БОЛМЫСПЕН БЕТПЕ-БЕТ

Жазушы Дулат ИСАБЕКОВ шығармашылығын зерделеудің жеке тәжірибесі

В известном смысле искусство это — бунт против ускользающего и незаконченного мира…

Альбер Камю

Біз, әдетте, әдебиетті — өмір айнасы деп білеміз. Көркем шығарма өнердің елегінен өткен өмір көрінісі деп кабылдаймыз. Көркем шығармадан өмір шындығын — тап өмірдегідей шындықты, Белинскийдің бүгінде, тіпті таптаурынға айналған “таныс-бейтанысын” іздеуіміз де шығарма тануымыздың негізгі принципіне әбден айналып алған. Көпшілік оқырманның, тіпті әдеби көркем сынның да ілуде бір көркем шығармадан «тап өмірдегідей емес» немесе ұлттық психология-болмысқа қайшылау бір нәрсе оқи қалса қабылдамай жататыны да осыған байланысты болуы керек. Осы орайда белгілі сыншы Г.Гачевтің ”Узнавание есть лишь низшая ступень соображения и художественного переживания, и она, как правило, закрывает путь в высшие этажи ” деген пікірін келтіру жөн. Мұндай таньшның түбегейлі қалыптаса жаздауына — әдебиет адам тәрбиесінің құралы деліне отырып идеологиялық құндаққа салынып келгені, “социалистік реализм” әдісінің сонау бастауында Олимптегі Зевске баланып, шындықты бейнелеудің бірден бір жолы деп жарияланғаны да ықпалын тигізбей қалған жоқ. Құдайға шүкір, төл кәсіби әдебиетімізде «өмір шындығы» көрінбей, «таныс-бейтаныс» табылмай өре түрегелткен шығармалар тым-тым аз. Қазіргі қазақ әдебиеті де негізінен дәстүрлі аңғарда дамып келеді. Десек те нағыз суреткердің көркемдік әлемі мен ізденістер аясының кең болары тағы анық. Бұл ретте жазушы-драматург, публицист Дулат Исабеков шығармашылығы «өмір шындығы», «таныс-бейтаныс», «ұнамды каһарман» сынды таптаурын ұғымдар төңірегінде қалмай, шығармаларының көркемдік-мәдени контексіне, кейіпкерлерінің тұрмыстық емес, рухани көркемдік логикасына орай әңгімені талап ететіндер санатынан табылады.

***

Көптеген әріптестері сияқты Дулат Исабеков те әдебиеттегі алғашқы қадамын әңгіме жазудан бастады. Өмір – болмыстың бір үзік көрінісіндей, мінез-құлқы әралуан кейіпкерлер тіршілік кешкен, анау айтқан ерекшелігі жоқ ол әңгімелер жап-жақсы оқылатын, қатардағы туындылар еді. Дегенмен де, шартты жүйелеуге бой алдырсақ, ауыл өмірін суреттейді деуге боларлықтай әңгімелердегі жылы юморға оранған жазушылық көңіл-көз, ұшқыр түйсік-таным байқалмай қалмады. Содан бергі ширек ғасырға жуық уақыт ішінде жазушы қаламынан көптеген әңгімелер мен повестер, он шақты драма, бір роман дүниеге келіпті. Ал, сонау бастау кезеңінде Исабеков шығармашылығының болашақ контур-контрапункттерін айқын бағамдатқан алғашқы повестері, оның ішінде «Гауһар тас» пен «Пері мен періште» еді. Жазушының бұдан кейінгі повестері мен драмаларында, «Қарғын» романында бұл контур — шығармаларының камералық сипаты, өмірдің, тұрмыс-тіршіліктің жан-жақты картинасын жасап, эпикалық тынысын беруге емес, адамның рухани дүниесіне үңіле отырып рухани әлем қатынас-қақтығыстарына ден қою жүлгелене түсті. «Гауһар тас» — әдеби сында жоғары бағаланған повесть. Исабековтің алғашқы туындылары дүниеге келе бастаған тұста кеңестік одақ аясындағы әдебиетте, сондай-ақ қазақ прозасында да лирикалық-психологиялық бағыттағы шығармалар легі молайған болатын. Алайда «Гауһар тасты» лирикалық-психологиялық сипатына қарап немесе әдеби сын атап көрсеткендей, «кейіпкер характерінің табиғилығы, оқиға дамуының, шиеленісуінің нанымдылығына, қарапайым кейіпкерлерінің өмірге құштарлығына» — демек, автордың әдебиеттің әліп-би қағидаларын ойдағыдай меңгеруіне байланысты бағалау, сондай-ақ «Пері мен періштені» адасқан кейіпкердің дұрыс жолға түсуін суреттеуі, «характер даралауда көш ілгері кетуімен» бағалау тым қораштық етер еді. Оқиғалары бірінші жақтан баяндалатын «Гауһар тас» пен «Пері мен періште» повестері — жазылу формасы, ой дүниесімен де бір-біріне үндес, жалғастас туындылар. (Бірінші жақ, яғни «мен» әдісінің дүниежүзілік әдебиетте әлдеқашан «архетипке» айналғанына қарамастан — сол кезеңдегі көпшілік қазақ оқырманының қабылдауына тым жақын да жағымды шыққанын айтпауға болмайды.) «Гауһар тастағы» Қайыркен, «Пері мен періштедегі» Сапар — әйтеуір әңгімеші-баяндамасы емес, ойлы, өз деңгей-дәрежелеріне сай зерделі кейіпкерлер, сондықтан да олар өздері куәгер болған оқиғалардың астарлы себеп-салдарын түсінуге, түп-тамырына үңілуге мейлінше құштар. Бозбала Қайыркеннің, бір есептен, Ш.Айтматовтың «Жәмила» повесіндегі бала Даниярды еске түсіретіндей болары бар. Бірақ «Гауһар тас» көркемдік шешімі бөлек, кейіпкерлер жан дүниесінің сыртқы әлем, қоршаған әлеуметтік ортасымен қақтығысын басқа өлшемде қарастыратын туынды. Меніңше, Дулаттың бұл повестеріндегі Салтанат пен Сафураның, сондай-ақ белгілі бір дәрежеде «Мазасыз күндер» повесіндегі Мәрияның болмыстарындағы ортақ қасиеттер де осы тартыс негізінде ашылады. Тек Салтанат Сафура мен Мәрзияға қарағанда болмыс тұтастығын жоғалтпаған кейіпкер.

«Гауһар тастағы» негізгі конфликт Салтанат пен Ыбыштың жан дүние қақтығыстарынан туындайды. Бұл екеуі бір-біріне ғашық болып қосылған жоқ, алайда екеуін зорлап қосқан да ешкім жоқ. Тек ата дәстүр жолымен, ата-аналарының келісімін қабыл алып шаңырақ көтерген олардың жан дүниесіндегі кереғарлықтар мол боп шықты. «Мен жар сүюден бақытты емеспін» дейді Салтанат. Салтанат бойындағы табиғи зиялылық, сұлулық Ыбыш бойындағы туа бітті жан кереңдігіне соқтығысады, ал, кеңірек аядан қарастырсақ, әйел Адаматаның қабырғасынан жаратылған ұғымынан туындайтын, бірақ әр қоғамның әлеуметтік даму деңгейіне де тікелей байланысты болатын көзқарас ұштығымен де қақтығысқа түседі». —…Өзің түйе жетектеп, қауғаны Салтанатқа тартқызып қойғаның қалай?

Ыбыш Салтанат жаққа бір қарады да қолын сілтей салды.

— Қауға тартқаннан өледі дейсің бе? Тартсын. Бұрынғының әйелдері қауға тартқан былай тұрсын, қырық құлаш құдық та қазған».

Pages: 1 2 3 4 5 6