ӘЛЕМ ЖАЗУШЫЛАРЫ АССОЦИАЦИЯСЫН ҚҰРАТЫН КЕЗ ЖЕТТІ

Дулат Исабековтің Ұлыбританияның Лордтар  палатасында сөйлеген сөзі

– Құрметті милорд! Ханымдар мен мырзалар! Қадірлі қонақтар! Сіздердің менің шығармашы­лығыма шынайы қызығушылық танытуларыңыз және бүгінгі Ұлыбри­танияның Лордтар палата­сының тамаша залындағы кешке Өзіңіздің келуіңіз жан тебірентті. Бұл – ағылшын оқыр­маны, көрерменімен менің бірін­ші кездесуім емес. Бұған дейін мұнда ағылшын тіліне Катрин Юделсонның аударуымен Лондондағы Айтматов Академиясы баспасынан шыққан «Гауһар тас», «Біз соғысты көрген жоқпыз…» аталатын кітаптарымның тұсаукесері мен «Өкпек жолаушы» пьесам бойынша «Орзу Артс» театрында спектакль өткен. Маған да, менің халқым үшін де аса маңызды осынау іс-шараға Сіздердің қатысуларыңыз мені зор ризалық сезімге бөлейді. Егер, бір мезет кішіпейілдікті сәл ұмыта тұрып, түрлі БАҚ беттерінде жарияланған әдебиет және театр сыншыларының, сондай-ақ қатардағы көрермендердің риясыз пікірлеріне жүгінсек, онда өзіңнің жарты ғасыр бойына бекерге тер төкпегенің, сөйтіп сенің шығармаларыңның титтей бөлігі Қазақ елінен шалғайдағы мемлекеттерде – өлмес туындылары Англияны жалпы әлемнің әдеби Меккесіне айналдырған ұлы Шекспирдің, Теккерейдің, Вальтер Скоттың, Бернард Шоудың елінде өз оқырмандарын тапқаны туралы ой келеді екен.

Адам баласы туғанда елі мен ата-анасын таңдай алмайды, Жаратушының әмірі бойынша – бірі Еуропада, екіншісі Азияда, үшіншісі Сирияда, әлдекім джунглиде, біреу патша отбасында, ал біреу кедейдің күркесінде дүниеге келеді. Ал жарық дүние есігін мен ашқанда, ресми деректер бойынша, 26 миллион совет адамының өмірін жалмаған адамзат тарихындағы ең қатыгез, ең қанды соғыс жүріп жатыпты; солардың ішінде Сталинград түбіндегі үш жауынгерге бір ғана винтовкадан тиген алапат шайқаста менің әкем де мерт болды. Тылда қалған тек әйелдер мен бала-шаға және қарт кісілер әлемет бейнет арқылы әскерді азық-түлікпен, киім-кешекпен, техникамен жабдықтапты. Онда балғын жас едік, бірақ бізде балалық шақ болған жоқ. Сонау алыстағы майдан даласынан ұшқан оқ көптеген қалалар мен селолардың үстінен зуылдап ысқырып өтіп, шалғайдағы ауылымызға да «жетіп», біздің балалығымызды жайратыпты. Осынау сұмдық жағдайлар жөнінде мен «Біз соғысты көрген жоқпыз…» деген повесімді жаздым, ол жеке кітап болып Лондонда ағылшын тілінде жарық көрді. Сонау жалаңаяқ жас кезімде кезеңі туып, балқұрақ балалығы­мызды жойған фашистік Германиядан бөлек – біздің әкелеріміз жағында соғысушы Ұлыбритания мемлекеті туралы танып-білеміз деп ойладым ба. Сонда күндердің күнінде менің пьесаларым ұлы Шекспир тілінде Лондон сахнасында бірінен кейін бірі қойылады деп ойладым ба. Қыста пеш жағылмаған мектепте алба-жұлба болып, аштықтан үнемі қарным шұрылдап партада отырған сәтімде жетпіс бес жасқа жетіп, сол мерейтойды демократия мен футбол отанында – ұтқыр әзіл мен биік мәдениет, аристократия отанында атап өтемін деп ойладым ба. Бір жарым жасымда ауыр науқастан кейін жұрттың бәрі мені өлдіге санап, қабір қазушылар қолына тапсырар алдында соңғы рет «жансыз» сәбидің жүзіне қарап қалуды ұйғарған көрші кемпірге ризамын. Ал мен, «өлген» бетпақ о дүние­лік балаша тып-тыныш жатудың орнына кенет көзімді ашып ыржиып күліппін, ал үрейі ұшқан кемпір байғұс бажылдап, шешемді көмекке шақырып үлгеріпті. Перзентін тірідей көме жаздаған анам менің тірі болуыммен қоймай, жымиып жатқанымды көріп, дауыс салып жылап жіберген көрінеді. Мені алып кетуге келген қабірші жаназалық дәмнен қағылғаны үшін түсі бұзылып, қатты ренжіген секілді. Соларға қо­нақасы бұйырт­пай, аш қал­дырға­ным үшін күні бүгінге дейін қысы­ламын. Өздері қазылған әлгі қабірді қайтадан көмбепті де, себебі, сырқат балалардың бірі қайт­­кенмен өлер еді, уақыт солай-тын. Бұл жағдайды менен көпке дейін жасырып келіпті. Алайда алғаш мектепке барып бірінші «бестігімді» алып келгенде, сол қария «мен болмасам, мектепке барып, бестік әкеле алмас едің» деп, жайдарлана отырып барлық сырды жайып салды. Әлгі көршіміздің тіміскектігі арқасында, міне, мен өздеріңіздің алдыларыңызда тұрмын. Кемпір менің жүзімді көру үшін киіз бетін кездейсоқ ашты ма екен? Меніңше, жоқ! Тәрізі, ол көктің әмірімен солай істеуді ұйғарған. Осы оқиға, қалайда, Құдайдың бар екенін, ештеңенің себепсіз жасалмайтынын тағы да көрсетіп тұр. «Алланың бұйрығынсыз бір жапырақ жерге түспейді» деген ескі қазақ мақалы бар. Өздеріңіз пайымдап көріңіздер, адам туғаннан бастап көз жұмған­ға дейін дүниеде ешбір оқиға кездей­соқ болмайды екен. Егер Ленин бас­таған большевиктер патшалық самодержавиені жеңіп, Совет өкі­меті орнамаса, өз құрамына қазір Қазақстан деп аталатын ежелгі Қа­зақия елін күштеп кіргізбесе, менің әкем өзі де, оның ата-бабасы да бұрын-соңды естіп-білмеген Сталинградты қорғап қаза таппас еді және мен бұл туралы кітап та жазбас едім. Бастан өткерген майдандарға қарамастан, қазір адамзат алдында үшінші дүниежүзілік соғыс өрті бұрқ ете ме деген қауіп тұр, тәрізі, бұл ең соңғысы болар. Жаңалықтардан жантүршігерлік суреттерді көреміз. Ресей телеарналары Россия Сирияны лаңкестерден құтқарады деп хабарлап жатыр… Алайда осындай «бейбітшілік мақсаттағы» бомбалаудың бірінен кейін мен бір жасар баланың басы жұлынып кеткен шешесінің омырауын ашқарақтана емген кадрды көрдім. Осынау сұмдық сурет әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді… Қазақтың ежелгі аңызы бойынша, Жер-жұмақты жаратқан Құдай оған ең алдымен адамды емес, бір құсты жіберіпті. Ол құстың аты «Арманда» екен, яғни «мәңгілік сағыныш» деген мағына береді. Жаратушының әмірі бойынша ол тек көк жүзінде самғап жүреді. Жер шарын мың-миллион мәрте айналып ұшқан құс жер бетіндегі тіршілікке іңкәр болып, қатты құмартады. Бірде ол Құдайға көктегі мәң­гілік өмірді тастап, жерде күн кешкісі келетінін айтады. Құдай келіспейді. Бірақ құс әлгі өтінішпен қайта-қайта келе беріпті. Бұған қатты ашуланған Жаратушы оны қуып та жібереді. Құс сонау тілекпен соңғы мәрте келгенде Құдай: «Жарайды, мәңгілік ғұмырды қаламасаң еркің білсін, жерге түс. Тек есіңде болсын, онда өлмес өмір жоқ. Сенің орныңа өзге бір «мақұлықты» жіберемін» дейді. Сонда құс: «О, Жаратушым, бәріне келісемін!» – деп қуана-қуана жерге түсіпті де, бірден о дүниеге аттаныпты. Құдай оның орнына бәріміздің ортақ атамыз Адамды жөнелтеді. Айтпақшы, қазақша «адам» деген мағынадағы осы сөздің алғашқы нұсқасы – «Адам» тек қазақ тілінде ғана сақталған. ХІХ ғасырдағы қазақтың ұлы ақыны Абай: «Адамның басы – Алланың добы» деп жазыпты; мұның «Адам Құдай үшін ойын­шық, бәрі Жаратушының қолында» деген мағына беретіні түсінікті. Меніңше, біздің ғаламша­ры­мыздың сұлулығына бола мәңгілік ғұмырын жердегі қысқа тірлікке айырбастаған Арманда құс бір сәт тіріліп, бүгінгі Адам ұрпақтарының Жерді нендей күйге түсіргенін көрсе, өзінің сонау шешімі үшін қатты өкінер еді. Барлық замандардағы соғыс­тар тұтас әлемді билеп, барлық байлықты иеленсем деген тойым­сыздықтан басталады. Ал сол қақтығыстардың немен аяқталатыны тарихтан мәлім. Қазақ мақалы: «Құдайдың меншікті малы жоқ, ол тек біреуден алып, біреуге беріп отырады» дейді. Зорлық жолымен келген дәулет бүгін болмаса, күні ертең келер ұрпақ үшін үлкен қасыретке ұласуы мүмкін. Ұлы ойшыл Абай: «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап, әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деп жазған. Бүгінгі аласапыран, дүрбелең дүние ұлы жазушылардың қасиетті сөзіне зәру. Интернет пен электроника дәуірінің адамдары әзірше қағаз кітаптан бас тарта қойған жоқ, олар әлі де саясатшыларға қарағанда жазушы сөзіне көбірек сенеді. Жазушылар дүниедегі ең әлемет СӨЗ қаруына ие екенін өздері де толық түйсінбеуі мүмкін. Егер әрбір қарапайым жазушы­ның артында орта есеппен 10-15 мың оқырман тұрғанын есептеп, осы санды әлемнің барлық жазушы­ларына көбейтсе, онда ғаламдағы барлық адамдардың жан-жүрегіне ықпал ететін қуатты қаруға ие алапат армия құрылар еді. Өйткені, алдымен құрлықаралық ракеталар емес, Сөз пайда болған ғой. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың бастамасымен Сириядағы жағдайды қалпына келтіру бойынша халықаралық кеңес өткізу игі дәстүрге айналды. Биылғы қыркүйектің 22-сінде Алматыдағы Достық үйінде көр­некті қоғам қайраткері, мәдениет­танушы, тәуелсіз Қазақстанның Қытайдағы алғашқы елшісі Мұрат Әуезовтің бастауымен халықаралық «Жібек жолы. Соғыссыз әлем» дөңгелек үстелі өтті, онда шет ел зиялыларының көптеген өкілдері: ғалымдар, саясаткерлер, жазушылар өз пікірлерін ортаға салды. Маған бір ой келді: бізге әлемнің маңдайалды жазушылары бейбітшілік пен әділеттілікті, қоршаған орта тазалығын қорғап, кейбір елдердің агрессиялық саясатын мейлінше әшкерелеп отыратын «Әлем жазушылары ассоциациясын» құратын кез жеткен жоқ па екен? Бұл ұйымның штаб-пәтері, өз ойымша, кезінде қазіргі таңда төрткүл дүниенің көптеген елде­рінде, оның ішінде Қазақстанда да филиалы бар халықаралық ПЕН-клубты құрған, ұлы жазушы Джона Голсуорсидің отаны Англияда тұруға тиісті. Мен Ұлыбритания Лордтар Палатасына, Лондондағы фестивалімді өткізуге тигізген зор көмегі, пьесалар мен әңгімелер жина­ғымның тұсаукесерін, алғашқы мерейтойлық кешті өткізуге, «Аққу-Жібек» пьесасы­ның ашы­луына жасаған қолғабысы үшін Ұлыбритания Біріккен Король­дігіндегі өз елшіміз Ерлан Ыдырысовқа шексіз ризалығымды білдіремін. Сондай-ақ іс-шараны өткізуге мұрындық болған «Самұрық-Қазына» TRUST серік­тес­тігіне алғыс айтқым келеді. Өз өмірлеріңіздің тұтастай он минутын маған арнап, сөзімді аяғына дейін тыңдағандарыңыз үшін көптен-көп рахмет!

Pages: 1 2