БОЛМЫСПЕН БЕТПЕ-БЕТ

Сафура неге шарқ ұрады? Неге кетті, неге қайта оралды? Оның Құлахметке қайта оралуы — дұрыс жолға түсуі, қатесін түсінуімен қоса, шындықтың бетіне «үкідей бағжиып тік қарар болсақ», барар жер, басар тауының қалмағандығынан, тағдырына мойынсұнғанынан да емес пе. Әрі-беріден соң оның ендігі жерде Құлахметпен әдеттегі ұғымда бақытты болу-болмауының өзі екіталай. Жазушы мақсаты кейіпкерін ақтау, жақтау немесе қаралау болмаса керек. Дулат шығармашылығының күретамыры — адам болмысының күрделілігін өз-өзімен және әлеуметтік ортасымен қарым-қатынасындағы қайшылықтар арқылы ашу, мұраты — оны түсінуге, жанын зерделеуге ұмтылу. Сафура бейнесінде жазушы өз деңгей-мүмкіндігіне орай арман-қиялы мен кешкен тіршілігінің үйлесімін таба алмай шарқ ұрып, табиғи болмыс тұтастығын жоғалтқан кейіпкердің рухани ізденістерін, сол жолдағы жан дүниесінің козғалыс-өзгерістерін зерттеуге ұмтылатындай. Өз басыма автордың кейіпкерінің жан дүние түкпір-жықпылдарына үңілуі, басында, әйтеуір, бір түйсіктік сезім жетегіне ерген әйелдің рухани түлеуі, адам-тұлғаға айнала бастау процесі қызғылықты. Өйткені, адамның рухани тазару-түлеуі — рухани ішкі еркіндігінің орнығуын қамтамасыз етеді.

Жазушының Салтанат, Сафура атты кейіпкерлерінен туындайтын ой-тұжырымдарды «Қарғын» романындағы Бағила, әсіресе, Мәлике бейнелеріне орай басқа бір қырынан қарастыруға болар еді. Басталуы, окиғаның дамуында ептеп детективтік сипат сезілетін «Мазасыз күндер» повесіндегі (әрине, детективте бүткіл оқиға кісі өлімі айналасында шоғырланатынын еске алмағанда) Мәрия тағдыры да күнделікті өмірде адамдардың ой-сезім, арман-үміті мен қимыл-қарекеттерінің қайшылықтарына қарап «ақ» не «қара» деген ұғымдардың шек-шекарасын ажырата білудің күрделілігін алға тартады. Мұның өзі — жазушының адам баласының, тіпті мына күрделі өмірдің өз бастау негізіндегі бейкемелділікті терең сезінуден, сондықтан да адамға жаны ашығандығынан, түптеп келгенде, үлкен гуманизмінен туындайды. Алайда адамның, кеңірек аядан алғанда өмірдің бейкемел-кетіктігі мен осы кетіктікті желеу етер имансыздыктың ара жігін ажыратуда жазушы позициясы айқын. («Дерменедегі» Омаш, «Тіршіліктегі» Дәулетбай, «Сүйекшідегі» Үкітайларды еске алалық.)

Жалпы Исабеков шығармаларының қай-қайсысында да «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» кейіпкерлерді тым аз кездестіреміз. Оның «Сүйекші», «Тіршілік» повестерінде өмірлері қара күшке, әлеуметтік жағдайға тәуелділікпен өткен адамдардың тағдырлары суреттеледі. Жазушының «Тіршілік» атты кітабына енген шығармаларының «негізгі пафосы — трагизм» деп өте орынды атап көрсетті кезінде сыншы-ғалым Р.Нұрғалиев. Адамдар тағдырындағы трагизм — арман-мұрат пен кешкен ғұмыр арасындағы, адамның өз еркінен тыс шығып жатар сәйкессіздік, адам баласының «жатыр түнек пен көр түнек арасында» (А. Сүлейменов) шырқырап жүріп бастан өткеретін азабы — әдебиеттің ұлы сюжеті дегенге қол қояр болсақ, бұл сюжетті шығармашылығының көкөзек идеясына айналдыру — жазушының жазушысының ғана қолынан келер шаруасы. «Сүйкеші» мен «Тіршілік» повестеріндегі оқиғалар типтік емес жағдайдан туындайды, өзгеше кездейсоқ, ситуациялардан дамиды деуге болар еді, алайда трагизмге апаратын сол кездейсоқ, ситуациялар ғана емес қой. Адам баласының өмірге келуінің өзінің негізінде кездейсоқтық барлығын ескерсек, бұдан типтік шындық көрініс бермей ме? Сонда жазушы трагизмінің іргетасы неде? Оның кейіпкерлерінің көбі неге үнемі азап шегіп жүреді, жеңіліс тауып жатады? Әділеттілік, адалдық үшін неге ашық күреске шықпайды? Мәселен, «Сүйекшідегі» Тұңғыштың, «Тіршіліктегі» Молдарәсілдің бақытсыздығын, әдеттегі ұғымға салсак, революцияға дейінгі тар да қапас өмірмен ғана түсіндіруге бола ма. Немесе ғалым-сыншы Ш.Елеукенов талдауына сәйкес жазушының «…азап пен жан қиналысын дәріптеу, жақсылық атаулының арсеналынан күрес әуендерін мүлдем алыстату… кейіпкерлерді, тіпті өз басын да корғай білмейтін дәрменсіз кейіпте бейнелеу — тағдыр талқысына төзе білуге, қорлық атаулының бәріне көнуге үндейтін көне шығыс поэмаларынан бергі сарынға, таптаурын жерде талай керенау шығармаларға азық болған жолдардың ішінде ең тозығына іш тартқандығынан ба» («Замандас парасаты», 264-6.). Өмір кешкен уақытына, қоғамдық әлеуметтік жағдайына көп нәрсе байланысты десек те, адам баласы үшін, қай кезеңде, қай қоғамда өмір кешсін мейлі, — қара күш зорлығы да, әлеуметтік және рухани зорлық та — трагедия. Осыны санадан өткізе алған жан үшін Қыжымгүл мен Молдарәсіл, әсіресе, Тұңғыш өмірі, сөз жоқ — болашағы кесілген тасбақа тіршілік кешкен күндері мойынға байланған тастай зілбатпан, күндер, айлар жылжып өтіп жатса да — уақыт өлшемі тоқтаған сүреңсіз өмір. Адамның тағдырына мойынсұну мен бақыты үшін күресу деген ұғымдардан келгенде Тұңғыш сынды кейіпкерлердің тағдыр трагедиясы кезінде «диссидент» аталып, еркін ойлы талдау, ұстанымдары үшін шет елге қуылған сыншы, ойшыл Андрей Синявскийдің (Абрам Терц) «Смирение и свобода одно, когда судьба нам становится домом» деуімен орайлас айқындалар еді. Жазушының бұл концепциясы «Тіршілік» повесінде жоталана түседі. Осы ретте Исабеков шығармашылығынан сарын іздесек, ғалым-сыншы айтқандай шығыс поэмаларынан да, тіпті Толстойдың көпке мәлім «непротивление злу» принципінен де емес, кезінде бізде ағаш аттың басына ілінген, батыс философиясының, сондай- ақ әдебиетінің де қуатты ағымы экзистенциализммен — адам баласының қатал өмір алдындағы, әлемдік абсурд алдындағы трагикалық дәрменсіздігі — үндестіктерді зерделер едік.

Негізінен жазушы шығармашылығындағы сапалы көркемдік құбылыс деп бағаланған бұл повестерге мезгіл мен мекен, уақыт пен кеңістік өлшемдерінің дерексіздігіне байланысты едәуір сындар айтылды. Мұның өзі де шығармалардың көркемдік құрылым әлемін тереңірек талдаудан гөрі әдебиеттің хрестоматиялык-реалистік ұстанымдарын, яғни өмірдің көркем бейнесін іздеп үйренген танымның әсерінен болса керек. Д.Исабеков шығармашылығы 70-жылдардағы әдебиеттің көркемдік-эстетикалык, ізденістер аясынан қарастыруды кажетсінеді. Таза реалистік деуге келмейтін «Гауһар тас», «Пері мен періштеде» монолог мол болса, «Дерменеде», әсіресе «Сүйекші» мен «Тіршілікте» ой ағымы әдісі салтанат құрады, демек, куатты ой салтанат құрады. Шығармаларында жақсылық, ізгілік атаулы көбіне көркеуделік, зорлық-зомбылықтан жеңіліс тауып жататын жазушы үшін қоян- қолтық арпалыс, жекпе-жектегі нәтиже, табан асты жеңістен гөрі адам баласының рухани жеңісі қымбат — ол рух мықтылығын дәріптейді. «Дерменедегі» пішіні адам, мазмұны хайуан Омаштың Тоқсанбай шалдан, «Тіршіліктегі» Дәулетбай байдың әзі қаңғыртып жіберген қаршадай қызы Қыжымгүлден, «Сүйекшідегі» Үкітайлардың өздері тағдырын тәлкекке ұшыратқан Тұңғыштан ақыр соңында жеңіліс тауып, жер болатыны да сондықтан. Осы ретте Дулат шығармаларының ой саз-әуені екі регистрде — трагедиялы өмір және сол өмірдің өзінде адам бола білу яғни өз өміріне өзі мағына бере білу бақыты — естілетінін айту орынды. Тағы бір ой ұшығын шығарсақ, жазушы Исабеков «кішкентай адамдардың», «қор болғандардың» жоғын жоқтаушы екендігі туралы белгілі бір деңгейде қалыптасқан ұғым бар. Бұл адамның үлкен-кішілігін қоғамдық-әлеуметтік иерархиядан алар орнына қарап бағалаудың өмірден әдебиетке де көшуінің белгісіндей. Ал, шын мәнінде кеңірек аядан қарастырғанда Дулат үшін кейіпкері, яғни қандай да адам, әлеуметтік иерархиясына қарамастан нақты болмыстағы жеке тұлға.

Pages: 1 2 3 4 5 6