АНАСЫН АҢСАҒАН ҚЫЗ

                      Екі бөлімді драма

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Перизат

Каримов

Айбасов

Сатанов

Сарсенова

Самат

Садат

Көрші еркек

Лаборантка

*         *         *

Театр институтының актерлік факультетінде қабылдау емтиханы жүріп жатыр. Шіренген профессорлар да, орта жасар доценттер мен лыпылдаған жас мұғалімдер де, әйтеуір, абитуриент тағдырын шешетін педагогтардың бәрі осында.

Емтиханның соңы. Мұғалімдер шаршаған, кейбіреулері сағатына қарап, есінеп кояды.

— Қанша адам бар? — деді профессор Каримов лаборант қызға есіней қарап.

— Бір-ақ абитуриент қалды.

— Ер бала ма, қыз бала ма?

— Қыз бала.

Профессор жақтырмаған кейіппен жан-жағындағыларға көз тастайды.

КАРИМОВ. Енді бес-алты жылдан кейін қазақ драматургтерінің кейіпкерлері тек қана әйелдер бола ма? Мен таң атқалы бес-ақ жігіттен емтихан алдым. Ұлдар қайда, ұлдар?

САРСЕНОВА. Ұлдардың көпшілігі кеше тапсырып кетті ғой.

КАРИМОВ. Ә-ә!.. Оңған біреуі жоқ…

САРСЕНОВА. Неге олай дейсіз? Қабілетті жігіттер бар.

КАРИМОВ. Иә, тек қана бар. Бұзып-жарып бара жатқан біреуін көре алмадым.

САРСЕНОВА. Кім біліпті, олардың алдынан шығып келген ешкім жоқ.

КАРИМОВ. Көбісі қазақша білмейтін қаланың қулары. Олардан ертең қандай актер шықпақшы? Диплом алады да шашлық сатып кетеді!..

САРСЕНОВА. Енді… документ қабылдайтын мен емес қой…

КАРИМОВ. (абитуриент балаға) Жауапқа дайынсыз ба?

АБИТУРИЕНТ. Иә…

КАРИМОВ (оған жақтырмай қарап). Бәрі шетінен қиқы-жиқы, ұсақ-түйек, ілмиген, бойы қортық бірдемелер өңшең! Немене, бізге сұңғақ жігіттер келуді қойған ба? Осы бар ғой, соғыстың қақап тұрған кезінде, бес жыл бойы қара су мен қара нан жеп өскен балалар сырықтай-сырықтай, қарасаң көз тоятын жігіттер. Ал қазір, бәрі бар, шешелерінен шыр етіп түскеннен дәрігерлер қағып алып асты-үстіне түсіп жатады, жейтіндері тек витамин, сөйте тұрып шала туған қозыдай тыриған бірдеме!

САРСЕНОВА. Енді олардың бәріне мені кінәлап отырсыз ба? Беделіңіз бар, баланы қалай туу керегі жөнінде ата-аналармен өзіңіз әңгіме өткізіп тұрыңыз. Былтыры өзіңіз мақтап-мақтап қабылдаған намазшамның көлеңкесіндей серейген жігітіңіз екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайтын мылқау боп шықты ғой.

КАРИМОВ (алдындағы абитуриентке). Ал, сіздің дайындап келген қандай этюдтарыңыз бар?

АБИТУРИЕНТ (орысша акцентпен). Көп.

КАРИМОВ. Соның біреуін орындаңыз, көп болса.

АБИТУРИЕНТ. Который? Қайсысын?

КАРИМОВ. Әйтеуір ұйқыңды келтірмейтін біреуін.

АБИТУРИЕНТ. Онда мен… Абайдан өлең оқиын.

«Бойы булган

Сөзи жилман

Кимди көрсе — мен сонан

Бетти бастым,

Катты састым

Тура каштым жалма-жан.

Оз ойында

Тал боиинда

Бир мини жок пендесип…»

КАРИМОВ. Жігітім, жігітім! Жетер! Болды, болды! Түсінікті. Бара беріңіз!

АБИТУРИЕНТ. Все что ли?

САРСЕНОВА. Иә. Осы да жетер.

Абитуриент шығып кетеді.

САТАНОВ. Бұған қандай баға қоямыз?

КАРИМОВ. Ешқандай бағаның керегі жоқ. Жарамайды, болғаны сол.

САРСЕНОВА. Қабылдау керек. Ол Асан Асановичтің жиені ғой.

КАРИМОВ. Ал, мұның алдындағы?

САТАНОВ. Ол Асан Асановичтің әйелінің жиені.

КАРИМОВ. Ал, оның алдындағы?

САРСЕНОВА. Ол Асан Асановичтің нағашысының жиені.

КАРИМОВ. Биылғы курс немене, тек Асан Асановичтар династиясын оқыта ма?

САРСЕНОВА (кәдімгідей салиқалы жауап беріп). О не дегеніңіз, биыл ғана емес, былтыр да, алдыңғы жылы да, оның алдыңғы жылы да, о кісінің жақын-туыстары бізге түскен.

КАРИМОВ. Онда келесі жылғы қабылдауды түгелдей со кісінің туыстарына арнайық та. Басқа жұрттың басын босқа қатырып қайтеміз?

САРСЕНОВА. Ашуыңыз орынды, Сапар Каримович, бірақ, біздің институт, қала берді сіздің өз басыңыз одан инедей де зиян шегіп отырған жоқ.

КАРИМОВ. Қалайша?

САРСЕНОВА. Бұл баланың бізде оқығаны институтқа тиімді. Асан Асановичтің қамқорлығында боламыз. Ол институттың ремонты дейсің бе, бала бақшасы дейсің бе, санаторийлерге жолдама дейсің бе, банкіден айлықты дер кезінде бергізіп тұру дейсің бе, бәріне сол ғой көмектесетін.

КАРИМОВ. Қалайша? Заңды бұзып қалай көмектеседі?

САРСЕНОВА. Е-е, сіз бұл мәселе жөнінде әлі баласыз, Сапар Каримович! Асановичтің бізде жақын-туыстары оқымасыншы, қалай болар екен. (күліп) Ашығын айтсам, оның жақындарын біздің ректор жыл сайын өзі сұрап алып отырады! Міне, гәп қайда! Есесіне, күнделікті тіршілікте институт үйі қиындық дегенді атымен білмейді. Іргеміздегі педагогикалық институттың жөндеу көрмегеніне жиырма жыл, жаз болса санаторийлерге жолдама іздеп дуана боп кетеді. Айлықтарын да жүргені уақытында ала алмай. Мына біздің Сатанов екеш Сатановқа дейін әйелі мен баласын  ертіп биылғы жазда Қара тенізге барып қайтты. Местком арқылы!

САТАНОВ. Мен неге “екеш” боламын! Немене, мен жұрттың қорымын ба? Мен — ғылым кандидатымын!

САРСЕНОВА (күліп). Ұйқымыз ашылып, сергіп қалдық қой. Қымыз ішесің бе тағы, Сапар Каримович!

КАРИМОВ. Жоқ, алды разы болсын! Күні бойы маужыратып адамды сыртқа жүгірте береді екен. Бітті ме?

САРСЕНОВА. Бітті ғой деймін. (лаборанткаға). Болдық па?

ЛАБОРАНТКА. Иә, болды (есік сыртына қарап). Ешкім жоқ.

Бәрі қағаздарын жинастыра бастады.

САРСЕНОВА. Мына қымызды қайтеміз?

КАРИМОВ. Қалсын. Маған жақпайды екен.

САРСЕНОВА. Сатанов, жассың ғой, бидонымен машинаңа сала сал, үйге барғанда ішесің (қуланып) Немесе… тағы біреулермен…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17