КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

Войне всего нужнее люди.

Война погибнет без людей.

                                                 Б.Брехт

Екі бөлімді драма

ҚАТЬІСУШЬІЛАР:

Демесін

Ардақ

Ормантай

Хадиша

Перизат

Өкіл

Шәмсия

Үш ұры

Мүтән

Зейнеп

Әкімбек

Кәкімбек

Дәмеш

Мәнсия 

БІРІНШІ БӨЛІМ    

Қыстың қақаған шағы. Облыс орталығынан тым шалғайда жатқан шағын колхоз ерте басталып, есіріп тұрған ауыр қыстан еңсесін көтере алмай сұлық  жатыр. 44-жылдың ауыртпалығы қыстың ызғары мен салмағы жұпыны да жадау көріністен анық сезіліп тұр.

Желсіз тымырсық аяз. Қар көмген үйлердің мыртиған мұржалары мен сыйдиған ағаш бұтақтары қараяды.

Сахна ашылғанда балалардың  шуы да естіледі.

Әртүрлі киінген жеті-сегіз бала қардан аққала жасап, әбігерге түсіп жүр. Олардың киімдері олпы-солпы, кең де өрескел. Бірақ олар көңілді. Ортада екі бала бірін-бірі жығыса алмай, тыртысып күресіп жатыр. Балалар ол екеуін бірте-бірте қоршап алды. Олардың бірі жықса, екіншісі аунап түсіп, оның үстіне мінеді. Шетте тұрған бір бала жан ұшыра айғай салды.

— Балалар, Демесін келе жатыр!

Балалардың у-шуы пышақ кесті тыйылады. Бәрі жата-жата қалған. Тым-тырыс. Үстінде солдат шинелі, басында жаутымақ, бір қолында ұзын қамшысы, екінші қолында дорбасы бар, түсі суық  Демесін келеді. Ол қимылсыз жатқан балаларға ұзақ қарап тұрады да, кенет айғай салады.

ДЕМЕСІН. Тұрыңдар! (Балалар ұшып-ұшып тұрады). Айтыңдар, мен қайдан келе жатырмын?

БАЛАЛАР. Мал қорадан.

— Диірменнен.

— Құдықтан.

ДЕМЕСІН. Ә-ә таппадыңдар! Бірің де таппадыңдар.

Базардан келе жатырмын, базардан. (Дорбасын жоғары көтеріп). Міне, мынаны көрдіңдер ме?

БАЛАЛАР (бәрі қосылып). Көрдік.

ДЕМЕСІН. Бұл не?

БАЛАЛАР. Дорба.

ДЕМЕСІН. Дұрыс. Ішінде не бар?

Балалар мүдіріп қалады.

БАЛАЛАР (кезек-кезек). Асық бар.

— Бидай бар.

— Қол диірмен бар.

ДЕМЕСІН. Далбасалапсыңдар. Қайдағы диірмен? Мұнда кәмпит бар, кәмпит. Бәрін де сендерге алдым. Келіңдер. Жеңдер (Дорбаны ортаға қойып, аузын қайырады). Ал, жақындаңдар. (Балалар сенерін де, сенбесін де білмей, үрпиісіп тұра береді). «Жақындаңдар» дедім ғой мен сендерге. (Балалар қорыққандарынан дорбаға жайлап жақындайды. Оның ішінде бейнебір жарылғыш зат жатқандай ақырын кеп алғаш біреу қол салады да, ішінен домалақ кәмпит ап, аузына апарады. Өзгелер өтірік пе, рас па деп одан көз алмай қарап тұр. Әлгі бала екінші, үшінші кәмпитті алады. Сонан соң өзге балалар да дорбаға лап қояды. Қас-қағым сәтте дорба шұбатылып бос қалады).

Балалардың бірі Мүтән Демесінге жақындайды.

МҮТӘН. Демесін аға, соғыс ойынын ойнайықшы.

БАЛАЛАР. Ура-а! Мен біздің жақ боламын.

— Жоқ, мен біздің жақ боламын.

ДЕМЕСІН. Тоқтатыңдар шуды. Ешкім де біздің жақ болмайды. Соғыс ойынын ойнамаңдар. Одан да бейбітшілікті ойнаңдар.

Балалар аңырып тұрып қалады.

МҮТӘН. Оны қалай ойнаймыз?

ДЕМЕСІН. Соны өзім де білмейді екенмін… Бірақ біз бейбітшілік ойынын ойнап үйренуіміз керек.

Балалардың бірі иығын қозғап, екіншісі саусағымен “есуас» дегендей маңдайын көрсетеді.

МҮТӘН. Демесін ағай, әзірше соғыс ойнай тұрайықшы, а? Ал бейбітшілікті кейін үйренген соң ойнаймыз.

ДЕМЕСІН. Әй, қоймадыңдар ғой. Жарайды. Онда менің командама құлақ түріңдер. Взво-од! В колонну по два становись.

Балалар сапқа тұрады.

— Кру-гом!

Балалар олпы-солпы артқа бұрылады.

— Бірінші қатар, бес адым алға, шаго-ом марш. Балалардың бірнешеуі алға аттайды.

— Жатыңдар! Екі колонна, екеуің де дайындалыңдар! Огонь!

Ол қарды үлкен етіп жентектеп алып, граната сияқты “пашистерге” лақтырады.

БАЛАЛАР. Тра-та-та-та! Тра-та-та-та!.. Демесін аға, сізге бірнеше оқ тиді, сіз өліп қалдыңыз.

ДЕМЕСІН. Жо-жоқ. Мен өлмеймін. Қызыл әскер өлмейді. Сендердің бәрің қырылуға тиіссіңдер. Міне, тағы бір граната лақтырамын. Бух! Әне, қақ орталарыңа барып түсті.

БАЛАЛАР. Тра-та-та-та! Тра-та-та-та!..

ДЕМЕСІН. Ә-ә, солай ма? Сендер мені өлтірмексіңдер ғой, ә. Көрсетермін сендерге қызыл әскерді қалай өлтіргенді. (Ол ұзын қамшысын автомат қып біраз оқ атады. Оқ ату үстінде делебесі қызып, өзін-өзі билеуден қалады). Сендер өлесіңдер, сендер. Сендердің біріңді де қалдырмаймын. Біріңді де. Қызыл әскерді өлтіріп көріңдерші. Мә, саған. Мә, саған! (Ол балалар жаққа долданып, бірнеше дүркін “граната” лақтырады). Жауынгерлер! Алға! Алға-а!

Ол орнынан тұрып, “шабуылға” шығады. Ет қызумен кеп балаларды бас-көзге сабай бастайды.

МҮТӘН. Балалар! Қашыңдар! Демесін құтырайын деді. Қашыңдар!

Балалар быт-шыт боп, жан-жаққа бытырай қашады. Демесін олардың біреуінің қыр соңына түсіп, сахнаны айнала қуады.

ДЕМЕСІН. Сұм пәшист. Көрсетемін мен сендерге адамдарды өлтірген қалай болатынын. Мә, саған! Мә! Мә, саған!

Бала тұра қашады, Демесін оны тұра кеп қуады. Осы кезде екінші жақта баланың  анасы Хадиша жан ұшыра айғайлап кеп ара түседі.

ХАДИША. Халайық! Халайық! Өлтірді, өлтірді ғой мына дүлей баламды. Құтқарыңдар, құтқарыңдар!

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15