ЕРТЕҢДІ КҮТУ

ҚАТЫСУШЫЛАР: 

Тағай — институт директоры

Алтын — әйелі

Радик — ұлдары, студент

Милиция капитаны

Ақ бас шал

Кісі

Жанна

Жігіт

Егде кісі

Кемпір

Хатшы қыз

Қыдырып жүрген жастар 

БІРІНШІ  АКТ

 Институт директорының кең бөлмесі. Бөлменің іші қазіргі үлгімен әсем жиһаздалған. Үстінде үйге киетін жұмсақ  паралон халаты бар директор бөлме ішінде әрлі-берлі жүр. Бөлменің оң жақ бұрышындағы буфетке сүйеніп баласы — медицина институтыньщ студенті тұр. Әкесі әлденеге қапалы.

ТАҒАЙ. Сен барып тұрған ақымақсың!

РАДИК. Оныңыз рас.

ТАҒАЙ. Не-ме-не?! Расы қалай?

РАДИК. Рас болмаса, неменесіне айтып тұрсыз?

ТАҒАЙ. Сен менімен қалай-қалай сөйлесесің! ? Мен сенің әкеңмін!

РАДИК. Оныңыз да рас болуы мүмкін.

ТАҒАЙ. Сен… сен… не айтып тұрғаныңды білемісің? Бетімен кеткен не деген жүгенсіздік бұл! ?

РАДИК. Бала — асау тай, әке — атбегі, тәрбие — жүген. Демек, атбегі нашар, жүген жоқ, тек асау тай ғана болған.

ТАҒАЙ. Сен адам болмассың. Ойлашы, қазір жасың жиырма бірде, төртінші курстың студентісің. Ақыл тоқтатар кезің болды. Сен туғанда мен жиырма бірде болғанмын, яғни әке болғам.

РАДИК. Перзент дүниеге келгенде жасы жиырма бірдегі адамға әке деген атақ әперу үшін емес, биологияның заңы бойынша келеді. Қайдан білесіз, бәлкім, осы тұрысыммен менде де әке деген атақ бар шығар.

ТАҒАЙ. Сенен туған бала да оңбас!

РАДИК. Оңбаса да студент болар, әйтеуір. Немереңізді бір оқуға түсіресіз ғой.

ТАҒАЙ. Не болып барады бұл дүние! Әкесі мен баласы бұлай сөйлеседі деп кім ойлаған!

РАДИК. Өмір әрқашан да адамның ойламаған жағынан келеді.

ТАҒАЙ. Ақы-мақ!

РАДИК. Оныңыз рас дедім ғой. Ғылым кандидаты болғалы жүргенім де сондықтан шығар.

ТАҒАЙ. Радик! Құдай үшін, менімен бұлай сөйлесуіңді қойшы.

РАДИК. Өзгемен мен ашық сөйлесе алмаймын. Егер мен сіздің балаңыз болмасам, сіз Ғылым академиясының мүше-корреспоңденті, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, медицина ғылымының докторы, онкология институтының директоры боп шыға келер едіңіз. Онда әлгіндей сөйлемек түгіл, мына үйіңізге де кіре алмаған болар едім. Сіздің жиырма жаста үйленіп, жиырма бір жасыңызда перзент сүйгеніңіз қандай бақыт, қандай қуаныш!_

ТАҒАЙ. Радик! Тоқтат енді!

РАДИК. Сіз маған дауыс көтермеңіз. Біле білсеңіз, сіз де маған борыштысыз.

ТАҒАЙ. Қалай?

РАДИК. Жиырма бір жасыңызда мен сізге Әке деген атақ әпергем! Ол да оңай өтелер парыз емес. Өз бетіңізше он рет, жүз рет лауреат бола аласыз, бірақ мен болмасам, әке атала алмас едіңіз ғой. Осыны түсінесіз бе?

ТАҒАЙ (ұлының жанына кеп маңдайынан сипайды). Ақылды тентегім менің! Әрине! Өмірдегі жұбанышым да, қызығым да, бақытым да, барым да — сенсің. Сенің алдыңда мен өле-өлгенше борыштымын.

РАДИК. Қазақтың сентименталдық ауруы тағы қозды ма…

ТАҒАЙ (мырс етіп). Саған еш нәрсе ұнамас бұл жалғанда. Жалпы қазақта нең бар, өзімізді-ақ айта бермейсің бе?

РАДИК. Халық пен жеке адам бір категория. Қай нәрсеге болмасын екеуі бірдей жауапты. Халқы үшін данышпан қалай жауап берсе, ақымақ та солай жауапты, немесе керісінше, данышпаны мен ақымағына да халқы жауапты. Мен ол екеуін ешқашан бөліп қарамаймын.

ТАҒАЙ. Қай нәрсеге болса да, сөздерің дайын тұрады, әйтеуір. Осының бәрін қайдан біліп аласыңдар?

РАДИК. Анамның ішінде тоғыз ай босқа жатқанда кітап оқымай не бітірді дейсіз.

ТАҒАЙ. Доғар былшылыңды! Сендерде қасиет тұтар киелі ұғым деген бола ма! ? Құранды теуіп, сыпыраны аттап кете беретін қасиетсіздер, түге!

РАДИК. Бәрі де тәрбиеден…

ТАҒАЙ. Уһ, сен мені ажалымнан бұрын өлтіретін шығарсың!.. Бір әкенің он ұлы бар, оны он басқа, соның бәріне он түрлі тәрбие берді дейсің бе?

РАДИК. Немесе сүйекте болғаны. Атадан қалған қасиет.

ТАҒАЙ. Жоқ! Тоқшылықтан! Сендер мастанып кеттіңдер, бар мен жоқтың қадірін ұмыттыңдар. Ата-ананың табысы, есер музыка, саяси анекдот, қала берді, шарап! Құдайларыңды осылар ұмыттырып барады.

РАДИК. Тағы біреуін тастап кеттіңіз. Әдемі қыз!

ТАҒАЙ. Иә, әдемі қыз! Тіл мен жаққа сүйенген зар жақтар!

РАДИК. Несі бар. Сіздер біздің жарқын болашағымыз үшін күрестіңіздер, қан төктіңіздер. Әкелердің ізгі арманы мен тәтті үмітін ақтамасақ бізге ұят емес пе?

ТАҒАЙ. Істің адамы аз сөйлер болар еді, сендер көп сөйлеуге құмарсыңдар, содан қорқамын. Болды, болды! Сөзден сөз тудырып, арзан тапқырлыққа тағы бастағалы келесің ғой. Кешке үйге қонақтар келеді, менің тынығып алуым керек. Радик, құдай үшін, олардың алдында мұндай сөздеріңді айта көрме. Көргенсіз екен деп күліп кетеді. Келістік пе?

РАДИК. Ол қандай қонақтар?

ТАҒАЙ. Үкімет адамдары, академиктер, ғалымдар.

РАДИК. Сол адамдардың тізімін беріңізші.

ТАҒАЙ. Оны қайтпексің?

РАДИК. Дастарқан басында айтатын сөздерін жазып қояйын, кейін салыстырып көрейін деп едім. Сексен процент сәйкес шықпаса, ит боп үріп кетейін. Сонда, қалған жиырма процентке бола солардың бәрін жинамақсыз ба?

ТАҒАЙ. Радик, шаршатпашы. Мен ертеңге де керек адаммын.

РАДИК. Олар не үшін жиналады? Ә-ә… Енді есіме түсті. Студенттер мен мұғалімдер мені де құттықтаған. Құттықтамаған жалғыз мен екем. Аса құрметті папа! Кешіріңіз, аса құрметті Тағай Дайырович! Онкология саласында жазылған еңбегіңіздің СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғаны туралы орталық газеттердің хабарымен сізді шын көңілден құттықтаймын. Олимпиадада жеңімпаз атану шарт емес, оған қатысу шарт. Сізге жеңіс тілеймін! (Келіп бетінен сүйеді).

ТАҒАЙ. Болды, сенің құттықтағаның да бар болсын. Маған тигізген пайдаң сол — мазамды алмашы.

Үйге анасы кіреді.

АЛТЫН. О, екеуің де үйде екенсіңдер ғой.

РАДИК. Мен қазір сабаққа қайтадан кетем, ал бұл кісі кешке қонақтарды қарсы алу үшін тынығып алуға келіпті. Үкіметтің есебінен.

АЛТЫН. Осы қырсық мінезіңді қашан қоясың, Радик? Әкесіне қарап адам осылай сөйлей ме екен?

РАДИК. О-о! Демек, менің әкемнің, былайша айтқанда, күйеуіңіздің, жағында екендігіңіз бірден белгілі болды. Бірақ, ол кісі екеуміз келіссөзді сізге шейін-ақ аяқтап тастағанбыз. Келіссөз өзара толық түсініскен жағдайда, жылы шырайда өтті. Енді басқа, үшінші платформаның араласуы мүлде қажетсіз. Иә, өзіңіз қай сапардан оралдыңыз?

АЛТЫН. Радик, құттықтауыңа болады, ұлым! Сенің мамаң жақында филология ғылымдарының кандидаты деген атақ алады. Бүгін минимум тапсырып келдім!

РАДИК. Қалай? Сіз тарих факультетін бітірдім деп жүрген жоқ па едіңіз? Филологияда неғып адасып жүрсіз?

АЛТЫН (күліп). Солай боп шықты. Әдебиет пен тарих бір-біріне туыс ғылым ғой.

РАДИК. Пап! Біздің мамамыз неткен жан-жақты еді! Филология мен тарих мұхитында еркін жүзе береді. Бұл кісіге жүзуді үйретіп жүрген сіз ғой деймін.

ТАҒАЙ. Сенің онда шаруаң болмасын. Өз жөніңді біл.

РАДИК. Мама, айтыңызшы, қандай тақырыпта қорғағалы жүрсіз?

АЛТЫН.    ” 19-ғасырдағы   қазақ ақындарының творчествосындағы демократиялық көзқарастар”.

РАДИК. Ха-ха-ха!..

АЛТЫН (қосарлана). Есің дұрыс па, не болды саған?

РАДИК. Мама, ұялсаңыздаршы. 19-ғасырдағы қазақ ақындарының творчествосы түгіл, қазақта ақын болды ма, болмады ма, одан мүлде хабарыңыз жоқ еді ғой. Сіз іштен орысша сөйлеп тудыңыз, орысша оқыдыңыз, тіпті жөтелгеніңіздің өзі қазақшаға ұқсамайтын. Енді келіп… “19-ғасырдағы қазақ ақындарының творчествосындағы демократиялық көзқарас”. Ха-ха-ха! Одан да, Владимир Монамахтың ғақлиялары сізге әлдеқайда жақын емес пе, содан қорғаңыз.

АЛТЫН. Радик-ай, әке-шешеңнен басқа айтысар адам қалмады ма?

РАДИК. Өйткені, өзгелердің өміріне араласуға хақым жоқ.

АЛТЫН. “Жақыным да — жауым, жауым да — жақыным” ғой?

РАДИК. Бұл мақалды да бәрібір сіз кейіннен үйренгенсіз. “Ақылмен ойлап тапқан ой, дарымас бойға, сырғанар”. Кімнің өлеңі? (Олар жауап бере алмайды).

РАДИК. Бүгінгі қазақ интеллигенциясы! Бірі — доктор, бірі — кандидаттыққа кандидат! Медицина және филология. Екеуі жиылып, Абайды білмейтін боп шықты. “Ұл ер жетсе — әке болады, қыз бой жетсе — ана болады”. Тарих бой жетсе — филология болады. Қайран тарих, қайран филология!

АЛТЫН. Радик, тоқтат есуастығыңды! “Қарғайын десем— жалғызым, қарғамайын десем — жалмауызым”. Ес білгелі әке-шешеңмен ғана айтысып, күн кешіп келесің. Мінезі шығар дейін десең, күннен-күнге қыжылың ауыр, тілің ащы боп барады, жас дейін десең…

РАДИК. Иә, менің жасымда сіздің күйеуіңіз әке болған.

АЛТЫН. Уһ! Қайтерсің, амал қанша! Ал, құрысын, адыра қалсын бәрі де! Сонда сенің көңілің тына ма? Сонда сенің бізге деген қыжылың қайта ма?

РАДИК. Жоқ, қайтпайды! Мен сіздер сияқты бас қамын ойлағандарды жиі кездестірем. Бәріңіз бір-біріңізден аумайсыздар. Білмегенін айтсаң — нақұрыс көрінесің, білімсіздігін айтсаң — қас боласың. Бәрің де өтірікті жақсы көресіңдер! Айтыңдаршы, кәне, дәл қазір екеуің де мені жек көріп тұрғандарың рас қой. Иә, рас! Өйткені, мен шындықты, батар күн, атар таңдай шындықты айттым. Тек шындықты! Жалғандыққа төзе алмадым, бұйырмағанды, маңдайға жазбағанды алып отырсыңдар, мен соны айттым. Егер. “Кандидаттығың құтты болсын, мамочка!” — деп мойныңа асылсам, сөз жоқ, ақылды бала болар едім. Мен өйте алмадым, сондықтан мені сүймейсіңдер. Егер екеулеріңнің бауыр еті — балаларың болмасам, күнімнің қалай болары белгісіз. Менің бір досым бар. Өткен жылы мединститутты бітірді. Білім дәрежесі мен парасат тереңдігі жағынан, ақылы мен ұстамдылығы жағынан көп ғалымдардан асып түседі. Оңаша қалса, оның бұл қасиетін олар да мойындайды. Бірақ, сол жігіт жақында қызметтен босатылды. Орнына кім келді дейсіз ғой? Екі сөздің басын құрай алмайтын, ақ пен қараны үңіле қарап әрең ажырататын адам. Егер. “Мына кісі аштан өліп бара жатыр, тамақ берсек қайтеді?” — деген сауалмен бара қалсаңыз, сөз жоқ, “Ойланып көрейік”, — деп жауап беретін, өз білгені, өз ойы жоқ кісі. Неге? Папа, айтыңызшы, неге? Бұл жағдайды сіз де білесіз, бәрі біледі. “Обал болған екен”, — деп жүргендер де бар. Бірақ, тек сөз жүзінде ғана!

ТАҒАЙ. Қазір ол жігіт қайда?

РАДИК. Оны қайтпексіз? Шақыртып алып қызметке  орналастырмақсыз ба? Жоқ! Ол мұндай ұсақ қамқорлықтан өзін биік санайды. Ол ашуланған жоқ, сіз ойлағандай, үйіне келіп “аһ” ұрып, бетін қабырғаға беріп жатпады да.

ТАҒАЙ. Енді не істеді? Сыра ішкен шығарсыңдар.

РАДИК. Жоқ, ішек-сілесі қатып бір сағат бойы күлді. Мен де күлдім.

АЛТЫН. Сен де ме?

РАДИК. Иә. Несі бар? Шынында да күлкілі жәйт емес пе?

ТАҒАЙ. Қайран жастық-ай! Осылай албырт болмаса жараса ма?!

РАДИК. Бұл албырттық емес.

ТАҒАЙ. Енді не? Әулиелік пе?

РАДИК. Оның не екенін өзіңіз де біліп тұрсыз. Ол — ажуа. Қара бастың қамын ойлайтын бейшараларды аяу!

ТАҒАЙ. Бәлкім, оның ішінде мен де бар шығармын. Әлгі әумесеріңмен қарқылдап отырып, менің де атымды атаған шығарсың?

РАДИК. Ол да мүмкін. Бірақ, біз ондай ұсақтыққа баруды өзімізге ар санадық!

ТАҒАЙ (дірілдеп). Жоғалт көзіңді! Жоғалт!

АЛТЫН. Радик! Неткен қатыгезсің! Сабағыңа барып келші.

ТАҒАЙ. Егер адам баласы құдайдан бала сұрап, оны түн ұйқысын төрт бөліп өсіргенде, есітер сөзі осындай боларын білсе, әй қайдам, көбісі перзенттен бас тартатын шығар.

РАДИК. Сіздер мені әулиеге түнеп жүріп тапқан жоқсыздар. 20-ғасырда адам баласы махаббат формуласын толығынан және түгелдей меңгеріп алған болатын.

АЛТЫН. Не істерсің енді! Бәлкім, біз жөнді тәрбие бере алмаған шығармыз.

ТАҒАЙ. Тәрбиеден кенде бұлар жоқ. “Аюға намаз үйреткен — таяқ”. Бұларды таяқтап өсіргенде, әлдеқайда ақылды болар еді.

РАДИК. О-о! Қазақ интеллигенциясы білуге тиісті Абай өлеңдерін білмесе де, ескі педагогикадағы тән жазасын әлі ұмытпаған екен ғой.

ТАҒАЙ. Ұмыттырмайтын да өздерің.

РАДИК. Себебі — біз кінәліміз. Шәлкес мінезімізбен ескі педагогиканы еске түсіреміз. Ал, Абай ше, ол да өз мінезінен тауып жүр ме?

ТАҒАЙ. Ол неге еске түспейді? Еске түскеннің бәрін айғайлап айта беру шарт емес.

РАДИК. Солай деңіз. Көлгірсу мен ашу шақыру — білімсіздікті бүркемелеудің басты құралы. Менің досым осылай дейді. Папа, жақында ол маған тағы бір жақсы сөз айтты. “Білімсіздігін сезініп жер бетінде бірде-бір адам өлген емес, керісінше, білімділіктен өлгендер көп”, — дейді, бұған қалай қарайсыз?

ТАҒАЙ (ойлана әрі-бері жүріп, әрі ызалы). Өлімнің бәрі бір. Қабір ешкімді алаламайды. Өмір деген — күрес, әрі-беріден соң — талас. Тіпті, бір құрсақтан шыққан он бала он түрлі ғұмыр кешеді. Мына бес саусақтың өзі бірдей емес. Табиғат заңы солай. Әр адам — әр басқа. Әке басқа, ана басқа, екеуінің жүрек қанынан жасалған бала да басқа. “Біреу ананы білмеді, біреу мынаны білмеді, пәленше — данышпан, түгенше — ақымақ”, — деп даурығудың қажеті жоқ. Білімді адам бәріне сабырмен қарайды, ал, керісінше ақымақтың ғана айғайы зор келеді. Бұл дүние — не көрмеген дүние. Әулиеңді де, данышпанынды да, әумесерің мен ақыныңды да — бәрін көрді, бәрін жұтты, сен екеуміз де олардан артық емеспіз, енді бір жүз жылдан соң екеуміздің осы айтысымыз былай тұрсын, болған-болмағанымызды да ұмытады. Иә. Солай. Білімсіздіктен өлеміз бе, білімділіктен өлеміз бе, әйтеуір бір өлім. Екеуінің де еншісі сол.

РАДИК. Түсінікті. Түбі — бір өлім, қолдан келгенше қармап қал деген философияны ұсынып отырсыз ғой.

ТАҒАЙ. Жо-жоқ! Ол саған дейін ұсынылған. Және жұрт оны толық қабылдаған. Көпшілігі осы заңды ұстанады. Бірақ, байқатпайды.

РАДИК. Өзін де, өзгені де алдайды.

ТАҒАЙ (ашуланып). Иә! Солай. Білгің кеп жанталасып жүргенің осы ма еді? Ал, білдің! Қолыңнан келсе, тау қопарып ал! Енді тынышталдың ба?

РАДИК. Папа… Папа… (Шегіне береді). Мен сізден қорқайын дедім, папа!..

АЛТЫН. Радик, не болды саған? Құлыным!

РАДИК. Папа, мен тау қопара алмаймын, папа. Бірақ… (Шегініп есік тұтқасын ұстайды)… Бірақ, өзіме шамам жетеді! Өзіме шамам жетеді. (Шығып кетеді).

Пауза

ТАҒАЙ. Иә… Бұл бала бізге абырой әпере қоймайтын сияқты.

АЛТЫН. Олай деуге қалай аузың барады?

ТАҒАЙ. Ішімде қайнап жатқан ой осы болса, ауызбен айтқанның айыбы қайсы?

АЛТЫН. Бүгінгі жастардың бәрі осы ма, әлде жалғыз болған соң тым еркін өсті ме, соңғы кездері Радиктің мінезі арқама аяздай батып жүр.

ТАҒАЙ. Жастардың бәрі бұлай емес. Менде де осы секілділердің талайы қызмет істеп жүр. Басқасын былай қойғанда, олар, тым болмаса, үлкенді сыйлай алады. Қарсы болса — қарсы шығар, бірақ не айтсаң да ізет көрсетіп, сыпайы ғана күлімсіреп тұрғаны. Немене, сонда олардың ақыл-есі осы Радиктен кем бе, әлде асып бара жатыр ма? Жоқ! Тәрбие бар. Әке мен шешені сыйлап өскен.

АЛТЫН. Енді кімді кінәлайсың, кімге ашуланасың? Барлық бала бірдей емес қой. Біреу сабырлы, біреу сезімтал, біреу ұшқалақ… Мінезі солай шығар, жүре келе басылар.

ТАҒАЙ. Қайдам. Жүре келе басылар дегенге күдіктене бастадым. Бұларға не жетпейді? Бәрі бар, бәрі жеткілікті. Іздейтіндері не? Аласұрып жүргендері не? Әнебір… жұмыстан қуылған… кім еді, әлгі… досым дей ме, немене, мұның миын қатырып жүрген сол. Білем, бір-екі рет көргенім бар. Қолына не түссе, соны оқып, әбден миы ашып кеткен біреу. Оқу өтіп кеткен адамның өзіндік ойы болмайды.

АЛТЫН. Өзіндік ойыңды сақтау үшін аз оқу керек пе?

ТАҒАЙ. Толған оқуды айтам!.. Радиктің еш нәрсені аңғармайтынына, ой жібермейтініне қайран қалам. Ол үшін мен бір қара бастың қамын ғана ойлап жүрген жан секілдімін. Осы байғұс не үшін, кім үшін тірлік етіп жүр деп ойламайды ғой деймін. Бәрі өзіме ғана керек пе? Қоғам үшін, ғылым үшін, сонан соң барып өз басым үшін емес пе?

АЛТЫН. Мен бір рет Радик болайын ба?

ТАҒАЙ. А-а?

АЛТЫН. Бір рет Радик болайын ба деймін?

ТАҒАЙ. Ал, бола ғой.

АЛТЫН. Папасы, осының бәрін кері айтсаңыз қайтеді! (Күледі).

ТАҒАЙ (паузадан соң). Ақымақ басқа әумесер сөз қонады. Бәлкім, керісінше, Радикке сен үйретіп жүрген шығарсың. Иә, сен, сен!

АЛТЫН. Мен… еркелеп айта салып едім, сонша ашуланғаның не? Кешір.

ТАҒАЙ. Бірде бала, бірде бәле. Енді өстіп еркелейтінді шығардыңдар ма? Басқаша еркелеулерің құрып қалды ма? Кейде маған мың қаралы адамды басқарғаннан гөрі, екеуіңнің тіліңді табу қиын көрінеді. Түзде шаршап, иленген терідей боп үйге келсең, мұнда екеуің тұз себесіңдер. Көңілге қарау, еңбекті бағалау, азаматтың басын сыйлау деген жоқ. Далаға шықсақ — батырмыз, үйге келсек — қатынбыз… Мені ауруханага түсірмей тынбассыңдар (Креслоға келіп отырады. Қасына әйелі де кеп отырып, оны құшақтайды).

АЛТЫН. Қойшы. Сені сыйламай не көрініпті. Баланікі — уақытша тентектік, менікі — орынсыз шыққан бір еркелік шығар. Бір-бірімізге қалай еркелеуді де ұмыттық қой. Тірлік, тірлік… Ұзақ жыл дайындалып, кандидаттық қорғадың, одан докторлықты бітіріп алайық деп жанталастық. Одан соң қызмет, тамыр-таныс, жолдас-жора. Бір-бірімізге қарайлауға, еркелеуге мұрша болды ма? Бірінен соң бірі келіп жатқан туыстарың тағы бар. Бәрінің ортасында бас көтерер жалғыз сенсің. Біреуіне оқуға түсу керек, біреуіне пәтер керек, біреуіне диссертация қорғау керек, енді біріне машина керек — тағы тағылар. Қарап жүрмей кандидат болам деп, екі жылдан бері мен де өнер шығардым. Сенің басыңды қатыра бермей, мектепте сабағымды беріп тыныш жүре бергенім-ақ жақсы еді… Өзі де тым созылып кетті… Сонда да сен байғұсқа рақмет жоқ.

ТАҒАЙ. О-оу! Ұзақ еркелемеймін деп, күйреуік боп кетіпсің ғой.

АЛТЫН. Солай болса, солай шығар. Бір-бірімізге арналған еркелік сыртқа шыға алмаған соң үгітіле бастаған да. Жұмыс, атақ, даңқ, қызмет деп жүріп ерте қартайдық-ау деймін. Көптен бері сенімен оңаша сөйлесіп отырғаным да бүгін. Өз күйеуіммен! Қызық-ау, ә!? Өстіп жүріп бір күні… мына дүние зу-у етіп өте шығады ғой. (Күледі).

ТАҒАЙ. Ал, күреспей, тырбанбай, еш нәрсеге қызықпай, тіршілік еткенде мың жасаймын дейсің бе? Болды, доғар енді!

АЛТЫН. Қойдым, қойдым. Сенің сөзің де рас шығар.

Есік қоңырауы шырылдайды.

АЛТЫН. Екеумізге оңаша қалу бұйырмаған деп айттым ғой. Бұл кім екен?

ТАҒАЙ. Аралда отырғаным жоқ, ашсаңшы. (Олар орындарынан тұрады. Әйелі есікті ашып, қайтып келеді).

АЛТЫН. Бір газеттен тілші келіп тұр. Өздерің келіскен екенсіңдер ғой.

ТАҒАЙ. Ә-ә, иә. Кірсін де. Ал, сен кешке келетін қонақтардың қамына кірісе бер. (Әйелінің бетінен сүйеді). 

*    *    *

АЛТЫН. Әлгі Радик әлі жоқ. Жолдастарының бәріне телефон соғып шықтым. Ешқайсысы білмейді. Кеше ашуланып кетіп еді, бір нәрсеге ұрынып қалмаса болғаны.

ТАҒАЙ. Ана данышпан досымен хабарластың ба? Сол үйде қалған шығар.

АЛТЫН. Оның үйінде телефон жоқ және адресін де білмейміз.

ТАҒАЙ. Келер, қайда кетеді дейсің.

АЛТЫН. Сен тым бейғамсың ғой. Ол ешқашан басқа үйге қонбайтын.

ТАҒАЙ. Жігіт болғанының алды шығар.

АЛТЫН. Япырым-ау… сен… Кеше кеткен бала, бүгін, міне, кеш болды, әлі жоқ.

ТАҒАЙ. Енді маған неғыл дейсің? Түні бойы қонақ күттік, жұмыстан қалжырап келіп отырғаным осы.

АЛТЫН. Күндіз телефонмен айтып едім ғой, ешқайда хабарласқан жоқсың ба?

ТАҒАЙ. Қолым тимеді. Сен де телефон құлағын бұрай аласың.

АЛТЫН. Жалғыз ұл саған көптік қып жүр ме? Неге сонша қаталсың? Әкесісің ғой.

ТАҒАЙ. Ол да мүмкін. (Газеттерді қарай бастайды).

АЛТЫН. Не?! Не дедіңіз?!

ТАҒАЙ. Мен де бір сәтке Радик болдым. “Мен сенің әкеңмін” дегенде, ол да осылай жауап берген.

АЛТЫН. Бұл сөздің маған ауыр тиетінін, көңіліме қаяу түсірерін біліп тұрсаң да, айттың ғой. Мен… мен сенен өзге еркекті түсімде де көрген емеспін. (Жыламсырайды). Барлық мінезім өзіңе аян. Соны біле тұра… Менімен тұрғың келмесе, жоқ жерден жала жаппай кете бер. Ақ көңілімді қаралама.

ТАҒАЙ. Міне, мен Радик болып едім, жылап шыға келдің, сен Радик болғанда да тірі қалдық қой.

АЛТЫН. Ол — сен. Әйелді өзіңмен теңемексің бе?

ТАҒАЙ. Жайшылықта еркектермен тең праволымыз деп тепсінгенде, қарағайдың басынан қарға қашады, ал мұндай сәттерде момақан бола қаласындар, ә!? (Күлген боп, оның иығынан қағады). Жарайды. Мен де жөнді Радик бола алмаған шығармын.

АЛТЫН. Неге шешінбей жүрсің? Кешкі ас дайын.

ТАҒАЙ. Ім-м… Жарайды, ауыз тиейін.

АЛТЫН. Ауыз тигені несі?

ТАҒАЙ. Москвадан бір кісілер келу керек еді, аэропорттан күтіп алып, қонақ үйге жайғастырып қайтуым керек.

АЛТЫН. Кешігесің бе?

ТАҒАЙ. Көп кешікпеспін. Бәлкім, әңгімелесіп отырып та қалармыз. Өте сыйлы адамдар.

АЛТЫН. Ал, Радик… Мен таң атқанша көз ілмейтін болдым ғой. Енді қайттім?

ТАҒАЙ. Енді мен қайдан іздеймін? Сыйлы адамдардың көзінше милицияға телефон соғып отыруым керек пе? Қалалық милицияның бастығына хабарлай сал. Сол іздеу салсын. Ім-м, жоқ, қажет емес. Сыртқа сыр ашып қайтесің. Бәріне сене беруге болмайды. Әсіресе, дәл қазір.

АЛТЫН. Дәл қазір не болушы еді?

ТАҒАЙ (әйеліне ұзақ қарап тұрып). Сенің де тереңдігіңе болайын. Пәленшенің баласы пәлен екен деген сөз жұртқа жетсе, сыныққа сылтау іздеп жүрген кейбір іші тарлар түймедейді түйедей етіп, жоғары жаққа жібермей ме? “Дәл қазір не болушы еді?!” Кешегі газеттегі хабар ше?

АЛТЫН. Ә-ә… Қайдан білейін, кешір. Аңғал басым ар жағын ойламаппын. Енді түсіндім.

ТАҒАЙ. Енді түсінсең болғаны!

Есік қоңырауы шырылдайды.

АЛТЫН. Радик! (Жүгіріп барып есікті ашады да, кейін шегінеді. Үйге басы таңулы Радик және милиция капитаны кіреді).

КАПИТАН. Сәлематсыздар ма? Сәлематсыз ба? (Директормен қол алып амандасады). Бейуақытта мазалағанымызға кешірім өтінем.

АЛТЫН. Радик! Ботам-ау… Амансың ба? Мынадай халге қайдан душар боп жүрсің?

РАДИК. 19-ғасырдағы қазақ ақындарының демократиялық көзқарасы маған да әсерін тигізген болуы керек.

АЛТЫН. Мейлі, мейлі, солай-ақ болсын. Жөндеп айтшы, бірақ. Япырым-ай… Жүрегім бір сұмдықты сезіп еді-ау! (Кұшақтамақ болады).

РАДИК. О-о! Құшақтамаңыз. Дәрігерлер тыйым салған. Әсіресе, әкеңіз құшақтай көрмесін деген. Ер адамның қарулы келетінін бүгінгі медицина қалай ашқан десеңші!

АЛТЫН (күйеуіне жақындап). Бөгде адамның көзінше тағы бір бүлік шықпай тұрғанда, не тілін тауып бірдеңе де, немесе кабинетіңе бара тұр.

ТАҒАЙ. “Балаң ер жетсе — өрісің кеңиді” деген сөз рас екен-ау, ұлым. Сенің арқаңда, құдайға шүкір, енді милициялармен жекжат бола бастадық.

РАДИК. Менің арқамда жиырма бір жасыңызда әке боп едіңіз, қырық үшке қараған шағыңызда бас құда болдыңыз. Менің осы еңбегімді қалай ақтар екенсіз.

ТАҒАЙ (капитанға). Әкелі-балалы екеуміз балдыз бен жездедей қалжыңдап үйренгенбіз. Оған таңданбай-ақ қойыңыз.

КАПИТАН. Баланың әкемен қалжындасуы қазір жақсы қасиет деп танылып жүр ғой.

РАДИК. Жолдас капитан, біз сол жаңа дәстүрдің негізін қалаушылардың біріміз.

Анасы Радикке “ым” қағып, тыныш тұр дегендей белгі береді.

КАПИТАН. Сіз мені танымай қалған шығарсыз. Сіздің институтта екі жеті тексеруде жатқам. Түсінесіз бе, сол екі жеті менің барлық ғұмырымнан ұзақ боп көрінді. Ал, мен әлгі аты жаман аурудан құлан таза сау деген қорытынды шығарғандарыңызда бар ғой… жүрегім жарылып кете жаздады. Есіңізде ме, кабинетіңізге кіріп барып, бетіңізден сүйіп алғанмын.

ТАҒАЙ. Ә-ә. Есімде, есімде.

РАДИК. Бұл кісі милиция шақырған жоқ па?

КАПИТАН. Шақырып қайтеді, өзім де милициямын.

РАДИК. Милицияның танымайтын адамды бас салып сүйді дегенін бірінші рет естіп тұрмын. Дүние не боп барады бұл!

КАПИТАН. Радиктің мұндай мінезіне осы үш-төрт сағаттың өзінде-ақ үйреніп қалдым. Тілі ащы, жүрегі таза жігіт. Тағай Дайырович, кешіріңіз, мен кетейін. Барлық табыстарыңызға қуаныштымын. Әрқашан да осылай ел мақтанышы бола беріңіз. Өткен жолы телевизордан сөйлегеніңізде жолдас-жораларымның алдында бір желпініп қалдым. Сіздің қолыңызды алып, жүзбе-жүз сөйлесу де ғанибет қой. Жұртқа сіңіріп жатқан еңбектеріңіз үшін, мың рақмет. Бүгін, ғайыптан-ғайып… мына Радиктің қызба мінезінің “арқасында” осында кеп қалдым. Үйге бармаймын дейді. Кімнің баласы екенін де айтпай қойды. Паспортына қарасам, сіздің фамилия, сіздің адрес. Бүгін кезекші едім, бір жағы сізге сәлем бере шығайын деп, оны өзім ертіп келдім.

АЛТЫН. Жолдас капитан, не… Радик бір қылмыс жасағаннан сау ма?

КАПИТАН. Жоқ, жай әншейін түсініспеушілік. Оны өзі айта жатар. Мен асығыс едім. Сау болыңыздар.

АЛТЫН. Сау болыңыз. Көп рақмет!

ТАҒАЙ (капитанмен есікке шейін бірге келеді). Жолдас капитан! Бұл жайлы… бір адам білмейтін болсын. Түсіндіңіз бе? Өтінем.

КАПИТАН. Түсінікті, Тағай Дайырович, әбден түсінікті. Бірінші жыл қызмет етіп жүрген жоқпын ғой. Барлық қағаздарды осында шығарда-ақ жыртып тастағанмын. Кешегі кезекшімен де келіскем.

ТАҒАЙ. Рақмет. Жолыңыз болсын. Айтпақшы, бір рюмка коньякқа қалайсыз? Құда болдық, атап өтпейміз бе?

КАПИТАН. Жоқ, рақмет. Қызмет бабында ыңғайсыз. Сау болыңыз.

ТАҒАЙ. Сау болыңыз.

Капшпан кетеді.

ТАҒАЙ. Ал, әкесімен жездедей қалжыңдасар жаңа дәстүрдің негізін қалаушы жігіт, хал қалай? Басыңдағы не сәлде, не кемпірлердің кимешегіне ұқсамайды, “қайын жұртың” жақсылап сыйлаған-ау, шамасы.

РАДИК. Иә. Көріп тұрсыз ғой. Қонақтарды риза етіп жібердіңіздер ме?

ТАҒАЙ. Оның саған қатысы қанша?

РАДИК. Маған қатысы болмаса да, сыйлыққа бір себі тиіп қалуы мүмкін ғой.

АЛТЫН. Радик! Тағай! Қойыңдаршы, тағы нені бастағалы келе жатырсыңдар?

Тағай қатты қапаланып, үй ішінде әрлі-берлі жүре береді. Терезе алдына кеп тұрады. Сонан сон ұлына жақындап, оның дәл алдына тоқтайды.

ТАҒАЙ. Арық қойдың етіндей сөзіңде маңыз жоқ, бәрі көпірген көбік. “Жаман ит қораға қарап үреді”. Не жұрт пайдасын, не бас пайдасын ойламайтын қияли. Сеніңше, бәрінен безініп, мына сен сияқты көрінген көк аттыдан көшеде таяқ жеп жүруім керек пе? Менің қызметім, менің ғылыми атағым, алар сыйлығым, егер ала қалсам, сенің мойныңа қамыт боп киіліп, бетіңе таңба боп түсе ме? “Семіздікті қой ғана көтереді” деген рас екен-ау. Мына басыңдағы да сол семіздікті көтере алмағандықтың кесірі.

РАДИК. Папа! Мені сарыла іздеп жүріп, осы екі күннің ішінде өзгерген шығарсыз деп едім, әлі бұрынғы қалпыңызда екенсіз. Ал, менің басымдағы сый-сияпат… оны айтқанмен сіз түсінбейсіз.

АЛТЫН. Айтшы, не болды? Мен түсінемін!

ТАҒАЙ. Түсінбейтін не бар, Эйнштейн теориясы деймісің? Айтшы, қане, көшедегі төбелеске қандай жаңалық енгіздің?

РАДИК. Сіз төбелескен адамның бәрі бұзақы болғандықтан деп ойлайсыз ба? Айтайын.

Пауза.

РАДИК. Папа! Сіз бұл сөзімді өз баламның сөзі деп ұқпаңыз, сырт адамның пікірі деп ұғыныңыз. Сонда пайымдауға жеңілірек болады. Мен аялдамада тұр едім. Бір кезде дәл жанымнан сатыр-сұтыр етіп, үш жігіт жүгіріп өтті. Жалт қарасам, олар бір жігітті қуып бара жатыр екен. Көшенің қақ ортасына жеткенде олардың бірі әлгі жігітті өкшелеп кеп, аяғынан шалып құлатты. Ол асфальтқа ұшып түсті. Әлгі үшеуі үш жақтан бір жігітті ал кеп тепкілесін. Басынан, бетінен, ішінен… Аяу деген ұғым үшеуінен мүлде алыс сияқты. Ата жауды да адам бұлай қорламас болар еді.

Қан деген тарау-тарау боп, асфальтпен ағып жатты. Папа, мен шыдай алмадым. Көзіме қан толып, әлгі жігітке ара түсу үшін жүгіріп бара жатқанда, ертеңгі тірлік, милиция, әкемнің беделі дегендерді ұмытып кетіппін. Біреуді ажалдан, азаптан құтқару үшін ертең не болатынын ойлап, арғы-бергісін таразылап тұру керек пе? Олардың біреуін келген бетте бір қойып, мұрттай ұшырғанымды білем. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Көз алдымнан жарқ еткен найзағайды ғана білем. Соның соңғысы… мына кимешек пе, сәлде ме, бірдеңе.

АЛТЫН. Ойпырым-ай! Құлыным-ау, бір ажалдан қалыпсың ғой. Нең бар төбелесте?

РАДИК. Мама, бұл төбелес емес…

ТАҒАЙ. Азамат соғысы.

РАДИК. Иә, азамат соғысы! Соғыстың үлкен-кішісі жоқ. Зорлықтан өлген немесе азап шеккен адам үшін құрбандықтың қанша екенінің қажеті болмайды. Папа, мен бәріне төзер едім. Мұндай қақтығыстар барлық жерде болып жатар, ол үшін отқа түсіп күйіп-пісудің керегі шамалы. Менің есімнен кетпей жанымды тырнайтыны — зорлық та, зомбылық та емес, аялдамадағы адамдардың сол сәттегі бейшаралығы болды. Бәрі қарап тұрды. Тепкі көріп, есінен танып жатқан жігітті арашалауға, оған қол ұшын беруге бірі де тәуекел етпеді. Жұрт не боп кеткен? Олардың бойындағы ерліктері қайда? Құдай мен патшаға қарсы тұрған, кешегі соғысты жеңген рухтары қайда?

ТАҒАЙ. Олар ерлікті кез келген аялдамаға алып шыға бермейтін шығар.

РАДИК. Ерлік пен батылдық көз бен жүректе. Аялдамада тұрғандардың бәрінің он екі мүшесі сау болатын. Жүрек бар жерде намыс бар, намыс бар жерде ерлік бар. Олардың неден жасқанғандарына түсінбедім, папа.

ТАҒАЙ. Сонда немене, жұрттың бәрі қорқақ боп кетті демексің бе?

РАДИК. О-о, олай деуге хақым жоқ! Сіз мені арандатпаңыз. Ерлік бар! Біздің әрбір азаматымыздың бойынан патриотизм мен ерлік рухы берік орын тепкен. Бірақ… кейде олар бір жігітті үш жігіт өлімші етіп тепкілеп жатқанда, сабыр сақтап қарап тұра алады. Сабыр мен шыдам керек! Ертеңгі күнді, беделіңді ойлау керек. Көп болса, бір адам өлер, одан санымыз кемімейді, ал оны ажыратамын деп жүріп олардың жазым боп пышағы тиіп кетсе, немесе бетіңе көгертіп “сапа белгісін” салса, милицияға түссең, ертең сен жайлы жұрт не демек? Ақ-қарасын ажыратып жатар ешкім жоқ, төбелесіп, милицияға түсіпті дейді. Болды. Факт осы. Байыпты болу керек, қателеспеу керек. Өліп бара жатқан адамды ажыратпадың деп ешкім де сені жазаламайды, кінәламайды.

ТАҒАЙ. Ерлігің құтты болсын! Браво, браво! Мен асығыспын! Айтып болдың ба?

РАДИК. Иә, болдым… Айтыңызшы, папа! Сіз өткен жолғы бір интервьюінізде. “Біздің институтта 31 – ғылым докторы, 84 – ғылым кандидаты жұмыс істейді”, — депсіз. Солардың бәрі онкология саласынан ба?

ТАҒАЙ. Сенің төбелесің мен онкологияның арасында қандай байланыс бар?

РАДИК. Бар!

ТАҒАЙ. Бұл жаңалық екен. Төбелес пен онкологияның арасындағы кейбір ортақ мәселелер! Ха-ха-ха! Тіпті, ғылыми тақырып сияқты екен. Бәлкім, сен осы тақырыпты ғылыми советте бекітіп, диссертация қорғарсың!..

РАДИК. Жетер, папа!

ТАҒАЙ. Не дейсің?

РАДИК. Жетер деймін. Шамданып қалдыңыз ба? Арзан намысты қорғауға дайынсыздар, одан да әлгі сұраққа жауап беріңіз.

АЛТЫН. Айта салшы, нең кетеді.

ТАҒАЙ. Ал, солай. Онкология саласынан. Сонымен не айтпақсың?

РАДИК. Демек, 115 ғалым. Әрбір республикадағы және Москва мен Ленинградтағы ғалымдарды тағы қосамыз. Бүгінгі кандидаттарыңыз ертең доктор болады. Міндетті түрде. Сонда, қаншама ғалым! Бірақ, онкология саласында ілгерілеу жоқтың қасы. Неге? Сіз жауап бере аласыз ба? Жоқ. Мен айта алам. Аялдамадағы ерлік өмірдің барлық саласында да қажет. Ғылымда, әдебиетте, азаматтықта, саясатта — бәрі-бәрінде де. 115 ғалымның бәріне де ерлік жоқ деп айтуға ауыз бармайды. Бірақ, әлі аурудың емі табылмай отыр. Тарихқа үңілсек, медицинадағы ұлы жаңалықтар жеке адамдардың ерлігінің арқасында ашылыпты. Олар келешек ұрпақ үшін өзін-өзі құрбандыққа шалды. Міне, ерлік не үшін керек. Атақ үшін емес! Әйгілі теориясын жариялаған кезде Эйнштейн ғылымға икемі бар әрбір адамға берілетін атақтан да құр алақан болатын. Бұл да ерлік. Сіздерде, тіпті, өз басыңызда жоқ ерлік. Сіздің барлық еңбектеріңізді оқығам. Қатты айтсам, кешіріңіз, медицина сіздің еңбектеріңізсіз-ақ өмір сүре алады.

АЛТЫН. Радик! Әкеңе бұлай деуге қалай аузың барады! (Оны шапалақпен салып жібереді).

Пауза

РАДИК. Міне, шындықты айтсаң — шапалақ жейсің. Тіпті, менің жаралы екеніме де қарамадыңыздар. Үндемеуіне қарағанда, папамның да ойынан шыққандайсыз.

АЛТЫН (оны құшақтайды). Кешірші, Радик!

РАДИК. Мен сізді түсінем, мама. Сіз өз атыңыздан емес, әкемнің атынан қол жұмсадыңыз. Біреудің қолымен от көсеу деген осы… Ол кісі ақ, сіз қара. Папа, асығыс болсаңыз — жүре беріңіз. Өмірдің қалған проблемаларын мамамыз екеуміз шешеміз, бұл кісі де кандидат болғалы жүр ғой.

(Анасы шығып кетеді).

Әкесі әрлі-берлі жүреді. Баласының жанына тоқтап, ұлының иығына қолын салады.

ТАҒАЙ. Е-е, ұлым, көп нәрсені шала ұққансың. Өмірдің өз заңы бар. Ол еш жерде жазылмаған. Адам адам боп жаралған соң сүттен ақ, судан таза бола алмайды. Әр адым аттаған сайын. “Бұл неге олай емес”, — деп әділдік іздей берсең, өз ғұмырың адыра қалады. Орынсыз ой қуған қияли боп кетесің. Қасқыр неге қойды, қой неге балбырап өсіп келе жатқан шөпті жейді, жылан неге бақаның қанын сорады, бақа неге шыбын-шіркейді жейді, тағы тағылар, тағы тағылар. Ойдың шегі жоқ. Бәріне жауапты табиғаттың өзі дайындап қойған. Өмір заңы, тіршілік заңы. Менің де арыма тидің. Мейлі, өз баламсың, сенімен кектесе алмаймын. Менің еңбектерімсіз медицина өмір сүре алатын шығар, керек десең, адамзат медицина деген ұғымға дейін-ақ тіршілік еткен. Әлгі сен айтқан көп ғалымдардың бәрі жаңалық ашып жатпағанын бәріміз білеміз. Бірақ, соның бәрі жаңалық ашу мақсатымен бағаланады. Үкімет сол үлкен мақсат үшін қаржы бөледі.

РАДИК. Ал, адамдар сол қаржыны өзара бөлісіп алады ғой.

ТАҒАЙ. Репликаң ұтымды шыққан жоқ. Олар бөліспейді. Жаманды-жақсылы еңбек етеді. Мен де. Өз еңбегімді жоққа шығара алмаймын. Солай. Кім не десе, о десін, онымен менің шаруам жоқ. “Неге бұлай”, — деп әр саңылауға бір үңілгенше қолыңнан келгенше өмір сүр. Қоғамға, әйел-балаңа, жақын-туысыңа пайдалы бол. Ал, оларға пайдалы болу үшін, тек адал ойың ғана емес, атақ-даңқың мен лауазым да қажет. Қанша адал, қанша қайырымды болғанмен көше кезген дәруіштен маған не пайда, саған оның берері қайсы. Дәруіш болма, пайдалы адам бол. Қолыңнан келгенше еңбек ет.

РАДИК. Папа, менің басым қатты. Он жыл, он жыл бойы мектепте оқығаным, мұғалімдерден құлағыма құйғаным өмір сүруіме кей кезде кесірін тигізетін сияқты. Ол жақтан алып келген тәрбием мен сана-сезімім есейген кезде жарамсыз боп жаңылыстыра беретін секілді. Мен қазір өмірді әліппеден қайта бастап жүрген жандаймын. Бірақ, есейген шақта үйрену қиын ғой деймін.

ТАҒАЙ. Үйрену әрқашан да қиын. Өмірдің күрделілігі де сонда. Кітап бір басқа, өмір бір басқа.

РАДИК. Сонда, мен он жыл бойы алданып келгенмін бе? Әділет жайлы, парасат жайлы қазірде де үйренудемін. Егер оның бәрі өмірмен бетпе-бет келгенде мені әпенде етіп қалдыратын болса…

ТАҒАЙ. Кітап бір басқа, өмір бір басқа! Екеуінің жігін ажырата білу де үлкен қабілет.

РАДИК. Сіз… қабілеттісіз ғой!.. Шыныңызды айтыңызшы, папа, егер сізге Нобель сыйлығын берсе, алар ма едіңіз?

Пауза

ТАҒАЙ. Мұндай арандатушы сұраққа жауап бермеймін.

РАДИК. Алар едіңіз. Көбіңіз алар едіңіздер. Тіпті, бәріңіз. “Менің еңбегім мұндай сыйлыққа тұра қоймас”, — деп біреуіңіз ойланбас едіңіздер. Құдай адамды жаратқанда әрқайсысына әртүрлі ақыл беріпті де. “Менің ақылым пәленшенің ақылынан неге аз?” — деп жұрт шулап бара жатқан соң бәрін жинап алып, әрқайсысының басына. “Мен ақылдымын”, — деген сезім құйып жіберіпті. Содан кейін адамдар ақымақтығын айтып, құдайдың алдына қайта бармаған екен. Әлі солай, ақымақпын деген бір адамды естіген емеспін.

ТАҒАЙ. Ал, өзің ше?

РАДИК. Мен данышпанмын!

ТАҒАИ. Ойбай, неғыл дейді тағы!

РАДИК. Мен ақымақпын.

ТАҒАЙ. Е, не боп қалды?

РАДИК. Ол екеуі егіз ұғым. Ақымақтың данышпан, данышпанның ақымақ болуы оп-оңай.

ТАҒАЙ. Сен өмірден тек қорлық пен азап шегіп қана келе жатқан жан сияқтысың.

РАДИК. Мен бәрін көріп келем. Әділетсіздіктің үлкен-кішісі болмайды, папа. Менің досым неге жұмыстан босады? Өйткені ол өзгелерден ақылды болды. Талантты болды. Талан  иілер басқа қонбайды. Ол өле-өлгенше иілмей өтеді. Ал, оның орны кімге керек болды? (Күледі). Неткен бейшаралық? Әлгі біреуді сол жерге апару керек екен. Ол үлкен бір бастықтың әйелінің әпкесінің күйеуінің нағашысының…

ТАҒАЙ. Тоқтат!..

РАДИК. Міне, мен ақымақпын. Егер осылай айтпасам ше? Сөз жоқ, ақылдымын! Осылай деп шындықты айтқаным үшін мені жазғыратындар бар. Егер әкем болмасаңыз, тағдырым қолыңызда тұрса, мені сіз жазғырасыз.

ТАҒАЙ (оған төніп кеп). Жазғырмақ түгіл жазалар едім, ұратын да жерің қалмапты.

РАДИК. Одан қам жемеңіз, папа. Басым ғана аздап жарылған. Енді аздап желкемді үзіп жіберуіңізге болады.

Телефон шырылдайды.

РАДИК. А-а, сәлематсыз ба, бикеш! Иә, иә. Жұмыс бабымен дейсіз бе? Қазір. Папа, сізді шақырады. Желкемді үзуге үлгертпегені үшін көрген кезіңізде менің атымнан оған рақмет айта салыңыз.

Анасы кіреді. Қолында тамақ  салған поднос бар.

АЛТЫН. Айтыстарың әлі бітпеді ме?

РАДИК. Тс-с! Жұмыс бабымен. (Әкесін көрсетеді).

Анасы столға тықырлатпай, ыдыстарын қоя бастайды. Тағайдың да сөйлескені естіліп тұрады.

“Қазір шығамын. Иә, уақыттың өткенін байқамай қаппын, імм-м… біраз жазу жазып… Ол қонақтарды күтіп алмаса болмайды. “Алматы” қонақ үйіне. Орын алынып қойған. Сіздер сонда бара беріңіздер. Кешікпеймін. Рақмет”.

ТАҒАЙ. Ал, мен кеттім. Кісілер күтіп қапты.

АЛТЫН. Тіпті, нәр сызбадың ғой.

ТАҒАЙ. Сол жақтан да бірдеңе табылар. Ал, көріскенше, ақымақ-данышпан.

РАДИК. Көріскенше, Тағай Дайырович!

Тағай шығып кетеді.

РАДИК. Мама, ол кісі жазу жазып отырдым деді, ә?

АЛТЫН. Енді, сенімен айтысып отырмын десін бе?

РАДИК. Ха-ха-ха-ха! Иә, солай екен-ау! Шындықты барлық жерде айта беруге болмайды екен ғой. Иә, солай. Ха-ха-ха! (Ол қарқылдап күліп, үй ішін аралап кетеді. Соңынан анасы жүгіреді).

АЛТЫН. Радик! Радик! 

                                                       *   * *

Түн.

АЛТЫН. Радик, Радик! Тұршы.

РАДИК. Не болды, ел шетіне жау шапты ма?

АЛТЫН. Таңғы сағат екі болды. Папаң әлі жоқ…

РАДИК. Милиция әкеп тастайтын шығар.

АЛТЫН. Бір нәрсеге ұрынып қалмаса болғаны.

РАДИК. Бағанағы капитан-құдасына телефон соғыңыз. Ол әлі кезекші.

АЛТЫН. Радик, тіл мен жағыңа сүйенгенді қойшы. Мен шын қорқып отырмын. Машина кеп тоқтады ма? (Терезеден қарайды).

РАДИК (төсектен басын көтереді). Қорықпаңыз, машинаның ішіндегі адамға бұзықтар тимейді. Бар қауіп подъезде ғана.

АЛТЫН. Әрине! Өткен жылы профессор Ғаниевті өз подъезінде пышақтап кеткен жоқ па!

РАДИК. Соның бәрі техниканың мешеулігінен. Машиналарды басқышпен жоғары көтерілетін етіп жасау керек қой.

АЛТЫН. Радик, сен әкеңмен тайталаса бермесеңші. Оның жұмысы қыруар, бізсіз де жүйкесін тоздыратындар жетіп жатыр.

РАДИК. Мам! Сіз оны жақсы көресіз бе?

АЛТЫН. Ол — үкімет адамы, аты көпке әйгілі.

РАДИК. Жоқ, жарыңыз ретінде жақсы көресіз бе?

АЛТЫН. Әй, ұлым-ай! Осыншама тентек болмасаң қайтеді. Түн жарымынан асқанда анасына қойып отырған сұрағын қарашы. Жақсы көремін. Ол кімнен кем? Бар ойлайтыны — екеуміздің қамымыз. Өзінің шаштан асар жұмысы бар, қарамағында мыңнан астам адам істейді, бөрінің тілін тауып қана қоймай, сені мен менің де қамымызды ойлауға уақыт табады. Ол — адал жар, қамқор әке. Оны неге жақсы көрмейін.

РАДИК. Өткен жолы мен кешіккенде де осылай ұйықтамай отырдыңыз ба?

АЛТЫН. Әрине!

РАДИК. Айтыңызшы, мама! Сізге кандидаттық неге керек?

АЛТЫН. “Неге керек” дегені қалай? Ұлым-ау, осындай сұрақ бола ма екен? Бұлай қайталай беретін болсаң. “Әйел алып не керек, бала өсіріп не керек?” — дегенге де жетеміз ғой.

РАДИК. Жетсек жетерміз. Сізге не үшін керек болды, айтыңызшы?

АЛТЫН. Маған… Ол тым қиын сұрақ, Радик.

РАДИК. Ал, біздің үйге келіп жүретін қаптаған кандидаттар мен докторлар үшін неге керек? Мама, мен солардың тең жарымының ғылым төңірегіндегі кездейсоқ адамдар екеніне анық көзім жетеді. Сіз де… Егер солар болмаса, ғылым ойсырап қалмас еді.

АЛТЫН. Бүйтіп пышақкесті пікір айтуға болмайды ғой.

РАДИК. Міне, бәріңіз осылай дейсіздер. Олардың түк бітірмей жүргендерін көріп жүрсіздер, білесіздер, бірақ шындықты айтқыларыңыз келмейді. Өйткені, көпшілігіңіз солардың деңгейінен алыстап кеткен жоқсыздар. Қабілетсіздер мен дарынсыздар ғана шындықтан қорқады. Ғылым олар үшін кәсіпке айналды, жалған атақ, жалаң мақтаныш үшін қажет боп барады. Немесе, сіз қорғамасаңыз, қазақ филология ғылымы өгейсіп қалмас еді ғой. Мама, мен осылардың бәрін ойламай тып-тыныш жүре бергім, бәріне көзімді тарс жұмып алғым да келеді. Бірақ шыдай алмаймын, ішімді әлдене кернеп бара жатқандай. Әйтсе де, мен сияқты біреу болуға тиіс қой, мама, солай емес пе?

АЛТЫН. Сондай біреудің дәл менің балам болғаны ауыр-ақ!..

РАДИК. А-а, солай ма?! Демек, мен сияқты біреудің болғаны жақсы, бірақ бізден басқа біреудің! Солай ғой? Әркім өзін ғана ойлайды. Өзін ғана!..

АЛТЫН. Қойшы, Радик! Қай кезде оятып алса да, сөйлеп кете беретін бопсың ғой.

РАДИК. Өйткені, сіздердің жалғандықтарыңыз бен бас қамын ойлар мінездеріңіз демалу дегенді білмейді. Адалдықты айтып, арамдық жасау; шындықты жақтап, жалған сөйлеу; қайырымдылықты мадақтап, бас қамын ойлау; ең арысы, жарына деген махаббатын да тиімділікке негіздеу… және осылардың бәрін білдірмей, байқатпай жасау… Айтыңызшы, осыны жұрт қалай меңгеріп алады? Бұған кім итермелейді?

АЛТЫН. Егер айтып тұрғаныңның бәріне өзің иланатын болсаң — өмір. Өмір үйретеді. Радик, сенің жақсы көретін қызың бар ма?

РАДИК. Оны неге сұрадыңыз?

АЛТЫН. Махаббат ер адамға пайдалы. Ол біреуге ғашық болса, басындағы күйгелек, ұсақ ой быт-шыт болады.

РАДИК. Білмеймін. Әлі мен ғашық боп көрген жоқпын. Дегенмен, жақында біреумен таныстым.

АЛТЫН. Сұлу ма?

РАДИК. Иә.

АЛТЫН. Бекер болған. Үйлену үшін сұлуды таңдаудың қажеті жоқ. Ол басыңа қызғаныш пен сергелдең ғана әкеледі.

РАДИК. Міне, тағы да эгоизм! Тағы да тек өзіңді ғана ойлау. Сонда немене, сұлу байғұстар күйеусіз қалуы керек пе?

АЛТЫН. Ой, жұрт қамын ойлағыш әулием-ай! Сұлуларға жаның ашыса, бәрін жинап ал! Дегенмен, “сұлу байғұстар” дегенің жаңалық екен! (Күледі).

Телефон шырылдайды.

АЛТЫН. Ух! Папаң ғой, телефон соқты-ау, әйтеуір! Алло! Иә. Әлі қонақтармен біргесің бе? Шаршадың ғой, қайтсаңшы. Шаршадың ғой деймін. Қайдан… Сен келмей, ұйықтамайтынымды білесің ғой. Радик жаңа ғана жатты. “Сәлдесін” қайтадан орап бердім. Иә. Жарақаты онша ауыр емес. Тез қайт, енді. Мен лоджаға шығып қарап тұрам. Ал, жақсы.

РАДИК. Мама, егер папам бар атақ-даңқынан айрылып, жай адам боп қалса, қайтесіз? Сонда да кірпік ілмей күтіп, лоджаға шығып күтер ме едіңіз?

АЛТЫН. Сенің ойың ылғи жамандықты жағалап жүреді.

РАДИК. Сонда да болса, айтыңызшы!

АЛТЫН. Әрине! Бұл қай сұрағың!? Болды, ұйықта. Ояу болсаң, папаң келгенде тағы бірдеңе деп мазасын аларсың.

РАДИК. Құп болады, жолдас бес минутсыз кандидат! 

                                   Жарық сөнеді.

ЕКІНШІ АКТ

 Дайыровтың үйі. Креслода бір Ақ бас шал және Дайыровтың әйелі отыр. Директор әлденеге қатты қобалжып, үй ішінде әрлі-берлі жүр.

ТАҒАЙ. Міне, ақыры, осыған жетіп тындық. Өз балаң кеп босағаңа жармасқан соң, өзгелерден не күтуге болады! Қандай қорлық!

АЛТЫН. Өз балаң емес, басқа біреу ғой.

ТАҒАЙ. Ол басқа біреу — менің баламның досы болса ше? Міне, мұндағы айтылған сөздердің бәрі Радиктің сөзі, Радиктің!

АҚ БАС ШАЛ. Сабыр етіңіз, Тағай Дайырович! Газеттерге бір-біріне қарама-қайшы пікірлердің шыға беретіні болады ғой.

ТАҒАЙ. Аман Танаевич, қарсыласты деп ойлап қалмаңыз, бірақ дәл осы кезде… Себебін түсінесіз ғой. Шыдай тұрса болмас па? Және менің еңбектеріме сын айтуға жұмыстан қуылып, қаңғып жүрген біреудің қандай хақысы бар, айтыңызшы.

Радик  кіреді.

ТАҒАЙ. Ә-ә, келдің бе? Данышпан досыңның мақаласын оқыдың ба? Тойлап жатқан шығарсыңдар!

РАДИК. Тойлауға қаржы жоқ, осының гонорарын алғанда болмаса.

ТАҒАЙ. Аман Танаевич, егер аты белгілі ғалым болса да, мұншалықты күйінбейсің ғой.

РАДИК. Аты белгілі ғалым қарым-қатынасын жоғалтып алармын деп қорқады, ал менің досым ештемеден қаймықпайды. Оның жоғалтатын түгі де жоқ.

ТАҒАЙ. “Қарғайын десем — жалғызым, қарғамайын десем…”

РАДИК. Жалмауызым!

ТАҒАЙ. Иә, жалмауызым! Өз әкеңе!.. Саған айтар сөзім жоқ. (Қатты толқып, терезе алдына барып тұрып қалады).

АЛТЫН. Аман Танаевич, кешіріңіз! Сіз келгенде өзімізбен өзіміз айтысып кеттік қой. Осы екеуінің ортасында басым қатты.

ТАҒАЙ. Өзіңе де сол керек. “Бір сәтке Радик болайын ба?” — деп жүріп, балаңды бөлтірік еттің. Қақпайлаудың орнына қолтығына су бүркіп қағындырып алдың. Енді келіп. “Басым қатты”, — дейді.

АЛТЫН. Радик жалғыз менің ғана балам емес қой.

ТАҒАЙ. Өкінішті!..

АЛТЫН. Не дедің? Не айтып тұрсың? Өкінішті дегенің қалай?

РАДИК. Бұл балаға менің де қатысымның болғаны өкінішті деп тұр.

АЛТЫН. Ах! (Бетін басып жылайды). Бұлай деуге аузың қалай барады… Жасымыз да, кәріміз де ашуды ақылға билете алмайтын болғанбыз ба?

ТАҒАЙ. Иә, солай. Ашудың да ақылдысы бар, ақылсызы бар.

АЛТЫН. Радик, өз бөлмеңе баршы! Бар, бар!

Ол шығып кетеді.

АЛТЫН. Мен… бір баланың жолына… бүкіл мансабым мен атақ-даңқымды құрбан ете аламын.

ТАҒАЙ. Өйткені, ол сенде жоқ. Жоқтың ғана қолы жомарт!

АЛТЫН. Мен саған ренжимін. Бұл сен айтатын сөз емес. Көп болса, бір рет сыналған шығарсың. Көп болса, сыйлық ала алмассың! Осы ма қорқып тұрғаның!?

ТАҒАЙ (ол селт етіп, оған ұзақ тесіле қарайды). Бұл да сен айтатын сөз емес еді. Мен ол үшін қорқып тұрғам жоқ, терезесі тең емес, тырнағыма тұрмайтын біреуге жем болғаныма қиналып тұрмын, білдің бе? Және сол қаңғырған жалаңаяқ — менің баламның досы. Ақымақ болса, бала да жау.

АҚ БАС ШАЛ. Тағай Дайырович!

ТАҒАЙ. Аман Танаевич! Кешіріңіз! Жыл өткен сайын жүйке деген тоза береді ғой деймін. Қызып кеттім білем.

АҚ БАС ШАЛ. Меніңше, газеттердің принципсіздігіне налу керек. Жауапты қызмет адамдары мен ірі ғалымдарды бала-шағаға талатып қоюға олардың хақысы жоқ еді. Тіпті, мақала орынды жазылған күннің өзінде де. Бұл еңбектің сыйлыққа ұсынылып отырғанын олар да жақсы біледі, тіпті, өз газеттерінде жариялаған.

ТАҒАЙ. Бұл менің ойыма кірмепті. Сіз қалай әріден ойлайсыз, Аман Танаевич!

АҚ БАС ШАЛ. Осы үйде сол газет бар ма екен, мен редакторына телефон соғайын.

ТАҒАЙ. Біз… қазақ газеттерін алмаушы ек…

АҚ БАС ШАЛ. Енді қалай таптық? Бір жазушыны танушы ем, сол арқылы біліп алайын.

АЛТЫН. Аман Танаевич! Мына мақала шыққан газет сол емес пе?

АҚ БАС ШАЛ. Туһ, ол ойда болмапты ғой.

ТАҒАЙ. Бұрын оқымайтын газет болған соң!..

Бәрі күледі. Ақ бас шал телефон құлағын бұрайды.

АҚ БАС ШАЛ. Қарғам, редактор өзінде ме екен? Иә, бере қойшы… Сәлематсыз ба? Бұл профессор Танаев қой. Иә-иә. “Ат баспаймын деген жерін үш басады” деген. Газеттеріңізді үзбей оқып тұрамыз. Жалпы, жаман шықпайды. Ара-арасында өзіңіздің де өлендеріңізді оқимыз. А-а?.. Ә-ә, иә, сіз прозаик екенсіз ғой, әңгімелеріңіз дегенім. Иә, кейде өстіп шатасып қалатынымыз болады. Айтпақшы, бүгін бір баланың мақаласын оқыдық. Белгілі онколог жайлы. Иә-иә. Бүкіл медицина қауымы наразылық білдіріп жатыр. Ол кісі белгілі ғалым, үлкен қайраткер. Оның үстіне бұл еңбектің сыйлыққа ұсынылып жатқанын тағы білесіз. Енді, бұл қалай болады? Мен жоғары жаққа телефон соқпас бұрын өзіңізбен сөйлесіп алайын дегенім ғой. Егер бұл бағыттан таймайтын болсақ, онда бәріміз зерттеп жүрген саламызды тастайық та, әлгіндей бала-шағаға тапсырайық. Ол мақаланың авторының кім екенін білесіз бе? Иә-иә. Не дейсіз? Ғалымға ғалым пікір айтуы керек, оны білетін шығарсыз. Және, бұл еңбек сіздер мақтап, даттап жататын шақтан кетіп қалған. Ол ғалым емес, жұмыстан қуылған біреу. Енді осылай кек қайтармақ. Қол  қойған кім? Түсінсем, бұйырмасын… Жарайды, кейін тағы хабарласармын. Сау болыңыз! (Трубканы орнына қояды). Түсінсем бұйырмасын!

ТАҒАЙ. Редактор күтпеген хабар айтты ма?

АҚ БАС ШАЛ. Иә. Мақалаға академик Толыбаев. “Ғылыми жағынан дұрыс”, — деп қол қойып беріпті.

ТАҒАЙ. Солай деңіз!

АҚ БАС ШАЛ. Солай! Бұл мәселені бұрынғыдан да күрделірек еткелі тұр.

ТАҒАЙ (әрі-бері жүреді). Мен академик Толыбаевпен “шай” дескен адам емес едім. Сәлеміміз түзу, қолымыздан келгенше бір-бірімізге медеу боп жүрдік. Түсінсем бұйырмасын!

АҚ БАС ШАЛ. Сол шалдың өзі кейде әділетшіл болып көрінгенді жақсы көретін еді, сол ауруына тағы шалдықпаса. Жарайды, мен қайтайын! (Қоштасып шығып кетеді).

ТАҒАЙ. Жоқ, бұл ауру емес, қастандық. Қызғаныштан туған қастандық! Қаңғып жүрген “данышпанды” қайдан тауып алды екен десеңші! Бәлкім, бұған Радиктің қатысы бар шығар?!

АЛТЫН. Сен немене, өз балаңмен біржола жау болып алғың келіп тұр ма? Мен оған жол бермеймін!

ТАҒАЙ. Мұның төркіні қайда апарып тірейтінін білесің бе? Менімен қарсы болу — академик Толыбаевтың тобына қосылу деген сөз.

АЛТЫН. Қойшы! Сен ашулысың. Ашулы адам әуелі жақынына тиіседі. Сен докторсың, директорсың. Бойыңа лайық сөз таңда. Бозбаладай қызулыққа салыну саған жараспайды.

ТАҒАЙ. Ұстамды бол, төзімді бол! Ал, өзгелер сені талай берсін және сол талаушылардың ішінде өз балаң мен әйелің жүрсін!

АЛТЫН. Мұның да тым ұшқары. Әйелің мен балаңды жау деп танысаң, көрегендігің қайсы?

ТАҒАЙ. Кейде көрегендіктің көк тиынға қажеті жоқ. Жамандыққа жамандықпен жауап беру керек. Олар сонда ғана түсінеді.

АЛТЫН. Бұлай ету екінің бірінің қолынан келеді.

ТАҒАЙ. Япыр-ау… сен табан астында данышпан бола қапсың ғой. Сонда не, менің ғана ақылды болуым, менің ғана таспен ұрғанды аспен ұруым керек, сөйтіп жамандыққа жақсылықпен жауап беруім керек пе? Жо-оқ! Мен Толыбаевпен енді басқаша сөйлесемін!

АЛТЫН. Сен… сен көз алдымда өзгеріп барасың. Бұрын сабырлы сияқты едің, жанарыңда қатыгездік лапылдап тұр ғой.

ТАҒАЙ. Өйткені, жұрт қорыққанын сыйлайтынын ұғып келем. Сенбесең… мен… қазір дәлелдейін. Сенің жетекшіңнің фамилиясы кім еді? Ә-ә, иә-иә. Бұрын тек сыпайы ғана сөйлесіп келгенмін. Қазір даусымды көтеремін. Қорықпа, ол жетекшіліктен бас тартса, басқа біреуін аламыз.

АЛТЫН. Тағай, есің дұрыс па, ұят қой.

ТАҒАЙ. Ешқандай да ұяты жоқ. Қазір, қазір. (Ол телефон дискісін бұрай бастайды). Ало! Сәлематсыз ба? Маған Тәліп Бозжанович керек еді. Ә-ә, бұл сіз бе? Иә, мен ғой. Жақсы, жақсы. Слушайте, мен сіздерге қатты ренжулімін. Екі жылдан бері бір диссертация әлі бітпей келеді. Осының бәрі сіздің солқылдақ мінезіңізден емес пе? Білем, білем, ол жағын айтпай-ақ қойыңыз. Ғылыми еңбек жақын арада баспадан шыққалы жатыр, ал сіздер әлі өңдеп жатырсыздар. Бұл — не бұл? Баспадан шығуға жараған кітап кандидаттық атақ алуға жарамай ма? Жоқ, әйелім болғандықтан емес, мені дұрыс түсініңіз, жалпы, сіздерде логика, принцип деген бола ма, соны білгім келеді, соған ашуланам. Иә-иә. Түсінікті. Кімдер? Ол жағын өзім толтырам. Иә, солай. Ертең… сағат он бірлер шамасында. Сау болыңыз. (Әйеліне). Ертең маған келетін болды. Шаруам бар дейді. Әрі кеткенде, жарты жылда ғылым кандидаты боласың! Сен немене, селқоссың ғой, қуанбаймысың?

АЛТЫН. Білмеймін. Қуанғым келмей тұр. Әлде, айта-айта құлағым үйренгендіктен шығар.

ТАҒАЙ (терезеге қарап). Машина кеп тұр екен. Кеттім.

АЛТЫН. Қайда?

ТАҒАЙ. Қонақтар келуші еді. Шетелден. Солармен колхоздарды аралаймыз. Кешігуім мүмкін, күтпей-ақ қойыңдар. (Әйелінің бетінен сүйіп шығып кетеді). 

                                         *  *  *

Тағайдың жұмыс кабинеті. Креслода отыздардың бел ортасына келген, мейлінше сәнді киінген жігіт отыр. Тағай екі қолын артына ұстап, кең кабинет ішінде жүре сөйлеп жүр.

ТАҒАЙ. Айтыңызшы, сіз диссертацияны не үшін қорғағалы жүрсіз?

ЖІГІТ. Түсінбедім, Тағай Дайырович.

ТАҒАЙ. Түсінбейтін несі бар? Қарапайым ғана сұрақ. Диссертация сізге не үшін керек?

ЖІГІТ. Кешіріңіз… (Орнынан тұрады). Бұл сіз сияқты компонентті адамның сұрағына ұқсамайды.

ТАҒАЙ. Ұқсады делік.

ЖІГІТ. Қалай?.. Ім-м… ғылым үшін…

ТАҒАЙ. Сіздің еңбегіңіз болмаса, медицина ғылымы ақсап қалады деп ойлайсыз ба?

ЖІГІТ. Тағай Дайырович… Мұндай сұраққа жауап беру үстінде адам байқамай артық айтып, арға тиюі де мүмкін.

ТАҒАЙ. Жоқ, ашуланбай, салқын жауап беріңіз.

ЖІГІТ. Мен бұл сұраққа жауап беруден бас тартқанды жөн көріп тұрмын, Тағай Дайырович.

ТАҒАЙ. Иә, солай. Қарапайым сұрақтың жауабы оңай тимейді. Мен де ойланғам. Және бұл сауал өзінен-өзі келген жоқ, бір ғалымның… бір жігіттің ойда жоқта қойған сұрағы түрткі болды.

ЖІГІТ. Сізге сауал қойып жүр ме?!

ТАҒАЙ. Солай болды делік.

ЖІГІТ. Ол неткен жүректі… Жоқ, неткен көргенсіз жігіт!

ТАҒАЙ. Неге? Жоқ, алғашқы пікіріңізді неге өзгерттіңіз деймін? Сіздің шын ойыңыз сол еді ғой, рас емес пе?

ЖІГІТ. Әуелгі сөз көп ретте асығыс айтылады.

ТАҒАЙ. Бірақ, көп ретте дәл шығатыны бар. Сонымен, жауап бермедіңіз? Жүректі жігітті «жүректі» деп айта тұрып, сол пікірді ұстап қалуға жүрегіміз шыдамады. Һе-һе-һе! Сіз… өткен жолғы мақаламен жақсы таныссыз. Қалай ойлайсыз, ондағы сын пікірлер дұрыс па, бұрыс па?

ЖІГІТ. О не дегеніңіз! Бастан аяқ далбар.

ТАҒАЙ. Академикке «далбар» дегеніміз жарасар ма екен?

ЖІГІТ. Академик?! Мақала авторы белгісіз біреу еді ғой.

ТАҒАЙ. Барлық жерде идеяның бір жетекшісі болады. Бұл мақаланың жетекшісі — академик Толыбаев.

Пауза.

ЖІГІТ. Бұл күтпеген жай екен. Иә, мүлде күтпеген жай.

ТАҒАЙ. Бастан аяқ далбар ма, әлде…

ЖІГІТ. Аздап далбарлау-ау деймін, Тағай Дайырович!.. Ім-мм…

ТАҒАЙ. Сіз тағы да алғашқы ойыңыздың асығыс болғанын дәлелдемекшісіз бе? Керегі жоқ. Естуімше де, байқауымша да, сіз батыл жігітсіз. (Жігіт басын кегжең еткізеді). Сізге турасын бір-ақ айтқым кеп тұр. Бастан аяқ далбар ма, әлде аздап далбарлау ма, сол жағын нақты көрсетіп, газетке мақала жазасыз (Ол селт етеді).

ЖІГІТ. Тағай Дайырович…

ТАҒАЙ. Және мақаланың тез арада дайын болғаны абзал.

ЖІГІТ. Мен әлі диссертация қорғаған жоқпын ғой…

ТАҒАЙ. Мақаланың жариялануы жайлы қам жемеңіз. Менің журналистермен байланысым өте жақсы. Келесі дүйсенбі екеуміздің дәл осы кабинетте сіздің мақаланы оқитын күніміз. Сау болыңыз. (Ол жігітке қолын ұсынады. Жігіт оның қолын алып, шыға береді). Есіңізде болсын, келесі дүйсенбіге шейін сіз екеуміздің ауруға, аяқ астынан жол жүруге, немесе басқа да күтпеген оқиғаларға тап болуымызға хақымыз жоқ. Ауырмаңыз, сырқамаңыз, үй ішіңіз аман болсын. Менің қарамағымда бөлім меңгерушісінің орынбасары екеніңіз және мен сіздің ғылыми жетекшіңіз екенімді ұмытпасаңыз, бәрі де ойдағыдай боп шығады. Көріскенше!

ЖІГІТ. Сау болыңыз.

Ол қайтып кеп орнына отыра бергенде, хатшы қыз кіреді.

ХАТШЫ ҚЫЗ. Сізге Тіл білімі институтының бір ғылым докторы келіп тұр.

ТАҒАЙ. Кіре берсін.

Кабинетке арықша келген, ұзын бойлы кісі енеді. Киім киісі ғылым докторынан гөрі ауыл мұғаліміне көбірек ұқсайды. Тағай оған қарсы жүреді.

ТАҒАЙ. О, не деген ұқыптылық! Дәл он бір! Гуманитарлық ғылым адамдарында өте сирек кездесетін дәлдік. Сәлематсыз ба? Жоғары шығыңыз. Отырыңыз!

Ол кісі әлгі жігіт отырған креслоға жайғасады.

ТАҒАЙ. Иә, институттарыңызда не жаңалық бар? Директорыңыз… Ім-м… әлгі кісі… Са… Са…

КІСІ. Марс Смағұлов.

ТАҒАЙ. Иә, иә! Кісі аттары есте тұрмайтын бір ауру пайда болды. Өткен жылы Москвада “Россия” қонақ үйінде кездескенім бар. Преферансты өте жақсы ойнайды. Реті келсе, келіншектерге де кет әрі демейтін серілігі бар ғой деймін.

КІСІ. Бар болса, бар шығар. Қазір жұрттың бәрі қабілетті ғой.

ТАҒАЙ. Сіз директорыңызды ұната бермейсіз-ау, шамасы.

КІСІ. Иә. Жек көрем!

ТАҒАЙ. Ғалым ретінде мойындамайсыз ба, әлде адам ретінде жек көресіз бе?

КІСІ. Менің бар сырымды біліп алмақсыз-ау… Басқа ауылдың қорасына үңілгеніңіз өз басыңызға жараса қояр ма екен?.. Дегенмен, айтайын. Қазіргі директорды барлық жағынан жек көрем. Оның білімі нашар. Әдебиет саласында не болып жатқанын білмейтін медицина саласының адамдары секілді ол да онкология саласында қандай еңбектер пайда болғанынан мүлдем хабарсыз. Және бұл сала Қазақстанда екі аяғынан бірдей ақсап жатыр деген пікірдің адамы.

ТАҒАЙ. С-солай деңіз! Мен оның бұл ойын бұрын білсемші. Бәсе, анау қалың қара мұрты біраз қулық пен зәлімдікті жасырып тұрғандай көрініп еді-ау!

КІСІ. Тағай Дайырович! Мен қысқасына келейін. Сіздің кешегі телефон соғуыңыз, сөйлеген кездегі даусыңыздан байқалған үстемдік біршама ашу-ызамды қоздырып, намысыма тиді. Мен өз үйімде, әйелім мен бала-шағамның алдында дауыс көтеріп, мінез танытуды әлсіздік деп түсінетін адаммын. Сондықтан, әңгімені бүгін жалғастыруды жөн көріп едім.

ТАҒАЙ. Солай деңіз!

КІСІ. Сіздің қызметіңізде, лауазымыңызда, басшылардың алдындағы беделіңізде менің шаруам жоқ. Бар білетінім — ақ қағаз, соған түскен жазу. Мен бәрін де сол жазу арқылы танимын, сол жазу арқылы бағалаймын, демек өз саламда адал болуға тырысам. Оның кімге қалай көрінетінін құдай білсін, сөйтсе де ғылым бізден әділдікті талап етеді. Сіздің жұбайыңыздың, кешіріңіз, филологиямен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын өзіңіз жақсы білесіз, біле тұра оны мүлде басқа өріске айдап отырсыз, онымен қанағаттанбай жетекшісіне телефон соғып, дауыс көтеруді бойыма лайық деп таптыңыз. Айтыңызшы, мұндай правоны сізге кім берді?

ТАҒАЙ. Сіз… менен жауап алғалы келдіңіз бе?

КІСІ. Ашу шақырмаңыз, салиқалы жауап беріңіз, ол сіздің ішкі мәдениетіңізді танытады.

ТАҒАЙ. Мәдениеттің жолында намысымды құрбан ете алмайтынымды біліп қойғаныңыз артық болмас деп ойлаймын.

КІСІ (күліп). Қызық екен! Мен сіздің арыңызға тиген жоқпын, қандай намыс туралы сөз қозғап отырсыз? Бұл жерде намыс туралы мен сөйлеуге тиіспін, ал сіз алдымды орап отырсыз. Кешірім сұраңыз.

ТАҒАЙ. Мен бе?! Не үшін!

КІСІ. Маған дауыс көтергеніңіз үшін. «Диссертацияны тездет!» деп ғалымның намысына тигенініз үшін!

ТАҒАЙ. Жоқ! Ешқашан да! Басқа шаруаңыз болмаса, осымен әңгіме бітті.

КІСІ. Ғылым – сіз екеумізден де жоғары ұғым.

ТАҒАЙ. Бос сөз! Ғылымды ойлап тапқан адам. Демек, ғылым – адамның қызметшісі. Ал, қызметшінің қожайыннан биік болуы мүмкін емес.

КІСІ. Сізді қайдам, мен ғылымға қызмет етемін.

ТАҒАЙ. Оны өзіңіз біліңіз. Филологтар жалған философия мен жалған адалдықты, абстракцияны ұнататынын білуші едім, бірақ дәл осылай бала секілді түсінікке қимайтынмын. Амал қанша, оған өзіңіз көзімді жеткізіп отырсыз.

КІСІ. Филология — халықтану ғылымы. Ол ғылымдардың атасы екенін білетін шығарсыз.

ТАҒАЙ. Болса  болған шығар. Бір кезде. Қазір оның халыққа берері шамалы. Ол – халықтың есейіп, қартайып кеткен тұңғыш баласы. Адамзатқа басқа ғылым қажет.

КІСІ (паузадан соң). Сізбен бұл мәселеде пікір таластырудың артық екенін ұққан секілдімін. Театр мен филармонияның қайда екенін білмейтін физиктерді, опера мен опереттаны бір деп ұғатын химиктерді, жазушы мен журналистерді ажырата алмайтын партия қызметкерлерін де көргем. Өлген жоқпыз, тірі жүрміз. Тірі болсақ, талайын көретін шығармыз деген үміт бар.

ТАҒАЙ. Сіз менің жұбайымның ғылыми жетекшілігінен бас тартыңыз. Мен өз тарапымнан әйелімді көндіруге тырысармын.

КІСІ. Қалауыңыз білсін. Бұл – сізге ғана тән сөз. Бірақ, мен бас тартқанмен институт қалады ғой. Әлде, оны да басқа бірдемемен ауыстырасыз ба?

ТАҒАЙ. Институтта менің шаруам жоқ.

КІСІ. Құдайға шүкір. Мен сол институттың директоры едім, далада қалам ба деп зәрем қалмады ғой.

ТАҒАЙ. Директорыңызды ұнатпайды екенсіз, оны келеке етпеңіз.

КІСІ. Өзім жайлы не айтсам да, қалай айтсам да, хақым бар шығар. Мен сол институттың директорымын. Кешеден бері. Қалай естімегенсіз.

ТАҒАЙ (сенімсіздеу). Рас бола қойғанның өзінде де дүниені дүрліктірер жаңалық емес қой.

КІСІ. Айтпақшы, сіздің институттың жанындағы ауруханада менің қарт анамның жатқанын білесіз. Біздің пендешілігіміздің салқыны ол кісіге жетпес деп сенем. Өйткені, айықпас аурудың адамдары өмірге сіз екеумізден гөрі биіктен қарайды. Жер бетіндегі тірі қалып бара жатқанда бітіреріміз шамалы, жауласарымыз ұсақ-түйекке байланысты екенін ақтық сәтте олардың есіне салмай-ақ қоялық. Көріскенше күн жақсы болсын! (Шығады).

Тағай кабинетінде жалғыз қалып, әрлі-берлі ой үстінде жүреді. Кенет телефонға жармасады.

ТАҒАЙ. Бұл мен ғой. Слушай, сенің ғылыми жетекшің институт директоры ма, әлде жай сөз бе? Қазір ғана менде болып кетті. Сен оны маған неғып айтпай жүрсің? “Не болушы еді”, – дегені қалай?.. Ештеңе де. Бірақ, әйеліңнің жетекшісінің не қызмет істейтінін білмеу өзіңе де, маған да ыңғайсыз емес пе? Кеше телефон соғып жатқанда, неге есіме салмадың? Менің батылдығымды сынағың келді ме? Туһ, гуманизм деген байғұсты жайдақ мініп, жауыр ғып біттіңдер-ау! Одан сескеніп тұрған кім бар, маған десе пайғамбар болсын, маған келіп-кетері қайсы?.. Қалай өзі, дұрыс адам ба? Қайдам… есі кіресілі-шығасылы сияқты ма?.. Бір сөзі тәуір, бір сөзі жауыр… Әйел?! Ол қайдағы әйел?! Жұмысы бар ма екен? Білмедім! Москвадан болса, осында келер… шаруасы бар шығар. Ха-ха-ха! Менің сан ғашықтарымның бірі ғой, ха-ха-ха! Ойларың он жыланның тіліндей талай қуысты тіміскілейді-ау! Махаббаттан басқа менің шаруам жоқ еді! Болды, жарайды. “Данышпан” қайда? Экзаменге? Тапсырып келген соң бағасын айта салыңдар. Жетекшің жайлы қалғанын барғасын айтам. Гут бай! (Ол қоңырауды басып, секретарын шақырады). Бас дәрігер осында ма?

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Иә, осында. Шақырайын ба?

ТАҒАЙ. Керегі жоқ. Жарты сағаттан соң стационарлық бөлімді аралауға дайындалсын. Менімен бірге.

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Жақсы, айтайын.

ТАҒАЙ. Ім-м… Москвадан бір әйел келу керек еді. Мен жоқ болсам, күте тұрсын деңіз.

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Жарайды.

Шығады. 

                                          *  * *

Тағай мен Бас дәрігер ауруларды аралап жүр. Олар егде тартқан бір кісінің қасына кеп отырады.

БАС ДӘРІГЕР. Қалай, ақсақал? Немереңіз үйлену тойына шақырту билетін жіберем дегелі көңіл-күйіңіз жақсарды-ау деймін!

ЕГДЕ КІСІ. Жақсарды ғой. Мына кісі кім?

БАС ДӘРІГЕР. Біздің институттың директоры. Сырттай жақсы білесіз.

ЕГДЕ КІСІ. Білем, білем. Бәрін білем. Тіпті, күні кеше әдебиет институтына директор болған Бозжановты да білем. Ауру бізді кемірген соң, біз газет-журнал кеміреміз. Басқа қолдан не келеді?

БАС ДӘРІГЕР (Тағайға). Бізде жатқанына бір жарым ай болды. Көкшетау облысынан.

ТАҒАЙ. Ақсақал, бұрын не қызмет істеп едіңіз?

ЕГДЕ. КІСІ. Абитуриент болғам.

ТАҒАЙ. Өзіңіз әзілді сүйесіз-ау деймін…

ЕГДЕ КІСІ. Әзілі жоқ. Барлық өмірім сіздің институтқа түсу үшін өткен екен. Ұзақ уақыт дайындалыппын ғой. Көп ұзамай институттарыңызды бітіріп, қолға диплом алған соң, “шу” деп тартып отырамыз.

БАС ДӘРІГЕР. Немереңіздің тойы Алматыда өте ме, ауылда өте ме?

ЕГДЕ КІСІ. Алматыда. Мен тап бір осында операция жасатып ішімнен ақша алдырып жатқандай, әкесінен сұраудың орнына кеше маған жетіп кепті. Жүзік аламыз, көйлек тіктіреміз дейді.

ТАҒАЙ. Бәрін қағып кетті десеңізші (Күледі).

ЕГДЕ КІСІ. Қалдырдым ғой. Қалғаны табытқа жетеді.

Директор күлкісін тыйып, сұрланып, үнсіз қалады. Мұндай сөзді көп естіп, кұлағы үйренген Бас дәрігер сыр білдірмей отыр.

БАС ДӘРІГЕР. Осыдан сізге ерегіскенде бар ғой, жазылып шыққан соң үйіңізге жаяу қайтармасам ба…

ЕГДЕ КІСІ. Мен бала емеспін. Ауруымның сырын білем. Өлімнен қорқады деп ойлайсыз ғой. Жоқ. Жаманды-жақсылы тіршілік еттік. Енді ілініп-салынып жүргеннен не пайда? Кету керек. (Күліп). Дипломмен!.. Осында бір ақын жатыр. Бұрын білуші ем. Тағдырдың мені де осы институтқа түсіргеніне ризамын. Қолымнан келсе, қалған аз ғұмырымды соған сыйлар едім. Бәрімізден гөрі халыққа сол қажеттілеу сияқты. Өлең туралы сөз айтса, көп адам елең етпеуші еді, әлі солай шығар. Бірақ, уақыт тауып тыңдап көріңіздер. Менімен сөйлескеннен не пайда. Карта ойнайтын кезіміз болып қалды. Кеше 26-палатадағы екеу сыпырып ұтып кетіп еді. Директор жолдас, маған таңданып қарамай-ақ қойыңыз, бұл жерде карта ойнауға болмайтынын білем. Бірақ, өмір бойы абитуриент боп мұғалімдердің айтқанынан бір шықпадық қой, енді аз ғана студенттік өмірді қалауымызша өткізсек айып болмас.

ТАҒАЙ. Жақсы. Сау болыңыз!

Олар басқа палатаға кіреді. Мұнда төрт адам жатыр. Ортасында өлең оқып Ақын тұр. Бұлар кіргенде олар жалт қарасып, Ақын бөгеліп қалады. Бірақ, Бас дәрігер. “Жалғастыра бер” дегендей қолын көтеріп, ишарат етеді де, екеуі келіп орындыққа жайғасады.

Мен сені сыйламасам, түсінбесем,

Жүрмес ең әр жырымның ішінде сен,

О, менің пайғамбарым!

Сен болмасаң,

Тірі пенде алдында кішірмес ем!

 

Ат басы алтын берсе табылмаған,

Еншім бар менің сенде алынбаған!

Қобызың емес пе едім қолыңдағы,

Ұмыттың неге мені, жаным бабам?

 

Қатыбас өмірден мен пайда алмадым,

Жаныммен жазған жырым — жайған малым.

Қылышың емес пе едім қолыңдағы,

Жоғалттың неге мені, пайғамбарым?

Ат басы алтын берсе табылмаған,

Сыбағам қайда менің алынбаған?

…Бір түйір кәрі көздің жасы емес пе ем,

Ұшында сақалыңның дамылдаған.

ӨЗГЕЛЕР. Тағы да! Тағы біреуін! Сенің өлеңдеріңдей дәрі медицинада жоқ.

АҚЫН.

Көп кешікпей көктем де келер енді,

Көгеретін тіршілік көгереді.

Қу бұтағы арса-арса кәрі еменге

Келер көктем, білмеймін, не береді?

 

Көп кешікпей көктем де келер енді,

Көгереді ауылдың төңірегі.

Ерте кеткен досымның қабірі тұр,

Келер көктем, білмеймін, не береді?

 

Көп кешікпей көктем де келер енді,

Барлық нұрын көл-көсір төгер енді.

Сағынышын сарыққан, жапа-жалғыз,

Менің жесір жеңгеме не береді?

 

Көгереді…

Барлығы көгереді.

Ой да, қыр да, даланың төбелері.

Әлі құрып баратқан ару досқа,

Осы көктем, білмеймін, не береді?

 

Көп кешікпей көктем де келіп қалар,

Есінетіп, есіртіп, ерікті алар.

Азан-қазан аспанның қоңырауы

Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар…

АҚЫН. Сәлематсыздар ма? Тәке, сізді де көретін күн болады екен ғой. Денсаулықтың қадірін білу үшін сырқатпен сырлас, тіршіліктің қадірін білу үшін мола арала. Біздің арамызға жиі келіп тұрсаңыз, ешқандай зияны тимейді.

БАС ДӘРІГЕР (Тағайға). Бұл кісі — әлгі айтқан ақын. Бізде жатқанына үш ай болды. Мына кісі — журналист, мына кісі — шахтер, мына кісі — партия қызметкері, бұл кісі — мұнайшы, Маңғышлақтан.

АҚЫН. Бәріміз бір атаның баласындай татумыз. Бәріміздің тереземіз тең.

БАС ДӘРІГЕР. Директорға айтар бұйымтайыңыз бар ма?

АҚЫН. Менде бір өтініш бар. 42-палатада жатқан қызды бүгін шығармақшы. Түнімен зарлап жылап шықты. Сырқатының үмітсіз халде екенін әлдекімнен естіп алған көрінеді. Жасы он жетіде. “Жанашырым жоқ”, — дейді. Барлық өнерлеріңізді салып, соның диагнозын басқа деп түсіндірсеңіздер екен. Ол жас қой, сенеді.

Директор Бас дәрігерге қарап, екеуі әлденеге келіскендей, бастарын изейді.

ТАҒАЙ. Жаңа шыққан кітабыңыз болса, біреуін сыйларсыз деп ойлаймын.

АҚЫН. Оқымаған кітаптың бәрі жаңа. Былтырғы біреуін үйден алдырып сыйлайын.

ТАҒАЙ. Күні бұрын рақмет. Ал, сау болыңыздар.

БӘРІ. Сау болыңыздар.

Олар коридормен келе жатқанда, алдарынан Кемпір шығады.

БАС ДӘРІГЕР. Амансыз ба, апа? (Тағайға). Әдебиет институтына жаңадан болған директордың шешесі.

КЕМПІР. Құдайға шүкір. Күнімізді тәспідей санап жүріп жатырмыз.

БАС ДӘРІГЕР. Жақында жазылып, үйіңізге қайтасыз. Жүз жасайсыз әлі.

КЕМПІР. Қайдағыны айтпашы! Сонда жалғызымның артында қалмақпын ба?

БАС ДӘРІГЕР. Балаңыз да жүзден асады дегенім ғой.

КЕМПІР. Керегі жоқ, Алла разы болсын! Екі баласының артында қалып не бітірмек!

БАС ДӘРІГЕР. Балаңыздың үлкен бастық болғаны құтты болсын!

КЕМПІР. Ол жұмысы ауыр дейді ғой өзі. Айырпланмен көп ұшады екен. Аман жүрсе болғаны. Жұмысынан келген соң көз алдыңда отыратын бұрынғысы жақсы еді… Мына бала — қай бала?

БАС ДӘРІГЕР. Бәріміздің бастығымыз, апа. Сіздің балаңыз секілді осы институттың директоры.

КЕМПІР. Е-е, өркенің өссін, қарағым. Әке-шешең бар ма?

ТАҒАЙ. Жоқ.

КЕМПІР. Неше балаң бар?

ТАҒАЙ (қысылып). Біреу.

КЕМПІР. Көтек! Келін не бітіріп жүр?

БАС ДӘРІГЕР. Ол кісі де ғалым. Кітап жазады. Қолы тимейді, апа.

КЕМПІР. Күні-түні жаза ма?

БАС ДӘРІГЕР. Иә… Күні-түні.

КЕМПІР. Шіркін-ай, қадалып отыра бермей, ара-арасында демалмай ма екен…

БАС ДӘРІГЕР. Бізге айтатын сөзіңіз жоқ па? Дәрігерлер жақсы қарап жатыр ма?

КЕМПІР. Жақсы ғой, жақсы. Бір тілегім бар, шырақтарым. Көз жұма қалсам, кәрі денені қиқаламай, теріме жуалдыз тықпай, баламның қолына беріңдер. Сол. Басқа не тілегім болсын.

БАС ДӘРІГЕР. Сау болыңыз, апа!

Тағай мен Бас дәрігер оңаша келеді. Екеуі де өз ойымен, үнсіз. Сәкіге кеп отырады.

ТАҒАЙ. «Денсаулықтың қадірін білу үшін сырқатпен сырлас…». Жақсы айтты. Байқауымша, мұнда жатқандардың бәрі өздерінің немен ауыратындарын білетін сияқты. Сіздер оларға айтып қоясыздар ма, қалай?

БАС ДӘРІГЕР. Қалай десем екен, Тағай Дайырович!.. Қазір жұртты алдай алмайсың. Алдағанға көнетін бала емес. Бәрібір біліп алады. Көзқарастан-ақ біледі. Осында жатқандардың бәрі де сезеді. Есіңізде ме, былтыр сырқатының сырын біліп қойған екі адам есінен ауытқып, психиатриялық ауруханаға ауысып еді ғой. Солардың біреуі жақында келіп кетті. Құлан таза сауығып кеткен. Амандасуға келіпті.

ТАҒАЙ. Білем. Мақала да жаздым ғой.

БАС ДӘРІГЕР. Иә-иә! Солай екен-ау!..

ТАҒАЙ (сағатына қарап). Сағат бірден асып кетіпті ғой. Маған біреу келу керек еді. Түстен кейін әңгімелесерміз. 

                                      *  * *

Тау етегі. Сарқырап аққан өзен жағасында Тағай мен жас келіншек отыр. Тағай плавкамен, әйел купальникпен. Қол радиодан “АББА” ансамблінің орындауында “Ақша, қайран ақша” әні естіліп тұр.

ӘЙЕЛ. Сонымен, сен бүгін қайдасың?

ТАҒАЙ. Шетелден келген қонақтармен жүрмін. Өткен жолы Москвадан келген кісілермен бірге болғам. Жоғары жақтан келген сыйлы кісілермен! Ха-ха-ха!

ӘЙЕЛ. Великий конспиратор!

ТАҒАЙ. Сен де қалыспайсың! Москвадан келген қонақ! Қызмет бабымен! Үйге телефон соққаның не? Жұмыста екенімді білесің ғой.

ӘЙЕЛ. Әйеліңнің даусын сағындым! (Ұзақ күледі).

ТАҒАЙ. Бұл қауіпті сағыныш екен. Сезіп қойса қайтесің?

ӘЙЕЛ. Сезсе сезсін. Сені ол жақсы көргенде, менің жақсы көруге хақым жоқ па?

ТАҒАЙ. Мұндай правоңды әйеліме телефон соғу арқылы ала алмайсың. Қайта, бәрін бүлдіресің.

ӘЙЕЛ. Кейде бүлінгені жақсы сияқты. Менің сөзімнен шошиын дедің бе?

ТАҒАЙ. Жоқ. Сенің аяр емес екеніңді білем. Сені сол үшін де жақсы көрем ғой.

ӘЙЕЛ. Құрбандықты кім жек көрсін. Айтшы, мен бүйтіп қашанғы жүрем?

ТАҒАЙ. Сен бүгін түс көргенсің бе? Өзіңе мүлдем ұқсамайсың ғой.

ӘЙЕЛ. Жалғыз әйелдің мінезі таулы алқаптың ауа райындай құбылғыш келеді. Міне, үш жыл болды. Тек үміт, қиял, қиял, сонан соң тағы үміт. Әр таңнан бір жаңалық күтем. Ешқандай өзгеріс жоқ. Бір сарын, бір әуен, кешегі тіршілік. Сол қалпымен бүгін де, ертең де қайталана береді. Шегі де, шеті де көрінбейтін сияқты.

ТАҒАЙ. Менің қолымнан не келеді, өзің айтшы. Сенің маған деген адал көңілің үшін, махаббатың үшін еш нәрседен аянбайтынымды білесің ғой. Бірақ, менің жағдайымда көз жұмбайлыққа салынып, бәріне қолды бір-ақ сілтеу де қиын. Оны өзің де түсінесің.

ӘЙЕЛ. Иә… Түсінем… Әйел байғұс ер адамды әрқашан түсінеді ғой, ал еркек… барлық уақытта түсіне бермейді. Кейде әйел болып жаралғаныма өкінем. Әйел болып жаралу — тек күту, кешіру, түсіну, төзу (даусын көтеріп), берілу, арыңды аяққа таптау!..

ТАҒАЙ. Саған не болды?! Сабыр етші, кәне! Сенімен кездеспегелі де біраз болды-ау деймін. ұшақтап, ернінен сүйеді). Міне, елу грамм коньякты тартып жіберсең, көңілің орнына түседі.

Келіншек қағып салады.

ӘЙЕЛ. Біз бүгін қалаға қайтамыз ба?

ТАҒАЙ. Түнгі сағат он екі, бірлерде машина келу керек.

ӘЙЕЛ. Егер машинаң сынып қалса ше?

ТАҒАЙ. Таңға шейін бірге боламыз. Шетелден келген қонақтар қазақтың киіз үйінде түнегісі келеді!

ӘЙЕЛ. Тағай!

ТАҒАЙ. Құлағым сенде. Айта бер, мен кешкі төсекке орын дайындай берейін.

ӘЙЕЛ. Егер, екеуміз қосылсақ, сен сонда да “шетелдік қонақтармен” бірге боласың ба?

ТАҒАЙ. Егер, шын мәнінде, олар келетін болса…

ӘЙЕЛ. Ал, шын мәнінде, келмесе ше?

ТАҒАЙ. Онда сенімен болам.

ӘЙЕЛ. Сенбеймін. Шетелдік қонақтармен жүріп дағдыланып қалған адам кенет үйге қамалып қала алмайтын секілді. (Пауза). Кейде бар ғой, сенің әйеліңе жаным ашиды. Ол байғұс қой, асын да ішпей сені күтіп отыр. Сенің қас-қабағыңды бағып, сенің абыройыңды, сенің саулығыңды тілейді. Сондағы тапқаны — осы. Кейін, егер екеуміз бір тұра қалсақ, менің де көрер күнім сол емес пе? Одан не жақсылық табам? Саған қосылып алып, қай кезде келер екен деп терезеден телміріп отыру ма, табарым? Енді не? Әлде, бір үміт, бір қиял, осылай тіршілік ете беру ме? Білмеймін, Тағай… Менің жылағым келіп отыр.

ТАҒАЙ. Сен кітапты көп оқисың және соның бәрі рас деп ойлайсың.

ӘЙЕЛ. Оқымағандар да жетісіп жүрген жоқ.

ТАҒАЙ. Қойшы, менің көңілімді қобалжытпашы. Қарашы, күн алаулап батып бара жатыр. Қандай тамаша!

ӘЙЕЛ. Тағай! Мен… екі қабатпын!

ТАҒАЙ. Онда, маған шекесі торсықтай бір ұл тауып бересің. Радионы Алматыға қойшы. Жарты сағаттан соң мен туралы радиоочерк беріледі.

ӘЙЕЛ. Мен шын айтып отырмын.

ТАҒАЙ (оған жақындап). Неге сақтанбағансың? Денсаулығыңды бұзасың ғой.

ӘЙЕЛ. Денсаулығымды бұзбас үшін… мен оны бұл жолы алдырмаймын.

ТАҒАЙ. Жанат! Шын айтып отырсың ба?

ӘЙЕЛ. Иә, шыным.

ТАҒАЙ. Жанна! Ақымақ болмасаңшы! Ол баланы дүниеге келтіріп, жұрт бетіне қалай қарайсың! Кімнен таптым дейсің?

ӘЙЕЛ. Анаға бәрібір. Баланың аты — бала. Жұрт сөзінде менің шаруам жоқ!

ТАҒАЙ. Қой, есіңді жи, Жанна! Бір жолға тағы тәуекел!

ӘЙЕЛ. Төртінші рет баламды алдырмаймын. Менің ана болғым келеді! Енді алдырсам, ана болу-болмауым екіталай.

ТАҒАЙ. Бәрін өзім жасаттырамын, Жанна! Сенің денсаулығыңа ешқандай зиян келмейтін болады, түсінесің бе, Жанна!?

ӘЙЕЛ. Коньяктан құйшы.

Тағай стаканға коньяк құйып ұсынады.

ӘЙЕЛ. Біздің болашақ перзентіміз үшін! (Ішіп салады).

ТАҒАЙ. Жоқ! Жоқ! Есіңді жи, Жанна! Өтінемін, жалынамын! Тым болмаса, бір жылға қоя тұр. Қазір баланың екеумізге түк те қажеті жоқ.

ӘЙЕЛ. Сен… қорықпай-ақ қой. Сен туралы бір пендеге айтпаймын. Сәби дүниеге келген соң, егер сен қаласаң, бұл қаладан көшіп те кетуге дайынмын. Сорлы әйел көнеді ғой, қайда барады.

ТАҒАЙ. Мен сенен хабар үзбеймін. Өзім келіп, барлық жағдайыңды біліп тұрамын, Жанна! Мен барда еш нәрседен қысылма, еш нәрседен қам жеме. Өмірден таршылық көрмейсіңдер.

ӘЙЕЛ. Солай де! Өмірден таршылық көрмеймін бе? Рас айтасың ба?!

ТАҒАЙ. Иә, ақ шыным!

Ол Тағайды шапалақпен салып жіберіп, машина жүріп жатқан көшеге қарай жүгіре жөнеледі. Оның соңынан Тағай да жүгіреді.

ТАҒАЙ. Жанна! Жанна! Тоқта, тоқташы деймін! Тоқта! (Қуып жетеді). Мұның не? Қала алыс, қалай жетпексің? Жүр, екеуміз армян коньягін ішеміз. Ашуыңды басшы. Қате айтсам, кешір!

ӘЙЕЛ. Жоқ. Жоқ!

Таяуда қыдырып жүрген жігіттердің екеуі алдарынан шыға келеді. Күтпеген жерден Радик келеді. Ол әкесін көріп сілейіп тұрып қалады.

ЖІГІТ. Азамат, біздің заманда әйел баласына күш көрсетуге болмайды.

ТАҒАЙ. Онда шаруаларың қанша!

ЖІГІТ. Оһо! Сіз мәдениетті сөйлесуді білмейді екенсіз. Босатыңыз әйелді.

ТАҒАЙ. Бұл — өз әйелім!

ЖІГІТ. Өз әйелін тауға әкеліп жұлқылап жатқан еркекті көрген емеспіз! Ей, философ, мұнда кел! Бар қызықтан құр қалдың.

Күтпеген жерден Радик келеді. Ол әкесін көріп сілейіп тұрып калады.

РАДИК. Па-па-а!

Кейін қарай жүгіре жөнеледі. Қалған жігіттер оның соңынан кетеді.

ЖІГІТ. Радик! Не болды! Тоқта!

ТАҒАЙ. Бәрі де бітті!..

Екеуі екі жерде тас мүсіндей қатып қалған. Радиодан Тағай жайлы очерктің соңы естіліп тұрады.

ДИКТОР. “Тағай Дайырович бұл күнде үлкен ғалым ғана емес, белсенді қоғам қайраткері әрі үлгілі семья басшысы. Оның жұбайы Алтын Дайырова әдебиет тарихын зерттеумен шұғылданып жүрсе, ұлы Радик медицина институтының төртінші курсында. “Әкеге қарап ұл өседі” дейді халық мәтелі, сол айтқандай, сіз де жастардың үлгі тұтар ағасы боп қиядан-қияға самғай беріңіз!

Сіздердің тыңдағандарыңыз “Самғау” атты радио-очерк.

Алматы уақыты 21 сағат 31 минут. Мұқан Төлебаевтың “Біржан — Сара” операсынан монтаж тыңдаңыздар”. 

                                     *  *  *

Тағайдың таныс үйі. Креслода оның әйелі мен Ақ бас шал отыр.

АЛТЫН. Кешеден бері жоқ, шетелдік қонақтармен боламын деп еді. Жұмысына телефон соқсам, әлі келмеді дейді. Сіз министрлікпен хабарласыңызшы, қайда жүргенін солар білетін шығар.

АҚ БАС ШАЛ. Күте тұрайық, келіп қалар. Бірақ, шетелден қонақтар келеді дегенді естіген жоқ едім. Бәлкім, бізді шалсынып айта бермейтін шығар.

АЛТЫН. Радиктің жатысы болса — анау. Дәрігерлер әлі диагнозын толық анықтай алмай жатыр. Түнде ауруханаға түсіпті. Жолдастары апарып салған көрінеді. Ерекше толқудан қан қысымы жоғарылаған дейді.

АҚ БАС ШАЛ. Құдай сақтасын, сабыр қылыңыз. Балаңызбен сөйлестіңіз бе? Өзі не дейді.

АЛТЫН. Көргенде денем түршігіп кетті. Менен көзін алмай болтиып жатты да қойды. Ләм деп тіл қатпады. (Көзіне жас алады).

АҚ БАС ШАЛ. Жыламаңыз, жылағанмен еш нәрсе өндіре алмайсыз. Осыдан шыққан соң ауруханаға соғып, дәрігерлермен өзім сөйлесермін.

АЛТЫН. Сөйтіңізші, құдай үшін! Тезірек барыңызшы.

АҚ БАС ШАЛ. Жетекшіңізге көңіл айттыңыз ба?

АЛТЫН. Оған не бопты?

АҚ БАС ШАЛ. Шешесі қайтыс бопты ғой. Бүгінгі газеттерде көңіл айтқан хабар жүр.

АЛТЫН. Газет қарауға мұршам болды ма? Осы уақытқа дейін хабарсыз жатқанымыз ұят болған екен. Тағай келген соң барармыз. Екеуі кеше сөзге келісіп қалған сияқты еді, тіпті қолайсыз болды-ау…

АҚ БАС ШАЛ. Тағай туралы газетке мақала жазатын жігіт Москваға қызметке кететін болыпты. Толыбаевтан естідім.

АЛТЫН. Бұл дүниенің жаңалығында шек бар ма?! Сіз Радиктің дәрігерлерімен сөйлесіңізші. Тезірек, өтінемін сізден! Ой, Радик, құлыным сол!

АҚ БАС ШАЛ. Жарайды, мен барып келейін.

Ол орнынан тұра бергенде, есіктен Тағай кіреді. Әйелі оған қарсы жүгіреді.

АЛТЫН. Құдай-ау, саған не болған?! Өңің жылан сорғандай ғой, тыныштық па?

Ол креслоға келіп отырады.

АЛТЫН. Иә, қайдан келдің?

ТАҒАЙ. Ұзақ сапардан.

АЛТЫН. Қандай сапар?

Ол орнынан тұрып, терезеге барады.

АЛТЫН. Радик…

ТАҒАЙ. Білем.

АЛТЫН. Сен қайдан білесің?

ТАҒАЙ. Білуге тиісті болған соң білем.

АЛТЫН. Сен оған барып шықтың ба?

ТАҒАЙ. Иә.

АЛТЫН. Сөйлестің бе?

ТАҒАЙ. Сөйлестім.

АЛТЫН. Не деді!

ТАҒАЙ. Маған “рахмет”, – деді. “Өмірді қайта бастауыма себепші болдыңыз”, — деді.

АЛТЫН. Өмірді қайта бастауға?!

ТАҒАЙ. Азамат екен…

АЛТЫН. Не дедің?

ТАҒАЙ. Жо-жоқ! Ештеңе емес. Ә, сіз бар екенсіз ғой, сәлематсыз ба? Мен… байқамай…

АҚ БАС ШАЛ. Тағай Дайырович, сіз сырқатсыз ғой.

ТАҒАЙ. Иә, болсам болармын. Айтыңызшы, сіз өміріңізді қайта бастағыңыз келе ме?

АҚБАС ШАЛ. М-м… Жоқ! Енді несіне… әуре болам…

ТАҒАЙ. Иә, дұрыс. Сіз түгілі маған да кеш.

АҚ БАС ШАЛ. Тағай Дайырович, сыйлыққа ұсынылған кандидаттардан жалғыз сіз ғана қалдыңыз…

ТАҒАЙ. Сіз Мақажановтың өлеңдерін оқып көріп пе едіңіз?

АҚ БАС ШАЛ. Жоқ, оқымадым… Мен сізге дәрігер шақыртсам қайтеді?

ТАҒАЙ. Керек емес. Қалай еді?…

“…Ерте қайтқан досымның қабірі тұр,

Келер көктем, білмеймін, не береді”.

Алтын мен Шал бір-біріне қарайды.

АЛТЫН. Кофе қайнатайын ба?

ТАҒАЙ. Мейлің.

АҚ БАС ШАЛ. Тағай Дайырович, мен қайтайын. Сау болыңыз.

Шал қоштасып шығып кетеді. Тағай оған көңіл де бөлмейді.

Пауза.

АЛТЫН. Дәрігерлер Радиктің сырқатын айтты ма?

ТАҒАЙ. Жоқ. Әлі диагнозы анық емес.

АЛТЫН. Ертеңді күтеміз бе?

ТАҒАЙ. Иә… Күтеміз. Ертеңді күтеміз!.. 

Соңы