ЕСКІ ҮЙДЕГІ ЖАҢА ҚОНЫС

Есіркеп түскі тамағын ішіп болған соң бет-аузын тыжырайтып, көзін жұмып, рахаттана құлағын шұқып отырған кезде жер сілкініп, дабыл жарғағын жарып ала жаздады да, столды қимылдатқан сол екен деп, қарсы бетте отырған төрт жасар жазықсыз баласын жақтан тартып жіберді. Әлгіде ғана келесі жексенбіде әкесімен бірге қалаға барып ойыншыққа кенелетін боп отырған бала шырқырап қоя берді.

— Әй, жын қағып кетті ме, баланы неге ұрдың? —деді әйелі түкке түсіне алмай. Күйеуі себебін түсіндірмек боп, көзін ежірейтіп саусағын шошайта беріп еді, жер тағы қимылдады. Есіркеп баласы мен әйеліне, сонан соң төбеге қарады. Төбедегі лампочка әткеншек теуіп тұр екен.

— Ойбай, құрыдық! Далаға! — деді де, Есіркеп алды артына қарамастан аулаға шықты. Сол екпінімен ауланың қауіпсіз-ау деген қақ ортасына барып тоқтап, артына ентіге қарады. Әйелі мен баласы әлі жоқ!

— Ойбай, Кәмәсия! Шық, шық тез! — деп ол жіңішке дауысымен жан ұшыра айғайлады.

Жер тағы қимылдады. Зәресі кеткен Есіркеп жайшылықта аузына алмайтын “бісмілләні” мың қайталап, жерге отыра кетті.

Жарты минуттай уақыттан соң барып тажал аузындай боп үңірейіп тұрған үйдің есігінен баласын көтеріп әйелі шықты. Ол күйеуінің қасына таянған соң:

–Иә, жаның қалды ма? — деді баласын жерге түсіріп.

Есіркеп сонда барып есін жиды. Жазықсыздан-жазықсыз баласын ұрғаны, жер қимылдағанда соларды сүйрелей шығудың орнына қарақан басын алып қашқаны, енді кеп ауланың ортасындағы ыстық тақырдың үстінде отырғанын сезіп, ұялғаннан денесі шымырлап кетті.

“Қап, құлағымды бекер шұқыған екенмін” деді ол барлық кінәсі соған тіреліп тұрғандай.

— Келі жасайтын ағаштай күнге қақталып нағып отырсың? Тұр былай! — деді әйелі одан бетер жерлеп. — Жанының тәттісін! «Бала кезімде екі қасқырмен айқасқанмын» дейді ғой тағы! — Әйелі кенет қарқылдап күліп жіберді. — Екеуі бірдей саған әуре болатындай қасқырлардың сенен басқа шаруасы жоқ па?!

— Болды… болды, — деді басқа сөз таппаған Есіркеп қызарақтап.

— Боса болды, тұр орныңнан. Ел көрсе ұят-ты. Ана моторың өшіп қалар, жұмысыңа кет.

Есіркеп еңсесін басқан ұятты әзер көтеріп тұрып, жан-жағына қарады. Құдай сақтағанда мұның ерсі қимылын ешкім көрмепті.

Ол сол орнында аз-кем аялдады да, артындағы семіз түйенің ізіндей шаңын алақанымен бір-екі қағып, үндемеген бойы қақпадан шығып кетті.

“Ақжар” — бұрынғы ірі колхоздардың бірі. Осыдан бес жыл бұрын шаруашылықты онан әрі ірілендіру жайлы жоғарыдан нұсқау түсіп, осы төңіректегі төрт-бес колхоз жиылып бір совхозға бірікті де, “Ақжар” бөлімше боп шыға келді. Ал Есіркеп болса “Оймауыттан” — қазіргі совхоз орталығынан осы жерге моторист боп ауысты. Алғашқы кезде орталықтан көшіп келген маман ретінде ол шеткері бөлімшенің адамдарын көзге ілмей жүрді. Қолы қалт етсе орталыққа таяды, тіпті үйінде жатса да, әйелі мен балаларына “мені орталыққа кетті” деңдер деп тапсырып қояды да, өзі “Қобыланды батырды” оқуға кіріседі. Бөлімшенің қыруар фермалары бар МТМ-сы бар, магазин, монша, клуб, байланыс бөлімшесі, тағы басқа толып жатқан әкімшілік-шаруашылық орындары бар, жүз елуге жуық түтіні бар. Бәріне электр керек. Бөлімше болса жоғары вольтті жүйеге әлі жалғаспаған. Совхоз іріленген соң ауданның бұйрығымен бұл жерге электр тоғын беретін екі дизель орнатылды. Ауыл адамдары үшін бұл Москва метросын салумен бірдей еді. Енді оның тікелей қожасы — моторист болу әрбір механизатордың арманына айналды. Көпшілігі бөлімше меңгерушісі Тойболдыны кезек-кезек жасырып үйлеріне шақырып, ниеттерін жұқалап білдіріп жатты. Болашақ екі дизель Тойболдының да ауыл арасындағы беделін өсіріп, кісілігін арттырып кетті. Бөлімше тұрғындарының арасында “анау моторист болады екен, ол емес, анау болады екен” деген лақап қаулап тұрды. Бір күні совхоз директоры Тойболдыны шақырып ап: “Сен айтқан адамдардың бәрін білемін, кандидатуралары келмей тұр. Әзірге осы жігіттен лайығы жоқ”, — деп Есіркепті ұсынды. Екі-үш күннен соң екі тележкамен Есіркептің семьясы “Ақжарға” көшіп келді.

Гулеген лақап сап тыйылып үміткерлер әлдекімді айыздары қанып бір боқтады. Бұл оқиға Тойболдының дүрілдеп тұрған беделі мен кісілігін кішірейтіп кетті.

Бөлімше де жаңа өмірге шұғыл бет бұрды. Керолин сасыған бағаналар кір көшелерді қаздаң қағып аралап кетті, тартылған сымдар әр үйдің бұғатынан кіріп, төрінен шықты. Бас-аяғы бір жылдың ішінде жұмыс бітіп, бөлімше кеңсесінің алдындағы алғашқы шам жарқ етті. Бұған дейін Есіркепке екі көмекші моторист, екі монтер бекітіліп берілді. Сөйтіп, бұл автоматты түрде электр станциясының бастығы боп шыға келді.

Есіркеп бөлімшедегі ең беделді адамдардың біріне айналды. Тіпті, совхоз директоры келген кезде көбінесе қасына Есіркепті ертіп жүретін болды. Бұл оқиға Тойболдыға рухани соққы боп тиіп, ол келе-келе қан қысымы жоғарылайтын ауруға душар етті.

Сол жылы бөлімше тұрғындары магазиндегі телевизор атаулыға қырғындай тиіп, бас-аяғы төрт-бес айдың ішінде әр үйдің төбесіне қалқиып мұнаралар өсіп шықты. Кедеймін дегенде кеңірдегі кеуіп, үйіне барғанда “қара шыбын қағып жеп” отыратын ағайынды Омбай, Домбайлар да ең алғашқылардың бірі боп түрлі-түсті телевизор алды.

Pages: 1 2 3 4 5 6