БІЗ СОҒЫСТЫ КӨРГЕН ЖОҚПЫЗ

«Сендер соғысты көрген жоқсыңдар ғой…»

Кешегі қилы заманның қиын-қыстау шағын еске алғанда бүгінгі шалдар әңгімесін осылай бастайды. Олар кешегі боздақтардың – бүгінгі шалдардың арқасында тыныш ұйықтап, «бейғам» өмір сүрген біздерге қызыға қарайды, сонымен бірге біздердің, әсіресе қырқыншы жылдар балаларының алдында өздерінің өтелмес парыз иесі екенін де аңғартады.

Қырқыншы жылдары бала болған жоқ. Басқа жерлерде болса болған шығар, біздің ауылда болған емес. Бәрі ерте есейді. Олардың жылаған дауыстары сирек естілді. Қиындыққа, жоқшылыққа іштен көніп туылды. Күні бойы аш жүріп, кешке қарай аш жатты. Бұл – олардың ерлігі емес, уақыттың қатыгездігі, уақыттың қателігі еді. Майданда жеңіс үшін, ауылда жеңіс үшін де, тіршілік үшін де күрес жүріп жатты.

Соғыс дегеннің не екенін балалар білген жоқ, білсе де шала ұқты.

Батырлар жыры мен ғашықтық дастандарды әдебиет дейтін болсақ, сол әдебиетке құмарлықты қырқыншы жылдардың балаларындай ешкім сезінген жоқ. Олар ішектері шұрқырап жатып қиял-ғажайып батырлар дүниесінде өмір сүрді. Өздерінің сәбилік тағдырлары кісі мүсіркейтін халде бола тұрып «отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын» Алпамысты аяды, кірпігі айқасса түсіне ыстық күлше кіретін күйде жатып зынданға қапылыста түскен Қобландыға жандары ашыды, бір үйлі жанның үлкенді-кішісі, баласы-шағасы боп киетіндері бір пар етік бола тұрып, махаббат жолында мерт болған қайдағы бір Қозының тағдырына жылады.

Олар аштық пен жалаңаштықтың бетіне үңіліп өсті, олар қатал болды. Олар сезімтал болды. Олар оңашада жылады. Үнсіз жылады.

«Сендер соғысты көрген жоқсыңдар ғой…»

*           *           *

Шынында, біз соғысты көрген жоқпыз.

*              *         *

Ол кезде қыс ерте түсіп, кеш шығатын. Бәріміз көктемді асыға күтеміз. Бірақ, текеметтің үстімен құйрығынан сүйреген мысықтай қыс та қара жерді тырбанып жатып алады.

Қар әлі кетпеген.

–Оңғаржан, тұра ғой. Мектептерің ашылыпты.

«Мектептерің ашылыпты»,– деген сөзге қуандым ба, қуанбадым ба білмеймін, тек анамның даусындағы мейірім мен жылылық жүрегімді лүп еткізді. Ол кісі қашан да тұйық, қашан да ой құшағында жүреді. Біз екі баламыз. Ең үлкеніміз –Еркінай. Ілініп-салынып жүріп жетіншіні бітірді де, әрі қарай оқымай қойды. Біздің ауылда жетінші кластан әрі қарай жоқ, егер «ілім» қусаң Арысқа баруың керек. Бір күні оған анам айтты: «Жетеді,–деді, – осы ауылдағы оқудың аяғына шықтың. Арыс деген бұзық қала. Көшесінде шпаналар андыздап жүреді. Енді сенен айырылар жайым жоқ». Шпаналарды естігенде Еркінайдың онсыз да үлкен көздері атыздай болды. «Өлә-ә, онда бармаймын»,– деді.

Сонымен бітті.

«Осы ауылдағы оқудың аяғына шыққан» Еркінай, мен орнымнан тұрғанымда төмендегі Қазан арықтан мұз ойып, екі қап қып есекке артып әкеп, үйге кіргізіп жатыр екен. Ол бұдан бір жарым жыл бұрын – әкем соғысқа кетпей тұрғанда болмашыға бұртиып шыға келетін өкпешіл, ерке, шалдуарлау қыз еді. Қазір соның бірі де қалмаған. Жайшылықта балалы-шағалы болғанша бойдан арыла қоймайтын туа біткен шалдуар мінез, Еркінай сияқты бота көз әдемі қызға жарасымды мінез, аз ғана уақыттың ішінде ғайып болыпты. Іргеге әкеп қойған қаптардың ішінен жарпа-жарпа, набаттай көк мұз кесектерді мор ошақтың үстіндегі толтырып ас пісірсе колхоздың бір звеносына жететін дәу қара қазанға әкеп сала бастады. Қимылы жіті, қағілез. Өзі күн өткен сайын анамнан аумай келеді.

–Мектептерің ашылыпты ғой,– деді ол бұл хабарды менен бұрынырақ естігенін, өзінің менен бұрынырақ тұрғанын білдіргісі кеп. Оның бұл үнінде сүйінші сұрағаннан гөрі табалау басым сияқты. Бір жарым айдан бері мектептен суып, барғым келмей жатқанын сезіп тұр…

–Киінсеңші, тамағыңды іш.

–Тамағыңды іше ғой,–деді апам да.

Олар мені «Мектебіңе бара ғой»,– деп емес, дәл осы сөзді – «Тамағыңды іше ғой»,– дегенді айту үшін ғана оятқан сияқты боп көрінді. Бұл сөз екеуінің аузынан соншалықты байыпты, соншалықты салтанатты шықты.

«Тамағыңды іше ғой»,–деп салмақтап жүргендері – зерен тостақтың ортасынан бір мысқал төмен, бір мысқал жоғары тары көже екен. Үстіне шекпеннің түймесіндей сары май салыпты. Құмандағы жылы сумен бетімді шая салып тамаққа бас қойдым. Екі-үш ұрттаудан артылған жоқ. Тағы осындай төрт-бесеу болса да көптік қылар емес.

Тостақтан басымды көтергенде Еркінайдың маған жұтына қарап тұрғанын көріп қалдым. Өне бойым шымырлап кетті.

–Не…Сендер… ішкен жоқсыңдар ма?

–Ә..Жоқ…Тойып алғанбыз…–Ол саусағымен кеңірдегін кесті де, еріген мұздың суын қалайы табақпен шелекке сарылдатып құйып ала бастады.

–Шыныңды айт. – Орнымнан тұрып оған жақындадым.

–Рас деймін.

–Өтірік!

–Рас дедім ғой, рас. Апа, Оңғарды қарашы, тамақ ішкеміз десем нанбайды. Рас қой, іштік қой, апа, ә?

Дәлізде әлденелерді салдырлатып жүрген апамның: «Рас, рас ішкеміз»,– деген самарқау үні естілді.

Мен олардың нәр сызбағанын сездім және жуық арада қолдарына қасық ұстай қоймайтындары да белгілі. Әкемнің көзін көрген дәу қара қазан болса кішігірім су фабрикасындай беті шымырлап, асықпай-саспай мұз ерітіп жатыр. Ол үшін мына адамдарға тамақтан гөрі осылайша мұз еріткен әлдеқайда тиімді, әлдеқайда пайдалы сияқты. Бұрышта бір қабы кезек күтіп тағы тұр.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21