КОНФРОНТАЦИЯ

Ережеп пен Елеместің арасындағы бірнеше жыл бойы пісуі жетіп, иі қанған төбелес 1986 жылдың жетінші сентябрінде, жексенбі күні, жергілікті уақыт он сегіз отыз бесте бұрқ ете түсті. Сырт қарағанда бұл төбелес табан асты басталғандай көрінуі мүмкін, ал іштей қарағанда оның шығуы заңды еді: екеуінің арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынас барған сайын ушығып, бір-біріне тұра ұмтылуға қолайлы сәт қана жетпей жүрген. Сол “қолайлы” сәт бүгін туды. Әрине, Ережеп үшін оның дәл бүгін тумағаны керек-ақ еді, амал қанша, жағдай соны талап етті. Бүгін ол автобус аялдамасына қарай…

Жұртқа түсінікті болуы үшін басынан бастап айтайықшы.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, тіпті, баяғы заманда деп айтуға болады, Ережеп қатты аварияға түсіп, аузындағы алты тісін сындырып алды. Алты тіс кеткен соң ауыз болмай, қасқырдың ескі ініндей үңірейіп қалады екен. Сол үңірейген ауызбен ол бір жыл жүрді. Бір жыл ішінде құрдастарынан естімеген сөзі қалмады, тіпті, “апан ауыз” деп балалар да мазақтайтынды шығарды. Мазақ өз алдына ғой, бұл жұрт алдында не күле алмай, не сөйлей алмай, не мейірленіп ас іше алмай қор болды. Темір тіс салдыруға арланды, алтыннан салдыруға ақша жоқ, үндемей жұмысын істей берді. Бір жылдың ішінде озаттар қатарына қосылды да, сол жылдың күзінде аудандық партия конференциясында сөз сөйлейтін боп шықты. Конференцияға бес күн қалғанда, совхоз директорының есіне Ережептің алты бірдей тісі жоқ екені түсіп, отырған орнынан атып тұрды.

— Масқара! Енді қайттік? — деді ол парторг пен рабочкомға кезек қарап.

— Өзін шақыртып сөйлесейік, — деді парторг.

— Шақырғанда не дейміз? — деп қолын жайды рабочком.

— Қап! Тісі бүтін басқа адам таппағандай… Бірдеңе жасауға болмай ма?

— Не жасаймыз?..

— Не жасаймызы несі, бір шара қолдану керек қой. Аузын апандай ғып ауданға оны қалай жібереміз? Сөйлеген сөзін кім түсінеді оның?

— Орнына соған ұқсастау біреуді жіберейік, — деп рабочком күңк етіп көріп еді, директор оны жеп жіберердей ата қарады.

— Ой, сіз де қайдағыны шығарасыз да жүресіз? — деді директор қолын сілтеп. — Өзіміздің зубник қайда?

— Алматыдағы стоматологтардың жиналысына кеткен.

— Қашан келеді?

— Білмеймін… білмейміз, бүгін ғана кетті ғой, қазір жолда бара жатыр, — деді парторг нақты жауап беріп.

— Қап, таза масқара болдық-ау. Шақырыңдар ана Ережепті, не ойлағаны бар екен, сөйлесіп көрейік.

Жарты сағаттың ішінде Ережеп кеңсеге жеткізілді. Ол бұрыштағы орындыққа жайғасты.

— Конференцияға дайындық қалай? — деді директор қолға түскен ұрымен сөйлескендей оған ашулы түрде ажырая қарап.

Ережеп үндемеді.

— Естіп отырсың ба, дайындық қалай деймін?

Ол тағы үндемеді.

— Тілің бар ма, айтсаңшы! — деп директор столды бір қойғанда барып Ережеп шошып оянғандай селт етіп:

— Дзақсы, — деді. Бұл сөзді айтқан кезде оның қып-қызыл тілі жалаң етіп көрінді де жоқ болды.

Директор, парторг, рабочком үшеуі бір-біріне қарап қойды да, мәселенің төркінін түсінгендей жеңіл бір күрсініп алысты.

— Сөйлеу қолайсыз болса, үндемей тыңдай бер, — деді директор оған жақсылық жасағандай қоңыр үнге көшіп. — Бес күннен соң конференция. Сен сөз сөйлеуің керек, ауданда фамилияң жатыр. Міне, сөзің де дайын. — Ол тартпаны ашып барып қайта жапты. — Иә… Бәрі дайын. Бірақ сен дайын емессің. Осы екі арада тісіңді сындырып… — Директор ашуға булығып терезеге қарады. — Конференция өткенше шыдай тұрсаң қайтер еді… Уақыт аз қалды. Мен қазір көрші совхозға телефон соғамын, қазір кет те, ертеңге дейін тіс салдырып келетін бол, ұқтың ба? Ережеп басын шайқады.

— Неге ұқпайсың? Не, барғың келмей ме?

— Теміл тістің келегі жоқ, — деді ол ысылдап. — Алтыннан салдылам.

— Совхоздың саған сақтап отырған алтыны жоқ. Айтылды — бітті, көрші совхозға аттанасың. — Директор жартылай бұрылып, оң жақтағы телефон дискісін бұрай бастағанда Ережеп орнынан тұрып шығуға беттеді. Зәресі кеткен рабочком ұшып тұрып, оны орнына қайта жайғастырды.

— Слушай, саған не керек? — деді амалы құрыған директор бәсеңсіп. — Қашан салдырмақсың?

— Ақша жинап.

— Қашан жиналады ақшаңыз, айып болмаса білуге бола ма екен?

— Біл жылдай келек.

— Ал конференция бес күннен соң, оны білемісің, ақымақ, — деді директор соңғы сөйлемінің бәрін буынға бөліп, нықтай сөйлеп.

— Білем.

— Білсең айтып тұрғаның не?

— Ақшам жоқ.

— Сенің аузыңдағы жекеменшік тісіңе өкімет бәрібір ақша төлемейді, ол сметада қаралмаған, — деді директор кекесінді үнмен. — Сондықтан қарыз ал.

— Ешкім белмейді.

Директор отырғандарға қарап шықты.

Кімде ақша бар? Парторг пен рабочком сұрақтың жалпы мәнін түсіне алмай үнсіз қалды.

— Касса жақты қарап көріңдерші, кім ақша алып жатыр екен? — деді директор. Рабочком шығып кетті де, ізінше қайта оралды. Сүрлем таситын “Беларусьтің” жүргізушісі Елеместі жетелеп кірді. Түкке түсіне алмай есік алдында аңқиып тұрған оған, директор:

Pages: 1 2 3 4 5 6