БОЛМЫСПЕН БЕТПЕ-БЕТ

*       *        *

Исабековтің осы повестерінен кейін «Қарғын» романын жазуы — өзіне көбірек айтылған тілек — «замандас, құрбы-құрдастарының өмірін суреттеу» үдесінен шығуға ұмтылуы ғана емес, жалпы творчествосындағы көкөзек пәлсапасының сапалы белеске шығуы деу керек. Кезінде оқырман қауымы, әсіресе, жастар бас алмай оқыған, (әділіне жүгінсек, Дулаттың қай жаңа шығармасы да оқырманды бей-жай қалдырған емес), әдеби сын салқындау қабылдаған бұл шығармада жазушы тағы да рухани әмір әлеміне үңіледі; романдағы рухани қақтығыстарда уақыт — тұлға — әлеуметтік орта — қоғам арабайланысы, гармония- дисгармониясы туралы проблеманы басқа материалда, мейлінше тереңірек қарастырады. Интеллигенция әмірін суреттейтін, бүгінгі уақыт тынысы сезілетін шығармада жазушы Жасын Мәдиев пен жас қыз Бағиланың рухани туыстықтан туындаған зиялы сүйіспеншілігінің хикаясы баяндалатыны оқырман есінде шығар. Ал, роман туралы орталық, республикалық басылым-баспасөзде сыни пікірлер басымдау болды. Жазушының бұл романындағы басты мақсаты «Бағила өмірін суреттей отырып тұрмыстық сана, тоғышарлыққа тойтарыс беру» деп айқындады Р.Жанғожин «Литературная газетада» жарияланған мақаласында (Понять — значит пережить. 50/ 1986). Сыншы шығарма сәтсіз жазылған, композициясын жасанды, кейіпкерлері толыққанды шықпаған дегенді де айтады. Мұндай байлам, сондай-ақ «Литературнае обозрение» журналында жарияланған рецензиядағы Жасын бейнесіне байланысты пайымдаулар да (Боль переживания. Л.Шарапкова. 5/ 1988) авторлардың шығарманы әлеуметтік тыныс тұрғысынан ғана қарастыруының, жалпы жазушы шығармашылығының көкөзек мұратын ескермеуден сияқты. Ертеректе әдеби процесс туралы шағын бір мақалада Жасын бейнесі туралы мен де аздап пікір білдіргенмін (Алқызыл желкенді аңсау немесе тек өмірдегідей ғана шығармалар керек пе? «ҚӘ». 1985). Онда Жасынның қалыпты ұғым- танымға сыя бермейтін кейіпкер екеніне; оны мінез-құлық, қарекет өзгешелігі, көп адамға түсініксіз көрінуі дүниетаным тереңдігінен туындайтынын; мұның өзі романда уақыт — адам — әлеуметтік орта үштағанының арабайланысына зер салуға мол мүмкіндік беретінін; сондықтан да Жасын бейнесін осы ракурста қарастыру ләзімдігіне назар аударыппын. Шығарманы талдау іргетасын дұрыс салғанмен, өкінішке орай, одан әрі нормативтік эстетика ауқымынан шыға алмай қалған сыңайым бар. Орайы келгенде айта өту жөн, жалпы әдеби сынның елеулі кемшіліктерінің бірі осы нормативтік танымнан туындайтынын; ал, Жасын бейнесі нормативтік эстетика, керек десеңіз, нормативтік этика тұрғысынан да талдауга «көнбейтінін» араға жылдар салып барып бағамдағандаймын.

Романның кіндік кейіпкері Жасын әдеби сын әдетте, көркем шығармадан іздейтін әлеуметтік белсенді, күрескер қаһармандар санатынан емес. Бірақ ол бүткіл болмысымен айналасына әсер етері, рухани сәуле шашары, басқа бір өлшемдерге бастары бар рухани жасампаз кейіпкер. Жасын алғаш көрінгеннен-ақ мінез тосындығымен есте қалады. Поезд купесіндегі оқиғаны еске түсірелік. Қызы Бағиланы Алматыға оқуға алып келе жатқан, аудан басшысы Қаратай, оның шашбау көтерушілері үшін Жасын әншейін бір жолаушы. Мәселен, әрине, Жасынның жазушы екеніне, әлгі топтың оны білмеуіне де байланысты емес. Егер сол купеге шені үлкендеу бір бастық келген болса, «шыбындап бас изершілердің» де, тіпті Қаратайдың өзінің де басқа қимыл-қарекетке барарында. Өзіне тиесілі орнын Қаратайға беріп, басқа купеге кетіп бара жатып: «Сіздерге жаным ашыған соң ғана көндім» дейді Жасын. Бұл сөзге Бағиладан басқа ешкім мән бермейді, осылай болуға тиістей көреді. Жігіттің бұдан бұрын да өзіне айтқан бірер ауыз сөзі бар, аласарып тұрып-ақ мына топты аласартып кетуі бар — сезімтал да ақылды жас қыздың «ұзақ жылдар бойы ізет пен құрметтің, кішіпейілділік пен мейірімнің ғана бесігінде бөленген, тып-тыныш, бірқалыпты баяу өмірін бүгін ғана түлер алдындағы үкідей бір сілкінтіп» өтеді. Романда Жасын бұдан соң да Бағиламен кездесулерінде ғана көрінеді. Ал, өзі сұлу да тәрбиелі қыздың (әкесі Қаратай негізінде жақсы адам, ел қамын жеген басшы, бірақ, өз уақытының, ортасының жемісі) сана мен сезім арпалыстарынан Жасынды түсінуге, ұғуға ұмтылуы қадым заманнан бері қалыптасқан, өзі де жаттап өскен көптеген ұғымдарға басқа қырынан қарауға, өмір дүниені терең тани түсуге ұласқанын, түйіп айтсақ, рухани толысу шырғалаңдарын зерделейміз. Романның бітер тұсында, Жасынға Бағиланың жеңгесі Мәликенің: «Сізге ризамын» дейтіні бар. Бұл қайын сіңілісінің тағдырына байланысты ғана білдірілген ризашылық емес. Жасынның жаны таза, сезімтал келіншектің жан дүниесінің жаңғыруына да әсері болмай қалған жоқ-ты. Сүйіспеншілік линиясын негізге ала отырып жазушы бұл романында да әрбір жеке адамның ішкі жан еркіндігі бүкіл қоғамның рухани еркіндігінің кепілдігі көркемдік мұратын алға тартады. Жазылу мәнері өзгешелеу, кейіпкерлері іргелі, ой қуатына орай интеллектуалдық романдар қатарына жатқызуға болатын шығарманың көркемдік логикасы мен парасат коэффициентін тану, тағы да қайталасам, Жасынның болмысын тап баса білуге тығыз байланысты. Ол, әйтеуір, білімді, оқымағаны жоқ кейіпкер емес, тоқығаны аста-төк, өз болмысында киник — жеке адамның рухани жан еркіндігін идеал (пір) тұтушы — сондықтан да өзгемен ғана емес, өз-өзімен де карама-кайшылығы жетерлік, сұлулық, парасат туралы осы күнге дейінгі қалыптасқан «сарытіс» ұғымдарды бұлжымас қағида деп қабылдай алмайтындықтан да бүкіл — бүкіладамзаттық рухани жәдігерліктермен пікірсайыс-диалогқа түсетін ТҰЛҒА кейіпкер — «Личность может понять смысл своей жизни лишь в отношении в вечности, поток времени сам по себе бессмыслен» (Н.Бердяев).

Pages: 1 2 3 4 5 6