ТАҒДЫРДЫҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ

Аудан орталығы боп есептелетін шағын қаланың шағын ғана баспаханасында он төрт жыл әріп теруші боп қызмет істеген Жәдігердің облыстық ауруханада жатқанына міне, бес ай болды. Алғашқы кезде дос-жарандарының бірі болмаса бірі кеп, бұрын дәрігер атаулының алдын көрмеген оның көңілін көтеріп, рухын өсіріп жүруші еді, бертін келе мұның ауруханада жатқанына жұрт әбден үйреніп алды ма, әлде келе беруден жалықты ма, әлде ұзақ уақыт көрмеген соң адамдар бірін-бірі ұмыта ма, соңғы үш-төрт айда оны іздеп әйелінен басқа ешкім келмейтін болды. Әйелінің өзі де алғашында апта сайын, әр жұмада келетін. Жол алыс, үйде үйелмелі-сүйелмелі үш бала бар, сондықтан Жәдігер бір жағы жүзі жадау тартқан әйелін аяп, әрі шешелері келгенше тамақ ішпей томсырайып отыратын балаларына жаны ашып, екі айдан соң аяғына мінген ол әйеліне де жиі келе беруге рұқсат етпеген-ді.

Олар бір палатада бесеу. Қалған төртеудің ағайын-туыстары түгел осы қалада. Оларға адамдар сапырылысып келіп жатады. Әуелгі кезде Жәдігер жолдастарының аздығына, сол аз жолдастардың өзі ат ізін салмай кеткендеріне іштей қапаланып, таң атса болды, терезенің алдына біреуіне болмаса, біреуіне қылқиып кеп тұратын іздеушілері мол мына төртеуіне қызғанышпен қарайтын. Өзімен салыстырғанда, олар мейлінше бақытты боп көрінетін-ді. Сапырылысып келіп тұратын дәл осындай ағайын-туыс, дос-жарандар мол болса, онда бес ай емес, бес жыл бойы алаңсыз ауыра беруге болатындай көрінуші еді.

Мұндағы «ескі көздерден» соңғы кезде өзі ғана қалды. Қалғандарының бәрі әлдеқашан шығып, орнына жаңа адамдар келді. Аурухана қабырғасы мұны әбден қажытты. От басын, ошақ қасын сағынды. Кешке шейін көрмесе сағынып, үстінен баспахана бояуының иісі аңқыған әкелерінің мойнына тұс-тұстан асылатын алды он бір, соңы төрт жасар балаларының маңдайынан бір иіскеуді аңсады. «Бәлкім, олар мені ұмыта бастаған да шығар,– дейтін ол жарық сөніп, ұйықтауға жатқанда. –Балалар бәріне тез көндігіп, тез ұмытпаушы ма еді. Мен де сөйтіп едім ғой. Әке-шешем қайтыс боп, біреулер детдомға апарып берген жылы көрпені жамылып алып, екі-үш күн бойы жыламадым ба? Кейіннен ұмытып, бәріне көндігіп, әке-шеше дегеннің не екені де естен шығып кеткен жоқ па еді?! Бұлар да сөйтіп ұмыта бастаған шығар-ау?»

Жәдігердің көзіне жас келді. Өзінің өмірі жайлы, әкесіз күн кешіп жатқан балалары жайлы, үй-ішінің ақшадан тапшылық көріп жатқаны жайлы ойлағысы келмеді. Бірақ оны ойламау мүмкін емес, қиялы қай жақты шарлап  кетпесін, бәрібір алдынан үй-ішінің жағдайы сопиып шығады да тұрады.

Бұл ауруханаға түскеннен кейін, төрт айдан соң әйелі үш баласын да ертіп кепті. Екі ұл, бір қыз. Мұны көрген кезде олар баяғы күнде көріп жүргендегідей тұс-тұстан анталап кеп мойынға асылған жоқ, үшеуі де ұяла күлімсіреп, төмен қарап тұра берді. Жәдігер кеп құшақтап беттерінен сүйгенде ғана ортаншысы мен шалдуар, тентек кенже қызы көздеріне жас алды. Үнсіз жылау – басқа түскен ауыртпалықты түсінуден, соған көндігуден тұратынын Жәдігер жақсы білетін-ді. Дегені болмаса көнбейтін, айтқаны орындалмаса таң аппақ атқанша жылаудан шаршамайтын шатақ қызы да «уақытша әкесіздік» өмір мен уақыт қиындықтарына көндігіп қалған сияқты. Жәдігерге осы батты. Балаларының еркеліктен қол үзіп қалғандары, тентектіктен момындыққа ауысып келе жатқан көз жанарларындағы мойынсұну мен момақан мінез өзегін өртеді. Мамалары арқылы әбден біліп алған болулары керек, үш баласының үшеуі де «пап, қашан шығасың?»–деп сұрамады да.

Мұның ауруханада ұзақ жатуы үй ішінің қаржыдан қысылуын үдете берді. Оның үстіне, барлық кінә да өз жағында.

Демалыс күні болатын. Бұлар бірнеше жігіт көрші колхозға қыдырып барып, кәдімгідей «көңіл көтерген» болатын. Сол колхоздағы бір жолдастары «Беларусь» айдайтын. Ішкілік таусылған соң бәрі – бес жігіт бір тракторға отырып алып, қырдағы магазинге барған. Лайсаң болатын. Қайтып келе жатып «Беларусь» жолдан тайып, жанамайлап барды да, бір жағына жантая кетті….

Мұның төрт қабырғасы, оң жақ бұғанасы сынды. Аш ішекке екі жерден зақым  келген. Миы шайқалған деген диагнозы тағы бар.

«Арақ ішіп жүріп тапқан жарақат».

Дәрігерлер осылай қорытынды шығарды.

Қатал қорытынды.

Оның  он төрт жылдық адал еңбегі ескерілмеді. Оның арақ атаулыны мүлде сирек ішетіні ешкімнің ойына да кірмеді. Рульде отырғандықтан, қылығы қылмыспен пара-пар деген айып та тағыла жаздап, ісін сотқа бермей, оған үлкен жақсылық жасады.

Ауруханада жатқан күндері үшін оған бір тиын да ақша төленбейтін болды.

–Екі қойды саттық,–деді әйелі бір келгенде.

Ол ләм демеді.

–Екі ұлдың да мектеп формасы тар боп қапты. Үлкенінің формасы тозып та қалған екен ғой.

Ол ләм демеді.

–Ден сау болсын,–деді әйелі күйеуінің жүзіне қарамауға тырысып. –Жазылып  шықшы әйтеуір. Үйге келген соң екі қой қайда кеткен деп жүрмесін дегенім ғой. Әйтпесе.. нем бар айтып. Дәрігерлер не дейді өзі?

Жәдігер жағдайының жаман емес екенін, тек тігілген ішегі бір рет сөгіліп, дәрігерлер қайта тіккенін, сол бітсе, көп ұзамай шығатынын айтты.

–Құданың құдіреті,–деді әйелі. –Түсімде… сенің орныңа басқа біреуді алыпты. «Ей бұларың не. Жәдігер шыққалы жатыр ғой десем, баспахана бастығы: «Бізге  ішегі бүтін адам керек» деп теріс айналады.

Pages: 1 2