Елі үшін туған ер 

Бүкіл ел болып 110 жылдығын атап өтіп жатқан Темірбек Жүргенов – жан-жақты білім иесі, ұлттың ұлт болып қайта қалыптасуына, өзгелермен терезесі тең іргелі ел болуына барын салып, сол жолда жанын пида еткен ұлы тұлғалардың бірі еді. Ұлтты ұлт ететін басты критерий – тіл. Дүниеауи мәдениетті ол өз ұлтына ең әуелі өзінің ана тілі арқылы сіңіруге тырысты. Оқу-ағарту жүйесін ана тілі арнасына түсіруді, сөйтіп, сол тілде білім алған, сол тілде күллі әлемнің озық ілімін бойына сіңірген болашақ зиялы қауымды тәрбиелеп шығаруды армандады. Жұртқа белгілі, бұл кезең алмағайып кезең еді. Бір түнде жоқ боп кетуің үшін кінәлі болу былай тұрсын, жәй ғана оқыған, көзі ашық адам болудың өзі жеткілікті еді. Бүкіл ел болып 110 жылдығын атап өтіп жатқан Темірбек Жүргенов – жан-жақты білім иесі, ұлттың ұлт болып қайта қалыптасуына, өзгелермен терезесі тең іргелі ел болуына барын салып, сол жолда жанын пида еткен ұлы тұлғалардың бірі еді. Ұлтты ұлт ететін басты критерий – тіл. Дүниеауи мәдениетті ол өз ұлтына ең әуелі өзінің ана тілі арқылы сіңіруге тырысты. Оқу-ағарту жүйесін ана тілі арнасына түсіруді, сөйтіп, сол тілде білім алған, сол тілде күллі әлемнің озық ілімін бойына сіңірген болашақ зиялы қауымды тәрбиелеп шығаруды армандады. Жұртқа белгілі, бұл кезең алмағайып кезең еді. Бір түнде жоқ боп кетуің үшін кінәлі болу былай тұрсын, жәй ғана оқыған, көзі ашық адам болудың өзі жеткілікті еді.Өйткені, большевиктік режім сауатты, көзі ашық адамнан, білімді адамнан қорықты. Білімді, парасатты адам мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатына көз жіберіп, өз пікірін білдіре алады, ал, өз дегені жоқ ойсыз адамдар жоғары не айтса соны бұлжытпай орындауға әрқашан дайын. Мемлекеттің негізі өтірікке құрылған кезде билеуші топ сол өтірікті бүркемелеу үшін ылажсыздан күшке жүгінеді. Ал, күшке жүгіну – әлсіздіктің белгісі. 20-30-жылдардағы көрнекті мемлекет пен әдебиет, мәдениет қайраткерлері дәл осындай аяр саясаттың құрбандығы болып жатты. Ең таңғаларлығы сол – бұл топ бүгін бе, ертең бе өздерінің мойындарына «халық жауы» деген жаланың құрығы түсерін, ол құрықтан аман құтыла алмайтындарын, өздерін азапты да қаралы күндер күтіп тұрғанын, қалай болған күнде де әйтеуір өз ажалдарынан өлмейтіндерін анық білді. Есік алдынан естілген әрбір тықыр ажал хабаршысындай елестеп тұрған осындай қасіретті шақта Кеңес өкіметінің әдебиет пен мәдениет, саясат аспанында қазақ топырағында туған жарық жұлдыздар өзге бұратана халықтарға қарағанда әлдеқайда көп бопты. Уақытша өкіметтің басшысы Керенский Мұстафа Шоқайға Ресей ішкі істер министрінің портфелін ұсынуы, Тұрар Рысқұловтың Сталиннің өзімен үзеңгілес қызмет етіп, онымен пікір таластыруға дейін баруы, бертін келе әйгілі диктатордың өзі одан аяғын тарта бастауы, Смағұл Сәдуақасовтың, Нәзір Төреқұловтың, Сәкен Сейфуллиннің, тағы басқа да ірі мемлекет қайраткерлерінің үлкен саясатқа еркін араласып, мемлекет басқару ісінде өзімсінген өзге ұлт өкілдерінен кем түспейтіндігін бар әлемге паш етіп кетті. Егер бұл жарық жұлдыздар шоғырына Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов, Мұхаметжан Тынышпаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, т.б. ұлт санасын оятып, әлемдік көшке именбей араластырған ұлы тұлғаларды қосар болсақ қазақ халқының кеуде керіп мақтануына қақысы бар шығар деп ойлайсың. Және, бұл аталғандардың бәрі тек бір ұлттың ғана аясында аты белгілі боп, сол ұлттың ғана мақтанышы болумен шектеліп қалған жоқ, берісі бүкіл кеңестік кеңістікте, әрісі күллі түркі әлеміне аттары мәшһүр болып, көптеген өзге ұлттар мен ұлыстарды қызықтырып, қайсыбірінің қызғанышын оятып кеткен тарихи тұлғалар еді. Солардың ішінде Темірбек Жүргеновтің өз халқына сіңірген еңбегі айрықша зор. Бастың қайда қалғанын мойын білмейтін зобалаң шақта Темірбек Жүргенов өмір мен өлімнің арасында жүріп елінің ертеңіне қызмет етті, оның басына төніп тұрған қасірет бұлтын жалаң қолымен кері ысырып, кей сәттерде көзсіз ерліктерге де барды. Ұлтына қамқор болған адамды ол кез кешірмейтін. Жүргенов оны жақсы білді. Революцияның алғашқы күндерінен-ақ мемлекет тірлігіне араласып, ел басқару тізгіні қолына тиген шақтарда ажал құрығының өз басына да төніп қалғанына қарамастан туған халқын тарихтың сан-сапалақ бұралаң жолдарынан аман алып шығуды, тек аман алып шығуды ғана емес, еңсесі биік, санасы жоғары ұлт ретінде алып шығуды армандады. Басымда бағым, астымда тағым бар деп қара басының ғана қамын ойлап, елін естен шығарса, атадан ұл боп туғанша тұл боп қалғаны жақсы емес пе! Допша басқа бір ажал, қылша мойынға бір тұзақ! Өрттің жауы – су, аурудың жауы – ем, ұйқының жауы – түрткі. Темір­бек Жүргенов өз халқын ояту­дың, еңсесін көтерудің, бойы­на күш-жігер берудің бірден бір жолы – оның рухын көтеру деп білді. Ол үшін жаппай сауаттылық, жоғары білім, қайта түлеген мәдениет қажет еді. Қазақстанның тұңғыш оқу-ағарту комиссары Темірбек Жүргенов осы армандарын шұғыл іс жүзіне асырып қалуға тырысты. Тоталитарлық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған шағының өзінде Темірбек Жүргенов Голощекинді қатты сынға алып, былай деп жазады: «Қазақстанға керегі – 7-10 жылдық мектеп жүйесін құру, ал Голощекин «қазақ тек хат таныса болады» дейді. Жоқ! Бізге үлкен білім орда­лары қажет!.. Алда істейтін мінде­тіміз – қалың көптің ішінен шық­қан білім қайраткерлерін, өз кадр­ларымызды дайындау қажет. Қазақ тілін жете білудің өзі үлкен мәдениет». Ол кезде бұлай жазу деген қасыңнан өтіп бара жатқан ажал­ды шақырып алғанмен бірдей еді. «Қазақ тілін жете білудің өзі үлкен мәдениет!» ВКП (б) Орталық комитетінің шешімімен Тәжікстан Республикасының қаржы министрі, Өзбекстан Халық ағарту комиссары, Қазақстанның тұңғыш Халық ағарту комиссары, КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болған, орыс тілін ана тілінен кем білмейтін, көптеген мақалаларын орыс тілінде жазып, орыс тілінде өмір бойы сөз сөйлеп келген Темірбек Жүргенов сынды білімдар азамат қазақ тілін жете білу – үлкен мәдениет депті. Арада отыз-қырық жыл өтер-өтпестен қазақ тілін білмеуді мәдениеттіліктің белгісі деп санайтын қандастарының пайда боларын, олардың қатары жыл сайын көбейе берерін есіл ер қайдан білсін! Бәлкім, білмегені де жөн болған шығар, әйтпесе, халқымның сауатын ашамын, білімін көтеремін деп шырылдап жүріп тапқаны түптеп келгенде өз ана тілін мүлдем ұмытуға әкеп соқтырғанын көрсе, халқы үшін қатерге бас тіккеніне өкініп, өксікпен көз жұмар ма еді, қайтер еді. Қалай болған күнде де Жүргеновтің әлгі қанатты сөзін қазақ тілін менсінбейтін қандастарымыздың маңдайына болмаса да есігінің маңдайшасына жазып қойса артық болмас еді. «Адамды заман тудырады» деген мәтелдің рас екеніне 20-30-жылдардағы мемлекет, саясат, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің өміріне қарап анық көз жеткізгендей боласың. Олар өз мамандықтарына сай асқан білімді, білгір, іскер болумен қатар, оған қоса бірнеше саланы да толық меңгерген, жан-жақты білім алған, қай салада қызмет етпесін бәрі де әдебиет пен мәдениетке жаны құмар, шын мәніндегі зиялы топ. Олардың бәрі де өз халқын жанындай сүйді. Оның ертеңі үшін бүгін отқа өртеніп кетуге даяр еді. Ұлы тұлғалардың ұлағатты мерейтойларын атап өткенде, біздер, әрине, ең әуелі әруақты еске алып, олардың рухы алдында перзенттік парызымызды өтейміз, сонан соң, олар жүріп өткен соқтықпалы, соқпақсыз жерлерден біз де ойша өтіп, олардың өмірінен өзімізге сабақ іздейміз. Олардың өнегелі өмір жолы біздерге жоғалтқанымызды тауып, қолымызда барды бағалауға көмектеседі. Тарих тағылымы дегеннің бір тармағы осы. Кезінде үлкен саясатпен айналысып, ірі-ірі мемлекет қызметтерін атқарған Темірбек Жүргенов секілді тұлғалардың өмірін зерттеп, ақ-қарасын ажыратып алу аса қиын мәселе. Олардың өмірі бірыңғай даңғыл жолдан тұрмайды, шатқалы мен бұралаңы мол. Олар халықтың жадында күнделікті атқарып жүрген өткінші кеңсе қызметімен емес, сол халқының мүддесі үшін шешуші сағаттарда нар тәуекелге бел буып, үлкен істерді тындыруымен есте қалады. Бұл кезеңдегі қайраткерлердің бәрі Қазан төңкерісін қуана қарсы алды. Олар жаңа үкіметтің ішкі саясатынан өз халқын жаңалыққа, жақсылыққа жеткізер үміт отын көргендей болды. Лениндік ұлт саясаты, халықтардың өзін-өзі басқару жүйесінің алғышарттары, жаппай сау­ат­тану, жоғары білім алу ошақтарын ашу­дың мем­лекеттік іс-жоспарлары, халық шаруашылығын көтеру, халықтардың тең құқылығы, сайлауға, сайлануға берілген еркін де ортақ заң, шаруалардың жерге қожалық ету құқы – осы сияқты толып жатқан жаңа заң мен жаңа бағдарламалар патшалық Россияның ғасырлар бойы езгісінде болып келген бұратана халықтар үшін жаңа заманның жаңа сәулесін шашып тұрғандай боп көрінді. Сталиндік жеке басқа табынуға дейін солай боп келді де. Жаңа уақыттың жаңа сыбағасынан өз халқын құр қалдырмау үшін сол кездің жалынды да жігерлі қайраткерлері өз ұлтының ұлы көшке еріп, жаңа заманға сай тарих арнасында жарқ етіп көрінуін, айдай әлемге өзінің бар екенін, өзгелерден өнері де, тірлігі де кем түспейтінін көрсетіп қалуға барын салып бақты. Сондай жалынды, жігерлі, жан-жақты білімді, жайшылықта көп сөйлемейтін, шешуші кезде ауыздыға сөз бермейтін шешен Темірбек Жүргенов Тәжікстан, Өзбекстан республикаларындағы үлкен қызметтерде болып, Қазақстанға қайтып оралысымен оқу-ағарту жүйесін қолға алып, Алматы қаласынан бір жылдың ішінде 18 мектеп ашты, С.М.Киров атындағы университетті ашуды жедел түрде ұйымдастыра білді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде 7, 10 кластық мектептер, училищелер мен техникумдар жауыннан соңғы саңырауқұлақтай бой көтере бастады. Алматыдан бастап Қазақстанның үлкен-үлкен қалаларында драмалық, музыкалық ұжымдар ашылып, қазақтың ел арасында жүрген әнші, күйші, бишілері бір шаңырақтың астына жинала бастады. Халық жыраулары мен жыршылар, термешілер мен барша өнерпаздар бас қосып, енді сала-сала бойынша профессио­налды өнер ордаларына айнала бастады. Темірбек Жүргенов солардың бәрінде де тек ұйымдастырушы болып қана қоймай, олардың жұмысына өзі тікелей араласып, театрлар мен бишілер тобының өнерлерін түн жарымы ауғанша көріп, пікір айтып, жаңа өнер, таза өнер қандай болуы керектігін елден келген өнер иелеріне айтудан, үйретуден жалықпапты. Ол бәріне де уақыт таба білген. М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасын алғаш жұртшылық алдында оқуды ұйымдастырған да Жүргенов екенін тарихтан білеміз. Бұл жөнінде академик Ахмет Жұбановтың естелігінен мына бір жолдарды оқу да біз үшін қызық. «…Темірбек Халық ағарту комиссары болып, өнер майданының «командованиесін» өз қолына алғаннан кейін бұрынғы тыныштық, «бейбіт» заман келмеске кетті. Өнер майданы қыза, бұрқырай жөнелді. Отыз үшінші жылдың күзінде М.Әуезовтің «Айман-Шолпаны» оқылады екен деген хабарды есітіп мен де үкімет үйіне келдім… Ол екі ауыз ғана сөзбен мәжілісті ашты да, Мұхаңа пьесаны оқытты… Пьеса тыңдаушыларды қанағаттандырды. Тек өзінің соңғы қысқа сөзінде Темірбек: – Мұхтар! Осы «Басыбар» демей-ақ, сол шалдың азан айтып қойылған «Көтібар» атын өзіне қайтарсақ қайтеді. Қаншама мәде­ниетті ат қоямын, жаңа буыннан ондайды жасырамын дегенмен басы болса адам­ның басқа да жақтары болатынын бәрі де біледі ғой. Шекспир бұл жағынан аса қысы­лып-қымтырылмаған көрінеді ғой», – деді. Отырғандар да біраз күліп, Мұхаң бұл ұсынысты қабылдады, сол арада-ақ келісім беріп, Көтібар өз атымен қалды. … «Айман-Шолпан» бірнеше айдың ішінде 101 рет қойылып, бәрі де аншлагпен өтті…» Темірбек Жүргеновтің ұйым­дас­тыру­шылық, іскерлік қабі­летінің ең бір жарқырап көрінген тұсы – 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігі кезі еді. Бұл жөнінде оның замандастары, сол онкүн­дікке қатысқан кісілер аңыз-ертегі ретінде еске алып, тамсана жазады. Осы онкүндік тұсында тоқ­санға келген Жамбылдың бүкіл Кеңес Одағын, онан әрі бүкіл дүниені дүр сілкіндіріп, дүниеде қазақ деген халық бар екенін, оның Гомердей ұлы жыршысы – Жамбылы бар екенін танытып, әлем әдебиетінің талай-талай тарланбоздарын тамсантып, таңдай қақтырып атап өтіп еді. Ал, сол онкүндікке «Қыз Жібек», «Жалбыр» операларының апарылып, сахнаға Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев сынды қазақ музыка театрының алғашқы шоқ жұлдыздарының Кремль сахнасына шығып, әншілік өнердің бұрын-соңды болмаған ғажайып үлгісін көрсетуі Кеңес Одағындағы ең елеулі оқиға боп бағаланды. Академик Ахмет Жұбановтың айтуынша Темірбек Жүргенов бас-аяғы екі жылдың ішінде тұң­ғыш қазақ опера театрын ұйым­дастырып, екі спектакльді Мәскеу жұртшылығына, Кремль басшыларына көрсетіп қайтып келгенше театр артистерімен күндіз-түні бірге болып, ұлт мерейі сынға түсер шешуші шақта жанын сала жұмыс істепті. Осы онкүндіктің нәтижесінде «Қыз Жібек» музыкалы спектаклінде Жібек рөлін ойнаған Күләш Байсейітованың жұлдызы жарқырай туды. Ол 24 жасында Кеңес Одағының халық әртісі атанып, Қазақ елінің атақ-даңқын бір-ақ күннің ішінде шарықтау биікке көтеріп тастады. Темірбек Жүргенов мақсатына жетті, ол қалғып жатқан халқын сілкіп оятып, дүниенің ұлы дүр­мегіне осылай қосты. Сол кезде­гі Қазақстан өлкелік партия коми­те­тінің бірінші хатшысы Левон Мир­зоян былай деп жазды: «…Артта қалған өлкеден алдыңғы қатарлы өлкеге айналып келеміз. Біздің комиссар Т.Қ.Жүргенов басшылықты жақсартып, тұралап қалған жұмысты қайтадан жандандырды, ұлттық мәдени құрылысты өркендету штабына айналдырды». Қазақ халқының өнері мен мәдениетінің өсуіне белсенді атсалысып, оның гүлденуіне шексіз үлес қосқан Темірбек Жүргеновтің еңбегі жоғары бағаланып, ол 1936 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орде­німен марапатталды. Көп ұзамай, 1937 жылы Кеңес Одағы Жоғарғы советіне депутат боп сайланды. Сыр бойының дәулетті кісісі Қараның отбасында 1898 жылы қараша айында дүниеге келген қара баланың даңқы жер жарып, тұяғы енді қызған дүлдүлдей дүниені енді дүбірлетіп, шығар биігі, алар асуы әлі алда сияқты еді. Бірақ, ол ат жалын тартып мініп, мемлекет ісіне араласып, халық қамын ойлай бастаған бозбала шағында-ақ көрінбейтін көлеңке боп соңынан ерген қара елес омырауына орден тағып жатқанда жауырынынан қорғасын оқ боп қадалды. Өз ұлтын өркендеген өзге жұртпен қатар қоюға ұмтылған, Махамбетше айтқанда: «Қара қазақ баласын хан ұлына теңгермек» болған Темірбек Жүргенов сол кездегі кең тараған тәсіл бойынша бір түнде қамауға алынып, бас-аяғы оншақты күннің ішінде сотсыз, тергеусіз қырыққа жетер-жетпес шағында атылып тынды. Орталық үшін ол жасарын жасап болды. Әрі қарай оның аман жүруі қауіпті, өйткені, ол халықтың бетке шығар айбынды азаматына айналып барады, оның соңынан халық еретін дәрежеге көтеріліп қалды. Соңынан халық еретін білікті азаматтың ол кезеңге қажеті жоқ еді. Ондай адамдар қай кезеңде де керексіздеу болған. Күрделі кезеңде өмір сүріп, ел бақыты үшін ақтық демі біткенше күресіп өткен Темірбек Қараұлы Жүргеновтей асыл азаматын туған халқы мәңгі есте сақтары сөзсіз.

Pages: 1 2