашылсын дегендеріңіз қол көтеріңіздер.
Өзі көтереді. Жұрттың бәрі де қол көтереді.
ЖАНАЕВ. Санап әуре болмаймыз – түгелдей дерлік “за”. Қарсы? Қалыс қалған? Жоқ! Сонымен, колхоздың ашық партия жиналысын ашық деп жариялаймын. Жиналысты ілгері алып бару үшін президиум мүшелерін сайлап алуымыз қажет. Президиумға қанша адам және кімдерді сайлаймыз? Кімде қандай ұсыныс бар?
Залдан отыз-отыз бестердегі жігіт қол көтереді.
ЖАНАЕВ. (көтерілген көп қолдан сол жігітті тез көре қойып) Ә-ә, иә. (Малдыбаев орнынан тұрады. Тұрған бетте жаттап алғандай сарнап қоя береді).
МАЛДЫБАЕВ. Президиумға бес адам сайлансын деп ұсыныс жасаймын. Олар мына төмендегілер…
ЖАНАЕВ. Малдыбаев, тоқтай тұрыңыз. Әуелі адам санын келісіп алайық. (Жұртқа). Бес адам сайлансын деген ұсыныс бар? Кім “за”?
Бәрі қол көтереді.
— Бұл ешқандай уақыт алмай, тез-тез өтуі тиіс. Қарсы? Қалыс? Жоқ. Бес адам. Келісейік. Қане, кімдерді ұсынасыз?
МАЛДЫБАЕВ. Аудандық партия комитетінің секретары Кереев, колхоз председателі Байжанов, озат механизатор Тұрсынов, әдебиет пәнінің мұғалімі Талипова және сіз.
Залда күлкі пайда болды.
ЖАНАЕВ. Жолдас Малдыбаев, менің фамилиям бар шығар?
МАЛДЫБАЕВ. Иә… Кешіріңіздер, Жанаев.
ЖАНАЕВ. Сонымен Кереев, Байжанов, Тұрсынов, Талипова, Жанаев. Осы аталған жолдастар президиумға сайлансын дегендеріңіз қол көтерулеріңізді сұраймын.
Бәрі қол көтереді.
— Бір дауыстан. Қарсы? Қалыс? Жоқ!
Сонымен, аты аталған жолдастардың президиумнан орын алуларын сұраймын.
Атаған кісілер президиумға көтеріледі. Талипова қағаз-қаламсабын алып, протокол жазуға бірден кірісіп кетеді.
— Жолдастар! Енді күн тәртібін белгілеп алайық. Қаралатын мәселе — біреу. Ол — колхозымыздың бұрынғы председателі, коммунист Айтуар Саттаровтың жеке мәселесі. Күн тәртібі жөнінде кімде қандай ұсыныс бар? Осы күн тәртібі бекітілсін дегендеріңіз қол көтерулеріңізді сұраймын.
Бәр қол көтереді.
— Қарсы? Қалыс? Жоқ! Сонымен, күн тәртібі белгіленді.
Ол орнына отырады.
БАЙЖАНОВ. Қаралатын мәселе бойынша сөз колхоз партия ұйымының секретары Жанаев жолдасқа беріледі.
Жанаев трибунаға, яғни, ортаға шығады.
ЖАНАЕВ. Жолдастар! Бүгінгі жиналыс бұрынғы жиналыстардан мүлде бөлек. Бүгін мына трибунаға кім шығып сөйлеймін десе де ерікті. Біреудің аузына біреу сөз салмайды. Кім не айтам десе де өзі біледі. Бұрынғыдай асқақ сөзге, мерекелік көңіл күйге, орынсыз дәріптеуге, жетістіктерді тізе беруге жол жоқ. Бұл біздің партиямыздың 27 съезінің және 1976 жылғы июль пленумдары алға қойып отырған нақты әділ нұсқаулар. Бұрынғыдай ұзақ сонар кіріспе сөздер мен жайдақ топшылаулардың да қажетсіз екенін өмір көрсетіп отыр. Қазіргі қайта құру кезеңі бізден, коммунистер мен партияда жоқ совет азаматтарынан осындай нақтылық пен іскерлікті талап ететіні баршаңызға аян. Өмірдің осы талабына сәйкес мен де дәстүрлі баяндамадан бас тартуды жөн көрдім. Күн тәртібі бекітілді, оны бекіткен өздеріңіз. Баяндама жасасам кейбір сәттерде жағдайдың төрешісіне айналып кетуім де мүмкін, сондықтан, барлық билік өз қолдарыңызға беріледі. Сіздер не дейсіздер, сіздер қалай шешесіздер, бәрі де солай болады. Бірақ, бір нәрсені естеріңізге қатты сала кетуді парызым деп санаймын, ол – әділдік. Ешнәрседен жасқанбай, тартынбай, ойларыңызды бүкпесіз ортаға салыңыздар. Саттаров сіздердің араларыңызда сегіз жыл қызмет істеді. Осы сегіз жылдан бері ол туралы не білдіңіздер, қандай қорытындыға келдіңіздер, не ойлайсыздар, міне, соны айтыңыздар. Аудандық партия комитеті бізден ащы да болса ашық айтылған, бірақ әділ айтылған батыл сөз күтеді. Қане жолдастар, кім сөйлейді? (пауза). Жиналысты күтіп, құлшынып жүргендер көп сияқты еді ғой, ал, айтыңыздар енді. Қане, кім шығады ортаға?
Жұрт тып-тыныш.
– Жолдастар үнсіз отыра беретін бізде уақыт жоқ. Астық ору науқанының жақындап келе жатқанын жақсы білесіздер. Жұмыс деген шаш-етектен. Тездетіңіздер, қане… Бізге екі-ақ сағат уақыт берілген.
ЗАЛДАН ДАУЫС. Екі сағатта адам тағдырын қалай шешпекпіз.
ЖАНАЕВ. Адам тағдыры қас қағым сәтте шешілерін білмейсіз бе, ақсақал. Басқа айтарыңыз бар ма?
ТАЙМАН. (орнынан тұрып). Ау, сонда не айтамыз, не айт деп тұрсыңдар? Саттаровтың сегіз жыл еткен еңбегін айту керек емес пе? Оның қай жағын айтамыз, жаман жағын ба, жақсы жағын ба?
ЖАНАЕВ. (иығын қозғап). Жолдастар, сіздер кейде табан астынан түк білмейтін саяси сауатсыз бола қаласыздар. Осы жиналыстың хабары бір ай бұрын шықты емес пе? Саттаров жолдас (оған қарап қойып, тамағын кенейді) екі жыл бұрын орнынан алынған. Қызмет бабында қандай қателіктер жібергенін өздеріңіз білесіздер. Және, жақсы білесіздер деп ойлаймын, өйткені, ол жөнінде аудандық, облыстық, республикалық, тіпті, орталық газеттер де аз жазған жоқ. Бұл кісінің арқасында (мырс етіп) біздің “Жиделі” колхозы дүниеге белгілі болып отыр. Бұралқы реплика тастамай ортаға шығып жөндеп сөйлеңіздер.
Залдың арт жағынан дауыс. Саттаровтың өзі келді ме?
ЖАНАЕВ. (зекіп) Не айтып тұрмын бағанадан бері! Өзіңіз қайда қарап отырсыз? (Саттаровқа). Орныңыздан тұрып, жұртқа бой көрсетіп қойыңызшы.
Саттаров орнынан тұрады. Жұрт қайта гуілдесе бастайды.
САТТАРОВ. Саламатсыздар ма?
КӨПШІЛІК. Сәлематсыз ба?
— Жүзі сынық қой өзінің!
— Көзін бақырайтып қойып бастықты талқылау деген қайдан шыққан пәле өзі!.. Не болса да көзге көрсетпей жазалай бермей ме!..
ЖАНАЕВ. Жолдастар, тынышталыңыздар! Тынышталыңыздар! (Саттаровқа қарап). Отырыңыз! (Саттаров отырады).
Кереев, Жанаев жолдас, партия жиналысын анархияға айналдырмай жөндеп жүргізіңіз!
ЖАНАЕВ. Сөз… председательдің орынбасары Орманов жолдасқа беріледі. (Ортаға Орманов шығады. Жұрт сілтідей тынған).
ОРМАНОВ. Мен сіздердің уақыттарыңызды алмас үшін, әрі, жайылып кетпес үшін жазып алғанымды оқып берейін (қалтасынан қағазын алады).
Мен Айтуар Саттаровты (оған қарап, сәлемдескендей бас изеп қояды) осы колхозга келген күннен бері білемін. Яғни, ол кісінің мұнда қызмет істемеген екі жылын қоспасақ, оны білгеніме сегіз жыл болады екен. Осы сегіз жыл не берді? Сегіз жыл бойы иықтасып қызмет істегенде оны бір сөзбен қандай адам деп бағалауға болады? (Даусын күшейте түсіп). Егер шындығын айтсам адал коммунистің сөзін айтсам. Саттаров — социалистік қоғамға жат мінездің адамы. (залда қозғалыс).
ЖАНАЕВ. Жолдастар, тыныштық, тыныштық сақтаңыздар!
ОРМАНОВ. Жергілікті баспасөз беттерінде біздің колхозға айтылып жатқан сын-ескертпелердің бәрі орынды және соның бәріне Саттаров жолдасты кінәлі деп білемін. Сіздер, әрине, колхоздың ұйымдастыру мәселелерінен мүлде бейхабарсыздар. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде Саттаров жолдас бірде-бір мәселені бізбен ақылдасып шешкен емес. Бұл қателігі оның кадр мәселесі төңірегінде бүтіндей біржақтылыққа апарып соқты. Басшы орындар мен жауапты участоктарға ол адамдарды іскерлік қабілетіне емес, туыстық, сыбайластық сипаттарына қарап тағайындады. Сын айта бастаған адамдар тез арада қызметтерінен айрылып, басқа аудандарға көшіп кетуге мәжбүр болды. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан басты мамандардан біз жылдап емес, айлап айрыла бастадық. Соның салдарынан біздің шаруашылығымыз құлдырап, экономикамыз артта қалды. Бұл — біздің соңғы он жылда жіберген ең елеулі, сүйекке таңба болар кемшілігіміз. Сонан соң… сонан соң Саттаров жолдас жаңа көшіріп әкелген туыстарына колхоз басқармасының шешімінсіз- ақ кезексіз үй беріп, оларға сыйлық ақшалар жаздырып келді. Оның бәріне мысал келтіріп, сіздерді зеріктірмейін, бұл жөнінде нақты фактылар, адам аттары аудандық газетте жарияланған. Заңсыз берілген сыйлық ақшалардың жалпы сомасы — он төрт мың жеті жүз тоғыз сом. Саттаровтың бұл қылығы адал коммунистке тән дей алмаймыз. Ағайын-туыс бәрімізде бар, оларға бәріміздің де көмектескіміз келеді, бірақ оларға деген бауырмашылдықты мемлекет қалтасы арқылы білдірмеуіміз керек қой.
Менің тағы бір келеңсіз жәйітті хабарлағым келіп тұр, жолдастар! Айтқым келмейді-ақ, бірақ, «таң атпайын десе де күн қоймайды» дегендей, менің де үнсіз қалуға амалым болмай тұр. Ол — Саттаров жолдастың суық қолдығы (залда қозғалыс). Ешкім қолынан қақпайтынына көзі жеткен соң ол мемлекет қаржысына да қол сұға бастады. Қызмет бабын пайдаланып, әртүрлі жолдармен еншілеген ақшасы он мың жеті жүз жиырма бір сом болып отыр. Бес мың сом ақша оның сейфінен табылды (залда таңданыс). Бұл — дәлелденгендері ғана. Ал, оның басқа кезендегі финанс тәртібін сақтау мәселесін арнайы орындар тексеріп жатыр.
Қорыта келе менің айтарым, Саттаровтың партия қатарында бұдан былай қалуына моральдық правосы жоқ деп есептеймін. (Ол барып орнына отырады).
Саттаров байыпты қалпын сақтап, сабырлы отыр.
ЖАНАЕВ. Келесі сөз егіс бригадасының бригадирі Елемесовке беріледі. Жолдастар, сөзге жазылыңыздар, сөзге! Кейін сөз тимей қалуы мүмкін.
Елемесов ортаға шығады.
ЕЛЕМЕСОВ. Мен қайта құру кезеңінің қазіргі екпініне өте ризамын. Бәрі өзгерді. адамның жұмысқа деген жауапкершілігі күшейді, бастық пен бағыныштының арасындағы қарым-қатынас өзгерді. Бұрын қатардағы жұмысшы кім еді? Ол — қоғамдағы ең соңғы фигура болатын, егер оны фигура деп атасақ. Қазір ол колхоз бастығы ғана емес, министрлердің өзіне “сен” деп сөйлей алады, телефонмен тікелей байланысып, оған өзінің ой-пікірін жасқанбай айтатын дәрежеге ие боп отыр.
ЗАЛДАН ДАУЫС. Ол қайбір жақсылық дейсің!..
Жанаев қаламсабын стаканға соғады.
ЕЛЕМЕСОВ. Иә, дәрежеге ие боп отыр. Бүгінгі жиналысты алайық. Біз өзіміздің жетпіс жылдық дамуымызда қашан осылайша шаруашылық басшысын ортаға отырғызып қойып, оның мәселесін қарап едік? Жоқ, ол түсімізге де кірмейтін.
ЗАЛДАН ДАУЫС. Оны түсіңде көріп қайтейін деп едің, түсіңде көргің келетін басқа арманың жоқ па?
ЕЛЕМЕСОВ (Жанаевқа). Мына шалды тәртіпке шақыруыңызды сұраймын. Жұртты сөйлете ме, жоқ па? Жастар тыныш отырғанда кәрия қылжақпас болды деген не сұмдық!
БАСҚА ДАУЫС. Реплика айтылды да кетті. Сөйлей берсеңші, тоқтамай!
ЖАНАЕВ (орнынан тұрып). Жолдастар, тәртіпті сақтауларыңызды сұраймын! Сөйлегілеріңіз келсе ортаға шығып сөйлеңіздер. (Елемесовке) жалғастыра беріңіз!
Малдыбаев Жанаевқа қағаз жібереді, Жанаев аудан өкіліне, директордың құлағына әлдене деп сыбырлайды. Сонан соң залға қарап ым қағады.
Малдыбаев шығып кетеді.
ЕЛЕМЕСОВ. Солай, жолдастар! Қазіргі біздің демократия мен түбегейлі өзгерістер кейбір кісілерге (шалды нұсқап) ұнамай, кекесін тудыруы мүмкін. Ол заңды да, өйткені, жаңалық атаулы жұрттың бәріне бірден жаққан емес. Осындай мысқылмен қараушылар, жекелеген пессимистер кездеседі, оны колхоз партия ұйымы күні бұрын ескерген. Бірақ, мұндай кертартпа көңіл-күй жеке адамның шеңберінен аспауы керек, егер ол басқа біреулерді де соған ыңғайлауға тырысса, ол қоғамға жат элемент боп есептеледі. Ондай адамдар қасындағы кісінің кемшілігіне көз жұмып қарауға бейім, ымырашыл келеді. Ал, ымырашылдық қоғамды үлкен тұйыққа, заң мен тәртіпті өрескел бұзуға апарып тірейді.
Сіздер ойламаңыздар, мені бір шешендігі асқынып бара жатқандықтан сөйлеп тұр деп, мен де әлгі кісілер секілді амалсыз ортаға шығып тұрмын. Ортаға шығуға мәжбүр еткен — менің адалдық, коммунистік арым! Өйткені, көп жыл бойы қоластында қызмет істеп жүріп, мен Саттаровтың кім екенін білмей кеппін. Мен оған құдайдай сеніп кетіппін де оның айтқандарына қарсы шығуды ұят деп есептеппін. Бұл – менің де қателігім. Сөйтіп, көзбояушылық пен жалған көрсеткіштер беруге ұрыныппын. Егер менің бригадамда үш мың гектар жерге егіс егу керек болса, мен үш жарым төрт мың гектар жерге дән септім де, ақпарды үшеу деп беріп келдім. Сол қылмысымыз енді ашылып отыр. Мені бұған итермелеген, көзбояушылыққа зорлап көндірген — осы отырған Саттаров. Төрт мың гектар жердің өнімін үш мың гектарға бөлгенде орта есеппен 22-23 центнерден болмақ. Ал, қуаңшылық зона үшін бұл үлкен жетістік. Саттаровтың бұл әрекетінің түп төркінінде қандай мақсат жатқанын енді айтпаса біліп отырған шығарсыздар. Сонда да болса айта кетейін, ол-оңай табыс, артық абырой, ордендер сыңғыры.
Жұрт тым-тырыс. Елемесовтің сөзі оларға әсер еткен секілді.
— Міне, жолдастар, менің бар айтпағым осы! Мен Саттаров жолдастың партия қатарында қалуына қарсымын!
Зал ойланып қалған.
ЖАНАЕВ. Келесі сөз… Жолдастар, қол көтеріңіздер. Бұрынғыдай тізім жоқ, залдан қол көтергендер сөйлейді. Қане, кім сөйлейді.
Залдан екі-үш адам қол көтереді.
ЖАНАЕВ. Келесі сөз – аға шопан Андасовқа беріледі.
АНДАСОВ. Мен… (Саттаровқа қарап). Мен не дейін (Жанаевқа қарап). Басшылар жиналыс бар деді, сөйле деді. Не айтам?.. Айтуар Саттаровты сегіз жылдан бері білем. Ол бізге ылғи да келіп тұрды. Менің тоғыз балам бар. Ешқайсысы оқымаған еді. Мектептері жыл сайын “малға барыңдар, малға барыңдар” дейді де, балаларым соны тыңдап мал бағып келеді. Осыдан бес жыл бұрын Саттаров кеп маған ұрысты. “Тоғыз балаңды мал соңында тоздырмақсың ба, тым болмаса біреуіне жоғары білім беру қамын қарастырмайсың ба?” деп, төртінші ұлымды Алматыға немен… немене еді әлгі, напраулениемен жіберді. Сол бала қазір оқып жатыр.
ЖАНАЕВ. Тегін түсті ме?
АНДАСОВ. Қайдам, жолға деп үш жүз сом бергем.
ЖАНАЕВ. (күліп) Тағы бір ноль қосыңыз. Иә, кешіріңіз, айта беріңіз.
АНДАСОВ. Нені айта берем. Кемшілігі болса болған шығар, біз далада жүрген адамбыз. Басқа айтарым жоқ. Ол орнына отырады.
ЖАНАЕВ. Жолдастар! Сын аздау боп жатыр. Өткірлеу сөйлеңіздер!
Келесі сөз, бесінші бөлімшенің меңгерушісі Мекебаевқа беріледі.
Малдыбаев қайтып келеді. Жанаевқа әлдене деп сыбырлап, орнына отырады. Жанаев оның сөзін басқаларға жеткізеді, олар “түсінікті” дегендей бастарын изейді.
Ортаға Мекебаев шығады.
МЕКЕБАЕВ. (қалтасынан қағаздарын алып, ұзақ реттейді. Көзілдірігін киіп, сатырлатып оқи жөнеледі). Жолдастар!
КПСС 27-съезі мен Қазақстан Компартиясы 16-съезінің және партияның онан кейінгі пленумдарының шешімдерімен қызу жігерленген біздің “Жарсу” бөлімшесінің еңбекшілері барша совет адамдары сияқты еңбек қарқынын күннен күнге еселей арттырып, өздерінің алға қойған мемлекеттік жоспарын абыроймен орындап келеді. Қазіргі қайта құру саясатын бөлімше еңбекшілері қуана қарсы алып, ол процесті неғұрлым жеделдете түсу жолында жан аямай еңбек етуде. Соның нәтижесінде біздің бөлімшеде қайта құру кезеңі біздің зор қарқынмен адымдап келеді. Келесі жылы осы кезде біз оны абыроймен аяқтап шығамыз деп уәде береміз. Уәде береміз… Қазір бөлімшеде барлық комбайн егіс оруға сақадай сай тұр, яғни, жүз процент. Егістің әр гектарынан былтырғы жылы ауа райының қолайсыздығына қарамастан 23 центнерден астық алып, мал азығын дайындауды 105 процент орындадық. Сүдігер жырту –104 процент, жүн қырқу –106 процент, күздік себу ол да –106 процент, жабайы шөп ору –103 процент, жұмыртқа өткізу –102 процент, халыққа мәдени қызмет көрсету –101 процент, кітап оқу –100 процент, орындалды. Бұл көрсеткіштерді үстіміздегі және алдағы жылдары мұнан әрі дамыта береміз деген ойдамыз.
ЗАЛДАН ДАУЫС. Дамитын жерлерің де қалмапты ғой өзі!..
Жанаев стакан соғады.
ЗАЛДАН ДАУЫС. Совхоздың жиналысы түгіл съездерде де реплика айтылады. Иә, кешір, ары қарай айта бер!
МЕКЕБАЕВ. Бөлімшеде маскүнемдік пен ішкілікке қарсы күрес мейлінше жақсы қолға қойылған. Соның нәтижесінде қазір біздің еңбеккерлер арақты алдына апарып қойсаң да аттап өтіп кете береді.
Өкіл Жанаевқа сыбырлайды. Жанаев тағы да стакан шықылдатады.
ЖАНАЕВ. Күн тәртібінде тұрған мәселені ұмытпаңыз.
МЕКЕБАЕВ. Иә, өзім де… (абдырап, қағаздарын тағы сапырластырады). Ал, бүгінгі мәселеге келетін болсақ (ол Саттаровқа жасқана бір қарап қояды), бұл жөнінде менің айтарым — алдыңғы жолдастардың сөзіне бүтіндей қосыламын. Мен де ол кісінің жіберген қателіктеріне қынжыламын.
Ол абдырап барып орнына жайғасады. Жанаев орнынан қайта көтеріледі.
ЖАНАЕВ. Енді кім сөйлейді?
Қол көтерушілер бұрынғыдан көбейе түседі.
— Сабыр, жолдастар, сабыр! Бәріңе бірден сөз бере алмаймыз, кезекпен сөйлейсіздер.
Ол залдан әлдекімді іздеп аз ғана уақытқа мүдіріп қалады. Сырттан асығыс басып Омарова кіреді.
— Жолдас Омарова, партжиналыс кезінде өз бетімен кіріп-шыға беруге болмайтынын білесіз ғой. Өзіңіз күні бойы сөз сұрап отырғансыз.
ЗАЛДАН БАСҚА ДАУЫС. Ол қашан сөз сұрап еді? Залдан сөйлетеміз, залдан сөйлетеміз дейсіздер, бірақ, көңілдегі тізімнен бәрібір шыға алмай жатырсыздар. Мен сөйлеймін!
ЖАНЕВ. Сіздің алдыңызда бірнеше кісі бар. Сәл шыдай тұрыңыз. Сөз — тұрмыстық қызмет керсету комбинатының меңгерушісі Омарова жолдасқа беріледі.
Ортаға Омарова шығады.
ОМАРОВА. (толқып) Жолдастар! Біз бүгін колхозымызда бұрын-соңды кездеспеген оқиғаның куәгері болып отырмыз. Куәгері ғана емес ол оқиғаның кейіпкерлеріне айналдық. Біздің бүгінгі жиналысымызға және оның нәтижесіне аудан ғана емес, облыс басшылары назар аударып отыр. Біз қандай шешім қабылдаймыз – әділдік дәрежесі сонымен анықталмақ. Ал, әділ шешім деген не? Ол тек Саттаровты жазалау ма? Жоқ жолдастар, кемшілікті батыл айту, кемшілік жіберген адамды батыл айыптау. Бұрынғы председательдің жұмысында кемшілік болды ма? Болды. Қылмыс болды ма? Ашығын айту керек, ол да бар. Демек, Саттаров жолдас ол қателіктерін мойындап, шындығын айтқан біздерге ренжімеу керек. Қазір заман басқа, адалдық, тазалық, деген ұғымдар да жаңа мағынаға ие бола бастады. Мен Саттаров жолдасты жақсы білемін. Мені осында шақырып, қазір мен басқарып отырған комбинатқа жай қызметке шақырды. Бірнеше жылдан бері осы комбинаттың бастығымын және совхоз партбюросының мүшесімін. Сондықтан, мәселенің ашығын айтамын. Саттаровтың жақсы жақтары болды ма? Әрине, болды. Ол бәріміздің тілімізді таба білді, бәрімізден жұмысты талап ете білді. Соның арқасында колхоз облыстағы ең соңғы орындардың бірінен озаттар қатарына қосылды. Екі рет облыстық ауыспалы Қызыл туын жеңіп алдық. Бірақ, партия бізден тек шаруашылықты ғана талап ете ме? Жоқ, бүгінгі коммунист, бүгінгі басшы адамға тән барлық игі қасиеттерді бойына сіңіре білуі керек. Моральдық, рухани, саяси, экономикалық жағынан бүгінгі талапқа сай келмей жатса, ол басшы қазіргі заманға лайық емес деп білем. Мен Саттаров жолдастың басқа қырларына тоқталмаймын, ол жайлы басқа жолдастар айтты, тек бір жағына, моральдық жағына тоқталғым келеді. Бұл жағынан келгенде, Саттаров жолдас бізге үлгі бола алмайтын қасиет танытты.
Осында, біздің колхоз кеңсесінде техникамен жұмыс істейтін әйелді біреулеріңіз біліп, біреулеріңіз білмеулеріңіз мүмкін. Мәселе онда емес, мәселе сол әйелдің, Бике Васильевна Егорованың біздің бұрынғы председательмен ашына болғанын жұрттың бәрі біле бермес. Саттаров жолдас жап-жақсы, сүттей ұйып отырған біреудің семьясын бұзып, ол әйелге бұрынғы күйеуін тастатты да, осында кеп өзі жайғасқаннан кейін оны көшіріп алып, өзіне секретарша етті. Жоғары білімі бола тұрса да Егерова бұл жүмысқа оңай келісе кетті. Неге? Бас қатыратын не бар, ашынаның колхоз председателі боп тұрса, аш қалмасын ол да жақсы түсінген. Сөйтіп, Саттаров Егоровамен заңсыз тұрып келген. Кейде үйлеріне қайтпай кабинетте түнеп жүргендерін мен талай рет өз көзіммен көргенмін (залда таңданыс). Айтуар Сариевич оны еркелетіп “Мадам Баттерфляй” деп атайды. “Чио-чио-сан” операсындағы бас кейіпкер мен біздің техничканың арасында қандай байланыс барын бір құдайдың өзі білсін! (кекесін күлкі).
Саттаров жұмыстан арыз беріп босанды. Өз еркімен кетті. Бірақ, шын мәнінде ол өз еркімен кетті ме? Мен айтар едім — жоқ! Ол бір тықырдың таянғанын күні бұрын сезді. Арыз беріп кетпек болу да алдын ала ойластырылған айла. Өз еркімен кету арқылы ол бәрін жылы жауып кете қоймақ болды. Бірақ, одан түк шықпағанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Көптің көзі қырағы, заң құрығы ұзын.
Ең бір қызықты оқиға Саттаров кеткен соң екі күннен кейін болды. Оның столынан көш құлаш махаббат хаттары табылды. Олар – міне! (ол бір буда қағаздарды көрсетеді). Өлеңмен, қара сөзбен жазылған сезім жырлары. (Қағаздарды сумкасына қайта салады). Қолға түсіп қалудан қорқып, хаттың кімге арналғаны көрсетілмеген. Жай мазмұнына қарағанда біздің Айтуар Сариевич бір ғана Егеровамен шектеліп жүрмесе керек. Керек адам бұл ғашықтық дастандарымен, кез-келген уақытта менен алып танысуына болады. Бұларды орайы келген тұсты күтіп, ешкімге көрсетпей әдейі сақтап келдім. Сөз соңында айтарым — Саттаров жолдасты партия қатарынан шығарып, ісін сотқа тапсыру керек.
Омарова орнына отырады.
Сөзге сұранушылар көбейіп, залда шу молая түседі. Малдыбаев тағы шығып кетеді.
ЗАЛДАН ДАУЫС. Малдыбаев жылпыңдап неге шыға береді? Тәртіп қайда?
ЖАНАЕВ. Малдыбаев жұмыс бабымен шығып жүр. Оған көңіл аудармаңыздар. Солай келісілген.
ЗАЛДАН ДАУЬІС. (Тұрмабай). Жолдас председатель, маған сөз беруіңізді сұраймын.
ЖАНАЕВ. Кім ол “маған?” “Мағанның” аты-жөні бар ма?
ТҰРМАБАЙ. Бар. Бар болғанда қандай!
ЖАНАЕВ. Қоя тұр ойланайын, мұнда екі жылдан бері сөзге жазылғандар тұр. Келесі сөз…
Малдыбаев кіреді. Есік көзінде тұрып “болды” дегендей қолымен белгі береді.
Кереев директорға, директор Жанаевқа сыбырлайды.
Тұрмабай бәрібір ортаға жақындай береді.
ЖАНАЕВ. – Жолдастар! Арамызда ауданнан келген қонақ бар, кешеден бері жол ұрып, шаршап отыр. Жиырма минут үзіліс! (Тұрмабайға) Сіз… Сіз…
ТҰРМАБАЙ. Менің фамилиям Есенов.
ЖАНАЕВ. Есенов?!
ТҰРМАБАЙ. Иә! Есенов!
ЖАНАЕВ. Сіз… сіз… Есімде жоқ… Оны неге айтып тұрсыз? Жұрт үзіліске шыға бастайды. Олар бір-біріне қарап тұрып қалады.

II А К Т
Колхоз председателінің кабинеті. Кабинетте Кереев, Байжанов, Жанаев және Малдыбаев. Малдыбаев телефон құлағында отыр, қалғандары кабинет ішінде арлы-берлі жүр.
МАЛДЫБАЕВ. Алло! Алло! Сәламатсыз ба? Сәламатсыз ба, деймін! Сәламатсыз ба? Жо-оқ, сәлематсыз ба, деймін! Қап!
БАЙЖАНОВ. (ызаланып) Амандығын қайтейін деп едің, шаруаңды айта берсеңші!
МАЛДЫБАЕВ. Туһ! Осы телефондар жөнделмей-ақ қойды-ау! Бір жазушы айтты деп еді, Қаскелеңде отырып бес сағатта ала алмаған Алматыны, Кубада жүргенде бес-ақ минутта алдым деп. Расында солай, кейде ауданға телефон соққаннан гөрі барып келген оңай. Алло! Алло!
ЖАНАЕВ. Есенов! Есенов! Қайдан естідім бұл фамилияны?!..
КЕРЕЕВ. Түк түсінсем бұйырмасын! Мен ғой ауданнан кеше ғана шықтым. Ол кезде пленум болады деген сыбыс та жоқ болатын. Ауданның бірінші хатшысын келесі аптада сайлап қалармыз деп жүргенбіз, бірақ тап бүгін ұйымдық мәселе қаралады деп кім ойлаған! Осыншалықты шұғыл өткізетіндей не боп қалды екен?
БАЙЖАНОВ. Артық-ауыс сөзді көбейтпейік деген шығар.
МАЛДЫБАЕВ. Пленум бітті деген әлгінде. Кімді сайлағанын сұрайтын адам таппай отырғанымды қарашы.
ЖАНАЕВ. Айтпақшы, сіз екеуіңіз де пленум мүшелерісіздер ғой…
КЕРЕЕВ. Иә, солай… Кім білсін жоғары жақтың не ойлағаны бар екенін!..
БАЙЖАНОВ. Бәлкім бізді тю-тю! (күледі).
Кереев оған жақтырмай карайды.
— Кешіріңіз, мен өзімді айтамын!..
КЕРЕЕВ (Байжановқа). Осы кезге дейін бір телефонды жөндеп қойдыра алмай… Қалай күн көріп отырсыздар?
БАЙЖАНОВ. Аппаратура ескі, әні-міне жаңасын күтіп отырмыз.
КЕРЕЕВ. Қайдам, мұндай аппаратты Созақ ауданынан да кездестірген жоқпын.
БАЙЖАНОВ. Демек (күліп) елді жиі аралап тұру керек.
КЕРЕЕВ. Немене, жергілікті телефон станцияларыңды да райком арқылы әкеп орнатуы керек пе? Бәрін жоғарыдан күтіп үйренгенсіздер. Жыламаған балаға емшек жоқ! (Малдыбаевқа) Тағы да көрші!..
МАЛДЫБАЕВ. Мен көруін көріп жатырмын ғой… Бұрын саңқылдап құлақты жарып кете жаздап тұрушы еді… Арал теңізі сияқты бұл да күн санап құрып бара жатыр.
Кереев пен Байжанов оған жақтырмай қарап кояды.
БАЙЖАНОВ. Әрбір айтылар сөздің орнын білу керек қой, жолдас зоотехник!
МАЛДЫБАЕВ. (Байжановтың сөзіне мән бермей). Ә-ә, міне, міне!.. Алло! Алло! (Кереевке). Енді жақсы естілді, сөйлесіңіз!
Кереев трубканы алады.
КЕРЕЕВ. Алло! Алло! (Мынау жақсы естілмейді ғой). Алло, бұ кім? Бұл кім деймін? Генерал? А-а! Генерал Уәлиев сенсің бе? Туһ, сенің атыңа үйрене алмай-ақ өтетін шығармын. Қазақтар да ат қойғыш-ақ. Слушай, Генерал, пленум бітті ме?
Біткеніне жарты сағат болды? Алло! Алло.’..
Бәрі едірейіп тыңдап қалған.
— Немен бітті? Кім сайланды? Кім? Саттаров? Әбсаттаров? Ол қайдан келген? Бұрын ол істеген екен? Мұғалім? Немене, немене? Жөндеп, қаттырақ айтшы! Мұғалім? Кәдімгі жай мұғалім бе? (Ол қалтасынан. орамалын алып маңдайын сүртеді). Фамилиясы кім дедің? (Кереев “жаз” дегендей Жанаевқа ымдайды. Ол тез қағаз-қаламын алады). Саттаров? Әбсаттаров? (Жанаевқа) Екеуін де жаза салшы! Орнына отырды ма? Шаруашылықты аралап кетті?! Алло! Алло! Мені іздеген жоқ па? Жарайды! Сау бол!
Ол трубканы қойып, креслоға отырады да, терең күрсінеді. Өзгелер оны айдап келген адамдай анталап қоршап алады.
БАЙЖАНОВ. Не дейді? Кім болды дейді?
КЕРЕЕВ. Әсте, менің есім дұрыс емес шығар.
ЖАНАЕВ (шошып). О не дегеніңіз! Есіңіз бәріміздікінен де дұрыс болатын.
КЕРЕЕВ. Жай мұғалім! Сонау Сырдың бойында жайымен жүрген қарапайым мұғалім бүгін кеп… Осындай үлкен, күрделі ауданға хатшы болады!.. Жай емес, бірінші хатшы!
БАЙЖАНОВ. Бұл не болғаны сонда? Япырмау, жүр ғой осы ауданда сайдың тасындай сақырлаған жігіттер. Райкомның, райисполкомның аппаратынан орын тауып берер едім. Мына сіз кімнен кейінсіз?
ЖАНАЕВ. Соны айтсаңызшы! Қаншама совхоз директорлары жүр!
БАЙЖАНОВ. Мына сізді апарып қойса да жай мұғалімді. Саттаров па, Әбсаттаров па, соны біреу қолдады ғой. Демек, жоғары жақта оны білетін біреу отыр деген сөз. Әйтпесе, жеребе тастағанда Сырдың тозған тоғайының ішінде жүрген мұғалімнің басына барып түспеген шығар.
ЖАНАЕВ (селк етіп). Есенов! Тоқта-тоқта!.. Бұл сол жігіт болғаны ма! Бұл мұнда қайдан жүр? Мұны жұмысқа кім қабылдаған?..
БАЙЖАНОВ (оқыс үнін көтеріп). Жолдастар-ау! Саттаров дейді, бұл қай Саттаров? Біз талқылап отырған Саттаров емес пе?
КЕРЕЕВ. Қайдағыны айтпаңызшы…
БАЙЖАНОВ. Не қайдағысы бар? Мәселен өз басым аса көп таңқала қоймас едім…
КЕРЕЕВ (иығын қозғап күліп кояды). Бәріне көніпсіз ғой өзі…
МАЛДЫБАЕВ. Соны мен, Саттаров па, Әбсаттаров па?
ЖАНАЕВ (Әлі өз ойынан айыға алмай). Қалай болғанда да екеуі де оңып тұрған жоқ.
БАЙЖАНОВ. Осы біз неменеге еліріп отырмыз? Саттаров клубта, жиналыста отырған жоқ па? Онсыз қалай пленум өткізіп, оны қалай бірінші етіп сайлап қойдық!
КЕРЕЕВ. Рас-ау!.. Жаңағы отырған анық Саттаров қой.                    БАЙЖАНОВ. Иә, Саттаров.
МАЛДЫБАЕВ. Саттаров болатын!..
ЖАНАЕВ. Оның елесі болмаса.
МАЛДЫБАЕВ. Парторг жолдас, адамды қорқытпай отырыңызшы…
БАЙЖАНОВ. Клубқа телефон соқшы. Саттаров сонда жүр ме екен? (Малдыбаев телефон соғады).
МАЛДЫБАЕВ. Кім бұл? Киномеханик? Слушай, ана тесігіңнен сығалап қарашы, Саттаров отыр ма екен. Саттаров деймін, Саттаров. Иә, бұрынғы бастығың, сегіз жыл бойғы! Отыр ма? Неғып отыр? Жазып? Тізесіне дәптер қойып күлімсіреп жазу жазып отыр? Жарайды, рахмет хабарыңа! (Басқаларға қарап) Саттаров жазу жазып отыр дейді. Күлімсіреп! Ал әйтпесе! Біз оның тұқымын тастаққа жайлағалы отырмыз, ал ол күлімсірейді!
ЖАНАЕВ. (үрейленіп) Бұл тегін емес-ес! (Басын ұстайды). Мұндай оқиғаны есітсем құлағым керең болсын!..
МАЛДЫБАЕВ. Тоқта, тоқта, тоқта! Әбсаттаров! Ойбай-ау, егер бұл сол Әбсаттаров болса мен оны жақсы білем ғой! Ол бала күнімізде біздермен араласып тұратын. Көрші колхозда тұрған. Әкесі менің әкемнің отарына талай рет қозы әкеп қосып, орнына ісек алып еді. Есі кірген соң әкесінің бүкіл малын баласы өкіметке апарып өткізген.
КЕРЕЕВ (немқұрайды). Әкесі өле-өлгенше риза болып өткен шығар!
МАЛДЫБАЕВ. Баласымен бет көріспей кетті.
“Әлбетте” дегендей Кереев пен Байжанов қолдарын жаяды.
— Бір ғажабы, әкесі өлер алдында балаларына өсиет қалдырыпты. “Менің ақырет сапарымның барлық шығынына мұғалім баламның ақшасы жұмсалсын депті. Түсіндіңдер ме шалдың ойын?
Ешкім үндемейді.
— Демек, ақырет жолына адал ақшаның жұмсалғанын қалаған. Арам ақша құдай жолына жүрмейді деген сөз! Міне, философия!
ЖАНАЕВ. Ол бұл жиналысқа неге келді екен!
БАЙЖАНОВ. Сіз манадан бері кіммен сөйлесіп жүрсіз?
ЖАНАЕВ. Ә-ә, жай, қазіргі жиналыстың жайы ғой.
МАЛДЫБАЕВ. Ойпырмай, біз не істер екенбіз?
БАЙЖАНОВ. Не істегені қалай?
МАЛДЫБАЕВ. Ақырет жолына деп оларға қандай ақшадан жұмсасақ екен?
БАЙЖАНОВ (әзілге бұрып). Профсоюз бар ғой. (Олар күледі).
МАЛДЫБАЕВ. Әбсаттарды сіздер де білесіздер, “қоғамдық пікір” деген рубрикамен республикалық газеттерде қайта құру кезеңіндегі еңбекке жаңа көзқарас жайлы талай рет мақала жариялаған. Ең бастысы – ол біздің Саттаровтың ең жақын досы.
БАЙЖАНОВ. Сонымен, Саттаров па. Әбсаттаров па? Әбсаттаров болса — сол дей қояйық, ал, мына Саттаровты қайда қоямыз?
МАЛДЫБАЕВ. Бұл Саттаровты талқылай береміз.
КЕРЕЕВ. Біздің талқылап отырған Саттаровымыз қайда, не істейді екен өзі?
Кереев отырғандарға қарайды. Олар иықтарын қозғайды.
БАЙЖАНОВ. Білсем неғыл деген екенсің.
КЕРЕЕВ. Сонда, талқылап отырған адамымыздың кім екенін білмейтін боп шықтық па? Мәссаған, безгелде-ек!
МАЛДЫБАЕВ. Менімше, ол да бір жерде мұғалім болуы керек.
БАЙЖАНОВ. (Жанаевқа қарап). Жалпы, тақылауды бүгін өткізу керек деген идея кімнен шықты осы?
ЖАНАЕВ. Білемін. Маған сіз айттыңыз.
БАЙЖАНОВ. Ал маған (Кереевке)… Сіз айттыңыз ғой деймін.
КЕРЕЕВ. Мен де өзім ойлап таппаған болармын. Газеттерге мақала шыққан соң шарасыз отыра беруге де болмас. Бір күні болмаса бір күні жоғары жақ. “не істедіңдер?” десе, “түк жасаған жоқпыз” деудің де реті жоқ қой. Инициатива өзімізден де болғаны дұрыс, оған дауым жоқ.
БАЙЖАНОВ. Бірақ, мына жиналысты не істейміз?
КЕРЕЕВ. Соны айтам. Тым асығыстық болған екен. Бір күн кешіге тұрғанда…
ЖАНАЕВ. Ертеңге қалдырсақ қайтеді?
КЕРЕЕВ. Жиналысты ма?!
ЖАНАЕВ. Иә. Бір тәулікке үзіліс жариялаймыз.
КЕРЕЕВ. Партия ұйымының секретары боп істегеніңізге қанша жыл?
ЖАНАЕВ. Бес жыл.
КЕРЕЕВ. Бір тәулік үзілістен кейін бұл қызметте істемеуіңіз де мүмкін ғой.
ЖАНАЕВ. Басқа қандай амал бар? Біз жиналысты бітірсек, Саттаровты қаралап қаулы шығарсақ, ертең жаңа секретарь бәрін бұзып жатса, бізде қандай бедел қалмақ сонда?
БАЙЖАНОВ. Секретарь біреу делік, ал бүтін бір аупартком бар емес пе? Олардың бәрі де біледі. Керек десең бізден хабар күтіп те отыр.
КЕРЕЕВ. Секретарьдың біреу екені біреу-ақ, бірақ, бірінші ғой. Мә-селе сонда емес пе?
МАЛДЫБАЕВ. Ал, принцип қайда? Манадан бері даурығып жатқан әділдік қайда қалады? Егер Саттаров біз айтып жатқандай шын мәнінде үлкен қателікке ұрынғаны рас болса, біз айтқан фактылар дәлелденсе, оны қай қоғам болса да ақтап ала алмайды ғой, ол үшін бізді ешкім жазғырмайды да. Мен солай деп ойлаймын. Менің ойым дұрыс па?
Кереев пен Байжанов жауаптан тайқып теріс айналады.
ЖАНАЕВ. Дұрыс қой! Айна қатесі жоқ!.. (Өз ойымен өзі боп кетіп) Айна қатесі жоқ!..
Сырттан асығыс басып Омарова кіреді.
ОМАРОВА. Бүгінгі “Известияны” көрдіңіздер ме?
МАЛДЫБАЕВ. (әлде де болса біреу-міреумен сөйлеспек боп телефон құлағын бұрай отырып) немене, тағы да Қазақстан жайлы жазып па?
ОМАРОВА. Иә!
МАЛДЫБАЕВ. Қазір қолыма газет ұстасам граната ұстағандай дірілдеймін.
БАЙЖАНОВ. Онда не бар екен?
ОМАРОВА. Біз талқылап жатқан Саттаровтың мақаласы басылыпты. Міне, оқыңыздар! Біздің аудан мен облыста кадр мәселесіне партиялық тұрғыдан қамқорлық жоқ депті. Оны редакция да қолдап отыр.
Газетті бәрі бір-бір қарап шығады.
КЕРЕЕВ. Пленум. Секретарь. Саттаров. Бүгінгі газет. Бүгінгі жиналыс. Түсінсем бұйырмасын! Осы біз коллективті түрде түс көріп жатқан жоқпыз ба?
БАЙЖАНОВ. Өкінішке орай, өңіміз боп тұр ғой!
МАЛДЫБАЕВ. Онда мен быткомбинаттың бастығын шымшып көрейін. Ойбайласа өңіміз болғаны. (Омароваға тап береді).
ОМАРОВА. Жақындама, сайқымазақ! Қазір әзілдесетін кез бе екен?
МАЛДЫБАЕВ. Түсіміз емес, өңіміз боп шықты!
ОМАРОВА. Өй, сен де осы мінезіңмен бас зоотехник болғың келеді-ау.
МАЛДЫБАЕВ. Несі бар, мен жұрт сияқты ойымды жасырмаймын, бас зоотехник, одан әрі совхоз директоры болғым келеді.
ОМАРОВА. Бас қолбасшы болғың келмегеніне де құдайға шүкір.
МАЛДЫБАЕВ. Мен жасырмаймын, ал сіздер жасырасыздар. Сыртқа сыр шығармауды әбден меңгергенсіздер.
БАЙЖАНОВ. Малдыбаев! Бүгін сіз тым сөзшең боп кетіпсіз ғой.
Омарова жанындағыларға бір қарап шығады.
ОМАРОВА. Сіздер тым көңілсізсіздер ғой. Тыныштық па?
БАЙЖАНОВ. Біздің ауданға жаңа секретарь сайланыпты.
ОМАРОВА. Құтты болсын, қуаныштымын! (Байжановқа жақындап) мына кісі болып па? (Кереевті ымдап көрсетеді).
БАЙЖАНОВ. Жоқ!
ОМАРОВА. Қалайша? Ол кісі обкомнан да өтіп қойды деп едіңіз ғой.
БАЙЖАНОВ. Түстегідей түсініксіз бір оқиға боп тұр.
ОМАРОВА. Енді кім бопты?
БАЙЖАНОВ. Саттаров.
ОМАРОВА. Саттаров?!
БАЙЖАНОВ. Немесе Әбсаттаров.
ОМАРОВА. Түсінсем бұйырмасын!
БАЙЖАНОВ. Біздің де түсініп отырғанымыз шамалы. Қалай болғанда да бұл жағдай маған ұнап тұрған жоқ. (Оларға Жанаев жақындайды).
ЖАНАЕВ (Омароваға). Сөзің жақсы шықты.
ОМАРОВА. Мекебаев әлгінде не деп көкіп кетті? Сөйлейтін сөзін жазып беріп едік қой.
ЖАНАЕВ. Әй, алжыған неме, шатастырып былтырғы сөзін оқып шықпасы бар ма? Не сөйлегенін өзі де түсінбеген болуы керек, үзіліске кетіп бара жатқанда ұялмай-қызармай “сөзім қалай болды?” дейді. “Былтырғыдай болды” дедім ызаланып. Сөйтсем, “Ә, ол да жаман емес екен” дейді ыржалақтап.
ОМАРОВА. Өзіңіз ғой. “Мекебаев” сөйлесін деп қоймаған.
ЖАНАЕВ. Басқа адамның реті болмаса қайтесің. Өзгелерге сенім жоқ, бұл не болса да айт дегеніңді айтып шығады ғой. Әйтпесе, оның шешендігіне қызықты дейсің бе?
ОМАРОВА. Енді не болады?
БАЙЖАНОВ. Не болушы еді, көреміз.
ОМАРОВА. Мен де қорқайын дедім… Бұл жақсылықтың нышаны емес.
КЕРЕЕВ (сағатына қарап). Жолдастар, үзіліс тым ұзап кеткен жоқ па? Қалай болғанда да бір жағына шығуымыз керек қой.
ЖАНАЕВ. Өзіңіз айтыңыз. Сіз ауданнан келген жауапты адамсыз. Сіз не десеңіз сол болады.
КЕРЕЕВ. Сонан соң бәрін маған аударып сол өзіңіз құп-құрғақ боп шықпақсыз ғой.
ЖАНАЕВ (иығын қозғап). Сіз де сақтыққа көше бастадыңыз ба?
Омарова терезеден қарайды.
ОМАРОВА. Оншақты адам осында келе жатыр. Олар мұнда кірмей тұрып шығып кетуіміз керек.
МАЛДЫБАЕВ. Бұл не, бунт па?
КЕРЕЕВ. Сіздер клубқа бара беріңіздер, мен ауданмен сөйлесіп алуға тиіспін.
БАЙЖАНОВ. Сізді жалғыз тастамай мен де қасыңызда қала тұрайын (Жанаевқа). Жиналысты ушықтырмай жалғастыра тұрыңыз, біз қазір барамыз.
ЖАНАЕВ (қыжырмен). Өзің ушықтырып бастаған жиналыс болса мен оны қалай бәсеңдетпекпін. Жұрттың дуылдасып қалғанын бағана көріп кеттіңіздер ғой.
БАЙЖАНОВ. Сіз — идеологсыз. Жұртпен тіл табыса білуге міндеттісіз. Барыңыз.
ЖАНАЕВ. Байқауымша, бұл бұйрық болуы керек.
БАЙЖАНОВ. Қаулап өтіп кеткен қайран намыс-ай, десеңші! Мен қандай раймен айтсам да сіздің анда баруыңыз керек (Омароваға) Сіз де.
Олар шығып кетеді.
МАЛДЫБАЕВ. Мен ше?
БАЙЖАНОВ (оған біраз қарап тұрып). Сен… қабылдау бөлмесінде бола тұр. Аудан хабарласа қалса бізге айтарсың.
МАЛДЫБАЕВ. Жаман емес-ес! (Шығып бара жатып) Бас зоотехниктің міндетін атқарушыдан секретарь… ша ма, әлде секретардың өзі болам ба?
БАЙЖАНОВ. Не деген заржақ боп кеткенсің, Малдыбаев. Осы оқиғадан, байқауымша, ләззат алып жүрген болуың керек. Солай ма?
Малдыбаев, терезе алдындағы фикусқа жақындайды. Оған қарап ойланып біраз тұрады.
МАЛДЫБАЕВ. Саттаровтан қалған жалғыз көз! Егер бүгін оны біржола қаралап шықсақ, мына фикусты бағып-қағып отырғаныңыз үшін кінәлі боп қалуыңыз да мүмкін-ау!
БАЙЖАНОВ. Мұнымен не айтқың кеп тұр, Малдыбаев?
Малдыбаев ыңылдай әндетіп шығып кетеді.
КЕРЕЕВ. Менімше, бұл жігіт сізбен байланысуға ілік іздеп жүрген секілді.
БАЙЖАНОВ (күрсініп). Солай!.. Таңертең ғана басқаша еді! Мені енді өзінше ылдиға домалайды деп ойлаған болса керек. Сіздің көзіңізше менің адамым емес екенін сездіріп қалмақ қой.
КЕРЕЕВ. “Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады” деген, жағдайың жақсы кезде төңірегіндегінің бәрі түгел, бәрі жайсаң, аяғыңды сәл шалыс бассаң, қаптаған қалың досыңның селдіреп қалғанын көресің, тіпті кей-кезде, бірін де таппайсың.
БАЙЖАНОВ. Сізде ондай кез болып па еді?
КЕРЕЕВ. Мұндай жағдай әр адамның басынан талай рет өтеді. Ол үшін жауапты қызметте жүру міндет емес, тіпті, мектеп қабырғасында жүріп-ақ сезінуге болады.
БАЙЖАНОВ. Иә, солай, солай!.. Басыңа қандай күн туса да қасыңнан табылатын адамды іздеу де артық талап па деп қаламын. Сондай адамды іздей отырып өзімізге өзіміз. “сен соған лайықсың ба, өзгенің қасынан өзің табыла алар ма едің? ” деп сауал тастамаймыз. Бұл өмірде бәрі бір-бірімен байланысты, заманына қарай амалы бар, түлкісіне лайық тазысы бар. Бір данышпанңың сөзі есімде қапты. “Әр халықтың өзіне лайық патшасы, әр патшаның өзіне лайық халқы” бар деген. Бәріміз де осы ұғымның ішінде харекет етеміз. Мен де, сіз де, басқалар да. Бірақ әр кім өз саясатын өзінше жүзеге асыра біледі. Бұл сапарда біреудің жолы болады, біреудің жолы болмайды, айырмашылығы осында ғана.
КЕРЕЕВ (оған ұзақ қарап тұрып). Сіз… осындай оймен мен білетін іске қалай барып жүрсіз? Тірлігіңіз бен тегіңіз екеуі екі бөлек қой.
БАЙЖАНОВ. Менің бір досым “Адам адам боп жаралғалы жеті мың данышпан бопты, ал мен есебін тауып соның бір де біреуін оқыған жоқпын”, — дейді. Сол сияқты, әлгі ол жеті мың данышпанды мен де оқыған жоқпын, сіз де оқымаған боларсыз деп сенемін.
Кереев ыңғайсызданып басын шұлғиды.
— Дұрыс жасағансыз. Ол жеті мың данышпанды оқымағандығыңыз күнделікті тұрмыста, қызмет бабында сезілмейді ғой? Сезілмейді. Өйткені, сіз екеумізден талап етілетін нәрсе басқа.
КЕРЕЕВ. Мен сізді мүлде танымай отырмын!
БАЙЖАНОВ. Адам деген –құпия. Ол күн сайын өзгереді, оның бір қалыпты тұруы мүмкін емес. Бүгін жақсы көрген нәрсені ертең жек көргенім үшін мені кінәлауға болмайды. Кісі өлтіріп келе жатқан адам қайырымға садақа береді, немесе жолындағы құмырсқадан аттап өте алады.
КЕРЕЕВ (ызаға булығып). Тоқтатыңыз, пәлсапа соғуды, жолдас председатель! Дәл сіз сияқты мен де көкте шарықтап ой айта аламын. Бірақ, бізді жер жібермейді, жердегі тіршілік жібермейді. Білесіз бе, адам топырақтан да, маймылдан да емес құстан жаралған. Қазақтар оны Арманда деп атайды. Кәдімгі арман құшағында жүру деген сөз. Міне сол Арманда деген құс өмір бақи аспанда өмір сүріпті. Ұша берген, ұша берген, ұша берген. Жерге бір қону –оның өмір бақи арманы болыпты. Құдайдан мың-миллион рет жалынып, жерге қонуды өтініпті. Ақыры ол дегеніне жетіп, Қазықұрт тауының басына қоныпты дейді. Содан ол қайтадан ұша алмай қалған көрінеді. Енді оның арманы қайтадан көкке көтерілу екен. Міне, біз қаншама шарықтап көкке көтерілсек те жердегі тіршілікке қайтып ораламыз. Сіз де жерге түсіңіз.
БАЙЖАНОВ. Ал, түстік.
КЕРЕЕВ. Енді ойланыңыз.
БАЙЖАНОВ. Несін ойланамыз? Сіз өтпей қалдыңыз, мен сіздің орныңызға жетпей қалдым, соған орай, менің орныма болам деп жүрген адамдардың да, тағы сол сияқты талай тізбектердің реті келмеді.
КЕРЕЕВ. Іс осымен бітеді деп ойлайсыз ба?
БАЙЖАНОВ. Амал қанша, көптеген орны жоқ дүниені Саттаровқа ысырмақ едік, реті келмейтін сияқты.
КЕРЕЕВ. Жаздың күні тұрған керімсалдық қыс кезінде боран боп қайта оралатынын да білмейтін болдыңыз-ау. Саттаровтың орнына директор болам деп оның соңына түсіп, талай анонимка жазғаныңыз, қорлық көріп жүрген адам боп менің ол жөніндегі бұрынғы жақсы пікірімді өзгерткізгеніңіз, сөйтіп, оны жан-жақтан түртпектеп жүріп шаршатып, істеген ісінің берекесін кетіріп, ақырында арыз жазып кетуге мәжбүр еткен әрекетіміз енді әшкереленбейді деп ойлайсыз ба?
БАЙЖАНОВ. Жоқ, әрине.
КЕРЕЕВ. Енді не істемек ойыңыз бар?
БАЙЖАНОВ. Бәлкім, қателікті дер кезінде мойындаған да дұрыс шығар…
КЕРЕЕВ. Бұл қателік емес, қылмыс.
БАЙЖАНОВ. Қылмысты да мойындай білу –адалдықтың белгісі.
КЕРЕЕВ. Одан не ұтасың?
БАЙЖАНОВ. Жазаң жеңілденбес, бірақ, арыңның алдында таза екеніңді іштей ұғасың. Ұтатының сол. Ол да оңай шаруа емес шығар-ау…
КЕРЕЕВ. Енді былай шықтым де. Түсінікті. Бірақ, қақпан менен гөрі саған жақынырақ, сол есіңде болсын. Мен енді ара түспеуім де мүмкін. Осы кезге шейін аз қолдаған жоқпын…
БАЙЖАНОВ. Мұның бәрін мені есіркегендіктен жасап келмеген боларсыз… (пауза) Сонан соң… қақпанға мен түссем… (олар бір-біріне қарайды). Сондықтан, ақтық деміңіз қалғанша мені қолдайсыз деп сенем, сізде басқа жол да жоқ. О-о, жол жоқ болғанда қандай!.. Сіз екеуміз туннельмен көп жүріп тастағанбыз (мырс етіп). Ол туннельде жалғыз мен ғана емес, басқа директорлардың да даусы естіліп қалған секілді еді…
КЕРЕЕВ (өзімен-өзі сөйлескендей). Иә-иә!.. Төбемізден қауырсындай салмақ түссе қақ бөліне салатын әлжуаз жаралған адам байғұс-ай, десеңші!..
БАЙЖАНОВ. Ойыма түссе бұл сөзді сізден бұрынырақ айтқан болар едім.
КЕРЕЕВ (әлі сол ойлы қалпында). Адам боп жаралған соң өзің ғана білуге тиісті ішкі сырың болмай тұрмайды, жақыным ғой деп біреуге айта қалсаң көзді ашып-жұмғанша жауырыныңнан жебе боп қадалғалы тұрғанын көресің. “Сенбе досқа тұрса да көзге мақтап” деп Абай айтады, “Қыз жау деген осы деп, қос қолымен Көбікті, жұлып отыр сақалды” деп “Қобыланды” жыры айтады, “қойныңдағы әйеліңе сенбе” деп халық мақалы айтады. Сонда кім қалды, кімге сенеміз? Ешкімге сенбей қалай тірлік етеміз? Қалай? Япырмау, ұры екеш ұры да, қарақшы екеш қарақшы да бір-біріне сеніп барып тіршілік етпей ме?
БАЙЖАНОВ. Пессимизмге салына бермеңіз. Әлсіздікті бастаған өзіңіз, енді кеп тұңғиыққа батып бара жатырсыз. Сөйте тұрып, “арашаға түспеймін” деп мені қорқытасыз.
КЕРЕЕВ. Шындығын айтсам, осы талқылау да сіздің айтуыңызбен ұйымдасып отырған шаруа. Осыған әу баста көнбейін-ақ деп едім…
Кереев Байжановқа жақындайды. Оның иығынан ұстап сілкілейді.
— Қой, Байжанов! Еңсеңді көтер! Бізге әлі ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Мың жерден қайта құру болса да барлық жерінде Адам істейді, адам! Ал адам бар жерде әлсіздік бар. Біз сол әлсіздікті тап басып таба білуіміз керек. (күліп) Ұқтың ба?
Байжанов зорлана жымиған болады.
— Ал, кеттік жиналысқа. Не болса да біз өз қорытындымызды тезірек шығарып қоюымыз керек. Сонан соң ол шешімді қайта бұзу да оңайға соға қоймас!

* * *
Колхоз клубы. Жиналыс қызу өтіп жатыр. Жанаев жиналысты басқарып тұр. Президиумда Тұрсынов пен Талипова.
ЖАНАЕВ. Жолдастар! Сын мен өзара сын деген, менімше, жеткілікті айтылып жатыр. Сіздерге бір нәрсені ескерте кеткім келеді. Саттаров арамызда жаманды-жақсылы сегіз жыл істеді. Сегіз жыл бойы қателікпен, бұрмалаушылықпен, сыбайластықпен айналыспаған шығар. Сын болған жақсы, бірақ, оны сәл жұмсартып, жақсы жақтарды да айта отырыңыздар (Саттаровқа бас изеп қояды).
Ортаға жұлқынып Тұрмабай шығады.
ЖАНАЕВ. Кайда, қайда? Сізге сөз берілген жоқ қой!
Осы кезде президиумға Кереев пен Байжанов көтеріледі.
БАЙЖАНОВ. Кешіккенімізге кешірім өтінеміз! Жұмыс бабы ғой (Кереевке) отырыңыз. Олар орындыққа жайғасады.
ТҰРМАБАЙ. Жолдастар! Мен көп сөйлейтін шешен емеспін. Бірақ аққа қара жағылып, ойлы азамат, іскер азамат, ары таза азамат нақақтан-нақақ күйіп бара жатқанда қалай сөйлемессің! Дәл осындай әдіспен, көпшіліктің қолымен бұдан да бұрын көп адамның түбіне жеткен жоқпыз ба? Неге сол таңдайымызға тимейді. Көпшілік дейсіздер, сол көпшілік деген кім? Қалай айдасаң солай қарай жүре беретін тобыр емес пе? Шуылдамаңыздар, сол тобырдың ішінде мен де бармын? Кейде мың адам жиылып бір адамның алдында дәрменсіз болатын кезіміз бар ма? Бар! Бүгінгі шығып сөйлеушілердің сөзін тыңдап отырып жердің жарығы болса кіріп-ақ кетуге бел байлап отырдым. Мен олардың сөзінің маған ұнамағандығынан немесе бұрынғы директорды қатты сынға алғандығымен емес, олардың принципсіздігінен ұялдым. Омарова, Елемесов, Мекебаев, Орманов тағы тағылар және сондай тағы басқалар! Күні кешеге дейін бәрің де Саттаров дегенде ішкен астарыңды жерге қойып, оған кір жуытпаушы едіңдер ғой. Оны сынау былай тұрсын, жөндеп мақтай алмадық деп бір-біріңмен ұрысатын дәл осы сендер емес пе едіңдер? Сынағыш болсаңдар бұдан екі жыл бұрын, бұдан бес жыл бұрын қайда қалдыңдар? Мен оны жақтайын, оны қорғайын деп отырған жоқпын, мәселе оны қорғауда да емес, мәселе мына бізде, (жүрегін көрсетіп) мына жерде емес пе, жолдастар-ау! Оны әлгі аталған жолдастар жарысып мақтап жатқанда, керісінше, мен едім ғой оны екі рет сынаған. Парасатты басшы орынды сынды әрқашан көтере біледі, тулап шыға келетіндер саяздар ғана. Ал, бүгінгі бастық періште ме? Оның қателігі жоқ па? Батыл екенсіздер, принципшіл екенсіздер сынаңыздар, кезінде айтыңыздар! Жоқ, айта алмайсыздар! Ал, ертең Байжанов қызметтен түссінші, тағы тұс-тұстан жамандап шыға келмексіңдер! “Құлан құдыққа құласа құлағына құрбақа ойнайды!” Басшы орнынан түскеннен кейін барып шулағанды қашан қоямыз? Байқап тұрсаңдар, бұл әдіс те әбден жауыр болған, жолдастар! Ақылды басшы мың жерден жағымпазданғанымен кімнің дос, кімнің қас екенін өзі іштей сезіп отырады.
(Баяу үнге көшіп) Мен әлгінде жиналыстың бірінші бөлімінде мүлде басқа нәрсе жайлы айтқым келіп еді, одан кейінгі кейбір топшылауларым мені ол сөзімнен айнуға мәжбүр етті. Мен ол жайлы Жанаев пен Байжанов жолдастардың өзіне оңаша айтуды жөн көрдім. Мәселе, Саттаровтың сейфінен табылған ақша туралы еді.
Жанаев селт ете түседі. Тұрмабай оған назар аударады да сөзін жалғастыра береді.
— Жанаев жолдас түсінді ғой деймін. Ақша сейфке біреулер арқылы салынғанын айтсам да жеткілікті шығар. Ақшаны сейфке өз қолымен салған адам қаладағы автовокзалда арақ ішіп төбелес шығарды деген айыппен қазір аудандық милицияда жатыр. Ол мені осында әдейі жіберді. Қалған егжей-тегжейін кейін білерсіздер.
Жұрт гулей бастайды.
Мен Саттаров жолдасты коммунистік партияның ең адал да сенімді мүшесі деп есептеймін!
Жұрт қол шапалақтайды.
Жанаевтың дегбірі кете бастайды.
ЖАНАЕВ (өзіне-өзі). Мұны кім шақырды? Бұл қалаға қашан барып жүр? Енді мұның не ойлағаны бар. Алдын алу керек, алдын! Бірақ, қалай?
Саттаровтан тілдей қағаз келеді. Жанаев Байжановқа. Саттаров бес минутқа сыртқа сұранады, барсын ба?
БАЙЖАНОВ. Кереевке сыбырлайды.
КЕРЕЕВ. Барсын. Бәлкім, жүрегі қысылып отырған шығар. Жанаевқа айт, жарыссөз доғарылып, қаулының жобасы оқылсын. Жанаев Саттаровқа “барыңыз, рұқсат” деп бас изейді.
Саттаров шығып кетеді.
ЖАНАЕВ (Байжановқа.) Қаулының жобасын кімге оқытамыз?
БАЙЖАНОВ. Соны әлі ойластырған жоқсың ба?
ЖАНАЕВ. Малдыбаев қайда құрып кетті?
БАЙЖАНОВ. Малдыбаевтан басқа адам құрып қалды ма? Оқыта сал біреуіне, қаулының жобасын бұрмалай алмайтын шығар. (Кереевке) Жобамен сіз таныстыңыз ғой?
КЕРЕЕВ. Иә. Оқи беруге болады. Тездетіңдер.
Байжанов Жанаевқа күбірлейді.
Жанаев орнынан тұрады.
ЖАНАЕВ. Жолдастар манадан бері он бір адам сөйледі. Жарыссөз тоқтатылсын деген ұсыныс түсті. Кімде қандай пікір бар?
ТАЛИПОВА. Жолдас председатель, сұрақ қоюға бола ма?
ЖАНАЕВ. Сұраңыз.
ТАЛИПОВА. Менің Омароваға қоятын сұрағым бар еді. Сұрақ емес-ау, өтініш.
ОМАРОВА. Мен дайынмын.
ТАЛИПОВА. Саттаровтың белгісіз бір әйелдерге жазған хатымен танысып шығуға бола ма?
ОМАРОВА. Тура қазір ме?
ТАЛИПОВА. Иә, тура қазір. Жеке адамның құпия хаттарымен қожайынның өзі жоқ кезде танысқанымыз ыңғайлы ғой деймін.
Омарова сумкасынан бір буда қағаз алып, Талиповаға әкеп береді де, қыр көрсеткендей тәкаппарлана басып барып орнына отырады. Талипова хаттарға ұзақ қарайды.
ТАЙМАН. Оу, осылай отыра береміз бе? Дауыстап оқысаңшы, біз де тыңдайық.
Талипова толқып орнынан тұрады.
ТАЛИПОВА. Жолдас… жолдастар-ау!.. Мынау деген масқара ғой!
ДАУЫСТАР. Не боп қалды тағы да?
ТАЛИПОВА. “Таңғажайып бұл қалай хат? Мағынасы алыс, сөзі жат…”
Татьянаның Онегинге жазған хаты ғой. Атақты Абай аудармасы. Ары қарай… “Сенің кірсіз ақ төсіңе, шыбын қонса қызғанамын!” Қандай ғажап жолдар! Ешқашан өлмейтін “Ләйлі-Мәжнүн” поэмасынан Мәжнүннің Ләйліге хаты! “Иығымда сіздің шаш. Сізде сымбат, бізде ықылас. Тар төсекте төсіңді, иіскер ме едім жалаңаш”. Абай өлеңдері. “Ажарың ашық екен атқан таңдай, нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай. Анаңнан сізді тапқан айналайын, күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай”. Бибігүл Төлегенованың қайталанбас орындауында айтылатын үкілі Ыбырайдың әні “Гауһартас”. (Ол орамалын алып, мұрнын ғамал етеді). Кешіріңіздер, сәл толқып кеттім. Өлең сөздің маржандары кісі жүрегін шымырлатпай қоя ма! Біздің мынау отырысымыз, мынадай жолдар… Қандай кереғар дүние!
ОМАРОВА. Бәсе, Саттаров қайдан ақын бола қалды деп едім-ау, өткен-кеткен ақындардан ұятына қарамай ұрлап сүйіктілеріне жібермек болған екен ғой.
ТАЛИПОВА. Олай деп ойласаңыз өз ұятыңыз білсін! Ал мына хаттар, тағы да белгілі романдар мен повестерден алынған үзінділер. Оны оқудың қажеті болмас, солай ма?
ДАУЫСТАР. — Қажеті жоқ, түсінікті болды!
— Япыр-ай, бұл не деген сұмдық!
ТАЛИПОВА. Сұмдық өз алдына, мені түңілдіріп тұрған нәрсе мүлдем басқа, жолдастар! Саттаровқа күйе жағылар, немесе ақталып шығар, бір адамға тіреліп тұрған ештеңе жоқ, бірақ дүниенің тұтқасын ұстағандай шіреніп жүрген интеллигенциямыздың рухани сауатсыздығы, өз халқының әдебиетінен мүлде бейхабарлығы жаныңды жасытпай қайтеді. Осындай… осындай адамдар да… партбюроға мүше боп жүр-ау! Мен… болдым… Кешіріңіздер!
Талипова сөзінің соңын әрең айтып орнына отырады.
ТҰРМАБАЙ. Сіздерді қайдам, менің Саттаровқа жаным ашып отыр.
ТАЛИПОВА. Неге?
ТҰРМАБАЙ. Жауының бәрі тым әлсіз екен.
ТАЛИПОВА. Жо-оқ, бұларды әлсіз десеңіз қателесесіз. Өйткені бұлар тек Саттаровтың ғана емес, бүкіл мәдениеттің жауы…
Ол тағы толқып, даусы дірілдеп кетеді.
ОМАРОВА. Әдебиетті білмегендігі үшін ешкімді ешкім жазғырмайды, сондықтан мен одан қысылмаймын. Ол президиумда отырып жылағаннан ерсі емес шығар. Мұндайды көрсем көзім желкемнен шықсын!
БАЙЖАНОВ. Оу, Саттаров қайда жүр?
ЖАНАЕВ. (сағатына қарап) Бес емес, он минут болды, әлі жоқ.
КЕРЕЕВ. Басыну ғой бұл! Бұдан артық басыну болмас!
ЖАНАЕВ (Талиповаға). Протоколға түсіріп қойыңыз!
ТҰРСЫНОВ (Кереевке қарап). Бізді сыйламаса да сізді сыйлауы керек еді ғой. Осыдан-ақ оның кім екені көрініп тұрған жоқ па?
ТАЛИПОВА. Бәлкім, ол бір жерде құлап қалған шығар.
БАЙЖАНОВ (Тұрсыновқа). Сіз қарап келіңізші. Шынымен бірнәрсеге ұрынып бәлесіне қап жүрерміз.
Тұрсынов шығып кетеді. Жұрт абыр-сабыр боп, гуілдесе бастайды. Осындай аласапыран кезді пайдаланып Жанаев Омарованы шеткері алып шығады.
ЖАНАЕВ. Әлгінде Есеновтің сөзін естідің ғой?
ОМАРОВА. Сонда не демексің?
ЖАНАЕВ. Істің алдын алу керек.
ОМАРОВА. Қалай?
ЖАНАЕВ. Есеновпен сөйлесетін адам табыңдар. Бүгіннен қалдырмай.
ОМАРОВА. Сонда оған не дейміз?
ЖАНАЕВ. Сұрағанын беру керек. Тек аузына сақ боп, енді су тезектей бықсымайтын болсын.
ОМАРОВА. Байжанов біле ме?
ЖАНАЕВ. Бұл Байжановтан шыққан сөз. Жиналыстан соң Есенов тұратын бөлімшеге баратын бол. Оны машинамен ала кетесің де, жол-жөнекей сөйлесесіңдер. Тек аса сақ болғайсыңдар, қызып тұрған кезінде шарт кетпесін.
ОМАРОВА. Көрейік… Бірақ, одан ештеңе шыға қоймайды-ау!..
Тұрсынов кіреді.
ТҰРСЫНОВ. Саттаров бұл маңайда жоқ!
КЕРЕЕВ. Не дейді? Сонда қайда кетпек?
БАЙЖАНОВ. Жиналысты да ойламай қалаған жағына кете бергені ме?
ОМАРОВА. Мадам Баттерфляйының үйіне кеткен шығар!..
ТҰРСЫНОВ. Партжиналыстың кезінде ме?
КЕРЕЕВ. Бұл ғажап-ап! Бастан кешіріп отырған оқиғамыз біздің ғасырда ең бірінші және соңғы рет шығар!..
БАЙЖАНОВ (Тұрсыновқа). Хабарласып көріңдерші. Кім еді әлгі… Баттерфляйдың үйіне.
ЖАНАЕВ. Айтпақшы, ол бағана жиналыста отыр еді ғой.
ТАЛИПОВА. Өзі туралы айтыла бастағанда жылап кетіп қалған.
ЖАНАЕВ. Япырмай, енді қайтеміз, біреуіміз барып келеміз бе?
БАЙЖАНОВ. Бүкіл совхозды дүрліктірген күн болды-ау мынау. Барып жүресіңдер ме, телефон соғып көрсеңдерші.
ТҰРСЫНОВ. Оның үйінде телефон жоқ.
БАЙЖАНОВ. Маңында телефоны бар кім тұрушы еді?
ТАЛИПОВА. Менің үйім жақын. Қазір, мен үймен хабарласып көрейін. (Ол бұрыштағы қосымша телефонға барады. Тез-тез үш цифрды тереді).
— Алло! Алмуша! Ана Бике апайдың үйінде кім бар екен барып біліп келе қойшы, тез! Ешкім жоқ? Қайда кеткен? Немене? Қашан? Бір сағат бұрын? Біржола көшіп кетті? Саған дәл солай деп айтты ма? Жылап қоштасты? Кімнің машинасымен? Айтпады ма қайда кеткенін! Неме-не? Фику… а, фикустарын саған сыйлап кетті ме? Жақсы, жақсы. Жарайды, қапаланба!..
Талипова үдірейіп отырған президиум мүшелеріне жақындайды.
— Бике апай бір сағат бұрын көшіп кетіпті…
БАЙЖАНОВ. Қайда?
ТАЛИПОВА. Белгісіз жаққа!.. Белгісіз бір машина келіпті, ол отырыпты да жүре беріпті. Жылап кетті дейді.
Бәрі үнсіз.
ОМАРОВА. Кетпесе қарасы батсын! Саттаровтың түбіне жеткен сол! (Есіне кенет әлдене түсіп) Айтпақшы, ол екеуі бірге кеткен шығар!..
БАЙЖАНОВ. Бәлкім. Өз басым роддомға бүгін еркектер де түсіп жатыр екен десе, оған түк те таңқалмаймын.
КЕРЕЕВ. Жиналыс өтіп жатады, жұрт емін-еркін кіріп-шығып жатады, ал кейбіреулер жиналыс үстінде көшіп кетіп те жатады! Бұл күнді мен о, дүниеде де ұмытпайтын шығармын, сірә!
ТҰРСЫНОВ. Сонда ол дүниелеріне де қарамағаны ма?
ТАЛИПОВА. Дүние дейтіндей не бар еді онда. Қызы тұрмысқа шығып, баласы авариядан қайтыс болған соң, ештеңе де жинамады ғой. Көп ұзамай бір жерден хабары шығар.
КЕРЕЕВ. Бірақ ол ертең ғой. Бізге бүгін керек, бүгін…
Залда қобалжу басталады.
ТАЙМАН. Ау, жиналыстарың не боп кетті бұл?
ЖАНАЕВ. Ақсақал, көріп отырған жоқсыз ба, талқылап отырған адамымыз қашып кетті.
ДАУЫСТАР. – Не дейді құдай-ау!..
— Қашып кеткені несі?..
— Енді осылай шуылдап отыра береміз бе?
Залға бейтаныс жігіт асығыс кіріп келеді.
БЕЙТАНЫС. Жоқ, ол қашып кеткен жоқ, керісінше, мен қашып келдім! Аудандық милициядан. Бір қылмыс екінші қылмысқа итермелейді. Маған жабылған жаланы дәлелдеу үшін бір күн жетпейтін болды. Сонан соң қашып шығып, заңды өрескел бұзуға мәжбүр болдым. Олай етпеске амалым қалмады. Бірақ, мен жаңа аудандық милицияға қайда қашып кеткенімді айтып телеграмма соқтым. Мен — көрші совхоздағы жай жұмысшымын. Өмірде жолым болыңқырамай, біраз қиындықтар көріп жүргенім рас еді. Сол кезде (Жанаевқа қарап) осы кісіні кезіктірдім. Бұрыннан білетінмін, көріп жүргем. Сыйлайтынмын да. Ашығын айтайын, өздеріңізге белгілі қаулыға дейін болатын, ащы судан ұрттаңқырап жүрген кезім еді. Кешкілік дүкеннің алдында әндетіп жүргем. Қасымда жолдасым бар. Есенов деген, қазір сіздерде істейді. Ол мені үйге алып кетуге келген. Мен оған көнбей тұрған кезімде осы кісі қасымызға машинамен кеп тоқтады. “Жігіт, бері келші”, – деді. Келдім. “Әнді жақсы айтады екенсің, біздің ауылда той бар, соған барып қайтуға қалайсың?” деді. Мен айттым, “Есенов деген досым бар, ала кетейік” дедім. “Оны қайтесің, өзің жүр” деді. Жүрдік те кеттік. Той деген соң іздегенге сұраған, қуанып келем. Бір кезде “түс” деді, мен түстім. Жан-жағыма қарасам той түгілі сайтан да жоқ. “Той осында өте ме?” дедім. “Сәл шыдай тұр, — деді ол. Алдымен мен кеңсеге кіріп, бір қағаздарымды алып шығайын” деді. Мен машинада қалдым. Сәлден соң ол қайта шықты да, қолыма ораулы қағаз ұстатты. “Қап, есімнен шығып кетіпті, сен барып анау шам жанып тұрған кабинеттің сейфіне мынаны апарып сал да тез қайтып келе қойшы” деді. Мен солай істедім де, қайтып келдім. Енді тойға баратын шығармыз десем, ол кісі. “Сен ішіп апсың, ұят болатын түрі бар, оның есесіне сыбағаңды өзім берейін”, деп қолыма жүз сом ұстатты. Біреу жүз сом беріп тұрғанда тойды қайтем, шу деп баяғы досымның үйіне тарттым. Осыдан төрт күн бұрын үйде жатыр едім, әрине, денім сау, екі милиция кіріп келді де “пәленшеев сізсіз бе?» – деді. “Иә” дедім. “Сіз кеше қалалық автовокзалда мас боп төбелесіпсіз” деп дедектетіп алды да кетті. Содан жатырмын. Кеше жолдасым кеп бүгінгі болатын жиналысты айтқанда, бұл оқиғалардың терең мәніне сонда барып түсіндім. Саттаровтың сейфінен табылған ақшаның сыры осы. Мен соны айту үшін келдім. Жұрт гуілдей бастайды.
ЖАНАЕВ. Жаса! Жаса! Қайдағы бір ешқашан айықпайтын ежелгі маскүнемнің сөзіне құлақ аспаңдар! Бұл Саттаровтың әдейі жіберіп отырған жансызы, әйтпесе мен бұл жігітті танымаймын да, ешқашан көрген де емеспін! Оның үстіне қалаған адам кеп сөйлей беретін бұл ашық сот емес, партия жиналысы ғой, жолдастар! (қалшылдап). Қайда әлгі біздің участковый? Шақырыңдар, алып кетсін мынандай қаңғыбасты!
БЕЙТАНЫС. Мен қаңғыбас емеспін, мен қазір қаладағы депоның жұмыскерімін!
Сиренаның даусы естіледі.
— (Күліп) Әне, өзім телеграмма беріп шақырған қожайындарым да кеп қалды.
Залға екі милиция кіріп келеді.
— Мен мұндамын, мұндамын. Трибуна жақта тұрмын. Милициялар оның қолына шап береді.
— Менің қолымды неге қайырасыздар? Қашып (қиналып)…
Қашып кеткім келсе хабар… (ах) хабар бермес едім ғой. Өзім… өзім-ақ жүрем. “Аса қауіпті қылмыскерді қашып бара жатқан жерінен ұстап әкелдім” деп мақтанбақсың-ау!.. (Есіктен шығып бара жатып Жанаевқа). Бастық жолдас, тойға баруға тағы да уақытым болмай барады. Кешірерсіз. Көп ұзамай біздің ауылда да той боп қалар. Бірақ, қызып келмеңіз, сау болыңыз!
Оны алып шығып кетеді.
Сирена.
КЕРЕЕВ. Жолдас Жанаев, қаулыны оқыңыз! Тез!
ЖАНАЕВ (өзіне-өзі келе алмай). Жолдастар! Бүгінгі жиналысымызды күтпеген оқиғалар ұзаққа созып жіберді. Осымен жарыссөз бітті. Енді жиналыс қаулысының жобасын оқу үшін!
Малдыбаев кіріп келеді. Жанаев мүдіріп қалады. Малдыбаев Кереевке асығыс жақындайды. Бұдан әрі не істерін білмей Жанаев ыңғайсыз жағдайда тұрып қалады.
МАЛДЫБАЕВ. Сізді аудан шақыртып жатыр. Тез жетсін деді.
КЕРЕЕВ. Кім айтты?
МАЛДЫБАЕВ. Бірінші хатшының қабылдау бөлмесінен. Кешке мәжіліс бар көрінеді.
КЕРЕЕВ. Біріншінің өзі бола ма екен?
МАЛДЫБАЕВ. Ол жағын білмедім.
БАЙЖАНОВ. Хатшының кім екенін сұрамадың ба?
МАЛДЫБАЕВ. Батылым бармады.
ЖАНАЕВ (әлі де не істерін білмей)…. Қаулының жобасын оқу үшін… Оқу үшін…
КЕРЕЕВ. (өзгелерге есіттірмей). Жанаев жолдас. (Жанаев оған еңкейеді), қаулының жобасын оқуды кейінге қалдыра тұрыңыз.
ЖАНАЕВ (ол да сыбырлап). Кейін болғанда қашанға?
КЕРЕЕВ. Бәлкім кешке, бәлкім ертең. Төтенше жағдай деп хабарлаңыз. Уақытын қосымша айтамыз.
Жанаев бойын тіктеп, “тынышталыңдар” дегендей залға қарап қолын көтереді.
ЖАНАЕВ. Жолдастар!.. Сәл сабыр етіңіздер! Біздің бүгінгі жиналысымызды ойдағыдай аяқтауға кейбір төтенше жағдайлардың кесір келтіріп жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Дәл біздің мәжілісіміз болатын күнге көптеген оқиғалар тап келіп жатыр. Малдыбаев жолдас қазір ғана ауданмен сөйлесіп келді. Біз білмейтін күтпеген жағдайға байланысты қаулының жобасын оқуды (Кереевке қарап қойып)…. ертеңге дейін қалдыра тұрсақ па деген ұсыныс жасалынып отыр.
ДАУЫС. Сонда не, бір тәулікке үзіліс жариялаймыз ба?
— Байжанов пен Кереев неге сөйлемейді? Біз солардың пікірін білгіміз келеді!
ЖАНАЕВ. Ол кісілер жиналыс соңында сөйлеу керек еді, көріп отырсыздар, төтенше жағдай тап болды. Саттаровтан бір дерек шықпайынша жиналысты жалғастырудың орны жоқ. (Кереев “тез” дегендей белгі береді). Сонымен, жиналыс бүгінгі жұмысын аяқтады. Ертеңге дейін үзіліс! Уақытын қосымша хабарлаймыз!
Жұрт гу-гу боп тараса бастағанда дәл президиум отырған сахнаның екі жағындағы кино қондырғының дыбыс аппараты “ғыж” ете түседі де “тыңдаңыздар!” деген дауыс естіледі.
Зал да, президиум да тұрған-тұрған жерлерінде қатып қалады.
РЕПРОДУКТОР. Саттаровтың пленкаға жазып алынған хатын тыңдаңыздар.
ЖАНАЕВ. Бұл не сұмдық! (жоғары қарап). Ей, киномеханик! Құрт мынаның көзін!
Ол шыдай алмай орындық қойып, тесіктен сығалайды.
— Өшір деймін тез, есітіп тұрсың ба?
Ешкім жауап бермеген соң ол қайта түседі.
— Адам жоқ, қап-қараңғы. Ішінде сайтан отырмаса кім болмақ? (Малдыбаевқа) Бар, біліп келіңдерші!
САТТАРОВ. Бүгін — төтенше оқиғалар күні, аяғына шейін болмады, бізді сыйламады деп мені айыптап жатқандарыңызды жақсы білем. Ол үшін бәріңіздің алдыңызда мың мәртебе бас иіп кешірім сұраймын. Бәрі де түсінікті болған соң аяғына шейін несіне отырам. Демек, мен өмір бойы қателесіп келген екем, мынауың дұрыс емес деп айтатын бір досым болмапты. Дос, пікірлес деп сенген адамдарым келесі бір талқыға түскенге шейін екен. Өміріне ауадай қажетті жақсы адамдарды жаныма жинай алмаған екенмін, оларды қалай және қайдан іздерсің. Менің бар айыбым — адамзат тарихында бұрын болып көрмеген жарты ғасырлық бейбіт заманда ел тұрмысын қайтсем жақсартам деп тыным таппай тырбанғанымда шығар. Баршаға шамам жетпес, бір ауылдан бастап көрейін, өзгелер үлгі алар деп едім. Осы ойдың құшағында жиырма бес жыл өмір сүріппін. Жиырма бес жыл бойы осы ниетім үшін күресіп, жиырма бес жыл бойы жиналыстарда талқыланып келеді екем. Мен шаршадым. Осы жолда қателескен де шығармын. Үлкен ғимарат салынып жатқанда оның бір кірпіші жарық екен деп бар еңбекке күйе жағу әділет пе? Ауылдастарымның мен туралы, менің өзім білмейтін қателіктерім мен қылмыстарымды күйіне айтқандарына бір жағынан қуаныштымын. Бұл да уақыт талабы. Бірақ, келесі жолы олардың әділ болғанын ғана қалар едім. Ал, Бикені босқа жазғырмаңыздар. Ол үлкен достықтың адамы, оны мен қашан болмасын, қандай жағдайда болмасын қасымнан алыстатпаймын. Егер жиналыстың аяғына шейін болсам, бүкіл тіршілігім мен сіздерге деген ақ ниетіме қара сызық түскелі тұр, сондықтан, сіздермен қоштасудың осындай түрін ойлап таптым. Бар өкінішім — ойлаған ойларымның оннан бір бөлігін де жүзеге асыра алмағаным болды. Қиын екен, мүмкін емес екен. Айтыспен, тартыспен өткен осы жиырма бес жыл ішінде талай кабинеттерде болдым, оларға керегі алып ұшқан ақыл иесі емес, аяғын аңдып қана басатын, өзінің емес, өзгенің ойымен ғана тіршілік ететін бұрандалы адамдар екен. Сіздерден өтінерім — қазіргідей үлкен өзгеріс кезінде өздеріңізді алға жетелейтін лайықты жетекшіні таңдай біліңіздер, қарғалар– бұлбұл, мәстектер– тұлпар, түлкілер –арыстан боп кетіп жүрмесін.
Өз қателігіміз бен кемшіліктерімізді мойындау үшін, бізде бір орын толмас олқылықтар бола алатынын ашық айту үшін бізге жиырма жеті съезд керек болды, 70 жылдық жаңа өмір қажет болды. Бәріміз өсірген бәйтерек кесел атаулыдан арылып келеді. Енді оған құрт түспеуін бәріңіз қадағалаңыздар. Бәріңіз, бәріңіз, бәріңіз!”
Кереев, Байжанов, Жанаев, Малдыбаев және Тұрсынов үрейден бір уыс боп алақандай жерде сығылысып тұр. Талипова олардан оқшаулау, залға жақындау жерде қимылсыз қалған. Ол бұл оқиғаларды іштей қуана қарсы алатын сияқты. Ал, Кереевтер тобы залға, яғни, ертеңгі қүнге мүлдем сенімсіз. Ертеңгі күн оларға апат әкеле жатқандай.
МАЛДЫБАЕВ. Біз… біз елсіз аралда қалған сияқтымыз. Жан-жағымыздан су қаптап келеді, жолдастар (үрейлі дауыспен)\ Иә су қаптап келеді, су! (Кейін шегініп). Қаптап келеді!.. Қаптап келеді, қазір бұл аралды су басады!.. Жо-жоқ! Мен бұлардың ішінде емеспін, мен бұларға қосылмаймын! Жоқ! Жоқ!
Халық сахнаға жақындай береді.
Фонограммадан теңіз толқынының дауылды гулі естіліп, күшейе түседі.

Соңы