Дулат Исабеков, жазушы, драматург: Маған ең қымбаты – ұлттық намыс

Жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков 1942 жылы туған.
Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте, Қазақ энциклопедиясында, «Жұлдыз» журналында, «Жалын» баспасында қызмет етті. Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болды. Қазіргі таңда «Мәдениет» журналының бас редакторы. 
Алғашқы әңгімесі «Жолда» 1963 жылы «Замандастар» атты жинақта жарияланды. «Бекет», «Ащы бал», «Мазасыз күндер», «Қара шаңырақ», «Тіршілік», «Ай-Петри ақиқаты», т.б. кітаптардың, бес томдық шығармалар жинағының авторы. Драма жанрындағы жиырмадан аса шығармасы республикалық театр сахналарында, Санкт-Петербург, Омбы қалаларындағы театрларда қойылды. Көптеген повестері мен әңгімелері шетел тілдеріне аударылды. Жекелеген туындылары бойынша көркем фильмдер түсірілді.

– Дулат аға, ғұмырдың бір белесі – 70 жасқа келіп жатырсыз. Қалай ойлайсыз, шығармашылық іспен (бұл жерде жазушыны айтып отырмыз) айналысуда адам жасының әсері бола ма?
– Әрине, болады. «Әсер етпейді, әлі жігіт сияқтымын» дегендер жай сөздер ғой. Елуден кейін-ақ әсері басталады. Кім біледі, бой бермей жүрген адамдар бар шығар. Олар үшін жауап бере алмаймын. Бірақ биологиялық жағынан келгенде, адам ғұмырының әрбір онжылдығы із тас­тап кетпеуі мүмкін емес. Әсіресе, елуден кейін. Әдебиет тарихындағы шығармашылық тұлғаларды алып қарасақ, олар негізгі шығармаларын елуге дейін жазған. Одан кейін де шығармалар жазыла беруі мүмкін. Мәселен, Лев Толстой сияқты. Алайда олардың заманы басқа еді. Оларда жазудан басқа айналысатындай ешнәрсе бола қойған жоқ. Мынандай дүрбелең заман, астан-кестен болған жоқ.
Бүгінгі теледидар, компьютер, нанотехнология, автомобиль, тұрмыс… адамның көп уақытын алады. Адам­ның жасы алпыстан кейін прозаик­терге әсер ете бастайды. Жетпіске дейін өлең жазып жатқандар бар. Бірақ сол өлеңдерді олардың жас кезіндегі өлеңдерімен салыстыр­сақ, жер мен көктей. Бірақ адам мойындағысы келмейді ғой. Біреулер мойындайды.
Жас кезіңде бір сағат тынығып алсаң шаршағаныңның бәрі ұмытылатын. Жазу үстелінде таңға шейін отыра беретінсің. Үш-төрт сағат демалғаннан кейін, кешегі қалпыңа қайта оралатынсың. Қазір олай емес. Жалпы, адамның жасы шығармашылығыңа әсер етпей қоймайды.
– Қазіргі қоғам, бүгінгінің адам­дары, олардың адамдық, адам­гершілік деңгейі жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазіргі заманның адамы… Ешнәрсе де өзгермеген секілді көрінеді. Бірақ әр кезеңде, әр фор­мацияда сол кезеңге, сол формацияға лайық адамдар өмір сүреді. Кейде біз баяғы қазақ жоқ дейміз. Аңсайтынымыз – кешегі ХІХ ға­сыр­дағы, ХХ ғасырдың басындағы қазақ. Одан кейін қанша формация, қанша заман өзгерді. Феодализммен социализмге өттік, социализмнен өркендеген социализмге қадам бастық. Коммунизмді армандадық. Бір күні өркендеген социализм құлап түсті де, қайтадан капитализмге аяқ бастық. Жабайы капитализмге. Бұлардың бәрі адамның болмысына, табиғатына, керек болса адамгерші­лік қасиетіне әсер етпей қоймайды. «Заманға адам күйлемек» деп Абай айтқандай, сосын «Заман оны илемек» деп жалғастыратынындай, заманға адам әрқашанда күйлеген, заман оны илеген. Бәріміз заманның құлы боп кеткенімізді байқамай қаламыз. Азат өмір болған емес. Болмайды да. Тіпті, тас дәуірінің өзін­де де адам бір-бірімен байланыссыз өмір сүре алмаған. Қазір қоғамнан тыс қалу мүмкін емес. Осылардың бәрі де адамда әрқилы мінез-құлық­тың қалыптасуына әсер етеді. Міне, қазір сұрақ тұр: «Қазақтар Абай заманы­нан бері өзгерді ме, өзгерген жоқ па?». Талай теледебаттар болды. Олар­дың бәріне қатыстым. Қарап тұр­саң, қазақ өзгермеген сияқты. Абай заманындағы проблема – қазір де сол проблема. Әрине, қазақтың киімі, тұрмысы… өзгерді. Бірақ жан дүние­­сі, психологиясы өзгермей келе жа­тыр. Абайдың 41-қарасөзі бар: «Қазақ­ты ­я қорқытпай, я параламай, ақылме­нен, не жерлеп, не сырлап айтқанме­нен еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес. Еті­нен өткен, сүйегіне жеткен, ата­дан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап тұрады.
Енді не қылдық, не болдық!».
Сол адам өзгерді ме? Өзгер­мегендей. Осыдан кейін ойланасың: бұл қазақты қалай өзгертеміз? Сананы қалай өзгертеміз? Ұлттық мүддеге қалай біріктіреміз? Кеңес өкіметі кезінде қазақ ірілеу еді. Мінезі де, ісі де, тірлігі де. Баяғыда Тәуелсіздік алсақ деп армандайтынбыз. Тәуел­сіздік қиял, түс сияқты көрінуші еді. Біріккен Ұлттар Ұйымына мү­ше болсақ, өз жеріміз өзімізге тиесілі­ болса, өзімізге өзіміз қожа болсақ, қаз­ба байлығымыз, рухани байлығы­­мыз өзіміздің меншігіміз болса деуші едік. Сол келді. Бірақ өзгерген еш­нәрсе жоқ. Қайта жоғарыға жал­тақ­тауы­мыз көбейіп кетті. Жалтақ­тық­қа, жағымпаздыққа, ыңғайпаз­дық­қа көшіп алғандаймыз.
Біз осы бұрын кім болып едік? Мы­­нандай ұлан-ғайыр далаға қалай ие болдық? Бір-ақ нәрсені айта­мыз: найзаның ұшымен, білектің күші­­­мен. Осынша жерді алып қалу үшін не керек еді? Батырлық, жігерлілік керек еді. Жаудан қайтпайтын Жалаң­­төс батырлар керек еді. Сол батыр­лар­дың бүгінгі ұрпағы біз емеспіз бе? Біз аспаннан түскен жоқпыз ғой. «Сол өжеттік, сол батырлық, қасқайып қарап тұрып әділін көзге айтатын қазақ қайда қалды? Бір жарым ғасыр ішінде қазақ өзгеріп кетті ме? Әлде, сол батырларымыздың бәрі ойдан шығарылған ба?» деген сұрақтар ту­ғаны үшін мен кінәлі емеспін. Тағы­ да сұрақ туады: «Қайда сол батырлар­дың ұрпағы? Неге біз адамгершілік­­те де, кісілікте де, ой айтуда да ұсақта­лып барамыз? Әлде шын мәнінде Абай айтқандай заманға иленіп кете беретін ұлттың ұрпағымыз ба?». Рас, кешегі Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаев­тың «Оян, қазақ!» деп тастаған ұран­дары, айтқан сөздері ойымызда, асыл сөз ретінде жаттаймыз. Білеміз де, олардың өсиетін орындамаймыз. Соңғы жылдары пендешілікке, ұсақтыққа ұрынып бара жатқанымыз қабырғамды қайыстырады. Әрине, бұған бі­реулер қарсы пікір айтуы мүмкін: «Неге бүйтіп айтады? Жақсылықты көрмей ме? Қоғам дамып келе жатыр. Әлемдегі елу бірінші орын­ға көтерілдік» деп. Ал, кісілік, адамгершілік, ұлттық сана жағынан қай орындамыз? Міне, мәселе осында. Біз осы жағынан ақсап келеміз. Мұ­ны жөндеуге бола ма? Үміттене­сің. Қазақтың кешегі ірі-ірі мінез­дері біржолата жоғалып кетпеген шы­ғар. Оянар. Ол үшін басқа бір ұран керек сияқты. Басқа бір идео­логия керек сияқты. Негізі, біздің идеологиямыз мықты болу керек. Идеологиямен айналыспадық. Ол қандай идеология? Ол – ұлттық ­идеология. Қазақ үшін ақша да, алтын да, байлық та, үлде мен бүлдеге оранып жатқан тоқшылық та қымбат емес. Маған ең қымбаты – ұлттық намыс. Жалаңаш жүрсем де, аш жүрсем де, ұлттық намыс болса көңілім тоқ болар еді. Сәл пессимистік ойға кетіп қалсам, оқырмандар кешірсін. Бірақ ойыңа келіп тұрған нәрсе осы болса енді қайтем? Егер қуанатын жағдай болса қуанамын. Оптимистер бар шығар. Соларға қызығып қараймын. Тәуелсіздікті алдық. Мемлекеттік рә­міздеріміз бар. Өз Президентіміз­ді өзіміз сайлай аламыз. Ұлттық валютамыз бар. Шекарамыз бекіді. Өзі­мізге өзіміз қожа болдық дей­міз. Сөйтіп отырып, неге ұлттық сана, рух жағынан төмендеп бара жатыр­­­­­мыз. Қазақ халқының баяғы ірі мінезін, ірі тұлғалық қасиетін қалпына кел­тіру үшін бізде ұлттық идеология бо­луы және жан-жағымызға жалтақ­та­май, өзіміздің ұлттық мемлекетімізді құруға кірісуіміз керек еді. Бұл іс тым баяу жүріп жатыр. Тіліміз, рухымыз, қайсарлығымыз сақталса, қазақтың намысы биік болатын болса халық аштыққа да, суыққа да, жалаңаштыққа да төзе біледі. Ертеңге деген сенім болса өзімізге өзіміз шын мәнінде қожа боламыз. Дәл осылай болса, қазақ халқы қолға алған қандай шаруаға да қайыспай, қаймықпай кірісетініне көзім жете­ді. Рухымыз әлі жоғалған жоқ. Жаңа айттым ғой. Әлі де үміттенеміз. Рухымыз мүлде өшіп қалмаған шығар. Соны оята білуіміз керек.
– Сіз баспасөз бетінде жиі кө­рінесіз. Теледидардан да шығып жатасыз. Бұл қолдауға тұрарлық. Өзіңіздей танымал қаламгердің сөзін ел күтіп жүретіні анық. Ақын-жазушының, бір сөзбен айтқанда, қаламгердің қоғамдағы орны, оның беделі жөнінде не айтар едіңіз?
– Әріптестерімнің көңілдеріне келсе де айтайын, қаламгердің беделі төмендеп барады. Тағы да әлгі ойды қайталап айтсам айып болмас. Жазушыға қажет қасиеттер – азаматтық, ұлтжандылық, әділдікке араша түсу. Алайда қаламгерлерде осы жағынан келгенде жасқаншақ­тық басым. Ең арысы, көзге көрініп тұрған қиянатты көрмегендей өте беретін болды. Қоғамдағы ащы шындықты бәрі біледі. Біле тұра өзі бас көтермейді. Басқаның бас көтергенін қалайды. Қоғамдық пікірге атсалыспайтын жазушылар көбейді. Тілдің мәселесі көтерілген кезде, кешегі доктринаны талқылаған сәтте, бір жазушылар, ғалымдар аштық жариялап жатқанда, тілді, жерді, шекараны қорғап шыр-пыр болып жатқан уақытта жазушылар­дың бәрі бірдей білгенділік танытпа­ды. Бес-алтауы ғана араласты. Біреу­ле­рі тайқып шықты. «Мен қол қойған жоқ едім. Мен аштық жариялаған жоқ едім» деп. Бұл ұлтты сату деген сөз. Мұндай адамдар кез келген уақытта ұлт мүддесін сатып жібере алады. Менің қорқатыным осы. Принцип, көзқарас деген болады адамда. Мен жазушылардың бәрінде тұрақты көзқарас бар деп айта алмаймын. Өмірдің биігін, аласасын, оңын, солын, бәрін ой елегінен өткізіп жүр­­ген, әдебиетті оқып жүрген, әлемде не болып жатқанынан хабардар адамның міндетті түрде өзінің көзқарасы болады. Ал жағымпаздық пен жал­пақшешейлікті көзқарас деп айта алмаймын. Көзқарас, талғам, таным парасатты адамдарға ғана тән. Біздің көп жазушыларымыз азаматтықтан да, парасаттықтан да алыс қалған ба деп қорқамын. Әлде біліп тұрып солай істей ме, әлде білмей істей ме? Сосын немқұрайдылық жөнінде. Ең жаманы осы немқұрайдылық. Қоғамдағы қауіпті адам осылар. Ана жаққа да шығып кетеді, мына жаққа да шығып кетеді. Өзіндік көзқарасы қалыптаспаған. Бірақ олар өздеріні­кін жөн санайды. «Менің де өз ойым бар» дейді. Әрине, өз ойы бар болуға тиіс. Бірақ бір нәрседе – ұлттық мүд­де­ге келгенде ойымыздың бір жерден шыққаны дұрыс. Көрініп тұрған әділетсіздікке айқай салмау, араша түспеу – бұл әділетсіздікті қолдау деген сөз.
– Біз Сізді бақытты жазушы деп білеміз. Студент кезіңіздің өзін­де кітабыңыз шықты. Шы­ғар­ма­ларыңызды оқырман сүйсініп оқи­ды. Өзіңізді баққытты сезінесіз бе?
– Бақытсызбын деп айтуға болмайды, әрине. Менің бір ағам бар. Ақын ағамыз. Сол айтатын: «Осы жұрттың бәрі мені бақытты деп ойлайды. Шын мәнінде мен бақытсызбын» деп кү­летін. «Қалай сіз бақытсыз боласыз? Жыл сайын кітабыңыз шығады. Бар­лық сыйлықты алып болдыңыз. Ел ала­қанына ұстайды» дейміз ғой. Ол кісі болса басын шайқап, күледі де қояды.
Бақытсызбын деп айтсам күпірлік болар еді. Ал енді ба­қыттылық, бақытсыздық дегендер салыстырмалы нәрсе ғой. Бір адамдар болуы мүмкін, өміріне риза болса осыны бақыттылық санайды. Ойлы адамның бақытты болуы мүмкін емес. Абай айтқандай, ойлы адамға қы­зық жоқ бұл жалғанда. Әсіресе, ал­пыс жастан кейін адам өзінің бақыт­ты не бақытсыз екенін сезіне алмай­тын болуы керек. Бақыт дегеннің бірне­ше анықтамалары бар ғой. Бұған мысалды көптеп келтіруге болады. Ақын Қазыбек Исаның бір өлеңін оқып отырсам, жақсы жолдар бар екен. «Бақыт деген өзіңді бақытсыз сезінбеу», «Бақыт деген бақыт туралы армандамау» деген болып келеді. Менің өз пікірім бар. Бақыт деген ­– бір бақытсыздық пен екінші ба­қытсыздықтың арасы. Мұндағы айтайын дегенім, қайғы түсіп, қайғы­рып жүргенде одан да зор қайғы түс­се бұрынғы өміріңе зар боласың де­ген сияқ­ты ғой. Кітаптың шығуы, оның таралуы, оқырмандарымның молдығы, олар­дың кітабымды осы уақытқа де­йін оқитындығына қатысты өкпе ай­та алмас едім. Пьесаларымның біреуі де жарамай қалған кезі жоқ. Бәрі қойылып жатыр. Жетпіс жылдығыма орай Алматыда халықаралық театр фестивалі өткелі жатыр. Өзіміздің елдікінен басқа, әлемнің алты театры қатыспақ. Бұрын-соңды болмаған оқиға. Болгарияның-Софияның орталық театры «Актрисаны, Түркия-Ижмер қаласының театры «Мұрагерлерді», Санкт-Петербург театры «Құстар фестивалін», Омбы мен Тәжікстан театры «Ескі үйдегі екі кездесуді», Башқұртстан театры «Әпкені» алып келе жатыр. Өзіміздің М.Әуезов театры «Жаужүректі», Лермонтов, Сац атындағы театрлар «Тор» мен «Ескерткіш операциясын», Кәріс театры «Мұрагерлерді» қойып жатыр. Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық театры «Енді қайттік» деген траго-комедияны көрермендерге ұсынбақ… Он екі теа­тр. Басқа театрлар да қатысқысы келген. Бірақ мүмкіндік жоқ. Он екі спектакльден ары қарай ауыр болып кетеді. Қазылар алқасына да ауыр тиеді. Күніне екі спектакль көреді. Израиль, Чех театрлары биылға үлгере алмады. Келесі жылы қойып қалар. Жазғандарым баспаларға керек болып жатыр. Міне, осыларды тілге тиек еткенде қалай бақытсыз жазушымын деп айта аламын. Жазу жағынан керемет бақыттылықтың шыңына шықпасам да, бақытсызбын деп айта алмайтын жағдайдамын деуге әбден болар.
– Бүгінгі мерейтойыңызға сергек, жақсы көңіл-күймен жеткен секілдісіз. Сізге қарап оты­рып, бойыңызда әлі де болса шы­ғар­ма­шылық күш-қуаттың барлығы байқалады. Мұның сыры неде?
– Бәрі де Алладан. Мәселен, мен қайғыр­ғанменен тірлік оңалмайды. Аһлап-уһлей бергеннен оқиға жеңілденбей­ді. Түсетін іс түседі басыңа. Енді бір қасиетім – юморсыз жүре алмаймын. Бәрінен юмор іздеуге тырысамын. Кез келген нәрседен. Бұл ойсыздығымнан емес. Ішіме жинай білем де, сыртыма шығармаймын. Біреудің жасаған қиянатына ешуа­қытта қиналып көрген емеспін. Жұрт осы күйіп-пісіп жатады ғой. Марқұм Оралхан мақалада кішкене сыналып жатса шыдамайтын, ренжитін. «Оралхан, сен неге өйтесің. Сен шығарманы мақталу үшін жаздың ба? Достоевский өмір бойы сыналумен өтті. Белинскийдің мақаласын оқышы. Пушкин, Гогольдердің қалай тас-талқанын шығарған. Соған шыдады ғой» деп ондайда басу айтатынмын.
Өзіңе жамандық ойлаған адамдардан сәл биіктеу тұруың керек. Мұндай жайттарға философиялық тұрғыдан қараймын. Жамандық жа­саған адамның пендешілігін түсіне білу керек. «Мен осындай адам деп жүрсем… Бұл байғұс қарадүрсін, кісілігі, білімі шамалы адам екен-ау… Бет пердесінің бір шетін ашып қойды-ау. Ішкі жан дүниесінің төмендігін білмей-ақ өткенім жақсы еді…» деймін-дағы өзімді-өзім жұбатам. Жаңа өзің айтқандай, кейде жазу жазып жатқанымда шығармашылық күш-қуатымның барын сезінемін. Сонымен қатар әрбір сөйлем біткен сайын, бұрынғыдай емес, өзімді өзім аңдып отырамын. «Жазуға мүмкіндігім бола ма, болмай ма?» деп. Кейде ұзақ жазбай, жазу үстелімнен алшақтап кеткенімде қайтып отыру қиын соғады. Сол кезде жаза алмайтын адамдай сезінем. Ал үстелге отырып, шығарманың өне бойына енгеннен кейін жан дүниеңнің қуыс-қуысындағы «таныс» сөздерің, қабілетің бірте-бірте оянып шыға бас­тайтын сияқты. Қуанып оянатын сияқты. «Мен де керек болып жатырмын ба?» деп. Сосын «Жазуға болады екен ғой» деп сабаңа түсесің. Ішкі дүниең оянғаннан кейін, мен әлі қағазға керек екенмін ғой деп ойлайсың.
Кешегі Кеңес уақытында ойлаушы едім, елу жастан кейін жұмысты қойып, тек шығармашылықпен айналысам деп. Бірақ ол болмады. Одақ ыдырады, жеке ел болдық. Әркім өз-өзімізбен кеттік. Жасыратын несі бар, күн көрумен кеттік бәріміз. Бала шағамыз бар. Қайта баланың кішкентай кезінде жақсы еді. Мерей атты немерем бар. Сәби шағынан қыңқ деп жылаған емес. Осыған алаңдап, «Жылай ма, жыламай ма» деп түртетінбіз. Кішкентайынан менің жанымда жатып өсті. Студент болғаннан кейін ғана бөліне бастадық. Үш жасынан жеті жасына дейін ертек айтып өсті. «Мерей, сен кішкентай кезіңде жыламаушы едің. Алты-жетіге келгенде жылайтын болдың ғой» десек, сондағы айтқаны ғой: «Әрине ол кезде жыламаймын. Ма­ған ол кезде ештеңенің керегі жоқ болатын» деп қарап тұр.
Аласапыран өмір басталып кетті ғой. Күн көру… Бала өскеннен кейін проблемасы да өседі. Үйлену. Немере келеді өмірге. Құдаларың бар. Адам секілді өмір сүргің келеді. Машина алғың келеді. Шетелден түрлі қонақтар келеді. Соларды күтіп алатындай жағдайда болсаң екен дей­сің. Қарапайым өмір сүрем деп жүре бересің бе? Сол үшін жұмыс істей­сің. Міне, жетпіске келдім, журналда жұмыс істеп жатырмын. Кітаптың қаламақысы белгілі. Мені асырап отырған пьесаларым. Кітап шығып жатыр ғой. Міне, «Гауһар тасты» қайта шығарды. Жеті томдық шығып жатыр. «Қарғынды» жеке бастық. Орысша өзімізде бір томдық шығып жатыр. Мәскеуден кітап шығып жатыр. Бұрынғыдай емес, Мәскеу де бір тиын бермейді. Қайта өзіңнен ақша алмағанына шүкіршілік етесің. Қазір кітапты өзің ақша тауып шығарасың. Сосын оны сатып көр. Қалай сата­­сың? Таныс бір-екі облыстың әкімде­рі­не, сөзің өтетін адамдарға айтасың. ­Солар алады. Жетпіс жасқа кел­ген­де сұраудың өзі ұят. Сөзің жерде қал­са, төбеңнен шоқпармен ұрғандай болады. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына өкінем» деген сияқты.
– Алдағы шығармашылық жос­парыңыз? Қазір не жазып жүрсіз?
– Ертеректе бір романды бастағанмын. Соны бітірмегеніме қуанам. Кешегі құндылықтарың құнсыз болды. Кешегі құнсыздарың құнды болды. Өтірік, жағымпаздық жайлады. Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жыл – бір дәуір. М.Шолохов жиырма-отызыншы жылдары жиыр­ма төрт жасында төрт романын бітіріп тастады. Солай ­жазатындай кейіпкер кім? Басты тұлға кім? Ұлттық тұлға кім? Білімді тұлға болу керек. «Оянған өлкедегі», «Жат қолындағы», «Мөлдір махаббаттағы» Ботакөздей кейіпкердің қазір қажеті жоқ. Жан-жақты, білімді, әлемдік деңгейде ойлай білетін кейіпкер болу керек. Шолоховтың Григорий Мелоховы­нан немесе «Қан мен тердегі» Тәңірбергеннен де басқа адамдар болу керек. «Абай» романындағы Абай, Құнанбай, Ерболдардан… да басқа кейіпкер керек бізге. Сол романды жазып жатырмын. Бітіре салуыма болатын еді. Құрығанда махаббат тақырыбын алып. Бірақ оның керегі не? Бұрынғыдай 600-700 бет­тік романды ешкім оқымайды. 600-700 беттік романға жүк болатын оқиға­ны қазір 170-180 бетке сыйдыра білуің керек.
Пьесаларға көп бұрылдым. Пьеса маған тиімді жанр болды. Жаныма жақын жанр болып кетті. Өйткені көп болса жарты жылдан кейін көрерменнің алдына ұсынатындай мүмкіндік туып тұрған перспективасын көресің. Көрерменмен сыр­ласатыныңды білесің. Соңғы үш жылда бес пьеса жазыппын. Мұның өзі жаман емес шығар деп ойлаймын. Алды алыс шетелдерде қойылып жатыр.
Жазуға мүмкіндік бар. Осы мерейтойымды өткізіп алғаннан кейін бәрін тастап, сол шығармамды, топ­тама әңгімелерімді бітіруге тыры­сатын шығармын. Осылай уәде бе­ріп келемін. Жұртты алдарқатып ке­ле жатқаныма біраз уақыт болды. Мұным құрғақ сөз болып шығып жатса, оқырман кешірер. Менің жетпіс­ке келгенімді аздап-аздап ойлап отырсын, оқырманым.
– Әңгімеңізге рақмет. Мерей­тойыңыз құтты болсын.

Нұрперзент Домбай