БОЛМЫСПЕН БЕТПЕ-БЕТ

Ел-жұрттан қиянда, алдындағы малын ғана біліп, қоңырқай ғана тіршілік кешіп отырған өтенге қуаныш ұшқынын алып келген, осы өтеннің бұлжымас қағидаларын бұзбаққа, рухани жасампаздыққа қанша ұмтылғанмен де ақыры жеңіліс табатын жас келіншек, сөз жоқ, ұлттық бояуы қанық бейне. Салтанат, қоштасу сөзінде Қайыркен айтқандай, «өршіл мақсат пен үлкен арман иесі, өмірге келе алмаған сәбидің анасы,.. адал жар» еді. Бірақ оның жан трагедиясының себепкері Ыбыш қана ма? Повесть финалындағы диалогқа зер салайық:

«— «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы ғой. Сол алтынның қадіріне сен жетпедің-ау, балам. Сенің қаталдығың, сенің жігерсіздігің ғой осыған кінәлі…

Ыбыш көпке дейін үнсіз тұрды да:

— Мені оған үйреткен сіз кінәлісіз, әке, — деді үзе сөйлеп. Бәлкім, бұл сөз оның ойында көптен жүрген шығар.

— …Өмірдегінің бәрі тек әкенің әмірімен орындала берсе, жер бетіндегі тіршілік өзгеріссіз қалмас па, ертеңгі күннің жаңалығы қайда қалар еді. Болды, сөз таластырма, — деді әкем әлдене дегелі оқтала берген Ыбышты тоқтатып тастап. — Енді келіп үшеуміз Салтанаттың мазасын алмайық». (66 б.)

Салтанаттың үлкен арманының орындалуы Ыбыштың өзгеруіне, жанына сәуле түсуіне байланысты да, байланысты емес те еді. Салтанаттың өлімі — оның ортасына әсер ету, деспот Ыбыштың жан дүниесін ояту жолындағы «адасқан күшік секілді ұлып жұртқа қайтқан ой” әрекеттері, бар ұмтылысының Сизиф еңбегіне айналуы — түптеп келгенде, рухани-мәдени тыныс-тіршілік қайшылықтарынан. Ендеше бұл отбасының Салтанат армандағандай «адам қараса қызығатындай, тоймайтындай тәтті тұрмыс құра алмауының» сыры қауымдық, үй-ішілік, ауыл-аймақтық бірлік туыстықтың рухани бірлік-туыстық деңгейіне әлі жете алмауында деу керек. Жалпы рухани үндестік, туыстық жоқ жерде жан жарасымы жоқ және ерлі-зайыпты болсын мейлі, туған бауыр-ағайын болсын мейлі, адамның жеке құқының, жеке басының сыйлануы да екіталай, ал, жан еркіндігінің шын мәнінде жүзеге асу мүмкіндігі тым шектеулі болары екібастан. Бір қарамаққа бір отбасының тыныс-тіршілігінің белгілі бір кезеңін ғана суреттейтіндей лирикалық- психологиялық бұл шығарманың, меніңше, әлеуметтік- философиялық жинақтауларға қол созар тұсы да осы.

Жалпы Дулат шығармашылығында жаратылысында «туа бітті азат» адам баласының арман-үміт-тілегі мен кешкен ғұмырының арасындағы алшақтық-сәйкессіздіктердің объективті-субъективті себептеріне үңілуі — адам баласының бақытты да толыққанды рухани ғұмыр кешуіне деген саналы сағыныштан бастау алатындай. Әрине, әр адамның өз ой деңгейіне, көңіл өлшеміне сай арман-тілек-мұраты бар. Мәселен, «Пері мен періште» повесінің кейіпкері – әдеби сында әр алуан пікір, оның ішінде сыни пікір басымдау айтылған Сафура бейнесін алалық. Сафура да, Салтанат сияқты, ғашық болып, тұрмысқа шыққан жоқ-ты. Оны Кұлахмет әкесінің және туыстардың көмегімен алып қашқан. Құлахмет (бейненің тым сентиментальдығын айтпағанда) Ыбыштай емес, керісінше, жаны сезімтал, үлкен жүректі адам. Ал, Сафура адамгершілік шкаласында Салтанаттан едәуір төмендеу тұрған кейіпкер. Сафураны Салтанатпен салыстыру, төмендету ниетіміз жоқ, дегенмен де әрбір адамның әу бастағы рухани потенциалының әрқалайлығын еске алмасқа болмайды. Психологиялық-драмалық деп анықтама беруге болатын «Пері мен періште» повесі Сафура тағдыры арқылы адамның рухани түлеу, шарқ ұрған ізденістері процесін бағамдатады. Құлахмет пен Сафура хикаясының басталар тұсындағы осы отбасының әлеуметтік жағдайы тым қиын екенін көреміз. «Қайнаған соғыстың ішінен шығып, әйтеуір елге аман жеткеніне қуанған Құлахметтің көңілін қайғы басты — ол ешқандай жұмысқа жарамады. Ал, айына алатын азын-аулақ жәрдем ақша үй ішінің тауқыметін арқалап кете алмады. Сонан соң Сафура театрға билет сатушы боп орналасты да, Құлахмет жеті айлық қызымен үйде қала берді. Күйеуі мен кішкене қызын асырау үшін әйелінің жұмыс істеп, өзінің үйде отырып қалуы Құлахметтің жанын жегідей жеп, арқасына аяздай батты (133 б).

Өз ойымда, шығарманың басты бір конфликті осы жерде бір қылт ете қалады да, қалып кетеді. Бірақ, қалай дегенде де Сафураның алғашқыдағы өз өзімен жан арпалысы қоғамның әлеуметтік-экономикалық, мәдени деңгейімен тікелей пропорционал екені анық.

Әдеби сында Сафура бейнесінің «қуаты» оның көптеген қателіктерінен кейін Құлахметтің үлкен жүрегін, айтусыз адамгершілігін түсініп қайта оралуы, «адам боп қалуына» байланысты талданды. Шынын айтқанда маған Сафураның Құлахметтен кетуінің психологиялық дәйегінен гөрі әлеуметтік дәйегі басым көрінсе, қайта оралуында психологиялық-әлеуметтік дәйегі тең түсіп жатады. Ой келеді: егер Сафура Смағұлмен, әлде басқа біреумен бақытты ғұмыр кешер болса Құлахметке қайта оралмас еді. Сонда бұл кейіпкерге қандай «үкім» шығарылуы керек?! Жазушының мақсаты кейіпкерін айыптау, оның түзу жолға түсуінің баянын жазу емес шығар. Осы орайда Толстойдың ”Анна Каренинаны ” Аннаның қоғам-әлеумет болмысына қайшы келетін махаббатын жазғыру ниетімен жазуға кіріскені ойға түседі. Алайда суреткерлік түйсік-зерде автор еркінен тыс Аннаның бұл махаббатын ақтатады. Ұлы жазушы уақыт шындығынан аттап кете алмайды да, мұндай куатты сезімнің сол әлеуметтік-қоғамдық ортада тамыр жая алмайтынының себептеріне үңіледі, нәтижесінде романда Аннаны жазғырудан гөрі қоғамдык құрылысты жазғыру болып шығады. Сондай-ақ Флобердің «Бовари ханымындағы» Эмма Боваридің провинциялық дәрігер ІІІарльмен өткізген құмырсқа тіршілігінен жерініп, басын тауға да, тасқа да ұруы өзіндік «менінің» оянып, жақсырақ та бақытты өмірді армандауынан. Әр кезең, қоғамның қалыптасқан өз қағида-кодекстерінен келгенде бұл екі әйелдің де өз орталарында бақытты болуы неғайбыл-ды — Аннаның поездың астына түсуі, Эмманың ішіп өлуі де сондықтан. «Пері мен періштеде» Сафураның Құлахметтен кетуінің психологиялық дәйегі жетісіңкіремейтінін айтып өттім. Егер, қисынға сүйенсек, ол үйден Сафура өз сезімін білдірген түннен кейін Сапардың кетуі керек-ті. Көркем шығарма, бірақ, қисын-логикаға бағынған ба? Бағынуы шарт дер болсақ, Сафура Құлахметтей аса ғажайып адамнан кетпей, «сүттей ұйыған» отбасы болып отыра беруі керек-ті — ол кетіп қалады. Демек, ол, тағы кәдуілгі қисынға жүгінсек, алтындай күйеуінің қадіріне жете алмаған жеңіл әйел болып шығады. Дегенмен де ол күйеуінің жан сұлулығын, ізгі жүрегін ақыры түсінген, адамгершілік соқпағын қайта тапқан кейіпкер ретінде бейнеленеді. Повестің соңында Сапардың, демек, белгілі бір дәрежеде автордың да: “…Қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде адам баласы жер бетінде мысқалдай да болса қайырымдылық пен ізгілік ұрығын қалдыратын болса, мәңгілік көз жұмар сәтінде де өткен өміріне, кеткен ғұмырына көңілі қанағат етіп, о дүние табалдырығынан уайымсыз, алаңсыз аттайтынына көзі жетті. Кеш те болса ол осыны ұғынды» деген ойлары Сафура бейнесіне орай жоғарыдағы қисынды шегелей түседі. Шығармадағы көкөзек осы идеяға байланысты бір әдеби- ғылыми еңбекте былай делінеді: «Күйеуінің көзіне шөп салып, біреуден бала көтеріп келген әйелге — бұл тым жеңіл үкім. Дулат өзі таза сезімнің насихатшысы бола отыра — нақ осы жолы кейіпкерін тым «аяп» кеткен секілді. Әйтпесе, Сафура секілді «жел етек» келіншектердің бағасы басқаша еді ” (Дәстүр және жаңашылдық. 1980.161-6.) Өкініштісі сол — әдеттегі қисын-логикада (аталмыш талдау осының қарадүрсін көрінісі) кейіпкер болмысы, жан диалектикасы шығарманың жалпы көркемдік-мәдени әлемі контексінде қарастырылмайды, керісінше, өмірдегі жақсылық пен жамандық тұрғысынан ғана бағалау бел алады.

Pages: 1 2 3 4 5 6