БОЛМЫСПЕН БЕТПЕ-БЕТ

***

Д.Исабеков шығармаларын оқумен қатар көру де керек. Бұл реттегі әңгіме оның драматургиясы туралы. Жазушы-драматург қаламынан он шақты пьеса шықты және де олардың барлығы дерлік республика театрлары сахналарында қойылып, табыспен жүрді, ал, бірері қазірде де театрлар репертуарында бар. Бірнеше пьсесасы кезінде өзге республикаларда қойылды. Театр сүйгіш көрермендер драматург Исабековты біліңкірейтіні, пьесалары бойынша қойылған қандай да спектакльден ойға қалып, көңіліне бір сәуле түсіп шыққаны-шығары анық. Өйткені оның драмаларының да әлеуметтік қуаты жоғары, психологиялық әсері мықты болып келеді. Әлеуметтік қуат дегенде оның өз драмаларында әлеумет өмірінің жанды тұстарын тап басатынын, оның өзінде де небір жанды мәселеде адам тағдырын алдыңғы планға қойып отыратынын айтпақпыз. Исабековтің сонау жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылған алғашқы «Әпке» (режиссері Б. Омаров, 1979), «Мұрагерлер» (режиссері САсылханов, 1983), сондай-ақ кейініректегі «Ескі үйдегі екі кездесу» (режиссері Ә.Рахимов, 1996) пъесалары репертуарда бірталай уақыт жүрді. Бұл драмаларда және «Ертеңді күту», «Актриса», тағы да басқа пъесаларында көтерілетін көкейкесті проблемалар көзге бірден ұрмайды, шым- шымдап ашылады; оқиғалардың сырт мазмұны емес, ішкі ширығысы да мол. Мысалы, «Әпке» драмасында автор қазақ қоғамында типтік деуге келмегенмен, елеулі орын алған құбылыстың көркемдік талдауын жасады. Драмадағы — анасы дүние кешіп, әкесі өзінше өмір кешіп жүрген соң бауырларына жетімдік көрсетпей, қара шаңырақты шайқалтпай ұстауға тырысқан Қамажай тағдыры бірталай қазақ қызының тағдыры десе болады. Бауырлары ержетіп адам қатарына қосылғанша көмектесіп, ата-анасына да қарайласып жүріп өз жеке өмірін сырып қоятын қыздар да аз кездеспейді. Бұл – қоғамдық даму деңгейінің, сондай-ақ адамның жеке тұлғалық деңгейінің де проблемасы. Драматург мұны ерекше бір суреткерлік түйсікпен таныған сияқты. «Мұрагерлер» пьесасын автор кезінде Сәбира Майқановаға арнап жазғаны белгілі. Ал, «Ескі үйдегі екі кездесу» — аз кейіпкерлі туынды. Жалпы алғанда Исабековтің аз кейіпкермен, локальды кеңістікте ой қабаттарын арттыруға көбірек ден қоюы, яғни драматургиядағы өзгелеу бір заңдылықтарға ден қоюы, бәлкім, осы «Ескі үйдегі екі кездесу» ретро-драмасынан басталуы. Біз мұны автордың соңғы кездері жазған «Актриса» пьесасының алғашқы нұсқасына сүйеніп айтып отырмыз. Алғашқы нұсқа деуіміз — драматург жуырда «Алтын Орда» апталығына (34/ 2002) берген сұхбатында «Актриса немесе махаббат вальсі» деген атпен пьесасының жаңа нұсқасын жазып бітіргенін айтыпты. Басқа да жаңа пъесалар жазуда көрінеді.

Бүгінгі, жаңа драматургия тығыз мәтінді, тартыстың жаңа түрін талап етеді. Өйткені, кеңестік кезеңнің контексті, идеологиялық контекст бүгінге жарамайды. Драмалары ғана емес, жалпы шығармалары әу бастан-ақ идеологиясыздыққа оң иығын беріп және бірнеше интерпретацияға сұранып тұратын Исабековтің алдағы уақытта постмодернистік сипатта, яғни классикалық үлгіден шығып кетіп жазу мүмкіндігін жоққа шығара алмаймын. Драматургтың өзі кей әріптестеріндей «идеям бұрмаланды, былай қойма, т.б.» дегенге салмайды; «төл перзенті» пьесасының — режиссер қолына түскенде ұзатылған қыздай өз тағдырын кешетінін, дұрысы, спектакль дегеніңіз дербес туынды екенін жақсы сезінетіндіктен де — әр режиссердің әртүрлі интерпретациясы болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал, мәдени-рухани ашықтық, өзгенің суреткерлік құқын, талғамын сыйлау — XXI ғасырдың, оның көркем өнерінің басты шарттарының бірі болмақ.

Жазушы-драматург Исабеков дегенге тағы бір анықтама қосылмаса, оның суреткерлік-азаматтық болмысы тұтас сомдалмайды. Ол — публицист деген анықтама. Жалпы бүгінгі рухани-мәдени кеңістігімізде отырған жан суреткер Исабековтің заманымыздың, қоғамымыздың, әлеуметіміздің көкейкесті мәселелеріне байланысты мазмұнды толғаныстары мен қызғылықты сұхбаттарын жиі оқыр еді. (Жаңылмасам, сонау, «қайта құру» аталған кезеңнен бері бұл жанрда да өндіртіп жазып келе жатқан жазушы публицистикасы ендігі үлкен бір томға жүк боларлық шығар.) Мұның бір себебі — жазушының жан сергектігінде, уақыт тынысын терең сезінетінінде, Асқар Сүлейменовше қисындағанда, «рухани пластикасында». Бүткіл бір формация ауысып, қоғамымыз үлкен рухани жаңғыруларды бастан кешіп отырғанда жазушы қауымында жауапкершілік үлкен. Ұлт мүддесін мүдделеген азаматтан айналмассыз ба?Дей тұрғанда бүгінгі таңда бүкіл қоғамға, оның ішінде зиялы қауымға ұлт мүддесін мүдделеудің өзінде де жаңа бір сапаға көтерілу өте қажет. Бұл ретте біздерге аса қажеттісі — толеранттық. Әр адамның, демек, қоғамның да жалпы және саяси мәдениеті деңгейінің көрсеткіші болып танылатын бұл қасиет небір күрделі мәселелерді сан қырынан қарастыруға, бірнеше қатпардан тануға бастайды. Жеке көзқарасымызда Исабековтің толеранттығы көбімізге үлгі бола алар еді. Ұлтты қорғаштаймын деп отырып ұятқа қалдыратын, өзін үкілеп отырып өзгенің намысын белден басатын әдеттен ада, өйткені тарих дегеніңіз жанды категория екеніне әлдеқашан қол қойған Исабеков өз шығармашылығында мұндай әдеттер адам баласының бейкемелдігінен туындауы мүмкіндігін де әлдеқашан зерделеген-ді. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын бір сұхбатында жазушы әдебиеттің жаңа бір сапага көтерілуі қажеттігін, өзінің де теп бұрынғыша жаза да алмайтынын ашық айткан. Біздіңше, бұлсуреткердің әдебиеттің баяндаушылык, яғни эмпирикалық кезеңінің философиялық кезеңге ұласу мәселесін көтергені. Ал, мұндай күрделі мәселені оның шынымен де соншалықты күрделі мәселе екенін зерделеген адам ғана көтере алады…

*     *      *

Исабеков шығармаларын ыждағатпен оқу шарт. Оның шығармалары көркемдік образы айқын, құрылымы қарапайым екеніне, жалпы шығармашылығының демократиялық сипатына қарамастан көркемдік әлем лабиринттерінен жол табу — оқырманның жан еңбегін қажет етеді. Бүкіладамзаттық мәселелерді ұлттық кеңістікте қарастыратын жазушы шығармашылығының күрделілігі де осы көз алдар қарапайымдылығында, өмір-болмыспен бетпе-бет  келе отырып рухани тынысты, рухани процестерді зерделер-зерделетер зиялы бастауында. Осы бір орайдан қарастырғанда жазушы шығармашылығы ойланамын деген жанға бірталай ырыздық береді. Оның қай жанрдағы туындыларында адамға, бейкемел өмірге деген үлкен сүйіспеншілік сезілер еді. Өз танымымда Дулат Исабеков — мәңгілік толғақ қысқан әрі уыстан шығып кете беретін өмір-болмыспен бетпе-бет келіп, оған зиялы қарсылық жасайтын суреткер, гуманист. Және бұл — оның шығармашылығын оқып-зерделеуімнің жеке тәжірибесі.

Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, мәдениеттанушы

Pages: 1 2 3 4 5 6