БОЛМЫСПЕН БЕТПЕ-БЕТ

Жазушының психологиялык талдау шеберлігі, кейіпкерлерінің жан дүниесіне рентген сәулесін түсіргендей, ерекше көрінетін шығармада уакыт — тұлға — әлеуметтік-қоғамдық орта туралы ойларға бастайтын күрделі бейненің бірі — Мәлике. Рухани таза, тағдыр талқысын көп көріп, биік өлшемдермен өмір сүруден шаршаған ол кәдуілгі әйел парызын орындап өтпек боп Сәргелге тұрмысқа шығады. Мәликедей әйелдің Сәргел сынды еркекпен ғұмыр кешуі ақылға сыймастай, бірақ жазмыштан озмыш жоқ — өзі мойынсұнған. Сырт көзге төрт құбыласы сай көрінетін келіншектің бақытсыздығы, әрі-беріден соң, Сәргелге ғана байланысты емес, Сәргел сындылардың көптігіне, әлеуметтік ортасына байланысты. Оның жан трагедиясы бүгінінен өзгеше ғұмыр кешкісі келері, алайда өмірін өзгертуге енді шамасы жетпесін, оған дәрменсіздігін жақсы сезінетіндігінде жатыр. «Әйел баласы өз тағдырына әмір ете алмайтыны, өз дегенінше өмір сүре алмайтыны» туралы көп ойлайтын Мәликенің бүгіні — Салтанат, Сафуралардың болашақта мүмкін өмірлерінің бір қыры сияқты. Салтанат, Мәликелер трагедиясының түп негізі Ыбыш, Сәргелдер әлемімен (бұл екі кейіпкердің бір-бірінен тым көп өзгешелігі бола тұра) рухани қайшылық-қақтығыстарында, өмірдің өз кетіктігі, Адам жаны — жұмбақ әлем сырларына терең бойлауға мейлінше ұмтылатын жазушы сомдаған әйел кейіпкерлердің жан дүниесі, тағдыр-талайы жұмыр жер-әлемнің бүгінгі хал-күйінің айнасы; жаңа дәуір қалыптастырған және дағдылы өмір салттар арасындағы сәйкессіздіктер, осыдан да келіп адамның болмыс тұтастығын жоғалтуының көркем баяны деуге келеді. Ал, Сәргел мен Тұрғат бейнелері негізінде жазушы тоғышарлық тіршіліктің психологиясына әр қырынан талдау жасайды. Өміртанымдары таяз, ой-өрісі тарлау, осы кембағалдықтарын өздері де ептеп түйсінетін бұл кейіпкерлер, сөз жоқ, аяныш тудырады. Бұл аяныш романның тағы бір кейіпкері Мәнсияға деген аяныштан өзгешелеу. Өйткені, Мәнсия туабітті кемтар болса, Сәргел мен Тұрғаттардыкі рухани кембағалдық.

Жазушы — өз уақытымен, қоғамымен біте қайнасады, өз уақытының тынысын тап басады дегенді көп айтамыз. Ал, шын суреткер заманның кезеңдік тынысына шідерленбейді, уақыт саясатының құрығына ілінбейді; қандай қоғамдық-рухани ахуалда болсын рухани ішкі дербестігін сақтайды. Жел диірменмен алысқандай болған Дон Кихоттай қоғам тоғышарлық дертімен жаппай күреске түскен, кейіннен «өлара» деп аталған кезеңде өнімді жазған Исабековті шығармашылықта дербестігін сақтай білген бірен-саран суреткерлер қатарында атауға болады. Жоғарыда Дулат шығармаларында төрт құбыласы сай, «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» кейіпкерлердің жоққа тәндігіне назар аударып өткенбіз. Олай болары — оның туындыларында, айталық, тоғышарлықтың сырт шапан-шекпені, ең бастысы «кемелденген социалистік қоғамның» қағаз бетінде, қаулы- қарарларда бекітілген өмірі емес, шындығы аз, ұраны көп қоғамның шын мәніндегі тыныс-тіршілігі, рухани потенциалы суреттелді; мұның өзі жазушыының рухани-қоғамдық-әлеуметтік процестерді терең зерделей білу талантына тікелей тәуелді жайт еді.

***

Егер Исабеков шығармашылығын даму-өрлеуде қарастырар болсақ, 90-жылдар қарсаңында мерзімді баспасөзде жарық көрген «Ескерткіш», «Бонапарттың үйленуі», «Талахан-86», «Социализм зәулімі» («Қазақ әдебиеті», «Арай») әңгімелері тағы бір кезеңі деуге әбден болады. Оның бұрынғы әңгімелері, әсіресе, өз танымымда, классикалық әңгіме «Ақырмаштан наурызға дейінде» дертіп тұрар зілсіз қалжың, жеңіл көрінгенмен жүгі ауыр күлкі, ұлттық болмыстан бастау алар жылы юмор бұл үш туындыда уытты күлкіге, бүгінгі тыныс-тіршілігімізді локалъды кеңістікте суреттер меннипеялық сатираға ұласады; ұласады да күні өтіп, құрсауы кеткен идеалдар мен догмалардың «аяғын аспаннан келтіреді». Аталмыш әңгімелерде қоғам-әлеуметті тікелей айыптау, сынап-мінеу жоқ, жазушы, керісінше, салқынқанды әңгімеші ролінде көріне, кейіпкерлерін әлеуметтік-психологиялық типтер деңгейіне көтере, сюжетті күлкілі ситуациялар төңірегінен өрбіте отырып, әлеуметтік-философиялық үлкен жинақтауларға бой ұрады. Мәселен, «Ескерткіш» әңгімесінде қоғамымыздың жалпы кұрылымы, тыныс-тіршілігінің сипат-түрін қарастырады; басымыздан бақайшағьшызға дейін індете енген формализм, шенге табынушылык,, екіжүзді Янустық өмір, рухани қуыс кеуделік, адам баласының өзін-өзі қор етуі, ең бастысы, тектен ажыраудың көрініс-құбылыстары жазушының ащы әжуасы арқылы зерделенеді; бір-біріне жалғаса беретін, әрі бір-біріне бергісіз комедиялық жағдайлар жинақтала келе қоғамның трагикалық картинасын құрайды. Әңгімедегі күлкілі оқиғалар жан сыздатарлық — еңбек адамына, қарапайым жұмысшыға құрмет көрсету ниетімен ежелден малды ауданның алғашқы тері илеушісіне ескерткіш орнату хикаясы адам айтса нанғысыз абсурдтық сипат алады. «Бонапарттың үйленуі» мен «Талахан-86»-дағы күлкілі жағдаяттар да көзден ащы жас ағызады. «Бонапарттың үйленуіндегі» қазақтың балаға ат қою рәсімі, бес қанат үйдің алдында жайбарақат жүн түтіп отырып-ақ бір дәуірден бүтін бір дәуірге — феодализмнен социализмге аттап кеткенін білмей қалған қатпа кемпір, алты күннің ішінде байлары жойылып, кедейлері ғана қалған «Жиделі» ауылының кешесі мен сол кешенің нәтижесі бүгіні; қатпа кемпірдің немересі Бонапарттың келіншек әкелуге бір ай ғана қалғанда сүндетке отырғызылу (ұлттық бастауға кеш те болса оралуымызға параллельдей) хикаясы, сондай-ақ «Талахан-86»-дағы помидордың жаңа сортын «өсірушілердің» мінез-пиғыл, қимыл-қаракеттері, бәр-барлығы  — абсурд. Бірақ, Дулаттың абсурды – айталық, Бекет, Ионесколардың шартты көркемдік әлеміне айналған абсурдтан мүлдем бөлек — «типтік характер мен типтік жағдайлардан» туындайтын абсурд. Демек, жазушы танымында, әңгімелер оқиғаларына байланыстыра айтсақ, өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі тыныс-тіршілігіміздің өзі абсурд. Бұған келіспеске шара жоқ. Шынында да кезінде Асқар Сүлейменов, сондай-ақ жазушының бір кейіпкері де дәп ұстап айтқандай, дұрысы, күйіне айтқандай — «қазақ боп өмір сүру қызық сияқты”. Әдетте, түсіндірме сөздің жақсы жырға қиянат жасары бар. Сол сияқты бұл әңгімелерді де дауасы — әр адамның өзі оқып шығуы.

Pages: 1 2 3 4 5 6