Елу жылдан кейінгі емтихан

IMG_0186 Дәстүрлі түрде атап өтіп жүр­ген­діктен «Университет бітір­­ген­дердің жиырма жыл­дығы, отыз жылдығы» деген құлақ­қа сіңісті болып кеткен сөз бүгін­де таңсық болмай, «Кім­дер­дің курсы екен?» деп қайыра сұра­ғанда, бірді-екілі мықты­сы­ның аты аталса, сол курс­тың салмағы сезіле қалатын­дай болу­шы еді. «Ескі КазГУ-де жазу­шы Дулат Исабеков универ­си­тет бітіргендерінің елу жыл­ды­ғын жасағалы жатыр екен» деген хабарды есті­ген­де, елеңдеп қалғанымыз рас. Өйт­кені, бәлен жылды той­лай­тын бел­сен­ділер әзірге елу­ді атап өтуге келгенде енжар тар­­­та­­ты­­нын білеміз. Балалық шағы қыр­қыншы жылдарға, аза­­мат­тық қалыптасуы алпы­сын­шы жылдарға тура келген жас жігіттер мен қыздар қазақ жерінің алыс ауылдарынан ал­ғаш қалаға қарай қадам басқан кезін­де жүрегіне жалғыз-ақ ар­ман­ды қондырып келді. Ол – білім алу. «Қазіргідей ілімі жоқ, білі­мі аз, аты бар, заты жоқ уни­вер­си­теттердің» қаптап тұрған кезі емес, қазақтың маңдайына басқан жалғыз университеті – С.М.Киров атындағы КазГУ-ге түсіп, бағы жанған сол балалар бүгін, міне, жетпістің мол ішінде жүріп, жүздесу ұйымдастырып жатыр. Бәрінің басын қосып ұйымдастырушы бір-ақ адам, ол – Дулат Исабеков. Басы әзіл­мен басталып, соңы шындық­­қа ұлас­қан кездесудің сценарийін өзі жазып, режиссурасын М.Әуезов атындағы драма театр­­дың ре­жис­сері Әубәкір Ра­хи­мовке тап­сы­рып, әр курс­тасымен хабар­ласып, аудитория дайын­дап, өз атынан дастарқан жайған Дулат ағаның еңбегі расымен де айрықша атап өтуге тұрарлық. Студенттері тұтас демалысқа кеткен жым-жырт ғимаратқа кірген елу жыл бұрынғы түлек­тер шұрқыраса табысып, аман-саулық сұрасып, сан жылдар бірін-бірі көрмеген құрдастар көрісіп, көздеріне жас алысып жатыр. Содан кейін қолтықтаса қауқылдасып бұрын өздері сабақ өтіп жүрген аудиторияда бас қосуға беттеді. Тап студент кездеріндегідей бәрі парталарға жайғаса бастады. Уылдап-шуылдап отырған кезде аудиторияға ең алғашқы мұғалімдері, бүгінгі академик Мырзатай Жолдасбеков келіп кірді. Қолында журналы бар. Отырғандар дүркірей көтеріліп, ізет білдірді. Сөз маржанын нөсерлеткенде тыңдаушысын сілтідей тындырып, керемет әсерде қалдыратын Мырзатай ағамыз дәрісін бастады: – Ал балалар, менің өзім де осы уни­вер­ситетті былтыр ғана бітірдім. Мұнда М.Әуезов бастаған, бала­дан дана жасауды мұрат тұт­қан нағыз ұстаздар, қазақтың бағына біткен ғұламалар сабақ береді. Сол кісілердің сабағын мұқият тыңдап, саналарыңа сіңі­ріп, ертең үлкен азамат бо­лып өсіп шығуларыңа мен шын жүрегіммен тілектеспін. Сен­дерге сәт сапар тілеймін, бір-бір­леріңді қадірлеп жүріңдер. Бірің ойдан, бірің қырдан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келдіңдер. Ілім іздеп, ғылым із­деп келдіңдер, еліме, халқыма аян­бай қызмет етемін деп кел­дің­дер. «Студенттік шақ ұзақ, алдымызда әлі бес жыл бар» деп, ұзын арқан, кең тұсауға сал­маңдар. Жинайтын, алатын білімдеріңді алып қалыңдар, өйткені, ертең алды-артыңа қарауға мұршаларың болмайды. Студент атанған соң университет тәртібіне бағынуларыңа тура келеді. Қазір мен сендердің аты-жөндеріңді атап, түгендеймін, әдеппен орындарыңнан тұрып, өздеріңді таныстырып қойыңдар, – деді де, «Атшабаров Базарбек» деп тізім басындағы алғашқы студенттен бастап атай бастады. Әр «студент» өз фамилиясын оқығанда «мен» деп жауап беріп жатыр. Қайтыс болғандардың фамилиясы оқылғанда «староста» орнын­дағы Дулат Исабеков «Ол мәңгі­лікке аттанып кетті» деп жауап беріп отырды. 38 студенттің он шақтысы келе алмаған, аудиторияда отырғаны – үштен бір бөлігі, ал 15-16-сы қайтыс болған. «Арамызда жоқ студенттерді орнымыздан тұрып, бір минут еске алайық», – деді ұстаз. Аудиторияда Бексұлтан Нұржеке­ұлы, Қадірбек Сегізбаев, Қуанышбай Құрманғалиев секілді елге белгілі қалам­герлер де отыр. Бірақ, бұл курстан емес, бірі бір курс жоғары, бірі төмен оқитын студенттер. «Біз сабақтан бос болған соң, дәрісіңізді тыңдайық деп келдік» дейді олар. Бұрынырақта өздері құрмет тұтқан ұстаздардың дәрісіне қаты­сып, «Дәрісті керемет оқиды екен» десе, өз сабағынан сұранып келіп тыңдайтын дағды бар деп еститінбіз, сондықтан, бұл ескі әдеттің еш айыбы байқалмады. М.Жолдасбеков: – Бүгін бізде емтихан ғой. «Өмір емтиханы!» Қалай, балалар, бұл кісілердің сабаққа қатысып отыруына рұқсат береміз бе? Дулат Исабеков: – Рұқсат берейік. Бірақ, шуылдамай тыныш отырсын. Емтихан тапсырғанда көп сөйлемей, қысқа жауап беретін болсын! М.Жолдасбеков: – Онда бос орынға барып жайғаса беріңдер. Билеттеріңді ала кетіңдер. Кеңес Одағы кезіндегі жүрегі атша тулап, аяқ-қолы қалтырап, жеті ата-баба­сына дұға жасап барып алатын тілдей билет­тер әдеттегідей әдебиеттен де, тіл­ден де, тарихтан да емес, өмірдің өзі­нен алынған сауалдар екен. «Өмір емтиханы»… Әуелде жас адам өмірге тәуел­ді болғысы келмей біраз жұлқынып көреді. Бірақ, бәрібір басына ноқта киіледі. Тіршілік диірменіне түскен адам­дар­дың талқанға айналмай тірі болып, ірі болып қалуы үлкен ерлікке пара-пар дүние. Жігіттің жігітшілігін сынға салар күн туғанда талайдың тақиясын теріс кигізіп, табанына салуға тырысқан өмірдің сабағынан кім қандай тәлім алып шығады? Сол сынақтарға мойымаған, сынынан сүрінбей өтіп, бүгінгі кездесуге келіп отырған мынау ақсамайлы жан­дар қатал сауалдардың қай-қайсына да мүдір­мей жауап беретіні анық еді. Өйткені, бәрі де өмірдің қайрағына түсіп шыңдалған. Бірі – агроном, бірі – дәрігер дейтін емес, өмір бойы жазу-сызу, тіл мен әдебиеттің маңайында келе жатқан сөз сардарлары сұрақтарына қамшы салдырмай жауап береді. «6-билет. Қазіргі Білім министрлігінің үш тілділік саясатына көзқарасың қалай? Оның пайдасы мен зиянын қалай сараптайсың?», «8-билет. Қазіргі мектеп оқулықтарының сапасы жайлы баспасөз беттерінде, тіпті, Парламентте жиі сөз болады. Әдебиет пен тарих пәнін оқытуда қандай кемшіліктер бар? Ол туралы өз ұсынысың қандай?», «11-билет. Қазақ жерін шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беру мен сату саясатына қалай қарайсың? Ел ішінде жүргенде ол жайлы көпшіліктің пікірі қандай болды?», «18-билет. Қазіргі алып отырған зейнетақы мөлшерің қанша? Сен соған қанағаттанасың ба? Әлде, ол жөнінде жаңа ұсынысың бар ма?», «19-билет. Елімізде біреу тым бай, біреу тым кедей. Әлеуметтік теңсіздіктің түпкі себебі неде деп ойлайсың?» деген сияқты 22 билетке жинақталған өмір сауалдарына тосылмастан табан астында жауап беруге әзір екенін әрқайсысы байқатып жатыр. Билетте қамтылған жер мәселесі де, тіл мәселесі де, дін мәселесі, барлығы да – тағ­дыр­лы мәселелер. Осындайда Ақселеу Сейдімбеков Мырзатай ағамызды қара тұтып келіп: «Мырзеке-ау, құдайға дауы­сым жетпейді, билікке сөзім өтпейді, бірдеңе десеңізші» деп, билікке бір табан жақын жүрген жолдасы тілегін тиісті адамдарға жеткізсе деген оймен ішіне жиналған ойын ақтарып кететін көрінеді. Өмір бойы Қазақ радиосында қызмет істеп, миллиондарды тырп еткізбей тың­датып, «алтын дауыстың иесі» атан­ған Сауық Жақанова «Егер дәл қазір мек­теп бітірген болсаң қандай мамандық таңдар едің?» деген сауалға сандуғаш үнімен жауап беріп тұр. «Адам баласы жаратылған соң ерте бастан тек өзі ғана атқаруы тиіс міндетіне бейімделеді ғой деймін. Мектепте жүргенде-ақ әдебиетті, өнерді сүйдім. Алғаш Қарағандыда, кейін Алматыдағы №12 мектепте оқи жүріп, мықты әдебиетші мұғалімдердің тәлімін алдым. Жалғыз қазақ мектебі болғандықтан, Алматыдағы мектебім белгілі қаламгерлерді, өнер адамдарын, зиялы қауым өкілдерін жиі кездесуге шақыратын. Осы кездесулердің әсері мені өнерге жақындата түсті. Университет бітірген соң Қазақ радиосына конкурс жарияланып, дикторлыққа қабылдан­дым. Егер маған тағы да таңдау мүмкін­дігі беріл­се, мен ойланбастан тағы да осы маман­дық­ты қалар едім. Өзіммен бірге оқы­ған азаматтардың барлығымен мақтанамын». «Бексұлтанды өзінің сүйікті мәселесі­нің адаспай тапқанын қарашы» деп жатыр билеттегі «Қазақ халқының санын өсіру үшін не істеу керек деп ойлайсың? Оған өзің қандай үлес қостың?» деген сауалдың Бексұлтан Нұржекеұлының қолына түс­кеніне бас шайқаса күлісіп. «Құдайға шүкір, ата-бабаларымыз аманаттап кеткен жерде өмір сүріп жатырмыз. Ұшы-қиыры жоқ жердің тең жартысынан айырылып қалғанымыздың өзінде даламыз әлі байтақ. Бірақ келешекте бұл жерге кім ие болып қалады? Әрине, қазақ ие. Ал қазақ ие болуы үшін ұрпақ керек. Ұрпақ ие болуы үшін сана керек. Адам баласы өз-өзінен көбеймейді. Оған арнайы бағдар­лама, мемлекеттің қамқорлығы керек. «Көп әйел алу керек», «тоқал алу керек» деп желпініп шығатындар бар, олар да, бір әйелін асырай алмай жүргендер де бұл мәселені шеше алмайды. Меніңше, өзге халықта жоқ, қазақтың өзгеше қасиеті бар, ол – балажандылық. Қазақ дүние-мүл­кін бала үшін жинап, өзін де, өмірін де тек балаға арнайды. Балаға деген мейірімді оның бойына туа салып егу керек. Қыз балаға «Сен болашақ анасың. Сен дұрыс киініп жүр, табаныңнан суық өткізбе, кейін бала көтере алмай қаласың, көкем» деп үйрету керек. Мұның еш сөкеттігі жоқ. Өйткені, бұл мемлекеттік іс, мем­лекеттің болашағының ісі. Ұл бала­ның да құлағына құя беру керек. Қазір Еуропа босқындарды қабылдап жатыр. Мұның да арғы жағында саясат жатыр деп ойлаймын. Батыста туу көрсеткіші азайды. Босқындар арқылы келешектегі ұлттық мәселесін шешуді көздеп отыр ма деймін. Бұл шешілетін мәселе ме, шешілмейтін түйткіл ме, оны болашақ көрсетеді. Қазақ­станда бір жылда 500 мыңға дейін жасанды түсік жасалады екен. Ендеше, екі жылда бір миллион адамымызды жоғал­тып отырмыз деген сөз. Не істеу керек? Қазақтың өзінің заңы бар. 14, 16 жасында аяғы ауыр болып қалған бала­ларды заңмен қорқытқанды қойып, неке­лесуге жағдай жасап, үйлендіруді ой­лауы­мыз керек. Абайсызда от басқан бала­ларды жазалауды тоқтату керек. Бұл мемлекетке келген үлес, мемлекеттің маңдайына біткен ұрпақ. Біз тек сонда ғана көбейеміз». «Желтоқсан оқиғасы тәуелсіздігіміздің бастауы ғой. Ар, намысымызды ояттық, жігерімізді жаныды. Қанды оқиғаның ортасында біз де болдық. Сонда біз қырық­тың ішіндегі қылшылдаған жігіт едік. Қазақ радиосында жұмыс істейміз. Кеңес­тік империяның күйреуі де, одақтас республикалардың тәуелсіздік алуы да бізден басталды. Бұл баға беретін оқиға емес, намысымызды оятқан ұлы оқиға» дейді Желтоқсан туралы сұрағының түйінін тарқатқан «Қазақ радиосына» «бала болып кіріп, шал болғанда бір-ақ шыққан» қарт журналист Төрехан Тасболатов. «Өмір емтиханында» берілген жауап­тың бәрі алпыс алтыншы жылы бітірген түлектердің өскенін, өресін көрсетті. Қобалжудан гөрі қайраты басым, көзқара­сы келісті, ойы батыл. Жетпістен асқан адамның өмір туралы сұраққа жауабы толым­ды һәм тұшымды. Риза болған ұстаз­дары да шәкірттеріне бестен төмен баға қойған жоқ. Кездесу соңында қашан да көмейі ашылып, көсіліп сөйлейтін Дулат ағамыз: – Біз мұны неге ұйымдастырдық? Бұл неге ойыма келді? Өмір деген мынау, бүгін – бар, ертең жоқ. Бізден кейінгілердің талайы кетіп қалды. Филология факуль­тетін бітірген біз, курстастар, қайсымыз бармыз, кім тірі, кім келместің кемесіне мініп кетті. Бардың басын қосып көрейік­ші, бұдан кейін біз, мүмкін, кездеспейтін де шығармыз. Жер басып жүргеніміз жиналайық, қауышайық, табысайық. Өлгендерге құран оқиық, тірілерге салауат айтайық. Тимирязев көшесінің бойындағы бүгінгі ҚазҰУ-де өткізсек пе деп ойладық. Бірақ, маған осы ескі ғимарат ыстық. Өзім осын­да драматургиядан сабақ беремін. Әлі күнге дейін дәліздің анау бұрышынан курстастарым шу етіп шыға келетін сияқты болып тұратыны бар. Осы жерге келген сайын жастық шағым, өткенім есіме түседі. Бірде тап осы аудиторияда Ғаби­ден Мұстафин ағамызбен кездесу бол­ғанда: «Мен алпыстан астым, бұрын­ғы­дай самсап жеміс салмасам да, анда-сан­да оншақты алма салармын. Оған қана­ғат тұтыңдар. Бұрынғыдай бұрқы­ра­ған жемісті күтпеңдер» дегені бар-тын. Бәріміз де қазір Ғабиден ақсақал сияқ­тымыз. Шамамыздың келгенінше бойы­мыз­дағы барымызды, нәрімізді бердік, енді беретініміз шағындалған шақтамыз. Сағымбай деген курстасымыз болды. Аштан өлдім десең де, тамақ әпер­мей­тін. Бір бөлмеде сегіз бала жата­мыз. «Саған кеше ауылдан ақша келді ғой. Бізге бір полборщ әперші» дей­міз. Сонда Сағымбай: «Жүрсеңдер, жүрің­дерші. Әперсем, әперейін» деді ғой. Аң-таң болсақ та, сабалап тұрған жаң­быр­ға қарамай, шұбырып соңынан ердік. Асханаға бардық. Сатушы чек ұрды. Сөйтсек, не нан жоқ, не шай жоқ, тек жарты борщтан алып, жарылқап тастағандай бізге шікірейіп шекесінен қарап тұр. «Ей, мынауың не?» дейміз жеп қоярдай. «Енді өздерің айттыңдар ғой полборщ әпер деп» дейді. Не айтсаң да тіке түсінетін Сағымбай осы мінезінен танбай кетті. Біздің арамызда «циркуль» дегенді сиыркүл деген де студенттер болды. Үзілістен кейін сабаққа екі ұрты томпаңдап, кешігіп кіретін жолдасымыз «столовыйды» «сталабай» деп кетті». «Студенттік фольклорды» мөлдіретіп тұрып әңгімелегенде, Дулат ағаның әр сәтті ұмытпай, жадында мықтап ұстап жүретін қасиеті қайран қалдырады. Қаламгердің тауып айтатын майда, зілсіз күлдіріп, көңіл көтеретін әзілі, кейде жақтырмағанын уытты ирониясымен түйреп өтетін мінезі кездесу ажарын аша түсті. Кездесудің келесі бөлімінде қайтыс болған достардың аруағына құран бағышталды. Бұдан кейінгі әңгіме шай үстінде жалғасып, естеліктер айтыл­ды. Студент кездегі сүйікті әншілері Нұрғали Нүсіпжанов ән шырқап, кездесу сәті Е.Хасанғалиевтің «Армандастар, құрдастар» әнімен аяқталды. Жарты ғасыр уақытты ортаға салып кездескен курстастардың ғибратты жүздесуі өздерінің ізін басқан кейінгіге ғажап үлгі.

Pages: 1 2