РЕКТОРДЫҢ ҚАБЫЛДАУ КҮНДЕРІ

Екі бөлімді, екі суретті драма

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Ректор

2-ректор

Профессор

Ректордьщ әкесінің інісі

Ректордың әйелі

Ректордың секретары

Шал

Ректордың баласы

Доцент

Студент

Ортадағы кісі

Шеткі кісі

Портфельді кісі

Горононың бастығы

“Заошник”

Қабылдау комиссиясының  жауапты секретары

Қабылдау күтіп отырған студенттер және басқалар.

БІРІНШІ   БӨЛІМ

Ертеңгі кез. Астаналық бір жоғары оқу орнының ректорының кең кабинеті. Жағалай қойылған орындықтар, кітап толы екі сөре, бұрышта киім ілгіш, сейф тұр. Төрдегі столда жасы қырықтардан асқан ректор отыр. Телефон шырылдайды.

РЕКТОР. Иә, мен тыңдап тұрмын. Ә-ә, сен бе едің? ГорОНО-ның бастығына ма? Оған кіруге уақытым болмайды-ау, бүгін қабылдау күнім ғой. Кісілер көп. Ертең барармын. Енді қайт дейсің, күнде ертеңмен бір ай өтсе, тағы бір күн шыдарсың. Жо-жо, болмайды. Барып шығу керек, телефонмен сөйлескен ыңғайсыз болар. Бүгін барып шықпасақ, кеш қалмаспыз. Ақша ма? Бар… бар шығар. Туһ, сен де қоймайды екенсің. (Үстіндегі киіміне қарап қойып күледі.) Ә-ә, рас, бүгін басқа костюм киген екенмін-ау… Сонда да қалтасынан бірдеңе табылып қалар. (Қалталарына қол сұғып қарап шығады. Ештеңе таба алмайды). Бар екен, бар, түскі тамағыма жететін ақша табылды… Таксимен-ақ бара салсаңшы… Жарайды. Шофер жаңа заправкаға кетіп қалып еді, келсе саған жіберермін. Ауруханаға барып келе салысымен маған хабарын айт, жарай ма? Дәрігерлермен сөйлес. Сөйт. (Трубканы орнына қояды).

Ректордың секретары отырған алдыңғы бөлме көрінеді. Кезек күтіп он шақты адам отыр. Олардың ішінде таяқ ұстаған Шал да бар, студенттер мен абитуриенттер де бар. Бір жерде тәуірлеу қызмет істейтін болу керек, толықша келген біреуі әрі-бері жүр. “Ректор” деген жазуы бар үлкен былғары есікке қарап қойып, сағатына үңіледі.

КІСІ. Сағат оннан он бес минут өтті, енді қашан қабылдайды? (Секретарь қызға қарап). Сіз кіріп шығыңызшы, бүгін қабылдамайтын болса ертең келейік. Бәріміздің де жұмысымыз бар.

СЕКРЕТАРЬ (машинкасын тақылдатуын қоя тұрып). Ол мәселеге мен араласа алмаймын. Он бес минутқа шыдамай барасыз ба?

Қоңырау дыбысы естіледі. Секретарь қыз лып етіп көтеріліп, ректорға кіріп кетеді де, лезде қайтып шығады.

СЕКРЕТАРЬ (әлгі сумка көтерген кісіге қарап). Сіздің ренжіп қалғаныңызды сезген болуы керек. Кіре беріңіз.

Есіктің қасында баласы екеуі отырған Шал Секретарь мен толықша кісіге кезек қарайды.

ШАЛ. Айналайындар-ау, мен бірінші едім гой. Сайлауға дауыс беретіндей құлқын сәріден келгем. Бәрі шетінен дөкей, кимелеп кіріп кете береді. Өткен жолы да “ақсақал, бір минөт, бір минөт” деп құдайдың кешін қылып еді, түге.

КІСІ. Отағасы, даурықпаңыз. Бұл – мекеме! Біз асықсақ тығыз шаруамыз бар, үкімет адамымыз. Бізді де дәл өстіп (Жұртты көрсетеді) адамдар күтіп отыр. Ал, сіз қайда асығасыз? Төрт-бес минут кешіксеңіз ештеңе етпейді (Кіріп кетеді).

ШАЛ (орнына отырады). Бір минөт демей, төрт-бес минөт деп шынын айтқанына шүкір.

СЕКРЕТАРЬ. Қазір сіз кіресіз. Сонау жерден әуре болмай-ақ балаңыздың өзін жібермедіңіз бе?

ШАЛ. Е-е, айналайын-ай, ошақтың үш бұты алты айшылық жол боп отырған шағымда голайт еткелі келді деп пе ең? Төрт балам бар еді, біреуі дәл өзіңдей қыз бала, былтыр күзде тұрмысқа шықты. Екі балам боп, мен боп мына біреуін заошно оқуға іліндіріп ек, бұ бала жыл да шығып қала береді. Былтыр өзі кеп документтерін жөндеп кеткен, биыл — “бармайыншы, бармаймын” деп жанына жуытпай қойды. “Ұяламын” дейді. Бұл бәле төбелескенде ұялмайды да, кісімен сөйлескенде бетінен қаны тамып шыға келеді.

«ЗАОШНИК» (ашуланып). Біз түнде төбелескенбіз…

ШАЛ. О, мәлжуба-ас! Ақылының жетіп тұрған жерін қарашы-ей, мұның? Түнде ұялмайды екенсің ғой. Ендеше, ректорыңмен де түнде сөйлес!.. Айт, аға де, түн болса ұялмаушы ем де!

СЕКРЕТАРЬ (күліп төмен қарайды). Ата, сәл ақырын сөйлесеңіз.

ШАЛ. Ой, Алла-ай, осыны адам қылам деп жүргенде ауылдағы мәгәзінді тонап кетіп, түрмеден бір-ақ шығарар ма екен. Жұрттың алақаны қышыса, мұның жұдырығы қышиды. Орныма ана кемпірді тастап кетіп едім, қарауыл қараймын деп жүріп өзін-өзі атып алмаса не қылсын.

Жасы қырықтардан енді асқан, көзінде көзілдірігі, қолында портфелі бар тағы бір кісі паңдана кіреді. Отырғандарға көңіл де бөлмей, Секретарьға жақындайды.

2-РЕКТОР. Сәлематпысың, айналайын?

СЕКРЕТАРЬ. Сәлематсыз ба?

2-РЕКТОР (бармағымен былғары есікті нұсқап). Мына бастығың өзінде отыр ма?

СЕКРЕТАРЬ. Сізді келді деп айтайын ба?

2-РЕКТОР. Жо-жоқ, әуре болмай-ақ қой, жұмысыңа кедергі келтірмейін. Ішінде біреу бар ма?

СЕКРЕТАРЬ. Бір кісі кіріп кетіп еді.

2-РЕКТОР. Әлгі… үлкен орындардан емес пе?

СЕКРЕТАРЬ. Жоқ, бір құрылыс мекемесінің бастығы.

2-РЕКТОР. Бастығыңмен сөйлесетін бірауыз шаруам бар еді, (есікке қарай жүреді) айтып шығайын. (Кіре береді).

ШАЛ (орнынан ұшып тұрып). Оу, шырағым-ау!..

2-ректор күлімсіреп басын изеп, бір саусағын көтеріп кіріп кетеді.

ШАЛ. Бұл да бір саусағын көрсетті ме осы? Демек, бір сағат десеңші.

СЕКРЕТАРЬ. Басқа институттың ректоры ғой. Біздің Ректормен бірге оқыған.

ШАЛ. Е-е, солай де! Япырай, шығып кетпей тұрғанда екеуінің көзінше сөйлессем қайтер екен, ә? Бұл жер көнбесе мынаны (баласын түртіп) соларға өткізер ме едім.

«ЗАОШНИК». Ох, гений нашелся! Бұл гуманитарный, а там технический!

ШАЛ. Өй, гуманитар болмай құрып қалғыр! Саған бәрібір емес пе?

Ректор отырған кабинет көрінеді.

РЕКТОР (бірінші келген кісіге қарап). Солай, ренжімеңіз. Мен сізді сыйлаймын, бұдан былай да сыйласуға дайынмын. Бірақ, мұндай ұсақ-түйек нәрсеге бола әуре боп қайтесіз. Ініңізді білемін, естіп жүрмін, орташа оқыды, оны институтқа бірден мұғалім етіп қалдыра алмаймын. Және кадр мәселесін өзіміз емес, оқу министрлігімен ақылдаса отырып таңдаймыз.

КІСІ. Егер сіз рекомендация берсеңіз…

РЕКТОР. Жалғыз өзімнің рекомендация беруге правом жоқ. Оны кафедра шешеді, сонан соң ректоратта қаралады.

КІСІ. Ім-м… Түсінікті. (Орнынан тұрады). Кімнің қалай орналасып жатқанын да есітіп жүрміз-ау…

РЕКТОР. Іһм… Шыныңды айтқаныңыз дұрыс болды. Бұл сөз маған жолықпай тұрып та ойыңызда болған ғой. Егер мен сіздің айтқаныңызды орындаған болсам, сөз жоқ, сырыңыз сыртқа шықпас еді. Солай ма, сіз бұған қалай қарайсыз?

КІСІ. Демек, біраз нәрсеге көзімнің енді жеткені.

РЕКТОР (күліп). Кешіріңіз, кінәмді күлкімен жуайын деген ойым жоқ. Тек сыйласатын адамдарымның мен туралы не ойлайтынын енді ғана біліп, соған күліп отырмын. Мені ренжіді екен деп, немесе келеке етті деп ойлап қалмаңыз.

КІСІ (үнсіздіктен соң). Сау болыңыз.

РЕКТОР. Сау болыңыз.

Кісі шығып кетеді. Манадан бері өзін еркін ұстап, темекі шегіп, газет қарап отырған кісі газетін төмен түсіріп, баяу тіл қатады.

2-РЕКТОР. Қалай, үй ішің аман ба?

РЕКТОР. Шүкір, аманшылық. Үлкеніміз бес күн болды, ауруханаға түсіп қалған. Тауға шығамыз деп суық тигізіп алыпты.

2-РЕКТОР. Қазір қалай?

РЕКТОР. Рақмет, тәуір сияқты. Өздерің қалайсыңдар?

2-РЕКТОР. Аманшылық… Ім…м… Жаңағы кісіні ашуландырып жібердің ғой, танысың ба еді?

РЕКТОР. Иә, танысым. Кей кісілерге таң қалам, буынсыз жерге пышақ салады да, өтпесе біреуге өкпелейді.

2-РЕКТОР (басын шайқап күледі). Болады, болады… Бес жылдан бері ондай-ондайдың талайын көргенбіз. Адамдардың бәрі бірдей емес қой. Ректор болғаныңа бір жылдан жаңа асты, әлі мұндай ұсақ-түйекке көңіл де бөлмейтін боласың. Жалпы, институттың жағдайы қалай, атмосферасы жақсы ма?

РЕКТОР. Жаман емес. Маған дейін де қалыптасып қалған оқу орны ғой. Тек, бір кафедраның оқытушылары арасында келіспеушілік бар екен, жақында ректоратта қарап, тәртіпке шақырдық.

2-РЕКТОР. Не шара қолдандың?

РЕКТОР. Кафедра меңгерушісіне ескерту бердік.

2-РЕКТОР (газетке карап). Жұмсақтық жасағансың. Әуелгі кезде қатал болу керек.

РЕКТОР. Сонда қалай, аты Одаққа белгілі профессорды қызметінен алуым керек пе еді?

2-РЕКТОР. Кейде ол да қажет, әрине, ретін тауып. Сені қолынан іс келеді деп әдейі осында жіберіп отыр, так что, бір-екі жылсыз саған ешкім пәлен дей қоймайды. Алғашқы кезде қатал талап қойып, керек жерінде шара қолданып бет көрсетіп алсаң, кейіннен саған ешкім қарсы келе алмайды.

РЕКТОР. Келешекте маған біреу қарсы келер деп олардың алдын орынсыз қаталдықпен орауым керек пе?

2-РЕКТОР (орнынан тұрып, әрі-бері жүріп). Ім-мм… қалай десем екен… Жалпы, бірінші басшы мен қызметкерлердің арасы ашу-аразсыз, ренішсіз болмайды ғой. Көптің аты көп, жұрттың бәрімен тіл табысу, бәріне бірдей үңілу мүмкін емес. Біреумен қарым-қатынасың түзу болса, сол адамды ұнатпайтын екінші біреу сенімен қарадай жүріп қарсы бетке шығады.

РЕКТОР. Мүмкін, әбден мүмкін. Бірақ қызметтен босату, немесе төмендету ауызбірлікті нығайтуға кепіл бола алмайды ғой, керісінше, алауыздыққа апарып соғады.

2-РЕКТОР. Әрине, әрине! Кезі келгенде аздап өктемдік танытып ал дегенім ғой. Бірақ ретін тауып, білдің бе? Қайталап айтамын, тек орайы келгенде ғана. Сонда жұрт сенен аяғын тартатын болады. Бірінші басшыдан жасқанбайтын мекемеде береке жоқ. Сыйласу деген бар, әйтсе де, сыйластықтың қайнар бұлағы жасқануда.

РЕКТОР. Шамасы, бұл сенің өз тәжірибеңнен ғой деймін?

2-РЕКТОР (екі қолын артына ұстап, ары-бері жүреді); Иә, иә! Өз тәжірибем де бар, өзгенің тәжірибесі де бар. Мұның бәрі ешкімнің жанынан шықпайды, өмірдің өз диктовкасы ғой. (Бұрылып, ректордың алдына кеп тұрады да, оған қарап езу тартады.) Япырмай, мен саған лекция оқығалы келгендей болдым-ау. Мұндай ұсақ-түйек заңдылықтарды бала емессің, өзің де білесің ғой. Бірақ, кей-кейде түк білмейтін аңғал, аңқау бола қалатындарың не?

РЕКТОР (орнынан тұрып, иығын қозғайды). Аңқау боп көрінуге тырысқан ниетім болса бұйырмасын. Жаратылысым солай шығар.

2-РЕКТОР (орнынан қозғалып). Жағдайға қарай жаратылыс сыйлаған мінезді де өзгертуге тура келеді. Кей жағдайда түсініп тұрған нәрсеңді түсінбеген, жаның ашыған біреуге жан ашымастық таныту да қажет.

РЕКТОР. Не үшін?

2-РЕКТОР. Өз басыңды қорғау үшін! Әрине, саған сеніп, мемлекеттік маңызы бар жауапты қызмет жүктеген соң ол үмітті ақтау керек. Осы мекеменің жұмысын жақсарту, жөнсіздіктерге жол бермеу сенің әрі тікелей міндетің, бір жағынан, азаматтық борышың. Ал, сол ойларыңды жүзеге асыру үшің алдыңнан көлденең кедергі кездесе берсе не істейсің? Есіл уақытың мен күш-жігерің ұсақ-түйекке сарп болып, үлкен, негізгі мақсат көлеңкеде қалып қоймай ма? Сол үшін, ондай кедергілер қайта-қайта қылтыңдап қоймаса шұғыл шешім қабылдау керек. Оны жолыңнан ал да таста. Сонан соң жоғарғы жаққа жақсылап жауабын дайында. Е-е, бұл мәселенің де талай-талай ньюанстары бар-ау! Жақында, дәлірек айтсам, күні кеше, жиырма екі жылдан бері биология кафедрасының меңгерушісі боп істеп келе жатқан кісіні орнынан алып тастадым.

РЕКТОР (жалт бұрылып). Кімді-і? Камалиевті ме?

2-РЕКТОР. Иә, иә. Институт мұғалімдерін маған қарсы қойып, алауыздық тудырды.

РЕКТОР. Мынауың үлкен әбестік болған, үлкен әбестік! (Әрі-бері жүреді). Бір институтта отыз жылдан бері жұмыс істеп келеді, аты бүкіл елге белгілі биолог. Талай-талай докторлар мен кандидаттар дайындаған. Ал, сен кеп…(Алақанын соғады). Япыр-ау, басқасының бәрін былай қойғанда, екеуміз де сол кісінің шәкіртіміз ғой, сол кісіден бес жыл бойы оқымадық па? Әрі-беріден соң ол саған ғылыми жетекші де болды ғой…

2-РЕКТОР. Мен оған өле-өлгенше шәкірт боп қала алмаймын.

РЕКТОР. Ал, ұстаздан шәкірт озады демексің ғой?

2-РЕКТОР. Озармыз, озбаспыз, ол болашақтың үлесі. Ал, менің дәл қазіргі мақсатым — институтты маман кадрлар дайындауда алдыңғы қатарға шығару. Бұдан жиырма, отыз жыл бұрын жазылған сарғайған лекциялар бүгінгі өскелең ғылымның, талапты студенттің талғамына жауап бере алмайды.

РЕКТОР. Профессор Камалиевті сол үшін ғана шеттеттім деп ойлайсың ба?

2-РЕКТОР (иығын қозғап). Енді қалай?

РЕКТОР (сәл ғана пауза). Менің өз басым ғылыми дәрежем бола тұра, оның лекциясын тыңдауға қазір де дайынмын. Профессор Камалиев сарғайған қағаз бен сары езу сөздің адамы емес.

2-РЕКТОР (сәл аңтарылып). Іһм, с-солай де! Демек, сен менің шешіміме қарсысың ғой?

РЕКТОР. Иә.

2-РЕКТОР. Бәлкім, оны өз институтыңа шақырарсың, биология кафедрасының меңгерушісінің орны бос тұр ғой.

РЕКТОР (алақанына жұдырығын соғып, ерсілі-қарсылы біраз жүреді). Сен бір беткей кеткенсің. Ғылыми атақтарының бәрін былай қойғанда, Камалиев нағыз ұстаз еді ғой. Ол сөйлегенде аудиторияда сексен студент отыру керек болса, сырттан келіп, тыңдаушылармен жүзден асушы еді. Әлі де солай. Сондай адамдарды шеттетіп институтты жоғары білімді мамандар даярлауда алдыңғы қатарға шығарамын дегенге шүбә келтіріп тұрмын.

2-РЕКТОР (терезенің алдына кеп, сыртқа қарап тұрады). Грибо-едов. “Ақыл-дың а-за-бы!” (Күліп, бері бұрылады). Қарап тұрсаң, жер астындағы ақыл атаулының бәрі қазір жердің бетіне шыққан сияқты. Жұрттың бәрі ақылды, бәрі данышпан. Міне, екеуміз де бір-бірімізге ақыл айтып, босқа азап шегіп тұрмыз. Әрқайсымызда өз басымызға жетерлік ақыл бар, құдайға шүкір, білімсіз де емеспіз. Қызметіміздің ішкі мәселесіне сұғынып, екеуміз тектен-текке іш араз болмайық, ондайлар онсыз да жетіп жатыр ғой. Қайта, қолымыздан келсе бір-бірімізге сүйеу боп, бір-бірімізді рухани қолдап отырайық. Мен мұны ректор ретінде емес, ғалым ретінде, дос ретінде айтып тұрмын.

РЕКТОР. Бұл сөзіңе әбден қосыламын. Бірақ, менде мынадай бір ой бар. Егер халық санасында “азамат”, “азаматтық” деген ұғым болса, сол ұғымға біздің шындап мән беретін кезіміз келген сияқты. Елдің бүгіні мен ертеңін, халықтың қамын біз ойламасақ, осы отырған екеуміз ойламасақ не болғаны? Әрине, жұртты ойламайсың деп сені кінәлап отырғаным жоқ, әркімнің өз ойы, өз тәсілі бар, сол күрес, тәсіл, әрекет атаулының ең түбінде тауға тұнған қақтай мөп-мөлдір еліңе деген сүйіспеншілік жатуы қажет. Пендешілікке салынып, кей-кейде азаматтық, адамдық парыз дегенді естен шығарып ала береміз. Халыққа қызмет етемін деп Толағай сияқты тау көтеріп әкелу шарт емес шығар, бірақ қолымыздан келгенді аянбасақ болғаны ғой. Бүгінгі студент — өмірдің ертеңгі тірегі. Біз кетеміз, біздің міндетіміз соларға жүктеледі. Егер олар бүлдіріп жатса — біздің сүйегімізге таңба, егер олар әділдікті ту ғып ұстап, абыройға кенелсе — азаматтық парызымыздың өтелгені. Институтты инкубаторға айналдырмау керек. Оны бітірген жастар тек программа бойынша білім алып, өз саласының маманы ғана болып қалуы әлі аз. Институт адамгершілік пен азаматтықты да қалыптастырып шығаруы керек. Ал, мұның бәрі мұғалімдер құрамына тікелей байланысты.

2-РЕКТОР. Жер дүниені ақыл қаптап келеді, ақыл! Цицеронның “Кәрілік, достық. Парыз туралы” деген кітабынан үзінді тыңдағандай болдым ғой. Одан қорытынды шығарып көрерміз… Әділдік пен азаматтықты ұрандап, өзің де бұра тартып жүрсің-ау! (Күледі). Білеміз, білеміз, таңданбай-ақ қой. Ішкі жағдай сырттағыларға тезірек жетеді және толық жетеді.

РЕКТОР. Ол не жағдай?

2-РЕКТОР. Осыдан екі ай бұрын кандидаттық диссертация қорғаған жігіттің фамилиясы кім еді? Жақының еді ғой, есіңде шығар?

РЕКТОР. Есімде.

2-РЕКТОР. Әрине, есіңде. Есіңнен шыққан жағдайда да жақынды  есіңе түсіруге тура келеді.

РЕКТОР. Неге?

2-РЕКТОР. Ғылыми советтің жұмысына араласып, оппоненттерді өзің таңдайсың. Шығып сөйлеушілердің сөзі күні бұрын ұйымдастырылыпты. Министерство бұл мәселені жуықта коллегияда қарамақ. Алдын алғайсың.

РЕКТОР. Дәлел?

2-РЕКТОР. Дәлелдейтін ештеңе жоқ. Сол жаққа жеткізгендер фактіні тізген де берген.

РЕКТОР. Ал, саған керек болса! Сонда мен оппонент дайындағанмын, мақтау сөз ұйымдастырғанмын?! Бұл қандай жаңалық! Ол жігітті танитыным рас, ғылыми жағынан көмек те бердім. Бірақ, ешқандай туыстық қатысым жоқ. Тіпті, туысым болған күннің өзінде оның осы институттың ғылыми советінде диссертация қорғауға правосы бар ғой. Зерттеп жүрген тақырыбы тың, алған нәтижелері мақтауға тұрарлық. Мен танитын болғандықтан, ол диссертация қорғамауға тиіс пе? Ал, жарайды, мен ұйымдастыра қояйын, ВАК деген бар емес пе? Егер жазылған еңбектерде ғылыми мән болмаса олар да бекітпес еді ғой.

2-РЕКТОР. ВАК-тегілер де адам. Москвадан мақтап пікір жазған доктордың аттестациялық комиссияда танысы жоқ дейсің бе?

РЕКТОР (ұзақ ойланып жүріп). Мейлі, коллегияда қалай талқыласа, солай талқыласын. Ғылыми еңбек диссертанттың қолында, авторефераты шыққан, қажет болса, соған жүгінеміз.

2-РЕКТОР. Сен ол үшін маған ренжіме, мен тек достық көңілмен алдын ала ескертіп отырмын, басқа пиғылым болса түк білмеген кісідей үнсіз кете берер едім. Кейде әділдігіңді дәлелдей алмай қалатын кезің болады, соны ескерткенім ғой. (Сағатына қарап). Мен біраз кешігіп қалдым-ау деймін. Қазір сағат он бірде қабылдау комиссиясымен жиналыс өткізуім керек еді, кетейін. Сау бол!

РЕКТОР. Келгеніңе рақмет. Сау бол. (Қолын ұсынады).

2-РЕКТОР. Алдағы жексенбіде аң аулауға барайық. Жұмыс басты боп кеттік қой. Сол ауданның бірінші хатшысы келіп кетіңдер деп шақырып қоймай жүр. Мылтық ұстай алушы ма едің?

РЕКТОР. Шүріппені баса аламын… Бірақ, қазір оған уақыт қайда. Қабылдау емтихандары бітсін, студенттерді ауыл шаруашылығы жұмыстарына жіберіп болайық. Сол кезде барармыз.

2-РЕКТОР. Жарайды, солай-ақ болсын. (Шыға береді де, әлдене есіне енді ғана түскендей, кейін бұрылып даусын сәндеп). Айтпақшы, мына бір қағазды ұмытып барады екенмін ғой. (Қалтасынан абитуриенттердің фамилиясы жазылған қағаз ұсынады). Біреуі физика, біреуі биология факультеттеріне документтерін ертең тапсырады.

РЕКТОР (қолына қағазды ұстап, аңырып тұрып қалады). Мынауың… заңсыздық қой. Бұл менің қолымнан келмейді.

2-РЕКТОР. Аһа-һа-һа-һа-һа! Ертегі айтуға шеберсің-ау!.. Аһа-һа-һа… Жарайды, осы екеуі-ақ. Кейін хабарласармын. (Ол шығып кетеді. Ректор кабинеттің ортасында тұрып қалады).

Пауза.

Жарық сөнеді де, қайта жанады. Ректор өз орнында отыр.

Есік ашыльт, тағы бір портфель көтерген орта жастағы кісі кіріп келе жатады. Есік ашылғанда ар жағынан Шалдың басы көрініп, “Шырағым-ау, мен едім ғой, қашанғы күтемін!” — деп айғайлаған даусы естіледі. Бұл бір саусағын көтереді де, есікті жаба қояды.

ДОЦЕНТ. О-о, сәләмәтсіз бе! (Жалпаңдап қол алысып амандасады). Хал-жағдайыңыз жақсы ма?

РЕКТОР. Шүкір, шүкір.

ДОЦЕНТ. Балаңыз ауруханада деп естіп едім, қазір қалай? Барып шығу керек еді, күнде ертеңмен қол тимейді. Оның үстіне, төртінші курстың студенттері соңғы емтихандарын тапсырып жатыр…

РЕКТОР (жарайды, болды дегендей қолын сәл көтеріп). Үлгерімдері қалай?

ДОЦЕНТ. Жаман емес. Бүгін бітемін, ертең екілік алған студенттерден қайта емтихан қабылдаймын. Імм… Қызметке келген бойда маған кірсін деген екенсіз…

РЕКТОР. Мен кеше сағат төртке келсін деп едім…

ДОЦЕНТ. Аһ, солай ма еді! Кешіріңіз! Деканаттағы секретарь қыз маған әлгінде ғана айтты. Ойпырмай, ол қызда да ес қалмаған шығар. Кешегі сөзді бүгін айтқаны несі екен оның, ә!

РЕКТОР (ойланып). Жарайды, мен сіздердің біреулеріңізді ұялтқалы отырған жоқпын. Мәселе онда емес. Айтыңызшы, үлгірмей қалған студенттердің бәрі бірдей білімсіз деп ойлайсыз ба?

ДОЦЕНТ (таңданып). Түсінбедім.

РЕКТОР. Екілік алған студенттердің бәрі бірдей білімсіз деп ойлайсыз ба?

ДОЦЕНТ. Імм… мм.. Қалай десем екен?.. Экзамен деген студенттердің білімін таразыға салатын кез. Оны өзіңіз де білесіз. Адам шыны емес, көз рентген емес, әр студенттің ішінде не жатқанын қайдан білерсің, билеттегі сұраққа да қанағаттанарлық жауап бере алмаса…

РЕКТОР. Неге? Ұстаз әрбір шәкіртінің қандай қабілеті бар екенін, оның, жалпы, білім дәрежесін неге байқамайды?

ДОЦЕНТ. Сізді қате түсініп отырсам кешірерсіз, бірақ мұндай сұрақты арнайы шақырып алып қойып отырғаныңыздың түпкі мәнін аңғара алмадым.

РЕКТОР (тартпадан бір парақ қағазды алып, доценттің алдына қояды). Оқып шығыңыз. Оқыңыз, оқыңыз…

ДОЦЕНТ (бір сөйлемнен ғана тұратын арызды оқып шығады). Түсінсем бұйырмасын!

РЕКТОР. Түсінбегеніңіз өкінішті-ақ! Бұл студент институттан кетуге арыз берген.

ДОЦЕНТ. Неге?

РЕКТОР. Мен сізді осыны сұрағалы шақырып едім. Шынында, неге? Сіз осы курсқа бір жыл бойы сабақ бердіңіз, демек, әрбір студенттің жағдайын, қабілетін, сізден басқа ешкімнің толық білуге мүмкіндігі жоқ. Мына, арыз жазып отырған студент қысқы сессияның кезінде де сіздің пәннен екілік алған, деканаттың нұсқауымен қайта тапсыруға барғанда сіз экзамен қабылдаудан бас тартыпсыз. Соның нәтижесінде ол бір жыл бойы стипендиясыз жүрген.

ДОЦЕНТ (намыстанып). Ендеше, мен оған ертең бес қойып берейін де, бір жылдық стипендиясын жалақымнан қайтарайын!.. Кешірім өтінейін!..

РЕКТОР. Сіз ашуланбаңыз. Оқытушыны оқушыға жығып берейін деген ойдан аулақпын, сізді оңаша шақырып алып сөйлесейін дегенім де сондықтан. Алайда, сіз сол студенттің жағдайымен таныстыңыз ба? Жоқ! Ол қаршадайынан жетім қалып, Балалар үйінде тәрбиеленген, біздің институтқа да сол Балалар үйінің директорының жолдамасымен түскен. Қабылдау экзамендерінің бәрін үздік тапсырған. Сол баланың енді кеп сіздің пәннен сүріне беретініне таңым бар.

ДОЦЕНТ. Мектеп программасы мен институт программасының екеуі екі бөлек.

РЕКТОР. Дұрыс, оған қосыламын. Мектепті жақсы бітіріп келген кейбір балалар институт программасын меңгере алмайды. Бірақ, біз сөз етіп отырған студенттің ерекше қабілетті екенін сіз аңғардыңыз ба?

ДОЦЕНТ. Әзірге қырсық мінезінен басқасын көре алғаным жоқ.

РЕКТОР. Әрине, мінез деген бойдағы қабілет пен таланттың құнын кетіретін өзінше кесел. Бірақ, біз ұстаз екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек қой. Шәкірттің таланты мен қабілетін сол қырсық мінездерден аршып алуға тиіспіз.

ДОЦЕНТ. Япыр-ай, арамызда Исаак Ньютон жүрмесе болғаны.

РЕКТОР. Несі бар, жүруі де мүмкін.

ДОЦЕНТ. Егер мені арнайы шақырған жұмысыңыз осы ғана болса, кете беруіме рұқсат етіңіз. Сіз ара түскен соң басы артық сөз айтып әуре болудың керегі жоқ. Оған қалаған бағасын қойып берейін.

РЕКТОР (орнынан тұрып, әрі-бері жүреді). Ақылдаспақ боп шақырып едім, сіз мені мүлдем қате түсіндіңіз. Өзіңіз ойлаңызшы, институттың шарқ ұрып іздейтіні дарынды жастар емес пе? Бір студентті үлгіре алмағандығы үшін шығарып жібере салу бізге түк қиындығы жоқ, неге шығардың деп ол үшін бізді ешкім жазаламайды. Министрлікке мәлімет береміз де қоямыз. Ал, оның ар жағында адам тағдыры, сіз бен біз сияқты адамның тағдыры жатқанына мән бермейміз? Және “үлгіре алмады” деп шығарылғалы отырған студенттің ғылымға қабілеті бар екеніне көзіміз жетсе, қылмыс жасағанымыз емес пе?

ДОЦЕНТ. Япыр-ау… Дарын, қабілет деп сөйлейтіндей ол жігіт не жасап қойып еді?

РЕКТОР. О-о, әрине, ол түк те тындырған жоқ. (Столына келіп, отыз шақты бет қағазды тартпадан алып доцентке көрсетеді). Кеше сол жігітпен бірге оқитын төрт-бес студент әкеп беріп еді. Оқып шықтым. Таласты жағы да баршылық. Бірақ, ерекше батылдық бар. Еңбегінің атын қараңызшы. “Данышпандықты өлтірмеудің проблемалары”. Мұнда ол ғұлама ғалымдардың сол ғұлама болуына талай жылдар бойы тер төгетінін, өмірлік ғылыми тәжірибесі әбден толықсып, ғажайып жаңалықтар ашуға жаңа мүмкіндік алғанда биологиялық өлімге душар боп, сол өліммен бірге талай-талай ғылыми революциялардың қоса өлетінін айтады. Сөйтіп келіп, адамзатты мұндай зор шығыннан құтқарудың жолын іздейді. Сіз биологиядан сабақ бересіз. Ол жігіт сіздің пәннен үлгіре алмайды. Сөйте тұра мынандай еңбек жазып жүр. Өзіңіз ойлаңызшы, егер ол сіздің пәнді білмейтін болса, үлгіре алмайтын болса, дәл осындай философиялық болжауға бара алар ма еді? Бұған қалай қарайсыз?

ДОЦЕНТ. Ол жігіттің бұл еңбегіне мен мүлдем қарсы болғанмын.

РЕКТОР (таңданғаннан доцентке қарап тұрып қалады). А-аһ, солай ма-а? Сіз бұл жөнінде біледі екенсіз гой?

ДОЦЕНТ. Ол ғылыми прогресс пен адам санасы жөнінде мүлдем қате түсінікте.

РЕКТОР. Сол үшін… сол үшін сіз оны үлгіре алмайтын студенттердің қатарына қостыңыз ба? Дұрыс, сіз оның пікіріне қосылмаңыз, оған қарсылығым жоқ, алайда, шәкірттің пікіріне қарсылығыңыз, оның институт программасын меңгере алмайды деп тұжырым жасауға негіз болмайды ғой.

ДОЦЕНТ (орнынан тұрады). Сіз… институт мұғалімдерінің ар-намысынан гөрі студенттің ар-намысын жоғары қояды екенсіз… Бұл қорлыққа да амалсыз төзетін болдық.

РЕКТОР. Егер сіз осыны қорлық деп ұғатын болсаңыз, басқа айтар сөзім жоқ.

ДОЦЕНТ. Ал, “босатыңыз” деп арызды мен жазсам қайтер едіңіз. Тым болмаса, әлгі “данышпан студентке” ара түскеніңіз сияқты жанашырлық білдірер ме едіңіз?

РЕКТОР. Мен сізге жанашырлық білдірмеймін, сіз ешқайда да кетпейсіз.

ДОЦЕНТ (үнсіздіктен соң кекесінді үнмен). Құдай көңіліңізді көтерсін. (Шығып кетеді).

Пауза.

РЕКТОР. “Данышпан студентке” ара түскеніңіз сияқты!.. Іһ-ім! (Басын шайқайды).

Ректор екі қолын артына ұстап кабинетте әрлі-берлі жүр. Терезе алдына барады. Ол жерде сәл ойланып тұрып, креслоға кеп отырады да, қоңырауды басады. Ішке Секретарь қыз кіреді.

РЕКТОР. Маған профессор Камалиевтің үйінің телефонын тауып беріңізші.

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Жарайды. Қазір керек пе еді?

РЕКТОР. Иә, иә.

Қыз шығьт кетеді. Ол шығысымен киіп-жарып Шал кіреді. Сөйлеп келе жатыр.

ШАЛ. Ойпырмай, бұл адамдардың бәрі жұмыс істемей ме? Келіп жатыр, кетіп жатыр. Шеттерінен дөкей. Бәрі бір саусағын көрсетеді. (Артына бұрылып). Әй, жүр бері! Амансың ба, шырағым? Дабырлап кіргенімді кешірерсің. Күйінген соң айтасың да. (Ректормен қол алысып амандасады).

РЕКТОР (орнынан тұрып, жұмсақ креслоны ұсынады). Жоғары шығыңыз, ақсақал. Аман-есенсіз бе?

ШАЛ. Шүкір, шүкір. (Қалпағын алып столға қояды. Отырады).

РЕКТОР. Қандай шаруамен келдіңіз?

ШАЛ (түрегеп тұрған баласына қарап). Бізде не шаруа болушы еді, қарағым. Мына бір баланың қамы. Бәріміз қойшы болғанша, біреуіміз тойшы болайықшы деп үлкен ағалары боп жабылып жүріп осы біреудің аяғын оқуға іліндіріп едік. Осыдан екі ай бұрын бұ тентек үйге жетіп келді. Үнстөттің оқуын жұрттан бұрын бітіріп келген екен деп қуанып қалсақ, бұ бәле. “Исклушит қылды” деп күмілжіп тұр.

РЕКТОР. Ә-ә, есімде, есімде! Жатақханада төбелес шығарған батырлар ғой?

ШАЛ. Иә-иә! Түнде төбелескен, түнде!

РЕКТОР. Ім-мм… Балаңыздың жағдайы қиын, ақсақал. Институтқа қайтадан қабылдай алмаймыз. Тәртіп бұзушыларға біздің арамызда орын жоқ!

ШАЛ. Ойпырым-ай, біржолға…

РЕКТОР. Балаңыз институттан екі рет төбелескені үшін шығарылды.

ШАЛ. Не дейді, құдай-ау! Әй, сен бір төбелескеніңді айтпап едің ғой. Біреуін қайда жасырып қойып ең?

ЗАОШНИК. Екеуінде де бір-ақ студентпен төбелескем.

Шал бақырайып Ректорға бір, Баласына бір қарайды.

РЕКТОР (ерніндегі күлкісін тиып). Ақсақал, балаңызды ауылға алып қайтыңыз. Жұмыс істесін. Әрі-бері жүре беру сізге де оңай емес шығар. Әуре боп қайтесіз.

ШАЛ (орнынан тұрып, Ректордың алдына келеді). Қарағым, ер кезегі үшке дейін. Сонау жақтан әуре боп келіп едім, тағы біржолға көріңізші. Ендігәрі төбелеспек түгілі біреулермен жанжалдасты деген сыбыс естісем, аяқ-қолын байлап өзім-ақ алып кетемін. Биылғы күзде бітіретін еді…

РЕКТОР. Балаңызға қанша ақша жіберіп тұрасыз?

ШАЛ. Тапқан-таянғаныңды түгел бересің деп ортаншы ағасын ортадан шығарып қойғанбыз. Ол жетпей қалды десе, кемпірдің пенсиясынан да саламыз. Тарлық көріп жүрген жоқ сияқты.

РЕКТОР (ренжіп). Баланы алдымен өздеріңіз бұзғансыздар! Ол өз айлығын тағы алады. Бәрін қосқанда 200-250 сом! Бұл — орташа қызметкердің айлық табысы. Сол ақшамен олар бүкіл семьясын асырайды. Ал, балаңыз оны қарақан басына жаратады! Тәртіпсіздік жоқтықтан емес, тоқтықтан туады.

ШАЛ. Қайдан білейін, қалқам. Алыста жүр ғой, қатар құрбыларынан кем болмасын, көзі жәутеңдемесін деп…

РЕКТОР. Балаңызды тым жақсы көреді екенсіз. Жақсы көрудің белгісі оның қалтасын нығыздай беру емес.

ШАЛ.  Қайтейік енді… Бізден де бір білместік өткен шығар.

РЕКТОР. Бәрібір мен енді ештеңе істей алмаймын. Бұл мәселе әуелі деканатта, сонан соң ректоратта қаралып, шешімі министрлікке жіберіліп қойылған.

ШАЛ. Япырмай… Сонау жерден әуре боп… Мына есіктің алдын екі күн күзетіп әрең дегенде өзіңе жетіп ем. Барып жүзбе-жүз сөйлессем түсінер, сөзімді жерге тастамас деген үмітім бар еді. Енді қайттім.

РЕКТОР. Ақсақал, маған ғана тіреліп тұрса, сізден көмегімді аямас едім. Бірақ, ол мәселе енді біздің қолымызда емес.

ШАЛ. Інстот бастығының сөзін, немесе еді әлгі… міністірлік деген де жерге тастамайтын шығар. Бірауыз айтып көрсең қайтеді, қарағым!?.

РЕКТОР (ойланып). Ойпырмай, қинадыңыз-ау, ақсақал.

ШАЛ (қуанып). Сөйте қойшы, құлдығың болайын. Өзіңнен басқа кімге барам, тағы қай есіктің алдын күзетем жалтақтап. Оқып көрсін. Не деп болады, жөні түзу адам боп кетер. Ауылдағы рабкоптың бастығы да сойталдай болғанша қауын ұрлап, тауық ұрлап, той болса төбелессіз кетпеуші еді. Ол да жынынан айрылып, қазір түк көрмегендей бір қора кісіні басқарып отыр ғой. Тағы бір тәуекел деп көрші, шырағым. Енді тәртіп бұзса, әлгі айтқаным айтқан, ағаларын ертіп кеп, машинаға тиеп алып кетеміз. (Ұлына қарап, әдейі даусын көтере түсіп). Бұдан былай төбелеспейсің бе,ей!

“ЗАОШНИК”. Жоқ.

ШАЛ. Ендігәрі жұдырық сілтеп көрші. Мына ағаңа өзім келіп, болмайды десе де алып кетемін тура. Мына екі қолыңды бар ғой, орныңнан тұра салып қалтаңа сал да, төсекте жатарда бір-ақ шығаратын бол.

“ЗАОШНИК”. Тамақты қайтіп ішем?

ШАЛ (кібіртіктеп). Тамақ ішкенде ғана шығар. Жазуды қайтып жазам демей, тамақты қайтып ішем деуін қарашы мұның!..

РЕКТОР (жымиып). Жарайды, ақсақал. Сонау жақтан әуре боп келген екенсіз, сөзіңізді жықпайын. Балаңызды институтқа қайтадан қабылдау жағын қарастырармыз.

ШАЛ (орнынан тұрып). Көсегең көгерсін, дегеніңе жет, қалқам. Үлкен сыйлап өскен шаңырақтан шыққан азамат екенсің. Көп-көп рақмет. Қолың босаса ауылға кел. Қазір жерге қарап отырған ешкім жоқ. Бүкіл ауыл боп, ағайын боп жер бастырмай күтіп аламыз.

РЕКТОР. Жарайды, жарайды, ақсақал. Ол жағын көре жатармыз. Әзірге сау болыңыз! (Қолын ұсынады).

ШАЛ (абдырап, оның қолына қалпағын ұстатады). Ойбай, алжыған деген осы. Сөйт, қалқам, кел, әбизәтілні кел.

Хатшы қыз келіп, тілдей қағаз тастап кетеді.

СЕКРЕТАРЬ. Профессор Камалиевтің үйінің телефоны.

РЕКТОР (шығып бара жатқан оны тоқтатып). Маған ешкімді жібермей тұра тұрыңызшы. Босаған кезде өзім хабарлаймын.

СЕКРЕТАРЬ. Жарайды (Шығып кетеді).

РЕКТОР. Солай, ақсақал, уақыт боп жатса, дәм бұйырса бара жатармыз. (Балаға қарап). Ал сен… Ойланатын кезің жетті. Екінші тәртіп бұзсаң инстиуттан шығарып жіберем деп қорқытпаймын, ол жаза ешқайда қашпайды. Азамат болуға ұмтылу керек. Ертеңгі бүкіл болмысың, бүкіл дәрежең мен ақыл, парасатың, мәдениетің қазірден бастап қаланады. Адамның бүкіл табиғаты, болмысы өзіне ғана байланысты емес, оны қоршаған ортаның мінез-құлқына сай қалыптасады. Сүйегің қатып, сақалың солғанша әкеңе салмақ сап, әкеңнің табысын, әкеңнің беделін шаша берме. Оған да тыныштық керек. Сендердің, студенттердің мен үшін бәрі бірдей, бәрі қымбат. Алайда, осында бір студент бар, өзі жетім өскен, әке-шешесінің кім екенін де білмейді. Сол жігіттің… жарайды, мен ол жағын айтып жатпай-ақ қояйын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — ойланатын кез жетті. Жеткен жоқ, өтіп кетті, бірақ, әлі де кеш емес. Бұл жерде тұрып, «жарайды» деп уәде бермей-ақ қой, өзіңмен-өзің оңашада кеңес. Ал, сау болыңыздар.

ШАЛ. Рақмет, рақмет, қарағым, ақылыңа. Не тілесең, тілегіңе жет. (Баласы екеуі шығып кетеді).

Ректор ойланып әрі-бері жүреді. Телефонның қасына кеп тоқтап қолына Секретарь әкеп берген тілдей қағазды ұстап біраз тұрады. Сонан соң креслоға отырып, телефон дискісін асықпай айналдыра бастайды.

РЕКТОР. Сәләматсыз ба? Профессор Камалиевтің пәтері ме екен? О кісіні телефонға шақырып жібермейсіз бе? Қайда кеткен дейсіз? Билет алуға?! Қайда? Қашан жүреді? Ә-ә, ертең бе? Жарайды, жарайды, біраздан соң тағы хабарласармын. Кешіріңіз. (Трубканы орнына кояды. Ой үстінде).

РЕКТОР (өзіне-өзі). Ертең жүреді. Ерте-ең… (Қоңырауды басады. Секретарь қыз кіреді).

РЕКТОР (қағаздан басын көтеріп). Қарағым, Камалиевқа өзің телефон соғып тұршы. Үйіне келсе маған хабарла. Кетіп қалмасын. Өте қажет едіңіз де. Кісілер кіре берсін.

СЕКРЕТАРЬ. Жарайды (Тық-тық басып шығып кетеді). Телефон шырылдайды.

РЕКТОР. Иә, мен сізді тыңдап тұрмын. Ә-ә, сәләматсыз ба, сәләматсыз ба, Виктор Федорович! Жақсы, жақсы! Биылғы конкурс көп болатын түрі бар. Кейбір факультеттерде бір орынға әзірдің өзінде 7-8 баладан келеді. Әлі де тапсырады ғой. Әрине, әрине, баланың көп болғанына не жетсін. Біріншіден, ол – институт беделінің артқаны, екіншіден, білімді жастарды іріктеп, таңдап алуға мүмкіндік береді. Жо-жоқ, Виктор Федорович, ондайға жол бермейміз. Оған сене беріңіз. Экзамен қабылдайтын мұғалімдердің құрамы дейсіз бе? Мен осыдан екі күн бұрын жібергенмін. Оны қалай алмағансыз. Мүмкін, әбден мүмкін. Министрдің өзінде жатқан шығар. Сол кісіден бір данасын алып көрерсіз. Жақсы, сау болыңыз. (Трубканы қояды).

Кабинетке Әйелі, Баласы, тағы бір кісі – Әкесінің інісі кіріп келеді. Әйелін көрген кезде, ауруханада жатқан баласы есіне түсіп, Ректор орнынан ұшып тұрып, оған қарсы жүреді.

РЕКТОР. Не боп қалды? Баланың халі қалай?!

ӘЙЕЛІ. Жақсы, әлгінде ауруханаға барып келдім. (Артына бұрылып). Кіріңіз.

Кабинетке жасы елу-елу бестердегі кісі кіреді. 6-7 жасар бала жүгіріп әкесінің орнына отырып, сурет сала бастайды. Ректор түкке түсіне алмай, қайран қалып тұр. Келген кісі Ректорға мойын да бұрмай, терезе жанындағы орындықка барып отырады.

РЕКТОР (Әйеліне). Оу, бұ не бұл? Неғып жүрсіңдер, қайдан жүрсіңдер?

ӘЙЕЛІ. Мына кісі, “кетемінші, кетемін” деп қиғылық салып жатыр. Кетіп қалса сен ренжи ме деп ертіп келдім. (Баласына). Маратик, нельзя папины вещи трогать! Сиди спокойно!

РЕКТОР. Иә, ағасы, жолыңыз болсын? Мұныңыз не?

ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ (қолын сермеп). Кетемін!

РЕКТОР. О-о! Ағай ашулы ғой өзі. Не боп қалды, неге асықтыңыз? Жаз айында Алматы маңы деген ешқандай курортқа бергісіз. Мен бір демалыс үйіне жолдама алып берейін. Жайбарақат демалыңыз.

ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ. Керегі жоқ. Демалыс үйі дейді ғой. Болдым.

РЕКТОР. О-оу, сізге не болған. Бізге өкпеледіңіз бе?

ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ (кенет дауыстап). Осы сен маған бауырсың ба, жоқ па, соны айтшы?.

РЕКТОР. Жоқ. (Кісі селт ете қалады). Сіз маған бауыр емес, әкемсіз. (Кісінің көңілі орнына түседі). Әкемнің інісі болған соң әкемнен кем көрем бе?

ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ. Ендеше, мына көрсеткенің не? Үйлеріңе келгеніме екі күн болды, екі күннен бері дастарқан басында мамыражай бір бас қоспадық. Түнде келесің, қатқақпен тағы кетесің. Екіауыз сөз айтуға зар болдық қой. Сені жетілдіргенде өстіп… бірауыз сөз айта алмай… үйіңде тобарсып отырып-отырып кету үшін жетілдіріп пе едік?

РЕКТОР. Еһе-е, міне, мәселе қайда жатыр! Сіз маған өкпелеген екенсіз ғой. Орынды, орынды. Кінәмді мойныма аламын. Бірақ, амал қанша, қызмет бабы солай ғой, аға-ау. Қазір қарбалас кез. Жақында қабылдау емтихандары басталады. Жұмыстан соң осында отырып біраз мәселелерді қараймыз. Өйтпесе тағы болмайды. Көктемгі егіс кезінде сіздерді де үйден таппаймыз ғой.

ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ. Өйтіп, бипаздамай-ақ қой. Бәрің майда сөйлеп үйренгенсіңдер әбден. Ініме барам деп көкірегім көрік боп, мақтанышым ішіме сыймай келсем, бұлар… сөйлескісі келмейді.

РЕКТОР. Неге олай дейсіз, аға-ау. Сөйлескім келмей жүргендіктен емес қой, оны неге түсінбейсіздер? Әрі, сізді осында бірер ай демалуға келді деп ойлағанбыз.

ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ. Менің деміме жететін ауа ауылда да бар. Екі күнге жарылып кете жаздағанымда бір ай қайтып шыдамақпын. (Пауза). Ал, ана үшеуін қайтеміз?

РЕКТОР. Қайсы үшеуін?

ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ (келініне қарап қойып). Әні, бұл үйіне кім келіп, кім кетіп жатқанын да білмейді. Құдай-ау, табалдырықтан аттағанда көздеріңді жұмып, құлақтарыңды бітеп аласыңдар ма? Ана үш бала ше? Біреуі менің ортаншым, екеуі өзіміздің ауылдан. Скләдші Бейсеннің қызы мен оправляйіш Қоспанның баласы. Алыс адамдар емес, жақындарың. Алдыңғы жылы барғанда көргенсің, үйінен дәм де таттың.

Ректор бірден сұлқ түсіп, кабинетте әрлі-берлі жүреді. Әйел телефонға жармасып, бұрап жатқан Баласына ұрсып қояды. “Маратик”. Ой, какой ты непослушный! Перестань!” — деген дауыс естіледі.

РЕКТОР (Әйеліне жақындап). Бұ не бұл? Өзіңнің келгенің былай тұрсын, кабинетке баланы неге ертіп әкелесің? Ұят емес пе? Екінші есіңде болсын, бұдан былай бұл жерге бірде-бір туыс, ағайынды ертіп әкелгеніңді көрмейтін болайын!

ӘЙЕЛІ. Оһ-о! Бұл өз туыстарына ғана дауыс көтере алады. Немене, кабинетіңді қызғанып тұрсың ба?

РЕКТОР. Бұл сенің аузыңнан шығатын сөз емес. Кабинетте мен отырғанмен, ол мемлекеттікі. Мұндай шаруаны үйде айтуға да болатын еді ғой. Сыртта көп адам күтіп отыр.

ӘЙЕЛІ. Ештеңе етпес, күте тұрар. Айтпақшы, ГорОНО-ға телефон соқтың ба?

РЕКТОР. Жоқ. Уақытым болмады. Қолым тисе ертең-бүрсігүні барып шығамын.

ӘЙЕЛІ (қайнағасына қарап қойып). Бұл ініңіздің бар тірлігі осы. Уақыт жоқ деген сөзді жаттап алған. Үй шаруасына көз қырын да салмайды. Ұршықтай үйіріліп, ертеден қара кешке дейін жалғыз өзім жүгіремін де жүремін. Ана ортаншы баламызды пионер лагеріне жіберу керек еді, бұл болса күнде ертеңмен жарты айдың жүзін қылды.

РЕКТОР. Енді бес-алты күннен соң мектептегі оқушылармен бірге өзі-ақ кетеді ғой, несіне асығасың.

ӘЙЕЛІ (таңданып). Вот тебе, сюрпри-из! Сен соны күтіп жүр екенсің ғой! Мектептерінің баратын лагері өзіміз күнде көріп жүрген мына тұрған жаман Қапал ғой. Көрші аудан! Баланы соған жіберуге қалай дәтің барады, қалай? Жоқ, саған сенсек далада қалады екенбіз. Телефоны қалай еді әлгі ұзын сарының? (Стол үстіндегі справочниктен тез-тез ГорОНО-ны іздей бастайды).

РЕКТОР. Оны қайтпексің?

ӘЙЕЛІ. Өзім телефон соғамын. Горздрав… Горфинотдел… Горплан… ГорОНО. Ә, міне, міне. Заведующий 33-97-64. (Справочникті жауып, телефон номерін ұмытып қалмас үшін екі-үш рет қайталайды). 33-97-64… 33-97-64… (Телефонға кеп, трубканы көтереді).

РЕКТОР. Қой деймін. Ұят болады!

ӘЙЕЛІ. Ұят ештеңесі жоқ. Есікке есік көрші тұратын ресторан зав. залының баласы “Артекке” кеткенде, ректордың баласы Қапалға бара ма! (Номерді тере бастайды. Ректор асығыс басып келіп, оның қолындағы трубкаға жармаса бергенде, Әйелі “тыныш” дегендей саусағын көтеріп қояды).

ӘЙЕЛІ. Бұл ГорОНО ма екен? Сәләматсыз ба, сіңілім. Бастық өзінде ме екен? Жалғай қойшы, қалқам. (Пауза). Сәләмат па, құрдас? Танымай тұрсың ба? ықылықтап күледі). Көптен бері көріспей кеткен соң телефон соғып тұрғаным ғой. Аман, аман. Жұмысында ғой. Ерте кетеді, кеш келеді. Амандасамыз да, қоштаса береміз. (Тағы күледі). Иә-иә… Қазір жұмыс қауырт боп жүр. Оның үстіне ғылыми жұмысы тағы бар. Бір минут қолы бос емес. Саған жолығып шықшы деп тапсырма бергеніме жарты ай болды. Күнде ертең, күнде ертең. Сонан соң ұят-аятты жиып қойып, саған өзім телефон соғып отырмын. Шаруа болғанда… бір арзымайтын ғана нәрсе. Ортаншы баламызды білесің ғой. Соның каникулға шығып, үйде қамалып отырғанына ай болды. Мектептері бес-алты күннен соң лагерьге жібереді екен. Қапалға. Иә, Қапалға. Қайтеміз, әкесінің пысықтығынан да. (Пауза). Иә-иә! Бұл тамаша болды ғой. Қашан жүреді екен? Бүрсігүні? Группасында балалар аз ба, көп пе? Дұрыс. Балалары аздау группамен жіберсеңші. Көп бала шуылдап… Иә, жарайды, жол қамына кірісе берейік, ендеше. Ертең өзім кіріп шығармын. Көп-көп рақмет. Жарайды, жұмыстан келген соң айтайын… Ондай шаруаң болса… өзің сөйлескенің дұрыс қой. Несі ыңғайсыз, бар да айтып шық. Жақсы, сау бол! (Трубканы орнына қояды). Саған сәлем айтып жатыр.

РЕКТОР (селқос). Сәләмат болсын.

ӘЙЕЛІ (масаттанып). Міне, он бес күнге созып келген тірлік бес минутта бітті де шықты. Аға, мен болмасам бар ғой, мына балаңыздың қолынан түк те келмейді. (Ректорға бұрылып). Айтпақшы, ол сенде шаруам бар дейді.

РЕКТОР. Біліп тұрмын. Белгілі жай ғой.

ӘЙЕЛІ. Өзі бір аңқылдаған жақсы адам. Көңілін қалдырмасаңшы.

РЕКТОР. Ол менің баламды “Артекке” жібереді, ал мен оның баласын…

ӘЙЕЛІ. Баласы емес, жақын інісі.

РЕКТОР. Мен оның інісін оқуға түсіруім керек.

ӘЙЕЛІ. Түсір деп қинап отырған кім бар? Саған келіп айтуға ұялып жүр екен. Реті келіп тұрса…

РЕКТОР. Болмайды! Сен мұндай іске араласпа!

ӘЙЕЛІ (баласының қолынан ұстап, кетуге ынғайланады). Сен бұл түріңмен дос-жарандарыңның бәрінен жұрдай боласың.

РЕКТОР. Сол үшін айырылысатын достың маған да керегі шамалы.

ӘЙЕЛІ. Ал, мына кісіге не жауап айтасың?

РЕКТОР (үнсіздіктен сон). Аға, сіз ренжімеңіз. Балалар өз беттерінше тапсыра берсін. Үшеуіне де жатақхана алып берейін. Бірақ, оқуға түсірем деп уәде бере алмаймын. Ол қолымнан келмейді.

ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ. Қолымнан келмейді?! Сенің қолыңнан келмесе, менің қолымнан келе ме? Бұл қай сөзің?

РЕКТОР. Япырмай, қолымнан келмейді дегенді сіздерге қалай түсіндірсем екен! Институтқа үшеу емес, он, жүз студент қабылдата алам, білдіңіз бе? Бірақ, бұл қылмыс қой, қылмыс екенін біле тұра мен оған неге барамын. Әділетсіздік менен, ректордан басталса, өзге жөнсіздікті кім жолға салады, кім түзейді? Өзімнің арым таза болмаған соң өзгенің кемшілігін қалай түзетпекпін? Сіздер мұны неге түсінбейсіздер, әлде түсінгілерің келмей ме?

ӘКЕСІНІҢ ІНІСІ. Қой, айналайын, оның бәрін маған айғайлап түсіндірмей-ақ қой. Түсіндім. Құдай бет алдыңнан жарылқасын. Қош бол. Інім деп… дөкей деп елге мақтанып біз жүрсек… (Орнынан тұрып есікке беттейді). Қолымнан келмейді дейді ғой. Қолыңнан ештеңе келмейтін болса, ауылға бар да мектепке мұғалім бол. Көр де тұр, саған ыза болғанда бар ғой, осы үш баланың үшеуін де Шымкентке апарып оқуға іліндіремін. Қайтсем де іліндіремін! Жақыннан жат жақсы!

РЕКТОР. Түсінер деп едім, түсінбедіңіз. Басқа айтар сөзім жоқ.

Әкесінің інісі есіктен шыға береді.

ӘЙЕЛІ. Аға!..

Есік сарт жабылады. Ректор мен Әйелі екеуі үнсіз тұр.

ӘЙЕЛІ. Сенен енді өз туыстарың да күдер үзе бастады.

РЕКТОР. Жақсылық жасасам ғана жақын жүріп, көмегім сарқылғанда сырт айналатын туыстың маған керегі де жоқ. Менің туысқандығым тигізер пайдама қарап бағаланатын болса, туыстық мейірімді де сатып алатын болғаным ғой. Әркім өз басының ғана жайын ойлайды. Тіпті, мына тұрған сен де!

ӘЙЕЛІ. Менің жазығым қанша?

РЕКТОР. Ешқандай да “Артектің” керегі жоқ! Бала өз достарымен бірге кете берсін.

ӘЙЕЛІ. Мынауың… мынауың ұят қой! Ойлашы, мынадай мінезбен тұрғанда адамдармен жай қарым-қатынастан да айрыламыз ғой. Жарайды, сен ешкімге барма, ешкімнен ештеңе өтінбе, қызмет бабыңды пайдаланба, бәрібір әйтеуір бір адамдармен араласуымыз керек емес пе? Бұл – күнделікті өмірдің бұлтартпас талаптары, күйеуім ректор екен деп…

РЕКТОР. Сен маған лекция оқуға келдің бе, осы? Мұның бәрін үйге барған соң айтсаң қайтеді? Сыртта адамдар күтіп отыр. Сенің ауруханаға баруың керек…

Ауруханаға барып шыққан соң телефон соғамын. Айтпақшы… (Сумкасын ашып, столға ақша қояды). Түскі тамағыңа…

Есік ашылып, ішке баяғы Доцент кіріп келеді. Стол үстіндегі ақшаны көреді. Көзілдірігін түзеп, оларға сүзіле қарайды.

ДОЦЕНТ. Імм… Сәләматсыз ба, жеңгей. Сізді бұл жерден кездестіремін деп кім ойлаған… Сөздеріңізді бөліп жібергеніме ғафу өтінемін. (Ректорға келіп). Сіздің ықыласыңызға орай данышпандықты сақтау жайлы ғажайып мақала жазған студентке «үздік» деген баға қойып келдім. Әлгінде деканатқа кіре беріп едім, бақытыма орай, коридорда кездесе кеткені.

РЕКТОР (паузадан соң). Тағы қандай қуанышты хабар айтасыз?

ДОЦЕНТ. Бұдан басқа қуанышты хабарым болмай тұр. Сонан соңғы бір айтарым, — әрине, ол мынау сияқты аса қуанышты хабар емес, — мен одан деканаттағы дүйім жұрттың көзінше кешірім сұрадым.

Басын изеп, шығып кетеді. Ректор коңырауды басады. Секретарь қыз кіреді.

РЕКТОР. Биология кафедрасының профессорлары мен мұғалімдері (сағатына қарап) сағат бірге түгел жиналсын. Қазір барып айтып шығыңыз.

Хатшы шығып кетеді.

ӘЙЕЛІ. Әлгі кісінің мәселесін қарайсың ба?

РЕКТОР ңтарылып). Онда сенің шаруаң қанша?

ӘЙЕЛІ (жанашыр үнмен). Байқасаңшы… Жоқ жерден жау көбейтіп жүрерсің. (Шығып кетеді).

Телефон шырылдайды.

РЕКТОР. Иә, тыңдап тұрмын. Ә-ә, сәләматсыз ба? Біздің институттың кедей мекеме екенін тағы еске салу үшін телефон соғып отырсыз ба? (Күледі). Оныңыз қате-е. Жер бетіндегі ең бай мекеме — жоғары оқу орны! Әрине, завод-фабрика сияқты біз күнделікті табысты кешке қарай есептей алмаймыз. Біздің өнім — жылдармен есептеледі. Неге олай дейсіз? Сіздердің министрлеріңіздің бірінші орынбасарының өзі біздің институттың түлегі. Ә-ә, солай ма!.. (Кенет даусын өзгертіп). Неге? Қалайша? Жаңадан салынып жатқан екі лабораторияның біреуін қысқартсын деген қайдан шыққан? Жо-жоқ болмайды. (Секретарь қыз кіреді. Ректор “кетіп қалма” дегендей қолымен ишара жасайды). Институт арнайы мамандар ғана дайындайтын мекеме емес — ғылым ошағы. Лабораториясыз ғылым тереңіне бойлау да мүмкін емес. Келісілген! Келісілген! Совминнің қаулысы да бар. Ақшаны Казсовпроф төлейді. Енді оны бұзуға Финанс министрлігінің правосы жоқ. Жарайды. Министр өзінде ме? Онда ертең өзім кіріп шығамын. Сау болыңыз!

РЕКТОР (трубканы қоя салып). Иә, не жаңалық бар?

СЕКРЕТАРЬ. Жаңа Камалиев телефон соғып еді…

РЕКТОР (орнынан тұрып). Иә, не дейді?

СЕКРЕТАРЬ. Бір сағаттан соң келемін деді.

РЕКТОР. Міне, тамаша! Рақмет саған, қалқам. Ол келген соң… Ғылымда бір адамның өзі қандай күш екенін білесің бе? Бір адам деген көп нәрсе тындырады, өте көп нәрсені! Бара бер, кісілердің кіруіне рұқсат.

Қыз шығып кетеді.

Жарық сөнеді. Телефон шырылдайды. Жарық қайта жанады. Ректор жалғыз.

РЕКТОР. Иә, тыңдап тұрмын… Не дейді! Бала қысылып жатыр! Дәрігерлермен сөйлестің бе?.. Қой, жылама, жылама… Мен қазір… қазір барамын… Сабыр ет…

Трубканы қоя салып, есікке жүгіреді. Есікке жете беріп, кілт тоқтайды. Сағатына қарайды. Кейін қайтып, әрі-бері тез-тез жүреді.

РЕКТОР (өзіне-өзі). Қазір, қазір ол келеді. Енді не істеу керек!..

Ол есік тұтқасын әлденеше барып ұстайды. Шыдамсызданып терезе алдына барады.

Жарық сөніп, қайта жанады. Жарық қайта жанғанда, Профессор кіріп келе жатады. Ректор оны есік алдында күтіп алады. Екеуі аз-кем үнсіз қалады.

РЕКТОР. Сәләматсыз ба?

ПРОФЕССОР (жан-жағына қарап). Кабинетің кең екен… (Креслоға барып отырады). Жағдайың жақсы ма?

РЕКТОР. Рақмет, жаман емес. Сізді бір жаққа жүргелі жатыр деді ме?

ПРОФЕССОР. Иә.

РЕКТОР. Қай жаққа?

ПРОФЕССОР. Саған оны айтудың қажеті жоқ.

РЕКТОР (күліп). Япыр-ай, сіз мені әлі студент деп ойлайсыз ғой деймін.

ПРОФЕССОР (болар-болмас езу тартып). Жо-оқ… Студенттің терезесі күн жаққа қараған осындай кең кабинеті болушы ма еді?

РЕКТОР. Мен сіздің зілді әзілдеріңізді, көңіліме алмаймын. Сіздің мінезіңізді…

ПРОФЕССОР. Турасына бір-ақ көшейікші… Мені неге шақырдың?

РЕКТОР (оның қарсы алдына кеп отырады). Дұрыс-ақ. Айта алмай отырғаным да сол еді. Біз сізді институттың биология кафедрасына шақырамыз. Ал сіз… сіз келуге тиіссіз…

ПРОФЕССОР. Басыма күн туғанда маған жасап отырған жақсылығың ғой?

РЕКТОР. Жоқ! Олай ойлай көрмеңіз. Сіз маған емес, басқаға керексіз.

ПРОФЕССОР. Інім! С-солай де! Айтшы, осындай асқақ сөздерді қайдан жаттап ала қоясыңдар және қашан ұмытасыңдар осы. Мен бұлай үйретпеп едім ғой.

РЕКТОР. Шәкірт қанша биік өрлесе де, ұстазының алдында аласа. Мүмкін, сізді көрген соң көмейімде кептеліп тұрған көп сөз ретті-ретсіз шашырай шығып жатқан шығар. Өзіңіз тәрбиелеп, өзіңіз жеткізген басқа шәкіртіңіз жасамаған жақсылықты мен жасап, жалған азаматтыққа ие болып қалайын деген ойдан аулақпын. Оған имандай сеніңіз. Сізге телефон соқпас бұрын дәл осы ойға тіреліп, сізді ашуландырып алар ма екенмін деп өзіммен-өзім кеп арпалысқанмын. Маған ренжімеңіз, менің бұл ұсынысым сізге жасап отырған жақсылығым емес. Мен сіздің ғалымдығыңызды, ұстаздық қабілетіңізді құрметтеймін. Сондай адамның қасымда болғаны, бірге қызмет еткенін қалаймын. (Оған езу тарта күліп). Сіздің ақылыңыз бізге әлі де қажет, соны түсінсеңіз. Бұл ойыма қалай қарайсыз?

Профессор орнынан тұрып, терезе алдына барады. Ректор да түрегеп, әрлі-берлі жүре бастайды.

ПРОФЕССОР. Мен… Москвадан шақырту алдым.

РЕКТОР (қалт тұрып қалады. Сәлден соң барып сөз бастайды). Әрине, Москваның жағдайы бізден әлдеқайда жақсы. Лабораториялары жетілген, мүмкіндіктері мол. Бірақ… біздің институтқа кімнің жаны ашиды? Қашанғы біз басқалардан үлгі аламыз? Осыны ойлайтын кім бар? (Профессор бері бұрылып, бұған қарап тұрып қалады). Әркім өз қамын, өз жағдайын ойлайды. Мәселен, бүгін алдыма талай адам келіп, талай адам кетті. Ішінде тосын да бар, жақын да бар, дос та бар, институт мұғалімдері де бар. Бәрінің айтары бір-ақ сөз. Өз жағдайлары! Көпшілігі солай. Тіпті, бәрі деуге болады. Өзің қызмет етіп жүрген мекеменің мүддесі деген бар емес пе, япыр-ау! “Былай етсек қайтеді?”, деп институт қамын ойлап келетіндер неге аз. Бәріне өзің айтып, бәрін де өзің қадағалап жүруің керек. Турасын айтсаң…

Телефон безек қағады. Бес-алты рет шырылдап барып тоқтайды.

ПРОФЕССОР. Сөзіңді кілт тоқтатқаныңа қарағанда, аса керекті адамның қоңырауын тосып тұрсың ғой деймін.

РЕКТОР. Жо-жоқ… Тағы да… соғады ғой… Иә… иә…

ПРОФЕССОР. Турасын айтсаң…

РЕКТОР (абыржып күліп). Иә, иә! Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың. Әділдігіңді әбжілдік деп ұғатындар да жоқ емес. Осындай кездерде өзіңді түсінетін, өзіңді түсінбейтіндерге қарсы бірігіп күресетін адам адамның қасыңда болғанын қалайсың.

Профессор екі қолын артына ұстап, әрлі-берлі жүреді. Ректор ойға шомып, одан көз алмай қарап тұр. Есік ақырын ашылып, Секретарь қыз кіреді.

СЕКРЕТАРЬ (әбіржіп). Әйеліңіз екі-үш рет телефон соқты. Ауруханадағы балаңыз қатты қысылып жатыр екен. Барамын деген екенсіз…

РЕКТОР. Ешкім кірмесін дегенім қайда? Есікті жабыңыз!

Қыз лып етіп шыға жөнеледі.

ПРОФЕССОР (Ректорға қол созым жақын кеп). Ол не дейді! Балаң қатты қысылып жатыр дейді?!

РЕКТОР. Жо… жай әншейін…

ПРОФЕССОР. Сен оны біле тұрып… Япыр-ау, мейірім дегендерің қайда бұл! Жөнел тез!

РЕКТОР. Дауыстамаңыз. Бұл менің кабинетім екенін ұмытып кеттіңіз бе?

ПРОФЕССОР. Оның есесіне, менің шәкіртім екеніңді ұмытқаным жоқ! Бар, жылдам! (Профессор стол үстіндегі ши қалпағын алып, басына ашулана, асығыс киіп шығуға беттейді).

РЕКТОР. Біз төрт жүз елу мың сомға лаборатория салдырып жатырмыз.

ПРОФЕССОР. Оны қайтпекпін?

РЕКТОР. Биология кафедрасының меңгерушісі, әрі институт ғылыми советінің председателі оған барып штангамен шұғылданбайтын шығар.

ПРОФЕССОР. Енді елу мың сомға алып бассейн салдырсаң, суға жүзуден чемпион атанып, институт даңқын шығара аламын.

РЕКТОР. Ол да жаман емес. Институттың атын төбелеспен де шығарып жүргендер бар. Сонымен, бұйрық ертеңгі күннен бастап беріледі. Жұмыс сағат сегізден.

ПРОФЕССОР (есіктің тұтқасын ұстаған бойы кері бұрылып). Ол жөнінде қосымша хабарласамын.

РЕКТОР. Күтемін.

ПРОФЕССОР. Айтпақшы, бір сағаттан соң телефон соғып, балаңның жайын білемін. Сау бол.

РЕКТОР. Рақмет, сау болыңыз.

Профессор шығып кетеді. Секретарь қыз отырған қабылдау бөлме көрінеді. Қыз жоқ. Іштен Ректор шығады.

РЕКТОР (жан-жағына қарап). Япыр-ау, қайда кетіп қалады? Осындай қысыл-таяң кезде бұл да орнында отырмайды. Қайда жүреді екен, ә! (Алақанын соғып). Қап!

Осы кезде сырттан Секретаръ қыз асығыс кіріп келеді.

РЕКТОР. Қалқам-ау, қайда кетіп қалдың? Менің асығыс екенімді білесің ғой.

СЕКРЕТАРЬ. Иә, білем… Сіз шыққанда машина дайын тұрсын деп… Шофер жігітті асханадан әрең тауып келдім.

РЕКТОР (оған жақындап, арқасынан қағады). Әә… рақмет. Былай болсын. Биология кафедрасының мұғалімдері жиналса, бес-он минут күте тұрсын. Мен барам да қайтып келем.

СЕКРЕТАРЬ. Жарайды.

Ректор асығыс басып шығып кетеді.

Жарық сөнеді.                                                                                            

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Шымылдық әлі ашылған жоқ. Оның ар жағынан сөйлеп тұрған адамның даусы анық естіледі.

1-ДАУЫС. Өткен жолғы математика пәнінен жазбаша емтиханның қорытындысы шығарылды. Бұдан бұрынғы жылдарға қарағанда абитуриентке қойылатын талап жоғарылап, олардың білім дәрежесін бағалауда көп әділдік бар. Алайда, қабылдау комиссиясының жауапты секретары ретінде кейбір жазбаша жұмыстарға қойылған бағаның сол жұмысқа қаншалықты сай келетінін тексеріп қарағанымызда, біршама кемшіліктерді аңғардым.

Шымылдық ашылады. Ректордың кабинетіндегі бес-алты адам түгел көрінеді. Ректор мен басқа кісілер тыңдап отыр. Қабылдау комиссиясының жауапты секретары сөйлеп тұр. Шымылдық ашылып жатқанда, сөз тоқтамайды.

…Оның ең бастысы бағаны асыра қоюшылық. Мына бір жұмысты алайық. (Қолына абитуриенттің жазбаша жұмысын алады). Мұнда берілген үш есептің екеуі дұрыс шығарылмаған. Бірақ, тексеруші мұғалім “жақсы” баға қойыпты. “Өте жақсы” деген бағаға ие болған жұмыстардың бәрі ректорат пен секретариатта қайта қаралатынын білген кейбір жолдастар мұны елеусіз кете берер деген оймен әдейі “төрт” қойған.

РЕКТОР. Қол қойған кім?

ЖАУАПТЬІ СЕКРЕТАРЬ. Қол қойған экзаменатордың өзі де осында отыр. (Шеткі кісіге қарайды). Мына қол сіздікі болар?

ШЕТКІ КІСІ (жұмысты қолына алып, үңіле қарайды). Иә, қол менікі. Бірақ…

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Демек, сіз бұл баланы танисыз.

ШЕТКІ КІСІ. Мұныңыз жала! Қатарынан жүздеген жұмысты тексергенде адамның қателесіп кетуі де мүмкін.

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Екеуі де дұрыс шығарылмаған есепке қателесіп “төрт” қоятыныңыз қызық екен.

РЕКТОР. Менің жауапты секретарьға қоятын бір сұрағым бар. Айтыңызшы, әр баланың жазба жұмысы шифрланып, ол шифр жауапты секретарьдың сейфінде сақтаулы тұрады. Ол құпияны бұл кісілер сонда қалай шешкен?

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Баланың жазуынан таниды.

ШЕТКІ КІСІ (орнынан тұрып). Керек десеңіз, мен өз қолымды өзім танымай қала беремін. Сіз өз жолдастарыңызды орынсыз ғайбаттамаңыз.

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Мен ғайбаттап тұрған жоқпын, шындықты айтып тұрмын.

ОРТАДАҒЫ ЕГДЕ КІСІ (шіреніп). Секретарь жолдас!.. Тырнақ астынан кір іздеп, біреуге қойылған бір баға үшін ректордың кабинетінде қызыл кеңірдек болмай-ақ қойсақ қайтеді. Басқа да қыруар жұмыстарымыз бар ғой осы. Бәлкім, (Шеткі кісіге карап қойып) бұл кісі қателессе қателескен де шығар, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Бір қателігі үшін, тіпті, ары кеткенде, біреудің бағасын сәл көтермелеп қойғаны үшін институттың белді кадрларының беделін түсіруге болмайды ғой.

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Оныңызға қосыламын. Бір-бірімізді сыйлауымыз керек. Бірақ, бұл қателік боп қана қояр ма екен? Және менің қолыма түскен осындай жұмыстардың жалғыз екеніне кім кепілдік бере алады? Көзге түспегені қаншама.

ОРТАДАҒЫ КІСІ (есінеп болып). Егер жұрттың бәріне бұлайша күдікпен қарай беретін болсақ, арамыздағы бірлік пен сенімнен жұрдай болармыз.

РЕКТОР. Оныңызға қосыламын. Әбден дұрыс айтылған сөз. Сенім болмаған жерде бірлік пен береке жоқ. Қабылдау емтиханы не бары бір ай. Ал, біздер қалған уақыттың бәрінде бірге болуымыз керек. Осы бір айда он бір айға деп сақталған сыйластығымызды сарқып алсақ, ары қарай қалай өмір сүрмекпіз. Адам баласының алар биігі, ақыл-ой мен білім дәрежесі өз табиғатына, өз қабілетіне ғана емес, қандай ортада, кімдермен қарым-қатынаста болғанымен де өлшенеді және сонымен қалыптасады. Алдымен осыны ұмытпауымыз керек. Өздеріңіз көріп отырсыздар, әрбір жұмыс шифрланып, сейфке салынып, кілті бір адамға ғана тапсырылып қойылған. Шындап келсек, бұл әрбір парасатты азаматтың жанына қатты батуға тиіс! Бұл — өзімізге өзіміздің сенбеуімізден.

ОРТАДАҒЫ КІСІ. Адамнан гөрі сейфке көп сенеміз.

РЕКТОР. Солай етуге жағдай душар етеді. Ал, адамға сену әлдеқайда ардақты болар еді. Бірақ, амал нешік, жанымызды қанша азаптағанымен осы сейфке тағы жүгінеміз.

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ (сейфті жауып жатып). Қалай болғанда да, адамға деген сенімнен айрылмауымыз керек, жолдастар!

ОРТАДАҒЫ КІСІ. “Я верю в людей! — проговорил секретарь тщательно закрывая свой сейф”. (Селкілдеп күледі). Бәрі күледі.

РЕКТОР. Иә, шындығында да, бұл күлкілі жай, жолдастар. Егер сеніміміз мықты болса, қыруар артық жұмыстан арылған болар едік қой. (Шеткі кісіге қарап). Сіз, шыныңызды айтыңызшы, сенім деген осыдан басталсын, әлгі жұмысқа “жақсы” деген бағаны шынымен қателесіп қойдыңыз ба? Жасырмаңыз.

ШЕТКІ КІСІ (қипактап). Ұзақ отырған соң кісі шаршайды дегендей…

РЕКТОР. Шаршадыңыз ба, шаршаған жоқсыз ба, қателестіңіз бе, әдейі қойдыңыз ба әлгі кінәңыз үшін қатал шара қолдансам мені ешкім сөкпейді. Фактінің аты – факт. Бірақ, мен ондай шараға жүгінбеймін. Бұдан кейін де жүгінбеймін! (Отырғандар оған мойын бұрады). Иә, солай. Бірақ сіз шыныңызды айтпадыңыз. Сенбей отырғанымды өзіңіз анық біліп отырсыз.

ШЕТКІ КІСІ (ұзақ қиналып). Рас еді…

РЕКТОР. Міне, бұл шындық. Біздің күдігіміз рас боп шықты. Танысыңыз ба, жақыныңыз ба, ол жағын қазбалаудың қажеті жоқ (Секретарьға қарап). Әлгі жұмысты өзіне қайтып беріңіз.

(Секретарь оған жұмысты ұсынады).

РЕКТОР. Бағаны түзегенде қалай түзейтінін өзіңіз білесіз ғой. “Исправленному верить”. Сонан соң қолыңызды қоясыз.

Шеткі кісі жұмыс пен қаламсапты қолына алып, түзеуге батылы жетпей мүдіріп қалады.

РЕКТОР. Дұрыс, дұрыс. Сол жерге. Енді маған беріңіз. Міне, әділдік деген осы. Бірақ, сұрап алған әділдік. Өмірде қол қоймай-ақ түзейтін қателіктеріміз көп.

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ (Ректорға). Кешіріңіз, сіз бүкіл қателік пен кемшілік осымен жойылып біткендей риза сияқтысыз ғой.

РЕКТОР. Оныңыз рас. Өйткені, математика пәнінен бұдан былайғы сынақтың бәрін осы кісілер қабылдайды. Әділдік пен туралықты сейфке қамап ұстамайтынымызға сенгім келеді. (Секретарьға). Басқа қандай мәселелер бар?

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ (таңданып). Біз бір-ақ баланың бағасы жөнінде айттық. Басқасы толып жатыр.

РЕКТОР. Бәрі осы сияқты ма?

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Імм… Әрине…

РЕКТОР. Арнайы пән бойынша комиссияның председателімен бірігіп тексеріп, қорытындысын маған бір-ақ әкелерсіз.

Секретарь қыз кіреді.

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Сізді Жоспарлау комитетінің председателі телефонға шақырады. (Шығып кетеді).

РЕКТОР. Алло. Сәлематсыз ба? Жаман емес. Түстен кейін бе? Жарайды. Уақыт табайын. Рақмет, рақмет! Дәл сағат үште барамын. (Трубканы қояды).

РЕКТОР (отырғандарға қарап). Мұғалімдер корпусын салу жөніндегі ұсынысымыз қабылданыпты. Сағат үште Госпланда болуым керек.

ОТЫРҒАНДАР. Жақсылық хабар екен. Үйсіз жүрген жас мұғалімдерден сүйінші сұрау керек екен ғой. Кәрілер де зиян шекпес…

РЕКТОР. Ал, жолдастар, мәжілісті соза бермейік. (Шеткі кісіге қарап). Сіз ренжімеңіз. Жұмыстың аты – жұмыс. Мен сіздің жағдайыңызды жақсы білем. Оқу бітіргенше, оқу бітіргеннен кейін де, өз бетіңізше ешкімнің көмегінсіз жетілдіңіз. Ешкімнің көмегінсіз диссертация қорғадыңыз. Сондықтан да ешкімге тәуелді емессіз. Бірақ, өз  басыңыздағы қасиетті басқаға егу керек қой. Осы отырған бәріміздің де, кем дегенде, екіден, үштен туысымыз бар. Институт бойынша есептегенде, қанша болады? Бәріміздің мақсатымыз біреу-ақ, ол — білімді, адал, іскер азаматтар даярлап шығару. Білімі төмен абитуриенттің бағасын көтеріп, қолтығынан демеп, институт бітіргенде не болады? Оған асыра баға қойып жатқанда-ақ біз оның көңіліне әділетсіздіктің ұрығын қоса сепкенімізді неге ұмытамыз? Бәріңіз ғалымсыздар, аттарыңыз көпке әйгілі, бірақ институт қабырғасында педагог екенімізді әрқашан есте ұстай бермейтініміз қалай? (Пауза). Әзірге сау болыңыздар. Бәрі орындарынан тұрады.

ШЕТКІ КІСІ (Ректорға қарап). Қазіргі адамдарда не көп, ақыл көп қой. Сіздің ақыл айтпай, ақтарыла кеңескеніңізге ризамын. Сау болыңыз!

Ризалық білдіргендей бәрі жылы қоштасып шығып кетеді.

РЕКТОР (Жауапты секретарьға). Енді не мәселе бар?

ЖАУАПТЫ СЕКРЕТАРЬ. Әдебиет пәні бойынша, Сіздің араласуыңыз аса қажет болып тұр.

РЕКТОР. Жарайды.

Секретарь қыз кіреді.

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Сіздің Ректор досыңыз келіп тұр еді. Кірсін бе?

РЕКТОР. Келсін деңіз.

2-ректор кіреді. Жауапты секретарь шығып кетеді.

2-РЕКТОР. Амансыз ба? (Сүлесоқ қол беріп, креслоға жайғасады).

РЕКТОР. Рақмет. Жаман емес. Өз жағдайың қалай? Аң аулауға бардыңдар ма?

2-РЕКТОР. Бардық. Саған қарағанда жұмысымыз тым аз болған соң бардық.

РЕКТОР. Олжалы оралған боларсыңдар?

РЕКТОР. И-иә!.. Менің саған келген шаруам аңшылық хикаясын баяндау емес.

РЕКТОР. Иә?

2-РЕКТОР. Алдымен сені құттықтап қоюыма рұқсат ет.

РЕКТОР. Немен?

2-РЕКТОР. Профессор Камалиев сияқты ірі ғалымды өз жағыңа тартуыңмен.

РЕКТОР. Мен оны өз жағыма тартқан жоқпын. Қызметке шақырдым.

2-РЕКТОР. Іһм… Солай де. Ал, сен оның менімен сыйыса алмағанын, менің үстімнен жоғары орындарға шағым түсіргенін білесің ғой?

РЕКТОР. Білемін.

2-РЕКТОР. Сен соны біле тұрып, оны өзіңе паналатып отырсың?

РЕКТОР (орнынан ұшып тұрып). Па-на-ла-тып? Мұның ойлы азаматқа тән сөз емес. Бір кездегі өзіңнің ұстазың жөнінде, ғылыми жетекшің жөнінде бұлай деуге аузың қалай барады? Сен оның алдында өмір бақи борышты екеніңді білемісің?

2-РЕКТОР. Мені тап солай басқа да мұғалімдер оқытқан болар еді.

РЕКТОР (әрі-бері жүріп). Бәрібір сен сол алғашқы ғылыми ұстазыңа борышты болуға тиіссің. Ол сені ғылым ордасына жетелеп жүріп енгізді. Ал, Камалиевтің саған қандай еңбегі сіңгенін басқа-басқа, мен жақсы білемін ғой. Керек десең, ол сенің кандидаттық диссертацияңның тең жартысын жазып берді. Сен үшін ол кезде құдай жоқ, құдай — Камалиев болатын. Өзіңді жетілдіріп, өзіңді адам еткен ұстазды енді кеп кеудеден итеріп отырсың.

2-РЕКТОР (орнынан тұрады). Сені білмеген екенмін. Іштегі зіліңді жалған әділдікпен жасырып жүрген екенсің ғой. Түсінікті! Осы институттың ректорлығына кандидатураңды ұсынған адамның кім екенін ұмытып қалдың ба?

РЕКТОР. Бұл қызметті маған Орталық Комитет сеніп тапсырған. Және мен сол сенімді ақтау үшін күресемін.

2-РЕКТОР. Міне, гәп қайда жатыр! Демек, сен менің достық ниетіме о бастан сенбеген екенсің ғой!

РЕКТОР. Сенген кездерім де болған. Ол кезде сен бұдан гөрі әділ болатынсың.

2-РЕКТОР. Жара-йды. (Тез-тез жүреді. Кілт тоқтап). Айтпақшы, саған тапсырған екі баланың екеуі де документтерін қайтып алыпты. Неткен масқара! Сенің әділдік принципіңнің алғашқы жемісі болар деп ойлаймын.

РЕКТОР. Мүмкін!..

2-РЕКТОР. “Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ”, деген рас-ау деймін, қалай ойлайсың? Мұндай мақалды білуші ме ең?

РЕКТОР. “Халық айтса, қалып айтпайды” деген мақалды да білем.

2-РЕКТОР. А-а, солай де! Түсінікті, түсінікті. Сау бол! Көріскенше күн жақсы болсын. (Иіле сәлем беріп, шығуға беттейді)

РЕКТОР. Сау бол. Айтпақшы, қабылдау емтихандары жақында бітеді. Аң аулап қайтуға уақыт табылып қалуы мүмкін.

2-РЕКТОР. Мылтық ұстай білмейтін адаммен аңға шығу қауіпті ме деп қорқамын.

РЕКТОР. Мейлің. (Күліп.) Мылтықты қалай ұстауды да үйренерміз.

2-ректор шығып кетеді. Профессор Камалиев кіреді. Қолында бір бума қағазы бар. Асығыс.

ПРОФЕССОР. Білесің бе, неге келгенімді? Білмейсің, ә, білмейсің! (Ректордың алдына қағаздарын қояды.) Тамаша ғылыми еңбек! Авторы— біздің кафедраның студенті! Ол ғалым болады, үлкен ғалым болады! Жо-жоқ, сен маған қарама, ана қолжазбаны оқып көрші!

РЕКТОР (күлімсіреп). Бұл жұмыстың шет жағасымен таныспын.

ПРОФЕССОР. Не дейді? Қалайша?

РЕКТОР. Ол студентті үлгіре алмағаны үшін институттан шығарып жібере жаздағанбыз.

ПРОФЕССОР. Мүмкін емес, мүмкін емес!

РЕКТОР. Мүмкін болып қалуы да ғажап емес еді. Сол еңбекпен таныс болған соң ғана арашалап қалдық.

ПРОФЕССОР. Дұрыс болған екен. (Әлдене есіне түсіп, ойланып қалады.)

РЕКТОР. Сіз доцент…

ПРОФЕССОР. Тоқта, тоқта! Иә. иә… Мен ол доценттің докторлық диссертациясының жобасымен танысып шыққанмын. Есіме бұрын қалай түспеген? Не деген ұқсастық!

РЕКТОР. Сол доцент бұл жігітті институттан шығарудың жағында болды. Бұл сырды сізге бірінші рет айтып отырмын.

ПРОФЕССОР. Міне, мәселе қайда жатыр! Сонда ол шынымен өз шәкіртінің еңбегін!.. Ақылға сыймайтын нәрсе!

РЕКТОР. Сіз ол студентті қалай тауып жүрсіз?

ПРОФЕССОР. Бүгін өзі іздеп келді. Оқып шыққан бетте осында келіп отырмын.

РЕКТОР. Ол қайда?

ПРОФЕССОР. Осында. Қазір шақырып келемін. (Есікті ашып, оны ішке шақырып алады. Үстінде жұпыны киімі бар, ұяң жігіт ішке кіреді.)

РЕКТОР. Отыр. (Ол шеткі орындыққа жайғасады.)

ПРОФЕССОР. Айтшы қалқам, мына жұмысты басқа біреулерге оқытып па едің?

СТУДЕНТ. Иә.

ПРОФЕССОР. Кімге?

СТУДЕНТ. Ректор ағайға… Сонан соң өз мұғаліміме.

Ректор мен профессор бір-біріне карайды.

РЕКТОР. Екі еңбектің бір-біріне ұқсас болуы да мүмкін-ау. Ғылым тарихында ондай фактілер аз ба?

ПРОФЕССОР. Мүмкін? Әйтсе де, күдігім мол. Оның бұған қарсы болуының төркіні осында жатқан сияқты. Есіңде болса айтшы, бұл мақаланы қашан жаздың?

СТУДЕНТ. Тәжірибе жасағаныма төрт жыл болды. Ал, мақаланы жаза бастағаныма үш жыл.

ПРОФЕССОР. Немене, немене?! Тәжірибе! Қайда, қалай?

СТУДЕНТ. Өзімнің… пәтерімде. Үй иесі онша жаман адам емес. Кәрі шал мен кемпір. Кішкентай да болса, бөлек бөлмем бар. Тәжірибе жасау үшін қосымша лыпа салып алғанмын. Кемпір мен шал менің атжалмандарыма бас-көз боп жүреді.

ПРОФЕССОР. Атжалмандар? Сен тәжірибені соларға жасап жүрсің бе?

СТУДЕНТ. Иә. Жер бетінде адамның дегеніне көнбейтін мақұлықтың бірі — атжалмандар. Мен тәжірибені олардан бастағанды жөн көрдім. Ақыры дегеніме көнетін болды.

ПРОФЕССОР. Сонда қалай?

СТУДЕНТ. Әлгінде айттым. Атжалман сырттан берілетін сигналды қабылдамайды. Мен оларды аш ұстадым. Тамақ берер алдында қоңырау соқтым. Бірақ, олар осы шартты бұйрықты ұзақ уақыт қабылдамады. Мен тәжірибені қайталай бердім. 678 рет қайталадым. Сол кезде барып  қоңырау үніне атжалман келетін болды. Қоңырауға үйренген атжалманның миын алып, қолға үйренбеген мүлде жабайы атжалманға салғанымда, ол шартты рефлекске өте тез үйреніп кетті. Қазір олардың көпшілігі қоңырауды әртүрлі соғу арқылы тамақ ішуге ғана емес, жата қалып аунауға, екі аяқтап тұруға үйреніп қалды. Оны меңгерген соң алғашқысының миын басқаға салдым. Ол да тез үйреніп кетті.

РЕКТОР. Сонымен?!

СТУДЕНТ. Жер бетіндегі ғұлама адамдардың миын осы жолмен сақтап қалуға болады. Бірақ… оның қауіпті жағы да көп.

ПРОФЕССОР (студентке тесіле қарап қалған). Иә, иә… (Тез-тез жүріп кетеді. Жұдырығын алақанына соғып, Ректор мен Студентке кезек қарап, қайта жүреді). Міне!.. Басталды! Бұл ғажап! (Екеуіне жалт қарап). Білесіңдер ме, бұл — биология саласындағы үлкен бетбұрыс. Мұны әлі зерттеу керек, мұны мұқият зерттеу керек! (Студенттің қасына кеп ұзақ тұрады). Қазір қайда тұрасың?

СТУДЕНТ. Пәтерде.

ПРОФЕССОР. Ә-ә! Иә-иә. Айтқан екенсің ғой. Оған төлейтін ақшаны қайдан алып жүрсің? Айт шыныңды!

СТУДЕНТ. Күндіз… Жұмыс істеймін. Үй әктеймін, еден сырлаймын.

РЕКТОР. Іһм. Неге аулыңа қайтпай жүрсің, қазір каникул ғой.

СТУДЕНТ. Баратын жерім жоқ… Өзіммен бірге оқыған балалардың үйіне барып едім, мен танитын ешкім қалмапты.

Пауза. Бәрі қимылсыз қалған.

СТУДЕНТ (орнынан тұрып). Мен… кетейін.

ПРОФЕССОР. Қазір бар да пәтер иесімен есептес.

СТУДЕНТ. Қ… қалай?

ПРОФЕССОР. Біздің үйде тұрасың. Тәжірибе жасайтын атжалмандарыңның бәрін институт лабораториясына көшіреміз (Ректорға қарайды).

РЕКТОР. Мен толық қосыламын.

СТУДЕНТ. Япыр-ау… мен…

ПРОФЕССОР. Болды! Қарсыласпа! Мына мақаланы үшеуміз отырып кеңінен талқылаймыз. Сонан соң баспаға береміз! Бұл мақала – біздің биология ғылымының даңқын шығаратын мақала болады!

СТУДЕНТ. Сіз… Сіз шын айтып тұрсыз ба? Шынымен-ақ, бұл сіз мақтағандай жаңалық па?

ПРОФЕССОР (көзінің жасын сүртіп, оны кеп құшақтай алады). Шыным… Құдай шыным! Біз үлкен жаңалықтың табалдырығында тұрмыз!

РЕКТОР (телефон дискісін бұрайды). Алло, бухгалтерия ма? Степан Сергеевич, бұл мен ғой. Институтқа салынып жатқан жаңа лабораторияның қаржысынан екі жүз сом ақша бөліп, документін кассаға түсіріңізші. Жо-жоқ, маған емес. Студентке. Иә-иә, студентке! Ондай заң болмаса жасап көрейік. Өзім қол қоям. Документті ме? “Ғылыми мақсат үшін” деп толтырыңыз. Түстен кейін алатын болсын. Жақсы. (Трубканы қояды).

РЕКТОР (студентке қарап). Түстен кейін келіп ақшаңды ал да, пәтеріңе төле. Қалғанын керегіңе жаратарсың. (Күліп). Бұл сенің ғылымдық болашағың үшін берілген аванс.

ПРОФЕССОР. Рақмет саған, көп-көп рақмет!

РЕКТОР. Білесіз бе, мен сізді қызғанып отырмын.

ПРОФЕССОР. Не үшін?

РЕКТОР. Сіз басқа шәкірт тауып кеттіңіз. Мен далада қалдым.

ПРОФЕССОР (күліп). Шәкірт ешқашан далада қалмайды. Ұмытылса ұстаздар ұмытылады. Телефон шырылдайды.

ПРОФЕССОР (қағаздарды жиыстырып). Ал, біз кеттік. Сау бол.

РЕКТОР (трубканы көтеріп жатьт). Жақсы, жақсы. Сау болыңыз. Ойласу керек болса, барлық уақытта дайынмын.

Профессор мен Студент шығып кетеді.

РЕКТОР. Алло, мен тыңдап тұрмын. Иә, не өзгеріс бар? Температурасы қандай? Жақсы болған екен. Өзімен сөйлестің бе? Өзімен сөйлестің бе деймін? (Күлімдеп). Иә, не айтты? Міне, тамаша. Енді сауығып кетер. Хат келді? Артектегі тентек сарыдан ба? Не жазыпты? Е-е! Жағдайлары жақсы екен. Түстен кейін ауруханаға барғаныңда тентек сарының хатын ала бар. Оқысын. Бауыры ғой. (Күледі). Кім, кім дейсің? ГорОНО-ның  бастығы? Иә, ол маған неге келеді? Мәссаған! Япыр-ай, сен де қарап жүрмейді екенсің, емтихандарына түк те қатысым болған жоқ. Рас, рас. Енді маған сенбейсің бе? (Есіктен ГорОНО-ның бастығы кіріп келе жатады). Жарайды, айтқан кісіңнің өзі де кіріп келе жатыр. (Трубканы кояды). О-оу, сәлематсыз ба? Келіңіз, келіңіз!

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Япыр-ай, бір қалада тұрсақ та шаруамыз болмаса жолықпайтын боп барамыз-ау. Сәлематсыз ба, дені-басыңыз сау ма? (Қол беріп амандасады).

РЕКТОР. Рақмет. Өз денсаулығыңыз қалай? Кемпір-шалыңыз аман ба?

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Шүкір. Аман-есен.

РЕКТОР. Отырыңыз.

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Жо-жоқ, рақмет. Мен сіздің уақытыңызды алмайын. Осы жерден қайтамын. Тек, өзіңізге келіп, рақметімді айтып шығайын деп едім.

РЕКТОР. Иә, не үшін?

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Айтуын айтып алып, соным бекер болды-ау деп өзімнен-өзім қатты қысылып жүр едім. Сөзімді жерге тастамапсыз. Інішегім төрт емтиханның төртеуінен де үздік деген баға алыпты. Сізге көп-көп рақмет!

РЕКТОР. Төрт пәннің төртеуінен де?!

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә. Төртеуінен де.

РЕКТОР. Қабілетті бала екен. Жара-айды!

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Е, қанша қабілетті болғанмен… Сіз болмасаңыз. (Күледі).

РЕКТОР. Мен ол баланың емтиханына бірде-бір рет араласқан емеспін.

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Япыр-ай, әзіліңіз шынға бергісіз-ау сіздің. (Күледі).

РЕКТОР. Жо-жоқ, мен анығын айтып отырмын.

ГОРОНОНЫҢ БАСТЫҒЫ. Жарайды, жарайды. Мен сіздің уақытыңызды алмайын. Рақмет. Сау болыңыз! (Күлген бойы шығып кетеді. Ол шығып бара жатып Доцентке соқтығысып қала жаздайды).

РЕКТОР (күдіктеніп). Иә, сіз қайдан жүрсіз?

ДОЦЕНТ. Імм, мен жай… Үш айлық демалыс сұрайын деп едім… Докторлық диссертация жазуға…

РЕКТОР. Әкеліңіз арызыңызды…

ДОЦЕНТ (сасқалактап). Ә… ә… Мен әлі жазған жоқ едім. Принципін келісейін деп…

РЕКТОР. Імм. Принципін деңіз. Докторантураға келесі жылдың күзінде барам деп жүр едіңіз ғой. Сол арызыңыз менде жатыр.

ДОЦЕНТ. Ғылыми жоспарларымның өзгеруіне байланысты сізбен сөйлесейін деп едім.

РЕКТОР. Жоспарыңыз дайын ба?

ДОЦЕНТ. Ауызша айтсам ба екен, әлде…

РЕКТОР. Жазбаша түрде әкеліңіз.

ДОЦЕНТ. Жарайды, жарайды. Келесі дүйсенбіде әкеп берейін.

РЕКТОР. Солай етіңіз. Сонан соң, Ректорға кірмей тұрып сөйлесетін сөзді де, кірісетін жоспарды да дайын етіп алу керек. Егер шын ойыңыз болатын болса!..

ДОЦЕНТ. Менің сөзіме күдіктеніп отырсыз ба?

РЕКТОР. Неге? Сенемін, сенемін! (Астарлап). Сенгенде қандаа-ай!..

ДОЦЕНТ. Сіз ешкімге сенбейсіз. Өз адамдарыңызға ғана сенесіз.

РЕКТОР. Өз адамдарым?! Олар кімдер?

ДОЦЕНТ. Осындағы төрт-бес кісі. Айталық, профессор Камалиев. Жаңадан келген менің бастығым!.. Өткен жолы бүкіл кафедра мұғалімдерінің алдында менің беделімді төгіп, қатаң сөгіс бердіңіз. Мен оны ұмыта алмаймын.

РЕКТОР. Ұмытпағаныңыз дұрыс. Сонда әділетсіздікті қайталамайтын боласыз.

ДОЦЕНТ. Әділетсіздік? Ол қандай әділетсіздік?

РЕКТОР. Жасаған әділетсіздік адамның өзіне ешқашан байқалмайды.

ДОЦЕНТ (күйінген боп). Япыр-ай, не боп барады бұл!.. Қайдағы бір әумесер студентке бола… мені, доцентті!..

РЕКТОР. Айтпақшы, сол “Әумесер” студенттің ғылыми мақаласының толық түрімен танысып шықтық. Камалиев екеуміз. (Доцент селт ете түседі). Үлкен жаңалық бар екен. Әрине, ол тәжірибенің адам баласына пайдалы да, пайдасыз да жақтары болуы мүмкін. Оның төңірегінде талай-талай таласты пікірлер туары анық. Бірақ, студенттің дарынды екенінде, одан болашақта үлкен ғалым  шығатынында дау жоқ. Ол мақаланы редакциялап шығып, баспаға ұсынуды жоспарлап отырмыз.

ДОЦЕНТ. Баспаға?!

РЕКТОР. Иә-иә, баспаға. Оның тәжірибе жасап жүрген атжалмандарын институт лабораториясына көшірмекпіз.

ДОЦЕНТ. Сту… студентке лаборатория ма?

РЕКТОР. Не таңданатыны бар? Бүгін студент, ертең аспирант. Бүрсігүні аты әйгілі ғалым.

ДОЦЕНТ. Жастарға көрсетіп жатқан әкелік қамқорлық! Жоғары жаққа солай деп ақпар бересіз ғой.

РЕКТОР. Жоқ. Ешқайда да ақпар бермейміз. Студенттің ғылыми жұмысын онан әрі жүргізу үшін Финанс министрлігінен қосымша ақша сұраймыз.

ДОЦЕНТ. Солай деңіз… Жақсы, жұмыстарыңыз сәтті болсын.

РЕКТОР. Рақмет. Өзіңізге де соны тілеймін. Өйткені, ол жұмыс сіздің кафедраңыздың жемісі боп есептеледі.

Жарық сөнеді. Жарық қайта жанғанда, Ректордың кабинеті көрінеді. Ректор екі қолын артына ұстап, терезеге қарап тұр. Сәлден соң бұрылып, әрлі-берлі жүре бастайды. Әлденеге қатты күйінулі. Есіктен профессор Камалиев пен баяғы Шеткі кісі кіреді. Ректор оларды байқамай, терезе алдына кеп тұрады.

ПРОФЕССОР (бірінен соң бірі). Сәламат па? Сәламатсызба?

РЕКТОР ұрылып). Ә, сәлематсыздар ма? Келіңіздер, отырыңыздар. Не жаңалықтарыңыз бар?

ПРОФЕССОР. Естідің бе?

РЕКТОР. Иә. Естідім. Министрліктің өзінен телефон соқты.

ШЕТКІ КІСІ. Япыр-ау, бұл деген… бұл деген масқара ғой, жала ғой!

ПРОФЕССОР. Иә! Осындай масқара әрекеттер адамның қаншалықты уақыты мен күш-қуатын зая кетіреді десеңізші!

ШЕТКІ КІСІ. Жоқ, оны бұлай қалдыруға болмайды. Барамыз, бәріміз барып, мән-жайды ұғындыруымыз керек!

РЕКТОР (езу тартып). Керегі жоқ. Әуре болмаңыздар. Одан еш нәрсе өнбейді.

ПРОФЕССОР. Мәселеңді қашан қараймыз депті?

РЕКТОР. Ертең сағат онда. Жоғары оқу министрлігінде. (Профессорға). Жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр?

ПРОФЕССОР. Жаман емес. Машинкаға бастырғанда 63 бет болды. Ертең өзіңе оқытуға әкелем.

РЕКТОР (күліп). Бәлкім, ертең мен ректор боп қызмет істемеспін.

ПРОФЕССОР (паузадан соң). Сен бәрібір ғалымдықтан түспейсің.

РЕКТОР (дауыстап күліп). Ә-ә, солай деңіз! Рақмет! Есік ашылып, тасырлай басып “заошник” келеді.

“ЗАОШНИК”. Кешіріңіздер… жиналыс болып жатыр ма еді?

ШЕТКІ КІСІ. Бұл ректордың кабинеті ғой, неге рұқсатсыз кіресің?!

“ЗАОШНИК”. Асығыс кетіп бара жатыр едім… Сәлем беріп кетейін деп… Кешіріңіздер (Кетуге ыңғайланады).

РЕКТОР. Кел, кел. Шәкірттің еркелігіне не жетсін. Үй ішің аман ба? Ақсақалдың халі қалай?

“ЗАОШНИК”. Жаман емес. Сізге сәлем айтып жатыр.

РЕКТОР. Сәләмат болсын. Өзің қалайсың?

“ЗАОШНИК”. Сізге мың да бір рақмет, аға. Оқуды бітіріп, қызмет істеп жатырмын.

РЕКТОР. Не қызмет?

“ЗАОШНИК”. Автоклуб меңгерушісімін.

РЕКТОР. Автоклуб?!

“ЗАОШНИК”. Иә, бұрын да сонда істегем.

РЕКТОР. Япыр-ау, сен тарихшы емес пе едің?

“ЗАОШНИК”. Қызметтің реті солай болды… Уақытыңызды алғаныма кешіріңіз. Ауыл-село мәдениет қызметкерлерінің республикалық жиналысына келіп едім, қазір қайтып бара жатырмын. Маған берген тәрбиелеріңіз бен жоғары білімдеріңізге рақмет айтқалы әдейі бұрылып едім.

РЕКТОР. Біз саған жоғары білім емес, диплом берген екенбіз. Біздің жұмысымыздағы бұл да бір кемшілік болғаны ғой. Қайтеміз, жолың болсын… Қайда жүрсең де аман бол!..

“ЗАОШНИК”. Сау болыңыздар! (Шығып кетеді).

Пауза.

Ректордың кабинетінде торшер жанып тұр. Ректор жазу  жазып отыр. Аяғының ұшымен басып Секретарь қыз кіреді. Ол үнсіз кеп тұрады. Ректор басын көтергенде, қызды көреді.

РЕКТОР. Сен… сен әлі қайтпағансың ба?

Қыз жауап бермейді. Ректор орнынан тұрып, оның қасына келеді.

РЕКТОР. Неге үндемей тұрсың? Маған неге кірдің?!

Қыз теріс айналып, көзіне жас алады.

РЕКТОР (шошып). Ой, сен… мұның не? Жылағаның қалай? Не болды, айтшы, а?

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Ертең… Министрлікке мен де барамын…

РЕКТОР. Міне, мәселе қайда! (Күледі). Оған сені жібермейді… Сондай нәрсеге бола кісі жылай ма екен! Қоя ғой! Жылама. Үйде анаң сені күтіп, екі көзі төрт боп отыр ғой. Үйге қайт. Машинамен бар да сонан кейін маған жібер. Келістік пе?

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Жоқ. Мен сізбен бірге қайтам.

РЕКТОР (аздап сасқалақтап). Жарайды. Мақұл. Бірақ, сәл күте тұруға тура келеді. Күні бойы қызметтен қол тимейді. Ғылыми жұмысқа түнді арнамасқа лаж жоқ. Әйтсе де, мен тездетейін. Сен осында күте тұр. Міне, міне, мына креслоға отыр. (Қызды жайлы креслоға отырғызады). Мына журналдарды оқы… Ал мен, мына мақаланы бітіре салайын. Бір журналдың арнайы тапсырмасы еді. Саған ыңғайлы ма?

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Иә, ыңғайлы. (Журнал қарай бастайды).

Ректор қолайсызданып, сәл үнсіз тұрады да, орнына барып отырады. Үнсіздік. Әлден соң телефон шырылдайды. Ректор Секретарь қызға таңдана қарап, иығын қозғайды да, трубканы көтереді.

РЕКТОР. Иә.

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС (2-ректор). Мен ғой. Ректор досың. Танымай қалдың ба?

РЕКТОР. Мұндай кезде сені телефон соғады деп кім ойлаған. Хал-жағдайың жақсы ма?

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Жаман емес. Жаңа үйіңмен сөйлесіп ем, сені қызметте деген соң хабарласып отырмын.

РЕКТОР. Тыныштық па?

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Ана жағдайды мен естігем. Кеше министрлікте болдым. Алло, тыңдап тұрсың ба?

РЕКТОР. Иә, айта бер. Сонымен не дейсің?

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Жағдайың қиындау екен. Коллегия мүшелерінің пікірі сен жағында емес. Қанша дегенмен, екеуміз бірге оқыған дос едік қой, жамандыққа қиғым келмей саған телефон соғып отырмын.

РЕКТОР. Не ақыл айтасың?

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Саған қарсы бұлтартпас фактілер бар екен. Тіпті, столыңның үстінен ақша да табылыпты. Ол ақшаны әйелің сумкасына салып әкеткен көрінеді. Өзге фактілерді қойғанда, осының өзі жетіп жатыр.

РЕКТОР. Естігем. Бәрі жала.

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС (күліп). Сен бала сияқты ойлауды қашан қоясың? ГорОНО-ның бастығының інісіне төрт сабақтан да үздік баға қойдырыпсың. Оның саған барғанда айтқан сөзі түгел келтірілген. Бір студентке екі қойғаны үшін институт доцентінің арын қорлап, оған қатаң сөгіс бергенсің. Бұларға не дәлел айтпақсың? Фактіге фактіні қарсы қою керек. Ал, ол сенде жоқ. Мұнда жазылғандардың бәрі шындыққа сай кеп тұр.

РЕКТОР. Мейлі. Бара көрерміз…

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Ертең кеш болады.

РЕКТОР. Кеш болмас. Айтармын.

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Сен қыңыр мінезіңді қой. Қай кезде ақиқаттың өзін дәлелдеу қиынға соғады білдің бе? Егер қаласаң мен бүгін алдын ала бір жолдастарға телефон соғып қояйын.

РЕКТОР. Керегі жоқ.

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Тағы айтамын, қиын кезде достық көмегімді ұсынып отырмын.

РЕКТОР. Оныңа рақмет. Бірақ, әуре болма.

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС. Бір қолдаушың жоқ, істің немен бітерін білесің бе?

РЕКТОР. Қолдаушым бар.

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЬІС. Қойшы-ей, ол кім?!

РЕКТОР. Әділдік. Ондағылар да ақ, қараны ажырататын шығар.

ТРУБКАДАҒЫ ДАУЫС (күледі). Жарайды. Сау бол, ендеше!

РЕКТОР. Сау бол!

Ректор трубканы қоймай, ойға шомып қалады. Телефонньщ тик-тик деген үні естіліп тұр. Трубканы ақырын қояды да, қағаздарды жиыстырып, орнынан тұрады.

РЕКТОР (қызға). Ал, қайтайық. Көп кешігіп қалдық-ау деймін. (Сағатына қарайды). У-у, он бір бопты ғой.

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Ертеңгі талқылауға дейін он бір сағат бар.

РЕКТОР (қызға күле қарап). Сен әлі сол жөнінде ойлап отырсың ба? Қорықпа. Біздің досымыз — әділдік. Ал, әділдік ешқашан опасыздық жасамайды. Кеттік пе?

СЕКРЕТАРЬ ҚЫЗ. Кеттік…

Ректор торшерді өшіреді.

Жарық сөнеді.

 Соңы

 1977